Сценарий на тему Еліміздің еркіндігі – Желтоқсан

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Еліміздің еркіндігі - Желтоқсан

(ашық тәрбие сағаты)

Мақсаты: Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру. Оқушыларды елді, Отанын сүюге және егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш - қуаты мол жастарды тәрбиелеу. Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым.

Көрнекілігі : слайд , портреттер, кітаптар мен суреттер.

БАРЫСЫ:

Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Көк туым көтерілді бағым жанып,
Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.
Шырқадым әнұранды бар дауыспен,
Арманым -Ата заңым қабылданып.

Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 24 жыл толып отыр.
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын - сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні - қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас.

Тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар - намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан - жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?

Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!

КӨРІНІС: Тәуелсіздік жолында.

Тәуелсіздік таңы атқан мамыражай кез. Атасы мен баласы шүйіркелесіп, әңгіме айтып отыр.

Баласы: - Ата, осы тәуелсіздік деген не? Ол қалай болады?

Атасы: - Сұрағың жөн, құлыным. Тәуелсіздік деген көптің арманы болған ұлы той.

Баласы: - Ата, ол бізге қалай келген? Жоқ әлде біз сатып алдық па?

Атасы: - Әй, балам, сен олай қателеспе. Тәуелсіздіктің жолында қазақ халқ талай қийындықтарды басынан кешкен.

Баласы: - Ата, олай болса, маған тәуелсіздіктің қалай келгенін айтып беріңізші.

Атасы: - Әрине, құлыным. Сөреде тұрған үлкен кітапты алшы. Мен саған тәуелсіздік жолындағы бар қиындықты айтып берейін.

Видео. (Көшпенділер үзінді).

2-көрініс: Әбілқайыр хан.

Әбілқайыр хан: - Ел басына күн туды ағайын. Сол үшін сендерді шақыртып отырмын.

- Хәй, бәрекелді жөн айтасыз, Әбілқайыр хан. Сонда қайтпек керек.

Әбілқайыр хан: - Дұшпанның беті қатты болғанда, қазақтың күші тапшы. Арқа сүйер одақ керек.

  • Одақ болар кімің бар, Хан ием.

  • Ел тағдырының тізгінін қарып ілген жайың бар. Орыстікі темір қамыт, қытайдыкі ағаш қамыт, екеуіде езуімізді жыра ма деп қорқамын. Жерімді дұшпан таптағанымен, жігерімді дұшпан таптаған жоқ. Елімнің азаттығы үшін жаным пида.

Би: - Ер екеніңді білеміз. Бірақ, сабыр қыл. Бар мен, жоқтың қыспағында елің жүр. Осындай да арқа сүйер дос керек.

  • Жә жетер.

  • Бараттыкі жөн. Мың басшыға, бір басшы керек.

  • Кеттік.

Әбілқайыр хан: - Не істеймін, не істей аламын? Әй кері заман деген осы.

«Елім - ай » видео. Туған жер, Отан туралы өлең жолдары.

  1. оқушы:
    Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
    Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
    Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде
    Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.
    Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбім.
    Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
    Сенен басқа жерде маған қараңғы,
    Жарық болар Шолпан, Айым, сен - Күнім.
    Тәтті суың дәмі аузымнан еш кетпес,
    Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.
    Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,
    Жазу болып адамзатқа ер жетпес!..
    Балақ түріп, қозы қуып, жарысып,
    Батпағында тең құрбымен алысып.
    Түнде - ақсүйек, алтыбақан, ал күндіз
    Үйретем деп асау тайға жабысып.
    «Адам басы - Алла добы» деген рас,
    Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас.
    Кім біледі, мен де шетке кетермін,
    Туған жерім, сені тастап басым жас.

  2. оқушы:

Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым,
Тыңдадым сандуғаштың сүйкімді әнін
Мен сенде сұлулыққа ғашық болып,
Гүліңе саусақ жайып ұмтылғанмын.
Мен де бір гүлің едім қырқада өскен,
Өзің деп арманым жоқ шырқап өтсем.
Көркіңе көктемдерде сән қосатын
Қырыңа өз қолымнан бір тал ексем.
О, менің ардақты әкем, асыл анам,
Қызыңмын пәк үмітпен асыраған.
Өзің деп қобалжыған жүрегімнің
Дүрсілін сенен қалай жасыра алам?!

  1. оқушы:
    Бақыт нұры шалқыған гүл-өңінен,
    Кең өлкемді сүйемін жүрегіммен.
    Елге деген махаббат тыншымайды,
    Мұңая да біледі, күле білген.
    Өмір маған құшағын жайса дәйім,
    Жарқылдатып жүремін найзағайын.
    Майыспаймын қашан да елім үшін,
    Махамбеттер ұстаған найзадайын.
    Туған жердің мәңгілік жыр-әнін де,
    Жаттап өскем жасымнан, жүрегімде.
    Ақ арманым,
    Қуатым,
    Бар бақытым,
    Сен өзіңсің, Ұлы Отан,
    Тірегім де.
    Мен сүйемін жерімді, ер-елімді,
    Аямай-ақ, менен ал керегіңді,
    Бейбіт атқан әр таңда кезек күтіп,
    Түгендеумен келемін берерімді.
    Анық басып тірлікте әр ізімді,
    Адалдықпен өтесем қарызымды.
    Отан үшін, ел үшін ешқашанда,
    Ерінбеймін ақтаудан парызымды.

  2. оқушы:

Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,

Арасан қоныс қылдым ірге жайып.

Елім, жерім қорғайтын ерім болып,

Ер жеттім ен далада лықа тойып.

Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,

Бір кезде Еуропаны тітіркенткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып,

Күнбағыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

1941-1945 жылдарға арналған видеоролик. Өлеңдер оқу.

  1. Оқушы : Жатқанда отан жері отқа жанып,

Тұрғанда туысқандар жауда қалып,

Жеңбесек , жойқын қайрат шығармасақ,

Жігіттің неге жүрміз атын алып?

Жеңеміз! Жеңіс - совет адамы аты.

Біздерміз азат етер адамзаты.

Сенемін Партияма, ер халқыма,

Қандай күшбұл дүниеден одан артты?!

  1. Оқушы: Жаутаңдап қарап дала тұр,
    Көз жасын сүртіп жаңа бір.
    Хабарсыз ұлын сұрауға,
    Жолыңды тосып ана жүр.
    Қанша үйдің ұрлап адамын,
    Қанша үйде сөніп қалды оттар.
    Көрдің бе ұлын ананың,
    Соғыстан қайтқан солдаттар?

  2. Оқушы:

Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?

  1. Оқушы:

Кетерде солдат жарының,
Ішінде қалған ана жыл.
«Көкемді айтпай танырмын», -
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар?
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар?

16 - желтоқсан. 1986 жыл туралы видео.

Сабираны жоқтау.

Болмыс видео көрсетіледі. Өлеңдер оқылады.

1 . Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн
Әділдікпен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.

2. Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең-жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз?
Тарылып жатса даламыз
Қайтіп біз тыныс аламыз?
Қақымыз да жоқ айтуға
Әділет қайдан табамыз?

3. Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеге өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық жансақ маздап біз.

4. Қақап күннің ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын
ОМОН-дар бастан тепкен күн
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн

5. Жас арудың жанарында -Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында -Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында -Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да -Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да - Желтоқсан

6. Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым.

Желтоқсан желі (хор )

с. А. Асылбековтікі
ә. Ә. Тінәлиевтікі

Желтоқсан бірде,
Ел тосқан түрде,
Келетін мүлде жайдарлы.
Сол жылы бірақ,
Әдеттен жырақ
Көрінді шын ақ айбарлы.

Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.

Жоғалтып нуын,
Жоғалтып қуын;
Арал да суын тауысты.
Қаңырап мекен,
Аңырап бөкен,
Өріске бөтен ауысты.

Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.

Шайқалды күйім,
Шайқалды миым -
Бомбалар жиі жарылды.
Малым да кеміп,
Әлім де кеміп,
Қинады берік жанымды.

Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.

Бабалар өлер,
Балалар келер,
Аналар берер тіршілік.
Гүлденер дала,
Түрленер қала,
Бұтаққа жаңа бүр шығып.

Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.

Атасы: -Балам көрдің бе, біз ата-бабаларымыз қандай қыйындықтарды басынан кешірген.

Баласы: - Әрине, тәуелсіздік оңайшылықпен келмеген екен.

Атасы: - Сондықтан да балам әр нәрсенің қадірін білу керек.

Олай болса балам қолыңды жай. Бата берейін.

Тәуелсіздік, тәуелсіз - жыр әнім
Көк байрағым, Елтаңба, Әнұраным
Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік
Қолда елімді қасиетті Құраным

Аумин!

Қазақстан туралы ән қосылып, бапрлық оқушылар сахнаға шығады.

ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ;

Қазақ халқының көкірегінде шер болып қатқан, туған жерінен, елінен, жұртынан айырылып, ен далада жосып «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» кезеңін басынан өткерген шақта бір қарт баласына:
Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын сен қаласың.
Ойран болған орданың орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағарсың - деген екен. Бүгінгі таңда сол қарттың баласы болмасада ұрпағы егеменді ел болып, сол ойран болған орданың орнында отау тігіп, отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Ендігі тілегіміз тәуелсіздігіміздің туын көкке көтерер, еліміздің көк байрағын желбіретер, ата - бабаларымыздың асыл мұраттарын асқақтатар бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар жастарымыз өз жерімізді, өз елімізді қадірлеуге, сүюге тиіс екендігін естен шығармаса екен дейміз.
Елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік болып, егеменді елдігіміз ұзағынан болсын дей отырып бүгінгі «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығы құтты болсын!







© 2010-2022