Методическое материалы Ердің даңқы мәңгі өшпейді

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: «Ердің даңқы мәңгі өшпейді»

(Ұлы Отан соғысының ардагері әрі ұстаз Рзаханов Биқас)

Мақсаты: Оқушыларға Ұлы Отан соғысының ардагері Рзаханов Биқас туралы мағлұмат беру,батырдың азаматтық ерлік істерін айту,қанатты сөздерімен таныстыру.Оқушы бойына патриоттықт сезім қалыптастырып,Отанды сүюге,оны білуге тәрбиелеу.Ардагер ұстаздың тарихи тұлғасын тереңірек тану,оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа кеңінен үлгі ету.

Мұғалімнің кіріспе сөзі.

Құрметті ұстаздар,ата-аналар және оқушылар!

Біз үшін Жеңіс күнінен асқан қымбат мереке жоқ.Әрбір көктем бізді ойша осынау ұмытылмас,әрі, көптен күткен күнге 1945 жылдың 9 мамырына қайта оралтады.Неге біз сұрапыл соғысты ұмытпаймыз? Неге соғыс тақырыбы көркем әдебиеттер мен фильмдерде , ән-жырларда жалғасын табуда. Себебі, соғыста қираған қалалар мен селолар әлдеқашан қалпына келтірілді.Бірақ соғыс салған жара әлі жазылған жоқ .Соғыс кезінде жақын адамыңнан айырылмаған жанұя жоқ шығар,сірә.Сол бір қаралы жылдары 20 миллион кеңес адамы құрбан болғаны әркімге аян.

1-жүргізуші:

Батыр боп жаудың бетін қайтарып ең,

Ұстаз боп,бейбіт күнде жайқалып ең.

Қазақтың артық туған батыры деп,

Қашан да мақтанышпен айтамын мен.

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында ауылымыздың ардагер ұстазы Рзаханов Биқасқа арнап «Ердің даңқы мәңгі өшпейді» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.

2-жүргізуші:

Рзаханов Биқасты еске алып,қиын кезеңдегі ерліктері және бейбітшілік уақытындағы ұстаздық қызметтері жайында таныстырып өтейік.

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы,Бозашы түбегі,Ауыздыбас жерінде 1924 жылы қаңтар айында Рзахан әулетінде көптен күткен қуанышты күн орын алды.Күрең анамыз арыстандай ұл баланы дүниеге алып келген еді.Қазақ халқы ырымшыл келеді ғой,сондықтан атын азан шақырып-Биқас деп қойған болатын.Жастайынан білімге құмар Биқас Рзаханов Форт-Шевченко қаласында С.М. Киров атындағы мектепте білім алды.Зерек,алғыр бала 16 жасынан бастап ұстаздық қызметке араласты.

1-жүргізуші:

Соғыс ардагері және ардагер ұстаз Биқас атамыз бүгінде арамызда жоқ.1979 жылы Жеңіс күніне бір күн қалғанда өмірден озды.Ауыл арасында «Би-аға» атанған деседі.Олай дегенде,ол жарып бара жатқан билік иесі болғандықтан емес еді.Ұстаздық қызметте бірге жүрген,Биқас атамыздың көзін көрген ауыл ақсақалдарының бірі- ұстаз Төрәлі Озғанбаев атамызды ортаға шақырып сөз кезегін береміз.«Қашан көрсең де жүзінен күлкі табы өшпейтін,мейірім шуағын есіп тұратын.Жұртқа үйірсек,көпшіл жан еді.Ағайын арасының сөзінен аулақ,кісілігіне қарай үлкен- кіші ұлықтап жататын» және мінезге өте бай адам еді.

1-Оқушы: Ақбота

«Жеңіс» деген сөз қандай сүйінішті,

Қаншама адам қайғылы күйік ішті

«Жеңіс » деген жалғыз сөз ақ көгершін,

Күн сәулесін бетке алып биік ұшты.

«Соғыс бітті .Бейбіт күн.Қауіп кетті...»

Деген сөздер нұр болып жауып кетті.

Сегіздегі сәбимен бір қосылып,

Сексендегі қария шауып кетті.

2-оқушы:

Қыр баласы 1942 жылы 18-ге тола бере майданға аттанды.Іріктеу кезінде ауылда алған білімінің арқасында ,танкистер дайындайтын қысқа мерзімді әскери мектепке бірден жол түсті.Курсанттарға танкімен соғысудың әдіс-тәсілдері үйретілді.Өзге әріптестеріне қарағанда ширақ,көзі ашық Биқас Рзахановты танк жүргізуші ,кіші командир етіп сайлады.Бұл қиын кезең еді.Жаудың Еділге келіп тіреліп,әбден бет алып тұрған шағы.Ленинград қоршауда.Сондай сәтте бұлардың бөлімі ұрысқа шықты. «Т-34»- Кеңестік соғыс техникасының жаңалығы,қаһарлы құрал.Меңгере алған адамның қолында ұршықша үйіріледі.Маңдай сауыты өте мықты .Жау снаряды ала алмайды.Бірақ іші өте тар,қапырық,адам айналуға келмейді. «Жан алып,жан беріп» шайқауға тура келеді.Сыртқы өмірімен байланыстыратын жалғыз саңылау- ол жүргізуші-механик алдындағы алақандай тесік.Содан кірген ауамен тыныстайсың,сол арқылы бағыт-бағдарды анықтайсың.Танктердің де жекпе-жек ұрысы болатынын бірінші ұрыста көрді.Осы алғашқы ұрыста жаудың екі танкісін өртеп жойды.Қайсар,ер жүрек жас жігітті ,көзсіз ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттады.

«Сарыжайлау биі» орындайтындар: Амангелді А,Әлімжан М

3-оқушы:

Берлин қоршауын бұзып өткісі келген жау армиясымен атақты Зеселовск биігінде шайқасты.Бұл шайқас тағдырын танктер шешті.Дұшпан қоршауды бұза алмады.Бірақ біздің жақта аз шығынға ұшырамады.Танк взводының командирі Биқас Рзаханов та осы жерде жетінші рет жараланды.

4-оқушы:

Соғыстың ізі мың батпан,

Қайғы мен мұңды тұтынған

Батырды көріп құндақтан,

Ай менен Күн де тұтылған.

Ғайыптан келіп орнады

«Белгісіз солдат » моласы

Өзен боп ақты сондағы

Қанды жас көздің сорасы

Соғыс па екен сыр сақтар

Қарғыс боп қалды қатулы

Көрмесін соңғы ұрпақтар,

Мылтықпен адам атуды.

5-оқушы:

Жеңіс!!!

Бұл неткен қастерлі сөз десеңізші! Қуаныштың көз жасы көл боп ақты десе де болғандай.

Соғыс бітті! Біз жеңдік.Осы сөзді естіп,жер жүзі де өзгеше күй кешкендей.Адамзат қуанышын бірге бөліскендей.

«Жеңіс» сөзін дәл Берлин түбінде естіген Маңғыстау сарбаздарының бірі-осы Биқас Рзаханов болатын.

6-оқушы:

Окоптарды төсеніш қып мұз қарды,

Ойлаушы едік ауылдағы қыздарды.

Қыршын кетті талай боздақ хат жазып,

Жүрегіңді қарып түсер сыз қалды.

Соғыс бітті.Қарсы алды ғой маң далам,

Қалай тірі қалғаныма таңғалам.

Жеңіс күні келген сайын жыл сайын

«Мәңгі алауға » бас июге қамданам.

2-жүргізуші:

«Сарбаздар» әні: Орындайтын Әлімжан Меруерт

1-жүргізуші:

Танкінің ізімен өзі де елге оралады.Соғыстан бұрын бала кездегі арманы-үлкен қалаға барып оқу еді.Мына сұрапыл соғыс оны алыстатып әкетті.1945 жылы елге Жеңіспен оралған соң да,ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп,Атырау педагогикалық институтын бітірді.Қай істе болмасын үнемі ер-азаматтың орны бос тұратын,мұны бірден іске тартты.Өзінің сүйікті кәсібі-ұстаздық жолымен осылай қауышты.

2-жүргізуші:

Жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды.Бұл саладағы қызметі бір үлкен дастан.Отыз жылдай жемісті еңбек еткен Жармыш орта мектебінің ұстаздарының тең жартысынан астамы шәкірттері.

Жармыш ауылынан майданға 156 адам аттанған екен.Соның 96 асыл азаматына топырақ майдан даласынан бұйырды.

Қайран, есіл ерлер-ай!

Майдангерлер мерекеде кеуделеріне орден,медальдарын тағып көшеге шыға келгенде,мерейіміз бір шалқып қалар еді-ау!Олардың қақ ортасында кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Октябрь Революциясы »ордені, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Даңқ» және «Еңбек Қызыл Ту» тағы басқа он шақты медалі сыңғырлап Биқас атамыз тұрар ма еді!?

Биқас атаның ордендерімен шөбересі Әлімжан Меруерт таныстырып өтеді.

Қорытынды:

Бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды Биқас атаның інісі, ауылдасы марқұм Балмұқан Нұрғазиевтың шығарған өлең жолдарымен аяқтаймыз.

Жүргендейміз ағаны кеше көріп,

Сұм ажал салды уысты төте келіп,

Қайран аға,өмірден кете бардың

55-деген жасқа жете беріп.

Есіміңді еске алып жариялар,

Құт дарыған шаңырақ, жанұя бар.

Артыңдағы ұрпақтың көшбасшысы,

Бақтыбай,Аман менен Әлиялар.

Бұл пенде неге ғана көнбеп еді,

20 жыл болды өзіңді көрмегелі.

Ұрпағың еске алып жатса бүгін,

Бұл ,аға,рухыңның өлмегені.

Жас ұрпақ Мәңгілік отқа гүл шоқтарын қоя берсін!

От халқымыздың өлмес ерлігінің естелігі ретінде лаулап жана берсін!

Өткенімізді біліп, бүгінгімізді жақсы түсінеміз,болашағымызды елестетеміз.

Мерекелеріңізбен, қымбатты ардагер ұстаздар!



© 2010-2022