Доклад на тему: О проблемах конфликтов в воспитательном процессе

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕГІ МІНЕЗ - ҚҰЛЫҚ ҮЙЛЕСПЕУШІЛІГІН БОЛДЫРМАУДЫҢ ШАРАЛАРЫ

Ысмағұл Жәния

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы

Қазалы аграрлы - техникалық колледжі

«Адамның басына қонған бақытының тұрақты болуы

жақсы мінез - құлыққа байланысты..

Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады.»

Әл - Фараби

Заман қанша өзгерсе де, өзіндік бағасын жоғалтпайтын ұғымның бірі - білім. Білім сапасын арттырудағы өзекті мәселе, басты міндет - жеке тұлғаны тәрбиелеу. Тәрбие - нақты процесс, адамзат құндылығы. Тұлғаға ықпал ету мен қарым-қатынас ретінде қарастырылады.

Егемен елімізде ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр мен туған тіліміздің қадір - қасиетін арттыратын, жастарды ұлттық рухта тәрбиелейтін кезең қанат жаюда. Жас ұрпаққа өнеге беру әрбір ата - ананың, ұстаздың жалпы айтқанда, бүкіл халықтың ісі. Бүгінде білімді, жоғары идеялы, еңбекқор да батыл, батыр, мәдениетті, сыпайы да сүйкімді, өнерлі де өнегелі, салауатты жастарды тәрбиелеуге толық мүмкіндіктер бар. Мүмкіндікті қолдану, әрі орындау әрбір отбасының бірден бір парызы. Себебі, "Ес түзелмей, ел түзелмейді", олай болса, еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен басталып, оқу - тәрбие орындарында саналы ұрпақты тәрбиелеу ісімен шешілмек.

"Ең әуелі мектепке керегі - білімді ұстаз, екінші - оқу құралдары, үшінші - байыпты бағдарлама" - деген ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов өз сөзінде білім мен тәрбие процесінің ұштасып, сапалы болуына ықпал ететін қажеттілікті баса назарға алуды ұсынды. Бұл сөз тәуелсіз мемлекеттің бүгінгі жағдайында да өз мәнін, өз қадірін жойған жоқ. Қайта ұстаздар қауымының мемлекет алдында жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан - 2030" стратегиялық бағдарламасында айтылған "Еліміздің ертеңін ойлауымыз қажет, ХХІ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауатты да, сауатты өмірге бастауымыз керек» - деген қастерлі сөзін ұстанған ұстаздар қауымы бүгінде білім беру үдерісінде педагогикалық инновацияларды қолданумен бірге, Қазақстан Республикасы Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасын,ондағы басым бағыттардын басшылыққа ала отырып, жұмыс атқаруда.

Тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған идея - жеке бас құндылығы. Шындық, қайырымдылық, шығармашылық қабілет т.б құндылық қаралады. Құндылықтар - сезім мен ақыл - ойдың ұштасуын және сол арқылы адамның іс - әрекетін белгілейді. Тәрбиені ізгілендірудегі басты мақсат тұлғаны ұлттық және жалпыадамзаттың құндылықтар арқылы дамытуға, мәдениге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға саяды. Құндылық бағдарын тәрбиелеуде рухани адамгершілік ұстанымдарын жүйелі түрде жүргізу тиімді, ол үшін тұлғаның мәдени құндылықтарды игеруіне, өзін - өзі дамыту дағдыларына, өмір сүре білуіне бейімделуіне, сондай - ақ тұлға аралық қатынастарды, дағдыларды игеруіне, өзіне және өзгеге жауапкершілікпен қарауына көмектесу тәрбие жұмыстарындағы басты нысана болып табылады.

Ата -ананың қызығы, қуанышы - бала. Ал, баланың бойында ақыл - парасатты,білімді, кәсіби шеберлікті дамыту мақсатымен қатар, тәрбие беру міндеті қаралады.Мақсат пен міндетті орындауда үздіксіз жүргізілген жұмыстар ұйымдастырылғанның өзінде «қиын бала», «тәрбиеге қиындық туғызатын бала», «педагог назарынан тыс қалған бала», «адамгершілік дамуында ауытқушылығы бар бала» бар. Ұлы педагогтар мен ғалымдарының зерттеу жұмыстарының дәлелдеріне сәйкес қиын балалардың шығуына отбасы тәрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, тұрмыстағы ұрыс-керіс, маскүнемділік, ата-аналардың біреуінің болмауы, дұрыс талап қоймаушылық, оқу - тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда жіберген кемшіліктер, жеке тұлғаның мінез-құлық ерекшеліктерін, ынтасын, қызығушылығын, талап-тілегін ескермеуден, қоғамдық орта мен достарының алатын орны себеп болады екен.

Ата-ана балам жаман болсын демейді. Дегенмен,көп жағдайда отбасындағы теріс тәрбиеден де тұлғалық мінез - құлық үйлеспеушілігі болады. Абай атамыз «Балаға көбіне үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі ата-анадан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі құрбысынан. Солардың ішінде қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады.» - деген сөзі еріксіз ой салады. Бала өсті, есейді деп есептеп, ата-аналар тәрбиесіне немқұрайлық танытады.Жұмысбастылыққа салынып, қолы тимейтінін айтып, уақыттың жоқтығын желеу ететін кездер болады. Баланың бос уақытын қадағаламайды. Ұзақ уақыт телидидар көру, компьютер мен автоматты ойындар ойнау, мағынасыз әуендер тыңдау бала санасын улайтыны соншалықты, жалқаулықты бойына сіңіріп, еріксіз қиын балаға айналады.Бақылаудың жоқтығының нәтижесінде ата-анасының қамқорлығын, сүйіспеншілігін сезінбейді.Қамқоршылық пен жылылықты сырттан іздейді. Бос уақытын бақыламағасын бала кешкілік көшеде жүреді. Жағымсыз қылықтарды бойына сіңіре бастайды. Мінезінде өзгерістер болып,ауытқушы ( девианттық ) мінез - құлық қалыптасады. Ауытқушы мінез - құлық деп қалыптасқан нормаларға сәйкес емес мінез - құлықты айтады.

Мінез - құлық ауытқуының көрінуіне психологиялық - педагогикалық, әлеуметтік психологиялық,тұлғалық бағасының бағытын көрсетуші жеке тұлға факторы түрткі болады. Факторлар ассоциалды мінез -құлық психобиологиялық деңгей негізінде әсер етуші индивидтің әлеуметтік жағдайының бейімделуін қиындатады.

Психологиялық - педагогикалық фактор жанұялық және тәрбиедегі кемшілігінің әсерінен көрінеді.

Әлеуметтік психологиялық фактор оқу - тәрбие ұжымында, көшеде, баланың жанұясының адамдарымен біріккен іс - әрекеттеріндегі жағымсыз ерекшеліктерін ашумен байқалады.

Тұлғалық бағасының бағытын көрсетуші жеке тұлға факторы өзінің мінез - құлқын өзі реттеуші қабілетіне байланысты.Индивидтің белсенді қарым - қатынас орнатуға өзі таңдаған қоғам ортасы, нормаларға және өзін қоршаған құндылықтарға, педагогикалық әсері мол.

Әлеуметтік фактор экономикалық және әлеуметтік шаралардың қоғамдағы алатын орнын анықтайды.

Тұлғаның оқуға қабілеті, зейін деңгейі, оқушылармен және достарымен, ата - анасымен қарым - қатынасы, тәртіптілік деңгейі, жеке тұлғалық қасиеттері, салауатты өмір салтын ұстануы, құқық бұзушылық туралы көзқарасы, отбасылық жағдайын зерттеу арқылы мінез - құлық үйлеспеушілігі анықталады. Сонымен қатар, мамандыққа деген көзқарасы, кәсіби мамандығын таңдау себебі, оқу орнына бейімделуі, көңіл - күйі назардан тыс қалмауы керек.

Мінез-құлық ауытқушылығын көрсетуіне әкеліп соғатын отбасылық қолайсыздықтың әлеуметтік -психологиялық ерекшеліктерін анықтау,жалпы отбасындағы қолайсыздық түрлерін анықтай отырып, теориялық мағұлмат беру,отбасындағы балалармен дөрекі қарым-қатынас түрлерін анықтау,девантты мінез-құлық пен отбасы қолайсыздығы мәселелерін шешудің кейбір жолдарын ұсыну қажеттілігін ескерген жөн.

Жеке тұлға ретінде ерекшеліктерін, бейімділігін, ынтасын ашу мақсатында білім алушының тәртібіне, үлгеріміне, дамуына психологиялық анализ жасауда педагогикалық - психологиялық консилиумнің ұйымдастырылуы маңызды.

Педагогикалық - психологиялық консилиум барысында тұлғаның мінез - құлығындағы ауытқушылықты болдырмаудың шаралары белгіленеді.

Консилиум - оқушыларды зерттеудің ұжымдық әдісі. Консилиум тұлғаның мінез - құлқы мен оқу үлгеріміндегі ауытқу себептері мен сипатын анықтау, дамудағы ауытқушылықтарға түзету мақсатындағы тәрбие шараларының жоспарын құру, күрделі және қақтығысты жағдайларды шешу үшін кеңес беру міндеттерін жүзеге асырады.

Консилиум жұмысын ұйымдастыруда адамның жеке басын сыйлау, жақсы қасиеттеріне сүйену,зиян келтірмеу,психологиялық және әдістемелік білімдерді интеграциялау,диагностиканы барынша педагогикаландыру қағидалары басшылыққа алынады.

Осы орайда, колледжде «Әрбір бала - бір жұлдыз», «Ұлттық рухы, адамгершілік қасиеті жоғары әрбір оқушы кез - келген білімді меңгере алады.» т.б тақырыптарда инженер - педагогтармен педагогикалық - психологиялық консилиум тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Консилиум қорытындысы бойынша үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жоспарлы түрде пән оқытушыларына, дарынды және тәрбиеге қиындық келтіретін, ішкі істер бөлімінде тіркелген оқушылармен жұмыстарда топ жетекшісі мен шеберлеріне бағыт бағдар мен нақты тапсырмалар беріледі.

Бұл жұмысты жүргізде «қиын бала», «тәрбиесі қиын бала», «педагогикалық назардан тыс қалған бала», «әлеуметтік назардан тыс қалған бала», «мінез - құлқында ауытқушылығы бар бала» терминдерін ажыратып,«Тәуекел» тобындағы балалармен тәрбие жүргізді анықтаймыз.

Мінез - құлық үйлеспеушілігі бар тұлғаны анықтаумен бірге, түзету - дамыту, кеңес беру, ағартушылық бағыттағы жұмыстың өз ерекшелігі бар. Бұл жұмыста ұстаздың шеберлігі мен қажырлы еңбегі қажет.

Осы орайда, мінез - құлық мәдениетіне тәрбиелеудің жеке жоспары жасалынады. Тұлғаның мінез - құлқын тәртіпке келтіруде мынадай бағыттарда жұмыс істеу керек:

  1. Мінез - құлықты өзгертуге болатын жағдайға үйрету;

  2. Әр түрлі жағдайда өзін - өзі ұстай алуға, өзін - өзі басқару әдісіне үйрету;

  3. Шиеленіскен жағдайларда ашу - ызаны игеру, сөйлесу дағдыларын қалыптастыру;

  4. Адамдарға сену, мейірімділік қасиеттерін қалыптастыру.

Жұмысты жүргізудегі тиімді әдістің бірі - жеке жұмыс.Атқарылар жұмысты жанұя мүшелерімен қатар жүргізу қажет.

Өз іс - әрекеті мен мінез - құлқын талдау арқылы адам өзін - өзі тани алады. Мінез - құлықты бағалау арқылы адам өз басының адамгерщілік және психологиялық ерекшеліктерін таниды. Адамдардың өзі жайындағы пікір, тереңірек танып білуге көмектеседі.

Өзіңнің қасиеттеріне берген өз бағасымен басқа жұрттың бағасын салыстыру орынды. Өз танымының өзгелердің ойымен бірдей шығу - шықпауы, мінез - құлық әрекеттеріңді айқындауына мүмкіндік береді. Адамдармен қарым - қатынаста болу өзбасының жағымды және жағымсыз жақтарын жан - жақты салыстыруға, танып білуге көмектеседі.

Сондықтан да, тәрбиеде «Өзін - өзі» тану пәнінің әдістемелерінен «Әңгімелесейік, пікірлесейік», жағдаяттармен жұмыс, шығармашылық тапсырма, «Назар аударыңыздар» т.б әдіс - тәсілдерін қолдана отырып, «Мінезді қалай өзгертуге болады?»тренинг, «Мінез - жанның айнасы» пікір алысу, «Мен кіммін», «Мен қандаймын» әңгіме сағаты т.б іс - шаралар жүргізу тұлғаның өз мінез -құлқын танып білуге мүмкіндік береді.

Мінездегі үйлеспеушілікті болдырмауда адамгершілік тәрбиесі аса маңызды орынға ие болады.Адамгершіліктің өрісі кең. Бұл қасиет әр адамның қоғам өмірінде, тұрмыста көпшілік орында өзін ұстауынан, басқалармен қарым- қатынасынан, жүріс -тұрысынан, қимылынан байқалады. Бақытты адам болу ,ағайын -жұртына қадірлі, қоғамға да пайда келтіру адамгершілігі қасиетімен көрінеді.Үлгі өнеге бола алады.Сондықтан адамгершілік қасиеттерге баулу жағымды мінез - құлықтың қалыптасуына кепілдік береді. Адамгершілік тәрбиесі сана мен сезімді тәрбиелеу, дамыту, мінез - құлық бірліктілігі мен әдеттерін қалыптастыру міндеттері орындайды.

Адамгершілік тәрбиесі халық педагогикасы мен халықтың психология тағылымдарын пайдаланумен ұштасады. Тағылымдарды пайдалана отырып, тәрбиелік істерді атқарғанда негізгісі баланы жеке тұлға деп, танып, оның бойындағы құндылық қабілеттерін жан - жақты ашып дамыту керек.

Қабілеттерді дамытуда қазақтың салт - дәстүрлері, ырым - тыйымдары, мақал - мәтелдерін қолдану дәстүрлі құндылықтардың үлкен топтасушылық мәнін ашуда, тiлге және мәдениетке құрмет, адамгершiлiк, ұрпақтар байланысы, патриотизм және төзiмдiлiкке тәрбиелеуде ықпалын тигізеді.

Жұмыс барысында білім алушының бос уақыты қадағаланып, оны тиімді пайдалануы бақыланады. Түрлі іс - шараларға, үйірме және қоғамдық жұмыстарға қатыстыру қаралады. Оның қызығушылығы мен көңілінен шығатын іс - шараларға қатысуын ескерген жөн. Сонда ғана бала ешкімнің зорлығынсыз, өз еркімен қатысады.

Мінез - құлқы үйлеспеушілігі бар тұлғаны тәрбиелеуде, ең алдымен сеніміне кіру керек. Жеке назардың, қамқоршылықтың, мейірімділіктің жетіспеушілігін ескерген дұрыс. Жас ерекшелігін ескере келе, кінәлап, ұрыспай, жылы қабақпен әңгімелесу керек. Оның бойындағы қабілеттерді ескере отырып,«Поэзия минуты»,«Шығармашылық шарт», «Шығармашыл тұлға» жаттығулары мен ойындарын тиімділігі пайдаланумен, рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын табуға ықпал етуге болады.

Мінез - құлқын өзгертуге бағыт - бағдар беру мақсатында дінге деген көзқарасын анықтау қажеттілігі орын алады. «Дінге деген көзқарасың қандай?» атты диспут, «Мұсылмандық - көркем мінез деген сөз» тақырыбында дәріс оқу, «Ислам - таза, құдіретті дін» тақырыбында мешіт имамымен кездесу кешін
ұйымдастырып, бес парыз, хиджаб кию, намаз оқу, иман тағылымын білумен, жан тазалығына тәрбиелеумен,өзін - өзі тану, түсіну, тұлғалық даму тәсілдерін жандандыруға болады.

Мұхаммед пайғамбардың даналық сөздерінің жиынтығынан, хадистен үзінді жаттауға балаға нақты тапсырма беріп, «Абайдың қара сөздері » аудио материалдарын қолдану, қазақтың ұлы би - шешендерінің ғибратты сөздерін оқыту баланың сана - сезіміне әсер етіп, рухани жетілуіне, өзін - өзі тәрбиелеуіне көмектесері анық.

Балалардың сезіміне, тұлғалық қадір - қасиетін түсініп, сапалы тәрбие беруде отбасында жағдаймен қатар, баламен жағымды қарым - қатынас орнату керектігін ата - ананың есіне салу да орынды. Ал ата - аналарға бала тәрбиесіне байланысты кеңес беру, жаднама тарату психологиялық ағарту жұмыстарының өзіндік ерекшелігін танытады. Бұл бағытта да этномәдени білім мен тағылым жолдарын қолдану нәтижеге жетелейді.

Педагогикалық және медициналық, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесімен тығыз байланыста болып, аралас - мамандармен біріге жұмыс атқару жұмыстың нәтижесіне әсерін тигізеді.

Дәрігерлік және құқықтық шараларда практикум - лекция, кездесу кеші, спорттық жарыс, сайыстарға қатыстыруда тапсырманы шығармашылық қабілетіне байланыстырып, видео - ролик көрсету, коллаж жасау, презентация әзірлеу әдістерімен үйлестіруге болады..

Мінез - құлықтағы үйлеспеушілікті болдырмауда еңбекпен араластыруға назар аударып, тұлғаның өзі таңдаған мамандығымен ұштастырып, кәсіби байқауларға қатысуға ықпал етіп, бағыт - бағдар жасап, сенімділікпен қатап, ұйымдастыру жұмыстарына араластыру қажет.

Сонымен қатар, мадақтау, марапаттау шаралары жүргізу және жүргізілген жұмыстарға талдау , мониторинг жасау нәтижеге жетелейді.

Ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» - деп атап көрсеткендей, мұғалімдерге халқымыздың ең қымбатты, қадірмен келешегі - жастарымызды баянды біліммен қаруландыруды, мінез - құлқын қалыптастыруды үлкен сеніммен тапсырып отыр.

К.Д.Ушинскийдің мінез туралы: «Сенім әдет болып қалыптасқанда ғана мінезге айналады. Тек әдет арқылы адам өз мінезін қалыптастырып, ойы іске айналады.» - деген пікірі ескерсек, тәрбие барысында мінез - құлықтағы үйлеспеушілікті болдырмауға болатынына көз жеткіземіз.

Бала тәрбиесі - қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Бала тәрбиесі - ерен еңбекті,жауапкершілік пен сүйіспеншілік талап етеді. Тәрбиелі бала болашақ өмірдің адал азаматы, отбасы иесі. Дені сау, рухы биік, көркем мінезді, әдепті ұрпақ өсіру үшін аянбай еңбек етіп тер төксе де артық емес.

Сөзімді қорыта келе, ұлы тұлға Әл-Фарабидің «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды.» - деген қанатты сөзімен аяқтаймын.


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев.Педагогика. - Алматы, 2000.

  2. Е.Сағындықұлы, Педагогика(дәстүркурсы). - Алматы, 1999.

  3. Педагогика және психология /ғылыми - әдістемелік журналы/ - №1 2009ж

  4. «Өзін - өзі тану »журналы - № 2 2012 ж, - 20, 22 беттер. №1 2011ж

  5. Ұлттық тәрбие / Республикалық ғылыми - көпшілік журнал/ - № 5, 2012ж

  6. М. Құдиярова. «»Жасөспірімдердің мінез-құлық ауытқышылық себептері. Алматы, 2006

  7. Қазақстан Республикасы Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы


© 2010-2022