Конспект классного часа

Тақырыбы: Мен қазақ қыздарына қайран қалам...Мақсаты: Қазақ қыздарының арасынан шыққан атақты әнші, биші, күйші, ғалым, батыр қыздар туралы мәлімет бере отырып, оқушыларды халқымыздың сан ғасырлар бойы қыз баланың бойына сіңірген тәрбиесін насихаттау. Қыз баланың болмысына сай инабаттылыққа, ізгілікке, тазалыққа, өнерге,төзімділікке, өжеттілігін, батылдыққа тәрбиелеу.Көрнекіліктер: интербелсенді тақта, буклет, суреттер.Әдіс –тәсілдер: әңгімелеу, пікір алмасу, әңгімелеу, баяндау.Барысы:І. Ұйымдас...
Раздел Классному руководителю
Класс 7 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ

ОРТАҚ ОРТА МЕКТЕБІ





Ашық тәрбие сағаты:

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам...»

(7-сынып)






Өткізген : Ж.Ш. Таңатқан





2015 жыл

Тақырыбы: Мен қазақ қыздарына қайран қалам...

Мақсаты: Қазақ қыздарының арасынан шыққан атақты әнші, биші, күйші, ғалым, батыр қыздар туралы мәлімет бере отырып, оқушыларды халқымыздың сан ғасырлар бойы қыз баланың бойына сіңірген тәрбиесін насихаттау. Қыз баланың болмысына сай инабаттылыққа, ізгілікке, тазалыққа, өнерге,төзімділікке, өжеттілігін, батылдыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: интербелсенді тақта, буклет, суреттер.

Әдіс -тәсілдер: әңгімелеу, пікір алмасу, әңгімелеу, баяндау.

Барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

- Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі ашық тәрбие сабағымызды мен қазақ қыздарына арнауды жөн көрдім, себебі қазақ халқы қыз балаға аса назар аударған. Әйел адамның табиғи қадірін, адамзат өміріндегі үлкен орнын көрсетеді. Өйткені адамды дүниеге келтіруші де, тәрбиелеуші де әйел-ана.
Әрбір ана қыз баласын елге сыйлы, өнегелі, кішіге үлгі болатындай әркез жақсы жағынан көрсем деп өзінің бойындағы өмірден алған тәлім-тәрбиесін үйретумен болған. Сондықтан дана халқымыз, қызды қонақ деп санап, оны сыйлап, төрге отырғызған. Еркінде өсірген, бірақ еркінсітпеген.

- Міне, осындай дана халықтың өнегелі тәрбиесін бойына сіңіріп, өскен қыздар, арулар, аналар қаншама?! Солар туралы бүгін біраз сөз қозғауды жөн көрдім.

ІІ. «Қыз өссе елдің - көркі» деген айдарымызда мен сіздерге портреттер көрсетіледі, сіздер ол кім екенін және несімен әйгілі екеніні айтуларыңыз керек.

(интербелсенді тақтада әйгілі қазақ қыздарының суреттері көрсетіледі.)

ІІІ. «Тұңғыштар тұғыры» айдарында қазақ халқының әр түрлі салада қызмет еткен тұңғыш қазақ қыздары туралы сөз болады.

Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш күйші - Дина Нұрпейісова. Ол 1861 жылы дүниеге келген. Әкесі Кенженің домбырада тартқан күйлеріне құмар болып, тоғыз жасында-ақ ауылында «домбырашы қыз» атанды. Тұсауын кескен ұстазы Құрманғазыдан сабақ алған Дина Түркештің, Соқыр Есжанның, Мүсірәлі мен Әлкейдің, Дәулеткерейдің күйлерін нақышына келтіре орындайтын болған. Дина Нұрпейісованың орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағалағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен алпыс екі тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деген екен. Он үш құрсақ көтерген күйші тұрмыстың ауыр тауқыметін де тартқан көрінеді. Ұзын саны жиырма алты күй шығарған Дина 1955 жылы тоқсан төрт жасында дүниеден озды.

Нәзипа Құлжанова (1887-1934) - қазақтың тұңғыш журналист қызы. 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бiтiрiп, Торғайдағы қыздар училищесінде, кейін Семейдегi мұғалiмдер семинариясында ұстаз болған. Ол қазақ әйелдерi арасынан әлеуметтiк iске белсене араласқан тұңғыш педагог-ғалым, әрi қазақ тағдыры жайлы бiрнеше басылымға мақала жазған қаламы қарымды публицист те. 1914 жылы 26 қаңтарда Семей қаласында Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған поэзия кешін ұйымдастырған, әрi сонда ұлы ақынның өмiрi мен өнерi туралы таза орыс тiлiнде баяндама жасаған қарындасының iсiне сүйсінген Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) оған өлең арнап, 1924 жылы шыққан "Ана мен бала" атты еңбегiне алғысөз жазды.

Халық суретшісі Айша Ғалымбаева 1917-1918 жылдары туған. Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кескіндемеші және кино суретшісі. Оның еңбектерінде қазақ әйелдерінің көркем бейнесі шебер және нәзік бейнеленген. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеу Бүкілодақтық кинематографистер институтын бітірген. «Батыр Ана», «Сәукеле», «Көктем және күз» - Айшаның негізгі туындылары. Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің кавалері.

Қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы геолог-ғалым Патшайым Тәжібаева 1920 жылы туған. жетпіс бір жыл жасаған тұлға ғылыммен қоса қоғамдық қызметтерге де белсенді араласты. Геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған қазақ қызы Патшайым екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы табысымен-ақ Кеңес одағы халқын таңғалдырған ол Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген. Қазақ ғылымының қаранары Қаныш Сәтбаевтан тәлім алды. Шөгінді жыныстар мен рудалардың ерекшелігін екшеп, зерделеп, ұстаз салған соқпақты даңғылға айналдырып бақты.

Аты аңызға айналған тұлғалардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш КСРО халық әртiсi Күләш Байсейітоваға заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Күләш деген - керемет!» деп таңғалған. Е.Брусиловский жазған бiрiншi қазақ операсы «Қыз Жiбектiң» қойылуы қазақ музыка мәдениетіндегі үлкен тарихи оқиға болды. 1936 жылғы Мәскеудегi қазақ өнерiнiң онкүндiгiнде Қыз Жiбекті сомдаған Күләш тыңдарман жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды. Қазақ аруына бар-жоғы жиырма төрт жасында алғашқылардың қатарында КСРО халық әртiсi атағы берілді.
Қазақтың тұңғыш кәсiби бишi қызы - Шара (Гүлшара) Жиенқұлова. Би құдiретi бойына тумысынан дарыған Шара небәрi он алты жасында атақты бишi атанды. 1936-1937 жылдары Мәскеу мен Ленинград гастрольдерiнде театрдың қандай биiктерді бағындырғанын тарихтан білеміз. Қазақ әдебиетi мен өнерiнiң Мәскеудегi алғашқы онкүндiгiнде зор табыстары үшiн марапатталған бiр топ қайраткердің арасынан Шара Жиенқұлова «Құрмет белгiсi» орденiн иеленген. Оның орындауындағы қазақтың көңілді әндерi - «Молдабай», «Жариям-айдай», «Бүркiтшi», «Сауыншы жеңгей», «Шахтер» - теңдессiз, қайталанбас дүниелер-тұғын.
Қазақтың тұңғыш драма театры шымылдығын ашқанда Еңлiк пен Қаракөздей аяулы қыздардың рөлiн, ұлттық кино өнерiнiң төлбасы болған «Амангелдi» фильмiнде Бану рөлiн Шара Жиенқұлова ойнады.
1950-60 жылдары сахнаның сәніне айналып, қазақтың тұңғыш балеринасы атанған биші Нұрсұлу Топалованы ең алғаш өнерге тартқан академик Ахмет Жұбанов екен. Қаршадай қызды Алматыдағы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен балетмейстер А.Александров қамқорлықтарына алады. Топалова сол өнер ордасында дәріс алып, төселіп, «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Шара Жиенқұлованы ауыстырады. «Нұрсұлу Топалованың дайындықсыз сомдаған классикалық үлгідегі Заремасы нағыз Шығыстың аруы болып шықты. …Ол әрбір сахнаға шығардың алдында қатты толқитын, әр биінен қолтаңбасы айқын көрінетін, сол кездегі талантты бишілердің арасында ерекшеленіп тұратын…» дейді Халық әртісі Болат Аюханов.
Дариға Тінәлина. Әлемге әйгiлi кинорежиссер А.Довженко «Шығыстың тұңғыш әйел-кинорежиссерi» деп ерекше бағалап, қазақтың қаршадай қызының дарыны мен өнерiнiң алдында бас иген. Жиырма екі жыл «Мосфильм» киностудиясында тер төккен Дариға Тiнәлина италиялық көрнекті режиссері Федерико Феллинимен, француз киноактеры әрi күмiс көмей әншiсi Иво Ливимен, КСРО халық әртiсi Иван Пырьевпен тығыз араласып, қызмет еткен. 1940 жылы Дариға актриса ретiнде М.Донскойдың «Романтиктер» атты фильмiне түсті. Ал, режиссерлық кәсiби бiлiктiлiгiн «Салтанат», «Қияндағы қыстауда», «Айрықша маңызды тапсырма» фильмдерiнде керемет үлгiде көрсеткен. Осылардан бөлек Эйзенштейн, Сергей Герасимов, Әбдiлдә Тәжiбаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов сынды тұлғалар туралы деректi фильм жасаған кинорежиссер апамыз екі жыл бұрын ғана өмірден озды.
Ләзиза Аймашеваны қандастарымыздың ішіндегі тұңғыш тележүргiзушi қыз ретінде танимыз. 1958 жылғы 8 наурыз - қазақ телевизиясының туған күнi. Жұрт экранның не екендiгiн бiлмейтiн сол тұста тiкелей эфирде хабар жүргiзген диктордың есімін бүгiнгi буын тани бермейді. Сол тұста жап-жас әрi үрiп ауызға салғандай сұлу Ләзиза дәрiханадағы жұмысынан жүргiзушiлiкке шақырылған екен. Содан Аймашева апамыз он бес жылдан астам тікелей эфирде диктор болды.
Алданыш Рамазан - қазақ қыздарының арасынан тұңғыш Олимпиадаға қатысқан. Моңғолияның Байөлке аймағына қарасты Өлгей қаласында туған. Бүгінде Ұланбатыр қаласында елеусіздеу ғұмыр кешуде. Сондағы орта мектептің бірінде мұғалім. Ол Моңғолияның спорт тарихында тұңғыш «Спорт шебері» атанған. Оның жарты ғасыр бұрын жаңартқан үш бірдей рекордының бірін әлі күнге еш желаяқ бұзған жоқ.

Алданыш жүгіруден 1964 жылғы Токио олимпиадасына қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.

  • Міне, осындай қазақ халқының барлық қасиетін бойына сіңіріп, бізге қалдырған мол мұрасы, халқымыздың атын шығарып, оны әлемге паш еткен апаларыңның жолы, өнегесімен мен өмірі сендерге үлгі болатынына сенімдімін. Олай болса келесі сөз кезегін мен Жайнар мен Аружанға бергім келеді.

Аружан: «Қазақ қызы» Күләш Ахметова

Жайнар: «Қазақ қызына» Ғафу Қайырбеков.

ІҮ. Келесі бөлімде біз әрине ,«Ұлы Отан соғысы» жылдарындағы қазақ қыздарының қайсарлығы және ерлігі жайлы сөз қозғаймыз.

  • Әлия мен Мәншүк туралы не білеміз? Олар жайлы не айта аласыңдар?

Иә, дұрыс айтасыңдар.
Кеңес Одағы батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы Мәншүк Мәметова 1922 жылы туған. Мәншүктiң азан шақырып қойған аты - Мәнсия. Мәншүк мектептi бiтiріп, медицина институтына құжат тапсырады. Екiншi курсқа өтер тұста екінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете түседі. Небары он сегіз жастағы қаршадай қыз «Фашистердi жою үшiн майданға аттанатын ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан, өзiмдi жiберiңiз» деп, әскери комиссариатқа хат жазған. 1942 жылдың 13 тамызында Алматыдан №100 атқыштар бригадасымен Мәншүк те майданға аттанады. КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты) (1925 ж. 15 маусым (кейбір деректерде 25 қазан, 20 сәуір), Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қаз КСР - 1944 ж. 14 қаңтар, Псков облысыныңсолтүстігіндегі Новосокольники, Казачиха ауылы, РКСФР) - Кеңес Одағының Батыры (1944), мерген, ефрейтор.1925 ж. 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 ж. бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды.[1] Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері - Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.



«Мәншүктің анасына жазған хаты» оқылады.

Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш дегенде Хиуаз Доспанованы атаймыз. Ел намысын сонау Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында ерлермен бiрге «етiгiмен су кешiп» қорғаған аяулы арулардың бiрегейi, Халық қаһарманы Хиуаз 1922 жылы дүниеге келген. 1940 жылы Мәскеу қаласындағы медицина институтына оқуға түскен ол соғыс басталғанда атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкке қабылданады. Қайсар қыз Украина, Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания сияқты фашистер басып алған елдер аспанында "ПО-2" бомбалағыш ұшағымен үш жүз рет жау төбесiнен ажал оғын боратқан. Осындай ерлiгi үшiн Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берiлiп, «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерi тапсырылды.

(Хиуаз Доспанованың сұхбаты көрсетіледі )

Ү. Қорытынды. Оқушыларға суреттер қайта көрсетіледі. Олар суреттегі адамның атын атауы керек.

ҮІ. Рефлексия:

  1. Бүгінгі тәрбие сағатынан алған әсерлерің қандай?

  2. Қай апаларыңның тағдыры сендерге әсер етті? Несімен?

  3. Қазақ қыздарының қандай қасиеттеріне қайран қалдыңдар?

(Оқушылар жаттаған өлеңдерін оқығаннан кейін. «Мен қазақ қыздарынан қайран қалам» әнімен тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.)

© 2010-2022