Әдебиеттен баяндама. Мұқағали-қазақтың мақтанышы 11-сынып

Раздел Классному руководителю
Класс 11 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Мұқағали- қазақтың мақтанышы

Мұқағали... Бүгінде бұл есім әркімнің көңілінде күллі қазақ даласының образын оятып, оның ұланғайыр кеңдігін, көкмұнар таулары мен жан баспаған жапандағы қара орманының, түпсіз терең тұңғиық көлдерінің көрінісін көз алдыңа әкеледі. Ол-туған халқының өзіне деген өлшеусіз махаббатымен мерейленген ұлы перзенті, Жаратушы иесі тумысынан бөлекше дарынмен даралаған ақиық ақын.. Өмір атты бір нәзік сәулеге деген шексіз іңкәрлікке, жарық пен жақсылық атаулыға деген ұлы сағынышқа толы Мұқағали жырларына үңілген әркімнің жан сарайы кеңіп сала берері анық.

Бірақ біз ол туралы не білеміз? Бұл орайда ақын өзін шын түсінгісі, өмірбаянын, шығармашылығын зерделегісі келетін адамдардан бүкіл жазған-сызғанын оқып шығуды өтінеді. «Мені өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды сұраймын» дейді. Өйткені ол үшін поэзия-жанының шырылы. Ақын еркіне бағына отырып, мен де оның өз поэзиясынан жан-жақты көрініс тапқан, күрмеуге келместей келте, сөйте тұра драматизмге толы өмір жолына үңілгенді жөн көрдім.

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз аулында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты- Мұхаметқали. Бірақ «пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелете атап кеткен. Тұңғыштары Мұқағалидың ізін ала туылған бір қызы мен бір ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты екі ұл сүйеді.

Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы болыпты. Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғасын ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған.

... Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса... нені көрем?-деп өзі жырлағандай, Мұқағали ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген. Батыр шалыс Тиын әже бірде көкпар тартып жүріп аттан жығылып мертіккен жұбайы Мұқатайдың аяғын «Бұл енді саған аяқ болмайды» деп, дәрігердің келуін күтпестен, жіліншігінің сынған жерінен балтамен шауып тастаса керек. Соны білетін көнекөз ауыл тұрғындары қайсарлығына байланысты Мұқағалиды сол «Тиын әжесіне тартқан» дейді екен. Табиғаты шырайлы да шұрайлы Қарасаз топырағындағы қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп-өнген Мұқағалидың балалығы әуелде мұңсыз басталады. Өзінің бір өлеңінде ақын ол кездерді:

... Жиі енеді түсіме бұрынғы ауыл,

Ойнақ салып, құлын-тай қырында жүр.

Сүттен бұлақ ағызып, сиырлы ауыл,

Іркіт иісі келеді мұрынға бір,- деп

сағына еске алады. Алайда сол мұңсыз балалыққа сызат түсірген соғыс Мұқағалиды демде есейтеді. Бір топ жерлестерімен әкесі майданға аттанғанда,ол небары он жаста-тұғын. Бірақ соған қарамастан, өмірдің бүкіл ауыртпалығы бала мойнына түседі. Алаңсыз күлкісін соғыс ұрлаған өзге де құрбы-құрдастары тәрізді Мұқағали да тағдырдың ащы дәмін тым ерте татады. Бұл ретте «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» атты өлеңінде ақынның өзі:

... Сағынам ба түстерің, кештеріңді?!

Жалаң аяқ таңғы шық кешкенімді.

Өшкенімді білдірмей, өскенімді,

Жүре бердім жамылып бөстегімді...-

деп сыр шертсе, енді бірде:

... Аңыздардан тере жүріп масақты,

Рас, рас, көзімізден жас ақты.

Бірақ сол бір дауыл жылдар, от жылдар,

Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.

... Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,

Сондағы мен ерлігіме мақтанам.

Балғын ұрпақ, сенің болашағыңды,

Біле білсең, мына біздер сақтаған!-

деп ағынан жарылады. Енді бір мезетте:

... Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,

Себебі ол үйімізден тірі аттанған,-

дейді әке қазасына иланғысы келмеген ақын жүрегі. Сондай-ақ өзінің әке жұртында қалған ошақтағы оттың бір ұшқыны екенін де есінен шығармайды. Демек, оның ерте сөнуге қақысы жоқ. Өз сөзіне жүгінсек:

Бір арыстан өмірден өткенімен,

Өмір сүріп келеді тірі арыстан!..

Мұқағали поэзиясынан шынайы көрініс беретін өмір үшін күрес тап осы ұғымнан бастау алған болуы ықтимал. Қалай болғанда да,

Тағат таппастан тартамын алға көшімді,

Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді!-

дейді Мұқағали...

Анасының естелігіне жүгінсек, Мұқағали он төрт-он бес жасынан өлеңге шындап ден қоя бастайды. Төбесі аласа ғана қоржын тамға қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. Қазақ әдебиеті классиктерінен бөлек, орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок поэзиясын сүйсіне оқиды. Шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль еңбектерін, әсіресе, Бальзак, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалайды.

Әдебиетке құштарлығының қайнар көзі Қарасаздан бастау алған Мұқағали орта мектепті Нарынқолдағы мектеп-интернатта бітіреді. Одан кейінгі жылдарда жоғары оқу орындарының бірнешеуіне еш қиындықсыз түсіп, әуелі ҚазМУ-дың филология факультетіне, одан кейін шет тілдер институтына, сосын қайтадан ҚазМУ-дың заң факультетіне қабылданады. 1973 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының студенті атанады. Бірақ анасы айтқандай, «Оны да тауысқан жоқ... Олардың білетінін өзім де біледі екем. Алматымды сағындым. Балаларымның қасында болайын деп, кеттім де қалдым»-деп бір жылдан соң елге оралады. 1949 жылы Лашынмен жеке шаңырақ көтереді. Ол кезде Мұқағали 18, ал сүйген жары Лашын 21 жаста болады. Бастапқыда ақын туған жерінде ауылдық кеңес хатшысы, Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі, аудандық газеттің тілшісі болып қызмет етеді.

1950 жылдардың ішінде өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде аракідік болса да жарияланып, есімі ел құлағын елеңдете бастаған Мұқағали «Өлеңім өлтірмейді» деген сеніммен 1962 жылы Алматыға қоныс аударады. Содан бастап ақынның кәсіби іс-әрекеті әдеби шығармашылықпен тығыз байланыста өрбиді. Қазақ радиосында диктор, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар Одағында поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарады. 1970 жылы Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданады. Үлкен қалада үйсіздік пен күйсіздіктің қиыншылығын тартуына, қызметінің жиі ауысуына қарамастан, поэзияға деген шексіз махаббатын сақтап қалады. Алғашқы жыр жинағы жарыққа шыққанда 33 жаста болған Мұқағалидың небәрі он екі жылдық өмірі қалған-ды. Соны сезіп-білгендей ақын жүрегі алабөтен асығады.

Қай күні менің тәмамдалады дастаным?

Бітпесе екен, жаңадан ғана бастадым...-

деп жанұшыра үн қатады. Қаламы жазудан құрғамаған ақынның 1964-1976 жылдар аралығында сегіз жыр жинағы жарық көреді. Жалпы, Мұқағали Мақатаев 1000-нан астам өлең жазып, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» тәрізді бірқатар поэма- толғаулар, көркем аудармалар қалдырады. Ақын қай тақырыпта жазса да, жан-жүрегімен тебіреніп, ақындық шабытпен, суреткерлік шеберлікпен жеріне жеткізе жазады. Бұл орайда:

Мен жырламаймын. Сырласамын.

Сыры бір замандаспен мұңдасамын.

Көгендеп жыр қосағын,

Келмейді жыр жасағым,-деген ақын сөзі-оның шын сыры.

Ол өлеңді жасамаған, періште жыр ақынға көктен үздіксіз құйылумен болған. Өзінің айтқанындай, кей кездері ол тіпті жазуға да үлгере алмаған.

Ең бір кереметі, Мұқағали поэзия жанрына ғана емес, проза, драма, сын саласына да қалам тартып, «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош,

махаббат»пьесасын жазды.

Мұқағали туралы жазылған естеліктер көптеп табылады. Жазушы Шерхан Мұртаза : «Мұқағали жалғандықты, мүләйім жағымпаздықты, әдебиеттегі саудагерлікті, жалақорлықты, бәлеқорлықты жан-тәнімен жек көрген ақын» десе, марқұм ақын Фариза Оңғарсынова: «... Адамның онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді кейде маған. Егер мен со жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім?!»-дейді.

Бір даусыз шындық, Мұқағали-есімі қазақ поэзиясының символына айналған ұлы ақын. Қазақтың қаншама кейінгі толқын қаламгерлері Мұқағали жырымен рухтанды! Мұқағали қаншама ақынға шын жылаудың, шын жырлаудың қалай болатынын көрсетті! Мұқағали поэзиясы құдды бір көктен құйылған, ешқандай кірсіз, мінсіз әппақ нұр іспетті.. Одан жалғандық таппайсыз. Оның сөзі-сіздің өз сөзіңіз. Оның жаны-сіздің өз жаныңыз. Өзгенің жүрек пернесін дәл осыншама тура басу үшін де адамға, сірә, пайғамбарлық парасат керек шығар...



© 2010-2022