Ата-аналармен жұмыс: Ақ әжелер байқауы

«Ақ әжелер байқауы»         Әже – немере, шөбере сүйіп, солардың бал күлкісіне, шатты-ғына кенеліп отырған жан. Халқымыз дүниеге  ұрпақ  әкеліп, бала тәрбиелеп,  ұлын  ұяға, қызын қияға қанаттандырған асыл ананың өмірлік тәжірибесі де мол әрі ағайын-туыстың бірлігін, бір-біріне деген қамқорлығын сақтаушы ретінде  оларға құрметпен қараған. Бүгінде әжелеріміз ұлттық дәстүрді ұстанумен,  өз  міндетін  қалтқысыз атқарумен қатар заманның талабы мен  сұранысына қарай да жаңашалануда, түрленуде. Бұған...
Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

«Ақ әжелер байқауы»


Әже - немере, шөбере сүйіп, солардың бал күлкісіне, шатты-ғына кенеліп отырған жан. Халқымыз дүниеге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қанаттандырған асыл ананың өмірлік тәжірибесі де мол әрі ағайын-туыстың бірлігін, бір-біріне деген қамқорлығын сақтаушы ретінде оларға құрметпен қараған. Бүгінде әжелеріміз ұлттық дәстүрді ұстанумен, өз міндетін қалтқысыз атқарумен қатар заманның талабы мен сұранысына қарай да жаңашалануда, түрленуде. Бұған Алакөл ауданындағы № 1 «Арай» балабақшасында өткен топаралық «Дәстүрімнің бал қаймағы - әжелер» атты байқауында көзіміз тағы бір мәрте жете түсті.

Немересінің тобының намысын арқалай шыққан әжелеріміз алты айналым бойынша сынға түсті. Бірінші кезекте өзін-өзі жан-жақты таныстырып өтті. Екіншіде өнер сайыстырды. Қалида әже кішкентай Ерасылына арнаған тартуына қоса, домбыраның құлағын келтіріп жіберіп, «Келіншек» күйін тартты. Талай жылдар бойы оқушыларды білім нәрімен сусындатқан ұстаз осы байқау барысында тағы бір қырымен таныла түскендей. Ал Марияш әжеміз әр төлдің баласын сүюі туралы тақпақ оқып: «Адам сүйеді баласын балым деп, Баламнан шыққан немерем жаным деп»,- өз жанынан толықтырып жіберді. Бір қызығы, бұл жыр шумақтарын ол бұдан 45 жыл бұрын бастауыш сыныпта оқыған кезінде жаттаған екен. Ғалия әжеміз «Тамаша той думанмен таң атырса» деп шырқаса, Назигүл әже немересімен бірге ән салды. Фая әжеміз өзінше түрлендіріп, «Дастархан» әнін орындағанда немересінің қос тәрбиешісі мың бұрала би биледі. Нұрсәуле әжеміз де немересімен бірігіп, «Киіз басу» биін орындап шықты.

Ұлттық ас әзірлеуде, әрине, байқауға қатысушылар бірінен -бірі асып түсті. Қонақжай халқымыздың бір кездегі ерке қызы, кешегіде анасы, бүгінгіде әжесі болған асыл жандардың дайындаған тағамдары тіл үйірді. Олар қуырдақтың, еттің, бауырсақтың, сүт тағамдарының, наурыз көженің, сірненің әзірлену технологиясы, мейманға ұсынылуы жайында кеңінен мәлімет берді. Марияш әжеміз шебер ет жасаушының семіз жылқыдан 75 табақ ет шығаратындығын айтып, қонақтарды таңғалдырды. Қолөнер бұйымдарын топтастыруда Ғалия әжемізге тең келері болмады.

Келесі айналымда Қалида әжеміз «Ашамайға мінгізу», Марияш пен Назигүл әжелеріміз «Тұсау кесу», Ғалия әжеміз «Құйрық - бауыр асату», Фая әжеміз «Бесікке салу», Нұрсәуле әжеміз «Нәрестені қырқынан шығару» сынды салт-дәстүрлерімізді көрсетіп, мағынасы мен мәніне тоқталып, еліміз әрдайым бейбітшілікте, молшылықта, ауызбіршілікте той тойлап, қуанышы асып жүре берсін деген аналық тілектерін де жеткізіп жатты.

Сұрақ-жауап сынында сүрінгендер болмады. Ақ жаулығының астына қазақ әйеліне тән ізгі қасиеттерді сырдай сақтаған әжелеріміз бұл айналымда білім-ділігін, ойлылығын, зеректігін, мінезге бай, сөзге шешен екендіктерін көрсетті. Қазақы болмысымызды, нәзік жандыларға тән инабат пен ибалықты, ағайын-туыстың арасындағы бірлікті сақтаушы әйел-аналардың мерейін өсіруді, халқымыздың дәстүр-салтын әжелер арқылы жас ұрпаққа үйретуді мақсат тұтқан байқау да мәресіне жетті.

Қазылар алқасының шешімімен Нұрсәуле әжеміз «Бал қаймақ», Қалида әжеміз «Білгір әже», Ғалия әжеміз «Алтын оймақты әже», Марияш әжеміз «Бұлбұл әнші», Назигүл әжеміз «Мейірбан әже» аталымдарын еншілесе, Фая әжеміз бас жүлдені иеленді.

Өмірлік тәжірибеге бай, ұл үйлендіріп, қызды тұрмысқа беріп, ендігі де немересіне қуаныш сыйлауды парыз санайтын жандардың қай-қайсысының болмасын , ұлттық құндылықтарды бойына барынша сіңіргендіктерін, ұрпағын да осы бағытта тәрбиелеп жүргендік-терін аңғартты. Ұлттың ұлылығын ойлайтын, рухани құндылықтарымыздың, дәстүр-салтымыздың өміршеңдігіне қызмет ететін әжелеріміздің ізгі ісін олардың өкшесін басып келе жатқан әйел-аналар асқақтатса, ұлтымыздың Мәңгілік Ел болуына қызмет ететін, ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың бойына ұлтжандылық қасиет дарытатын, елі мен жерінің өзіне тән болмысын танытатын осындай іс-шаралар ұйымдастырыла берсін дейміз.

Айнаш Қожахметова,

Алакөл ауданы,

№ 1 «Арай» балабақшасының әдіскері.


© 2010-2022