ЖАСӨСПІРІМДІК ШАҚТАҒЫ ОҚУ МОТИВАЦИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Жапанова Р.Н., аға оқытушы

Қарағанды «Болашақ» университеті

ЖАСӨСПІРІМДІК ШАҚТАҒЫ ОҚУ МОТИВАЦИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Бұл мақала жасөспірімдердің оқу мотивациясы мәселесіне арналған. Жалпы мотивация, оның түрлері, жасөспірімдік шақта өзгеруі және төмендеуі қарастырылады. Сонымен қатар, оқытушының оны қалыптастырудағы рөлі мен әсері де сөз етіледі.

Кілт сөздер : мотивация, жасөспірім, иерархия, танымдық процесс, оқу әрекеті, қалыптастыру.

Оқушының іс-әрекетіне дұрыс баға беру үшін, педагог ең алдымен оның мотивтерін дұрыс түсінуі керек. Кей кезде сырт көзге бірдей тапсырма орындаған оқушылардың түрткілері мүлде әртүрлі болуы мүмкін.

А.Н.Леонтьев мотив және мақсат түсініктерін ажыратады. Мақсат - алдын-ала жобаланған нәтиже, ал мотив - сол нәтижеге жетуге түрткі. Ол түсіну және әрекет ету кезеңнерінен тұрады. Нақтылы жағдайда түсіну кезеңі әрекет етумен жалғасады. Мысалы : Оқушы үй тапсырмасын орындау керектігін түсінеді, алайда ол әлі жеткілікті түрткі алған жоқ және «керек» екендігін түсініп отырғанның өзінде оқуға асықпайды. Ал енді ол өзін жазалайтынын (немесе мадақтайтынын, бұл тапсырма емтиханда кездеседі, жеке басына болашақта қажет болады т.б.) білетін болса, орындауға барынша тырысады. Уақыт өте келе оқушы өзі сыртқы түрткісіз дайындалуға әдеттенеді.

Бүгінгі таңда нақты жасөспірімдердің оқуға мотивациясы көкейкесті мәселеге айналып отыр. Ата-аналар мен педагогтар балалардың оқуға деген қызығушылық деңгейінің төмендігі, жаңа ақпарат алуға асықпайтындығы, құлшынысы мен ниеттерінің жоқтығы туралы айтып отыр. Көбіне бұл негізгі әрекет түрінің өзгеруімен түсіндіріледі. Бастауыш сынып оқушылары мен жеткіншектер үшін негізгі әрекет оқу болса, жасөспірімдік шақта ол құрдастарымен қарым-қатынас қажеттігіне ауысады.

Оқу мотивациясы - жүйелі түсінік, ол оқушылардың түрлі мақсат, қажеттілік, қызығушылықтарының иерархиясынан құрылады. Мектепте оқу барысында мотивтер иерархиясы өзгеріп отырады, сондықтан «мотивацияның қалыптасуы бұл оқуға деген жағымды көзқарастың пайда болуы немесе артуы, мотивациялық сфера құрылымының, оған кіретін түрткілердің күрделенуі» болып саналады.

Л.И. Божович оқу мотивтерінің 2 тобын ажыратады: оқу әрекетімен байланысты (оның мазмұны мен процессі) және оқу әрекетінен тыс (кең мағынасындағы әлеуметтік) мотивтер[1]. Бастауыш сынып оқушыларына кең мағынасындағы әлеуметтік, яғни «тұрғы» (жақсы оқушы болу) және жауапкершілік (ата-ана мен мұғалім алдындағы парыз) түрткілері тән. И.С.Конның айтуынша, бала әлі оқыту мазмұнына емес, бағаға , оның астарында жатқан мұғалімнің қарым-қатынасына бағытталады[2]. Ал жасөспірімдік шақта мотивациялық иерархияның айтарлықтай өзгерістері байқалады. Жауапкершілік мотиві ығыстырылып, басқа әлеуметтік түрткілерді оқушы түсіне қоймайтыны анық. Оқу мотивациясының төмендеуінің негізгі себептері ретінде мұғалімнің сол түрткілерді ескермеуі, оқу мен әлеуметтік-маңызды әрекет (еңбек, өзін-өзі дамыту) арасындағы байланысты көрсетпеу, жасөспірімге тән өз бетімен жұмысқа, құрдастарымен қарым-қатынасқа бейімдікті ескермеу жатқызылады.

Өзін-өзі тану, нақтылау оқушы үшін айтарлықтай рөл атқармайды, оқудың «жалпы керек» екенін біле тұра, болашақтағы кәсіби әрекеті үшін маңызын түсіне қоймайды. Сондықтан мадақтау, жазалау, баға секілді ынталандыруды талап етеді. Жасөспірімдік шақтағы жетекші қажеттілік - өзін көрсету, ұжымда белгілі бір орын алу. Құрдастарының арасында беделге ие болу - жақсы оқу үшін жеткілікті түрткі болуы мүмкін. В.С. Мухинаның айтуынша, жоғары баға баланың қабілетін дәлелдеудің бірден бір жолы. Өзін-өзі бағалау мен баға сәйкестігі эмоционалдық қалып үшін маңызды[3].Тура солай, кейде үлгермеушілік, теріс қылық - бала көпшіліктен көрінудің жалғыз амалы.

Сонымен қатар, мотивацияның өзгеруі нақтылы пәндерге деген қызығушылықтың артуы немесе кемуімен байланысты болады. Жасөспірім болашақ мамандығына немесе жеке ерекшеліктеріне байланысты бір пәндерге баса көңіл аударады, қалғанынан үлгерімі төмендейді.

Кейде оқушыны мектепте алынған білімнің өзі емес, оны меңгергеннен кейін алатын нәтижесі қызықтырады (аттестат алу, марапатқа ие болу, жазаның болмауы т.б.). Оқудың нәтижесімен байланыстырылған жасөспірімдердің мотивациясын шартты түрде 2 топқа бөлеміз :

  1. Жағымсыз сипаттағы түрткілер . Яғни бұл түрткі оқушының бір нәрседен қашқақтаған , қорыққан жағдайда туындайды. (ата-ананың ұрыс-керісі, мұғалімнің қанағаттанбауы,жаза т.б.)

  2. Жағымды сипаттағы түрткілер өз ішінде тағы 2 тұрғыда қарастырылады:

  • Оқушы үшін маңызды әлеуметтік ұмтылыстармен реттелетін мотивация( Отан,отбасы алдындағы парыз).

  • Жеке тұлғалық мотивация (қоршаған ортасында беделге ие болу, жеке басының жағдайын жақсарту т.б.)[4].

Жасөспірімдердің ішкі мотивациясын зерттеп қалыптастыру көптеген отандық және шетел психолог-педагогтарын қызықтыратын мәселеге айналып отыр. Дж.Брунер қызығушылық,құзіреттілікке ұмтылыс секілді көптеген мотив түрлерін атап өткен.

Ең күшті мотивтер қатарына танымдық қызығушылықты жатқызамыз. В.В. Давыдов, Д.Б. Эльконин, А.К. Маркованың айтуы бойынша танымдық мотивацияны қалыптастыруда оқу әрекетінің сипаты,мадақтау, бағалау маңызды рөл атқарады. Жасөспірімнің тұлғасына және оқуға деген көзқарасына бағалаудың әсерін Б.Г.Ананьевтің «Педагогикалық бағалау психологиясы» еңбегінен көре аламыз. Автор сұрақ-жауап әдісі нәтижесінде қойылатын бағаны қарастырып, оған «парциалды» деген атау береді. Парциалды баға оқушыға оның білім деңгейі, оқытушының пікірі туралы ақпарат бере отыра, ынталандырушы қызмет атқарады[5].

Оқу мотивациясының төмендеуіне оқушылардың жеке ерекшеліктерімен байланысты субъективті факторлармен қатар, оқытушы әрекетімен байланысты объективті факторлар әсер етуі мүмкін :

  • Оқу материалы оқушылардың деңгейіне сәйкес келмеуі, мазмұны қызығушылықты оятпайды немесе түсініксіз болуы;

  • Оқу әдістері оқушылардың белсенділігін, қызығушылығын арттырмауы (монологты ұзақ дәріс т.б.);

  • Оқытушы таңдаған әдіс оқушылардың жағымсыз көзқарастарын, ыңғайсыздығын, агрессиясын тудыруы;

Бұл факторлардың әрқайсысы оқу мотивациясын қалыптастыруда ескеріліп отырылуы тиіс.

Осыған байланысты жасөспірімдердің оқу мотивациясын жақсарту мақсатында мынадай шараларды қолдануға болады :

- Оқудың сандық емес, сапалық жағына көбірек көңіл бөлу, баға үшін емес, жаңа білім үшін оқыту;

- Балаларды бір-бірімен салыстырудан, көпшілік алдында сын айтудан қашқақтау;

- Жасөспірімдердің жас және жеке ерекшеліктері туралы ұмытпау;

- Белсенді оқыту әдістерін таңдау;

Пайдаланылған әдебиеттер :

1. Божович Л.И. Проблемы развития мотивационной сферы ребенка//Изучение мотивации поведения детей и подростков. М., 1982.

2. Кон И.С.Психология старшеклассника. М., 1986.

3. Мухина В.С.Возрастная психология. М., 2001.

4. Маркова А.К. Формирования мотивации учения в школьном возрасте. М., 1983.

5. Патрина К.М.Мотивы учения старшеклассников // Вопросы психологии. 1987. No 7

Резюме

Жапанова Р.Н.


Особенности учебной мотивации в подростковом возрасте

Эта статья посвящена теме учебной мотивации подростков. Общее понятие мотивации, ее типы, изменение и снежение учебной мотивации в подростковом возрасте. Вместе с тем рассматривается и роль учителя в ее становлении.

Zhapanova R.N.

Features of learning motivation in adolescence

This article focuses on the theme of learning motivation of teens. General concept of motivation ,types, change and reducation of educational motivation in adolescence. However, considered the role of the teacher in her formation.



© 2010-2022