Класный час на тему Ассамблея-достықтың ұйытқысы

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат rar
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: «Ассамблея - достықтың ұйытқысы»

Мақсаты:
Білімділік: Қазақстанды мекендейтін ұлттардың бірлікте, ынтымақта бейбіт қатар өмір сүруінің басты кепілі - достықта, татулықта екендігін, Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік ұлттық саясатын және еліміздің ұстанып отырған ел бірлігі саясаты - бейбітшілік пен ұлтаралық ынтымақтастықты жас ұрпақ арасында насихаттау.

Дамытушылық: Басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрпын сыйлау, сөйлеу қабілеттерін, шығармашылықтарын дамыту

Тәрбиелік: Оқушыларды Қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын,мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу. Оқушылардың бойына ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату, ынтымақтыққа, достыққа, өз Отанын сүюге, қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Безендірілген сахна, еліміздің рәміздері ,суреттер, слайд, гүлдер, шар, мақал-мәтелдер жазылған плакаттар. түрлі қанатты сөздер.
Сабақтың түрі: әдеби монтаж .

Барысы:

Мұғалім: Құрметті қонақтар, оқушылар бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Ассамблея - достықтың ұйытқысы» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Бүкіл Қазақстан жерінде бір мезетте, бір сәтте Ассамблея старты жүзеге асырылуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында былай деді: «Бір халық» - бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер. «Бір ел» - бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр» - бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер! Бұл біздің ортақ келешегіміз - игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!». Қазіргі күні көк байрағымыздың астында 130-дан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің тыныштықта өмір сүруі - жалпы халыққа ортақ, тең дәрежелі көзқарастың дұрыстығы.

«Бірлік бар жерде бақыт бар», «Ынтымақ-достық кепілі»
Отан - әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Адам жүрексіз өмір сүре алмайды. Отан - біздің туған жеріміз, өзіміздің туған-туысқанымыз, дос- жаранымыз бен тұратын еліміз.

Біздің Отанымыз - Қазақстан. Бүгінгі Қазақстан дүние жүзіндегі көптеген мемлекетер таныған ел. Оның өз Елтаңбасы, Туы, Гимны бар. Еліміз өз егемендігін, тәуелсіздігін 1991 жылы 16 - желтоқсанда алды.
Оқушы:

Тәуелсіздік кіндігін
Кескен халық бірлігі.
Ынтымағы барша ұлттың
Нұрын шашқан күн бүгін.

Жүргізуші:

Гимн- біздің Отанымыздың салтанатты үні. Өр үні. Өміршең үні. Оның қалықтай көтерілген әуеніне туған жердің рухы мен сазы шымырлай шалқиды. Кеудені мейірлі мақтанышқа бөлейді, арманыңды аялай самғады.
(Қазақстан Республикасының Гимны орындалады).

Елтаңбам қандай тамаша! Елтаңбамызға көз салсақ ортада қазақтың қарашаңырағы, күн сәулесіндей уықтар шашырай шапағын шашқандай, екі жақтағы қанатты пырақтар арынды да қарымды, жоғарыда бес бұрышты жұлдыз жарқырайды. Жарығымен «Қазақстан» жазуы жарқырай түскендей.

Оқушы:

Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.

Жүргізуші:

Жалауыма қарасам көңілімді мақтаныш кернейді. Ол шарықтайды, көңіл қалықтайды. Жалауым - жасыл байрағым, әлемнің барша елдерімен терезе теңестіріп, асқақ желбіреп тұр.
Оқушы:

Жарасқан байрақтың мәні бар,
Көк аспан, күн- қыран сәні бар.
Көк байрақ ашық күн кеңісім,
Алтын күн белгісі жеңістің.

Жүргізуші:

Арқаның қақ төріне қоныс тепкен құт мекеннің құйқасы құнарлы, төскейі шұрайлы. Осынау өлкеде жас қала бас қалаға айналды. Келбетіне көрік қосты, келешегіне сенім әкелді. Зәулім үйлер көбейді, оқтай түзу даңғылдары ұзарды. Шаңырағы биіктеп, шаттығы әуелеген қала күннен өсіп келеді. 1997 жылы Ақмола мекені Астана шаһарына, Елордасы Астана қаласына айналды. Қазақстан Республикасының өмірінде бұл - төртінші астана.Алғашқы астанасы - Орынбор қаласы, екінші астанасы - Қызылорда қаласы, үшінші астанасы - Алматы қаласы болса, төртінші астанасы осы Астана қаласы болып отыр.

Оқушы:

Заман жаңа,ел жаңа,
Күлімдейді кең дала,
Өз Астанам- өз Ордам,
Сүйенерім сен ғана !

Жүргізуші:

Далам! Кең-байтақ. Сондықтан ғой, күмбір-күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда - «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы - айшылық, Қаратауы толғаған»
Оқушы:

Көрікті өлкеме қарашы,
Тізілген орман- тау, қаласы.
Алтай мен Атырау арасы,
Қазақтың кең- байтақ даласы.

Жүргізуші:
Ғасырлар бойы азаттық аңсаған ата-бабалардың жолы азапты, тағдыры ауыр болғаны анық. Қазақ халқы талай зорлық, зобалаңды бастан кешірді. Ата-бабаларымыз «Азаттық ақ таңы атса екен, Тәуелсіздік келсе екен» деген армандары ХХ ғасырдың соңында келіп жетті. Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеті бостандықтың көк туын желбіретті. Сол сәтте небір қиындықтарға қарамастан, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан 130-дан астам әр түрлі ұлт өкілдерін бауырына басып, қанатының астына алды.
-Балалар, әрбір ұлт өзінің тілін, мәдениетін, әдеп- ғұрпын, салт- дәстүрін жоғалтпауы керек. Осы мақсатта Қазақстанда өмір сүріп жатқа барлық халықтардың Ассамблеясы құрылған болатын. Ассамблея- ұйым, мәдени орталық деген сөз. Ондай мәдени орталықта ұлттар өздерінің озық дәстүрлерін, мерекелерін, ұлттық киімдерін, ұлттық тағамдарын насихаттап отырады.

Жүргізуші:

Қазақстан халқы Ассамблеясы - Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көп этностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

1-оқушы
Қазақстан - тарихи тағдыры ортақ этностардан құралған унитаралы мемлекет. Оларды ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара жолы - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болды.
Ассамблеяны құру идеясына Қазақстан қоғамының тарихи бастаулары алғышарт болды.
2-оқушы :
Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру. Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы - 1995 жылғы 1 наурызда құрылды.
3-оқушы :
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
4-оқушы :
Бүгінде Республика халқының саны - 16 196 800 адам. Сондай-ақелімізде 140 түрлі өзге ұлт бар. ҚР Статистика агенттiгiнiң мәліметіне қарағанда, Қазақстан халқының ішінде қазақ ұлтының үлесi 65,2 пайызды, орыстар - 21,8, өзбектер - 3, украиндер - 1,8, ұйғырлар - 1,8, татарлар - 1,2, немiстер - 1,1, басқаұлыстар 4,5 пайызды құрады. Сондай-ақ Қазақстанда кейбір ұлттардың аз ғана өкілдері өмір сүріп жатыр. Бүгінде мемлекет құрушы ұлт қазақтармен тату-тәтті, бірлікте және жарасымды тіршілік кешуде
Оқушы:

Ақ қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды,
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.
Оқушы:

Жырласа қазақ, түркімен,
Молдаван,тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлері жарасқан.
Оқушы:

Тыңда, тыңда, тыңда мені,
Ұлы жұртым орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,
Сенің даңқын, менің даңқым.
Оқушы:

Кім сүймейді ет жақынын, туысқанын,
Украина туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын.
Оқушы:

Қадірменді бір досымыз - өзбегім,
Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім.
Өз сөзімдей жанға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің.
Дәм тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен бесбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен

Оқушы:

Жолым түсіп, тағдыр талап,
Грузин дос болдым қонақ,
Қазағымдай кең пейілің,
Дастарханды жайдың мол- ақ.
Оқушы:

Қазақ, қырғыз бір сананың егізі,
Екі жұрттың бірге екен негізі.
Қазақ озса - ол қырғыздың мерейі,
Қырғыз озса- ол қазақтың жеңісі.
Қазақ- қырғыз туыссыңдар, доссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.
Оқушы:

Онша үлкен болмаса көлемі
Әжірбайжан, Әзірбайжан ағайын,
Тағы сені құшып сүйгім келеді.

Көрініс: «Қырғыз бен грузин айтысы».
Қырғызға таңырқай қараған грузин қырғыздан:
- Сенің ұлтың кім?
- Қырғыз.
- Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?
- Менің өз елім - Қазақстан.
- Жоқ сен Қырғызстанда тұруың керек!
- О не дегенің! Мен Қазақстанда тұрамын.
Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.
- Сен өз еліңе қалайда кетуің керек?
- Ал сен грузинсің ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің?
- Сен де өз еліңе бар! (осылай дауласып жатқанда, қазақ жігіті келеді)
- Балалар осыншама неге дауласып, жатырсыңдар? Менің білгім келеді.
- (Екеуі қосарлана) Біз әрқайсымызды өз еліңе бауырың керек деп жатырмыз. Қайсымыздың кетерімізді білмейміз.
- О не дегендерің! Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе? Мұнда қырғыз да, грузин де, орыс та тағы басқа тұра береді. Тұрғанда тату-тәтті тұрып жатыр, ал сендер дауласасыңдар келіп. Олай болса, біз де неге дос болмасқа! Қане, салыңдар қолдарыңды!
- Жарайды, жарайды! (Келісіп қолдарын салады).
- (Бірге қосылып) Біз доспыз, біз әрқашан біргеміз.
Ән «Ортақ мекен жер шары»
Ортақ мекен жер шары,

Төбемізде бір аспан.

Барлық ұлттың баласы,

Достығымыз жарасқан

Ортақ бізге бір Отан,

Ортақ жердің байлығы.

Еңбек ортақ, жыр ортақ,

Ортақ бізге барлығы.

5-оқушы:
Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады.

1-оқушы
Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық - өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді.
2-оқушы
Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде. Бүгінде Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр.
3-оқушы
Қазақстандық үлгі Біріккен ұлттар ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып оң бағаға ие болды.
Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келеді.
4-оқушы
2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті.

5-оқушы :
Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында - ел Парламентінде білдіру болып табылады. Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді.

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»

1-оқушы
2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы - халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл - бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл - болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
2-оқушы
Қазақстан халқы Ассамблеясында 1996 жылдан бері 1 мамырда Қазақстан халқы бірлігі мерекесі ретінде атап өту идеясын туған еді.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мәні ерекше мереке болып табылады. Мерекенiң мақсаты қазақстандықтардың ортақ ұлттық игiлiгi ретiнде қоғамның топтасуын, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi бүкiл халық болып көрсету.
3-оқушы
Бүгінде біздің бірлігіміз - ол жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-на ену - ол біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады.
4-оқушы
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол -болашаққа бастар жол» жолдауындағы жалпы ұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, аянбай тер төгуіміз керек Мәңгілік Ел - ол барша Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы. Жаңа Қазақстандық патриотизм.
5-оқушы
Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.
1-оқушы
2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 шілдедегі № 836 қаулысына сәйкес 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды.
Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.
Оқушы:
Қазақжері - қонақжай төрдің жері,
Қазақ елі - қассақтай ердің елі.
Толқынында тарихтың қуғын көрген,
Барша ұлтқа құт мекен болған еді.
Оқушы:
Мы дружной семьею живём в Казахстане,
Татары, уйгуры и русские с нами.
Так пусть же крепнет во веки веков
Дружба народов всех возрастов.
Оқушы:
Тілі бөлек болғанменен тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.
Оқушы:
Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.
Татулығын жырға қосам ұлттардың,
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
Оқушы:
Қазақ елі қашаннан да жыр елі
Тарихында тұлғалар көп киелі.
Қазақстан аясында бұрыннан
Бірнеше ұлт бірге өмір сүреді.
Бір-бірімен тату-тәтті тұрады.
Бәрінің де Қазақстан тұрағы.
Оқушы:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман

Хормен:
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асар тау,
Жеміс толы бақша-бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз!

Жүргізуші:
Қазіргі заман тарихының жылнамасы Президент Н.Ә. Назарбаев өзінің күнделікті қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше көңіл бөліп отыратындығын дәлелдейді. Күллі Қазақстан халқы мен еліміздегі әрбір этностың болашағы - Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін зор жауапкершілік. Сондықтан да жүктелген жауапкершілікті сезіне білейік, Еліміздің өркендеуіне аянбай қызмет етейік достар!
Жұпар шашқан гүлімнің
Жаңа ашылған күні - бұл.
Менің ана тілімнің
Бағы ашылған күні - бұл.
Дүбірлетсін өңірді
Дүбірлесін дүлділі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын бұл - күні!
Бүгінгі Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған тәрбие сағатымызды осымен аяқтаймыз.
( Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталады


© 2010-2022