Конспекты на тему Мұғалімнің кәсіби біліктілігі – нәтижеге бағытталған білім сапасының кепілі

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тлекешева Сафура Аскарбекқызы

«Жітіқара ауданы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің

«№9 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Қостанай облысы, Жітіқара қаласы

МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІ - НӘТИЖЕГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БІЛІМ САПАСЫНЫҢ КЕПІЛІ

«Мұғалімнің кәсіби біліктілігі - нәтижеге бағытталған білім сапасының кепілі» тақырыбында педагогтар кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесінің сапасын жетілдіру, педагог құрамының сапасын арттыру, педагог қызметкерлердің мәртебесі мен білім берудегі менеджментті енгізу арқылы - сапалы білім беруде әлемдік стандарттар деңгейіне қол жеткізу үшін пәнге жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу қажет. Сабақ барысында бір ғана тәсілмен шектелмей, қазіргі таңдағы инновациялық технологияларды жас ерекшеліктері мен қабілеттеріне байланысты таңдап қолданудың маңызы зор.

Білім - адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Қазіргі білім беру үрдісі адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін ашып, әр адамның өзінің «Менің» сезінуге, толықтыруға көмектесетіндей, сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым-қатынастарда өз орнын табуға, өзін шығармашылықпен өзгертуге, белсенділік танытуға ақпал етуі тиіс. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Сол себепті білікті ұстаз, білімді маман болу үшін - әрбір ұстаз өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс. Білімін тұрақты көтеріп отыру - мұғалімдердің құқықтары әрі міндеттері, білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі, Мемлекеттік дамуының құралы болып табылады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттілігіне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесін құруды» міндеттеген болатын.1 Заманымыз алға жылжыған сайын уақыт талабы күшейіп, білім нәрімен сусындатып отырған шәкірттеріміз білімді, талапты, ойшыл, дарынды тұлға болып қалыптасуы үшін, оқыту үрдісінде жаңа әдіс-тәсілдерді, идеяларды қолдана отырып, үздіксіз ізденіспен оқушылардың білімін, таным-талғамын, ой-өрісі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту ұстаздар қауымының басты мақсаты болып отыр. Осыған орай Қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне енуі аясында педагогтің жеке тұлға ретіндегі бейнесі, оның кәсіби біліктілігі айрықша мәнге ие болуда. Бұл міндеттерді шешу үшін мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге жол ашады. Себебі мұғалім білім беру үрдісін жаңартудағы басты тұлға болып келеді. Бұл жаңарудың бастамасы қаншалықты серпінді, шығармашыл болса, ол келіп құятын білім айдыны да сондай дәрежеде болатыны сөзсіз.

Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандық мұғалімдердің кәсіби дамуы саласындағы жаңа көзқарасы педагогтардың біліктілік арттыру жүйесіне оң өзгерістерді енгізуге мүмкіндік беріп, түбегейлі жаңғыруын шыңдай түсті. Сондықтан жаңа енгізілген немесе инновация адамның кәсіптік қызметінің бәріне де тән болғандықтан, ол табиғи түрде зерттеудің, талдаудың және тәжірибеге енгізудің нысанасына айналды.

Инновация - бұл құрал және процесс ретінде әлдебір жаңалықты ендіру деген сөз. Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері, мақсаты мен мазмұнын, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді.2 Білім берудегі инновациялық процестердің мәнін педагогиканың маңызды екі проблемасы құрайды:

1.озық педагогикалық тәжірбиені зерттеу, жинақтау және тарату проблемасы

2.педагогикалық-психологиялық ғылымдардың жетістігін практикаға енгізу проблемасы.
Заман талабына сай білім беру оқушылардың адамгершілік, интеллектуалдық дамуының жоғары деңгейі мен білімін қамтамасыз етуге бағытталған оқытудың үздіксіз үрдісі десек, оның тиімділігі мен сапасын арттыру мұғалімнен оқу процесінің ғылыми теорияға негізделген және оқушының қабілеті мен бейіміне негізделген оқытудың таңдамалы әдістеріне көшуді талап етеді. Ондағы негізгі мақсат оқушыға сапалы білім беру болып табылады. Яғни білім беру үрдісінде «Сабағымды қалай қызықты, тартымды өткізсем? Сабақ кезінде оқушының жетістігін туғызсам, өмірге құштарлығын арттырсам деген сұраққа ойланбайтын мұғалім жоқ шығар. Себебі әрбір жаңашыл ұстаз шәкіртінің шығармашылық жетістіктерін, сабаққа деген қызығушылығын арттыруды мақсат етеді. Бүгінгі таңда алдына мақсат қоя отырып әрбір ұстаз «жай мұғалімді ұлы ұстаз деңгейіне көтеру. Себебі жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы ұстаз шабыттандырады». Әрине, бұл жаңашыл мұғалімдердің құзырлылығы мен инновациялық технологияларды күнделікті іс-тәжірбиесінде тиімді де ұтымды қолдана білгенінде.

Әр сабаққа дайындық - мұғалімнің ізденісінің нәтижесі. Сабақты ыңғайына қарай түрлендіре түссе, әр сабақта жаңа әдіс - тәсілдерді қолданса, сабақтың мазмұны ашылады. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі, сол қоғам мүддесіне сай болуы керек.3 Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді деп есептеймін.

Соңғы жылдары жеке тұлғаны қалыптастыруды дамыту және оған жан-жақты терең білім беру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып, мемлекеттік стандарт талаптарына сай бақылау тәсілдерін қолдануымыз көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе оқытудың жаңа технологиялары білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді. Олардың ішінде отандық әдіскер ғалымдар жасақтаған «Модульдік оқыту технологиясы» (М.Жанпейісова), «Деңгейлік тапсырмалар» (Ж.Қараев), әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына арналған «Сатылай кешенді талдау» (Н.Оразақынова) т.б. технологиялары мұғалімдердің қызығушылығын арттырып, оқу үдерістеріне кеңінен ендірілуде. 4 Мұндай әдіс - тәсілдер мен оқытудың жаңа технологиялары туралы арнайы еңбектер мен ғылыми - әдістемелік тұрғыдан баяндайтын құралдар, түрлі курстар мен білім сатысы оқулары арқылы мұғалімдердің әдіскерлік шеберліктерін ұштауларына мүмкіндіктер мол. Сондықтан түпкі нәтижені таңдаудың, оны мақсатқа сай ұйымдастыра білудің маңызы зор. Оқыту әдістерінің кез келген түрін белсенді әрекетке айналдыру - мұғалімнің әдіскерлік шеберлігі мен шығармашылық ізденісіне байланысты болмақ. Оқыту әрекетінде жеке, топтық, ұжымдық жұмыстарды оқу мазмұны мен мақсатқа сәйкес, үйлесімді түрде жүргізудің қажеттілігі осыдан туындайды.

Жаңа технологияны пайдаланудағы ең басты шарттарының бірі - осы технологиямен толық қаруланған мұғалім. Жаңа технологияны жақсы меңгеруі мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Қазіргі таңда Қазақстандық ғылымдардың озық технологиясымен жете танысып, меңгерудеміз, солардың бірі ғалым Н.А.Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы» атап өтпесек болмас.

Грамматикалық талдау - тіл сабақтарында берілетін білімді жүйелеумен қатар оқушылардың тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін арттырып, танымдық дүниесін байытып, шығармашылық ойлауға дағдыландыратын ұтымды тәсілдердің бірі. Сондықтан сатылай кешенді талдау технологиясының басты нысаны - грамматикалық талдау.

Жалпы, Сатылай кешенді талдау дегеніміз - оқыту мақсаты, міндеттері, тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізі сатылай, жүйелі меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай қолдана білуге машықтандыра оқыту. 5Аталмыш технология оқушыларға қазақ ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құралы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлесу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырады.

«Сатылай кешенді талдау технологиясының» мақсаты:

  • Барлық оқушыны табысты оқыту, білім - білік дағдысын қалыптастыру.

  • Білім алуға деген ынтасы мен іскерлігін арттыру;

  • Шығармашылық қабілеттерін дамыту және ғылыми ізденіске жетелеу;

  • Тілдік материалды оқушының жас ерекшелігін ескере отырып ғылыми негізде меңгерту;

«Сатылай кешенді талдау - тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен шектелмей, сонымен қатар баланың жалпы тұлғалық дамуына, ойлау мен есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық - психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған оқытудың түрі» деп, Н. А. Оразақынованың өзі айтқандай, бұл талдау арқылы оқушылар ана тілінің қадір - қасиетін бағалай білетін тұлға болып шығатынына үлкен ықпал етеді.

Сондай-ақ, технологиялардың ішінен кейіннен қолданылатын тәсілдердің бірі - деңгейлеп - саралап оқыту. Оның маңызы - мұнда оқушыны өз бетімен ізденуге үйрету, олардың шығармашылық бейімділіктері мен икемділіктерін дамыту. Жеке тұлғаның қалыптасып, ой - өрісінің дамуына және белсенділігіне, білім алу қажеттілігі мен оны өмірде іс - тәжірибеде қолдануына, шығармашылық міндеттерді ойдағыдай шешуде маңызды рөл атқарады.

«Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлау» стратегиясы сабақты жоспарлауда өте тиімді. Мұнда оқушының ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады. Сын тұрғысынан ойлау жобасы мынадай үш құрылымнан тұрады:

- қызығушылықты ояту;

- мағынаны тану;

- ой толғаныс.

Мұндай әдіс - тәсілдер мұғалімдердің кәсіби биіктер сапасын көтеруге толық теориялық-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етеді. Педагогтардың кәсіби-біліктілік сапасын арттыру төмендегідей өзгешеліктермен сипатталады:

  1. ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, оқытудың электрондық жүйелерінің әдістемесін жетілдіреді;

  2. педагогтың өзіндік электрондық портфолиосы моделі мен басқару менеджменті үрдісті қолданады;

  3. тілді меңгеруге өмір сүру этикеті мен қарым-қатынас нормасын игереді;

  4. өзінің қабілетін сай нәтижелі бағытқа жетуге зор мүмкіндігі бар және т.б.

Біліктілікті арттырудағы педагогтың даму мүмкіндіктерінің сапасы:

  • білім берудегі сапа менеджментін енгізу мәселелерінің шешімін іздестіру, ақпараттық, коммуникативтік және интеллеуталдық мүмкіндіктері жоғарлайды;

  • өзін-өзі дамыту, өз бетінше білім алу және өзін-өзі жетілдіру қабілеті тұрақталады;

Қорыта айтқанда, инновациялық технологиялардың қай түрін алсақ та, олардың тиімділігі тек қана мұғалімнің шеберлігімен және осы шеберлікті шыңдай түскендігімен ғана шын күшіне ие бола алады. Сондықтан қандай да инновациялық әдіс-тәсілдер болмасын әрбір оқушының өз бетімен оқып үйренуіне сенімін ұялатып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, қорытынды жасай алуына, сөйлеу мәдениетінің өсуіне ықпал етеді, білім сапасын арттырады. Жаңа әдіс-тәсілдерді сабақта қолдану оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймайды, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсерін тигізеді. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағыналарына, ерекшеліктеріне қарай таңдап қолдана білсек, балаға білім беруде ұтарымыз анық.

1 Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. //«Егемен Қазақстан», 15 желтоқсан 2012 жыл.

2 Қабдықайыров Қ. Инновациялық технологияларды диагностикалау. - А., 2004

3 А. Байтұрсынов. Тіл тағылымы. Алматы: «Ана тілі», 1992

4 Садуова Ж.Н. Жаңа педагогикалық технологиялар арқылы болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру

5 Оразахынова Н.А. Сатылай кешенді талдау технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері. Монография. - Алматы: ТОО Фирма «Дайыр», 2007. - 289 б.

© 2010-2022