Ата-аналар жиналысы Отбасы - өмір аясы 3-сынып

Раздел Классному руководителю
Класс 3 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

«Отбасы - өмір аясы»

Психологиялық семинар-сабақ

Мақсаты:Ата-ана мен баланың арасындағы қарым - қатынстың ерекшеліктерін психологиялық жаттығулар арқылы көрсету.

Көрнекіліктері: Слайд, қағаздар, шам, доп, жаднама, карточкалар.

Тренинг бағдарламасы:

  1. Ата-аналарды тіркеу

  2. Баяндама «Отбасы - өмір аясы»

  3. «Біз біргеміз!» жаттығулар

  4. Аяқталмаған мақал - мәтел

  5. Әртүрлі мәселелер

  6. «Тілек шамы»

І. Ата-аналарды тіркеу. Бағдарламамен танысу

Мақсаты:Ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.

Шарты: Әр отбасынан бір адам осы жерде отырған отбасы мүшелерінің есімдерін айтып және де есімдерінің бірінші әрпінен басталатын жағымды қасиетін айту керек.

Әр отбасының сөзінен кейін қалғандары үш рет қол соғып қошеметтеп қояды.

- Сіздің есіміңізді, жақсы қасиетіңізді айтып жатқанда қандай сезімде болдыңыз?

- Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл-күйде отырсыз?

ІІ. Баяндама. «Отбасы - өмір аясы».

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы - оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда:

«Отбасы - табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағыар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы - сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы - бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі - бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп-инабат үрдістерінің қаншалық кең жайылып, терең тамырлануы, ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап, құрметтеуіне, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, олардың өздеріне деген қарым-қатынстарында мүлтіксіз жүзеге асырып отыруларына байланысты.

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі - баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл - жас ұрпақтың мәдениеттілігін, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі.

Бала - ата- ана өмірінің жалғасы. Бала тәрбиесі - қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Жазушы - педагог Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. »

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң.

Қадірден жұрдай қасқа боп

Кешкенің өмір босқа тек - дегендей, баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл - ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз - ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі, бойын түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші ата-ана.

Сондықтан да мектеп өміріндегі ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру, мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіне белсене араластыру, соның нәтижесінде ата-ананы баланың алғашқы ұстазына айналдыру мақсатында ұйымдастырылатын семинар тренингтердің маңызы орасан зор.

ІІІ. « Біз біргеміз!» жаттығулар

Мақсаты: Отбасындағы қарым -қатынасты нығайтуға өзара түсінушілікте ата-аналар мен балаларға қолдау көмек көрсету.

Қызықты сұрақтар /доп беру арқылы ата-ана жауап береді/:

1. Балаңыздың туған күні?

2. Сынып жетекшіңіздің толық аты жөні?

3. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?

4. Балаңыздың сүйікті асы не?

5. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?

6. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?

7. Балаңыз 1-сыныпқа қай жылы барды?

8. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?

9. Балаңыз қай пәнді ерекше қызығушылық танытып ұнатады?

10. Балаңызға орыс тілі пәнінен кім сабақ береді?

11. Балаңыз сізді ренжіткенде ең алдымен қандай сөз аузыңызға түседі?

12. Балаңыз үй тапсырмасына қанша сағат жұмсайды?

13. Балаңыздың таңдаулы пәні?

14. Балаңызды болашақта кім болады деп елестетесіз?

15. Балаңыз Сізбен сырласады ма?

16. "Балам үшін барлығына дайынмын» деп ойлайсыз ба?

Бала өнегелі болса, сөз жоқ, ол көрікті болады. Сіз, құрметті ата-ана, ұлыңыздың немесе қызыңыздың мектепте нашар оқығанын қаламайтыныңыз белгілі. Кейде, немесе, күнде балаңыз «2» деген нашар баға алса, онда оған ренжисіз, сөгесіз, тіпті тілдеп те жібересіз.

Сондай кезде баламен ұрыс-керіс тудырмай-ақ түсінісіп, жөн сілтеуге бола ма? Әрине, болады.

Ендеше психологиялық-педагогикалық тұрғыдан берілетін төмендегі кеңеске құлақ түріңіз:

1. Таңертең (не түсте) сабаққа барарында баланы жайлап қана оятыңыз. Сіздің биязы үніңіз бен күлкіңіз-ақ ұйқысын ашуы тиіс. Кешегі бір теріс қылықтарын айтып, басқа түкке тұрмайтын нәрсеге жүйкесін жұқартпаңыз.

Тамағын ішпей жатып ұрыс-керіс ұйымдастырмаңыз.

2. Егер балаңыз сабақтан кешігетіндей болып жатса, онда «Бол да болдың!» астына алып айғайламаңыз. Оны ертерек оятпаған (дайындамаған) өзіңіз кінәлісіз.

3. Баланы сабаққа (әсіресе таңертен) ашқұрсақ жібермеңіз;

4. «Бұзық болма!», «Қисалаңдамай тыныш жүр!», «Бүгін 2 алсаң құртамын!» деген ескертулерді жиі айта бермеңіз. Керісінше, оған жылу сыйлап, жақсы баға алып келуіне тілектестік білдіріңіз;

5. Есіктен кірмей жатып, «Бүгін қандай баға алдың?» деп бас салып балыңызды сұрақтың астына алмаңыз. Мектептен келген балаңызды көңілді қарсы алыңыз, оның сабақтан шаршап келгенін ескеріңіз.

Егер бала әлденеге ренжіп келсе, бірдеңені айтпақшы болса, «сені тындауға уақытым жоқ» демей, арнайы көңіл бөліп, мұқият тыңдаңыз;

6. Бала бірдеңеге ашуланып жүрсе, үндемеңіз. Сабасына түскен соң, ол болған жайды өзі-ақ айтады;

7. Бала бірдеңеге қылығы үшін мұғалім сізді шақыртып алса, өзара әңгімеге баланы қатыстырмаңыз;

8. Мектептен келе сала баланы отырғызып қойып сабаққа дайындалтпаңыз. Олар да 2-3 сағат ойнап, демалған жөн, аздап тынықсын.

9. Бір мезгілде барлық сабаққа әзірленуді талап етпеңіз. Әр сабаққа әзірленген кезде үзіліс жасау дұрыс;

10.Сабаққа әзірленіп жатқан баланың желкесінен төніп тұрмаңыз. Дөрекі сөйлемеңіз. Одан да көмектесіп, бірлесіп дайындалыңыз.

11.«Егер, сен, осы сабақты орындамасаң!» деп басталатын тәртіпке шақыру баланың жүйкесіне әсер етеді. Одан да өзіңіз кірісіп, жайлап жетектеп отырыңыз.

12.Күнде жарты сағат ештеңеге алаңдамай балаларыңызбен емін-еркін, жақын тартып әңгімелесіп тұрыңыз.

13.Балаңыздың көңіл-күйі нашар болса, онда бірден назар аударыңыз. Ол сабақтан зорығуы мүмкін.

14.Егер балаңыз айтқаныңызды тыңдамайтын болса, онда ұстазымен, психолог маманымен, дәрігермен кеңесіңіз.

Егер:

Егер баланы үнемі сынап отырса, оның оқуға құлқы болмайды.

Балаға үнемі күлсе, ол бұйығы болып кетеді.

Баланы мақтап отырса ол өз қадірі үшін оқиды.

Бала төзімділікте өссе, ол басқаларды түсінуге үйренеді.

Бала адалдықта өссе, ол адал болып жетеді.

Бала қауіпсіз жағдайда өссе, ол адамдарға сеніммен қарайды.

Бала кекшілідікте өссе, ол қатыгез болып өседі.

Бала түсінікте және сүйіспеншілікте өссе, ол бұл әлемнен махаббат табуды үйренеді.

Егер сіз балаңызды жақсы көргіңіз келсе...

Бірінші кеңес.

Баланы ерекше әлпештеп жібермеңіз. Мейлі үйде, мейлі түзде болсын, бала өзін елден ерек екенмін деген сезімде болмауы, басқаларды құрметтеуді ұғыну жөн. Тіпті әлпештеуге тура келген кейбір жағдайда да оны баланың өзіне сездіруге болмайды.

Баланы орынсыз мадақтай бермеңіз.

Екінші кеңес.

Баланың ырқына жүре бермеңіз. Балаң не талап қойса, соған елпілдеп, айтқанын да айтпағанын да алып бере беруге болмайды.. Өте керекті зат, ақша секілді нәрселерге келгенде қайсысының қажет қайсысының қажет емес екендігін айтып, түсінідіріп қою қажет.

Халық даналығында:

«Баланы 5-ке дейін патшаңдай көтер,

15-ке дейін құлыңдай жұмса,

15-тен кейін досыңдай сыйла,» - деген керемет ұлағатты нақыл бар. Соны әрдайым басшылыққа алыңыз.

Бала бойындағы жағымсыз мінез-құлықтар үнемі есепке алынса;

ата-ана мен мұғалім бірлікте болып, баланың жақсы, жағымды істерін ылғи марапаттау қажет.

Қоршаған ортадағы теріс әрекеттерден үнемі сақтандырып отырса, мұғалім мен ата-ана әрқашан сергектік, шыдамдылық танытып, жан жылуын беріп, шеберлік көрсете білсе, онда балаларымыз өзімшіл болмай, қиындықтан қашпай, міндетті мен парызын орындайтын ұрпақ болары анық.

ІV. Аяқталмаған мақал - мәтел

1)Балалы үй базар,

Баласыз үй қу мазар.

2) Ананың сүті - бал, баланың тілі - бал.

3) Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді,

Жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді.

4) Тәрбиелі кісі -
Қант қосқан жармадай,
Тәрбиесіз кісі -
Шаң боратқан арбадай.

5) Ұлға отыз үйден тыю,
Қызға қырық үйден тыю.

6) Әкені көріп ұл өсер,
Шешені көріп қыз өсер.

7) Ананың ізін қыз басар,
Атаның ізін ұл басар.

8) Балапан ұяда не көрсе,
Ұшқанда соны алады.

9) Балаға байқап сөйлесең,
Ақылыңа көнер,
Байқамай шайқап сөйлесең,
Көрсетер бір «өнер».

10) Ата - асқар тау, ана - бауырындағы бұлақ,

бала - жағасындағы құрақ.

11) Қарға баласын «аппағым» дейді,
Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.

12) Жаста берген тәрбие -
Жас қайыңды игендей.

13) Аға әдепті болса, іні әдепті,
Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.

14) Әке көрген - оқ жонар, шеше көрген - он пішер.

V. Әр түрлі мәселелер

1) Үзіліс кестесімен таныстыру

  1. 14.00-14.45

  2. 14.50-15.35

  3. 16.05-16.50

  4. 16.55-17.40

  5. 17.45-18.30

Ескерту:

  • Тамақтануға 2-сабақтан кейін бару;

  • Бөтелкеге қайнаған су құйып әкелу.

2) Бас жұмыстарында жеткіліксіз құжаттар:

3) Қосымша сабаққа қатысатын оқушылар

Қатыстырмау себептерін анықтау.

Ескерту: Баланы уақытынан кешіктірмей жіберіңіздер!

4) Оқу құралдарының жеткіліксіздігі

Факультатив сабақтардың дәптері.

Еңбек сабағына қатысты құрал-жабдықтар.

VІ. «Тілек шамы».

Мақсаты:тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.

-Құрметті ата-аналар. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя - жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.



© 2010-2022