Сынып сағаты План Тәрбиеге менің көзқарасым

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тәрбиеге менің көзқарасым

Пенде баласының ғұмырнамасындағы қайталанбас ең бақытты шағы алғаш ана құшағына еркелей еніп, ыстық ықыласына бөленуі мен әкелік қамқорлықтың жылуын сезінуі деп білемін.

Ананың мерейлі мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап, жанұяның жарасымын танып өскен баланың болашығы да зор балмақ керек.

Тал бесіктен талпынып, балапан қанатын қомдап қияға ұмтылса, ол да-"ұяда көргенін ұшқанда ілгені" емес пе?...

«Лашын құсқа ауа қадірлі, жүйрік атқа дала қадірлі, ата-анаға бала қадірлі!-дейді дана халық. Расында бұғанасы қатып, белі бекімеген баласынан дана шығады деп үкілеген үмітіне айдар таға білген ата-ана өз ұрпағын ұлы жолға жетелер ұстазға әкеліп тапсырғанда да тек "бақытым балаларым" деуден таймасы түсінікті.

Енді міне, мектеп табалдырығын тұлымы желкілдеп, бұрымы желпілдеген бүлдіршін балалар имене аттай бастады.

Әрқайсысы жанарына дархан үміт толтырып, тәрбиеші ұстазына жәутеңдей қарайды. Сондықтан «талаптың тұлпарына мініп», оқу білім үйренуге, ілім алып, өзгелерге таратуға асыққан балдырған оқушының болашағы біздің қолымызда екенін ұмытпауымыз керек. Балаға бүгін берілуі тиіс тәрбиені кейінге қалдырсаң, ертең кеш болатынын естен шығармай, «өзгенің бақытын аялап, өзінің уақытын аямайтын» ұстаз ғана алтын уақыттың бағасын түсінеді деп ойлаймын. Себебі, дер кезінде берімеген тәрбие жұғымы жоқ тамақ болары сөзсіз.

Әбу Насыр Әл-Фараби: "адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың хас жауы"-деген болатын.

Тәрбие-адамзаттың өзімен бірге пайда болып, жасасып келе жатқан және сол адамның тіршіліктегі адамзаттық болмысын айқындар, парасат биігінен өлшенер ар ожданын қалыптастырып, ортаға икемдеп бағыттар күрделі процестердің жиынтығы.

Шәкәрім атамыз «ар ілімінің негізі болып табылатын нәрсе - адамдық ынсап, әділет, мейірім. Осы үшеуі қосылып ұждан деген ұғымды білдіреді",-деген екен. Алдымен, өзі мен өзгелердің бағасын біліп, қоршаған ортаның бәріне жанашырлықпен қарап мейрім шуағы бала санасына егілсе, өтірікке алданбай, арбалмай, шындықтың бағасын үйретсек, ол бала әділетті қоғамның қозғаушысы боларына еш шүбә келтірмес едім. Міне, бізді ұстаздарды, сынып жетекшілерін ар-ұжданның биік өлшемін бағалатар тынымсыз ізденістер күтіп тұр.

Тәрбие-адамдықтың түп қазығы. Тәрбиесі, санасы, пиғылы мен іс-қимылы жөнделмеген адам да қоғамның белсенді мүшесі бола алмайды. Абай көксеген «қайырымды қала тұрғындарындай» ұрпақ тәрбиелеу-біздің де алға қойған мақсатымыз. Ата-ананың ұрпағы алдындағы парызы қаншалықты болса, шәкірт тәрбиесін мойнына жүктеп отырған ұстаздың да жауапкершілігі сондай болмақ керек.

Рухы биік, тілі мен діліне берік, иманы мықты, елі мен жеріне мейлінше жақын, жанашыр ұрпақты, тұлғаны қалыптастыру арқылы ұлттық құндылықтарымыз, рухани байлықтарымызды сақтай аламыз.

Ең басты тәрбие назарында Отанын сүйер, тазалық пен сұлулыққа жаны құмар, эстетикалық талғамы жоғары, экологиялық білімі толысқан, саяси сауаты жетілген ұрпақтың болашағына жауапты екенімізді сезінудің өзі бейқамдықтан аулақ қылары сөзсіз.

Бұл орайда жан-жақты дамыған, ақыл-ойы қалыптасқан шәкірт тәрбиелеуде атқарылатын жұмыстар әліде жан-жақты талмай ізденісті талап етеді.

«Қыран баласына қайырылмас қанат сыйлайды, ұстаз баласына талмас талап сыйлайды» дейді дана халқымыз. Мен де ұрпақ тәрбиелеуде, ел болашағын тәрбиелеуде өзіндік үлес қосып жүргенімді мақтан етемін.

© 2010-2022