Тәрбие сағаты. Ұлттық ойындар

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сабақтың тақырыбы: Қазақтың ұлттық ойындары

Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік : Оқушыларға «Қазақтың ұлттық ойындары» туралы мәлімет беру; тақырып бойынша білімдерін жүйеге келтіріп пысықтау, тиянақтау,грамматикалық ұғымдарды сауатты әрі дұрыс қолдану дағдыларын қалыптастыру.Пәнге қызығушылығын арттыру.
2. Дамытушылық : Оқушылардың ойлау, есте сақтау , көру, қабілеттерін дамыту; ой түйіндеуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге жұмылдыру; мәтінді қазақ тілінде әңгімелеуге,ауызекі сөйлеуге дағдыландыру, ой-өрісін кеңейту.
3. Тәрбиелік: Оқушылардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, салауаттылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың типі: Жаңа білімді меңгерту сабағы
Сабақтың әдісі: интерактивті оқыту әдісі, сұрақ-жауап, өзіндік ізденіс
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта,суреттер, грамматикалық ойындар

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
А) Оқушыларды түгелдеу
Ә) Оқушы мен сыныптың сабаққа дайындығы
Б) Оқушыларды сабаққа психологиялық дайындау, ойларын бір ортаға топтау мақсатында ой тастау.
ІІ .Үй тапсырмасын сұрау.
1) 4-тапсырма .
2) «Мен қонаққа барғанда... » ( эссе)
ІІІ . Жаңа сабаққа дайындық.
«Ой-қозғау». Интерактивті тақтадан «Қазақтың ұлттық ойындарының» суреттері көрсетіледі. Оқушылар қандай ойын түрлерін көргенін айтады.

Жаңа сабақ
Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар : аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын ,зеректікті , ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар.
Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып,еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады.

Ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мың жылдықта - ақ қалыптасқан.Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ,асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамымыздағы ұлттық ойындардың негізгі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруашылығына , аңшылыққа, жаугершілікке негізделген.
Ұлттық ойындар

Ақсүйек

Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ ұтқан болады да, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын кезектесіп отырады.

Алтыбақан

«Алтыбақан» - қазақтың ұлттық ойыны. Алтыбақанды сырықтың екі басында үш-үштен қосақтап (мосы ағаш сияқтандырып) байлайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиіс. Алтыбақанды құрастырып болғаннан кейін, оның екі басынан үш қатар арқан байлайды. Арқанның екеуі бір деңгейде, үшіншісі олардан 40-50 см төмен тұрады. Бір деңгейде байланған екі арқанға екі адам қарама-қарсы отырады да, төменірек байланған арқанға аяқтарын тірейді. Бұларды бір адам тербетеді. Алтыбақанда тербеліп отырған екі адам ән салуға тиіс. Алтыбақанды ертедегі ауыл өмірінде жастардың кешкілікте бас қосып, халық аспаптарының сүйемелдеуімен ән салатын, айтысатын, әзіл-оспақ, назды күлкісімен көпшілік болып көңіл көтеретін ойын-сауығы болған. Алтыбақанның дене шынықтыруға да пайдасы мол. Ол - ауылдық жерде әлі де қызықты ойындардың бірі.

Қыз қуу

Ойын үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, ұшқыр, жүйрік аттарға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері - алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қағылады.

Жарыс жекелей де өтеді. Егер екі топқа бөлінсе, онда қыздар мен жігіттердің саны тең болуы қажет.

Төрешінің бірінші белгісі бойынша қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен - қарақшыдан сөреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда - жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептелінеді.
Жарысқа қатынасушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей сөреге оралуға рұқсат етілмейді.

Күміс ілу

«Күміс ілу» - ептілікті, атқа жақсы отыруды керек ететін ұлттық ойын. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей жерлерде бұл ойын «жүзік ілу» деп аталады. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Сонда ол беташар айтуға ерік алады.

Жасырынбақ

Ойын, әдетте, жазды күндері ай жарығында, шөптесін алаңдарда, ал күндіз қора-қопсысы мол жерде, яғни жасыратын жері бар алаңдарда ойналады.

Ойнаушылар көмбеге жиналғаннан кейін, саусақ санау әдісімен кезекшіні, яғни жасырынатын ойыншыларды іздеп тауып көмбеге әкелушіні тағайындайды. Осыдан кейін ойын басқарушы кезекшінің көзін басып тұрып дауыстап елу рет санайды да, қоя береді. Осы кезде ойнаушылар жасырынып үлгерулері керек. Кезекші жасырынған ойыншыларды іздеуге кіріседі. Жасырынған ойыншыларды ол іздей жүріп көмбе маңынан алыстамауы керек. Себебі, кезекші бірінші жасырынған ойыншыны көрген бетте көмбеге ойыншыдан бұрын келіп хабарлайтын болады. Егер кезекшінің көзіне бірінші түскен ойыншы көмбеге кезекшіден бұрын келсе, онда кезекші өзінің қызметін екінші рет қайталайды. Бұл жерде кезекші ұтылмас үшін, бірінші көрген ойыншының атын атап, мәселен, Бекбай деп дауыстап көмбеге қарай жүгіруі керек. Содан кейін асықпай басқаларын іздей бастайды. Тағы бір ескеретін жай: кезекші ойыншыны көрмейінше, атын атап дауыстамайынша, ойыншылардың өз бетінше көмбеге кетулеріне болмайды.

Сиқырлы таяқ

Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына келеді де, ойынның тәртібін түсіндіреді. Ойнаушыларды бірден бастап түгел нөмірлеп шығады. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты қоя береді. Аталған нөмір таяқты жерге құлатпай ұстап қалуы керек, ал таяқты ұстай алмай құлатып алса, онда айып тартады, яғни көптің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді. Ойынға қатысушылардың бәрі бір-бір реттен міндетті түрде ойнап шығулары керек, ал одан әрі ойынды жалғастыру-жалғастырмау ойнаушылардың өз еркінде. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді.

Сақина жасыру

Ойынды өткізу үшін басқарушы және сақина іздейтін кезекші белгіленеді. Қалған ойыншылар дөңгелене отырады. Ойыншылар тізелерін көтеріп, оның үстіне алақандарын ашып қояды. Ойын жүргізуші қолына сақина алып, әр ойыншының қолына кіргізіп, сақинаны бірінде қалдырады. Басқарушы жұмулы қолын әрбір ойыншының қолына салысымен, алақанын жаба қалады. Сақина жасырылғаннан кейін, ойын жүргізуші өз қалауынша ойыншының бірінен: «сақинам кімде?» - деп сұрайды, осы кезде барлық ойыншы тынышталады. Кезекші сақинаның кімде екенін тапса, онымен орын ауыстырады, ал егер таба алмаса, өлең айтып, би билеп, т.б. өнер көрсетеді де, өз қызметін қайтадан атқарады.


«Қазақтың ұлттық ойындары» туралы жазып келу.



© 2010-2022