Тренинг Бала тәрбиесі баршаға ортақ

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: «Бала тәрбиесі баршаға ортақ.»

Мақсаты: Бала тәрбиесінде ата - ананың алатын орны ерекше екенін түсіндіру; ата - ана бойына өздерін тәрбиеші мұғалім ретінде қарауда қызығушылықтарын дамыту, баламен дұрыс тіл табысуға, сөйлеу мәдениетін үнемі қолдауға ой салу.

Көрнекілігі: Тақтаға ұлағатты сөздер жазылған плакаттар ілінеді: «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Балақан өсіру-Балапан ұшыру емес», «Бала нені білсе жастан - ұядан өле - өлгенше соны таныр қиядан», кестелер, интерактивті тақта т.б.

Өткізу әдісі: дөңгелек үстел

Түрі: еркін микрофон

Жиналыс барысы: (Ата-аналар Шәмші ағамыздың әндері арқылы үш топқа бөлініп отырады да сол топтарының атындағы әнді орындайды)

Кіріспе сөз

Мұғалім: Құрметті ата - аналар, қонақтар! Бүгінгі «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» атты жиналысына қош келдіңіздер! Сіздермен бас қосып пікір алысудағы мақсатымыз отбасындағы бала тәрбиесін дұрыс жолға қою, білімге деген ынтасын арттыру. Сонымен қатар ата - аналардың бала тәрбиесіндегі шешуі табылмай жүрген мәселелер болса, ойымызды ортаға салайық деп отырмыз.

I Баяндама «Жанұядағы тәрбиенің ерекшеліктері.»

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты- балада», деген екен. Кез - келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты -тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса, адам өмірінің мәні - өз ұрпағы.

Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата - ана алдында нәзік те қиын, қыр - сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол- бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз- ата - ана. Бала үшін үй ішінен, ата - анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер- жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен- ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке - шеше «жұмысымды бөгейсің,істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрсып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындалуына төзімділікпен бақылау керектігінде ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте -бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісіне ұқыпты да тындырымды орындауына жол бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез - келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрсу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата -ананың беделін түсіреді. Ата - ана бала тәрбиесіндегі басты түлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез - құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата - аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің керегі жоқ. Әке мен шеше ұл - қыздарымен үй шаруасында жүріп- ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке - шеше үй ішінің, үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы: арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті - үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең- ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.

Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата - анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай - шу мен дау - жанжалға, ұрыс - керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді. Егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!

Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші ата - ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау ата - ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ -түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала- әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.

II. Баяндама төңірегінде пікір алысулар және ата - аналарға сұрақтар қойылып, мәселелер туралы айтылады.

А. Бала тәрбиесінде кемшілік бар екенін мойындайсыз ба?

Ә. Балаңызға үлгі болатындай бойыңызда қандай жақсы қасиеттер бар?

Б. Келешекте балаңыз қандай адам болғанын қалайсыз?

III. Педагогикалық ойын.


Мақтау

Ұрсу


2минут уақытта кестені толтыру, іштей шешімге келу. Кестенің қай жағындағы сөздер көп? Ойлау.

Жауаптар:

Қай сөз көп болу керек?

Неліктен?

Ата - ана жауабы:

Мақтау баланың көңіл күйін көтереді, өзіне деген сенімділік артады.

Егер ата - ана баланы үнемі ұрсып, айыптап, балағаттап жатса, онда ол бұйығы, қатыгез, кекшіл болып өседі.

IV. «Біз қабылдаған шешім.....»

Мұнда үш топқа үш түрлі ситуациялық жағдаяттар беріледі. Сіздер соған өз шешімдеріңізді айтасыздар.

I топқа

Балаңыз сабаққа кеттім деп сағат 8.15-те сөмкесін алып, үйден шығып кетеді. Көп кешікпей сағат жарымның айналасында ауырып, сабақтан сұранып келдім деп қайтып келеді. Сіз оған сеніп қаласыз. Іле-шала мұғалімі телефон соғып, балаңыз бүгін сабаққа неге келмей қалды деген сұрағына сіз қандай шешім тауып айтар едіңіз?

II топқа

Балаңыз бір күн себепсіз сабақтан қалады. Ерініп қалды, барғысы келмеді. Екінші күні балаңыздың тамағын беріп, киіндіріп үйден шығарып жібересіз. Ол екі-үш үйдің қатарына барғаннан кейін қайтып келеді де қораға тығылып қалады. Сіз қорада бір шаруаңыз болып барып қалған кезіңізде ішінде тығылып отырған балаңызды көресіз. Оны үйге алып келіп ұрасыз, ұрсасыз. Бір уақытта мектеп психологы телефон шалады, бәленше балаңыз екі күн қатарынан сабақтан неге қалып қойды?-дейді. Сіз баламның кешеден бері басы ауырып, қызуы түспей содан бара алмай жатыр деп өтірік айта саласыз. Бірақ ертең міндетті түрде сабаққа жіберемін деп уәде бересіз. Келесі күні әкесі балаңызды малшы ауылда бір шаруасы болып, түске дейін үлгеріп келеміз деп алып кетеді. Сағат 1.30 болады, келмейді. Сағат 2 болады, келмейді. Сіз кешегі психологқа берген уәдеңіздің өтірікке шығып қалатынын ойлап, қатты ұялып жүресіз. Бір мезгілде балаңыз сағат 3-ке он бес минут қалғанда келді. Сіз не істейсіз?

III топқа

Бүгін балаңыздың сыныптасының туған күні еді. Соған оқушылар жиналып, ауылдан ұзақтау жерге табиғатқа шықпақшы болады. Сіздің ұлыңыз машинамен алып шықпақшы болып, сыныптастарына уәде беріп кетті. Сізге осы жағдайды айтып машинаңызды беруді сұрады. Сіз не істер едіңіз?

V Сөйлемді аяқтау. «Ой - өрісіңді тексер»

I топ

  1. Егер баланы үнемі сынап отырса __________ (оқуға құлқы болмайды)

  2. Балаға үнемі күлсе _________ (бұйығы болып өседі)

  3. Баланы қолдап отырса __________ (білімге деген ынтасы артады)

II топ

  1. Баланы қолдап отырса ________ (өз ісіне сенімді болады)

  2. Бала төзімділікте өссе ________ (адал болып жетіледі)

  3. Бала қауіпсіз жағдайда өссе ___________ (ол адамға сеніммен қарайды)

III топ

  1. Бала кекшілдікте өссе __________ (ол қатыгез болып өседі)

  2. Бала адалдықта өссе __________ (әділ болып жетіледі)

  3. Бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе __________ (бұл әлемнен махаббат табуға үйренеді)

VI Сауалнама «Сіз қандай ата анасыз?»

(Өз өздерін тест арқылы тексеру)

Жинаған баллды ата - аналар өздері санайды.

Қорытынды.

Сонымен құрметті ата - аналар, бүгінгі жиналысымызда баланы қалай азамат етіп тәрбиелейміз деген мәселені шешуге тырыстық. Бірлесе отырып, осындай тығырықтан шығудың жолын іздедік. Сондықтан да бұдан әрі де осы істерімізді аяқсыз қалдырмай, дәстүрге айналдырамыз деп ойлаймын. Балаларымыздың жарқын болашағының мәнді болуына ат салысайық. Ұл -қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақтылы білім алуларына күш салайық. «Ел болу үшін бесігіңді түзе» деген, ел сенімін ақтап, атақ - даңқын шығарар, білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу ұлы парызымыз деп білейік.

Қымбат уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көптен - көп рахмет.

© 2010-2022