Мақала: Тәрбиелі бала-бақытты болашақ

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Жапанова Р.Н., аға оқытушы

Қарағанды «Болашақ» университеті

Тәрбиелі бала-бақытты болашақ

Бұл мақала бала тәрбиесі мәселесін шешуге арналған. Баланың отбасындағы тәрбиесі қарастырылады. Сонымен қатар, ұлы ғалымдардың тәрбие жайлы ойлары сөз етіледі.

Кілт сөздер : тәрбие,мінез-құлық,тәрбиеші,ұлт.

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

М.Әуезов

Сөздің төркінін қазақтың маңдайына біткен ұлы жазушысы М.Әуезовтың терең ойлы сөзінен бастауымыздың өзінде үлкен мән бар.

Халқымыз бағзы заманнан бері ұрпақ тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген. Келешек үмітті жалғастырушы саналы ұрпақ деп білген[1].

Жалпы тәрбие дегеніміз не? Бұған көптеген ғалымдар әртүрлі анықтамалар беріп өткен. Тәрбие бір қалыпты тұратын құбылыс емес, ол әрдайым өзгерісте болады.

Тәрбие-аға ұрпақтың жаңа ұрпаққа қоғамдық-тарихи тәжірибені беру процесі. Жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс[2].

Бала тәрбиесі- бүгінгі таңның өзекі мәселесі. «Жас бала дегеніміз- ұрығын жарып, жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық, ал ұстаз болса жаңа күтуші болған», - деп орыс әдебиетінің сыншысы В. Белинский айтқандай, біздің, яғни болашақ ұстаздардың, жас ұрпақ үшін тәрбие мен білім беруге дайындығымыз үлкен рөл атқарады. «Балаларды тәрбиелеу - еңбек әрі борыш» - дегендей, жас баланы тәрбиелеп, болашаққа баспалдақ жасайтын біздерміз.Осы міндетті әрине тіл арқылы жүзеге асырамыз. Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие[3].

Тәрбие берудің негізгі мәйегі - мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік - бала тәрбиесіндегі негізгі қағида[4].

Баланың дұрыс тәрбиеленіп, жақсы азамат болып шығуына қоршаған ортаның, яғни, қоғамның атқаратын рөлі зор.

Ал, қазіргі таңдағы жастар тәрбиесі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Балалардың түрлі олқылық қылықтарға баруына не кінәлі? Қоғам ба? Әлде ата-ана ма? Бұл сұрақтың жауабы көптеген жандарды толғандырары сөзсіз. Неліктен бала тәрбиесі қазіргі қоғамда көкейкесті мәселеге айналып отыр? Балалардың ішімдікке, темекіге әуес болуы не себептен? Бұл сансыз сұрақтардың жауабы біреу-ақ ол-тәрбие.

Баланың тәрбиелі болуы санасына байланысты деп жатамыз, бірақ бала сананы қайдан алады? Отбасынан, өскен ортадан...

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп айтқан сөзі біздің болашағымызға себебі тиер деп ойлаймыз.

Жас ұрпақ тәрбиесі-адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» - дейді халық. Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Баланың иманды, қайырымды азамат боп ер жетуі ең алдымен, ата - ананың тәлім - тәрбиесіне, қоршаған ортаның үлгі өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соңы ілесің» деген сөз тегіннен тегін айтылмаған.

Тәрбиесіз берілген білім-адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», - деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, білім берудің негізгі саласының бірі-тәрбие.

Қай халықта қай уақытта болмасың, ұрпақ тәрбиесін ұлттық тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдері қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, Мағжан атамыз айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі -жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс[4].

Баланың-тәрбиесі баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсаттары біреу ол- заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.

Мың бір хадисте: «Ешбір ата-ана өз перзентіне мінез-құлқынан артық мұра қалдырмайды»,-делінген. Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысының қалыптасуына ата-ананың әсері үлкен.

Біздің ойымызша, бала отбасындағы әке мен шешенің бір-біріне деген қарым-қатынасы, дастархан басында отырып айтылатын күнделікті әңгімелерімен тәрбиеленеді. Балаға қанша жерден ақыл айтып, ұрып- соғып тәрбие бере алмайсың. Бала өз отбасына қарап тәрбие алып, жақсы дүниелермен тәрбиеленсе, ол отбасынан жаман бала шығуы мүмкін емес дер едік.

Жүсіп Баласағұни «Құтты білік» атты дастанында:

«Бейбастық қып өсірсе ұлдың қылығын,

Кінәлі әке, жазығы жоқ ұлының»,-

деп бала тәрбиесінде әкенің алатын орнын ерекше атап көрсеткен.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей ұл бала әкесіне қарап, қыз бала шешесіне қарап бой түзейді.

Жүсіп Баласағұнидың:

«Балам білім жолын қусын десеңіз,

Бесігінде білім шоғын көсеңіз...

Білім үйрет сәбиіңе сарыла,

Уыздай ілім сүттей сіңір қанына!

Сәбиіңде көкірекке түйгені,

Өлгенінше санасында жүреді»,- деп мағынасы терең ой айта келіп, балаға бесігінде тәрбие беру керектігін баса назарға алған. Осы тұста халқымыз Баланы жастан деп бекер айтпаса керек. Балаға жастайынан берілген тәрбие оның өмір бойы рухани азығы болары анық.

Абай Құнанбаев «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескіріп жүрген кісі өзі де есті болады... Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады»,- дейді. Жас сәби өмірге келгенде бәрін біліп тумайды, айналасындағы адамдардың іс-әрекетіне қарап үйренеді. Жас бала еліктегіш болып келеді, бір нәрсені көрсе ұстағысы оның не екенін білгісі келеді[5].

А.С Макаренко: «Тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек». дейді. Сондықтан балаға жақсы нәрселерді үйретіп, дұрыс тәрбиелеу үшін, өзің тәрбиелі болуың керек. Бұның барлығы әрине, отбасы, қоғаммен тығыз байланысты[6].

Ұлтымыздың болашағы- бала. Оның тәрбиесі мен тағдыры, ұрпақ келешегі. " Ел болам десең-бесігіңді түзе "- деген дана халқымыз бала тәрбиесіне бей - жай қарамаған. Елдің ертеңгі тірегі - жастар. Олар заман талабына сай әдіс - тәсілдермен тәрбиеленуі тиіс. Заман осы екен деп батысқа еліктеп кетудің де қаупі бар. Десек те, жаңа әдістермен қоса ұлттық мүддені де сәби санасына сіңірген жөн. Миы тез қабылдағыш XXI ғасыр баласына ата-анадан өзге, сыртқы ортаның, үлкен-кішінің бір-біріне деген қарым-қатынасын ұғындыруда ұстаздардың да алатын орны ерекше.

А.С Макаренко: «Бала еш нәрсеге қызықпаса, еш нәрсені үйрене алмайды». Ал, қызығушылықты оятып, өмірге талпынысын арттырып, бағыт-бағдар беруші ол-ұстаз. Көбінесе мектеп жасындағы балалардың мінез-құлқында ауытқушылықтар көп болады. Балалар әр нәрсеге еліктеп, теріс жолға түсіп кетіп жатады. Ал бұндай қиыншылықтар алып шығар жалғыз жан-мұғалім. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген сөз де бар. Ұстаз тәрбиелі, білімді азамат тәрбиелеп алға жетелейтін бірден-бір ұлы жан[6].

Қорыта келе, жалпы біздің тәрбие жайлы ой қозғауымыздың басты мақсаты баланы тәрбиелеу жолдарын көрсету.

Ж.Баласағұнидың:

«Ұл өіргің келсе дана жүректі

Қатты ұстап,үйрет білім ізетті.

Кім ұл-қызын шолжаңдатса, бетімен,

Тартар күйік, ет кескендей етінен»- деген екен.

Бала ағаш секілді майысқыш болып келеді, ағашты қайда майыстырсаң сонда бұрылады. Сол себепті, түзу ағаш өсіру үшін, келешекте опық жеп қалмау үшін, ағашты да қурамау үшін сумен нәрлендіретін секілді, балаға да жақсы тәрбие беріп, бойларына адамгершілік, ибалылық дарыта білсек болашақтың жарқын болары қақ. Тәрбелі бала-бақытты болашақ екенін естен шығармайық!

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әбенбаев.С Әбиев.Ж Педагогика: Оқу құралы.-Астана: Фолиант, 2009.

2. Ж.Қоянбаев,Р.Қоянбаев. Педагогика.-Алматы, 1998, 2000.
3. Е.Сағындықұлы. Педагогика. - Алматы,1999.
4. С.Қалиев, Ш.Майғаранова, Г.Нысанбаева, А.Бейсенбаева. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудық педагогикалық негіздері. - Алматы, 2001.

  1. Абай. Энциклопедия. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы.

  2. А.С.Макаренко. Тәрбие мақсаты. - М 1958.

Резюме



Жапанова Р.Н.

Воспитанный ребенок - счастливое будущее

Данная статья предназначена для решение проблемы воспитания детей. Предусматривается роль ребенка в семье. На ряду с этим рассматривются мысли великих ученных об воспитаний.

Japanova R.N.

Mannered child - happy future

This article is intended to solve the problem of raising children. Envisaged role of the child in the family. Along with these great scholars considered thoughts about education.



© 2010-2022