Тәрбие сағаты Әке -асқар тау, ана - шыңым 10-сынып

Раздел Классному руководителю
Класс 10 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тәрбие сағаты Әке -асқар тау, ана - шыңым 10-сынып«Топқайың орта мектебі»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі







Сынып сағаты









10-сынып



Сынып тәлімгері

Нурмухамбетова Балкаш Максутовна









2013-2014 о.ж.



Тақырыбы: «Әкешім - асқар тауым, анам - шыңым»

Мақсаты: оқушылардың бойында ата-аналарға деген ерекше жылы сезім қалыптастыру, ата-ананың бала өміріндегі ролін түсіндіру, ата-ананы құрметтей, сыйлай білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: оқушылардың ата-анасымен түскен суреттерінен слайдтар, әке, ана туралы мақал-мәтелдер, нақыл сөздер.

Түрі: «Көгілдір от»

Тәрбие сағатының барысы:

«Әкешім-асқар тау, анам-шыңым» әні орындалып, оқушылар өз ата-аналарымен бірге сахнаға шығады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Ата-ана - әрбір адамның қайтып соғар қазығы. Оған деген сүйіспеншілік тек жүректен шығуы қажет. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы - Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі « Ана сүтін ақтау» деп аталады.

«Әкеге бағыну - тәңірге бағыну» деп әкені одан бетер дәріптеген. Ендеше, бүгінгі тәрбие сағатымызда адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі - баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауына арналады.

Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,

Үлкен, кіші, жасымыз, кәріміз де.

Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым,

Гүл-гүл жайнап мына біздің төрімізге!-деп ата-аналарымызды дастархан басына шақырамыз, төрлетіңіздер.

1-жүргізуші - Ерсаин: Армысыңдар, аяулы ұстаздар, ардақты ата-аналар!

2-жүргізуші - Алтынай: Қош келдіңіздер, жиналған қауым!

1-жүргізуші - Ерсаин: «Әкешім - асқар тауым, анам - шыңым» атты 10-сынып оқушыларының ашық тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер!

2-жүргізуші - Алтынай:

Анаға арнап ақ тілектер айтар күн,

Әкеге арнап марапатты бастар күн.

Бүгінгі күн мәңгі есте сақтар күн,

Бүгінгі күн есінде мәңгі жастардың.

1-жүргізуші - Ерсаин:

О, ата-анам,

Таянышым, тірегім!

Бар бақытты бір басыңа тіледім.

Бізді жақсы болса екен дап қашанда,

Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.

2-жүргізуші - Алтынай:

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Әке - шаңырақ иесі, ана - отбасының ұйытқысы.

Ана - сая болар бағың болса,

Әке - асқар тауың,- дейді қазақта.

Ата-ана алдындағы әдептілік - баланың бармақтай кезінен бойына табиғи дарыған қасиет болуға тиіс. Ата-ананы сыйлау - елді сыйлау, ата-әжесін құрметтеу - өмірді құрметтеу.

1-жүргізуші -Ерсаин: Әке - отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өнері мен білімі - баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке-шешенің бала алдындағы борышын санасақ сан жетпейді. Бұлардың біразына тоқталатын болсақ: жастығын, денсаулығын, күш-қуатын жұмсап, 9 ай жүрегінің астында ұстап, өмірге әкелген, емізген және дені сау, тәрбиелі, әдепті етіп өсірген ананы көз алдымызға елестетіп бір көрейікші.

2-жүргізуші - Алтынай: Әке деген баласының азық-түлігін тауып, тәрбиелеу үшін оймен де, денемен де қиыншылықтардан бет бұрмаған. Ақындарымыз жырлағандай, әкенің де баласына деген сүйіспеншілігінің шексіз екендігіне күмән жоқ.

Хормен: Қымбатты ата-аналар!

Біздің борышымыз - Сіздерді құрметтеу!

Раздық:

Анасыздар, әр үйге панасыздар,

Бала десе от болып жанасыздар,

Сәтті болса ұрпағы мерей тасып,

Қыз күлкісін сусын ғып қанасыздар.

Назереке:

Анасыздар, Ақ Еділ, Жайықсыздар,

Әр үйдің күні десе лайықсыздар.

Маздататын жүрекке от лаулататын,

Жүзе алмайтын өтінде қайықсыздар.

Құралай:

Өр десекте сіздерді - лайықсыздар,

Төр десекте сіздерді - лайықсыздар.

Ер десекте сіздерді - лайықсыздар,

Зор десекте сіздерді - лайықсыздар.

Айжан:

Анасыздар кең байтақ панасыздар,

Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.

Көлеңке жоқ көңілінде қылауы жоқ,

Үлбіреген жауқазын баласыздар.

Дана:

Сіздер күнсіз аспанда жарқыраған,

Сіздер өзен, тау су боп сарқыраған.

Сіздер ана, сіздер жар, сіздер қыздар,

Сіздер жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

Жанатбек:

Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз,

Дегенге сіздерсіз жете алмаймыз.

Айнала ұшып көбелек боп,

Өртеніп қастарынан кете алмаймыз.

Ән «Ана туралы жыр»

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін, жинадың сен маған.

Сен бердің құстардың, қанатын самғаған.

Балалық құштарым, өзіңе арнаған.

Әлдилеп, аялап, өсірген жемісің.

Самал жел, сая бақ, құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін.

Көңіліңді көктемдей, көзіңнен танимын.

Өтеуге борышым, анашым жан сырым.

Іздедім сен үшін, әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені,

Сыйлар ем ай, күнін, қолыма түспеді.

Назерке:

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,

Тәтті ұйқыңды бөліп, талай түн қаттың.

Өміріме нәр береді ақ сүтің,

Кең құшағың - аясындай гүл бақтың.

Мен өзіңмен қайда болсам біргемін,

Махаббатың жүрегімде жүр менің.

Күн нұрындай жадырай бір күлгенің,

Қандай жақсы ортамызда жүргенің!

Жандос:

Жан әке, Сіз жүргенде көзіңді сап,

Өсеміз бәйтеректей өзің құсап.

Ортада Сіздер барда дара шыңдай,

Бізге ашық, кең пейілді сезім құшақ.

Жан әке, үйреткен Сіз ерлікті де,

Ұғындық Сізге қарап елдікті де.

Жүреміз жалғастырып дәстүріңді,

Дарытып дархандықты, кеңдікті де.

Әкем-анам жасыл бағым жайнаған,

Сол бағымда асыр салып ойнағам.

Пәк жүрекпен жыр жазады перзентің,

Бар тілегі тек сіздерге арналған.

2-жүргізуші - Алтынай:

Алдымен сүй, ардақта ата-анаңды,

Үлгілі ұрпақ атадан бата алады.

Бар жақсылық балаға бұл ғаламда,

Мейірімінінен ананың жасалады.

Жырақ жүрген анасын ол сағынған,

Ата-анаға сәлем айтқан ән-жырдан.

Екеуінің қуанышты тілегі,

Әрқашан да бір анадан табылған.

Ән «Әке туралы жыр»

Жас едім өмірге еркін бойламаған,

Күні ертең не боларын ойламаған.

Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып,

Өзіңдей қамқор әке қайда маған.

Сүрінсем сынай қарап от жанарың,

Сен мені жақтамадың, ақтамадың.

Әрдайым осы қатал мінезіңнен,

Күш алып мақсатыма аттанамын.

Жан әке шертіп сезім домбырасын,

Кеудемді қуанышқа толтырасың.

Арманның асқарына құлаш ұрсам,

Алдымда асқар тау боп сен тұрасың.

Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,

Кім мөлдір болса соның жолдасымын.

Қуан сен, қуана бер, әкетайым,

Мен сенің өміріңнің жалғасымын.

1-жүргізуші - Ерсаин: Ендігі кезекте ата-ана туралы ұлағатты сөздерге құлақ түрсек.

Айжан: Адам жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы қарап күткендей, ата-ананы аялап бақса армандары орындалады.

Дәулет: Әдепті, адал ұл-қыздардың міндеті ата-анасының тірісінде көрсеткен қызметімен бітпейді. Ата-аналарын олар дүниеден қайтқанда да жиі есіне алады.

Дана: Ұл-қыз ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелем десе, алдымен әдепті болулары керек. Өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарса, ата-ананың ұл-қызы болып өседі.

Жандос: Ата-ананы сыйлау - сәби шағында олар өзіңді қалай бағып - қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялау керек.

Назерке: Ата-ананың көңілін еш ренжітуші болма, олардың жүрегіне қайғы түсіруші болма.

Құралай: Ата-анасын ұмытқан бала - опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы.

Жанатбек: Ата-ананың қадірін білмеген - халық қадірін білмейді.

Айжан: Түн ұйқысын төрт бөлген, түнде бесік таянып, шошып оянған ананың ақ мейірімін ерекше бағаламасаңыздар, ол - қорлық.

Раздық: Кейбір тәрбиесіз, арсыз балалар ата-анасына қарсы сөйлеп, тыңдамай жатады. Ондай қылықтардан аулақ болып, ана, әке, қарындас - туыстарыңды сыйлап жүріңдер. Әке - тірегің, қамқоршың, асқар тауың. Ана - жарық дүниеге әкелушің.

Көрініс «Қарт пен бала»

Қарт - Даулет

Бала - Құралай

Қарт: Балам менің саған біраз сұрақтарым бар.

Бала: Иә, ата, тыңдап тұрмын.

Қарт: Балам, үйдің алтын қазығы кім?

Қарт: Ата, үйдің алтын қазығы - бала.

Қарт: Жоқ, балам, үйдің алтын қазығы - ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі - қызға үлгі, әке тәрбиесі - ұлға үлгі. Ана - ақылшың, әке - қамқоршың, аға - қорғанышың, іні - сүйенішің, қарындасың - қанатың екенін ұмытпа.

-Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

Бала: Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін - мейірімді әке.

Қарт: Жоқ, балам, әке қанша мейірімді болса ананың жөні бөлек. Ашты тоқ, жоқты бар ететін ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды. Ал, балам, өмір сүру үшін не қажет?

Бала: Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, мал қажет.

Қарт: Жоқ, балам, өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз өмірдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін келтіреді.

Қарт: Адамның ақылы қайда, балам?

Бала: Ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында, ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың ақылы кім көрінген қалтасында.

Қарт: Балам, адамға ақылды кім береді?

Бала: Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досың. Ата-ана ақылын баласы мен қызына береді, ұстаз шәкіртіне айтады.

Қарт: Өмірде не жетім деген сұраққа өзім жауап берейін. Өмірде жеті жетім бар.

1.Ата-анасы жоқ бала жетім.

2.Халқына сенімсіз болса, хан жетім. Ханы ақылсыз болса, халқы жетім.

3.Суы жоқ құдық жетім.

4.Досы жоқ жігіт жетім.

5.Шәкіртсіз ұстаз жетім.

6.Қызы жетесіз болса, ана - жетім.

7.Ата-ана ақылы жерде қалса, бәрінен де сол жетім.

Иә, балалар, сендер ата-ананың тәрбиесін бағалап өскен боларсыңдар. Қанаттарың еш талмай, ақ жолмен ата-аналарыңды сыйлай біліңдер! Әумин!

Ән «Жан Ана» (Жандостың орындуында)

1-жүргізуші - Ерсаин: Біздің қазақ әр сөзді тұспалдап та, туралап та, астарлап та жеткізген халық. Ата-ана туралы қаншама мәнді де маңызды сөздер айтылады. Сонымен бірге ата-аналар туралы хадистерді тыңдап көрейік. Мұсылмандардың екі маңызды міндеттері бар. Бірі тек қана Аллаға ғибадат ету. Екіншісі, Алланың жаратқандарына мейірім-шапағат көрсету. Алланың жаратқандарына адам баласы үшін ең жақыны әке мен шеше болмақ. Дініміз әке-шешеге немқұрайды қарап, құрметсіздік көрсетуге тыйым салған және үлкен күнә деп санаған.

Дәулет: Ей, перзентім! Ойыңа тоқып ал, ата-анаға құрмет, ізет қылуды, мойынға алу ләзім. Себебі, баланың түп негізі ата-ана болып табылады.

Жанатбек: Ата-анамды не үшін құрметтеймін дегенді ойыңа алушы болма.Олар сен үшін өлуге де дайын тұрады. Сен соны білуің керек.

Жандос: Сен ата-ананың еңбегін дін жағынан да өтей алмасаң, ақыл-санаңмен, адамгершілікпен өте. Кім де кім ата-анасын разы еткен болса, Алла тағала оның өмірін ұзартады.

Раздық: Борыш - ата-анаға, үлкен ұстаздар мектебіне қызмет жасап, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін өтеу. Егер нағыз адам болсақ, ең әуелі ата-ана алдындағы борышты өтеу мақсатын қоямыз. Құрметті әке-шеше атыңа кір келтірмеуге ант етемін!

Барлығы: Ант етеміз! Ант етеміз! Ант етеміз!

Дана: Анаға арналған әндер, жырлар, ізгі тілектер, жылы лебіздер қаншама! Халық арасында «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бар. Ендеше анаға арналған жырымыз, әніміз, тілегіміз ешқашан таусылмауға тиісті. Өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінің қылығынан, қызығынан іздейтін аяулы аналар! Сіздерге әлемдегі бар жақсы тілекті үйіп төксек де аз. Алла сіздерге ең алдымен мықты денсаулық берсін! Әрқашан жүздеріңізден мейірім нышаны кетпей, айналаңызға нұрыңызды шашып, Аналық бақытқа кенеліп жүре беріңіздер!

Ән «Алтын аналар» (Раздықтың орындауында)

Айналдым ана деген асқақ аттан,
Ұлыңмын атқа мініп көкпар шапқан.
Бүгінгі бұл мереке сіздердікі,
Мейрамың құтты болсын болып жатқан!

Қайырмасы: 2 рет
Сенің анаң - алтын, менің анам - алтын,
Құлпыра бер қарындасым аман болып жалпың.
Ақ жеңгелер әнін, сұлу қыздар сәнін,
Аналарды құттықтап қол соғыңдар бәрің.

Біз түгіл, пайғамбар да ұлы анадан.
Қыз мүсін, ару ана қынамадан.
Сағасы тіршіліктің адам атқ,
Жар болған «ана» есімді бір-ақ адам.

1-жүргізуші - Ерсаин: Әке ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа әкеледі. «Әкеге бағыну - аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Әкені ренжітпей, оның айтқан үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.

2-жүргізуші - Алтынай: Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. Әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулап отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбекқорлығының бала тәрбиесіне ықпалы көп.

1-жүргізуші - Ерсаин:

Ыстық ау, кім-кімге де әке деген,

Суыққа шалындырмай мәпелеген.

Өмірдің соқтығымен өрге тартып,

Алдымен адам бол деп жетелеген.

Тағдырдың кеуде тосып жартасына,

Біз үшін түскен майдан ортасына,

Алаңсыз салып сайран шалқып жүрміз,

Біз бүгін әкелердің арқасында.

Ән «Әкелер» (Раздықтың орындауында)

Отқа түстің, суға түстің мен үшін,

Енді міне бағың берді жемісін.

Бала - қыран шыңға шықса бұл күнде,

Мұның бәрі әке сенің жемісің.

Анашымды отырғызып жаныма,

Той берейін салып алақаныма.

Ей, адамдар шүкіршілік етіңдер,

Мына өмірде әкелерің барына.

Тек, әкелер, сендер ғана лайықсың,

Хан сарайы, патша тағына.

Тек, әкелер, сендер ғана лайықсың,

Хан сарайы, патша тағына.

Алатаудай қадірін білесің бе?

Арманың мен ұлдарың өсуде.

Алтын шапан кигізсем де аз саған,

Айтшы әке не істей алам сен үшін?

Ана жұмақ - әке жұмақ қақпасы,

Бұлар жаққа бұрсаңдаршы ат басын,

Бір күндері жұмақ іздеп барғанда,

Қапа болып қақпа ашылмай жатпасын.

2 - жүргізуші Алтынай: Ата - ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата- ананың қадірі ерекше әспеттелген. Ананы ардақтамайтын халық та жоқ. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды.

Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Мұзды бесік таянған, - да Ана, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да Ана.

Айжан: Ал, ананың балаға деген сүйіспеншілігі жайында мынандай бір аңыз бар. Оны қазақтың дарынды қызы Аққұштап Бақтыгереева әдемі де әсерлі жырға айналдырған:

... Ертеде сұлу қызға болған ғашық

Ананың әлпештеген жалғыз ұлы.

Қыз атын айтса, ауыздан зар шығыпты,

Құс жастық аққан жасқа малшыныпты.

Дертіне сағыныштың шыдай алмай,

Жас жігіт құр сүлде боп таусылыпты.

Қинады қыздың шарты, бөлек екен

О, сұлу неткен қатал керемет ең!

«Анаңның жүрегін ап келген күні

Мен саған жар боламын», - деген екен.

Сол қызға есі ауған жігіт мүлде,

Бүк түсіп жата алмады құрып күнде.

Ұйқыда бейқам жатқан сорлы ананың

Жүрегін жұлып алды тұрып түнде.

Сүюдің серті ме еді соның бәрі,

Ол, міне қыздың шартын орындады.

Сүрініп кетсе жігіт келе жатып,

Жүрегі түсіп кеткен қолындағы.

Ананың кезі бар ма кекті болған,

Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.

Ұмтылса топырақта жатқан жүрек:

«Құлыным, байқасаңшы», - депті оған...

Бұл - ананың баланы қаншалықты шексіз сүйетінін білдіретін терең мәнді көңілсіз мысал.

Дәулет: Ал, мен сіздерге, Ыбырай Алтынсаринның «Ананың сүюі» деген өлеңін оқып берейін.

Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,

Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?

Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.

Кім сендерді, балалар, тербететін,

Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?

Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,

Қамқор анаң көз жасын көлдететін.

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең?

Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,

Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.

Кім сағынар сендерді келгеніңше,

Құлындарын көзімен көргенінше?

Сендер қайтып келгенде адам болып,

Еш арманым болмас дер өл - өлгенше.

Жандос: Дін мұсылман жолында әкені құрметтеу - айрықша парыз «Әкенің алдында күнаһар болу - Алла алдында күнаһар болу» - дейді Пайғамбарымыз. Халқымыздың мақала-мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата ананың қадір қасиеті туралы айтылған асыл сөздерді табар едік. «Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас», -деген сөзде терең ой жатыр. Ата ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған. Ақыры, ең қастерлі тілектері: бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса, дейді. Осындай ата ананы сыйлау, оларды алақанға салып аялау, құрметтеу қандай ғанибет!

Дана: «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне cүйеу болу біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата анаңның алдында адамның парыз міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата ананың алған ерекше биік орны, қадір қасиеті ше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау өз болашағыңды сақтау. Ата-анаға не істесең, алдыңда сол қайтады. Дүние кезек. Сен ата анаңды сыйласаң, сенің балаларыңда қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады.

2-жүргізуші - Алтынай:

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада», -демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, ата -анасын жерге қаратып көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Бүгінде кейбір жастар ата -анаға ақша жағынан қарасуды өздерінің перзенттік борышын өтегені деп біледі. Мұны әке- шешесін аңыратып, ат ізін салмай кеткендермен жалғыз басты қарттарын кәрілер үйіне тапсыруға дәті барған жүзі қараларға қарағанда адамшылыққа баласақ та, оның да оңып тұрмаған қате түсінік екені айқын.

1-жүргізуші - Ерсаин:

Ата -ананың сөзін сыйлап құлақ асу, пікірлес болу, отбасы тіршлігінің бір ғанибеті ғой. Сол арқылы-ақ бала ата-анасының мейірін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Керісінше, ата-ананың сөзін құлаққа ілмейтін, өзі тағы жөні білмейтін жетесіз бала олардың сағын сындырып, төрдегі басын есікке сүйрейді. Ұл-қыз әдептілігінің негізі ата- ананы риза қылып, үнемі алғыс батасын алуында. Сонда ғана үлкендердің мерейі көтеріліп, ұл қыздардың өркені өспек!

Ән «Ана»(Жапышев Жанарбек ағаның орындауында)

Сергіту сәті

Мұғалім: Құрметті ата аналар! Сіздерге викториналық сұрақтар ұсынамыз.

  1. Балдан тәті не? (бала)

  2. Қара шаңырақ иесі кім (кенже ұл )

  3. Балаға кім сыншы (ата)

  4. Әкеден балаңа берілетін зат (мұра)

  5. Үйдегі алтын адам (ана)

  6. Бес дұшпанды атаңыздар (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)

  7. «Ұл атадан көрмейінше сапар шекпес» Кімнің нақыл сөзі?(Қорқыт ата)

  8. ҚР баланың құқықтары туралы заң қашан қабылданды? (2002ж 8-тамыз)

  9. Жасөспірім бала неше жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады? (14 жас)

  10. Тәрбие мен білімнің ордасы (мектеп)

  11. 18 жасқа толмаған адам (бала)

  12. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы кім?(Сара Алпысқызы Назарбаева)

  13. Екі адамның бір-біріне деген адалдығы (достық)

  14. Қазақстанда қандай білім алу міндетті түрде? (орта)

  15. Бес асылды атаңыз (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)

  16. Үш арсызды атаңыз. (Ұйқы, тамақ, күлкі)

  17. Үш қуаныш (алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі, ісіңнің өшпеуі)

  18. Мемлекеттік рәміздерді атаңыз. (Елтаңба, ту, гимн)

Келесі «Тіл өнері» мақал мәтелдің жалғасын табу.

1. Атаға қарап - ............(ұл өседі) , анаға қарап - ........... .(қыз өседі)

2. Ананың көңілі балада, .............. . (баланың көңілі далада)

3. Ата - ананың қадірін - (ер жеткен де білесің).

4. Атаның баласы болма (халықтың баласы бол).

5. Ұяда не көрсең (ұшқанда соны ілерсің).

6. Балалы үй базар, (баласыз үй қу мазар).

7. Ата көрген оқ жонар, (ана көрген тон пішер).

8. Ананың сүті - бал, (баланың тілі - бал).

9. Туған үйдің түтіні жылы, (туған ананың күтімі жылы).

10. Анаңа ауыр сөз айтпа, (артыңа ауыр жүк артпа).

11. ............ - ананың бауыр еті, көз нұры. (Бала)

12. Әке - асқар тау, ....................... (ана - шалқар көл)

«Әке сөзі» (Ерсаинның әкесі Жұртбаев Серікке сөз беріледі)

Сенсің балам, өмірім алаулаған,

Сенің тұлғаң кіршіксіз жалау маған.

Сен дегенде жүректе тасып қаным,

Қызығыңды көруге асығамын.

Шарықтап асқар шыңға балапаным,

Бақытындай қарсы алған дала таңын.

Алтынға малынғандай алақаным.

Нұрланған дидарыңды жаратамын.

Жанымның жайлауысың жайқалатын,

Еліңе құшағыңды айқаратын.

Табиғат періштенің салтын елеп,

Ұқсайсың түзу өсер алтын терек.

Теңізде жүзетұғын құлашың кең,

Өмірге менен қалар мұрасың сен.

Бақыттың бесігіндей бала тұлғаң,

Айналдым келбетіңнен дара туған.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Осы тәрбие сағаты менің оқушыларыма үлкен ой салып, саналы болуға тәрбие берді деп ойлаймын. Келген ата - аналарға үлкен рахмет айта отырып, тәрбиелеп отырған балаларыңыз саналы азамат болып, сіздердің де, біздің де мақтанышымыз болсын. Ал енді Сіздер баларыңыздың марапаттарына ие болыңыздар. Аналарға гүл шоқтары ұсынылады, әкелерге «Әке - асқар тау» атты алқалар тағылады.

Ән « Әкешім анашым»(Жандостың орындауында)

Әкешім- асқар тау, ана- шыңым,

Көрсетпей жүргейсің ойлы мұңын.

Қуаншы, әкешім, ойланбашы,

Мен сенің әрі қарай жалғасыңмын.

Еңбегің сендердің зор ғой маған,

Парызын өтеуші өзім болам.

Әкешім, анашым қажымаңдар,

Әрі қарай сіздерге қамқор болам.

Өсірдің құлатпай жерге мені,

Қолтықтап, жетелеп өрге мені.

Ұйқыңды төрт бөлдің бір мен үшін,

Жылатпай, әлдилеп тербеп мені.

Әкешім, анашым сіздер ғана,

Сендерсің біз үшін әркез пана.

Сендерсіз не болмақ күнім менің,

Тербеліп қалармын мың ойлана.

Еңбегің сендердің зор ғой маған,

Парызын өтеуші өзім болам.

Әкешім, анашым қажымаңдар,

Әрі қарай сіздерге қамқор болам.

Еңбегің сендердің зор ғой маған,

Парызын өтеуші өзім болам.

Әкешім, анашым қажымаңдар,

Әрі қарай сіздерге қамқор болам.



© 2010-2022