Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш

Раздел Классному руководителю
Класс 6 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған

«Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш

Мақсаты:

  • Оқушыларға қазақтың біртуар тұлғасының бірі - Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік беріп, ақын өлеңдерінің мазмұнын ұғындыру, өлеңді мәнерлеп жатқа оқыту.

  • Жас буынды поэзия нәрімен сусындату, ақынның өлеңдеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту.

  • Оқушыларды поэзияны сүйе отырып, ақын жырларынан үлгі алуға, адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін өз бойларына сіңіре білуге тәрбиелеу


1-бөлім.


1-жүргізуші:

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де, өшпей жалғасын тауып келеді.


2-жүргізуші:

Сырым да осы,

Жырым да осы,

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты - Мұқағали Мақатаев бар мұнда, - деп бір күндік сәуледей ағып өткен қазақ жырының шоқ жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың бүгін туған күні. Сондықтан бүгін тек қана Мұқағали ағамыздың әндері шырқалып, өлеңдері оқылады.


1-жүргізуші:

Бүгін менің туған күнім,

Ой пәлі - ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірімнің жарытпай-ақ қойғаны-ай! -

деп мұңданған ақынның өмірден өткеннен кейінгі туған күндері халық болып тойланатын болды.


2-жүргізуші:

Мұқағали Мақатаев қазақ поэзия әлеміне ерекше леп, ерекше серпін әкелген ақын. Ендеше, бүгінгі поэзия кешіміз, атынан танылып тұрғандай. Хан тәңірінің мұзбалағы атанған дарын иесі, ақын Мұқағали Мақатаевқа арналмақшы. Бүгін де ұлы ақынымыздың туғанына 85 жыл толуына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!


1-жүргізуші:

Армысыздар, құрметті қонақтар мен оқушылар!
Қуат алып Абайдың тіл - күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден,-
деп жырлаған Мұқағали Мақатаев ағамыздың жырлары, жыл өткен сайын жарқырай, өркендей өсіп, оқырманын іңкәр етіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық - шынымен бақытты халық.


1-ән. «Саржайлау» әні


Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Ақын шығармаларының тақырыбы әр алуан., бірақ оның ерекшеліктері өзгеге ұқсамас сыры мен қырында жатыр. Дүниедегі бар құбылысты, адамзат санасындағы сан қырлы сезімді сөз арқылы жеткізуге болады. Сондықтан да сөз құдіретінің мән-мағынасына терең бойлап, мың сөзден бір сөз таңдап, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелейтін Мұқағалидай ақын - қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі.

Ақынның ой айтудағы өткірлігі, батылдығы біздерге өнеге, тәлім, сабақ болары сөзсіз. Иә, өлең өлмейді. Ендеше, оны жазған ақын да өлмейді. Мұқағали Мақатаев та біз үшін мәңгі тірі. Жылдар өтер ... әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін аспанға бір-ақ көтерген Мұқағали есімі қашанда биіктен көрінер. Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілмен бірге, әр ұрпақпен бірге мәңгілік жасай бермек!


2- бөлім. Ақынның өмір жолы.


2-жүргізуші:
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағалидің негізгі шын аты - Мұхаметқали. Бірақ оны кішкентайынан еркелетіп Мұқағали деп атап кеткен.


Әкесінің аты - Сүлеймен. Әкесі соғыста қайтыс болған. 1941 жылы әкесі соғысқа аттанғанда Мұқағали не бары 10 жаста еді. Мұқағали мектеп бітірген соң, 1948 жылы Алматыда шет тілдер институтында оқып жүріп, артындағы отбасының тұрмысы ауыр болғандықтан, соларға көмектеспекші болып, оқуды еріксіз тастап, ауылға оралады. Мұқағали ауылдың хатшысы болып қызмет атқарады.

Он жасар болашақ ақын майданға кеткен әкесін былай аңсаған екен.


Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен,

Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен,

Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,

Әкем кеп, көңілімізді аулар ма екен.

Әкеміз бір әкеден жалғыз еді,

Судағы жаңа біткен жалбыз еді,

Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,

Біздағы әкемізге зармыз енді.


1-оқушы. «Әке»


1-жүргізуші:

Атасының аты - Мақатай, әжесінің аты - Тиын. Мұқағали әжесінің бауырында өсті. Тиын әжесі мейірлі, кісілігі мол, адуынды адам еді. Әжесіне арнап ақын біраз өлең жазды.

2-оқушы. «Ақ кимешек көрінсе »


2-жүргізуші:

Анасының аты - Нағима. Әже баласы болған соң анасын Нақа деп атаған. Анасы мен әжесі Тиынның тәрбиесінде өсті. 1948 жылы орта мектепті интернатта оқып бітіреді.
1976 жылы 27 наурызда өмірден өтті. Топырақ бұйырған жері Алматы.


3-оқушы. «Шеше, Сен бақыттысың!»

1-жүргізуші:
1952 жылы ауылда жүріп өз отбасын құрады. Әйелінің аты - Лашын.

Әрі бақытты, әрі бейнетті,, азапты әрі арманды жан. Мұқағалидың мұңы мен музасын,өмірге көктем көгіндей дүркіреп келген асау да арынды, ағынды өлең дастандарын алғаш тыңдаған адам.

Ақынның жары болу оңай дүние емес. Ол үшін ақынның нәзік жанын түсіне білу, оның ыстығына, суығына шыдау кез келген адамның қолынан келетін шаруа емес.


Ақынның жан-жарына арнаған қанша өлеңі бар деп ойлайсың? - деген сұраққа:


  • Білмеймін. Бірақ көп. Әрқайсысының өзінің тарихы бар. 1974 жылы Мұқағали қатты сырқаттанып , ауруханаға жатып қалады. Ауруханаға барған сайын Мұқағалидың жүдегенін, күндегісінен төмен екенін байқадым. Нардай сүйекті жігіттің көз алдымда шөгіп бара жатқаны жаныма батты. Мұқағали бір жалт қарағанда, мен шыдай алмай күрсініп жібердім. Іштей «Япыр-ай, не деген сұмдық, ол енді бізге жоқ қой» дедім. Мұқағали сезіп қалды. Дереу сөзге айналдырғым келді. Ертесі кешкілік тағы барғанымда дәптері ашық жатыр екен. «Күрсінбеші» деген тақырыбын көзім шалып қалды. Сол емханада жатып, «Күрсінбеші», «Емханада», «Өлімнен қорқам» т.б. өлеңдерін жазған.


4-оқушы. «Емханада»


Оның 4 баласы болды. Олар Майгүл, Жұлдыз, Шолпан, Айбар. Мұқағали аға балаларын өте жақсы көрген. Қандай ашуы келсе де балаларын көргенде майдай еритін.


Жүре - жүре мен өмірге қанықтым,
Өмір сырын жаңа біліп, жаңа ұқтым.
Қызбалықтық күндерімді ұзатып,
Енді міне, әке болып қалыппын.
Сен өмірге басқа жолмен бас қадам,
Әкең жүрген соқпақтардан қаш, балам.
Ұғып алда, сақ болып өс, айтайын,
Өмір жолын әкең былай бастаған.
Мен әкемнің тәрбиесін көрмедім,
Ал анамның ақылына көнбедім.
Тіпті кеше оқушылық кезде де,
Тізгінімді ешбір жанға бермедім.
Өмірімде бір иілген емеспін,
Менмендігі менен өткен жоқ ешкім.
Боламын деп «жалын жүрек, от кеуде»,
Бола алмай, қуыс кеуде боп өстім.
Енді, міне, ұлым маған қарайды,
Өткір көзін өңменіме қадайды.
Көп қателік жіберіппін амал не?
Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!


5-оқушы. «Арманда , ұлым»


Майгүл атты қызы 10 жасында көлік апатынан қайтыс болған. Ақын қызын ойлап қайғырады. Өмірге қызына арналған сағынышқа толы жыр жолдары келеді.


Ол өмірге келгенде көктем еді,
Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді.
Саялатып сал - самал өпкен еді,
Сол өмірге несіне өкпеледі.
Сол өмірге несіне өкпеледі.
Ал өмір оны сыртқа тепкен еді.
Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған,
Күрсінткені болмаса текке мені.

2-ән. « Сәби болғым келеді»


3-бөлім. Поэзия минуты.


1-жүргізуші:

Естеліктер кітабындағы Нұрғиса Тілендиевтің мына бір айтқанын тыңдап көрейік. Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін пешбетімнің қалтасынан хат шықты.Мұқағалидың жазуы: «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады, не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз.» Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың». Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейін екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым.

«Есіңе мені алғайсың» (Мәдина Ералиеваның орындауында видеосын көріп, әнін тыңдау,)


2-жүргізуші:

Мұқағали -біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі.Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды,шығармашылығымды зерттемек болсаңдар,онда мен не жазсам,соның бәрін оқып шығуды ұмытпаңыздар.Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен.


1-жүргізуші:

Поэзия, менімен егіз бе едің?!

Сен мені сезесің бе?

Неге іздедім?

Алабұртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таңдардан сені іздедім,-

деп жырлағандай, саф алтындай поэзиясын бір елдің мұрасындай етіп қалдыра білген ақынның өлеңдері өзі айтқандай талай болашақтарға көшеді.


Ендеше, сол бір мәңгілік көштің сырлы әуеніне, жадымызда жаңғырған жыр жолдарына құлақ салайық.

Ақын шығармаларының ең бір үлкен саласы - оның поэмалары. Ең асылы,ең биігі - «Аққулар ұйықтағанда». Осы поэмасын оқыған Ғабит Мүсірепов ақынға қатты риза болып, алтын қаламсабын сыйлаған екен.


«Аққулар ... аңыз көп қой олар жайлы,

Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды ...

Тек қана тиыштықта ұйықтайды олар,

Шошыса, екінші рет оралмайды .»

Олай болса, осыны дәлелдеген ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын тыңдап, тамашалаңыздар.

( «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мәнерлеп оқылып, көрініс көрсетіледі)

3-ән. «Арман-ай»

(Ортаға ақын өлеңдерін жатқа айтуға оқушылар шығады)

1-оқушы. «Халқым барда»

2-оқушы. «Үнсіздік»

3-оқушы. «Пай, пай, өмір»

4-оқушы. «Дос болам десең»

2-жүргізуші:

Абайды үлгі тұтып, сөз құдіретін, сөз сарасын ақындық сезіммен қабылдап, өзі қазақ поэзиясына Абай салған соқпақ жолды жалғастырған Мұқағали Мақатаев қазақтың қара өлеңін ой мен сезімге байытып, оның құдіреттілігін дамыта білді.

1976 жылы наурыздың ортасында «Өмірдастан» таңдамасы шықты. Осы кітабына өз қолымен жақсы көретін адамдарына автограф жазып қалдырды. Соның бәріне «27 наурыз 1976 жыл деп жазылған.» Тура сол күні өмірден өткен.

Ұмыт болып есебің, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде.

Қырықтың бесеуінде ..., деп жазғаны да сөзсіз орындалды. Дәл сол айтқан жасында, яғни 45 жасында, 1976 жылы 27 наурызда мәңгілік ұйқыға кетті.

«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас өлеңді енді ешкім» деп ақын өзі жырлағандай ақындық сыры да, өзі жырлаған таулардың асқарындай асқақ жыры да халқымыздың есінде мәңгілікке қалды.


4-ән. «Туған өлке»


1-жүргізуші:

Осымен Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Әрқашан жүректеріңізді ән әуелеп, жандарыңызды жыр тербесін.



© 2010-2022