Қазақ хандығына 550 - жыл

Раздел История
Класс 7 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қазақ хандығына 550 жыл

Қазақ хандығы қашан құрылды? Қазақ халқы қалай қалыптасты? Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Осы сұрақтар кейде менің ойымды сан-саққа жүгіртеді.

Міне, Қазақ хандығының құрылғанына да 550 жыл. Қазақ хандығын негізін қалаушылар - Жәнібек пен Керей сұлтандар. Қазақ хандығының құрылуы және оның жүздерінің айқындалуы, әлеуметтік қатынастардың нығаюы - қазақ мемлекеттігін қалыптастырған басты себептер. Қазақ хандығының іргесін нығайтып, оның күш- қуатын арттыру, сөйтіп ірі, дербес мемлекетке айналдыру, халқымыздың біртұтас болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың арқасы деп ойлаймын.

Қазақ халқының ертеден біртұтас ел болып қалыптасуына көптеген сыртқы жаулар кедергі жасады, бірақ соған қарамастан біздің ата - бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ұланғайыр жерімізді сақтап қалды.

Қазақ халқы сонау сақ пен ғұндардан бастау алады. Қазіргі уақытта біз оларды мектеп бағдарламасынан « Қазақстан аумағындағы тайпалы одақтар мен мемлекеттер»- деп танимыз. Өз елі үшін күресте ру - тайпалар тек алға ғана ұмтылды. Мыңдаған сан - қилы шайқастарда біздің халқымыз жеңіп, тәуелсіздігі үшін қасық қандары қалғанша күресе білді.

Парсы жазбаларында «сақ» атауы «құдіретті еркектер», ал иран жазбаларында «жүйрік атты турлар» дейді. Осы жазбалардың арқасында қазақтың ежелден-ақ адал, құдіретті, батыл жүректі екені көрінеді. Сақтар біздің заманымыздан бұрын І мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан жерін мекен еткен. Сақтар туралы түрлі деректер қалған. Ежелгі грек тарихшысы Геродот сақтарды: «массагеттер» деп атады. Ал сақтардың ең әйгілі патшайымы Томиристі Рим тарихшысы Помпей Трог суреттейді. Оның айтуы бойынша: «Томирис, әйел болса да, жаудың шапқыншылығынан қорыққан жоқ». Осы сөздердің өзінен біздің қандай халық екенімізді көруге болады. Қазақ даласында өмір сүрген тайпалардың атаулары тарих беттерінен мәңгі өшпейді. Сақтар, ғұндар, үйсіндер , сарматтар, қаңлылар, қоңыраттар, қыпшақтар, керейлердің барлығы тек бостандық пен әділдікті аңсаған тайпалар.

Керей мен Жәнібектің Батыс Жетісуға көшіп келуін халқымыздың тұңғыш көрнекті тарихшысы, ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати 1465 - 1466 жылдар деп жазады. Қазақ елінің құрылуы 1465 жылы- Жәңібек пен Керей сұлтандардың Әбілқайыр хандығынан немесе кейбір деректерде «көшпелі өзбектерден» бөлініп шығып, Моғолстан ханы Есенбұға Жетісудан Шу мен Талас өзен бойларын сыйға бергеннен бастау алады. Негізінен Қазақ хандығы 1465 - 1466 жылдары Қозыбасы деген жерде құрылды. Керей мен Жәңібек сұлтандардың қол астына жиналған ру - тайпалар: Ұлытаудан Есілге дейінгі жерлерде - наймандар, Түркістан мен Қаратау аралығында - қоңыраттар, Ертістен батысқа қарай - арғындар, Жетісу, Тарбағатай, Ертіс бойы, Зайсан көлі маңы мен Объ және Тобыл өзендерінің аралығында - дулаттар, Қаратау, Сырдария, Жетісу аймағы - қаңлылар, Жетісу - үйсіндер, Қаратауда , Сырдария бойында - жалайырлар мекендеген.

ХV ғасырда қалыптасқан саяси - тарихи жағдайлар қазақ халқының ұлттық мемлекет болып құрылуына елеулі ықпал етті. Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ халқының саяси бытыраңқылығын жойып, Қасым, Хақназар, Тәуке, Абылай хандардың тұсында қазақ елі біртұтас хандыққа айналды. Жәңгір ханның тұсынан бастап, жоңғар шапқыншылығына ұшырады. Елімізге жан жағымыздан үлкен қауіп төнді. Оңтүстіктен Қоқан, Бұхар, Хиуа, батысымыздан татар - башқұрттар, шығысымыздан Жоңғар және Цин империясы, солтүстіктен Ресей империясы қауіп төндірген еді. Осы аталған қауіптерден шығу үшін Кіші жүз ханы Әбілқайыр орыс патшайымы Анна Иоановнаға хат жолдап, сол кезден бастап қол астына енуіне келіседі. Орыстың қол астында еліміз бірталай өзгерістерге ұшырады. Шаруалар бастаған ұлт - азаттық көтерілістер етек алды. С.Датұлы, Исатай мен Махамбет, Жанқожа, Есет батыр, Кенесары бастаған көтерілістерінің барлығы да аяқсыз жеңіліспен аяқталып отырды. Қазақ жері 1916 жылғы ұлт - азаттық көтерілісінен бастап қазақ жүрегінен кетпейтін тайға таңба басқандай, жан түршігерлік оқиғалар өтті. Атап айтсам, 1917 жылғы ақпан - қазан төңкерістері, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1931-1933 жж ашаршылық, 1937-1938 жж жаппай қазақ қоғам қайраткерлерін қуғын - сүргінге ұшыратуы, 1941-1945 жж Ұлы Отан соғысы мен тыл жұмысы, 1949-1989 жж Семей полигоны, 1986 жылғы Алматыдағы жастар қозғалысы. Осы аталған жыл аралығында өткен қиындықтар тәуелсіздікке деген ынтаны күшейте түсті. Қаншама поэма, жыр, өлең жолдарында тәуелсіздікті аңсаған халық туралы жазылған. Олардың басты мақсаты: халықтың қиын жағдайы, тәуелсіздік үшін күрес, қарапайым халықты біліммен қамтамасыз ету, отарлық езгіден босату. Елі деп жазған шығармалары үшін қамалған, тіпті өлім жазасына кесілген жазушылар халқымның намысы деп қасық қандары қалғанша арпалысып өтті. Біздің халық - адал да батыр халық.

Ақ түйенің қарны жарылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды, біз ата-бабаларымыз сан мың жылдап аңсап өткен азаттығымызды да алдық. Қазақ жері - ұлан байтақ, шұрайлы, көп ұлтты, еліміз тату-тәтті, қойнауында толып жатқан қазына, салт - дәстүрі сақталған, даңқы мәңгі өшпес елге айналдық. Еліміз біртұтас, дербес, әлемге әйгіленіп, Еуропа елдерінің терезесімен тең ел болдық. 1990 жылдың 25 қазанында Республика іргесі құрылып, 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіз ел атанып, бізді дүниежүзінің 108 елі танып, 70 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылды. Тәуелсіздігімізді танытатын мемлекеттік нышандарымыз қабылданды. Ел шекарасы бекітілді. Ата-бабаларымыздан бізге мұра болып қалған жерлерді аманат ретінде сақтап қалдық. Аллаға мың да бір шүкір!

Осындай тыныш, бейбіт заманда еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Оған қарапайым халықтың үмітін ақтап, сенімінен шығып жүрген, басты себепкер, саясаткер, еліміздің тұңғыш президенті - Н.Ә.Назарбаев. Қарапайым отбасынан шыққан, жас кезінде мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеген, Қарасай батырдың ұрпағы - Нұрсұлтан Әбішұлы, еліміздің тұңғыш президенті болды. Аз уақыт ішінде Қазақстан Республикасын әлемге танытты. Алдымыздағы келе жатқан «Expo-2017» - Қазақстан үшін елеулі оқиға. Тақырыбы: « Болашақ энергия көзі». Табиғатымызды қорғап, ел үшін қажет энергияның көзін табу - еліміздің болашағына зор септігін тигізіп, әлемнің барлық елдері Қазақстан Республикасын танитындай дәрежеге жеткізеді деген үміт артып отырмыз.

Біз, ХХІ ғасыр, жаңа заманауи технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз, сондықтан да мен, Қазақстан азаматы ретінде, Елбасының халыққа жолдауында айтылғандай, еліміз әлемнің 30 елінің қатарына қосылуына қолымнан келгенше қол ұшын беріп, елімнің көркеюіне зор үлес қосқым келеді. Қазақ елі - сонау сақтардан пайда болып, қазіргі дәрежеге жетіп отыр. Жетістігіміз мол. Кішігірім түркі тілдес тайпалар бірігіп, бүкіл дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырды. Жері - байтақ, халқы - тату, қойнауы - пайдалы қазбаларға бай еліміз - мәңгі гүлдене берсін!

© 2010-2022