Мақала тарих пәні бойынша (Қарашаұлы Бәйдібек)

Раздел История
Класс 11 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қарашаұлы Бәйдібек (VІ-VІІ ғғ.) - Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі. Ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға.

Бәйдібек бидің жастық кезі

Ол 632 жылы Қаратаудың етегінде дүниеге келген. Жаугершілік кезінде үш жасынан әке-шешеден жетім қалады. Ағайындардың қолында жүріп, есейе келе үйсін Шынтас деген байдың жылқысын бағады. Тәжірибелі жылқышы, ат бапкері, мерген, сайыскер, көкпаршы додагерлерден әбжілдік, батырлық дәстүрді үйренеді.

Қоян жылы қыс қатты болып, мал жұтай бастайды. Шынтас бай не істерін білмей қалады. Бұл кезде Бәйдібек он бес жасқа толған еді. Ол күн-түн жылқы ішінде жүреді. Шынтас жылқышыларына барады. Жылқысын аралап көреді. Үйір-үйір жылқылары Қаратаудың бөктерінде қалың қарды тебіндеп, қара жусанға жайылып жатады. Қартаңдары арықтап, жылқысының мазасы кетіп калғанын көреді. Әлі алда үш ай қыс бар. Қалай болар екен? Мыңғырған жылқыдан жұрдай болып, құрық ұстап қаламыз ба? Кәне, не ақылдарың бар? - деп жылқышыларына сөз салады. Жылқышы шал айтады:

- Жылқыңызды Ташкент, Түркістан базарына айдатып сатыңыз. Ақшасын жамбасқа басыңыз. Келесі жылы қайтадан жылқы сатып алып, орнын толтыра саласыз.

Әлсейіт деген ортаншы жылқышы айтады: - Жылқыңызды әр үйге бестен, оннан бөліп беріңіз. Олар өз малындай қарап, аман алып шығар, - дейді.

- Байеке, егер маған тапсырсаңыз, - дейді бала жылқышы Бәйдібек, - жылқыңызды түгелдей Мойынқұмға қыстатып шығар едім. Ана жолы жоғалған қырық қысырақты іздеп Мойынқұм жайлауын түгелдей аралап шықтым. Сонда малын қыстатып жүрген жылқышы, түйеші, қойшылар: "өзге жерде мал жұтаса да, бұл Мойынқұмда мал жұтамайды. Жел деген болмайды. Қар жұқа түседі. Мойынкұмның жусаны, изені, шеттігі, жыңғылы, сексеуілі, шеңгелі қанша жайылса да жетеді", - деп отырған.

Шынтас бай Бәйдібек сөзін құптап, былай депті:

- Бәйдібек балам, мен саған сенемін, сенің тегін емес екеніңді білемін, жылқымды талай рет барымташыдан, бораннан аман сақтап жүргеніңді қалай ұмытайын. Ал, ықтияр өзіңде, саған ерік бердім, - дейді. Сонымен Шынтас байдың бір мың бес жүз жылқысын үшке бөліп, он шақты жігіт Мойынқұм жайлауына қарай айдайды. Сөйтіп құмның ең ұйықты, шұрайлы жерін жайлайды. Бірер күннен кейін сол өңірді билеп отырған Арыстан би оларға бір жігітін жұмсапты.

- Барып біліп келші, қара құрымдай қаптап жаткан кімнің жылқысы екен? - Жігіт барып Шынтастың жылқышыларына жолықса, Бәйдібек:

- Ол биге мен барып сәлем берейін. Ауа келген жағдайымызды түсіндірейін, - дейді. Арыстан бидің қыстауы Қаратаудың күнгей бетіндегі Қызыл Арық бойында екен. Бәйдібек кештетіп Арыстан бидің үйіне барады. Төрде отырған жасы сексендерге жетіп қалған ақсақалды биге барып сәлем береді.

- Қай ауылдың баласысың?

- Үйсін Қараша бидің баласымын.

- Е, е, жарықтық Қараша бидің де, онда бізге туысқан болдың ғой. Әкенді білемін. Жас кезімізде алдына барып, қолынан талай дәм татқанмын, талай ақыл, кеңесін тыңдағанмын. Ал, бұл жылқы кімдікі, балам?

- Шынтас байдікі. Мен сол байдың жылқышысымын. Биыл елімізде қыс қатты, жұт болатын түрі бар. Содан ығып Мойынқұмды паналап, қыстап шығуға келіп едік.

- Е, е, шырағым, бір атаның баласы екенбіз. Жер нәсібі - ел нәсібі, ел нәсібі - ер нәсібі. Жер мен малдың кіндігі бір деген. Ары тұр демей-ақ қояйын. Жер менікі емес, құдайдікі. Құдайдың жері бәрімізге жетеді. Еркін жайлап, қыстап шығыңдар. Ауыл мынау - келіп кетіп тұрарсыңдар.

Арыстан атаның бұл сөзі Бәйдібек баланың көңілін жадыратты. Бағана жолда келе жатқанда "би кабыл көрсе дұрыс, қабыл көрмей қайтыңдар десе, қайтеміз" деген ой-күдігінің бәрін жуып-шайып жіберді. Дастарқан жайылды. Буы бұрқыраған дәу табақ ет келді. Бәрі дәмге қол созды. Ас үстінде де, одан соңғы келген шай үстінде де би атаның әңгімесі таусылар емес. Бірінен бірі өтеді. Тек тыңдай бер. Кішкентайынан әңгіме, жырға, шешен тапқыр сөзге құмар Бәйдібек баланың құлағы Арыстан атасында. Тіптен елігіп, бар ынтасымен ұйып қапты. Ел әбден жатар уақытта басында ақ, кимешегі бар, бес биенің сабасындай бидің бәйбішесі қасында шай құйып отырған қызына:

- Қонақ балаға төргі үйге төсек салып қой-дағы, өзің менің қасымда жат. Мына белі кұрғырды уқалап бер, - деді. Бәйдібек әңгімеге есі шығып, келгелі бері бәйбіше қызын жөнді байқамапты. Енді назарын салып еді: екі көзі танадай жалт-жүлт еткен, сұлуша бүйрек мұрын сары қыз келбетті-ақ екен. Тесіле қарап қалған жігітке тана көзін бір жарқ еткізеді де, күлімсіреген күйі орнынан тұрып, шешесінің айтқанын орындауға кетті. Бәйдібек ішінен "келгелі бері қызға неге көңіл аудармадым екен", - деді.

Сонымен қыс күні біртіндеп өтіп жатады. Бәйдібек өзінің жылқышы ағаларымен бай жылқысын бағып, Мойынқұмды жайлап жүре береді. Көңілінде тана көз сары қызға деген махаббат құштарлығы тұтанды. Енді ауа жайылған жылқыны іздеген болып, кейде қашқан қасқыр, түлкіні індеткен болып Арыстан би аулына барғыштай береді. Түстеніп, қона жатып, би айтқан қызықты аңыз, шежіре әңгімелерді тыңдайды, оңашасын тауып сары қызбен сырласады. Қыздың аты Гүлжамал еді. Оны әке, шешесі, аға, жеңгелері еркелетіп "Сары қыз" дейді екен. Бәйдібектің сары қызбен көңілдес, бір-бірін ұнатып, сырласып жүргенін шешесі де, әкесі де сезеді, бірақ шеккі көрмейді. Қайта жиірек кездесіп, бір-біріне үйір бола бергенін қалайды. Әсіресе жеңгелері көп дәнекерші болады. Бір күні Арыстан би:

- Балам, саған ықыласым түсті. Еліңде кұда түсіп, сөз сөйлерің бар ма?

- Ондай жанашыр әке, шеше менде жок, өзіммен-ақ сөйлесе беріңіз.

- Ендеше Сары қыз екеуіңе отау тігіп берейін, осында қалсаң қайтеді?

- Ақсақал, отау дегеніңіз жөн, бірак мұнда қала алмаймын ғой. Жетім болғаныммен, менде де ел бар, жұрт бар. Ауылға барайын, ағайын-туыспен ақылдасайын. Көп кешікпей қайтып айналып соғайын.

- Жарайды, мұның да жөн екен. - Арыстан би мен Бәйдібек баланың алғашқы келісімі осы болды.

Наурыз айы жақындап, қыстың ызғары қайта бастайды. Жылқышылар жылқысын еліне беттетіп айдай жаяды. Бірнеше күн дегенде олар еліне жетеді. Шынтас бай жылқысының мұрты бұзылмай аман-есен оралғанына қатты қуанады. Жылқышылар Мойыңқұм жайлауын қыстап шыққанын, ол елдің Арыстан деген биінің көрсеткен аталық қамқорлығын, тіптен Бәйдібекке жалғыз қызын бермек болғанын жырдай қылып баян етеді. Сонда Шынтас байдың Бәйдібекке шын мейірі түсіпті:

- Бәйдібек балам, түсіндім, бәрі сенін арқаң. Жайлы өріс тауып жылқымның тай-тулағына дейін сондай қаһарлы қыстан аман қалғаны тек сенің ақылың. Сен есік алдында жүрген құлым едің, енді ақылды ұлым болдың. Қасыңа бір қария, он жігіт қосып, алдыңа жүз жылқы салып берейін, Арыстан биге бар-дағы қалыңдығыңды алып қайт!

Осылайша Бәйдібек Арыстан бидің еліне барады. Би елінің тайлы-таяғы жиылып, Сары қызды ұзату тойын жасайды. Ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, күрес, жамбы ату дейсің бе, барлық салт, дәстүр өтеді. Сөйтіп, Сары қыз жасау-жабдығы, бәсіре төлімен келін болып түседі. Шынтас бай да Арыстан биден қалмаймын деп барын салып той өткізеді. Беташар, жар-жар жырланады. Бәйге, көкпар беріледі. Елі-жұрты Бәйдібек пен Гүлжамалға ақ отау тігіп, енші береді. Бәйдібек өзінің ақылы, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Көп кешікпей елі оны би етіп сайлап алады.

Ел ішіндегі қария сөздер - далалық ауызша тарихнама бойынша (ДАТ) Ұлы жүздің үйсін бірлестігінің құрамындағы албан, суан, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпалары Бәйдібекті өздерінің түп атасы деп біледі. Бәйдібектің әкесі Қараша 604-678 ж. (қытай жылнамасында 530-604 ж деп көрсетілген) туралы, Бәйдібектің ұрпағы Майқы би туралы Қытай жылнамаларында, Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551 жж.) еңбегінде деректер кездеседі. Бәйдібек жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Ташкент алабын қоныс етіп, ондағы ру-тайпалардың бас біріктіруіне, ел болып ұйысуына ықпал еткен. Бәйдібек үш некелі болыпты. Бірінші әйелі - Сары бәйбішеден Байтоқты есімді бала туып, одан Түргеш (Сарыүйсін) өрбіген. Екінші әйелі - Зеріптен Жаламбет туады. Одан - Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбіген. Үшінші әйелі - есімі исі қазаққа мәшһүр әулие Домалақ ана. Бұл кісінің нағыз есімі Нұрилә. Домалақ анадан Тілеуберді туады. Тілеуберді ел аузында Жарықшақ (Жарықбас) атанып кеткен. Жарықшақтан - Албан, Суан, Дулат өрбиді. Бұл аталардың бәрі де ілгері ру-тайпаларға ұласып, қазақ халқының ел болып ұйысуына тікелей араласқан. Бәйдібектің Сары бәйбішесінен туған Байтоқтыдан басқа алты бірдей ұлы соғыста қаза тауып, Қаратаудың шығысындағы Қошқарата өзенінің бойына жерленген. Күні бүгінге дейін бұл жер «Алты сары басы» деп аталады. Бәйдібектің өзінің сүйегі Балабөген өзенінің жағасында жерлеген. Басына көрнекті кесене тұрғызған. Қазір Оңтүстік Қазақстан обылысындағы бір аудан Бәйдібек есімімен аталады. Бәйдібектің өмір сүрген заманы - Еуразияның Ұлы даласын (Л.Н. Гумилев) қоныс еткен желдей еркін көшпелі тайпалардың арасында этникалық тұстану үрдісі қызу қарқынмен жүріп, мемлекеттің іргетасы қаланып, тарих сахнасына әйгілі Түрік қағанатының шыққан кезі. Шығысында Сарыөзен (Хуанхе) мен батысында Темірқақпаға (Дербент) дейін қанат жайған алып қағанат өз кезегінде төңірегіндегі Қытай, Парсы ,Үнді, Рұм (Византия) сияқты империялар мен патшалықтарға ықпалын жүргізе бастаған. Ең бастысы, түркі жұртының шаруашылық-мәдени типі сараланып, өзіндік төлтума өркениеті қалыптасып, енді түркі тектес ұлттар өз қоныс-тұрағымен, өзіндік тіл-ділімен тұлға таныта бастаған. Міне, осындай аса күрделі тарихи кезеңде Бәйдібек ақыл-парсатымен де, ерлік істерімен де ұлттың ұйысуына, елдің бас біріктіруіне, сөйтіп қазақ даласындағы ру-тайпалардың этникалық тұтасуына мұрындық болған тарихи тұлға. Бәйдібек, Домалақ ана кешендерінде 2000-2001 жылдары жүргізген қазба жұмыстары тарихи тұлғалардың қоғамда алар орнына, өмір сүрген заманына қатысты толымды дерек-мағұлматтар беріп отыр. Солардың ішінде VІ-VІІ ғасырда шығарылған тиын теңгелер Бәйдібек пен оның жұбайы Домалақ ананың өмір сүрген заманына, олардың әлеуметтік статусына елеулі айғақ ретінде ден қойдырады. Халық жады арқылы атадан балаға жалғасып жеткен қария сөздер Бәйдібектің ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ұйытқы болып, көреген көсемдігімен жұртқа ықпал еткен тарихи тұлға екенін танытады Халық жүрегінде сақталған және жазба түрдегі шежірелердің деректеріне сүйенсек, Ұлы жүз құрамындағы Сіргелі, Жалайыр, Шақшам, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан, және Дулат тайпаларының түп атасы Майқы би болып келеді. Соған байланысты "Түгел сөздің түбі - бір, түп атамыз - Майқы би" деген нақыл сөз халық аузында сақталып қалды. Оның аяғы ақсақ болды, сондықтан да күймеге мініп жүрді. Майқы би көп жасаған кісі, жеті ханды қолынан өткеріп, бар ғұмырын халық тағдырын ойлауға жұмсады. Ол 120 жасқа келгенде, үш жүздің еншісін берді, таңбасын таратты. Ұлы жүзге ту ұстатты, Орта жүзге қауырсын қалам, Кіші жүзге найза берді. Осы бөлістен соң Майқы би туралы "Хан біткеннің қазығы - бұқара жұрттың азығы" деген мәтел кең тарап кетті.



© 2010-2022