Қазақстан тарихы пәнінен Асық баланың ойыны емес-бабаның мұрасы 8класс

Раздел История
Класс 8 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:


Асық баланың ойыны емес - бабаның мұрасы


Асық сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың асыл мұрасы. Оның халықпен бірге жасасып жоғалмай ел-жұрт жадында көмескі болса да көрініс беріп қалуы ұлттық құндылық тұрғысында қарауды қажет етеді.

Олай дейтін себебіміз асық барлық түркі-монғол халықтарында кездесетін сүйек ойыны ретінде белгілі.

Еуразияның кең даласындағы қола, ерте темір және түркі дәуірі ескерткіштерінде археологиялық қазба барысында жерленушімен бірге асықтар қою өте жиі кездеседі.

Әсіресе асықпен жерлеулер ерте қола дәуірі мәдениеттері саналатын көне шұңқыр, катакомбалы және андронов - қима мәдениеттерін зерттеуші ғалымдар тарапынан қарастырылады. Олардың қатарында Купрянова Е.В, Марков С.С, Сагалев А.М, Октябрьская И.В, Сотникова С.В сынды тағы да басқа ондаған зерттеушілер асықтың қабірлерде кездесу семантикасына байланысты өз пікірлерін білдіріп кетеді. Алайда барлығының зерттеу тұжырымдары бір аранға тоғысып асықтар баланың ойыны, баланың жас ерекшілігі негізінде қарастырылады.

Жоғарыдағы зерттеушілер ішінде С.В Сотникованың пікірлері оқ бойы озық тұратынын айта кету керек. Оның зерттеулері бойынша асықпен жерлеулерді бір жүйеге келтіре отырып балалардың жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөліп қарастырады. Бірінші 5-6 жастағы балалар аз асықтармен жерленген, екінші 7-14 жастағы балалар асықтардың көптеп кездесуі яғни өздерінің ойнап ұтқан асықтары деп түсіндіреді [1.256].

Ал ересек адамдар қабірлерінде кездесетін асықтар жөнінде мардымды ештеңе айтпайды. Сонымен бірге этнографиялық деректерді қолдана отырып тәжіктер мен алтайлықтардың және монғолдардың мысалында алады. Дегенмен бұл пікірлерінің өзі бала атрибутында ғана шектеледі.

Ал біздің ойымызша асықтың көне дәуірлерде атқарған функциялық қызметі әлдеқайда тереңірек болған. Мәселен қазақ халқында тіпті көпшілік түркі жұртында кездесетін кәрі жілік, жауырын сүйекпен бал ашу, жорамал жасау сияқты қызметімен қатар асықты халықтық ойын ретінде, ханның ойыны ретінде, рулық белгілерді беретін, шешімдер шығаратын асылы деп қарау керек сияқты.

Ондай тұжырымдар жасауға себеп болған университетіміздің археология және этнология кафедрасының мамандары 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында жүргізген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде біздің дәуірімізге дейінгі 2 мыңжылдыққа жататын яғни қола дәуірінің ескерткіштерінен 140 асық тапқан болатын. Асықтар тас жәшікте жерленген адам мүрдесінің аяқ жағынан кездесті. Асықтардың барлығы бояуы өңіп кетсе де қызыл түсті қынамен боялғаны анық байқалады. Ішінде арқардың құлжасының асығы, яғни «сақа» мен бірге әртүрлі жағынан егелген асықтар да кездеседі. Солардың ішінде бізді таңдандырып терең ойға жетелегені, асықтардың көпшілігінің бір шетінен тесігі бар болуы, яғни уақытында тұмар ретінде тағылғандығы болуы мүмкін. Соған қарап біз осы асықтарды жерленуші адамға келген туыстары мен жақындарының топырақ салудың орнына қолданған ба деп ойлаймыз. Ал тұмар ретінде мойындарында жүрген асықтарын жерлеуге барғанда жібін үзіп қимасына берген, оған жақын түсініктер түркі жұртында жетіп жатыр деп айта аламыз.

Мәселен қазақ халқындағы адам қайтыс болғанда тума-туыстарының топырақ салу салты мұсылман дініне дейін-ақ болған көне жосындарға жатады. Топырақ салу, топырақ бұйырту, ер балалардың кішкене болса да топырақ салуға қатысуы сияқты салттардан әрбір туыстас жақын адамдардың өз міндеті ретінде қарастырылады. Біздің болжамдарымыз бойынша да ең бастысы бұл жерде асықтың ер адаммен қатыстылығында, яғни асық ұстар азамат немесе ат жалын тартып мінген азамат болды деген сияқты түсініктер. Асықтардың қола дәуірі тас жәшіктерінде табылуының өзі сол дәуірлердегі түсінік бойынша жерлеуге баратын ер азамат болған соң жалпы бала болсын заты ер болған соң міндетті түрде өзімен бірге асық апарған болуы мүмкін.

Кейіннен қола дәуірінің отырықшы қоғамынан көшпелі ерте темір дәуірі кезеңдерінде тіпті көшпелі қазақ қоғамында өзгерістерге ұшырап оның орнына тек ер адамдардың баруы сақталып асық орнына топырақ салу, топырақ бұйырту жосындары қалған болуы ғажап емес.

Сонымен бірге Монғолдың белгілі ғалымы Н. Батболд Монғолияның Арханғай аймағының Өндөр Улаан ауылының Гол мод деп аталатын ғұн дәуірі обасынан табылған бірнеше асықтар жөнінде өз пікірлерін береді. Асықтардың бір ерекшелігі барлығына өткір үшты құралмен кертіп таңбалар салынған. Зерттеуші асық бетіндегі таңбаларды Монғолияның жеріндегі Ешкі суаты, Ақ су жартастарындағы петроглифтердегі кейбір таңбалардың біріккен белгілеріне ұқсас деп қарастырады. Оның пікірінше ұсақ малдың асықтарына әр түрлі таңбаларды салуы олардың пайдаланған шаруашылығына тікелей қатысты болумен қатар, асықтар арқылы мал, жан-жануарларды қадірлегенінің белгісі болуы мүмкін. Асықтардағы сияқты Ғұндар дәуіріндегі саз құмыралардағы таңбалардың бірнеше жерден табылуы, зерттеушілердің ғұндар атадан балаға мұра болатын бұйымдарына өздерінің тайпаларына, ата-бабасына ортақ таңбаларды басып қалдыратын болған деген тұжырым жасауына негіз болып отыр. Бұл таңбалар ғұндардың бұрыннан құрметтеп келген: аша (айыр), күн, жарты ай, қадам сияқты таңбалардан ортақ, біріккен таңба шығарып отырғанын білдіреді. Ешкі суаты жартасындағы салынған біріккен таңба ғұндардың ат арбасының қасына салынуы сол суретті салған адамның руы мен аты-жөнінен хабар беріп тұруы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды дейді. [2.26-32].

Бұл Монғол зертеушісінің біздің пікірімізбен үндес келетін жері асықтарда салынған белгілердің жекелеген адамдардың есімдерін көрсетпесе де белгілі бір руға қатысты болуы мүмкін деген жорамалдарын алуға болады. Өйткені белгілі бір рулық белгілерді көрсететін ен-таңбалар ерте сақ дәуірлерінен бастап ақ қазақ халқында кең етек жайғанын көре аламыз.

Сондай-ақ Монғолия жеріндегі ғұн обаларынан табылған асықтардың белгілі бір рулық және туыстық белгілер немесе таңбаларды көрсетуінің өзі біздің жоғарыда айтып кеткен ойларымызды қуаттай түседі.

Екіншіден асықтардың көпшілігі екі жағынан да егелгендеріне қарап, белгілі бір мақсаттарда қолданған асықтар екені анық. Мәселен екі беті де егелген асықтардың белгілі бір өрмек тоқуда, қолөнер шаруашылығында пайдалануы ғажап емес. Қазақ халқының ұлттық музыка аспаптарының бірі жетіген аспабында да тиек ретінде екі беті егелген асықтар кездесетінін айта кеткен жөн.

Енді жетіген аспабының шығуы туралы қазақ мифіне назар салайық:

«Жұрт әр түрлі ауруға аштыққа жиі-жиі ұшырайтын өткен замандарда өмір сүрген бір қарияның жеті ұлы болыпты. Көп қайғысының бір шеті қарияның шаңырағына да тап болыпты. Балалары бірінен соң бірі дүние салады, қайғы басқан қария кепкен қу ағашты ойып, аспап жасайды. Әр баласы қайтыс болған сайын аспаптың бетіне жылқы қылынан бір ішек жасап, әр ішекке бір асықтан тиек қойып, сазды мұңға толы жоқтау әнін салады. Осы жеті ішектен жеті түрлі әуен шығарып, әр баласының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын суреттегендей болады.

Үлкен ұлы Қания қайтыс болғанда, шал «Қарағым» деген күйін шертеді. Екінші баласы Төреалымға - «Қанат сынар», үшінші баласы Жайкелдіге - «Құмарым», төртіншісі Бекенге - «От сөнер», бесінші Хауасқа - Бақыт көшті», алтыншысы Жұлзарға - «Күн тұтылды» деген күйлерін арнайды. Қарт ең кіші баласы Қияс қайтыс болғанда ақырғы, жетінші күйін шертеді. Шалдың балаларына арнап шығарған жеті күйі одан әрі дамытылып, ел арасына «Жетігеннің жетеуі» деген атпен тарап кетеді» [3. 56]

Бұл жерде ең бастысы аспаптың өліммен, қайғымен жоқтау ретіндегі байланыстылығында және тиек ретінде асықты пайдалануындағы сабақтастықтарда жатса керек. Сонымен қатар жеті күйдің арналу тақырыптарының өзі көне дәуірлердегі дала мәдениеті дүниетанымның табиғат алдындағы мұқтаждығын, дәрменсіздігін көрсететін сияқты.

Енді асыққа қатысты басқа да халқымызда сақталған кейбір ерекшеліктер мен әр түрлі ойларға жетелейтін деректік негіздемелерге тоқталайық.

Еліміздің оңтүстік өңіріне аты белгілі «Асық ата» кесенесі де осы асыққа қатысты деректер береді. жергілікті халықтың айтуынша Асық атаның шын аты - Сәдір болған. Ол асық ойнағанды аса ұнататындықтан жергілікті халық оны осылай атап кеткен деседі. Әсілі Асық ата көріпкел әулие кісі болған деседі. Көне көз қариялар Асық ата кесенесін Ақсақ Темір салдырған деп те әңгіме шертеді. Кесене алғашында Сыр өзенінің жағасында екі шақырымдай жерде орналасқан, кейіннен 1960 жылдары Шардара су қоймасының астына қалып кететіндіктен Жетісай ауданы 40 - жылдық елді мекеніндегі Шора молда әулие қорымына көшіріледі [4. 47].

Асық атаның халық жадында көмескі болып қалса да асықты жақсы ойнағандығы мен әулие болғандығының өзі біздің пікірлерімізді нықтай түседі. Мәселе бұл жерде әулиенің қазіргі халық түсінігіндегі балалар ойнайтын асық түрінде қабылдауында. Оның тереңірек зерттеулермен сараптасақ Асық атаның асықты иіру арқылы болжам жасап, өзінің көріпкелдік құралы ретінде қолдануында.

Осы «Асық ата» әулие мазарына ұқсас ескерткішті белгілі зерттеуші С.М. Абрамзонның еңбектерінде кездестіреміз. Оның айтуынша Қырғызстанда Тоқмаққа жақын Қарасу деген жерде мазар бар екендігі және оның жанында бұлақ бары айтылады. Оған бала көтермей жүрген әйел адамдар барып түнеп бұлақ суына қолын сұғып түбіндегі келушілер тастаған заттардан қолына іліккенін алатын болған. Егер әйел адамның қолына моншақ тастар іліксе қыз бала туады, ал асық іліксе ұл балалы болады деген [5. 78-138].

Яғни бұл жерде де асықтың ұл баламен қатыстылығын байқауға болады. Енді осы ойларымызды шегелей түсу үшін қазақ халқында кездесетін кейбір асыққа қатысты түсініктерді бере кетейік. Мысалы, ер адамға жақсы лебіз білдіргенде «асығың алшысынан түссін» деп жатады, қазақ силы қонағына сыбаға ретінде асықты жілікті ұсынады.

Дәстүрді білетін бәйбіше етті асып, табаққа ең бірінші кәрі жілікті салған. Бұл сүйекті бөлмеген. Жас жігіттерге жасың ұзақ болсын деп кәрі жілікті ұсынған, ал оң жақтағы қыздар күйеуге шықпай қаламыз деген қорқынышпен, бұл сүйекті ұстамаған. Жас жігіттерге ұзақ уақыт үйленбей қояды деген наныммен асықты жілікті бермеген.

Қазақ мықты жігіттерін асықтың сақасына теңейді, сұлу қызды қызыл асыққа балайды. Ал осы асықтың өзіндегі сіңірді «аш отырсаң да асық етін жеме - тоқ отырсаң да тобықтың етін же» дейді. Бұл жерде басты қағида асыққа тіс тигізбеу керек деген түсінік болуы керек. Өйткені тіс тиген сүйек жорамал жасауға келмей қалады.

Оған мысал ретінде белгілі ғалым этнограф Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде малдың жеке сүйектері магиялық, сакралды қасиеттерге ие деп саналған дейді. Қазақтың наным-сенімі бойынша, жауырын мен кәрі жіліктің магиялық күші ерекше болғандығы жөнінде айтып кетеді [6.212].

Жануарлар сүйегінің магиясы және мал шаруашылығы құралдарының киелі қасиетіне қатысты қомақты деректер Ә.Т. Төлеубаевтың зерттеулерінде де кездеседі. Халықта қойдың жауырынындағы сызықтардан адамдардың тағдыры, алдағы болатын оқиғалар, жол сапарларды болжауға болады деген сенім қалыптасқан. Тәжірбиелі балгерлер жауырынды ешқандай тиіспей оқыған, ал тәжірбиелері аз балгерлер оны сәл күйдіріп барып оқитын. Ырымшыл адамдар әдетте, ет жегенде, жауырын мен кәрі жілікке тіс тигізбеген [7.276].

Осыған қатысты Б. Қинаятұлының да жауырынға байланысты жазған зерттеулерінен үзінді келтіре кетсе болады.

«Бал ашуға қолданатын жауырынды дайындаудың арнайы этикеті бар: ол сүйектің етін жұлма сіңірлерінен сылып, тіс тигізбей пышақ дүзімен тазалайды. Мықты жауырыншылар етінен тазаланбаған күйінде де бал ашады. Ал жауырынды отқа «жаққан» кезде оттың маңайында темір жатуына болмайды [8. 86].

Асыққа қатысты да ұқсастықтарды осы жерде айта кеткен жөн, асықты пышақпен тазалаған кез-келген қазақ міндетті түрде иіріп көреді. Алшы түссе қуанып, тәйке түссе бәріне де тәуекел деп жатады.

Асықтың иіріп көруін еліміздің кей өңірлерінде қаржысып деп те атайды. Асыққа қатысты тағы бір халық арасындағы қызықты деректі Ж.О. Артықбаевтың Арғынның Мейрам сопысына қатысты жазған деректерінен көруге болады.

Ертеде Мейрам сопы бір ауыр қыста жылқыны оңтүстікке айдапты. Сол жерде Ақша хан деген хан бар екен, сол ханның жеріне қыстап, жылқысын аман-есен сақтапты. Кейін көктем шығып, жаз жадыраған уақытта Сарыарқаға қайта келген екен-мыс. Мейрам сопы Ақша ханның елінде болған уақытында ханның қызымен жақын болып, содан қыз ауырлапты. Сарыарқаға қайтарда Мейрам сопы қызға «мен қайта айналып келермін, егер ұл туса мен кәрі едім, сен жас едің - атын Қаржас қой» деген екен. Кейін мейрам сопы жаугершілік болды ма, не себеп Ақша еліне бара алмапты. Жасы жетіп қайтыс болыпты.

-Хош, енді Ақша ханның қызына келейік. Уақыты жетіп босанып шекесі торсықтай ұл туыпты, атын Қаржас қойған екен дейді. Шекесі торсықтай, көзі күндей жарқыраған бала талайлардың ішін күйдіреді. Асық ойнаса төбелес, үлкендердің жанына барса сөз. Бір күні әбден ыза болып шешесіне келді дейді. Келсе шешесі бидай қуырып жатыр екен. Табадағы ыстық бидайдан бір уыс алып шешесінің алақанына баса қойды «менің әкем кім айт» деп.

Осылай да, осылай сенің әкең Мейрам сопы деген адам, қонысы Сарыарқада. Қазақтың маңдай алды, таңдаулы адамдарының бірі. Сол жерде Қуандық, Сүйіндік деген сенің ағаларың болуы керек-дейді ғой.

Осы хабарды естіген бала Сарыарқаға қарай бірақ тартты дейді. Сұрай-сұрай Мейрам сопының ел-жұртын тапты. Ол кезде Мейрам сопы о дүниеге сапар шегіп кеткен, елге тірек болып Қуандық пен Сүйіндік жүр екен. Бір күні ауылдың сыртында жүрген малшылар айтып келіпті: Қырда бір бала көрдік, шалқасынан қаннан-қәперсіз ұйықтап жатыр екен. Осы жердің бәрі менікі дегендей құшағын ашып жатыр, жүзі нұрлы, маңайы жап-жарық, маңдайы жарқырап жатыр дейді. Қуандық пен Сүйіндік ол кім болды екен деп малшының артынан тұра шапты дейді. Балаға келіп сұрайды. Бала осылай да осылай деп болған әңгімені айтқан соң, Қуандық пен Сүйіндік Қаржасты еншілес қылып аламыз деп дауласты, төбелесерменге барды дейді. Бәйбіше тірі екен, екі баласына басу айтып төреші болыпты. Мейрам сопы бабаңнан қалған құлжаның алтын сақасын алдыртып асық иіріпті. Сонда Қуандық ағалығын алдына салып асықтың төрт жағы да /бүгі, шігі, тәйкесі, алшысы/ менікі деген соң Сүйіндік жылады дейді. Бәйбіше сонда «қарағым саған бұйырып тұрса асық омпасынан түсер» деп алтын сақаны иіріп қалды, сонда асықты ердің қасына иірген екен, омпасынан тұра қалыпты. Қаржастың Сүйіндікке еншілес болатыны осы себептен делінеді[9. 22-32].

Бұл жерде де әңгіменің арқауы асықтың белгілі бір қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды шешуге қолданылуы мен бірге әулеттің өз алтын сақасы бар екендігін көрсетеді.

Ал «алтын сақа» ертегісі халқымыздың фольклорындағы ең бір көрнекі шығармаларының бірі. Ондағы баланың алтын сақасына қатысты оқиға да осы жағдайлармен тұспалдас келеді. Қазақ халқының көпшілік ертектерінде асыққа қатысты оқиғалар көп қайталанады. Тіпті қазақ халқының қазіргі ауыз екі тілдік қолданысының өзінде асыққа қатысты сөздер мен мақалдарды, мәтелдерді жиі кезіктіреміз.

«Алтын асықтай», «Алшы киді», «Асығы алшысынан түсті», «асық ұтыс», «биені бүгімен - түйені түгімен жұтты», «бүк түсіп жатып қалды», «бүкір бел», «бүкең қақты», «Омақа асты», «сақадай сай тұр», «сары тіс сақа айғыр», «тәуекел» сияқты көптеген сөз тіркестерімен бірге төмендегі мақалдарды да келтіре кетсе болады.

Қой асығы демей-ақ

қолыңа толса, сақа тұт,

Жасы кіші демей-ақ

ақылы асса, аға тұт.

Немесе арық шыр бітпейтін адамдарды «ит кемірген қу асықтай» деп те жатады.

Шікірейіп киінген бас киімді «тымақты алшысынан кидіргендей» деп халық ақыны Абай Құнанбайұлы өлеңдерінде келтіреді, Халық әні жиырма бесте де әдемі қыз баланы «қыз емес қыздың аты қызыл асық» деп теңейді. Еш нәрсені жасырмай айт деген кезде де «бүге-шігесіне дейін түсіндіріп айтшы өзі» деген де сөзді кезіктіруге болады.

Сонымен бірге қазақ халқында кең тараған асықпен отырып ойналатын ойын түрлері де жеткілікті. Солардың қатарына «Хан» немесе «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Сасыр», «Бес асық», «Иірмекіл» және т.б айтуға болады.

Асықпен ойналатын осындай ойын түрлеріне қарап отырып тарихымыздың белгілі бір уақыттарында бұл ойындар нағыз құмар ойындарының бір түрі болғаны анық. Мәселен оған қазақ халқындағы «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой жайып құйрық жеген озар» дейді. Қарап отырып асық ойыны қоғамдық індетке айналып белгілі бір адамдар тобының қазіргі уақыттағы сияқты құмар ойынына салынғанын көруге болады.

Бұған тағы бір дәлел қазіргі уақытта азарттық (құмар) ойындар саналатын барлық ойын түрлеріндегі төрт қырлы зариктердің (кубиктердің) атқаратын қызметінің бастауы асықтардан шығады. Яғни асықтың алшысы - алты, тәйкесі - бес, бүгі мен шігі - төрт пен үш, омпысы мен қыңыр түскендері - екі мен бір арқылы ойын жүрістерін жүргізу.

Енді «Хан» ойынының ойналу тәртібіне қысқаша тоқталып кетейік. Ойнаушылар кезекпен - кезек асқан ептілікпен асықтарды бүгін-бүкке, шігін шікке шертіп тигізіп ұпай жинайды, ұтқаны асықты қос қолмен уыстап алып шашып жібергенде сақасы алшы түссе, бәрі мәз болып «ханталапай» деп шуылдасып бас салып, қолдары жеткенше талап алатын «Хан» ойынын балалар ғана емес, үлкен-кішісі барлығы ойнайтын болған. Бұл ойында сақа - хан, қалған асық бұқара халық деп есептеліп, асықтарды шерткенде ханға ең соңына дейін тигізуге болмайтын болған, тек ханды алған адам (шахматтағы ең соңында корольді ұстаған сияқты) жеңіп, барлық асықты алып, ойынды қайтадан бастауға ерікті болады.

Көне көз қариялардың әдетінде жақсы сақталған бір дәлел жолдан асық көрсе міндетті түрде қуанып қалтасына салып алады. Бұл да халық жадында қалған асықты қастерлеу мен құрметтеуден тұрса керек. Асық жөнінде түркі жұртының қара шаңырағы саналатын қазақ халқында әлі де айтылмай шет қалған деректер мен мысалдар жетерлік. Сондықтан барлық туыстас түркі жұртының мәдениеті мен бірге қазақ халқының әдет-ғұрыптарын зерттеп тұжырымдар жасау мақаламыздың өзегі болмақ. Асықты барша түркі жұртының мұрасы деп қарап оны халық жадында қайта жаңғырту арқылы ұлттық құндылықтарымызды бағалай аламыз.

Әдебиеттер:


  1. Сотникова С.В. Детские погребения с наборами альчиков и роль игры в обществах степного населения эпохи бронзы. / Бронзовый век Восточной Европы: Характеристика культур, хронология и периодизация. Самара: НТЦ, 2001.

  2. Н. Батболд. Хүннүгийн хадны зураг // STUDIA ARCHAEOLOGICA INSTITUTI ARCHAEOLOGICI AKADEMIAE SCIENTIARUM MONGOLICAE. Tomus XXXI. 2011.

  3. Ақеділ Тойшанұлы. Түрік - моңғол мифологиясы: Монография. - Алматы: «Баспалар үйі», 2009. - 192 б.

  4. Олжабай С. Шардара шыңырауындағы Шахристан. / «Жалын» Республикалық әдеби-көркем және әлеуметтік журнал. Алматы., 2013.№ 12.

  5. Абрамзон С.М. Рождение и детство киргизского ребенка // СМАЭ. М.;Л.: Изд-во АН СССР, 1949. Т.12.

  6. Валиханов Ч.Ч. Тенкри (Бог) // Собр соч. В 5-ти томах. -Алма-Ата, 1984. Т.1.

  7. Төлеубаев Ә.Т. Қазақ халқы этнографиясының мәселелері - Алматы: Servis Press, 2013. Т. 2. - 496 б.

  8. Бабақұмар Хинаят. Жауырынның сакральды қызметінің тарихы - этномәдени семантикасы» / Абай -ақпарат журналы. Алматы.,2000.

  9. Артықбаев Ж.О. Арджаспа туралы аңыз. / Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелері. ІІ том. - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2009.

© 2010-2022