"Статья; на тему: Ы. Алтынсарин-ұлы ғалым, педагог"

Раздел История
Класс 8 класс
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:





Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына арналған

«Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы-мәңгілік қазына» атты

ғылыми-ағартушылық конференцияға дайындаған баяндама:




«Ы.Алтынсарин: ұлы педагог және ағартушы».


Тарих пәні мұғалімі: Г.Т.Нурмагамбетова




Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай рақат,шын бақытын тапса адам.

Өзектілігі

Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жаткан шаралардың барлығы жастарға жалпы адамзаттық және жеке ұлттың игіліктер негізінен тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде.

Бүгінгі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын рухани мәдениетінімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Тәуелсіздік жолына түсіп, өркениетті елу елдің қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыруға кіріскен Қазақстан үшін халқымыздың ұлттық сана-сезімі мен ұлттың дүниетанымын қалыптастыру бүгінгі таңда аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Сондықтан елімізде жасалып жатқан шаралардың барлығы жастарға жалпы адамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.

Білім - адамның ішінен шығатын емес, сырттан келетін нәрсе. «Оқымай, маңдай терлерін шашпай білімді болам» дегендер тормен су алғысы келгенмен тең. Біз қанша білсек, сонша нәрсені жүзеге асыру қолымыздан келеді. Сондықтан да «Білім - күш» деп ағылшын ойшылы бекер айтпаған. Білім өмірде таяныш, жолдас, қуанышта бастаушы, қайғыда медет, күресте құрал, зұлымдыққа қарсы айла деп те айтуға болады. Өмір озған сайын, қоғамдағы әлеуметтік - саяси қарым-қатынас дамыған сайын, мемлекетаралық интеграция күшейген сайын мұғалім қызметі қиындай береді

Бүгінгі ұстаз шәкіртіне әр пәннен берілетін ғылым негіздерінен білім, мәдениет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат кеңістігіне шығуға тәрбиелеуі керек. Ол тек өз мамандығын сүйген, өз ісіне табанды ұстаздардың ғана қолынан келеді. Әрине, ұстаздың бұл үшін өз кәсібінің майталманы болып, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат - қуатын, жоғары адами қасиеттерін салу керектігі айтпаса да түсінікті.

Мақсаты: Ұлы ғұлама ғалымдарының педагогтың дамуындағы педагогикалық және психологиялық көзқарастары және ой-пікірлерін зерттеу.

Түйінді сөздер: психология, педагогика, ұстаз, тәрбиелеу.

Ұстаз ұлылығы мен ұлағатын, тынымсыз еңбегін бағалай келе, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім - мектептің тынымсыз соққан жүрегі» десе, Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын - мұғалімдікі» деген екен. Данышпан ұстаздар ұжымы ХХІ ғасырдағы болашақ еліміздің, қоғамның тағдырын шешетін жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу міндеті жүктелгенін түсініп, оларды білімді, сапалы азамат етіп шығару жолында еселі еңбектерін қосады деп сенемін.

Фарабидің педагогикалық теориясында оқыту мен тәрбие өте тығыз да біртұтас байланыста қарастырылғанымен, олардың педагогикалық құрал ретінде ерекше, әрқайсысына ғана тән жақтары да ажыратылады. Оқыту адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал тәрбие-білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі. Оқыту сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа белгілі қимыл-әрекет дағдысын егеді...".Былайша айтқанда, Фарабидің пайымдауы бойынша оқу - философия негіздерін, теориялық білімдерді игеру, ал тәрбие - ол мұғалімнің, тәлімгердің, адамға белгілі бір адамгершілік, кұлық қалыптарын және практикалық өнерді игеру дағдыларын қалыптастыру бағытындағы іс-әрекеті, ол шәкірттерге белгілі бір оң қасиетті, сапаны дарыту үшін қалай болса солай емес, белгілі бір мақсатты көздеген, саналы тәрбие жұмысына басты мән береді. Ғұлама тәрбие кезінде тәрбиеленушінің ерекшелігін ескеріп, әрбіріне жеке әдіспен дара қатынас жасауды талап етеді.

Адамдардың, әсіресе, жастарды тәрбиелеу жүйесінде Фараби бірінші орынға шынайы бақытқа жетуге кепіл болатын мінез-құлық тәрбиесін қояды. Кең мағынада алып қарасақ ғұлама бұл тәрбие ауқымына еңбек, эстетика, дене, гуманистік, патриоттық т.б. тәрбиелер түрлерін енгізіп қараған сияқты.

Фарабидің педагогикалық топшылауларында адамның еркі (ырқы) мен талап-тілегіне үлкен маңыз беріледі, олар тиісті жағдай туған кезде онда адамды жақсы қасиеттер қалыптастыруға жетелейтін мақсат пен құралдарды еркін де саналы түрде таңдап алуына мүмкіндік береді. Ал мұндай жақсы сипаттар табиғаттан, сырттан емес жаттығу, машықтану, әдеттену арқылы дариды. Ерік пен тілектің ең жарқын байқалатын жері- сезім мен рухани қажеттілікті таңдау кезі болып саналады, Осылай басында еркін таңдау, ерік- күшімен келетін сапа-қасиеттер бара- бара біртіндеп тәрбие арқылы адам мінез-құлқының міндетті белгісіне айналады, рухани өміріне сіңіседі[5]. Бұл Фарабидің адамзатты болашақ бақытқа жеткізу жөніндегі ең басты гуманистік принципі, халықтар достығы- ырыстың басы - ғұламаның түпкі ойы, мынадай сыры міне осы қағидада жатыр. Басқаша айтқанда, адамдар бақыт жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір суруі ләзім. "Адамдар туралы айтсақ, - деп жазады ғұлама,- оларды қосатын, байланыстыратын дәнекер тұтқа - адамгершілік болып табылады. Сондықтан адамдар адамзат тегіне жататын болғандықтан өзара бейбітшілік, татулық сақтауы ләзім [1].

Қазақ топырағында қоғамдық прогресс үшін ғылым-білімнің маңызын ерекше көре білген Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835- 1865) бүкіл әлемдік өркениет қорынан мейлінше мол сусындаған, жан-жақты білімді, озат ойлы, ерекше дарынды адам еді. Шоқан еңбектерінде психологиялық мәселелерге байланысты әр түрлі сипаттағы деректер баршылық. Осылардың ішінде басқа мәселелерден көбірек сөз болғаны - халқымыздың ұлттық санасы, оның ішінде өзіндік психологиялық ерекшеліктері туралы мәселе еді.
Шоқан Уәлихановтың пікірінше, халықтардың ұлттық психологиясын көрсететін белгілердің бірі - сол халықтың тіл байлығы, сөз өнері, шешендік қасиеттері. Ол сөз өнерін халық бойына біткен зор таланттың, керемет қабілеттің, ақындық қуаттың белгісі деп санады. «Халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпы, - деп жазды ол, - бәрінен де артық тілден көрініс табады. Өйткені қастерлеу және аңыздарының молдығы - терістік және Орта Азия көшпелі халықтарының ерекше қасиет. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасама бояу сөздер жоқ, ол нағыз таза тіл». Оның этнопсихологиялық пікірлерінің бұдан басқа да кейбір келісе бермейтін жақтары бар. Мәселен, ол халқымыздың басты- басты психологиялық ерекшеліктерін (қонақ жайлылық, үлкенді сыйлау) дұрыс көрсете келіп, осы ұлттық мінезде кейбір өзгермейтін, тіпті тұқым қуалайтын жақтары да бар деген пікір айтты. Шоқанның психологиялық пікілерінің екінші бір арнасы оның дін жөніндегі толғаныстарымен астарласып жатады. Ғұлама ғалым алғашқы адамның қиялы мен діни сенімдері оның табиғатқа тікелей қатынастарының бейнесі ретінде пайда болғанын айтады. Шоқан психологияда өзіндік теориялық тұжырымдар ғана жасап қоймай, өзін шын мәніндегі практик психолог ретінде де көрсете алды [2]

Ы. Алтынсарин де Шоқан сияқты арнаулы психологиялық еңбектер жазып қалдырмаған кісі, әйтсе де оның сан алуан ойға толы шығармаларын қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған көптеген қызықты деректер табылады. Ы. Алтынсарин өз «Хрестоматиясында» жас өспірімдердің жан дүниесін, ақыл-ойын қалыптастыруға ұдайы көңіл бөлу мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп есептеді. Психология ғылымы-адам өмірінде әр түрлі әдеттің алатын орны ерекше екендігін, істеген істің, жүріс-тұрыстың, демалыстың, яғни өмірдің сан алуан саласының қай-қайсысы да біртіндеп ұнамды, не ұнамсыз әдетке айналып отыратындығын, бірақ әдеттің де әдеті бар, яғни адамда жарамды жақсы әдеттермен қатар жарамсыз, жаман әдеттер де болатындығын ескертеді. Мәселен, салақтық - жаман әдет, одан тәнге де, жанға да пайда жоқ. Бала жанының зергері Ы. Алтынсарин әңгімелерінің бәрі-бәрі де балалардың жас ерекшеліктеріне орай, тілі жеңіл, мазмұны тартымы, олардың жан-дүниесіне әсер етерліктей етіп іріктеліп алынған. Ы. Алтынсариннің тәрбиеші ұстаз, мұғалімдік өнер жөніндегі айтқандарында психологиялық түйіндер аз емес. Ол оқу - тәрбие процесіндегі мұғалім рөліне айрықша маңыз береді, мектеп ісінің сан-саласындағы жетістіктерді мұғалімнің білімі мен іскерлігіне, беделі мен өз жұмысын жан-тәнімен сүйе білуіне байланысты деп түсінеді. «...Қазақ мектептерінің бар келешегі - деп жазды ол, - көбінесе істің қазіргі басталуына байланысты, сондықтан да мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін». Алтынсариннің тәрбиеші ұстаздың жеке басы туралы айтқан пікірлерінің негізгі арқауы - тәлімгерлік жұмыс - өте нәзік, қасиетті іс. Ол ұстаздың өте сезімталдықты, балаға деген сүйіспеншілікті, оның жанын жазбай тануды қажет етеді. Шәкірттерді сүйе білген оқытушы ғана қатаң талапты, әрі өнегелі, беделді тәрбиеші бола алады. Оның қазақ елінің жағдайында айтқан осындай тамаша ой-пікірлеріне ерекше сүйсінесің.

Ыбырай Алтынсариннің прогрессивті педагогикалық идеялары ХІХ ғасырдың екінші жартысында демократиялық орыстың қоғамдық ой-пікірлерінің ықпалымен қалыптасты. Ыбырай өз замандас отандастарының ағартушылық ой-пікірлерін қуаттап, қазақ жерінде оқу-білімнің шамшырағын жақты, педагогтік-демократиялық көзқарастың негізін салды.

Қазақ халқының мәдениеті мен ағарту тарихынан көрнекті орын алатын қайраткер, халқымыздың мақтанышы, демократ-ағартушы тұңғыш педагог, ақын- жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-01889)-орыс-қазақ оқу-ағарту саласының негізін салушылардың бірі [3].

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларының қалыптасуына орыстың ұлы педагогы К.Д. Ушинскийдің алдыңғы қатарлы идеялары үлкен рөл атқарылғанын ескерте кету керек. Ы.Алтынсарин мектепті қазақтарға білім берудің шешуші құралы деп есептеді, сол арқылы қазақ халқының қоғамдық өміріне әсер етуді, қоғамдық прогреске бағыттауды көздейді. "Осы жылы қаңтардың 8 күні менің күткен ісім орынына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан қасқырдай, өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, не бары үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды…",-деп қуана жазды ұлы ағартушы.

Ы. Алтынсарин оқыту әдістерін жаңа бағытта оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздей отыра құрды. Мектеп оқуында, ана тілін үйретуде ұлы педагог К.Д. Ушинскийдің терең ойларын басшылыққа алды. "Қазақ хрестоматиясын" жазуда Ыбырай Алтынсаринға К.Д. Ушинскийдің педагогикасы мен оның "Балалар әлемінің ", Л.Н.Толстойдың, И.И. Паульсонның, Н.А.Корфтың және басқаларының оқулықтарының күшті әсері болды.

Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының өзіне тән ұлттық-тәрбие үрдістерін ағарту ісімен ұштастыра отырып, бүгінгі педагогика саласындағы бірнеше бағыттардың негізін салды. Халықтың ұлттық тәлім-тәрбиесі негізінде ол Қазақстандағы ұлттық мектептердегі оқыту ісінің әдістемесінің іргетасын қалады. Ол Қазақстандағы мектептердегі оқыту, білім беру ісін бір жүйеге келтіруді талап етіп, соны белгілі жолға қойды. Оның жаңашыл әдістерінің бірі - оқытудағы оқу үрдісін ана тіліне негіздей отырып, орыс тілін меңгеру болса, оқу үрдісіндегі жаңашыл идеясының бірі - оқулықтар мен оқу құралдарын орыс графикасына сүйене отырып, жаңа алфавит негізінде жасау болды. Ыбырайдың бұл ісі-ағарту саласындағы ұлттық тәлім-тәрбие мен білім мазмұнын сақтай отырып, күнделікті оқыту ісіне енгізу еді. Ал бүгінгі таңда Ы.Алтынсариннің бұл еңбегін мектеп тарихындағы білім беру ісіндегі бет ашары, ағарту саласына жаңаша сипат берген игілікті жұмыстарының төл оқу құралдарын дайындаудағы теориялық ізденістерінің бастамасы деуге болады.

Ыбырайдың оқу-ағарту ісіндегі тағы бір жаңалығы қазақ жастарына кәсіби мамандық беру мәселесін қолға алуы болды.Ол Торғайда, Қарабұтақта қолөнер училищесін, Қостанайда ауылшаруашылығы училищесін ашып, қазақ жастарына қажетті мамандар даярлау ісіне зер салды.

Ы.Алтынсарин өз замандастары Шоқан, Абай сияқты Ресей өңірінің түкпір-түкпірлеріне жеткен сол кездегі алдыңғы қатарлы озық идеяларымен шамасында сусындайды. Алтынсариннің педагогикалық ой-пікірлері оның творчестволық қызметінің кез-келген саласымен өзектесіп жатады. Ол бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, оларға дүнияуи ғылымдарын үйретуге, төл оқу құралдарын жазып шығаруға, мектеп үшін жақсы ұстаз-мұғалімдер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми-методикалық басшылық жасауға арнады. Өзінің ғылыми-публицистикалық, жазушылық творчествосын қазақ халқының өмірінде ХІХ ғ. өрістеген қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға жұмсады. Сөйтіп, өзінің бар өмірін ағартушылық ісіне бағындырып, қазақ жастарын адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнегелі, өнерлі азамат болуға шақырды, теріс пікірлерден, ескі әдет-ғұрып, соқыр сезімдерден, ұрлық, зомбылық, жатып ішер жалқаулық сияқты жаман қылық, жат мінездерден бойын аулақ ұстауға шақырды.

Профессор Т.Тәжібаевтың «Қазақстандағы педагогикалық ойдың пионері»деген бағасының тайға таңба басқандай, әділ баға екендіген еш шүбә келтірмейсің. Өйткені басқа пікірлерін былай қойғанның өзінде ардагер педагогымыздың мұғалім жөнінде айтқан осы пікірлерінің өзі-ақ оны осылай деп атауға толық болатындығын айттырмай дәлелдейді. Абай Құнанбаев (1845-1904) творчествосында психологияның негізгі мәселесі - жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен білімнің атқаратын қызметі, сондай-ақ бала психологиясы мен қоғамдық ұлттық психологияның жекелеген мәселелері де көрініс тапқан. Оның психологиялық көзқарастары Аристотель мен әл-Фараби көзқарастарымен астарласып жатады. Оның таным процесіне байланысты материалистік түсініктері аллаға сену мен жанның мәңгілік туралы ұғымдармен араласып отырады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман - алындағы келер заман», т.б [4]. өлеңдерде ақын адамның тәні ғана өледі, ал жаны ешқашан да өлмейді деп тұжырымдайды.

Сұтанмахмұт Торайғыровтың (1893-1920) психологиялық пікірлерінің негізгі желісі Қазан төңкерісі алдындағы дала өміріндегі дүрбелеңмен сабақтасып отырған. Сондықтан да оның пәлсапасынан қоғамдағы өзгеріс, жаңа заманның лебі жақсы байқалады. Мәселен, оның таным жайлы пікірінің негізгі түйіні: бізді қоршап тұрған сыртқы дүниенің ұшы-қиыры жоқ, ол сансыз атомдардан тұрады, бұлардың бірі тозып, өшіп жатса, екіншілері жаңадан пайда болып жатады, адамның жан дүниесі де атомдардан тұрады, жан тәннің өзіндік заңдылықтарына орай көрініп отырады деуі - ғылыми тұжырымның жақсы айғағы. С.Торайғыровтың пікірінше, адам табиғаттың туындысы, ондағы себептіліктің жемісі. Ол дүниенің сырларын біртіндеп ашып, оны шама-шарқынша өзгертіп отыратын белсенді тұлға. Адам сыртқы дүниемен байланыса отыра, оны біртіндеп тани береді, сөйтіп өзінің ақыл-ойын дамытады. С.Торайғыров қазақ тарихында бірінші болып жан мен тәннің, яғни психика мен мидың ара қатынасы туралы мәселе көтеріп, бұл екеуінің өзара байланысын ғылыми тұрғыдан дұрыс түсіндіреді. Ол жан мен тәннің ылғи да бірлікте, тұтастықта, байланыста болатынын айта келіп: «Дене азыққа тоюдан жан ер жетер... Жан ер жетіп, дүниенің сырын табар...», - деп адамның тәні өсумен қатар жаны, ақыл-ойы сана-сезімі де бірге өсіп жетіліп, дамып отырады дейді [4].Тән мен жанның қоса өзгеруінің негізін Сұлтанмахмұт тәнде, яғни мида деп түсінеді. Адам өлгеннен кейін онда «қимыл жоқ, сезім жоқ... жек көру жоқ, махаббат жоқ... өмір жоқ, яғни бір сөзбен айтқанда, тәннен бөлінген жанда ешуақытта өмір болмайды», -деп, осы мәселені материалистерше баяндайды. Ақын шығармаларында жастық шақтың ерекшеліктері «сезімді ыстық жүрек», «дүние мен үшін жаралған», «қайғы алған жоқ жүректің бір бұрышын», т.б. дегендей сөз тіркестермен сипатталып отырады. Сұлтанмахмұттың жігіттік кезеңге байланысты айтатын ойының түйіні, жастық шақ қызығы мен қиыны таусылмайтын, адам бақытын іздеуде таптырмайтын өте қолайлы кезең, сондықтан да шамаң келгенше осы кезеңде құлашыңды сермеп бақ. Ақын жастық шақта адамның ақыл-ойы интеллектісі өте алғыр, дүниені танып-білуге құмарлығы күшті, сондықтан да осы кезде оқуға, білім алуға ерекше ұмтылу қажет дейді.

Қорытындылай келе, қазіргі кезде рухани мәдениетіміздің тарихына айрықша назар аударылып отырғанының себебі де осы. Жастар тәрбиесінде халқымыздың рухани мұраларын пайдаланып, жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндік туып отыр.

« Адам ұрпағымен мың жасайды » - дейді халқымыз .Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Еліміздің тірегі білімді ұрпақ. Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет -Тәуелсіз мемлекетіміздің уығыбоп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты

тәрбиелеу, тиянақты білім беру.

"Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында" деген Н.Ә. Назарбаев. 21 ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты тұлғасын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Білім мен ғылымның Қазақстан дамуына оңтайлы әсер етуі үшін дүниежүзілік кеңістікке ену, білім беруді одан әрі демократияландыру, оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, бүкіл әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда.

Әр баланың ата-анадан кейінгі ақылшы, сенімді тәрбиешісі, жүректері лүпілдей қаққан ең жақын адамы ретінде сезінетіні - ұстаз. Мұғалім әрбір оқушыны білім мен ғылым нәрімен сусындатады, балаларды мейір-шапағатқа, онан соң ақыл-парасатқа, соңында еңбекке, адамгершілік сезімге, патриотизм мен мақсаттылыққа үйретеді, жүрек жылуы мен аялы алақаны арқылы оқушы бойына небір тамаша қасиеттерді сіңіреді.

Ұстаздың ұлылығы мен ұлағаты туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан елі сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр да жауапты сын» деген.

Адамзат ХХІ ғасырға қадам басып, дүниежүзілік ғаламдану үдерісін бастан кешуде. Заман талабына сай Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын енгізу, соған сәйкес кәсіби шеберлігі дамыған мамандармен қамтамасыз ету, өркениетті, ғылыми-әдістемелік бағытқа ынталандыру, кәсіптік білімді ақпараттандыру, сонымен қатар білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару - еліміздегі ең маңызды іс. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында басты мақсаттың бірі ретінде білім беру аталды.

Міне, сондықтан да ХХІ ғасырдағы жаңа заман мұғаліміне қойылатын талаптарға тоқталатын болсақ: мұғалім жеке көзқарасы бар әрі соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман болуы қажет; өз ісін жетік біліп, қызметін табанды жүргізе алу керек; мұғалім педагогтік, психологтік білімін жетілдіріп үйренумен қатар сол білімін күнделікті ісінде шебер пайдалана білуі керек; жаңа технологиялық оқытуды енгізу және олардың мазмұнын, ерекшеліктерін ескере отырып білім беру сапасын арттыру; жан-жақты дамыған жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ету; оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұлттық тәрбие жүйесінде тәрбиелей отырып Отансүйгіштік қабілеттерін ашу; оқушылардың ерекше қабілеттерін тану арқылы дарындылықты дамытудың нақты бағытын іске асыру; оқушының жеке пәндерге деген қызығушылығын арттыру арқылы шығармашылыққа баулу және тұлғалық тұрғыдан өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін дамыту; дарынды балалардың қабілетін дамытуға жол ашу арқылы қабілетті, дарынды балалардың тобын құру, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру; мұғалім шәкірт алдында әркез ұстамды, сабырлы, шыншыл бейнесімен көрінуі тиіс; жеке тұлғаның өз-өзіне сенімділігін, өзін еркін ұстай білуін, елжандылық қасиеттерін дамыту және өз құқығын қорғай білу біліктілігін дамыту; адамгершілік, саяси-идеялық ұстанымы жұмысында көрініс тауып, оны оқушы тәрбиесі мен білім беру саласына орынды қолдана білуі қажет.


Пайдаланылған әдебиеттер:


1.Мұқанов М.М. Жас және педагогикалық психология.-Алматы,1981.
2.Қоянбаев Б.Ж. Педагогика.-Оқу құралы.-Алматы, «Рауан»,1992.
3.Қазақстан мектебі №4, 1995ж.
4.Аймауытов Ж. Тәрбиеге жетекші. «Қазақстан мектебі», 1989

5.Жалын //№2,2012











© 2010-2022