- Преподавателю
- Иностранные языки
- «Мен тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!» (Мақала)
«Мен тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!» (Мақала)
Раздел | Иностранные языки |
Класс | - |
Тип | Другие методич. материалы |
Автор | Тасқалиев Ә.Е. |
Дата | 01.01.2015 |
Формат | doc |
Изображения | Нет |
«Мен тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!»
Қазақтың құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даласы бар. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып даласында егеменді еліміз бар. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігіп, құлаған туды қайта тіктеп өз жері, өз тілі мен діні, рәміздері, президенті мен ата заңы бар, салт-дәстүрін сақтаған дамушы елдермен иық түйістіре алдыңғы орында тұрған «Қазақстан» атты мемлекетіміз бар.
"Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар" деген сөз бар бабаларымыздан қалған. Еліміздің ынтымағына қазір жер-жаһанның бәрі де қызығып отыр. Жер-жерде топалаң келіп, топан су басып, түрлі шиеленіс-қақтығыстар болып, қайбір елдер дағдарыстан еңсесін көтере алмай жатыр. Алла сондайдан сақтасын деп тілейік. Билікке таласып, баққа таласып, таққа жармасып жатқан кейбір даңққұмар, таққұмарлардың не ойлайтынын қайдам, халық елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін, ердің абыройын тілеп отыр. Халқымыз сан ғасырлар армандаған мұратына жетті. Осының бәрі «Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып, Тептер үшін тебіскен» қарындастың қамын жеген батыр рухты бабалардың, ынтымақтың, сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасы.
Елбасының: "Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтерген, өмірдің небір шырғалаң кезеңдерінде небір аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар; өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзінікі түгіл өзге ұлттың жетімін тентіретпеген, қаншама ұлт пен ұлыстарға пана бола білген мәрт халқым бар; жүрегі жомарт, ақылы дария, ниеті пәк, көңілі кіршіксіз қардай ақ ақкөңіл халқым бар; талай жаудың меселін қайтарып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей аман алып қалған батыр халқым бар; күмбірлете күй төгіп, тамылжыта ән салып, қырық күн, қырық түн жырланатын дастандарды дүниеге келтірген өнерпаз халқым бар; қаншама данышпан-даналарды, кемеңгер ғалымдарды, алып батырларды, сұңғыла шешендерді, тура билерді дүниеге келтірген тәкаппар да паң халқым бар.
Мені де осы халықтың дүниеге келтіріп, менің де Ұлы даланың қасиетті топырағына кіндік қанымның тамғанына ризамын. Айналайын, жомарт халқымнан, дана халқымнан, көнтерілі халқымнан!" - деп тебірене жазатыны сондықтан.
Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу - жаңа ойлы тәуелсіз ел жастарының айрықша қасиеті болуға тиіс. "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы" - ұлт болып, Елбасы болып, өзін-өзі қамшылаудың айрықша көрінісі. Елбасымыз бір сөзінде былай деген болатын: «ХХІ ғасыр бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман». Бәсекеге қабілетті болу үшін - адам факторы алғы межеге шығады. Ол адам бәсекеге қабілетті, білімді болуы керек. Қазіргі таңда республика жастары мен жас балдырғандарының толыққанды білім алып, ғылыммен, өнермен басқа да сан салалы істермен айналысып, теориялық білімдерін практикамен ұштастыруларына көптеген жағдайлар жасалынып жатыр. Мектеп партасында отырған жас ұландардың тек 45 минут көлеміндегі сабақпен шектеліп қана қоймай, өзін-өзі дамытып, сан қырынан сынауға мүмкіншілігі бар. «Жас ұлан» ұйымдарындағы оқушылардың өздері басшылық жасап, әр істі өз фантазияларымен ұйымдастырп, сәтті жүзеге асыра білулері де - жаңаша көзқарастың көрінісі, болашақ шебер мамандардың, еңбек адамының қалыптасуы. Кекіл шашын тәуелсіздіктің ерке самалына еркелей тараған балауса балғындардың қоғамдық істерге ат салысып, ел мүддесіне мектеп қабырғасынан қызмет етуі - арлы да жігерлі, қолынан іс келетін, уақыттың алға тартқан талаптарынан шыға алатын ел патриоттарының тәрбиеленуінің көрінісі.
Уақыт - жинақтауға, көбейтуге, кері қайтаруға көнбейтін құдірет. Дүниеде уақытты жеңе білген адам жоқ. Уақытпен ұстаса білген адамдар ғана ұтады. Алмас тасындай жарқылдаған Қазақ елінің уақытпен алыса жүруі - қайтпас қайсар, намысты да жүректі бабалар ерлігінің көрінісі, даналарымыздың келешекке аманаты, егеменді ел ұланының болашақтағы парызы.
Біз - намыстан жаралған, қаһарман халықтың ұрпақтарымыз! Біз - «қазақ деген мал баққан, ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің, дәм-тұзын ақтай білген, достықты сақтай білген, ел іргесін жау шаппасын деп найзаға үкі таққан» елдің ұландарымыз! «Тірліктен де бірлікті артық қойған» «жүрегінде жалын бар, көздерінде от ойнар» жаңашыл жастармыз! Біз - еліміздің «намысы», үкілеген үміті, жайдары да сенімді болашағымыз!
Әбіш негізгі жалпы білім беретін мекьебінің аға тәлімгері Тасқалиев Әліби Ерболатұлы