Төле бидің айтқандары

Раздел Иностранные языки
Класс 5 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Төле бидің айтқандары

Төле бидің айтқандары.

Жасы тоқсан үшке келгенде Төле би баба төсек тартып жатып қалады. Өздерінің ақылгөй, батагөй қадірлі би атасын құрметтеп келіп оның көңілін сұрап қайтып жатады. Бір күні Шу, Жаңыл ақын барады.


Жан аға, сұрамаппын аманыңды-ай, Естіп тұра алмадым хабарыңды-ай.
Жатырсың шөккен нардай енді көлбеп, Тоздырдың қарсы жауды табаныңда-ай.
Төле би ер Қазыбек, тілді Әйтеке, Асқартау - Қазықұрттай биік еді.
деп мұңайып көзіне жас алғанда, Төле би бір жамбасынан аунап жатып - Қарағым Жаңыл, жүрген жолың даңғыл, ақыретің адал болсын!- деп ризашылығын білдіріпті. Сол жолы Жаңыл ақын Төле би атасының қасында көңілін аулап өлең жыр айтады. Аулына қайтарында сұрақ қояды:


Көргелі келдік сізді біз.
Жалпарынан дүниені,
Әбден басып жүрдіңіз.
Сізсіз шылбыр бермеді,
Түгел қазақ еліңіз.

Жаңыл осылай дегенде, Төле би басын көтеріп: - Жаңыл қалқам, баласың-ау, армансыз адам болушы ма едің: арманы біреу, екеу болса, менің арманым екеу, төртеу, тайын; мен қазақ, қырғыздың бір туғандай кезінде туылып, бөліне бастаған тұсында дүниеден кетіп барамын. Осы менің алдағы күндері халқымның күні қандай болмақ деп армандап кеттім.

Төле бидің айтқандары.

Төле бабамыз өзінен кейінгі би, шешендерге талай тәрбиелеген ара би ұстаз боп өткен. Ол талай жас билерге бата берер батагөй ел ағасы болған екен. Бұған Тайкелтір шешеннің тала баулығанын дәлел етсек те жеткілікті. Тайкелтір шешен жас кезінде жоғалған бір тайлағын іздеп кездейсоқ Төле бидің үйіне тап болады. - Ассалаумағалейкум! - Уағалейкумассалам! Сен кімнің баласысың? - Айдаболдың баласымын. - Балам, атың кім? - Тайкелтір, - Әкең саған болмас ат қойғаны қалай? - Тақсыр, әкем мен жақсы болсам, ата-бабаға атақ-абырой ат келтірсін, жаман болсам, тай келтірсін деп қойған болар. Төле би он екі жастағы баладан мұндай жауап күтпеген еді. Баланың тайсалмай жауап беріп тұрғанын ұнатып, қалың қабағын көтеріп тесіле қарапты. - Балам, жәй ел қыдырып шықтың ба? Бел сыдырып шықтың ба? - Бір тайлағым ауа жайылып желдеп кетіпті, соны іздеп Шу бойындағы қалың елді сүзіп келемін. - Балам, тайлағың табылар. Құдай айдап, ойда жоқ жерде біздің үйге кез болдың. Осында қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет. Әкең досым еді, ол Шудың аяғын, мен Шудың басын жайлап жатушы ек. Көптен қатыса алмай жүрміз. Әке, шешең аман ба? - Шүкір, ата, сіз үйғарсаңыз қонайын, - дейді бала. - Бәйбіше, Тайкелтірге қымыз құй, күн ыстық, шөлдеп келген шығар, - дейді Төле жанындағы жұбайына бұрылып. Бәйбішесі қымызын сапырып, алдын Төлеге ұсынып, екінші тостағанды балаға бергізеді, одан соң қымыз төрде жағалай отырған ақсақалдарға беріледі. Төле бидің сөзін ұйып тыңдап отырған шалдарға, оның осы бір балаға сонша ілтипат көрсеткені, адам тіл қата алмайтын Төлеге баланың тақылдап жауап беруі оларға шаншудай тиіпті. Бірақ Төледен батып ешкім ештеңе айта алмайды. Қымыз ішіліп, дастарқан жиналған соң қонақтарды күтіп жүрген орта бойлы дембелше жігіт бір сарбасты босағадан көлденеңдетіп "бата беріңіздер" дегенде, төрде күнімен қымыз алып отырған ақсақалдар ыңғайланып қолдарын көтере береді. Қонақ бала батаға кол көтермейді. - Балам, неге колыңды жаймайсың? - Мен бұл қойдың батасына қол көтермеймін, - дейді Тайкелтір байыппен. Шалдар "неге, неге" десіп қалады, Тайкелтір күле сөйлеп былай жауап береді. - Қой сіздерге арналса, баталарыңызды беріп сойғыза беріңіздер. Ал егер матан арнап әкелінген мал болса, батасын өзім беремін. Бірақ әлгінде Төле атамның "әкеңнің сыбағасын жеп кет" деген сөзі бар еді, мен бұл койдың кімнің сыбағасы екенін түсінбей отырмын. Төрде отырған қаба сақал қара шал не айтарын білмей сасқалақтап біресе Төлеге, біресе жанындағыларға жалтақтай карай береді. - Өзің бір тақылдаған пәле екенсің! - Ата, мен пәле емес, баламын. Бағанадан үндемей сөз сарынын байқап отырған Төле Тайкелтірдің мына сөзінен амалсыз тосылады. - Иә, Тайкелтір балам дұрыс айтады, әкесінің сыбағасын жеп кет дегенім рас. Айдаболдың осы дастарқаннан жылда жеп жүргені тоқты торым емес, қыстату бие, жазда - құлын, тай болатын. Бар! Қойды қоя бер де, жылқыдан бір құлын алып кел!..

Төле бидің айтқандары.

Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты: сонда Төле би былай деген екен: - Бата - басқа, қына - тасқа, ақыл - жасқа, не қалайсың, балам? - депті. Сонда Жетес бала: - О, қасиетті, баба! - Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат, тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз соған ризамын, - депті. Онда колыңды жай, балам, - деп Төле би:


- Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма, Көп көлдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала, аумин, Қараны карала
Өзегің талса өзен бойын жағала, Басыңа іс түссе көпшілікті шағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол. . - Халқыңа әділ бол,
Жауыңа катал бол! Досыңа адал бол! -

аумин, деп бата беріпті.

Төле бидің айтқандары.

Өзінің саналы өмірінде Төле би бабамыз шындық, әділдік жолында қыруар қызмет атқарады. Сөйтіп, ол халқының бірлігі, тірлігі, тұрмысы, салт-сана дәстүрі үшін бүкіл ғұмырын арнады. Сол үшін де туған елі оны төбесіне көтеріп, кұрметтейді, шешімі мүлтіксіз жүзеге асып жатты. "Төбе би", "Әулие ата", "Қарлығаш өулие" деп атап кетті. "Шындық шыңыраудан да алып шығады" демекші, Төле бидің саладағы бір әділ билігі жөнінде өзінің бір ұрпағы зерттеуші М.Қалдыбаев "Алматы ақшамы" газетінде (16 қаңтар, 1991) былайша баяндайды: "...Төле бидің ұлдарының бірі Жолан кең даламен жатып, киімдері жыртық-жыртық мүсәпір қарт кісіге: сақалы ұйпа-тұйпа, жағы суалып, көздері қызарып кеткен: - Ассалаумағалайкүм, ата жол болсың! - Әлей болсын, шырағым. Мен де бір мүсәпір едім, сініп, бүгілген белін қолымен ұстап жерге отыра кетті.Жолына түсіп қасына келді. - Ата, күн ыстық, жүріңіз, анау жиденің түбіне бара ғынан демей берді. - Қарағым-ай, өзің қандай мейірбан бала едің, көп сол жиденің түбінен көрдім ғой. Карт егіле жылап, екі қолымен басын ұстап, отырып қалды. Жолан ер үстіндегі қоржынын алып, торсықтағы қымызын ішіп, шөлін басып, үһ деп демін алған қарт жиде саясына өткен жайды баяндады: - Қарағым, балам, "өлмегенге өлі балық жолығады" жолыққаның жақсы болды, не істерімді білмей, есім шығып отыр едім. Өзім тақыр кедеймін. Бала-шағам көп. Көрші ауылда ұзатылған қызым бар. Үйде азығымыз таусылып, сол қызыма барып едім. - Бала-шағам аш, ептеп-септеп азық бер, дедім. - Жарайды, - деп күйеу бала мен қызым аздаған азық-түлік, киім-кешек тауып берді. Жаяу барған едім, жаяу қайттым. Қоржынымды ана-мұныға толтырып, иығыма асып, осы жерге азар деп жеткен едім. Мына жалғыз түп жиденің түбінде құр кұдық бар екен. Осында қондым. Қайғырып жатып, қалғып кетіппін. Біреу бассалып, тұншықтырып, катты соққылай бастады. Есімді жисам, қоржын жоқ. Жылап-жылап: - Енді қайттім? Үйдегі аш, жалаңаш балаларыма қалай көрінем? Қызыма қайта барғаныммен, сыры мәлім, соңғы азығын аузынан жырып бергенін білем. Әбден масқара болдым-ау, айдалада ұйықтап нем бар еді? - деп қайғырып отырмын, балам. -Ата, саспаңыз, бекер босқа жасып, жыламаңыз. Жасыңызды тыйыңыз. Бүл төңіректе біздің ауылдан басқа ауыл жоқ. Екеуміз мына атқа мінгеселік. Ерге қартты отырғызып, өзі артына мінгесіп, ауылына келді. Ақ сақалы омырауын жапқан атжақты, қыр мұрынды, кең жауырынды, өткір жанарлы Төле би бар жайды ұйып тыңдап: - Жарайды, қариям, қазір жұртты тегіс жинап хабарлаймын, - дейді. Көп кешікпей ел жиналып, әділ бидің үкімін күтті. Төле би орнынан тұрып, халық алдына келіп: - Оу, жұртым, түгел жиналдыңдар ма? Бір кісі келмей қалмасын, - деді. - Бәрі жиналды, биеке, - деп жұрт шулады. "Не болып қалды екен? Би бізді неге шақырды?" - деп бәрі аң-таң. Төле би кедей, мүсәпір қартты алқақотан отырған жұрттың алдына шығарып: - Иә, мүсөпір, сенің нең жоғалды? - деді. Менің аш балаларыма әкеле жатқан азығымды, киім-кешегімді біреу құр құдықтың жанындағы жалғыз жиденің түбінде ұйықтап жатқан жерімнен ұрып-соғып, тартып ап кетті. Жұрт тым-тырыс. Бәрі мұңайып, төмен қарап, үнсіз отыр. - Уа, халқым, - деді Төле би. - Мына кедейді жылатпа. Сорлының киімі мен азығын бер. Бермесіңе шындық қоймайды. Біреуің ұсталасың. Ұсынған мойынды қылыш кеспейді деген, алғаным рас еді деп мойында. Ешкім үндемеді: - Жоқ табылғанша бір адамды босатпаймын. Бұл жерден бірде бірің кетпейсің. Жүрт іштен тынып отыр. Ешқайсысында үн жоқ. Күн батуға таяды. - Ойпырым-ай, иттің баласы-ай, қайсысы алды екен? Алған соң шынын айтпай ма? Жұртты босқа иіріп қойғаны несі? Малымыз, үй-жайымыз қараусыз қалды-ау, - деген секілді күңкіл шықты. Бірін-бірі түртіп, тілсіз ыммен сырласып жатқандар да баршылық. "Мен алып едім" деген жауап болмаған соң, Төле би мүсәпір қартқа қарап: - Сізді алғаш құр құдықтағы жалғыз жиденің түбінде тонады ғой. Қазір сол құдыққа жаяу барыңыз. Кімнің алғанын сол кұдық пен жалғыз түп жиденің өзі айтады. Оларда тіл жоқ емес, бар, - деді. Мүсәпір қарт топтан бөлініп, жаяу ұзай берді. - Сіз барып келгеніңізше ешкімді үйіне қайтармаймын. Егер кететін адам табылса, жоғалған мүлкіңізді сол адамға төлетемін. Жұрт бір-біріне қарап: - Ол құдық пен жидеге қанша уақытта барып келе алады, ол қай жерде екен? Жаяу қашан келеді? Білетіндер бар ма? - десті күңкілдеп. Көп ішінде отырған мүсәпір қарттың киімі мен азығын ұрлап алған адам байқамастан: - Ой, ол жиде мен құдыққа барып келгенше таң атады. Ұзақ жер ғой, - деп қалды. Кімнің аузынан қандай сөз шығады деп аңдып отырған Төле бидің жігіттері шап беріп ұстап, әлгіге: - Тұр орныңнан! Мына жұртқа жауап бер! - деді. - Ұзақ жер ғой деп сен біліп айтып тұрсың. Оның мүлкін сенен басқа ешкім алған жоқ. Төле би халықты үйлеріне қайтарып, кос атты қуғыншы жұмсап, кедей қартты алдыртты. Ұрыға: - Бер мынаның мүлкін! - деді бұйырып. - Алғаным жоқ! - Қазір мынаны дарға асыңдар! Екі жігіт білегінен ұстап сүйрей жөнелгенде: - Ататай, алып едім, жанымды киыңыз, өлтіре көрмеңіз! - деп жалынды. - Алған заттарымның бәрін қайтарайын. - Ой, жазған, халықты кинамай-ақ бірден мойындамайсың ба?Шындық айтқызбай коя ма? - деді Төле би суық жымиып. - Саған берер жазам бар. - Ататай, өтінемін, жанымды киыңызшы? - Саған жазам, бұдан былай ұрлық істемеймін деген уәдеңді бер. -Мақұл ата.Енді ұрлық істесем дарға асылайын..." Міне, осылай Төле бидің алдынан ешбір айыпкер,күнәкар қашып құтылмаған.Қайсысы болса да оның алдында кінасын мойындаған.Сөйтіп тура ақ жолға түскен.Ел қатарына қосылып адал еңбек еткен.



Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол.

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол.

Бір тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол.

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала,

Өзегің талса, өзен бойын жағала,

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол,

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол.

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

Өзіне келер ұятын,

Өзі біліп тұрса игі.

Жаудан бұққан немені,

Ортасына қуса игі!

Арғымақ баптап не керек,

Жабы қуып жеткен соң.

Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң.

Бес күн жалған өтеді,

Ажал қуып жеткен соң.

Бір төбенің басына

Тыға салып кеткен соң.

"Сөйле, Төке" дейсіздер,

Жастар бар ма тыңдайтын?

Бұрынғыдай жұрт қайда,

Айтататын оны біз қайда?..

Іздеп келер інің бар болса,

Бақытың барын содан біл.

Аңсап келер ағаң бар болса,

Аруағың барын содан біл.

Аларды біліп, бермегеннен без,

Ел-жұрты қашып, ермегеннен без.

Үйіне қонақ қонбағаннан без,

Көптің айтақынына болмағаннан без!

Қарағайдан биік ағаш жоқ,

Бұтақтары болмаса, берекесі талша жоқ.

Ақылды деген адамның,

Айтарға аты болмаса, айтқан сөзі жайша жоқ.

Атың жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы,

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

Қызың жақсы болса,

Жайқалып өскен құрағы.

Әйелің жақсы болса,

Бірінші - иманың,

Екінші - жиғаның,

Үшінші - ырысыңның тұрағы.

Жалғандай ойлап тұрсаң бірлік керек,

Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.

Ағайынға ала көз бола қалсаң,

Аузыңнан несібеңді біреу жемек.


© 2010-2022