Мақала

«Бақыт жолы -білімде» деген екен Ахмет Иүгнеки. Дана бабамыз айтпақшы, ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы әрі жарқын болуына ықпал ететін адамзатты алға жетелер құдіретті күш- білім. Кімнің болмасын өсіп-жетілуі, дүрбелең дүниеде өзіндік орын алуы – өз елінің білім жүйесі мен оның дамуына тікелей байланысты. Егеменді елдің қасиетті қара топырағында жер басып жүріп, оңды өзгерістердің игілігін көріп жүрміз.Оң көзбен қарап, игілігімізге жаратар игі істердің бірі - білім беру саласында.
Раздел Иностранные языки
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Көптілділікті меңгертуді жолға қою - білім жүйесіндегі педагогикалық үдерістің негізгі бағыты

Дүтбаева К.Б.

Қазақстан, Бобровка селосы «Бобровка орта мектебі» КММ

«Бақыт жолы -білімде» деген екен Ахмет Иүгнеки. Дана бабамыз айтпақшы, ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы әрі жарқын болуына ықпал ететін адамзатты алға жетелер құдіретті күш- білім. Кімнің болмасын өсіп-жетілуі, дүрбелең дүниеде өзіндік орын алуы - өз елінің білім жүйесі мен оның дамуына тікелей байланысты.

Егеменді елдің қасиетті қара топырағында жер басып жүріп, оңды өзгерістердің игілігін көріп жүрміз.Оң көзбен қарап, игілігімізге жаратар игі істердің бірі - білім беру саласында.

Қазіргі заманғы қоғамда адамнан тек білімді болуын талап етіп қана қоймай, жоғары деңгейдегі мәдениет, ғылым мен техниканың түрлі салаларында терең мамандануын ғана емес қоғамда өмір сүріп, тіршілік ете білуді талап етеді. Баланың тұлғалық дамуының негізгі параметрлері оның жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасу мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері деп қарастыруға болады.

Жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау- білім беру жүйесінің маңызды міндеті.[1] Баланың тәрбиелену, білім алу және жан-жақты қалыптасу, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру сияқты қасиеттерді білім алушылардың бойында қалыптастыру мен дамыту мұғалімдер мойнына жүктелген парыз.Ұстаздардың міндеті оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, алған білімін әлеуметтік бейімделу процесінде пайдалануға икемдеу де болып отыр.

Қазіргі жаһандану дәуірінің негізгі ерекшелігі ақпаратты тарату мен қабылдаудың жылдан жылға аса қарқынды өсуі болып табылатынына ешкім дау айта алмас. Өркениеттің осындай даму кезеңінде тіл мәселесі көзден таса болған жоқ, қайта жыл сайын оның өзектілігі, қоғамдық-әлеуметтік мәні арта түсті. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бері оның аясы кеңіп, қазақ тілін дамыту, оның саяси, мәдени, жалпы білім беру сияқты қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу мен қолдану ісі жолға қойылды, мемлекеттік мекемелерде тілді (қазақ тілін) оқыту ісі жанданды. Жоғарғы оқу орындарында келешек маман ретінде студенттерді ортада сөз сөйлей алатындай дәрежеге жеткізуге, қызмет мәселелерін шешу арқылы еркін тілдік қатынасқа түсуге үйрету оқытудың өзекті жағына айналса, мектептерде оқушылар күнделікті өмірде, тұрмыста тіл игерімдерін мемлекеттік стандартқа сәйкес меңгеруі баса назарда болды және болады да. Қазіргі уақытта баспасөз беттерінде «....Мектеп қабырғасында бес жүз сағаттан аса қазақ тілін оқыған оқушылардың басым көпшілігі септеу мен тәуелдеуді қатесіз орындап, жаттанды фразаларды қайталағанмен, еркін қарым-қатынасқа түсіп, өз ойын білдіруден қашқақтайды» немесе «қазақ тілінің грамматикасын жақсы білемін, бірақ сөйлей алмаймын» деушілер қатары көбейіп келеді» деген пікірлерді әдіскер ғалымдар жариялап жүр. Сонда мәселе төркінін қайдан іздеуіміз керек? Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытып жүрген мектеп мұғалімдерінің тәжірибесінде тіл үйренушілерді ынталандыру, жаңа дәуір талабына сай оқытудың әдіс-тәсілдері мен технологияларын қолдану сияқты мұғалім әрекеті жоққа сайғаны ма? Әрине, олай деу- тым ауыр сияқты. «Илегеніміз - бір терінің пұшпағы» демекші, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді оқытудың тиімді жолдарын қарастырып, қазақ тілінің қолданылу қызметін кеңейту - тіл үйретуші ұстаздарға таңылған абыройлы іс те салмақты міндет.

Жаппай көптілділіктің негізгі іргетасы мектепте қаланатыны сөзсіз.

Жалпы ортада көптілділіктің дамуы мемлекеттің дамуымен тікелей байланысты. «Осы тұрғыда ең маңызды істің бірі - жалпыға міндетті білім беру стандартын оқушыларға меңгерте отыра, оларды көптілді тұлға ретінде қалыптастыру».[2] Бүгінгі күні «көпмәдениетті тұлға үш тілді күнделікті қарым-қатынас пен болашақ мамандығына бейімделген шеңберде меңгерген және кәсіби саладағы әлемдік жетістіктерге ұмтылып, өз еліндегі өнімнің сапасын әлемдік деңгейге көтеруге және одан әрі асыруға үлесін қоса алатын тұлға» екені анықталған.[3] Демек, көптілдік - көпмәдениетті тұлға тәрбиелеудің негізгі шарты деген сөз. Көптілдік адамның өзіне ғана емес, қазақстандық қоғамға пайда әкелуіне назар аударғанымыз қажет. Бұл орайда патриоттық тәрбиені күшейту мәселесі өзекті болып табылады. Өзге тілді үйреніп, басқа мәдениетті білумен қатар, жас ұрпақтың өз елінің құндылықтарын биік ұстауына бүгінгі мектептің жауаптылығы барынша күшті.

Тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде көптілдік білім берудің мақсаттары мен міндеттері ҚР Үкіметінің 2012 жылдың 25 маусымындағы № 832 қаулысымен бекітілген «Мектеп оқушыларының фукционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары» міндеттерімен астасады. Бұлар- Елбасының білім саласын жаңарту туралы бастамаларын іске асырудағы маңызды тетіктерінің бірі әрі ол - білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары болып табылады. Жеке тұлғаның әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы деген ұғыммен ұштасады. Орта мектепті бітірушінің негізгі - проблеманы шешу қабілеті, өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білуі, қазақ, орыс және ағылшын (шет) тілдерінде ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті, әлеуметтік өзара іс-қимыл жасауға қабілеті, өзіндік іске асыру, өзін-өзі жетілдіру, өмірлік және кәсіби өзін-өзі анықтау, төзімді болу қабілеті, қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде өзінің отаны үшін жауапкершілікті сезіну қабілеті, тиімді пайдалану деңгейінде технологияларды, оның ішінде ғылыми, сандық технологияларды пайдалану қабілеті - құзыреттіліктері пәндік құзіреттілік арқылы жүзеге асатынын ұмытпағанымыз жөн. Оқу пәні оқулық арқылы келетінін ескерсек, пән оқулықтарының пән мұғалімінің алдына үстірт келмегенін қалар едік. Оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны, құрылымы функционалдық сауаттылықтың құзыреттіліктеріне сай жазылуын Үкімет Басшысы назарда ұстап отырғаны баршаға белгілі.

Көптілділік, яғни тілдердің үштұғырлығы туралы бастамашылдық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында ресми түрде мәлімделген екен. Бұның негізі - мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастыққа енуі мен адамзаттың өмірлік қажеттіліктері. Дамыған әлемдік тілдер ішінде ағылшын тілі ел мен халықтың коммуникациялық және интеграциялық қабілеттерін кеңейтетін тіл ретінде таңдалды. Президент 2007 жылы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын кезеңді жүзеге асыруды бастауды ұсынды.

«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілді қазақстандық өзге ұлт азаматтарының 2020 жылы - 95 %-ы, сонымен қатар, орыс тілін 2020 жылы қазақстандықтардың 90%-ы, ағылшын тілін 2020 жылы -20%-ы меңгеру керек деген мақсат қойылуда. Үш тілді меңгерген халықтың бөлігі 2020 жылы - 15% құрау керек деген міндет қойылып отырғаны туралы мәлімдеме tengrinews.kz/vibori/178150/ сайтында жасалған. Елбасы «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз» [4]- деп, осы мәселеге орай белсенді түрде іс жүргізу қажеттігін белгілеп берді. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы дарқан даламыздың ер ұрпағының ана тілі -қазақ тілінің мәртебесін бір сәт төмендеткен емес. ...Ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн, -деген сүбелі сөзі баршаға аян.[5]

Өзге тілді ұлт өкілдері шоғырланған ауыл мектебінде қызмет еткен жылдарымда алдымдағы сан алуан сары үрпек балақайлардың санасына отансүйгіштікті дарытумен қатар, өзімнің де ұлттық рухымның,ұлтшылдық қасиетімнің барынша өскенін атап айтқаным дұрыс болар. Бұның өзіндік себебі де жоқ емес. «Мемлекетке қызмет ететін баланы» тәрбиелеуде қазақ тілі мұғалімдерінің іс-әрекеті грамматика мен дайын фразаларды жаттатумен шектелмейтінін осы қасиетті істің (тіл үйретудің) басы-қасында жүргендер жақсы біледі. Ұстаз бойындағы өз тіліне, ұлтына деген сүйіспеншілігін, махаббатын көрсете білген жағдайда ғана шәкірт «айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүреді». Және осы тұста мұғалім шеберлігі мен белсенділігі сынға түседі. Міне, осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жалаң білімділіктен біліктілікке қарай ойысудың нық қадамдарын жасауға тура келеді. Ол үшін баланы субъект ретінде қарап, оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу керек.Оның алғышарты -оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету. Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы жүзеге асады. Мұғалім- бағыттаушы, ұйымдастырушы. Американдық ғалымдар Джинни Стилл, Куртис Мередит, Чарлз Темпл жасаған «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» жобасының сауаттылықтың негізгі құзіреттіліктерін дамытуда маңызы зор.

Деңгейлік тапсырмалар - оқушының қабылдау, ойлау, салыстыру жинақтау, жалпылау, жүйелеу секілді қабілетін дамытатын тапсырмалар жүйесінің сабақтарда жиі қолданылуы, оқушыны ойландыратын, грамматикалық тұлғалар сөйлеуде ойын жеткізу тапсырмалары оқушылардың көптілді тұлға қалыптастырудың басты шарты болып табылады. Мектептегі «Қазақ тілі» пәнінің аясындағы елтану бағдалармасында балаларға ұсынылатын өмірлік жағдаяттар мен тақырыптар тіл үйренушілердің ынтасын арттырады. Іріктелінген тілдік материалдар тіл үйретудің заманауи ұстанымына сай келеді. Қазақстанның тарихына байланысты танымдық тақырыптардың болуы маңызға ие. Сабақтарда тақырыптық жағдаяттық циклдар ұйымдастырыла отыра, материалды жүйелі түрде тақырыптық та, тілдік те көрсетуге және оқушылардың тілдесім, сөйлесім, қатысым, этномәдени құзыреттіліктерін жетілдіруге мүмкіндік беріледі.

...Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс...[6] Мемлекет басшысының пәрменді тапсырмаларын қарқынды орындауда басқа білім ошақтарынан қалыс қалмағанымызды қуанышпен айтқымыз келеді. Біздің жалпы білім беретін орта мектебімізде жеке тұлғаға бағыттап оқытуды негізге ала отыра, мектепте жүргізіліп жатқан «Мың бала» жобасы да балаға болашақта бағдар беруші бірден-бір нысан болып табылатынын айта кеткім келеді. Осы «Мың бала» жобасы аясында мектеп рекриациялары әр түрлі бағытта безендірілген. Соның бірі - «Тілдер аймағы» бұрышы. «Тілдер аймағы» қазіргі заман талабына сай тілдің үштұғырлығы тақырыбына орайластырып безендірілген. Мектеп оқушылары сабақтан тыс уақытта, үзіліс уақыттарында осы бұрыштың белсенді қатысушыларына айналады. Жайлы орында отырып, үш тілдегі сөздікпен жұмыс істейді, қосымша мәліметтер табады, өзара үш тілде пікірлеседі. Мектеп кітапханасында орналасқан лингофондық бөлме де біздің балаларымыздың тілдерді еркін меңгеруіне орайлы ықпал етеді. Сабақтарда, әсіресе тіл сабақтарында аудиотыңдалым арқылы жұмыс жасау әрекетін жиі байқауға болады. Мектептің материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талаптарына сай болғандықтан, жоғарыда айтылғандай, мектептегі әр бос орын ата-ана мен оқушы сұранысы бойынша, қызығушылық пен бейімділік бойынша, кәсіптік бағдар беру бойынша жабдықталынған. Заманауи мектепке сай болу мақсатында осы бұрыштарда оқушылар әр бұрыштың мақсаты мен міндеттерін қазақ, орыс және ағылшын тілінде баяндап, тамшыдай болса да, мемлекет тапсырмасын орындауға атсалысады. «Қазақстан жолы» кабинетінде Президентіміздің елеулі еңбегі мен еліміздің тұрақтану жолы үш тілде баяндалса, «Туризм» бұрышында аулымыздың туристік бағыты мен «Нұртау» тау шаңғысы базасы жөніндегі ақпаратты еркін үш тілде қуанышпен айтады. Енді бір оқушылар «Жас омарташы» бұрышындағы заттармен таныстырып жатса, енді бірі «Қысқы бақ» бұрышындағы өздері күтетін өсімдіктер жайлы қызыға мәлімдеп жатады. Және бұл таныстырулардың үш тілде берілуі жолға қойылған. Тіл үйренуде тырнақтай да мәселе көзден таса болмауын ескерсек, тіл білуге құлшыныс танытып жатқан балалар саны арта түсуі көңілге қуаныш ұялатады.

Балаға ең қымбат, ең жылы, жақын нәрсе - туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң, бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта білгенімен өмір жүзінде пайдаланатын болады. ... Балаларға туған жердің табиғатын, туған елдің әдет-ғұрпын, мінезін үйреніп, хәкімшілік, әлеумет мекемелерімен, олардың қызметтерімен, сауда кәсібімен, қатынасу жолдарымен таныстырып, жергілікті тарихи ескерткіштердің қатынасын түсіндіріп, балаларды бұрын білмейтін, жат нәрсемен яғни әлеумет ғылымымен таныс қыламыз.[7] Ағартушы Ж,Аймауытов бүгінгі заманауи білім беру талабына сай функционалдық сауаттылық мәселесіне, дәл осы терминмен айтпаса да, терең талдау жасап, нанымды тұжырым айтқан екен. Мектепте қосымша білім беруге шынайы көңіл бөліп, соның аясында оқушыларды ұлттық мұра- ескерткіштерге, тарихи орындарға саяхатқа апару- оқушы бойына құндылықтарды қалыптастыруға оң нәтижесін берер еді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына жүгінсек, бүгінгі мектеп түлегі - көптілді коммуникативтік және ақпараттық құзыреттілігі дамыған, көпмәдениетті, рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің жоғары деңгейін меңгерген, қазақ елінің және жалпықазақстандық құндылықтарды қастерлейтін, тілдерді меңгеруге тұрақты қызығушылық танытатын, отансүйгіштік және азаматтық сана-сезімдері дамыған тұлға. Демек, оқушының «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашайық,тұлғаның ұлтаралық қатынас мәдениетін, толеранттылығының қалыптасуына мүмкіндік туғызайық, еліміздің патриоттары санын арттырайық. Қазақ тілін сүйіспеншілікте оқытумен қатар көптілділікті меңгертуді жолға қойсақ деймін. Өйткені бұл - бүгінгі таңда орта білім жүйесіндегі педагогикалық үдерістің негізгі бағыттарының бірі.

Қолданылғын әдебиеттер тізімі:


  1. ҚР үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы.

  2. Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері. Әдістемелік құрал Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Астана 2013

  3. Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері. Әдістемелік құрал Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Астана 2013

  4. Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Астана, 2012 жыл

  5. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауы Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар

  6. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауы Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар

  7. Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Ү том. Алматы, Ғылым, 1999ж



© 2010-2022