Деңгейлік курс бойынша рефлексивті есептер топтамасы

Раздел Иностранные языки
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат zip
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Искендирова Мақпал Балтабайқызы мұғалімнің портфолиосы А есебі

2 топ 3-деңгей

Көкшетау қаласы 11.11.2014ж

Тізбектелген сабақтар топтамасына оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер (диалогтік оқыту) модулін қалай және неге енгізілгені туралы рефлексивтік есеп.

Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған [1].

Диалог арқылы мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жүзеге асады. Сол сияқты оқушы мен оқушының арасындағы қарым - қатынаста да бұл оқыту үдерісі алға ілгеріледі. Сабақ барысында жеке, жұппен, топпен жұмыс жасау кезінде сұрақтар қойылып, оларға жауап алуда оқушылардың білімдерін тереңдетті.

Осы іс-тәжірибе барысында мен тізбектелген 4 сабағымда диалогтік оқытуды басшылыққа ала отырып, сабақ барысына 7 модульді кіріктірдім. Мысалы, сыныпқа кіріп келген мезеттен бастап оқушылармен амандасу, сабаққа деген көңіл күйлерін сұрау, қал жағдайларын білуден оқушы мен мұғалім арасындағы диалог басталып кетеді. Сабақ басталысымен тренинг өткізгенде мұғалім мен оқушы арасындағы, оқушы мен оқушы арасындағы диалог жүзеге асады. Мектептегі тәжірибе кезінде мен парталардың орналасуын өзгертіп төрт - бес оқушыдан отырғыздым. Осыдан кейін балалар бір - бірімен еркін сөйлесетін болды.

Дәстүрлі сабақта оқушылар тек мұғалімнің ойымен санасатын, мұғалімнің айтқанын ғана тыңдап оның пікірімен келісе беретін, бір - бірімен пікір алмаспайтын, яғни қарым-қатынасқа түспейтін. Ал білім берудегі жаңа тәсілде диалогтік оқыту арқылы сабақта сыныптастарының пікірін тыңдау, онымен келісу немесе келіспеу, ойларын еркін жеткізіп дәлелдеп айту айқын көрініп отырды. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі әңгіме дебат, топтық әңгіме және зерттеушілік әңгіме түрлерінде байқалды [1].

Мерсер мен Ходжкинсон сыныпта сұхбаттасудың үлкен пайдасы болатындығы жайлы пікірлерімен толықтай келісемін. Олар:

  • оқушыларға тақырып бойынша өз ойларын білдіруіне мүмкіндік береді;

  • басқа адамдарда түрлі идеялардың болатындығын оқушылардың түсінуіне көмектеседі;

  • оқушылардың өз идеяларын дәлелдеуіне көмектеседі;

мұғалімдерге оқушыларды оқыту барысындағы деңгейлерін анықтау үшін көмектеседі [1].

Сабақта бір-бірінің пікірін тыңдау, онымен келісу не келіспеуі, ойларын дәлелдеу көбінесе топтық әңгіме және зерттеушілік әңгіме түрлерінде айқын көрініп отырды. Бірақ алғашқы күндері әр оқушы өз ойын қорғап, басқалардың пікірлерін қабылдауға, бір - бірін тыңдауға дайын болмады. Сол себептен топ ішінде келіспеушілік, реніш, болып жатты. Әркімнің өз ойы болатынын, оны ешкімді ренжітпестен, тіл тигізбестен айта алатындарын оқушыларыма түсіндіріп, олармен бірлесіп топ ережесін құруға ұсыныс жасадым. Топ ережесін құрғаннан кейін оқушыларым топпен жұмыс жасауда бір - бірінің ойын шыдамдылықпен тыңдай білуге, кезекпен сөйлеуге үйренді. Міне, осы кезден бастап бірлесіп жасаған жұмыстарымыз алға жылжи бастағанын байқадым. Бірлескен іс - әрекет арқылы оқушылар өздері еңбектеніп, ойланады.

Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі деп айтуға болады, егер сұрақ дұрыс қойылған болса. Сұрақтар туындаған жағдайда, мұғалімдердің ақпарат көзі болуы міндетті емес, оқушылар мен мұғалімдер бірлесіп ғаламтор көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізе алады, мұғалімдер оқушыларға табылған ақпараттардан қажеттілерін таңдап, баға беріп, іздеудің тәсілдері туралы сыни тұрғыдан ойлауға көмектесе алады [1]. Егер сұрақ дұрыс қойылса оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай туады. Мен тәжірибе кезінде өткізген сабақтарымның барлығына диалогты әр түрлі әдіс - тәсілдер арқылы қолдандым. Атап айтсам төртінші сабағымда жаңа сабақты бастамас бұрын қызығушылығын ояту мақсатында интербелсенді тақтадан жасөспірімдер суретін көрсетіп, «Қалай ойлайсыңдар, бұл суретте кімдер бейнеленген? Бүгінгі сабағымызға қандай қатысы бар? Олар туралы не айтар едіңдер?» деген сұрақ қойдым. Оқушылар «бұл жасөспірімдер, бүгін олар туралы, олардың мәселелері туралы айтамыз» деп жауап берді. Осыдан кейін сабақ тақырыбы ашылды. Сонымен қатар бірінші сабағымда «Галереяда ой шарлау» стратегиясын қолдана отырып, оқулықта берілген мәтінмен жұмыс жасадық. Оқушылар 2 топ болып мәтінді топта оқыды, аударды, талқылады, бір - бірінен тақырып бойынша сұхбат алды. Осы арқылы олар сұрақ қойып үйренді және бір - бірімен әңгімелесу арқылы пікір алмасты. Мәселелерді шешуде сұрақ қоя білу де аса маңызды. Сұрақ қою әңгіменің өрбуіне жауаптың толықтыруына, тақырыптың ашылуына, тұжырым жасауға әкеледі. Сұрақты дұрыс қоюдың түрткі болуы, сынақтан өткізуі, қайта бағыттау сияқты әдістерін қолдану оқушыларды ойларын анық айтуға, толық жауап беруге, идеяларын дамытуға итермелеп, сынақтан өткізуіме көмектеседі. Мысалы, «Қазақстандағы қандай спорт түрлерін білесіңдер?» деген сұраққа жауап берген оқушыдан толық жауап алмағандықтан «Қазақстандағы атақты спортшылар кімдер?» деген түрткі сұрақ қойғаннан кейін В, Р есімді оқушыларым мысал келтіру арқылы толық жауап берді. Геннадий Головкин - боксшы, Илья Ильин - штангист деген жауаптар айтты. «Жақсы! Тағы кімнің қосатыны бар? Қазақтың қандай ұлттық спорт түрлері бар?» деп сұрағанымда Д есімді оқушым қолын көтеріп «бәйге, күрес, көкпар» - деп жауап берді. Себебі: ол осы сыныптағы жалғыз ұлты қазақ қыз еді. Содан кейін барлық оқушылар өз нұсқаларын айтып, пікірталас туындады. «Футболдан кімдер бізде атақты?» деген сұрақтар арқылы диалогтік қатынасқа түсті. Осы кезде диалогтік оқудың маңызы өте зор болды деп айтуға болады. Оқушылар ағылшын тілінде еркін сөйлеп талқыламаса да өз ойларын ашық айтабілді. Әсіресе білім деңгейі төмен оқушылардың, яғни ұяң, тұйық, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтары көріне бастады. Осыдан өзіме түйгенім: мұғалім қашанда оқушыға қоятын әрбір сұрағын анық, толық, өз идеяларын дамытуға көмектесетіндей етіп құруы қажет екен. Сонымен қатар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары және төменгі дәрежелі сұрақтар арасындағы ара қатынасын ажырата білу керек. Егер бала қойылған сұраққа жауап бере алмай қиналып жатса, бұрынғы дәстүрлі сабақтарда сияқты ойларын бұзбай, қате деген сөзді қолданбай, керісінше, «Көмектесе алатындарың бар ма?», «Тағы қандай ойларың бар?» «Кім көмектеседі?» деген сияқты сұрақтар қолдану керек деп шештім. Өз сабақтарымда дұрыс жауап берген оқушыларға «Жарайсың!», «Тамаша!» деп ынталандырып отырдым. Дәстүрлі сабақта мен тек қана оқулықтың сұрақтарымен шектеліп отырсам, ал қазіргі сабақтарымда мен жан - жақты ізденіп, жеті модуль төңірегінде сұрақтарымды түрлендіріп отырдым. Сондай-ақ диалогтік оқыту оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін де дамыта түсті. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулінің мені қызықтыратыны баланың өзі ізденіп, дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, зерттеуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші болды. Берілген тапсырманы жан - жақты талдап, ойларын ашық және еркін айтып, дәлелдей алады. Деңгейлік курс бойынша рефлексивті есептер топтамасы

Мысалы, мен екінші сабағымда ББҮ кестесін қолданғанда әр балаға жеке-жеке соңғы 3-ші графасын (яғни, не білгің келеді?) толтырттым да сол тапсырманы өздеріне үйге қосымша ізденіп, тауып келуге бердім. Сонда Ж есімді оқушым Геннадий Головкинға ғашық екен, сол туралы көп білгім келеді деп жазған.

Келесі сабақта үй тапсырмасын «Серпілген доп» әдісі арқылы тексергенде ол Головкиннің осы күнге дейін бокста ешкімнен мүлдем жеңілмегенін алғаш біліп, таңқалғанын айтты. Сабаққа келіп «оказывается» деп айта бастағанда сондай бір мақтаныш сезіммен жеткізгенін байқадым.

Нәтижесінде диалогтік оқыту арқылы қай баланы болсын шамалы болса да топта жұмыс істеуге итермеледім. Мысалы: бұрындары енжарлық танытып отыратын К есімді оқушым мені таңқалдырды. Ол маркерлерді алды да А есімді оқушының жазып жатқан сөздерін әдемілеп, әрлеп бояй бастады, онымен ақылдаса отырып бірлесе жұмыс жасады. Бұл оқушыға топта жұмыс жасау ұнағаны сонша флипчартты қорғау кезінде тақта алдына шықты. Және Ж есімді оқушымның да сабақ кезінде біршама өзгергенін байқадым. Топтық жұмыстар жасап жатқанда топ ішінде өз пікірін айтатын болды. Өз ойын жеткізе білуге, басқа біреулерге сұрақ қоя білуге үйренді. А деген оқушым екінші, үшінші сабақтарымда белсенділік танытып, топ мүшелерімен таласып жүріп, топ атынан шығып сөйлейтін болды. Аленаның бұл қылықтары мені қатты таңқалдырды. Осылайша бірте - бірте өзін - өзі сабақ үстінде реттей отырып, дұрыс әрі нақты жауаптар ала бастадым. Осыған мен де, оқушымның өзі де қатты қуанды. Бұл жерде оның өзіне деген сенімділігінің пайда болғанын көруге болады. Осындай әдіс - тәсілдерді қолдана отырып сабақтар өткізгенде менің байқағаным - үлгерімі төмен оқушылар бұрынғы дәстүрлі сабақтарда жалғыз жұмыс жасап өз ойын айтуға сенімсіздік білдірсе, ал қазіргі жаңашыл сабақтарда ондай оқушылар топпен жұмыс кезінде қасындағы оқушыларға қарап отырып, өз ойын еркін жеткізуге үйренді.

Бұдан кейін мен үшінші сабағымда «Ой шақыру» әдісін қолдандым. Мысалы, сабақтың тақырыбын ашатын «Отбасы құпиясы» бейнеролигін көрсеттім де «Лизаның орнында болсаңдар сендер не істер едіңдер?» деген сұрақ қойдым. Оқушылар алдымен сұраққа жеке жауап берді, сосын топта талқылады. Осы жерде мен оқушылардың өзін - өзі реттеуін байқадым. К және Т есімді оқушыларым өздері екеуара ой бөлісіп жатқандарын байқадым. Екеуі де сабақта белсенділік көрсетпейтін еді, бірақ осы жолы екеуі де сабаққа белсенді қатысып, білгендерін ортаға салып, өте жақсы пікірлер ұсынып жатты. Мені бұлардың ашылып, бір - бірімен диалогқа түсуі таңқалдырды. Сұрақ - жауап арқылы диалогтік оқытудың сабақ кезінде дамуын осы жерден де байқауға болады. Жалпы сыни тұрғыдан ойлау оқушылардың белсенділігін арттырып, өзіне деген сенімділігін күшейтетініне көзім жетті. Бұдан өзіме мынадай ой түйдім. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету арқылы жұмыс жасау өте қолайлы екен, өйткені оқушылар топтық, жұптық жұмыс жасаған кезде ұяң мінезді оқушыларым өз ойларын ашық айтуға үйренді. Әрине бұл оларға басында қиындық туғызды. Бара - бара білмегендерін басқалардан сұрап білді. Бұндай кезде мен де сұхбатты бақылап, маңызды сұрақтар қойып, оқушылардың жауаптарын қайталап және мадақтап отырдым. Мұндай сабақ нәтижесінде оқушылар арасындағы қарым -қатынастың нығайғанын байқадым. Оқушылардың шығармашылықтарын дамыту мақсатында мен оларға өтілген тақырып бойынша эссе жазуға бердім. Бұндай тапсырмаларды орындау кезінде оқушылардың көп ізденуі арқылы ой - қиялдары дамиды. Шамалары келгенше эссені жазып, «Қабырғаға қарап оқу» әдісі бойынша ортаға шығып оқып, өз ойларымен бөлісті. Бұл жерде оқушылар еркін сөйлеуге машықтанды. Дарынды оқушым Д. өзінің дарындылығының арқасында тапсырмаларды жан-жақты орындауға тырысты. Үй жұмысы болғандықтан үйінде ата-анасынан сұрап, анасымен бірге эссе жазғаны жөнінде айтты. «Көпіршелер» - оқушыға ЖАДА бойынша қолдау көрсетіп, біреудің көмегінсіз орындай алмайтын тапсырманы орындауға мүмкіндік беру үшін мұғалімдер ұсынатын интерактивті мүмкіндіктерді сипаттау үшін қолданылатын метафора [1]. Бұл жерде Дананың осы тапсырманы орындау барысында ата-анасымен диалогқа түскенін байқадым. Сонымен қатар берілген тапсырманы өз бетінше орындамай, анасының көмегі арқылы орындауы. Өзінің «Менің сүйікті спортым?» атты тақырыпта жазылған эссесін оқып, оқушылардың көңілінен шыға білді. Орындарында отырып оқушылар «Бағдаршам» көрсету арқылы өздеріне ұнаған эсселерін формативті бағалап отырды. Оқушылардың жазғандары мен айтқандарын тыңдап, талдай отырып, оларға жауап берген кезде мұғалімдер оқушыларға білім алуда тиімді қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болады. «Оқыту - бағалау тәрізді» деген ұғым мен формативті бағалау қағидаты, білім алып қана қоймай, білімді түзетін әдістерге қатысу арқылы оқу дегенді білдіреді. Бұл идеялар оқушыларды оқу мен оқыту үдерісінің белсенді қатысушысы ретінде қарастыратын сындарлылық құрылымына сай. Адамдардың қай тұрғыдан алғанда да бір-біріне икемделуі құрмет пен сенімге негізделген Диалогтік оқу ұжымдық (мұғалім мен бала тапсырманы бірігіп орындайды) және өзара білім алмасуға жағдай туғызатын (мұғалімдер мен балалар бір -бірін тыңдап, идеялармен бөліседі және балама көзқарастарды қарастырады) және қолдаушы (балалар қате жауап бергені үшін қорықпай, өз идеяларын еркін жеткізіп, бір-біріне өзара түсіністікке жетулеріне көмектеседі) болып табылады [1].

Төртінші сабағым «Жасөспірімдер және олардың мәселелері» тақырыбында болды. Бұл сабағымда сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру және өз ойларын ашық айтуға дағдыландыру мақсатында «Екі шындық, бір жалған» тренингін өткіздім. Мұнда оқушы өз бойында бар екі қасиетін және оған тән емес 1 мінезін айтады. Қалған оқушылар шеңберде талдап, шындық немесе жалған екенін айтады. Мұнда С оқушымның айтқан екі шындық пен бір жалғаны рас болды да қалғандарының ойлары пікірталасқа түсті. Бұл жерде мен оқушылардың диалогтік қатынасқа түскенін көрдім.

Сонымен қатар диалогтық оқыту кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны да кеңінен қолдандым. Әрбір тапсырмаларды, тренингтерді АКТ- ны қолдану арқылы интербелсенді тақта арқылы көрсетіп отырдым.

Мысалы: сабақты бекіту мақсатында интербелсенді тақтаға 10 сұрақтан тұратын сөзжұмбақты көрсетіп, топта шешкіздім. Шешу барысында оқушылар өз жауаптарын айтып, 1 оқушы 2-ші сұрақтың жауабы футбол болады десе, 2ші оқушы жоқ ол бейсбол ғой деген оқушылар арасында пікірталас туды. Деңгейлік курс бойынша рефлексивті есептер топтамасы

Диалогтік оқытуды алдағы өтетін сабақтарымда қолданамын. Себебі, дилогтік оқытудың оқу сапасы үшін де, оқушының ойлау қабілетін, сөздік қорын, өз ойын еркін жеткізе білуге көп септігі тиетініне көзім жетті. Сұрақ -жауап әдісі арқылы оқушылардың ойлау және сөйлеу қабілеттері шыңдалып, жүйелі, нақты жауап беруге дағдыланады. Бұл әдістерді мен өз тәжірибемде оқушылардың сабақ өту барысында сұрақ - жауап әдісі арқылы, флипчартқа жобаларын түсіріп, көшбасшылық жасауында, тұйық оқушылардың ашылуында, өз ойларын топ ішінде еркін жеткізіп айту барысында көрдім. Оқушыларымның осындай жетістіктерге жетуі, бағдарламаның жеті модулін жетік меңгеріп, білімім мен біліктілігімді шыңдауым. Осы жерде айта кететін болсам, мұғалім мен оқушының бірлесе отырып жұмыс жасауы мен мұғалімнің дұрыс бағыт - бағдар беруінде.

Осылардың барлығын айта келе диалогтік оқытуда дұрыс бағыт беріп, реттеп, сыныпты қадағалап көшбасшылық жасайтын мұғалім екені айдан анық дегім келеді.

Сілтемелер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық - 39,41,52 - беттер.




7


© 2010-2022