Ғылыми жоба Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі

Раздел Иностранные языки
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

«№3 Қабанбай орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар» коммуналдық мемлекеттік мекемесі




Ғылыми жоба


Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі





Орындаған: Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі С. Қ.Төлеуханова

Ғылыми жетекшiсi: Ф.Ғ.Д., филология және журналистика

кафедрасының профессоры: М.М.Иманғазинов











2015 жыл


МАЗМҰНЫ:


Кіріспе…………………………………………………………………....................3

1Ілияс Жансүгіров прозасындағы образдық бейнелердің көркемдігі…………….............................................................................................5

1.1.Қазақтың прозалық туындылары және Ілиястың прозадағы тың ізденісі.....5


1.2.Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларындағы тың ізденісі және ондағы тарихи бейнелер мен прототип................................................................................8


1.3. Ілияс Жансүгіровтің классикалық таңдаулы прозалық туындыларындағы образдық тарихи-көркем бейне...............................................................................11


2 Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі...............44

2.1.Ілияс Жансүгіров сатирасындағы образдық көркемдік бейне…………………………. …….........................................................................44



Қорытынды. …………………………………………………………......................58

Пайдаланылған әдебиеттер.......................…………………………………..........62





















КІРІСПЕ


Тақырыптың өзектілігі. диплом жұмысы «Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі» деп аталады. Оның өзектілігі - Ілияс Жансүгіровтің классикалық туындылары қазақ халқының реалистік өмірін мейлінше бейне тудырар көркемдік әдіспен шынайы, дәл айтуға, көркем бейнелеуге көп күш жұмсаса, ол жөнінде толыққанды зерттеу жүргізілмеген. Ілияс Жансүгіровтің әр тақырыпта жазған алғашқы туындыларынан бастап, прозалық шығармаларында ел өмірі мен бірге халықтың ауыр тұрмысы, билеуші таптардан көрген құқайы, теперіші, аянышты халі өте шынайы, көркем тілмен жазылғанына көз жеткізе аламыз. Қазақ әдебиетінде көркемдік дәстүрді қалыптастырған бірінші ақын Ілияс Жансүгіров болса, ондағы образдық көркемдік бейне болмысы оның әр шығармаларында көрініс берген. Бұл игі дәстүрді кейінгі буын қаламгерлері кейінгі кезеңге жалғастырып, белгілі бір аумақты арнаға түсіріп, бүгінгі күні қазақ әдебиеті қомақтана түскені жалпы жұртқа мәлім болса, бұл жұмыстың өзектілігі ашылары һақ.

Жұмыстың мақсат-міндеттері. Прозалық жанрдың орта көлемді түрі - повесть болса, онда образдық көркемдік бейне деталінсіз көзге елестету мүмкін емес. Ал, тарихи тақырыптағы әңгімелердің бүкіл әдебиетке қосқан идеялық-көркемдік үлесін сөз еткенде, өнер тақырыбындағы алғашқы қазақ прозасындағы көркемдік шеберлікке ең алдымен көңіл бөлсек, онда да образдық көркемдік бейне тарихи оқиғаға қатысты болуы шарт. Өйткені, қазақ қаламгерлері халықтың рухани байлығы өнерді, сол өнерді жасаушы асқан дарын иелерін жазу арқылы қазақ прозасының ең жақсы үлгілерін қалыптастырса, онда кез-келген қаламгер образдық көркемдік бейне мәселесіне үлкен көңіл қойғаны абзал. Өнер арқылы өткен дәуірдегі халық өмірінің әлеуметтік шындығын терең ашуда жазушылар проза жанрының бар мүмкіндігін жете пайдаланды.

Жұмыс нысаны. Ұлттық әдебиеттегі осы бір жанрдың кемелдене түсуіне кең жол ашты. Олар идеялық мазмұны бай, көркемдік сапасы мол бірнеше прозамен қазақтың эпопеялық прозасының өрісін кеңейтіп жіберді. Жалпы, қаламгердің әр туындылары жөнінде айта кетсек, көптеген туындылары қарасөзбен де, өлеңмен де жазылған. Онда белгілі бір кездегі өмір шындығы мен адам тіршілігінің алуан сәттері, қоғам өміріндегі елеулі оқиғалар суреттеледі. Әр тақырыптағы туындыларды қарастырғанда, ең алдымен байқалатын жай: жанрдағы шеберлік мәселесі мен ондағы образдық көркем бейне. Жанрдың кемелденіп, толысуы өзге тақырыптардағы туындылында да бар екені рас.Сондықтан бұл туындыларды қал-қадірімізше ой елегінен өткізіп, талдап шықсақ, тақырыптың нысаны ашылар деген ойдамыз.

Ғылыми жаңалығы. Сан ғасырлық халық талантының жарқын көрінісі - ғажайып әр жанрдағы туындыларды нақышына келтіре толғаған бірінші қазақ қаламгері Ілияс Жансүгіров болса, оның 1912 жылдан бастап жазған өлеңнен кейін әр сала бойынша түрлі шығармалар жазған қаламгердің еңбектерінде образдық көркемдік бейне тұнып тұр. Айталық, «Күңнің өлімі» (1921), «Талтаңбайдың тәртібі» (1923), «Құқ» (1928) прозасында кейіпкерлердің күйініш-сүйініштері нақты фактіге, шынайы тартысты, көркем күйінде берілген.

Дәл мұндай тұрғыда жазылған туындалар Ілияс Жансүгіровте өте мол. Сондықтан осы тақырып аясын ашу үшін оның бірнеше туындаларын алып талдау өткізіп, әдеби анализ өткізу мақсатын көздесек бұл жұмыстың басты жаңалығы болмақ.

Диплом жұмысының дерек көздері. Прозалық, сатиралық, публицистикалық жанрлық сипатта жазылып, халық өмірін баяндайтын туындыларда да образдық көркемдік бейне детальдары 1920-30 жылдары газет-журналдарда жарияланып, олардың бірқатары 1933 жылы толық жинағының 2 томына енді. Ілияс Жансүгіров шығармаларындағы образдық көркемдік бейне және прозадағы тың ізденіс болмысын талдауда қаламгердің 20-тарта шығармасы негізге алынбақ. Бұл 1912 жылдан бастап, 1933 жылға дейін жарық көрген таңдаулы шығармалары. Таңдамалы прозалары мен очерк, әңгіме, фельетондары 1930 жылдары таңдамалы туындылары өз алдына кітап болып шықты. Олардың жалпы саны жиырма шақты болса, олардың бірқатары толық күйде талданбаған, зерттелінбеген.

Диплом жұмысының маңызы мен мәні. Әдебиеттану ғылымында жазушының туындылары ерекше екені өткен ғасырларда мойындалған. Прозада, поэзияда тағы да басқа жанрларда ерен еңбек еткен қаламгердің әдебиет үшін маңызы өте жоғары болса, мақсат пен міндет осы проблемалық мәселені шешу алдағы уақыттың еншісінде болса, бұл жұмыстың маңызы мен мәні болмақ.

Зерттеу әдістері. Жүйелі сипаттама, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-типологиялық, Ілияс Жансүгіровтің шығармаларының ерекшеліктерін анықтап, саралауда талдау, сипаттама, көркем мәтін негізіндегі материалдарды жүйелеу тұжырымдауда салыстырмалы, әдеби теориялық әдістерге сүйену көзделеді.

Жұмыстың құрылымы. Кіріспе бөлім, екі тарау, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.





1 Ілияс Жансүгіров поэмаларындағы образдық бейнелердің

көркемдігі

1.1.Қазақтың прозалық туындылары және Ілиястың прозадағы тың ізденісі


Проза (лат. prōsa) - әдеби жанр, қара сөзбен жазылған көркем шығарма (әңгіме, повесть, роман) болса, осы жанрға Ілияс Жансүгіровтің қосқан үлесі қомақты.

Проза әдебиеттің эпикалық тегімен байланысты, лирикалық проза немесе прозалық өлеңдер кездеседі. Проза XVII ғасырдың ортасына дейін сөз өнерінде поэзиямен аралас өмір сүрді. Тарихи шежірелер, жылнама, трактаттар, естелік, сапарнама, діни уағыздар, т.б. өлең жанрына тән шығармалар болып есептеледі. Шын мәніндегі проза Қайта өрлеу дәуірінде қалыптасып, поэзиядан бөлініп шықты. Осы кезден бастап әдебиеттің дамуында проза жетекші орынға ие болды. Рабғузи, Бабыр, М.Сервантес, Д.Дефоның шығармаларынан бастау алатын проза сөз өнерінің дербес, айрықша түрі ретінде қалыптасты. Сөз өнері тарихында проза поэзиямен тығыз байланысты дамыды. Прозада өмір құбылыстары, адам характерлері кең ауқымды қамтылып, жан-жақты суреттеледі.

Бүгінде дүние жүзі оқырмандарының қолына тиіп отырған күрделі, көркем туындылары бар, биік даму дәрежесіне, кемел шағына жеткен, танымдық, тәрбиелік, эстетикалық әсері күшті қазақ совет прозасының эволюциялық өсу жолында жиырмасыншы жылдарда туған әр түрлі идеялық-көркемдік ізденістердің жемісі саналатын алғашқы үлгілердің маңызы зор.

С. Сейфулиннің «Жер қазғандар», «Айша» повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы; Б. Майлиннің «Раушан - коммунист» повесі, «Қадыр түнгі керемет», «Шариғат бұйрығы», «Жол үстінде» және т.б. әңгімелері, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», т.б. шығармалары жиырмасыншы жылдардағы қазақ прозасының даму қарқынын, саяси-әлеуметтік нысанасын, идеялық-көркемдік деңгейін танытатын қатардағы шығармалар ғана емес, әдебиетіміздің алтын қорына қосылатын ұлттық классика үлгілері болмақ.

Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісін оның алғашқы жазған прозалық шығармаларындағы юморлық элементі басым туындыларынан көре аламыз. Әрине, юморлық шығармалардағы персонаж - күлкілі кейіпкер: юмор - өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкілі әшейін жеңіл желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады. Әрине, эстетикалық комедиялық категориясындағы юмордың, сатираның, иронияның, сарказмның, гротескінің әрқайсысындағы күлкінің сипаты әр бөлек, юморда күлкілі құбылыстардың ең бір майда, зиянсыз түрлері алынады. Юмордағы күлкі-әзіл, ал әзіл келемежге айналса - ирония келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе, - сарказм болғаны. Юмор бар жерде ылғи сын бар деуге де болмайды. Сатиралық персонаж - сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті көптің көз алдында - көрінісіне шығарады, халықты одан түңілтеді. Қулық пен сұмдықты, екіжүздік пен мансапқорлықты, ұятсыздықты, өмірдегі зиянды жайттарды аяусыз әшкерелеп, адамдарды онымен ымырасыз күреске үндейді.

Енді Ілияс Жансүгіровтің прозасындағы еңбегі мен тың ізденісіндегі персонаждарға тоқталайық. Ілияс Жансүгіров әңгіме, повесть, роман жазуға бірден ден қойған жоқ. Ол көп нәрсені өзінше пайымдап, өмір тәжірибесінен өткізіп барып осы салаға келген. Жазушының айтуынша оған әсер еткен Совет өкіметі алғаш орнап жатқан кездегі басынан өткен жақсы-жаман қылықтарды суреттеуден туған. Ілияс Жансүгіровтің әңгімелері - қазақ халқы өмірінің көп саласын қамтитын, әсіресе кеңес өкіметі жылдарындағы адамдардың тағдыры мен өмірі, тұрмысы мен мәдениетін суреттейтін реалистік туындылар.

Академик С. Қирабаев «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі» тарауында «Әр халықтың қаламгерлері өз ұлтының тағдырын, өмірін жазуға тырысты. Әдебиет ұлттық категория болып қалды» деп атап көрсеткендей 1920-1937 жылдары жазылған І. Жансүгіровтің прозалық шығармалары да әлеуметтік өмірдің түрлі қырларын қамти отырып, өз кезеңінің өзекті де толғақты мәселелерін суреттеуге ұмтылды» [1, 224 б.].

Профессор М.Иманғазинов: «Ілияс Жансүгіровтің әңгіме, повестері - қазақ халқы өмірінің көп саласын қамтитын, әсіресе Кеңес өкіметі жылдарындағы адамдардың тағдыры мен өмірі, тұрмысы мен мәдениетін суреттейтін, жаңа тұрпатты бейнесін бар қырынан ашатын көркем мейлінше ашық, батыл жазылған бірқатар реалистік туындылар»[2, 72 б].

1920 жылдардағы және 30 жылдардың бас кезіндегі қазақ ауылындағы әр түрлі жаңа құбылыстарды көрсетуге арналған шығармалар. Академик Мұхаметжан Қаратаев - Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен творчествосын көп зерттеген адамдардың бірі. Өзінің бір естелігінде Ілияс Жансүгіровтің әңгімешілдігі туралы: «Сырт көзге Ілиястың тұйық тұнжырық адам көрінуі әншейін білместік. Ол барлық асылын, әдемісін ішке жинайтын, тереңге сақтайтын ардагер екеніне сол жолда анық көзім жетті. Шынында да ақынның сырттай «тұйықтығы» оның ішкі бай рухани дүниесінің қақпағы сияқты ғана беріктік пен бекемдік екен. Бір сенген, бір шешілген адамның алдында Ілекең ғажап сыршыл, әңгімешіл, сөз тапқыш, әзілдегіш адам екен», деп, жоғарыда айтылған қасиеттерді растай түседі. Ілияс Жансүгіров - тек шебер айтушы ғана емес, сонымен бірге көрген-білгенін, естігенін шебер жазып жеткізе білетін талантты прозаик жазушы.

Алғашқы әңгіме, повестерін, ірілі-ұсақты прозалық шығармаларын 1920 жылдан бастап газет-журналдарға шығара бастайды. 1935 жылы «Жол аузында» деген атпен кітапша етіп шығарады. Бұл әңгімелердің мазмұны кедейшіліктің тауқыметін тартқан жалшылар жайлы, сол қоғамда өмір сүрген әйелдердің басындағы ауыр халі жайлы, қазақ ауылдарындағы ескілік жайлы, жаңарған ауыл өмірі туралы, жаңарған совет адамдарының қажымас еңбегі жайлы, теңдікке қолы жеткен, әлеуметтік істерге енді араласа бастаған қазақ кедейі жайлы жазған болатын. Колхоз болып ұйымдасқан шаруалар мен жол салып жатқан жұмысшылардың еңбектері - Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларының негізгі тақырыбы.

Автор оқиғаны әсірелемей, боямасыз нақты суреттеуі, кейіпкер мінезін оның сөзі мен ісі арқылы ұтымды таныта білуі шеберліктің көрінісі. Совет адамдарының қажымас еңбегі жайлы, жоспарды орындаудағы олқылықтар жайлы жазылған шығармалардың бірі «Жарыс» әңгімесі 1932 жылы жазылған, алғаш рет «Әдебиет майданы» журналының 1932 жылғы 2 санында жарық көрген. Ұлы Қазан революциясы адам баласын қанау, құлдану атаулыны түгел жойып, сол қанау негізіне құрылған ескі үкімет, шаруашылық мекемелерін де мүлде тазарта өзгерткені қазақ жалшылары жұмысшы бола бастаған, бес жылдық, он жылдық жоспарлар құрала бастаған кезді суреттейтін әңгімелерінің бірі. Олқылықты жою, жоспарды уақытында орындау тақырыбына арналған бұл шығарма шахтадағы жұмысшылардың жоспарды орындау мақсатында әкелі балалы екі шахтердің жарысын көрсету арқылы Ілияс Жансүгіров шахта өмірінің сырын шертеді. Автор әңгіменің персонаждары Жауатар мен оның ұлы Рақымжандардың өткен өмірімен толыққанды таныстырып жатпайды. Оларды жиналыста отырған кездерінен бастап қана таныстырады. Жауатарды «Екібастұздың ескі шахтері - Жауатар ақ самай адам еді» [3, 128 б.] - деп суреттейді.

Осы шығармадан Ілияс Жансүгіровтің ішкі монологты да жақсы меңгергендігін көруге болады. Жауатар бірінші күні жарыстан жеңіліп, үйіне келіп қарттық жайлы ой толғағанынан көре аламыз. «Мынау кәрі қол. Кешегі ауыр еңбектің алып білегі. Бұл қолдар қашаннан жердің қабырғасын іреп, қазынасын ақтарған қолдар… бұл қолдың қайраты қандай? Шынымен-ақ қалжырап бара ма? Кейінгі жастар осыны біліп келеке қылғысы келе ме?» [4, 131б.] - деп ой қозғайды.

Автор шахтаны өте әсерлі суреттейді. «Түнімен салдыр-күлдір болып шыққан шахта, таң атқан соң түнгі кезекті ауызынан шығарып, күндізгі кезекті жұтты» [5, 128б.].

Осы тақырыпты қозғайтын әңгімелердің бірі «Төменнен толқын» әңгімесі. Риддер қорғасын заводының жұмысынан көрініс беретін бұл шығарма завод жұмысындағы олқылықтардың себебін анықтауға жиналған жұмысшыларды суреттейді. Қорғасындай ауыр отырған жұмысшылар жиналыс аяғында жұмыстың неліктен жүрмей жатқандығы жайлы айтылған төменнен толқи бастайды. Әңгімелерінің барлығы дерлік колхоздастыру кезеңіндегі қауырт істер, жаңа совхоз өркендері, ауыл тұрмысына енген жаңалықтар, социалистік жарыс тақырыбына жазылған.

Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармалары Отан, 1916 жылғы Ұлы Қазан революциясын, партия, жаңарған ауыл өмірі туралы, жаңғырған совет адамдарының қажымас еңбегі туралы жазылған шығармалардың бірі «Дарқан» повесі 1935 жылы жазылды және қаламгердің 5 томдық жинағына кірген болатын. 1916 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі қазақ халқының өмірінен көрініс беретін бұл шығарманың бас-аяғы жинақы, нақтылы сюжеті бар повесть. Повесть үш достың Дарқан жайлы әңгімелесіп отырған жерінен басталады. Повесте қарапайым жалшыдан революционер дәрежесіне дейін көтерілген Дарқан жайлы жазылады. Жазушының айтуы бойынша, ол жамағайыны «Қосайдың есігінде күл шұқып, итпен бірге сүйекке таласып, күшікпен бірге қаспаққа жармасып өсті» [6, 245 б].

Байдан көрген қорлығы жүрекке кек болып қатты, жоқшылық азабы оны өмірге басқаша қарауға үйретеді.

Дарқанның санасына еңбекшілерді әділеттілік пен бостандыққа жеткізу туралы ой ұялай береді. Енді ол өз халқын азап пен қорлықтан құтқару жайлы толғана бастайды. Қалаға келісімен большевик Алексеймен танысады. Біртіндеп Дарқанның рухани сана-сезімі оянып, байларға деген жай өшпенділігі саналы революциялық идеяға ауысады. Қанаушы құрылыстың сөзсіз құритынына сенген ол: «Бүгін сендер біздің біреумізді түрмеге тықсаңдар, ертең оның орнына мыңдаған адам келеді» [6, 246 б]. - дейді сеніммен байларға.

«Плещеев» пароходында жұмыс істеген ол Семей мен Тобольскінің арасында ақтардың көзін құртуға ат салысады. Повестің соңында Дарқанды біз қорғасын заводының инженері ретінде көреміз. Повесть Дарқанның «Мен күресте күшейдім ғой» [6, 286 б.] деген сөздерімен аяқталады.

Әдебиетте дара персонаж жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан болса, жалғыз-ақ жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді. Әдебиеттегі адамның ішкі бітімімен қатар сырт келбетін (портретін) де көруге болады. Ілияс Жансүгіров те осы тәсілдерді қолдана отырып, «Дарқан» повесінде персонаждардың сырт келбетін беруді шебер қолдана білді. «Мен көргендегі жалпақ мұрын, кең танау, қазанның түп күйесіндей Шайқара, ағарып, бозғыл тартыпты. Ондағы өркештен істеген торсықтай екі ұрт, алжа-алжа болып терісі босап, әр жерінен сызық түсіпті. Қара қошқыл көздің майы азайып, аларыңқы тартыпты. Қара қызыл айғырдың ту құйрығындай қайратты қара шашы өңі сынып, жұмсарып ұлпаланыпты. Сирек тартқан шаштың самай-самайына ақ шашырапты»[6, 234 б.] деп суреттелген кескін, келбетті портрет дейміз.

Бұл да персонаж жасаудың өзгеше бір тәсілі. Портрет - француз тілінен аударғанда - бейнелеу деген мағынаны білдіреді. «Портрет адамның бүкіл анатономиясын түгел қамтып, жіпке тізіп беруі шарт емес. Әр портретте әр адамның ең ерекше сипаты ғана нақты, затты, қысқа, қызық суреттелгені жөн» [7, 121 б.] дейді, З. Қабдолов.

1.2.Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларындағы тың ізденісі және ондағы тарихи бейнелер мен прототип

ХХ ғасыр басында реалистік роман жанры адам тағдыры мен оның бейнесін барынша терең ашып көрсету қажеттілігін тудырды. Бұл қажеттілік Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының тууына айтарлықтай ықпал етті. 1935 жылы жазылған Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романына тоқталатын болсақ, роман - өз бойына бейнелеу тәсілдері мен амалдарының қай-қайсын да қабылдай алатын, сол мүмкіндігіне орай негізгі персонажды сан алуан қырынан барынша жан-жақты ашып көрсетуге қабілетті, әсіресе персонаждардың өздері өмір сүріп жатқан қоғамдық-әлеуметтік ортадағы мұраттар мен мүдделер қайшылығынан туындайтын қақтығыстар мен күрес-тартыстар үстінде ішкі жан әлемі мен сыртқы бітімін мейлінше толыққанды сипатта тұлғалай сомдауға әлеуеті молынан жететін эпикалық түр. Мазмұны мен пішіні үйлесім тапқан романда эпикаға тән кең тыныстылықты, драмаға тән ширыққан тартысты, лирикаға тән нәзік сезімталдықты бірімен бірін жымдаса ұштастырып, қоян-қолтық араластыра қолдануға толық мүмкіндік бар. Әдебиеттің өзге түрлерінен ұшыраспайтын, тек романға ғана тән мұндай қарымдылық оның бойында аз ғана уақыт аясында қалыптасып үлгермегені шындық. «Жолдастар» романы - Ілияс Жансүгіровтің проза саласындағы іргелі шығармаларының бірі. Жазушы романды екі кітап етіп жазуды жоспарлаған. Баспагерлерге жазған хатында Ілияс Жансүгіров өз еңбегінің төмендегідей болатынын ескертеді.

«Жолдастар» атты романның қысқаша мазмұны төрт бөлімге бөлінген. Біріншісінде - қазақ кедейлерінің тұрмысы, екіншісінде - төңкерістен бұрынғы қалаға, өндіріске байланысты қазақ жұмысшыларының өмірі, үшіншісінде - 1916 жылға арналған жиһангер соғыстың тұсы, төртінші бөлімде - 1917 жылдың төңкерісі. Осы желімен романның бірінші кітабы бітеді. Романның екінші кітабы - тұтасымен Қазақстандағы азамат соғысынан алынған...» [8, 36 б.].

Романның бірінші кітабының толық нұсқасы қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан 1935 жылы латын әрпімен 583-беттік көлемде басылып шығады. Аталмыш нұсқасы екінші рет 1962 жылы Ілияс Жансүгіровтің таңдамалы шығармалар жинағының үшінші томында жарық көреді. Алғашқы үзінді 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының 3-4 сандарында, 18-27 беттерде «Ақ вексель» деген атпен шығады. Романның прологы «Қызыл таң» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінің 1935 жылғы 9-24 қазандағы сандарында басылады.

«Жолдастар» романы о баста үш кітапқа өлшеніп, пішілген. Отызыншы жылдары жарық көрген «Сатан», «Мардан» повестері осы кең жоспарлы ірі туындының алғашқысы. Жазушының үш кітапқа жоспарланған алғашқы романының бірінші кітабы «Пролог», «Бастау», «Ағын», «Толқын», «Тасқын» атты төрт бөлімнен тұрады. Роман - эпикалық сипатқа ие. Онда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жыл ақпан буржуазиялық революциясы, Ұлы Қазан революциясының бір өңірде жеңуі тәрізді апалаң-топалаң уақытты суреттеген шығарма. Шынайы, толыққанды реалистік романның бөлімдер, тіпті атаулары да ойлы оқырманын бей-жай қалдырмайды.

Роман «Пролог», «Бастау», «Ағын», «Толқын», «Тасқын» атты төрт бөлімнен тұрады. Онда 1910 жылдан 1937 жылға дейінгі қазақ халқының өмірі суреттелген. Романның алғашқы беттерінен бастап оқырман ауыл өмірімен және басты персонаждармен - Сатанмен, оның ағасы Тәжимен, олардың шешесі Сәтбаламен танысады. Шалматай, Шаяхмет және басқа дала мықтыларының бейнелері тың серпін беретін образдар ретінде шығармаға біртіндеп енгізіледі.

Роман өз тұсындағы үлкенді-кішілі қарама-қайшылықтардың, көрінер-көрінбес күрес-тартыстардың, мұрат-мүдделердің, тұтастай өмірдің көркем суреті, кезең жемісі. Кезең қаншалықты күрделі, қаншалықты проблемалы болған сайын, романға артылар жүктің салмағы да, мән-маңызы да соншалықты көбейе арта түспек. «Жолдастар» романы да осындай жүкті арқалай отырып, революция қарсаңындағы тап күресі, әлеуметтік қарама-қарсы лагерьлер өкілдерінің қақтығысы көрсетілген.

Сатан жастайынан Әділхан байдың есігінде жалшылықта жүрсе де не өзі, не үй-іші кисе киімге, ішсе тамаққа жарымайды. Ол болыстың да, ауыл молдасының да малын бағады. Қанша талаптанса да мына қатігез, сұрықсыз заманда күн көру қиын-ақ. Олардың кедейлігін жазушы былай суреттейді. «Кедей ауылдың ешкі-лағы қорасында бір уыс қана болып ұйысып жатыр, үй іші тұттай жалаңаш» [9,36 б].

Өмір өте берді, Сатан әділетсіздіктің түп тамырын түсіне бастаған сияқты. Жасынан сөзге шебер, өткір тілді ол көкке өрлеген әсем әнімен және күмбірлеген күйімен жұрт көңілін баурап алады. Ауылдағы қазақ әйелдерінің тағдырына жаны ашиды, оларға қолдан келген көмегін аямайды. Ол жауыз Шалматайдан некелі әйелі бола тұра, еш тайсалмастан әсем Нәзипаны ауыр қатігездіктен арашалап қалады.

Нәзипаны жерге бір қаратып алайын деген күйеуі, оның мойнына құрым кигізіп, жұрт алдында масқара, әшкере еткенде де еңсесін түсірмей, өр мінез танытады.

Жазушы Нәзипаның бұл мінезін төмендегідей етіп суреттейді: «Талдай сыны, жанған жүзі, жалтыраған көзі жайнай, қабағы қаз-қалпында. Беттің қызылы қызыл, ағы ақ, жайшылықтағы жайдары мінезінен мынандай да өзгермеген. Ол Дәукенің жетегінде іркілмей аттап басып келеді…» [10, 67 б].

Академик Мұхаметжан Қаратаев «Жолдастар» романын талдағанда нақты образ Сатанға былай деп тоқталады. «Сатан қазақ кедейі, пысық, әнші, домбырашы жігіт.Ол революция қарсыңында қиын-қыстау жылдары мұқтаждықтан байларға кіріптар болып, жалшылық етеді, көп шытырман қиыншылықтардан өтіп, ақыры, өзі сықылды кедейлерден шыққан көзі ашық, қажырлы жолдастар тауып, 1916 жылғы оқиға тұсында таптық тартысқа шығады» [11,36 б].

Сатан - халықты езуші байлардың, би-болыстардың бітіспес жауы. Бұлар айдарынан жел есіп дүрілдеп тұрғанда халыққа бостандық та, теңдік те, әділет те жоқ екенін ол жақсы біледі.

Сатан кейін ауылдан қалаға келеді, орыс революционерлерімен танысып, большевиктер партиясы туралы естиді. Оның саяси санасы өседі. Бұрын ол жекелеген байларды, болыстарды өлтіріп, бостандыққа жетеміз деп ойласа, енді аңсаған арманға тек бүкіл халықтық күрес арқылы ғана жетуге болатынын біржола түсінеді.

Оқуы-тоқуы болмаса да, Сатан романда жасынан көкірегі ояу, сезімі ұшқыр, сөзге шебер, өнерге де таласы бар жігіт есебінде көрінеді. Орайы келгенде әсем дауысымен көкірегінен өлең-жыр төгеді, күмбірлеген күй шертіп, жұртты өзіне қарата алатын өнері де бар. Осындай асыл қасиеттерге ие жігіт айналадағы сорқылықтарға төзбейді. Талай рет «бас көтеремін» деп соққыға жығылып, жазаға да тартылған. Дала өмірінде жанына сая таппаған жігіт, енді қалаға барады.

1.3.Ілияс Жансүгіровтің классикалық таңдаулы прозалық туындыларындағы образдық тарихи-көркем бейне

Жағымды персонаждың және бірі - Мәмбет. Ол - ақылды, әрі адал азамат. Мәмбет «Светлана» пароходымен Омскіге барып, қала өмірімен танысады, орыс адамдарымен араласады, олардың өмірін танып-біліп, саяси сауатын ашады.

Мәмбет Мардан сияқты намысқой, қызба емес. Бәрін де ойлап-пішіп, істің байыбына барып қана шешім шығаратын сабырлы салқын жігіт. Мәмбеттің жастық шағы жоқшылықта өтеді. Әкесі Тұздыбай күнкөріс қамы үшін әртүрлі шөптен, тамырдан дәрі-дәрмек жасап сатады. Әкесі Тұздыбай көп малы болмаса да, аздаған тіршілігі бар адам болып, ел қатарына қосылуына бар күш-қайратын, ақылын аямайды. Оқытқысы келеді-ақ, бірақ қолы қысқа. Сатанның ағасы Тәжи сияқты Тұздыбай да еріксіз Мәмбетті Сүлеймен байға өзінің жанын бағып, тамақ асырауы үшін береді. Жазушы оны былай деп суреттейді: «Үй өміріне өзіне-өзі түгел жетпеген үй. Тұздыкеңнің үйінде алты бала. Оның әжетке жетіп, жалшылыққа жарағаны екеу-ақ. Оның бірі - осы қайтып келіп отырған Мәмбет. Мәмбеттен үлкен баласы орыста малай. Онан кейінгі ұлы-қызының барлығы да шиеттей жас балалар. Осы балаларды асырау, борыш-қарыштан құтылу, шаңырақ ақша төлеу - барлығы да Тұздыкең мойнында» [12, 189 б].

Мәмбет жастайынан жалшылықта жүрді, есейген соң темір жол құрылысында жұмыс істейді. «Міне, мен бүгін өзге жігіттермен бірге жұмыс істеп жатырмын, - дейді ол ойға шомып. - Тегі «талаптыға нұр жауар» дегенді әкем байғұс аузынан тастамаушы еді. Сол рас қой. Ендеше, талап қылған адам қараңғылықта қалмайды... Өнерге ұмтылам. Өнер демекші - өнердің бәрі орыста екен ғой. Өнерпаз боламын деген жігіт алдымен орыс арасына кіріп, орыс тілін білуі керек-ау. Есейіп, ер жетіп, өздерінің жанындағы достарын қандай да бір ауыр қиын-қыстау шақтан арашалап та алады. Келе-келе тек айналасындағы достарын ғана емес, сонымен бірге халықтың қамын ойлаушы дәрежесіне көтеріледі.

Бұл жолдарда олар пароходта матрос, теміржолда, зауыт-фабрикаларда жұмысшы, бай-көпестерде ат жүргізіп, жүкші болып талай ауыр жұмыс атқарады. Бірақ бостандық, теңдік, әділеттілік, бақыт деген асыл ұғымдар олардың қаперіне де кірмейді. Тіршілік жасап, тамақ асыраса болғаны.

Мәмбеттің жас кезінен-ақ ескі ырым-жырымға, жол-жораға қаны қас еді, бірақ одан қалай арылудың жолын білмейтін. Бұл оған қапас қараңғы түндей, алынбас асқар таудай көрінетін. Ол феодалдардың ауыр езгісіне қарсы аянбай күреседі, жанталаса шындықты іздейді, халқына бақыт пен азаттық әперуді, ел жуандарынан кек алуды ойлайды. Бет-жүзіне қарамай олармен ашық шайқас жолына түседі.

Орыс революционерлерімен, тап күресі туралы ғылыммен танысқаннан кейін Мәмбет нағыз идеялық күрескерге айналады. Енді ол еңбекшілерді азат ету мүмкіндігіне, олардың өкіметті өз қолдарына алатынына сенеді. Расында, мұндай күн 1917 жылғы Октябрьде туды. Романның соңында Мәмбет орыс большевигі Михайлов бастаған халық көтерілісіне қатысады.

Мәмбет - шындық пен әділет жолындағы табанды күрескердің, еңбекші қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген үлкен жүректі адамның типтік бейнесі.

Қазақ революционерлерінің тағы бір өкілі Марданның өмір жолы да қызықты. Оның тағдыры Мәмбеттің тағдырына көп ұқсас. Қарапайым халықтан шыққан ол жай жалшыдан революционер дәрежесіне дейін көтеріледі. Жазушының айтуы бойынша, ол жамағайыны «Машай есігінде күл шұқып, итпен бірге сүйекке таласып, күшікпен бірге қаспаққа жармасып, басы қайызғақ, қарны қабақтай қара бала болды. Жел қуған түйе қарындай үйден-үйге домалап өсті... Бірақ тірі адам тіршілік тепкісінде күннен - күнге пісіп қатая берді». Байдан көрген қорлығы жүрекке кек болып қатты, жоқшылық азабы оны өмірге басқаша қарауға үйретеді. Жазушы Марданды былай мінездеме береді: «Мардан адамның ауыры. Оның мінезі құйған қорғасындай салмақты. Ол кейбіреулерше көрінген кісіге жанасып, сөйлеген сөзге ілінісе бермейді. Бірақ оған біреудің таяғынан гөрі тілі тезірек өтеді. Ол өзін ұрған таяққа шыдаса да қорлаған сөзге шыдамайды. Оның ашуы бұрқ етіп бір-ақ қайнаса түйе тулағандай қылады. Мейлі ұлық болсын, кім болсын, Мардан қолында өлуге даяр» [13, 224 б].

Марданның санасына еңбекшілерді әділеттілік пен бостандыққа жеткізу туралы ой ұялай береді. Енді ол өз халқын азап пен қорлықтан құтқару жайлы толғана бастайды. Қалаға келісімен большевик Герасимовпен танысады. Біртіндеп Марданның рухани сана-сезімі оянып, байларға деген жай өшпенділігі саналы революциялық идеяға ауысады. Қанаушы құрылыстың сөзсіз құритынына сенген ол: «Бүгін сендер біздің біреумізді түрмеге тықсаңдар, ертең оның орнына мыңдаған адам келеді» - дейді сеніммен байларға. Мардан өзінің қара күш иесі екенін біліп, кез-келген жерде бас ие бермейтінін көруге болады.

Басқалармен салыстырғанда күш-қуаты мол, нағыз революциялық істерге араласа алатын қасиеттер оның өн бойынан табылады. Кез келген қолымен істеген істерді мойнымен көтеріп жүре беретін тік мінездігі үшін айналасындағы достары оны құрмет тұтады. Ал «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргендері, әділетсіздікке жиі баратындар қатары Марданның жаны қас адамдары. Реті келгенде оны шалып, тәубесіне келтіруге дайын тұрады. Сондайлардың торына түсіп қалып, көп қазақ жігіттерімен майданға окоп қазуға да аттандырылады.

Майданда көрген азабы Марданды біршама ширықтырып, істің ақ-қарасын тануға мүмкіндік туғызады. Мінез-құлқы, дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Бірте-бірте рухани сана-сеземі оянып, билеуші тапқа деген кекшілдігі мен өшпенділігі саналы революциялық идеяға ауысады. Роман аяғында өзінің артынан қарапайым халықтың мүддесін ойлайтын адамдарды ерте алатын образ ретінде көрінеді.

Романдағы Сатан, Мардан, Мәмбет образдары мейлінше нанымды, шынайы бейнеленген. Олардың әр қимыл-әрекеттері өмірге, шындыққа жанасатындай етіп суреттелген. Жазушының идеясы - осы үш кейіпкер арқылы жеке адамдар тағдырын бейнелеп, бүкіл бір елдің тарихын көркем шығармамен көрсету.

Мардан тарихи бейне. Оның бойындағы қадір-қасиетті Ілияс өзінің аузынан естіген. Ол - Біләл Сүлеев. Біләл Сүлеев (1893 жылы Баянжүрек қонысы, Қапал ауылы, Ақсу ауданы, Алматы облысы туып, - 1937 репрессия құрбаны болған) - қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, журналист, драматург. Біләл Сүлеевпен Ілияс өз уақтысында көп араласқандықтан, оның өз аузынан көп деректі жазып алған.

Алғашқы білімді әкесі Сүлей Майлыұлынан алған. 1911 жылы өзі туған өңірде ашылған "Мамания" мектебін бітірген. Бірер жыл оқыған зерек баланы осы оқу орнын ұйымдастырушылардың бірі Есенғұл Маманұлы болыс өз қаражатымен "Ғалия" медресесіне оқуға жіберген. 1913 - 1916 жылдары Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірген. 1916 жылы маусым жарлығына ілігіп, қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып Минск қаласына барды. 1916 - 1918 жылдары Қапалдағы татар мектебінде оқу ісін басқарушы болып қызмет етті. 1918 - 1927 жылдары халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жеті жылдық орталау мектеп, облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашуға мұрындық болды. Бұл мектептерде кейбір пәндер орыс тілінде оқытылған. Сүлеев енгізген бұл тәжірибе Жетісудағы қазақ жастарының Кеңес Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға түсулеріне мүмкіндік берді. 1928-1929 жылдары Ақтөбе облысы оқу бөлімінің меңгерушісі, 1930 жылы Семей педогогикалық институтының алғашқы ректоры болды, соңғы қызметінде жүргенде жазықсыз қамауға алынып, 1932 жылы 5 қыркүйекте босанып шықты.

1932 - 1934 жылдары Мәскеу өндіріс орындарында мәдени-ағарту саласында қызмет істеді. 1934 - 1937 жылдары Қарақалпақ АКСР-інде халық ағарту комиссары болды. 1937 жылдың соңында екінші рет қамауға алынып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.Семинарияда оқып жүргенде өлең, әңгіме жазумен айналысқан. Сүлеев Орынборда шыққан "Қазақ" газетінде қосымша жұмыс істеп, газет бетінде «Матай», «Қаптағай» деген бүркеншік атпен бірнеше өлең, мақалаларын жариялады. Татардың "Шура" журналының 1916 жылы 3-санында татар ұлтшылдарына қарсы "Науширван эфенді мақаласы жайлы" атты ғылыми мақаласын жариялады. Осы журналда және татар тіліндегі "Вахит" ("Уақыт") газетінде Сүлеевтің мақалалары мен өлеңдері жиі жарық көрді. Сүлеев әдебиет әлемінде сатирик ақын, жалынды көсемсөзші, талантты драматург ретінде танылды. Өлеңдері мен мақалаларында қоғамның келеңсіз жақтарын аяусыз әшкереледі, өткір тілмен мінеді. «Картаға салынған қатын» атты өткір әжуаға құрылған комедиясы 1921 жылы Алматыда бірнеше рет қойылды. 1922 жылы жазылған «Қабанбай мен Сазанбай» атты өлеңмен жазылған ұзақ сатирасы Жетісудағы алғашқы жер бөлінісіне арналған. "Қыз бен жігіттің айтысы", "Қазақтың 24 басалқа дыбысы", "Қайтсең де көсем боларсың" (1922), "Нақысбек" (1922), "Жұт жеті ағайынды", "Қазақ мұғаліміне" (1923) атты сатиралық өлеңдері "Қаптағай", "Бұйрас" деген аттармен газет-журналдарда жарық көрген.

Қазақтың тұңғыш ғылыми-көпшілік, әдеби журналы «Айқаптың» (1912 - 1915) бетінде еліміздің рухани тарихына қатысты құнды деректер жарияланып тұрған. Соның бірі - Жетісу өңіріндегі алғашқы қазақ мектебі - «Мамания» туралы жазылған мақалалар мен хабарлар болса, осы мектептен Біләл Сүлеев білім алған. Мұнда Ілияс та оқып, талай қазақтың майдайалды адамдармен аралас-құралас болған.

Бұл мектепте Көлбай Төгісов те оқыған «К. Найманский» деп қол қойған - қоғам қайраткері, журналист, адвокат болған. Ол патша өкіметіне қарсы пікір білдіргені үшін бір жарым жыл түрмеге жатып, Қапал уезіне жер аударылған. Сол ауылда жүріп талай заңсыздықтарға тосқауыл қойған. Әйгілі «Ақшәулі болысындағы іс» туралы мақалалар «Айқап» және «Қазақ» газетінде жарияланды. Ал Бейсембай Көдесұлы кейіннен ел таныған күрескер болды. Сондай-ақ, мына мәселелерге ден қойып, пікір түюге негіз қалайды ғой деп те ойлаймыз.

Бірінші: барлық деректерде «Мамания» мектебі мен медіресесі 1899 жылы ашылды делінеді. Ал К. Төгісовтің (К. Найманский) 1913 жылғы мақаласына қарағанда Тұрысбектің мектебі 1880-жылдары ашылған.

Қазақ елінің алдыңғы қатарлы ел ағалары кеңес өкіметі тұсында да қысымға ұшырап, қуғындалды, мал - мүлкі тәркіленді. Алаштың көсемдерін түрмеге жауып, жазалау ісіне кіріскенде Маман ұрпақтары да жауапқа тартылды. М. Тынышбаевтың тергеушілерге берген жауабында «аса ірі байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыға қарсы» болған «астыртын ұйым мүшелерінің қатарында» Маман тұқымдарының да аты аталады. М. Тынышбаев пен Х. Досмұхамедов:

«Біз, ұйым мүшелері, байлардың жер аударылуына және олардың мал - мүлкінің тәркіленуіне қарсы шара қолданып, оларға алдын - ала ескертіп отырдық, сөйтіп науқанның жүргізуіне бөгет жасадық. Соның ішінде, менің өзім біреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңіргеновтерге және Есенқұлға және де басқаларға, сонымен қатар Лепсі уезіндегі өзім шыққан «найман» руларының байларына хабар бердім (М. Тынышбаевтың ОГПУ тергеушісіне берген жауабынан, № 2370, І т., 125 - парақ, Х. Досмұхамедовтің жауабынан, 207 - парақ)», - деп «куәлік берген». Әрине, бұл сөздерді тергеушінің өзі ойынан қосып жазғаны айтпаса да түсінікті. Зады, Маман тұқымын қудалауға бір себеп табу үшін болса керек. Ақыры қазақтың озық ойлы ауылының берекесін кетіріп, тағдыр тәлкегіне ұшырып тынғаны бүгінгі ұрпаққа белгілі. Міне, дегдар тұқымның зиялы ісіне орай кездескен тарихи деректердің бір парасы мақалалар «Айқап» және «Қазақ» газетінде жарияланды. Ал Бейсембай Көдесұлы кейіннен ел таныған күрескер болды. Сондай-ақ, мына мәселелерге ден қойып, пікір түюге негіз қалайды ғой деп те ойлаймыз.

Бірінші: барлық деректерде «Мамания» мектебі мен медресесі 1899 жылы ашылды делінеді. Ал К. Төгісовтің (К. Найманский) 1913 жылғы мақаласына қарағанда Тұрысбектің мектебі 1880-жылдары ашылған. Демек, мешіт пен медресенің, соның ішінде «Мамания» мектебінің ашылуы әрірек сияқты. Ал Қарағаштағы Есенқұлдың мектебінің іргетасы 1899 жылы қалануы шындық. Екінші: Маман бидің жас мөлшері мен қайтыс болған жылына Таһир Ілиясовтың көңіл айтуы меже бола алады. Онда Еркебала Маманқызы 26 жасында дүниеден қайтты делінеді. Демек, 1887 жылы Маман би тірі. Үшінші: Біржан - Сара айтысындағы аты ауызға алынатын Тұрысбек қажының өмір сүрген кезі. К. Төгісовтің дерегін екшеп қарасақ, Тұрысбек қажы 1880 жылдары мектеп ашқан. «Қапал халқына жаңа жол сілтеп келе жатқанда», яғни, тіпті кеңінен пішкеннің өзінде 1890-жылдардың ар жақ, бер жағында «дүниеден қайтқан». Демек, атақты айтыстың өту мерзіміне бұл да жөн сілтей алады. Төртінші: Православие шіркеуі, қазақ арасына оқыған мұғалімдерді жібермеу туралы 1899 және 1902 жылдары арнайы нұсқау берілген. Оған патша ағзам қол қойған. Мақаладан бұл нұсқаудың толық жүзеге асқаны анық байқалды. Маман ұрпақтарының оқу-ағарту ісіне ерекше ден қойғаны мәлім.

Романда өздерінің бас бостандығы, теңдігі туралы, сүйген адамдарына қосылуды арман еткен Нәзипа, Күлзейне, Күлән, Қамаш сияқты қазақ әйелдері зор ілтипатпен суреттеледі.

Күлзейненің тағдыры ауыр әрі аянышты, оны жастай Үсейін саудагерге тоқалдыққа береді. Тағдыры тәлкекке түскен мұндай әйелдер ол кезде мыңдап саналатын. Мұндайлардың ішінде «бүлікшілер» де болған, бірақ олардың әлсіз қарсылығы қайғылы аяқталатын. Күлзейне байға кектеніп, Мардан жалшымен көңіл қосады. Бірақ бұл қызық көпке ұзамайды. Күлзейне өз өмірін өзгертуге батылы жетпейді, байдың сәнді тұрмысын тастап, Марданға еріп кетуге жасықтық танытады.

Нәзипаның өмір жолы Күлзейненің тағдырына ұқсас. Оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған Нәзипа Шалматай қажының төртінші әйелі. I. Жансүгіров оның ұшқын атқан көзін, сыңғырлаған күлкісін, құлындай әдемі тұлғасы мен былқылдаған жүрісін сүйсіне суреттейді. Нәзипа - ер жүрек, жалынды әйел. Оның көңіліне қажының әйелі екенмін, дұшпаным, күндесім көп екен деген қауіп келмейді. Келіншек болып түскеннен-ақ бәйбішелердің ырқына көнбей, теңдік бермеген болатын. Біреу-міреу оны тоқыратамын деген ниетпен сөз қозғаса: «Мен бұл есікке күң болу үшін түскенім жоқ» деп дүрсе қоя береді. Алғашқыда Нәзипа «қара тазға» бармаймын деп қиғылық салғанымен, азулы әке, ақтарылған мал барлығы қыздың аяғын тұсап, басын байлап берген. Ол қажының үйіне келген соң, мұғалім Фазылмен көңіл қосады. Бұл қылығы үшін Шалматай қажы Нәзипаны сұмдық қорлайды. Мойнына қарақұрым киіз іледі де, мешітті үш рет айналдырып, тірідей көмбекші болады.

Қорлық шеруінің өзінде Нәзипаның сұлу кескіні, жайнаған жүзі, жалтыраған көзі, қас-қабағы қаз қалпында. Жақсы киімдері үстінде, жамылған ақ шәлісі, жасыл пүліш бешпенті, торғын көйлегі төгіліп, тұлғасы сырықтай болып келеді. Бетінің қызылы - қызыл, ағы - ақ, жайшылықтағы жайдары мінезінен титтей өзгермеген. Қажының әйелдері Нәзипаның иілмегеніне кіжініп, балағаттап бетіне түкіреді, қара халық жаны ашып «күнәкәрді» аяйды. Екі беті гүл-гүл жайнап, көзі ойнап, езуі күліп, жүзі жарқын, жүрісі еркін Нәзипа бір қалыптан таймайды, қымсынып тайсалмайды. Тек жалшы Сатанның араласуымен Нәзипа қорлықтан, тіпті өлімнен құтылады.

Романда образдық бейне тағы бір қыздың қайғылы тағдыры әңгіме етіледі. Ақ көңіл, нәзік жанды Күлән адал махаббаты, бас бостандығы үшін кезсіз ерлік жасауға дайын. Бірақ алпауыттар билеген дала заңы оны сүйгеніне коспайды. Ол Мәмбеттен жәрдем сұрайды. Мәмбет қызға уәде береді, Күләннің басына төнген қара бұлт сейілгендей болады. Алайда, оның жасырын әрекетін ағасы біліп қояды да, қыздың қайын жұртына хабар беріп, бақытсыз Күләнді қол-аяғын байлап, сүймеген адамына қосақтап жібереді.

Романда мінез-құлқы, сырт көрінісі, өмірге көзқарасы әр түрлі қарапайым адамдардың бейнелері нанымды шыққан. Нұрәділ, Аяпберген, Байғарау, Елеке ақын, Сүндет - олардың әр-қайсысы халық бостандығы жолында, бақытты өмір жолында аянбай күреседі. Әрқайсысының таңдаған жолы, арманы, көздеген мақсаты бар.

Романдағы тағы бір кейіпкер - Аяпберген жастайынан жоқшылық пен қорлық көріп өседі. Ерте ағарған шаш, бетіндегі терең әжімдер соның айғағы тәрізді. Халық қасіреті, бұлыңғыр болашақ туралы ойлар оның жанын жегідей жеп, күндіз-түні маза бермейді. Әке-шешесі жоқ тұлдай жетім Марданға қамқор болып жүрген адам. Аяпберген айла амалдан да ада емес. Ауылдарына жау тиіп, еркектерін қосақтап байлап әкеткенде, ол тайқазанды төңкеріп соның астына тығылып қалып, кейін бас көтерер азамат ретінде өкімет орнына барып арызданып, көп істі атқарғандығы қызғылықты, күлкілі эпизодтармен жазылған.

Елеке - әнші, сауықшыл адам. Жас кезінде халық ақыны Жанақпен кездескен, атақты Шөжемен айтысқан. Романда ол сөзге жүйрік, өткір ойлы, талантты адам ретінде суреттеледі. Оның әндерін, ертегі, жырларын естігенде жұрт көңілі жадырап, мәз болып қалушы еді. Елекенің қоғамға көзқарасы қарама-қайшы, ол көбіне ескі дәстүрлер төңірегінен ұзап кете алмайды. Бірақ оның әндері мен өткір мысқылдары халыққа қызмет етіп, қанаушы топқа қарсы күресте үнемі жігер косып отырады.

Романда кейіннен көріне бастаған айтулы тарихи персонаждардың бірі - Субай адвокат. Сирек кездесіп жүрген бейнелердің бірі болса да «Субай адвокат: өзі шешен, іскер, қалаға да, далаға да бірдей сегіз қырлы, жылпың жігіт. Алты Алашқа аты мәлім, алғыр адвокат еді» [14, 414 б] деп суреттеледі.

Субай ел ішінде іріткі салушы ретінде көзге түседі. Ол сот орнында қызмет істейді. Ойы - қалайда қазақ жігіттерін ұйымдастырып, «Үш жүз» деген партия құрып, сол арқылы өкімет билігіне қол жеткізу, ел-жұрттың үстінен басқару. Бірақ ол ойына жете алмайды. Өйткені, ол тек өзінің ғана жанын күйттеген адам. Соны түсінген қарапайым халық одан іргесін аулақ салады делінген романда.

Осы қатардағы тарихи персонаж Субай туралы Ілияс Жансүгіров сол тұстағы саяси жағдайға байланысты салқын пікір айтқан болса керек деген ойдамыз. Өйткені, қазіргі өлшеммен қарасақ, негізгі прототип Субай дегеніміз - Көлбай Төгісов ХХ ғасыр басында қазақ даласына кеңінен танымал болған, елге қалтықсыз қызмет істеген адамның бірі болғанының күәсі боламыз.

Көлбай Төгісовтің ағартушылық бағыттағы шығармалары сондай-ақ, ондағы көтерген өзекті мәселелер мен қазақ халқының саяси тұрмыс жағдайын толық ашып көрсететін туындылары арқылы зиялы қауымның қатарында екенін көре аламыз.

ХХ ғасырдың басынан өрістей бастаған қазақ зиялыларының саяси қозғалыстарының басты талап-мақсаты қазақ елін отарлау жүйесінен құтқарып, езуші тап өкілдерінен азат ету, ұлттық тең құқылықты орнату, оқу-ағарту ісін жетілдіріп, өркениетті елдер қатарына қосылу еді. Осындай талаптарды жүзеге асыру барысында зиялыларымыз - Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жаһанша, Райымжандармен бірге қоғамдық-саяси аренаға шығып, тұңғыш социалистік «Үш жүз» партиясын құрған, «Алаш», «Үш жүз» газеттерін ұйымдастырып шығарған, заң, әдебиет, тарих салаларына маңызды мақалаларымен үлес қосқан азаматтарымыздың бірі - ағартушы, драматург, публицист Көлбай Төгісов екенін тарих беттері ашық жазуда.

Көлбай Төгісовтің өмірбаянына үңілсек, ол 1879 жылы Семей облысы Зайсан уезінің Шорға болысында дәулетті жанұяда дүниеге келген. Найманның Қаракерей руының ішіндегі Байжігіттен тараған арғы аталары Сарыарқаға әйгілі болған Ұлтарақ би, тобықты Бөжейдің нағашы атасы Бөжей, Сара ақын өлеңіне қосқан құт Шаянбай, Абаймен араласқан Төгіс пен Бөгіс. Шаянбай ұрпақтарынан сегіз адам қажылыққа Меккеге барған.

Бұл жөнінде 1895 жылы Сара Біржанмен айтысқанда:

«Сөйлейін Қара Шорға, Байжігітті,

Ботабай Шаянбаймен екі құтты.

Ұрқынан сегіз адам қажы барған,

Болыпты осы кезде дінге мықты»[15, 243б.],-деген екен. Осы қажылыққа барғандар: ағайынды Бөгіс пен Төгіс, Иса, Құсайын Бөгісұлы, Айдос, Андабай Төгіс ұлдары, Бөжейден Әділ мен Қайран. Төгіс осы қажылық сапарында қайтыс болып, ұлы Айдос әкесін Семейге әкеліп, Ертістің шығыс жағалауындағы зиратқа жерленген. Төгістен Тобықты, Айдос, Андабай, Әбділдабек, Солтан, Көлбай туған.

Көлбай Зайсан ауыл шаруашылық мектебін бітірген. Орыс тіліне жетік болғаннан кейін жергілікті үкімет орны оны Зайсан уезінің бітімгерлік сотының тілмашы қылып алады. Жалпы, Көлбайдың жоғарғы заң орнында оқығандығы туралы дерек жоқ. Сондықтан оның заң саласына келіп, кейіннен адвокаттық іске араласуының бірден-бір себебі орысша білуінде болса керек. Ал Төгіс ұрпақтарының айтуынша, ол Петербург университетін экстерн жолмен бітірсе керек.

Көлбай Төгісовтің өмір жолы ХХ ғасырдың басындағы революциялық күрес жылдарымен тығыз байланысты. Сондықтан оның саяси қайраткер болып шыңдалуына елде болып жатқан өзгерістер әсер етпей қоймады. Оның публицистикалық қызметінің де оянуы осы кезеңге тап келді.
1905-1907 жылдары қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаевтармен бірге патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған саясатына қарсы шығады. 1905 жылдың 15 қарашасында Қарқаралыда патша манифесіне қарсы болған толқуға қатысады. Осы манифестация кезінде ол Жақып Ақбаевпен танысып пікірлес болады. Қазақ-орыс зиялыларымен бірлесе патша үкіметінің әділетсіз заңына қарсы шығып, өзін ел арасында күрескер ретінде таныта біледі. Жергілікті үкімет орындары Қарқаралыда өткен манифестацияны «бүлік» деп жоғарғы жаққа хабарлап, көмек сұраған кезінде Әлихан Бөкейхановқа болған мән-жайды түсіндіріп «бүлік» еместігін дәлелдеп, қол қойып, жеделхат жіберген қазақ-орыс зиялыларының арасында Көлбай да бар еді. Осы жағдайдан кейін ол «Семипалатинский листок» газетіне Қарқаралыдағы болған оқиғаның жайын түсіндіріп, уезд басшысы Оссовскийдің мәліметінің жалғандығын айтып Қарқаралы уезінің 21 болысының өкілдері патша ағзамға жедел хат жібергендігі жөнінде хабарлама жариялайды. К.Төгісов қазақ даласындағы болып жатқан өзгерістерді бақылап қана қоймай, оған қызу араласты. «Семипалатинский листок» газетіне патша өкіметінің қазақ өлкесіне жүргізіп отырған отаршылдық саясатын әшкерелеп бірнеше мақала жариялады.

1906 жылы маусымда Семей қаласындағы Халықтар үйінде болған қазақ сайлаушыларының жиналысына ол да қатысады. Жиналыс төрағасы болып Зайсан уезінің қазағы Отыншы Әлжанов, ал хатшылығына Көлбай сайланады. Жиналысқа Семей өңірінен 180-нен астам қазақ қатысады. Әскерлік міндеткерлік, земство ісі, жер мен дін мәселелеріне қатысты қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері Отыншы Әлжанов, Өмірбек Жамулов, Шәкәрім Құдайбердиев, Сәдуақас Шорманов, Қызырмолла Қоңызов, Әбубәкір Құрмановтармен бірге Көлбай Төгісов те сөз сөйлеп, өз пікірін білдіреді. Жиналыс шешімі бойынша қазақ зиялылары бірауыздан Орынбордағы мұсылман жиналысымен қосылып, бірлесе жұмыс жүргізу қажет деп табады. Осы жиналыстың шешімін ол Санкт-Петербургтегі «Наша жизнь», «Речь» сынды газеттеріне хабарлама ретінде жариялайды.

Патша шенеуніктері сайлаушыларға қысымшылық көрсетіп, кей кездерде қорлау фактілері де кездесіп жатты. Көлбай осындай бір жәйттің Зайсан уезінде орын алғандығын «Семипалатинский листок» газетінің бетінде қынжыла жазып, «әділдік күн туса» деген ойын ашық білдіреді.

1906 жылы 21 шілдеде Семей облыстық басқармасында Семей облысын земстволық мекемеге енгізу мәселесіне байланысты мәжіліс өткізіп, оған осы облыстың уақытша генерал-губернаторы А.С Галкин мен вице-губернаторы Н.Ф. Ницкевич қатысады. Патша шенеуніктері орыс шаруалары мен казактар мекен етіп жатқан жерлерді облыстық земствоға енгізу мәселесін қолға алуға айрықша тоқталады. Осы мәжіліс жөнінде хабарлама «Степной пионер» газетіне жарияланады.

Көлбай Төгісов земство мәселесіне қатысты генерал-губернатордың басшылығымен өткізілген мәжіліске облыстық басқармадан 5-6-ақ қадам жерде тұрып жатқан қазақ өкілдерінің мәжіліске шақырылмауынан басты кемшілік дейді. Жалпы жергілікті шенеуніктердің отырықшы орыс жұртшылығының қызығушылығын тудыратын ережелерге ғана тоқталып, ал тұрғылықты халықтың 85 пайызын құрайтын қазақтарға патша әкімшілігінің «жабайы саяси және экономикалық өмір сүруге әлі лайықты емес» [15, 136б.] деген пікірді ұстанып отырғандығы оның ызасын туғызды. Сондықтан Көлбай земство ісіне зиялы қауым өкілдерінің тікелей араласып, «жеті миллиондай қазақ халқының атынан ұлтымыздың мәдени дамуына жұмыла кірісіп, еңбек етуіне шақыратынын» [16, 136б.].

1906 жылғы «Семипалатинский листок» газетіне жариялаған мақаласында ашық жазды. Ол Жер басқармасының ендігі жерде көне беруге болмайтынын, сондай-ақ ескі әкімшілік аппараты өз орнында қалса қазақ халқының сол бұрынғы қалыппен басқарыла беретіні сөзсіз екенін баса көрсетеді. Кейін осындай ниетте жазылған мақалалары оның тұтқындалған кезінде үлкен айып болып, алдына көлденең тартылады.

Осы мақала жарияланғаннан кейін Семей облыстық басқармасының земство мәселесіне қатысты комиссиясының мүшесі Запаловский оның сынына мүлдем келіспейтіндігін, комиссия мүшелерінің жұмысын өткір сынап отыр деген қарсы пікір айтады. Земство мәселесі бұдан кейін де осы және басқа газет беттерінде бірнеше рет көтеріледі.

М. Әуезов «Ақаңның елу жылдық тойы» мақаласында көтерілген үш мәселенің екіншісі «қазақ жұртына земство беруді сұрау» екендігін көрсеткен болатын. Алаш жетекшілерінің бірі Ә. Бөкейханов та ақпан революциясы жеңіске жеткен алғашқы күндерде Ресейдің федеративті республика емес, кең земстволық басқару жүйесі бар республика болуын жақтағаны белгілі.

К. Төгісов земствоның қазақ жұртына тигізетін пайданың зор екенін, земство жүйесін тек отырықшы аудандарда ғана емес, көшпелі жұртқа да енгізу қажеттігін баса айтқан. Кейіннен 1917 жылы бірінші жалпы қазақ съезінде де земство жүйесін көшпелі жұртқа енгізуді қажет деп тауып, шешім шығаруды Уақытша үкімет алдына қояды.

Патша әкімшілігінің жергілікті қазақ халқына жүргізіп отырған әділетсіз билігіне арашашы болу мақсатында Көлбай Орыс үкіметінің тарапынан қысымшылық көрген қазақтардың істі мәселелеріне араласып, көпшілік жағдайда әділетті шешім табуына себепкер болады.

Көлбайдың 1905 жылғы ереуілге қатысқаны, революциялық пиғылдағы әрекеттері мен жергілікті әкімшілік басшыларын сынай жазған мақалалары үшін патша үкіметі оны 1909 және 1910 жылдары екі рет тұтқындайды. Оған Семей губернаторы А. Тройницкий: «1900 және 1907 жылдар аралығында Зайсан уезінің сот басқармасында тілмаштық қызмет атқарып, одан босағаннан кейін Көкпекті қаласында заңсыз түрде адвокаттық іспен айналысып, ұры-қарыларға арашашы болды, орыс пен қазақ арасында жер шекарасын белгілеу мәселесін шешуде халық арасында жағымсыз пікірлер айтып екі ұлт арасында қақтығыс болатындай жағдайлар туғызды, 1905 жылы жергілікті баспасөз беттерінде әкімшілік басшыларын қаралаған, 1907 жылы «Семипалатинский листок» газетінде орыс өлкеде қоныстануына жол бермеу қажеттігін айтқан мақала жариялап, қазақтар арасында «автономия» мәселесін талқылап жүр» [17, 165 б.],- деген кінәлар тақты.

Көлбайдың жазықсыздан-жазықсыз қамауға алынып, түрмеде отырғандығын айтып зайыбы Бәтима Дала генерал-губернаторына жеделхат жолдайды. Көлбайдың өзі де Дала генерал-губернаторы еш кінәсіз қамауда отырғандығын айтып бірнеше рет шағымданды.

ХХ ғасырдың бас кезінде демократиялық бағыт ұстанған қазақ тіліндегі газет-журналдар дүниеге келе бастады. Ел болашағына алаңдаған қазақ интеллигенттерінің басым көпшілігі осы баспасөз төңіругіне топтасты. Олардың қаламынан шыққан пікірлер бір мақсатқа тоғысып, ортақ қоғамдық ойдың арнасына құйылып жатты.

Сол тұста да, қазақ зиялыларын толғантқан басты мәселе - тәуелсіз мемлекеттікке қол жеткізу еді. Ағартушы, журналист, драматург Көлбай Төгісовтің де публицистикалық жолының басталуы осы мақсатта туындады. Оның мақалалары әр түрлі тақырыптарға арналды. Өмір ағысымен туындап жатқан құбылыстардың дамуына ілесе қалам тартып, өз ойын оқырман жұртқа мерзімді баспасөз арқылы жеткізуге тырысты. Патша өкіметінің қазақ халқына жүргізіп отырған отаршылдық саясатын әшкерелейтін, елдің әлеуметтік - саяси жағдайы туралы мақалалары ең алғаш Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» газетінде жарияланды.

К. Төгісов кей мақалаларын «Киргиз - кайсак», «К. Найманский», «Степняк», «Киргиз - степняк» деген бүркеншік аттармен жариялады. Ал оның ағартушылық бағытта жарияланған «Әй, қазақ» өлеңі «Айқап» журналының 1912 жылғы 13-санына басылды. Бұл өлеңінде ол қазақ баласының дұрыс жолға түсіп, бос сандалмай, надандық қапасын бұзып, білім алып, пайдалы іс істегендігі жөн екендігін жас буынға түсіндіруге тырысады. Қазақ халқын ілгері бастырмай, езілген, адасқан, тығырыққа тірелген халін дәл көрсетеді. К. Төгісов осы мақалалары арқылы халық арасындағы мәдениеттің төмендігі мен сауатсыздықтың ертеңгі болашағымыздың ең басты кедергісі екендігін түсіндіре келіп, ағартушылық бағыт ұстаудың қажет екендігін баса көрсетеді. Сондай-ақ, халық үшін мектеп ашып, кедей балаларының оқуына барлық жағдайды жасаған Қапал азаматтары Маманов, Тұрысбековтің игі істерінен көпшілікті хабардар етті. Бұл игі іс жөнінде сол тұста белгілі жазушы, журналист, комиссар Сабыржан Ғаббасов та «Қапалға да ай туды» мақаласында: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Мешіт, медресе былай тұрсын, оқу оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ. Шаһар ішінде қазақтардан бірлі-жарымды оқығандар бар болса да, олар жұрт қайғысымен шаруасы жоқ. Күні-түні босана алмайтын еді» [18, 26 б.] - деп жазған еді.

Көлбай Төгісов қазақ жастары оқу-білімге ұмтылып, көзі ашық ел азаматы атанса екен деген үмітте болды. Ол үшін ел арасында оқу-білімді, ғылымды, мәдениетті насихаттайтын газет-журналымыздың көбейсе деген ойын «Айқап» журналы арқылы көпшілікке білдіреді. Егер газет шығарылатын болса, бес жүз сомды өз мойнына алатындығын дәлелдей отырып, «Бұл газетіміз шыға қалса маһурлыққа (редакторлыққа) Жаһанша мырза Сейдалин, Бақытжан мырза Қаратаев, Әлихан мырза Бөкейхановтар сияқты білімділерімізден, біреуден тиісті заявлениесін беріп қойсақ, ғылымға жүйрік зиялы жігіттеріміздің һәр уақыт сөз жазып тұрсаңыз қалайша бір газет-думаға өткізе аламыз» [19, 186 б.],- дейді.

Осы «Айқап» журналының 1913 жылғы 2 санында жарияланған мақаланы Көлбай Қапал тұрғындары «Мамания» мектебін ұйымдастырушы Есенғұл Маманов және қазақ зиялыларының бірі Мұхаметсәлім Кәшімовпен бірлесе жазды.К. Төгісовтің ағартушылық бағыттағы ұсыныстарын, әсіресе газет-журналдарды көбірек шығаруға қатысты көтерген мәселесін қазақ оқығандары мен байлары құп алды.

Көлбай ауқаттыларды алыс жерлерде білім алып жатқан қазақ балаларына ақшалай көмек беруге шақырады. Аягөз қаласына барған бір сапарында осы мәселе бойынша қазақ байларының арасында жиналыс өткізіп, мұқтаж студенттер мен шәкірттерге жәрдем беру қажеттігін түсіндіреді.
Қапалдағы үш жыл мерзімі біткеннен кейін Көлбай 1915 жылы Наманган қаласында болған, ал 1916 жылы Ташкентке келіп, 26 қарашадан бастап «Алаш» газетінің шығуына ат салысады.

«Алаш» газетін қазақ халқы қуанышпен қарсы алады. Газет ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдірген хаттар күннен-күнге редакцияға келіп жатты. «Алаш» газетінің жарық көруіне басқа ұлт өкілдері де тілектес болды. «Алашта» Көлбайдың «Вильсонның жаңа қадамы», «Государственный Дума һәм хүкімет», «Граф Игнатьев», «Жоғалсын Романовтар» және т.б тақырыптағы мақалалары жарық көрді. Ол әр мақаласында маңызды бір мәселені көтеруге тырысты. Мәселен, «Сорлы қыздар» мақаласында қазақ қыздарының аянышты халінен, от басы, ошақ қасынан шықпай, өз теңіне бара алмай, әйел үстіне әйел болып, кәрі шалға кете баратынынан мысал келтірді, қыз балаға деген қазақ арасындағы көзқарастардың зиянды, залалды тұстарын қынжыла отырып, ашып көрсетуге тырысады. Ағартушының «Алаш» газетінде көтерген мәселелерінің бірі - халықтың ескі мәдени мұралары-ертегілер, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, жұмбақтарды жинастырып, кітап шығару, яғни ескі асыл қазыналарымызды халық жадында сақтау еді.

Міне, осы тұста Ілияс Көлбай Төгісовпен кездескен, пікірлес болған. Алғашқы «Жалпы жасқа» мақаласы мен өлеңін «Жас Алаш»газетіне жариялаған.

Белгілі ғалым Қ. Нұрпейіс атап көрсеткендей, «Алаш» газетінде бастапқы кездерде ресми өкіметке ашық қарсылық көрсетілмей, тек оның 1917 жылғы 24 ақпандағы 12 санынан бастап қана революциялық-демократиялық бағыттағы мақалалар жариялана бастады. Оны Көлбайдың «Оян» деген мақаласынан байқауға болады. Қазақ халқының ауыр тұрмысын жеңілдетіп, қараңғы қапастан шығарудың бірден-бір жолы, дүниенің кілті оқу екендігін түсіндіргісі келген ол қазақ жастарын білім алуға шақырды. «Осы заманда дүниеде тұрам, жасаймын, адам қатарына өсем деген адам оқу дариясынан татпай «адамшылық» санына қосылмайтыны мағлұм болған жоқ па? Әсіресе, таласып оқу біздің мұсылмандарға өте керек уақыты емес пе еді? Біздерге адам қатарына қосылып, сілкінетін уақыт жеткен жоқ па?" [20, 143 б.],- деген сауалдарды халық алдына тартады.

«Алаш» газеті редакциясы 1917 жылдың күзінде Ташкенттен Омбы қаласына көшті. Бұл кездерде К. Төгісов Петроградқа Бүкіл ресейлік шаруалар съезіне «қазақ демократиялық ұйымының» атынан өкіл ретінде қатысуға кеткен болатын. Оның «Оқушыларға өтініш» деген мақаласында К. Төгісовтің халық мәжілісіне, Петербордағы шаруалар съезіне өкіл болып сайланып, газет шығару жұмысы Т. Жанбаевқа тапсырылады. Алайда, газет басшылығының дұрыс жұмыс істемеуінен «Алаш» 1917 жылдың екінші жартысынан бастап тоқтап қалады.

Көлбай драматургия саласында да қалам тербеп, еңбек етті. Оның қазақ драматургиясы тарихында өзіндік орны бар туындысы - «Надандық құрбаны» пьесасы. Үш перделі пьеса 1915 жылы Уфа қаласында «Тұрмыш» баспаханасынан жеке кітап болып басылып шықты. Кітапшаның алғы беттерінде Көлбайдың «Зармыз», «Құрбыма», «Қайғы», және тағы басқа өлеңдері басылды. Пьесасының сөз басында ол «Қырда болып жатқан көп надандықтың бірер жарымын қолдан келгенше жазып, қазақ жастарына ұсынамын. Егер де ұнаса һәр шаһарда, һәр ауылда ойнап қазақтың өз көздеріне көрсетсе мұндай жолдан тиылар еді деп үміт қылам» [21, 136б.],- деп қазақ халқын ілгері бастырмай жүрген надандықтан, қараңғылықтан арылып, ақ жолға түссе деген ниетін білдіреді.

Пьесаның негізгі идеясы - қазақ халқын ілгері бастырмай, аяғына тұсау болып келген рулық-патриахалдық салт-дәстүрді жою. Бұл тұста Көлбай ел арасында сараңдықты, пасықтықты, надандықты ашып көрсетпек болады. Пьесаның «Надандық құрбаны» аталуы да сондықтан.

Пьесаны жұртшылық қуана қарсы алып, қалаларда, ауылдарда «ойнады». Омбыдағы Қазақ оқушыларының демократиялық советі (Ә.Досанов, Т.Арыстанбеков, Ж. Сәдуақасов әдеби кеш ұйымдастырғанда осы пьесаны қояды. Алайда, пьеса кітап болып шыға салысымен бірден сынға ұшырады. Міржақып Дулатов Көлбайдың бұл пьесасының мазмұнын талдап, оның мағынасына тіптен келіспейтіндігін 1916 жылы «Қазақ» газетінің 170 санында жарияланды. Міржақыптың ойынша, бұл пьеса - «байқаусыз-мақтаусыз құр сөз, біріне - бірі қалаф оқиғалар. Кітап 40 бет. Мұның 26 беті өлеңмен толған, 16 беті ғана драмаға арналған» [22, 196 б.].

М.Дулатов көрсеткендей, бұл пьеса мазмұны жағынан кемшілікті болса да, тақырыбы қарапайым, халық тұрмысындағы келеңсіз көріністерді сынға алған өз кезеңіндегі бірден-бір туынды еді.

Ғылыми зерттеулерде, саяси әдебиеттер мен көркем шығармаларда «Үш жүз» партиясы жөнінде буржуазиялық ұлтшылдар деп жаппай қаралаған пікірлер жазылып келді. Негізінде «Үш жүз» партиясының құрылуы, оның саяси және экономикалық, әлеуметтік мақсат-мүддесі, бағыты жөнінде сол кездің өзінде-ақ әр түрлі тілде, баспасөз беттерінде жариялана бастады. Мәселен, Омбы кеңес депутаттарының органы болған «Революционная мысль» газетінде де көптеген мәселелер көтерілді.

«Үш жүз» партиясы жөнінде іле-шала «Алаш» партиясының органы «Қазақ» Х. Ғаббасов, И. Әлімбековтердің ұйымдастыруымен шыққан «Сарыарқа», Қызылжарда шығатын жастардың «Жас азамат» газетінде әр түрлі пиғылда жазылған бірнеше мақала жарияланған. Әрине, көпшілігі «Үш жүзді» мақтай емес, даттай жазды.

1990-шы жылдары «Үш жүз» партиясының тарихын арнайы зерттеген тарихшы Б. Елкеевтің мақалалары «Қазақстан коммунисі», «Жұлдыз», «Алматы ақшамы» басылымдарында жарық көрді. Ғалым «Алаш» партиясымен бір мезгілде дүниеге келген партияның негізгі бағыт-бағдарын талдап, «Үш жүз» жетекшілерінің бірі К. Төгісовтің саяси қызметіне тоқталады. Алаштанушы К. Нұрпейіс «Үш жүз» партиясының құрылуы, олардың көтерген әлеуметтік- экономикалық мәселелері, «Үш жүз» бен «Алаш» арасындағы автономия, ұлтаралық қатынас мәселелері жөніндегі көзқарастары бірде қайшы, бірде жақын екендігін, «Үш жүз» партиясының басшыларының бірі К. Төгісовтің жүргізген қызметі жөнінде нақтылай көрсете келе: «Үш жүз» 1917 жылғы қазан - қараша айларында пайда болды. Әуел баста ол «Алашпен» бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен, ол ойынан тез қайтты да, көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық-саяси мәселелері жөнінде «Алаштың» бәрі де басты сынаушысына айналды» [23, 194 б.], -деп жазса, ал М. Қойгелдиев «Үш жүз» өзінің пайда болу негізі жағынан да, әлеуметтік жағынан да толық қалыптасып үлгермеген, бірақ ықпалды саяси күшке айналу ниеті бар ұйым деп көрсетті.
Жаңа партияның орталық комитетінің төрағалығына М. Әйтпенов, төрағаның жолдасы болып К. Төгісов, хатшылыққа Ы. Кәбеков, ал Ә. Қылышбаев қазынашы қызметін атқарушы боп сайланды.

«Үш жүз» партиясы 1917 жылдың желтоқсанының соңғы күндерінде жұмысшы және солдат депутаттар кеңесінің толығымен қолдайтынын мәлімдеді, кеңестік өкіметті жақтайтындарын білдіріп жеделхат жолдады. К.Төгісов қол қойған жеделхатта Семей өңіріне қазақ демократиясын ұйымдастыруға «Үш жүз» партиясының өкілдері келді деп хабарлайды. Семей облыстық қазақ комитетін қалай да тарату қажет көрсетеді. Партия 1918 жылдың қаңтар айынан бастап жергілікті кеңестермен бірлесе жұмыс істеді және өздері қабылдаған қаулы-қарарларында қазақ даласында үкімет билігін халыққа беруді талап етті. 1917 жылы желтоқсанда «Дело Сибири» газетіне жарияланған «Ответ органу киргизской партии» атты мақаласында Көлбай Төгісов «Алаш» партиясының өкілдері мен оның басшысы Ә. Бөкейхановтың қызметін сынға алады. Үшжүзшілер өздерінің алға қойған ең негізгі мәселелерінің бірі «Алаш» партиясымен ашық күрес жүргізу деп есептеді.

Ол үшін «Үш жүз» партиясының Омбы орталық комитеті алашордашыларға қарсы облыстық қазақ революциялық комитетін құрып, өздерінің солшыл социалист-революционерлерді, халық комиссарлар кеңесі, жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің бағдарламасын қолдайтындықтарын білдіріп, Омбы большевиктік газетіне жариялайды.

К. Төгісов биліктен ғылым мен мәдениетті жоғары қояды, қаруға емес, білімге табылады. Көлбайдың «Сорлы қыздар» деп аталатын еңбегінде әйел теңсіздігін терең ой тастап жазады. Қазақтың қыз-келіншектерінің хал-ахуалы, адамшылық дәрежесі қандай аяныш, қандай қоршылдықта екені ешбір талассыз әр адамға мағлұм. Осы күнге дейін бейшара қазақ қыздары саудагердің дүкендеріндегі кездемедей сатылып, әр адамның қолына ойыншық болып, ғұмыры гүлдей сөніп, суық қара жерге барады. Алмадай жаңа ғана басқан қазақтың жас қыздары қайдағы намыссыз біреуге кете барады. Көлбайдың қабырғасына қатты батқандықтан осы мәселеге ерекше тоқтала кеткен. Оны мына жерден көреміз: «Қыз сорлылар өздері сүйіп сондай сұмдарға бармайды, ықтиярсыз қолға салған жүзіктей сатылып кетеді. Қалың малдың алды келіп белдеуге байланған соң махаббатсыз жүрегі қара, көңілі соқыр.Ата-анасы қыздың көз жасына қарамайды. 15-16 жасқа жаңа шығып, сұм дүниенің дәмін татып, ыстығына күйіп, суығына тоңған, ақ жүрек, ақ көңіл қыздарды қартайған, жақсылық, жамандықтың бәріне тойған, мұздай суық, тастай қатты махаббатсыз ата-ана жеңбей қоя ма?» [24, 176 б.].

Осы жолдарға біз зерделей қарайтын болсақ, оның қазақтардың сол кездегі салт-дәстүріне қарсы болғанын байқаймыз. Оның көтерген мәселесі - қыз теңсіздігі. «Алаш» газетіне келіп түскен хаттарды газет бетіне жиі жариялап отырған.

«Граф Игнатьев» деген мақаласында оқу-білімге баса назар аударады. Граф Игнатьев барша жанға бірдей ауырлық түсіп тұрған кезде оқу тізгінін қолға алып, Россия елінің әр бұрышынан шам жағып, қараңғылықты қуа бастап еді.Оқу министрі Граф Игнатьев сол елдің балаларын білім нәрімен сусындатқан асыл азаматтардың бірі болған. Ол кісі адамдарды ұлтына, нәсіліне бөліп жармай, барлығын өз ұлтының азаматындай көріп, өнер-білімге шақырған. Дүние жүзіне ауырлығы білінген қалың соғыс уақытында граф Игнатьевтің еліне істеген қызметін, халқы еш уақытта ұмытатпаған. Россияның әр жерінен университет ашып, жағасы гүлденіп келе жатқанда ісін шала тастап, қызметтен шығып қалған графтың еңбегін зор ынтамен жазады. Осындай бір суық уақытта граф Игнатьевтің мемлекет кемесінен кеткені саяси жағынан қарағанда тарихта бір жол болып қалса керек. Мемлекеттің әр бұрышынан шам жағып, қараңғылықты қуа бастаған көзі ашық көкірегі ояу асыл азаматты үлкен сүйіспеншілікпен жазады. Бір жағынан өзін де соған ұқсатады. «Қазіргі күйіміз» мақаласында сол кездегі халықтың ішкі саяси жағдайын ашып көрсетеді. Мемлекет басшыларының жиі-жиі қызметінен ауыса беруін, әр басшының әр түрлі жүргізген саясатына наразылық танытады. Оның «Оян» атты әңгімесінде елдің сауатсыздығын жою басты мәселе болған. Халықтың көкірегінен орын алған сауатсыздықты жою, халықтың көзін ашу мақсатымен осы мақаланы жариялайды.Онда: «Түркістан жаққа да сәуле көрініп, ғылым шүмегінің құмды жарып шыққандай көзі ашылып, халыққа сусын боларлық құдық орнамақ. Міне, мұндай жақсы хабарды естіп, оқу дариясының қадірін білетін, бізден гөрі көздері бұрынырақ ашылған орыс халқының ақ жарқын зиялылары «темірді қызған кезінде соғу керек» [25, 136 б.] деген пікірді қолға алып, дереу іске кірісті.Түркістан жаққа ашылмақ болған жаңа білім ордасын ашпақшы болған ақ жүрек азаматтарға рахмет» [26, 136 б.],-деп өз ризашылығын білдіреді.

Россия мемлекеті - зор мемлекет. Бұл мемлекет алға бармаса, кейін кетпейді. Россия мемлекеті алға кетіп, өсіп жасаған сайын, Россияға қарап мұсылиандар, біздер өсіп, жасап, гүлденеміз, бірақ біздің сол өсіп жасағанымызға, жоқ болып кетпесімізге бір-ақ нәрсе жолдас. Ол - жалғыз оқу.Б. Елкейұлының Көлбайдың қызметі жөнінде былай дейді: «К. Төгісов басқарған «Алаш» газеті «үлкен саяси» саласында да «бостандық», «теңдік» туралы мәселелер көтерді. Көлбай Төгісов қазақ жастарын әскер қатарына шақыруға да тікелей қарсылық білдірмеді, сондағы мұның көздеген мақсаты, қарапайым түсінігі қазақ жастарын орыс, украин балаларымен бірге әскерге алып, қазақ халқының правосы басқалармен тең болар еді» [27, 166б.] - деген болатын. Көлбай Төгісовтің рөлін толыққанды танып-білу үшін, олардың араларындағы кейбір текетірес, басарсыздық анатомиясын түсіну үшін, ең бастысы, азаттықтың азапты күндерінің үлгі-тәжірибесі мен өкініш сабақтарын ұмытпау үшін - барша мұрамызды түгелдеп, тиянақтап, жарыққа шығару - басты міндетіміз. Газет бетінде жарық көрген мақалаларының барлығы дерлік замана болмысын ашық әшкерелеген құнды мұра болып табылады. Елім, жұртым деп соққан жүректен шыққан жырларды келер ұрпақ дұрыс түсініп, қабылдауы шарт. Көлбай Төгісовтің асыл мұралары әлі де толығымен зерттеліп, әдебиеттен өз орнын тапқан туынды болары анық.

Тарихи тұлғалардың бірі, спорт аренасында үлкен өнер көрсеткен атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі де кездеседі. Омбы қаласында циркте оның әлем чемпионы Мартыновпен күресі айшықты тілмен суреттеледі. Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы - Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу - сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.

Былай басталатын өлең жолдары оның сал-серілігінен де хабардар етеді:

«Атандым Мұқан палуан, бала жастан.

Ішінде күштілердің болдым астам.

Талай-талай жерлердің дәмін татып,

Өтті дәурен осылай біздің бастан» [28, 54 б.].

Сонда сол циркте жеңген палуан, ең соңында жеңген палуан мен Қажымұқан күреске түседі. Оны жыға алмайды, дегенменен халық арасына танылады. Злобин деген цирктің қожасына ұнайды да, бұл жаңағы барлық зерттеулерде жазады ол «Ваня ағай» деген атақты алғашқы кәсіби Санкт-Петербургдағы мектепті ашқан атақты Лебедевке хат жазып жібереді. Сол арқылы ол сол жаққа барады. Сол жақта үш жылдай дәріс алады. Содан кейінгі өмірі Қажымұқанның үлкен өрісте болады, биіктей түседі жылдан жылға. Сонда ол орыстың көптеген палуандарымен танысып, дос болады. Олардың ішінде Иван Поддубный, Иван Шемякин сияқты мықты мықты дүние жүзіне белгілі жауырыны жерге тимеген, Иван Зайкин тәрізді балуандар бар, Шульц деген палуан осылармен тек қана күресіп қана қойған жоқ, рухани жағынан жақындасып, ұзақ жылдар дос болды.

Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы - 1909 жыл. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған.

1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп, бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды. Міне, осы сәтті жазу үшін Ілияс романына Мұқанның есімін, тарихи факті есебінде кіргізген.

Романда орыс большевиктерінің іс-әрекетіне, олардың қазақ халқына бостандық әкелу жолындағы роліне көп орын берілген.

1905 жылғы революцияға қатысқаны үшін қазақ даласына жер аударылған Орлов қазақ еңбекшілерінің арасында астыртын жұмыс жүргізеді. Сатан, Мардан, Мәмбет сияқты жақын достарына жағдайды дұрыс бағалап білуге көмектесіп, олардың қалай жұмысты көп істесе де, кедейліктің қамытынан құтыла алмау себебін түсіндіреді. Жақсы өмір сүру үшін олар өзін қорғай білуі, өз праволарын түсінуі, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы тиіс.

Орлов өзінің ең бірінші борышы қазақ еңбекшілерінің басын біріктіріп, оларды революциялық рухта тәрбиелеу, сөйтіп бостандық үшін бірге күресу керек деп түсінеді. I.Жансүгіров оны зор ақыл иесі, көп білетін, жаны жайсаң етіп суреттейді. Орловтың бишара қазақ еңбекшілеріне шын жаны ашиды, олардың болашағы туралы тебірене толғанады. Ол Мәмбеттің жақын досы, сенімді ақылшысы болады. Түрмеге апара жатқанда Орлов: «Бәлкім, көпке дейін көрісе алмайтын да күн болар... Бірақ бұлар бізге түк те қыла алмайды. Сендер өздерің жасымаңдар. Жалтақ болсаңдар, бізге жолдас бола алмайсыңдар... Өздерің сақ болыңдар. Біздің сөйлескен сөзімізді көп жігітке шашпа. Өзің мүмкін болса, осы пристаннан орын ауыстырып, темір жол жағына өт. Онда жай жақсырақ болар...»[29, 94 б.] дейді Мәмбетке қоштасып тұрып.

Олар кейін көтеріліс кезінде кездеседі. «Құттықтаймыз, жолдас Мәмбет. Вот молодец. Мылтықты шындап ұстаған екенсің» деп орыс революционері қазақ досының арқасынан қағады.

Романның соңында Орлов мінбеге шығып, митингіге жиналған халықты Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісімен құттықтайды.

Алексей де 1905 жылғы революцияға қатысқан, ол да тап күресінің қатал мектебінен өткен, шыныққан күрескер. Ол Польшада туып өскен, Рига қаласында көп жыл әріп теруші болып жұмыс істейді, кейін социал-демократиялық ұйымға кіріп, большевиктік листовкалар таратады. 1908 жылы Сібірге жер аударылады, одан қашып, қазақ жеріне келеді. Алексей білімі мен тәжірибесін халықты революциялық күреске әзірлеуге қалтқысыз жұмсайды. Ол нағыз бостандық, теңдік революцияшыл халық буржуазияны түп тамырымен жойғанда ғана, жер еңбекші шаруалардың қолына толық көшкенде ғана келеді деп есептейді.

Қазақстанға қашып келгеннің біреуі - Герасимов. Ол Тагил заводының қарт жұмысшысы, Екібастұзда астыртын большевиктер ұйымын құрып, оған қазақ жігіттерін тартады, адамдарды шілдің боғындай бытырамай, бірлесіп әрекет етуге үйретеді. «Егерде бір буда сыпыртқыны тұтасынан сындырса, қолдың күші жетпейді. Егер оны бір-бірлеп исе, бәрін де оңай сындыруға болады», дейді ол жігіттерге.

Ұлы Қазан көтерілісіне дейінгі ел өмірін көрсететін қай романды алсақ та тілмаш песір бейнесі жасалмаған бірде-бір шығарма жоқ. Кісі үлгі алатын персонаж ретінде жасалмаған «Ала көз, қоңқақ мұрын, тесік тамақ, қызыл қожыр би шақшасына насыбай істеп әуре қасында шылымы шашылған арық қара песір молда деген осы» деп суреттейді

І.Жансүгіровтің «Жолдастар» романында революция қарсаңындағы қазақ даласының өмірі реалистік түрде суреттелген. Бірақ автордың сюжетті қосалқы оқиғалармен тым «ауырлатып» жібергенін де атап көрсеткен жөн. Негізгі оқиғадан шегіне отырып, ол көптеген новеллаларды орынсыз тықпалаған (мәселен, «Сиыр көрдің бе?», «Жанжал», «Цирк», «Жөгер, жоғары шық», «Тасаттық» тараулары).

Романда екі жүзге жуық кейіпкерлер бар, олардың біреуі түрлі оқиғаларға белсене қатысса, екіншісінің тек аты ғана аталған.

Романдағы негізгі персонаждар бедерлі бейнеленген. Мәселен, Шалматай қажыны «ит кемірген асықтай тығырайған қара қажы» деп бейнелеуі тек ірі қаламгердің қолынан келмек.

І.Жансүгіровтің романы пейзажға бай емес, бірақ арагідік кездесетін табиғат суреттері әсем де дәл берілген. Мысалы: «Жазды күні ыстықта қоңыр тау құрысқан күйік тері сияқты. Шөл жерге қырау түсіп, қар жаумай бұл таудың маңайын ел де, мал да кермейді. Жалғыз-ақ бұл жерді мекендеп жүретін аңда- қара құйрық, қоян, қасқыр, құста - бөктергі, сауысқан, адамда - жол тосқан ұрылар ғана. Көсеумен шұқылап, отқа пісірген бауырдай қара быжырық таудың жырақамаларында жылт еткен су жоқ. Күні шыжып, тасы ысып, аңызақ желі ұдайы соғады. Сайлардың ішіне шанжағайлап біткен седірең тобылғы, тырбықбай бозқарағандар болмаса, берекелі шөп жоқ. Бұта да, шөп те таздың шашындай»[30,41б].

Даланың бұл сүреңсіз, сұрықсыз пейзажы кейіпкерлердің көңіл-күйімен сәйкесіп жатады.

І.Жансүгіров - шұрайлы тілдің шебері. Қазыналы халық тілінен өзіне керектісін таңдап, талғап ала біледі, оны суреттеу кұралы ретінде өте орынды пайдаланады. Кейіпкерлердің көзқарасына, мәдени дәрежесіне, мінез-құлқына қарап, олардың аузынан шығатын сөз де мың құлпырып тұрады. Мәселен, Сатан мен Шалматай байдың сөздері бір-біріне ұқсамайды. Сатан мақалдап, мәтелдеп сөйлейді, сөзге ұста, тапқыр. Шалматай өз мүддесіне, көздеген мақсатына сай мақал-мәтелдерді көп қолданады («Жап аузыңды, сорлы, сенің балақ-бауың менің қолымда», «Құр аяққа бата жүрмейді»). Үстем тап өкілдерінің, мырзалардың, подрядчиктердің, саудагерлердің сөзі, сөйлеу мәнері дөрекі, түйедей дөкір, басыңа таяқпен салып қалғандай ауыр («шайтан», «ақымақ», «оттама», «ит» тағы сондайлар).

Жазушы қазақ халқының әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін романда барынша мол пайдаланған. Романды оқыған адам еріксіз халықтың мол рухани қазынасынан сусындай отыра, оның қаншама бай диапазонына, жазушының қазақ өмірінің тұрмыс-салтының тамаша білгірі екендігіне көңіл тоқтатады. Ондағы қанық бояулы, жанды бейнелі картиналар, этнографиялық экзотика, тұрмыс суреттері шағын штрих, кішкентай деталь арқылы көрініс беріп, шығарманың көркемдік, композициялық нышандарына үлкен шырай-көрік берген.

Романда қазақ даласының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, халық өмірінің жарқын беттері кең көлемде көрсетілген, онда орынды теңеулер мол. Автор диалог арқылы кейіпкердің жан-дүниесін кеңінен танытады.

«-Жылама, қарындасым, өзің разы болмасаң, қашсаң да құтыласың ғой, - деп Мәмбет үміт айтты.

- Жыламай қайтейін, ағатай. Сүйеу болар бір кісім жоқ. Менің сөзім кімге өтеді, менің қайғым кімге батады..,- деді Күлән» [31, 414 б].

Бұл диалогта қазақ қызының дәрменсіз халі туралы ашы шындықтың беті ашылған.

Тілдің қалыпты тірегі - сөз. Ол халқымыздың бағзы заман бергі тіршілігінің, елдігі мен ерлігінің сара жолының үлкен куәсі. Ал сол тіл сөз байлығын танытатын - көркем шығарма. Көркем шығарма тілі - қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерінің, табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз саптау мәнері бар. Көркем сөздің жан дүниемізге рухани нәр беріп, әсерлі де әсем сезім ұялататын сиқырлы сыры оның эстетикалық қызметіне байланысты. Сөз қолданыстың сан алуан тәсілдері мен шынайы шеберліктің өнегесін біз, міне, осы тұста айқын көреміз. Басқаша айтқанда, әрбір жазушының әр қырынан көрінер, өзгеден дараланар өзіндік сөз өнері, топ жарған таланты сарапқа салынар кезі тілдің осы қызметіне байланысты.

Кейіпкерлерді даралау үшін әр суреткердің қалап алған алуан түрлі бейнелеу тәсілі болады.Ол кейіпкердің болмыс - бітімін, мінез - құлқын, ішкі әлемін т.б қасиеттерін ашуда айтарлықтай роль атқаратын - диалог, монолог, полилог. Біздің алға қойған мақсатымыз аталған көркемдік тәсілдердің ішінде монологқа, соның ішінде ішкі монологқа тоқталып, жазушының образ жасаудағы шеберлігін, оларды қрлданудағы жеке тұлғалық ізденістерін теориялық тұрғыда қарастыру. Көркем шығармадағы диалог пен монолог - сөйлеудің формалары. Диалог пен монологтың айырмашылығы, олардың өзіндік сипаттамасы Г. Винокур, Л.В. Щерба, В.В. Виноградов еңбектерін де сөз болған. Диалог кемінде екі адамның өзара сөйлесуі, пікір алысуы. Диалогтағы пікірлер бірімен - бірі туындап жатады. Диалогтағы сөйлеу басқа біреулердің, екінші бір сөйлеушінің пікіріне тәуелді: Ал монологта мұндай тәуелділік жоқ.

Монолог грек тілінен аударғанда - жеке бір адамның сөзі. Монолог сөйлеу, жауап алу, жауап беру мақсаттарын қажет етпейді. Монолог - адамның еркімен болатын көлемді сөз кестесі.

Кейіпкер өз ойымен өзі, адам ішіндегі адаммен (человек в человеке), яғни, санамен, ой мен сырласу арқылы шындыққа қол жеткізеді. Суреткер адамның осындай ойлау үрдісін тек монолог арқылы беруге болады. Мысалы: «Ой, дүние-ай,-дейді Сатан. -Құдай бұл байлардың алапатын артық жаратқан адамдар ғой. Салдырған салқын сарай үйлері мынау, Көкқиядағы қойлары анау, қала, жәрмеңкедегі саудасы анау. Құдай бұларға бұ дүниені ғана емес, о дүниені де берген ғой. Өздері мешіттер салдырып, имам ұстайды. Мына бәйбішесімен Мекенің де жүзін көріпті. Дәретке құманмен баратын таза бәйбішенің дұғасы қабыл шығар.

Қайтсе де бұлардың міні жоқ-ақ. Бұлардың шарасын құдайекеңнің өзі кең шапқан соң, әрине, осылай болады... Арғын, Найманның кедейлері осылардың қойын бағады, жылқысын жаяды, сиырын сауады, қазанын ұстайды, қорасын күрейді. От жағып отырған мылқаулардың тұрпаты мынау. Сорлының етінде жейдесі де жоқ. Бұл өмірінше осы отты үрлеумен өткізген шығар. Өзі көксау, күрк-күрк жөтеледі. Бұл сорлының сүйегі осы ошақтың аузынан бір-ақ шығады ғой» [32, 30б]деп ой толғайды.

Ғалым Г. Винокур кейіпкерді бейнелеуге қолданылатын диалог пен монологтың айырмашылығын былай сипаттайды. «...Можно определить диалог как особую функционально - стилистическую форму речевого общение, которой свойственны: наличие двух или нескольких участников, обменивающихся речью; более или менее быстрый темп речи когда каждый компонент ее является репликой; сравнительная краткость реплик; лаконичность и эллиптичность построений внутри реплик. Монологическая речь как обратные свойства; односторонний характер высказывания, нерасчитанный на немедленную реакцию; наличие заданности, предварительного обдумывания, обусловливающего длительность, связанность, логическую построенность речи. Кроме того, диалог и монолог могут отличаться тематикой, различным кругом характерных для того и другого предметов обсуждения» [33, 344 б].

Қазіргі көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі - ішкі монолог (іштей ойлау, кейіпкердің ішінен айтатын сөзі, өзін-өзі іштей саралау, ойлау ағымы) көрінісі жан-жақты қарастыру және оны зерттеу бүгінгі күннің еншісі екені белгілі. Ал, ішкі монологты, жалпы психологиялық талдау өнерін жан-жақты зерттемейінше қазіргі әдеби даму үрдісінің заңдылықтарын түсіну мүмкін емес.

Көркем прозада адам психологиясының ішкі иірімдері, күрделі де терең ойлау жүйесі, сана мен сезімдегі жанды қозғалыстарды ашу арқылы идеялық-эстетикалық ізденістердің жаңа жолдарын ашты.

М.Әуезов «...Орыс жазушыларында анық сүйенетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы» [34, 129 б.] - деп, тегін атамаса керек.

Персонаждың сөзі - жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол - кейіпкердің мінез-құлық, қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден - бір көркемдік амал. Персонаж сөзі - кейіпкердің жан әдемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.

Ілияс Жансүгіров ішкі монологты да жақсы меңгерген. «Светлана» пароходында келе жатып Мәмбет өмір туралы былай қиялдайды. «Мынау үлкен өзен, күні-түні тоқтаусыз аққан су асығып қайда барады? Су кім үшін ағады! Өзен осы ағысымен неге ұқсайды? Бір аққан су қайтпайды... Әлде адам өмірі осы сияқты ма?

Ал мынау пароход - адамның жасаған өнері. Бұл осынша ауыр жүк, толып жатқан адам, шойын қазан, құймалы темір машиналар - осылады су қалай көтереді? Мынау пароходты боздатып судың судың үстінен жүргізіп қойған өнерге не дауа! Шіркін бәрін оқу табады, өнер табады-ау...» [35, 132б.]. Бұл монолог Мәмбеттің ойын, рухани дәрежесін, мінез ерекшелігін дәл бейнелейді.

Ішкі монолог шығармашылық тұлға бейнесінің философиялық, рухани-эстетикалық, танымдық ізденістерін арқау етеді. Персонаждың оңаша толғаныстары кей арада жеке басының іс-әрекеттерін азаматтық-моральдік тұрғыда таразылауға құрылады.

Персонаждың сөзі - жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол-кейіпкердің мінез-құлық, қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден - бір көркемдік амал. Персонаж сөзі - кейіпкердің жан әдемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.

«Біздің үйден хабар болмай кетті-ау, әкем байғұстың келіп қалатын уағы да болды. Ол мені сағынып келмесе де борышы қуып бір күні келіп қалар. Сүлеймен қажы біздің үйді не қылды екен? Әкем байғұсты ауылнайға айдатып алып, балаң байталымды ұрлап кетті деп күйдіріп жатыр ма екен? Бірақ мен Сүлейменнің есігінен шығып кеткеніме шүкіршілік қылам. Мұным жақсы болды. Егерде мен онда осы күнге шейін жүре берсем?...міне, мен бүгін өзге жігіттермен бірге жұмыс істеп жатырмын. Тегі, «талапты ерге нұр жауар» дегенді әкем байғұс аузынан тастамаушы еді. Ендеше мен бұдан былай ылғи талап қылам, өнерге ұмтылам» [36, 187б]. Осы мысал арқылы жазушының ішкі монологқа енгенде кейіпкердің қалай ойлап, қалай топшалай алатындығына көз жеткізе аласыз.

Мұндағы ой толғаныс кейіпкердің сөйлеуі арқылы емес, ішкі түсінігі арқылы жүзеге асып тұр. Жазушының сөз ұстанымы, кейіпкерлерін өмірдің барлық сәтсіздіктері мен қайшылықтарына төзе білетіндей етіп тудыруы, жазушы тілінің бір қыры деп білген жөн.

Ғалым М. Атымов «Монологте көбінесе сөйлеуші адам өз өмірі мен өзінің ішкі жан-дүниесіне тереңдей еніп, өз психологиясынан хабар береді. Жазушы қаһарманның өзімен-өзін сөйлестіру арқылы оның өзінен басқа сездіргісі келмейтін жасырын сырларына дейін оқушыны жетектеп, ертіп апарады» [37, 125б] деп ой тастайды.

Кейіпкер сөзі - жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол кейіпкердің мінез-құлық, қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден-бір көркемдік амал.

«Ішкі монологтың персонаждық түріне тоқталар болсақ, негізі ішкі монологтың бәрі кейіпкердің ой - санасы арқылы жүзеге асырылады. Ішкі монолог таза кейіпкердің төл сөзі - ойы болғандықтан ол тегінде жалқы. Бірақ олардың берілу формалары сан алуан, бейнелеу тәсілдері де әрқилы болып келеді» [38, 20б.].

Персонаж сөзі - кейіпкердің жан әлемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.

Академик Б.М. Храпченко: «Толстой шығармаларында ішкі монолог ой ағымы түрінде жиі беріліп, ішкі сөздің стихиялы дамуын, ойлаудың ағысын, кейіпкердің қайғы - қасіретін көңіл-күйін, өзіне-өзі, өз эмоциясына, айналаны қоршаған адамдарға берген бағасын білдіреді»[39, 25б.] деп бағамдайды.

I. Жансүгіровтің тұңғыш «Жолдастар» романында да тың бейнелер өте мол. Мұнда жазушы қоғам өмірі мен халық тұрмысының көп саласын қамтымақ болған. Ауыл, қала, завод, темір жол, шахта, пристань, майдан - міне, романның өрісі. Бірінші империалистік соғыс меңдеген кездегі ауыр жағдай, 1916 жыл көтерілісі, 1917 жылғы ақпан революциясы мен Ұлы Октябрь революциясының бір өңірдегі көріністері - міне, романда суреттелетін бағаналы оқиғалар. Шығармада екі-үш жыл ішіндегі ғана өмір, күрес, тартыс суреттеледі. Бірақ көтерген мәселесі орасан көп, қомақты. Осыған орай кітаптың ішінде кездесетін қатысушылар саны да тым көп - толып жатқан таптың, топтың, ұлттың, кәсіптің өкілдері.

Бұл ретте «Жолдастар» романы ірі де іргелі, қанаты кең реалистік романның қасиетін танытады. Осы жерде тағы бір айтатын жай - I. Жансүгіров мұнда өмірдің тіпті тың жатқан, қазақ әдебиетінде бұрын мүлдем көтерілмеген салаларын қозғады. Мысалы, қала өмірі, 1916 жылы майданға алынған қазақтардың қара жұмыстағы хал-жағдайы, өндірісте, кұрылыста, пароходта істеген қазақ еңбекшілерінің күйі бұрын қазақ әдебиетінде тіпті сөз болмаған. Бұл жаңалық қазақ әдебиетінің тақырыптық шеңберін кеңейтті. Образдар галереясын толықтырды. Романның зор аңғарына көп жаңа өмір салаларын енгізгендегі жазушының маңдай алды мақсаты - қазақ еңбекшілерінің ұлы революцияға келіп жету жолының шытырманын көрсету, бостандық аңсаған халықтың күрделі күресінің шындығын айту, осы күресте таптық, саяси сана-сезімі өскен халық адамдарының образын жасау.

Бұл мақсат романда қалай орындалды? Міне, мәселенің түйіні осында. Бұл түйіннің шешімін автор романның прозамен жазылған өлең прологында романтикалы сұрақ, жауап түрінде берген.

Шығарманың өзекті идеясы - халықтың теңдік пен бостандық үшін ұлы күрес жолын бейнелеу. Бұл шығармада халық өкілдерінің образдары жасалған. Жазушы романында бірқатар жас жігіттердің тағдырын түйістіріп, олардың шым-шытырық өмір жолының ұлы революция жолына әкелгенін баяндаған. Сондықтан да роман «Жолдастар» деп аталған.

Революция қарсаңында дүние жүзілік бірінші империалистік соғыстың сұмдық зардабы еңбекші халықтың мойнына түсіп, жоқшылық пен мұқтаждық әбден шегіне жеткен кез болатын. Әлеуметтік қайшылықтар да ұлғайып, қанау, езу, зорлық-зомбылық сықылды қиянаттар қабындап тұрған.

I. Жансүгіров өзінің басты қаһарманы Сатанды, алдымен, осы жағдайда алып көрсетеді. Саудагер Шалматай байдың қойын бағуға алып, ақ вексельге іліккен Сатан көп шатылып, шырмалып, ол бәледен әзер дегенде құтылады. Одан кейін ол Шаяхмет байдың қармағына ілінеді. Романның төрт тарауының бірінші тарауы («Бастау») тұтас Сатанның басына байланысты өмір құбылыстарына бағышталады. Мұнда бала жігіт Сатанның кісі есігінде жүріп қалыптаса бастаған характерінің кейбір қырларын байқап қаламыз.

Еті тірі, пысық, епті, әнші, домбырашы Сатанды Шалматайдың Нәзипа тоқалының сауық кешінде, Досайдың ақ сұр атын алып қашуда, Нәзипаның қорлыққа түскен халін төркініне жеткізуде танығандай боламыз. Бұл тұста Сатанмен қатар оның озбыр қанаушысы Шалматайдың, сүймеген адамына жүрегін ашпаған, ескілікке іштей мойынсұнбаған қайсар, тәкаппар әйел Нәзипаның, ұрлық кәсібіне байлардан кек алу ретінде қол ұрған ер жігіт Тәукенің, шариғат айтып сүзіскен надан молдалардың, күштінің сөзін сөйлеген әділетсіз билердің кескін-келбетін, мінез-құлқын аңғарамыз.

Екінші тараудан бастап («Ағын») Мәмбет пен Марданның және басқа бірқатар қазақ жігіттерінің әңгімесі, іс-әрекеті баяндалады. Бұлар да Сатан сықылды жалшылықта, кісі есігінде жүріп, әр қилы қорлық көріп өскен жарлы-жақыбай жастар. Тұрмыстың толқынымен әр түрлі жағаға барған, ауыр өмірдің ащы зардабын тартқан қажырлы жолдастар. Күн көру үшін олардың істемейтіні жоқ: кез келген жұмыстан, кейде ұрлықтан (байдан өш алу ретінде) тайынбайды. Бірақ, қолдарынан келгенше, намыстарын жібермейді. Бұлардың ішінде үздік мінездерімен көзге түсетіндер: адал, ер көңіл, жолдас үшін жанын беретін жібі түзу жігіт - Мәмбет. Оны автор Шеркес Қали дейді. «Ұрымтал жерде өткір, табандасқан жерде тартысқа белді, Кавказдың қара ала қанжарындай Шеркес Қали жігіттер арасында түлкіден епті, түрымтайдан алғыр» деп сипатталады. Іс жүзінде де ол солай. Көп жігіттің ішінде орыс қызы Катя соны сүйеді. Мәмбеттің жақын жолдасы Мардан да сүйкімді, мінезді жігіт. Ол да өзінің қауымшылдығымен, еңбекте шыныққан ерлігімен, ептілігімен қатар, қорлыққа төзбейтін намысқойлығымен, бұрқ етпе мінезімен танылған. Оның десятник, подрядчиктермен шатақтасып, жұмыстан әлденеше рет шығып қалуы, Сағынтай мен Қалиман, Күлзейне сықылды қыз-келіншектермен көңілдестік тарихы, майданда байдың дүкеніне таласуы, ақыры ауылда Асылбек болысты ұрып, түрмеге тусуі-Мардан характерінің ерекшелігін аңдатарлықтай бар. Бұл екеуінен басқа да көптеген адамдар көз алдыңнан өтеді. Жігіттерден - Нұраділ, Газбекқара, Шалғынбай, Шақтай, халық өкілі Аяпберген, орыс адамдарынан - Гончаров, Орлов, Михайлов, Алексей, Ловкова сықылды большевиктер, Мәмбетті сүйген жұмысшы қыз Катя, дұшпандардан Жексенбай болыс, Асылбек болыс, казақ комитетінің бастығы Омарқан, адвокат Субай және көптеген кездейсоқ, бір көрініп қайтып көрінбейтін адамдар - бұлар әр жерде өздерінің әр түрлі қасиеттерімен көрініс бергендер.

Автор шығармада өмір шындығын көркем бейнелеу міндетін қалай атқарды дегенге келсек, образдар жүйесінің олқылықтары аңғарылады. Ол олқылықтар кебіне-көп романның сюжеттік желісі мен композициялық құрылысының кемшіліктеріне сабақтас. Шығарманың жеке тарауларын, эпизодтарын қызығып оқисыз, себебі жазушы өзінің әңгімешілдігімен, әдемі, бай, оралымды ақындық тілімен оқушысын бір мезет үйіріп әкетеді. Әйткенмен кітапты тұтас оқып шыққанда алған әсеріңді шашыратып алғаныңды сезінесің. Оның себебі - сюжеттік желінің әр жерінен үзіліп, композициялық арқаудың тарқатылып кетуінен. Мысалға роман құрылысын еске түсірейік. Бірінші тарауда бас қаһарман ретінде жақсы көріне бастаған Сатан келесі үш тарауда бұл рөлінен айрылып қалады - көріне салып жоқ болып, екінші қатарға сырылып кетеді.

Алдыңғы шепке кезекпе-кезек шыққан Мәмбет пен Мардан да басты рольді ұстап тұра алмайды. Көптеген оқиға, эпизодтар, толып жатқан қатысушы адамдар арнасын жоғалтқан жайылма су секілді шығарманың өзегін жуып кеткен, құбылыстардың ішкі байланысын басып тастаған. Ал Мәмбет пен Марданның басында кездесетін сүйіспеншілік тарихтары не кездейсоқ эпизод түрінде, не жеңіл ғана уақытша ойнап-күлу түрінде шаң береді де, өшіп қала береді. Осының салдарынан романның төрт тарауында суреттелетін оқиғалар қабындап, бірінен-бірі туындап, өрбіп отырмайды. Шығарманың ішкі бірлігінің нашарлығы бүкіл көркем туындының тұтастығына әсерін тигізген, сол арқылы эстетикалық әсердің бүтіндігін бұзған. Бұл адам характерінің романның өн бойында өрбіп даму арқылы толық ашылуына, әсіресе бас қаһарманның тұлғасы барлық типтік жағдайлардан өтіп сомдалуына зиян жасаған.

Романның «Толқын» деп аталған үшінші тарауындағы келесі оқиға - халықтың 1916 жылғы приемға қарсы қозғалысы. Жазушы бұл козғалыстың стихиялық характерін шыншылдықпен суреттеген. Бірақ осы оқиғаға бас қаһарман қатыспайды. Сондықтан жарқырап көрінетін жерінен қаһарман да тыс қалған, мойны озық басшысыз, қаһармансыз қозғалыс суреті жүдеп шыққан, стихиялық көтерілістің революцияға астасатын перспективасы көрінбей қалған.

Алайда «Жолдастар» романының реалистік, стильдік жетістіктерін сызып тастауға болмайды. Жоғарыда айтқандай, үлкен ақын, жіті суреткер Ілияс Жансүгіров өмірдің көп саласын, көп көрінісін зерттеп, біліп, шыншылдыкпен суреттеп берген. Олардың өз орнында дүние танытқыштық мәні, дербес эстетикалық әсері жоғалмайды.

Талай сурет, образдарында, мінездемелері мен салыстыруларында, портрет, пейзаж өрнектерінде - қысқасы жалпы бейнелеу күралдарында қалыптасқан реализм стиліне тән растық, дәлдік бар. Адамның, заттың, кұбылыстың характерлі сипат, белгілерін жазушы көп ретте тауып айтады. Сол себепті олар қысқа, жұмыр, тұжырымды болып келеді және қазақ халқының үғымына, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне лайық, қонымды түрде алынады. Мысалы, «бойшаң, тарғыл мысық көзденген, кәмпит мұрын, ақ сур қыз», «Ол үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырын тұтасып, басы ит ба-танып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты» деп берілген суреттемелер сол адамдардың бейнелерін елестетеді, Сатан отқа үйтілген сирақтай істікке жаншылып жүгініске отырды», «жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп, сұр атқа таман келе берді», «ұйықтаған аюша бүктеліп жатқан қоңыр таудың бауыры», «аршылған жуадай-ақ мойны жұп-жұмыр екен», «Мәмбет оттан алып лақтырған шаладай далаға шықты», «оның алдына жел жүрісті, жылпың қызметкер әйел ала сиыр көздеңкіріп үш жұмыртқаны кішкене табада шыжылдатып әкеп койды», «жалма-жан жәшікті иыққа салып, қозы алып қашқан бөрідей желіп жөнелген жігіт», «Ыдырыстың көңілін ит тырнағандай болды» деген сықылды теңеу, балау, салыстырулар Ілияс стилінің ұлттық колоритін, оригиналдығын және ешкімді қайталамайтын өзіндік дара өзгешелігін танытады. I. Жансүгіровтің стилінде бұдан бұрын фельетоншы болып танылған жазушының юморы мен сатиралық тәсілдерінің де ізі мол.

I. Жансүгіров реализмінің стильдік ерекшелігінен хабардар болу үшін, енді бір табиғат көрінісінің суреттегенін келтірейік: «Әдемі бір қоңыр кеш. Көнетоз шағи жібек түстеніп, аспанның батыс жағы сар қызыл тартты. Ертіс өзенінің бұлдыраған жойқын беті ... мыс шәугімдей қызарғаннан-қызарып барады. Өзен үңіле қараған көзге, не отты пештің қозы, не қорыған алтын секілденіп, аспанның алтын шапақ сәулесіне араласып кетті. Жер мен көктің мұндай шекарасын ешбір өткір көз ажырата алар емес. Міне, осы шұғылаға аспанды, суды көміп бара жатқан отты күн қып-қызыл болып, шеті суға ілінді. Үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ, атандай ыңыранған пароход өзінің арнасына тартты».

Бұл бейнелеуде қазақ прозасына барлық жағынан жаңалық; біріншіден, бұрын бұл секілді кешкі өзеннің көрінісі суреттелмеген-ді. Екіншіден, «көнетоз шағи жібек түстеніп», «мыс шәугімдей қызарып», «үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ атандай ыңыранған пароход» деген образдар қазақ жазушысының өзі тапқан, тек өзіне тән жаңалықтары.

І. Жансүгіровтің «Жолдастар» романының біз көрсеткен кемшіліктері мен табыстарын қатар алып, таразыға салғанда, оның кемшіліктері тек тәжірибенің аздығынан болған кемшіліктер екені байқалады, ал азды-көпті табыстары жазушының мүмкіндіктерін аңғартады. Мұндағы барымтаның, жұттың, молдалар таласының, билер қағысының, жатақтардың, домбыра күйінің суреттемелерінде кейінгі Мұхтар Әуезовтің «Абай» романындағы керемет картиналарды еске түсіретін элементтер байқалады.

I. Жансүгіровтің «Жолдастар» романы едәуір кемшілігі бола тұра қазақ әдебиетінде реалистік романның алдағы уақытта тез жетіліп кетуіне кезінде өзінше пайдалы еңбек сіңіріп, үлес қосқан туынды екені даусыз.

Бұл романнан, ең алдымен, тігілген, үйлесімді, жатық, бай тілін атап өтпеске болмайды. Ең алғаш рет ағыл-тегіл көрінгені де сол болар. Үлкен прозада қазақ тілінің ересен қазынасы революция дәуіріндегі қазақ елінің ахуалын мол қамтуды көздеген. Оқиғалар бірде далада, ауылда, екінші ретте қалаларда, өндірісті мекендерде жүріп жатады. Жазушы Сатан және оның тағдырлас серіктерінің тар жол, тайғақ кешулерін кең бейнелеу арқылы қазақ кедейінің өмір, күрес, шынығу, өсу жолын жинақтап айтпақшы болған. Ұнамды қаһармандар проблемасын шешуде «Жолдастардың да» өзіндік үлесі бар. Романдағы Сатан, Мардан, Қалилардың бойынан заманның еті тірі әрекетшіл, намысты адамдарына тән сипаттар ұшырайды. Шығармада Шалматай секілді қазақ байының жыртқыш, тақыс тұлғасы басқалардан анығырақ мүсінделген. Шалматай - кейінгі қазақ романдарындағы Итбай, Құнанбай, Игілік байлар бейнелері секілді сәтті жасалған тұлға. «Жолдастарда» Ілияс Жансүгіровтің керемет талантын танытарлық тамаша эпизодтар, өмірдің жанды, қызғылықты кесектері кездеседі. 1916 жыл оқиғасын елестеткен тұс та тартымды. Қазақ байларының өзара дау - жанжалын өзіне тән ерекшелігімен, салтымен, тілімен беруі де сонылық еді. Қысқасы, бұл романда шығармаға тән кең құлаш, білгір еркіндік, дарын палуандығы сезіліп отырады. Жазушының роман тәжірибесін игеріп болмағандығына және сол кездегі әдеби дамудың шама-шарқынына байланысты олақтықтары атап айтқанда, оқиғалар мен характерлерді өсірудегі шашырандылық «Жолдастардың» көркемдік жинақтаушылық күшін төмендеткен. Сонда да болса, «Жолдастар» бізге қоғамның қыруар құбылыстарын эпопеялық планда көрсетудің алғашқы тәжірибелерінің бірі ретінде де, меруерттей мөлдір тілімен де, жекелеген ғажап көркем бөліктерімен де, қала тіршілігін суреттеуге тұңғыш ұмтылуымен де ұнайды. Мұнда анық зергер көз салмай өтпейтіндей, асылдың сынығындай қымбаттар кездеседі.

Бұл шығарма кезінде қазақ романының елеулі жетістіктерінен саналған. «Жолдастардың» қазіргі әдеби талғамы өскен оқушыны да қызықтырарлық сипаттары жоқ емес. Біріншіден, романның тіл байлығы ерекше көз тартады. Қазақ тілінің ересен қазынасы тұңғыш рет үлкен прозаға осы «Жолдастар» арқылы ағыл-тегіл келгендей.

Екіншіден, «Жолдастарда» Қазақстанның революциядан бұрынғы, 1916 жылғы, төңкеріс, азамат соғысы тұстарындағы ауыл, қала өмірі алғаш рет эпопеялық көлемде көрсетілген. Роман кейіпкерлері бірде сахарада әрекет етсе, екінші жерде қалада, не өзен порттарында күн кешіп жатады. Қала мен даланың байтақ оқиғаларын бір роман көлемінде бейнелеуге ұмтылудың өзі соны құбылыс еді. Мұнда өмірден зайыр байқалған талай-талай тартысты түйіндер бар.Оқиғалар мен характерлерді өзінше алу жағынан да жазушы үлкен мәдениет, талғам байқатады.

Роман алдында қойылған негізгі нысана қазақ еліндегі таптық, әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстардың ақиқат ағысын көрсету, күрес, шайқас үстінде еңбекшілер өкілдерінің шынығу процесін суреттеу, халықтың стихиялық наразылығын Октябрь революциясының жеңісіне ұласу жолдарын суреттеу болып табылады.

«Жолдастар» романында бұқараның алдыңғы қатарлы өкілдерінің тұлғалары жасалған. Объективтік өмірдің үйірімдеріне түсіп, тіршілік қазанында қайнаған, ақырында оңы мен солын танитын дәрежеге жеткен қазақ кедейлерінің легі көрінеді. Олар: Сатан, Мәмет, Мардан, Нұраділ, Черкес Қали т.б. Бұлардың қай-қайсысы да саналы түрде саяси күреске түскендер емес, өмірдің қаттысын, ащысын көре жүріп есейгендер, алдағы қатал сындарға төтеп берерлік боп бекігендер. Мәселен, романда неғұрлым көп көрінетін кейіпкер Сатанның өсу эволюциясы едәуір жүйелі әңгімеленген. О баста Шалматай байдың малшысы болып жалданған, тиісті ақысын да сұрауға батылы бара бермейтін, тап күресі дегеннен түсінігі жоқ, момын жігіт Сатан көп оқиғаны бастан кешіріп, ысылып шығады. Сатанның да, басқа бұқара өкілдерінің де бойынан ұнамды сипаттар табылады.

Жазушының роман көлемінде көрсетсем деген мәселесі тіпті көп. «Жолдастарда» кедейлер мен байлар арасының мәмілеге келмес қайшылығы да, ел шонжарларының өзара қырбайлық күндестіктері де, күштілерден зәбір көріп, сахараны мекендеп, қаршығаға айналған батыр жігіттер жайы да, қазақтардың жұмыс іздеп қалаларға, өзен порттарына барушылығы да, жұмысшылардың таптық санасының өсу жолдары да, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көріністері де, февраль революциясынан кейінгі аласапыран ақуал да орын тепкен. Мұнда үстем тап өкілдерінің қарапайым адамдарды қанау тәсілдері де сыншыл суреттелген. Қазақ әдебиетінде бұрын көп көрсетіле қоймаған (билер соты т.б.) түрлі өмір қатпарларының алынуы да жазушының халық тіршілігін өте терең білгендігін танытады. Осы сипаттарының бәрі қосылып келгенде, «Жолдастардың» ертедегі қазақ болмысының аса маңызды салаларын көтере де, көрсете де алғандығына айғақ.

«Жолдастардың» әрі жүйелі, әрі көркем шыққан бөлегі - бірінші тарау («Бастау»). Мұнда революция алдындағы қазақ аулының бірталай құбылыстары кейіпкер өміріне тікелей байланысты көрсетіледі. Әсіресе, қазақ даласының жыртқыш билеушілерінің салт-санасы, мінез-құлқы кеңінен таныстырылады. Бір елді бір өзі билеп тұрған Шалматай ауылының көп сырлары ашылады. Сатан секілді кедей балаларын қанап үйренген Шалматай бойында қазақ байларына тән ортақ ерекшеліктер жинақталған. Шалматай өзіне терезесі тең емес кедей адамдарды қалай табындыруды үйренген, әділетке емес, күшке сүйенген қараңғы да қатал байлардың бірі. Ол реті келсе, кедейлерді ғана емес, өзінен әлсіздеу байларды да жұтып қойғысы келеді. Бұдан оның Досай дейтіннен барымталап ат алдыруы куә. Ал, осы Шалматай өзінен гөрі көзі қарақты адам кездессе, жүні жығылып қала береді.

Жазушының тағы да бір ескертпек болғаны - алыстағы қараңғы ауылдарға білім сәулесінің түсе бастағанын көрсету. Мәселен, жәдитшіл мұғалім мен молданың білім салыстыру таласынан жаңа, ілгерішіл түсініктер мен зыңдандай надан ескіліктің қақтығысын аңғаруға болады. Ескінің ысырылып қалуы оңай емес. Шалматайлар баяғы көне ғұрыптар қаз-қалпында тұрса деп аңсайды. Бірақ оның «жауы» сырттан да, іштен де көбейе береді. Еткен еңбегіне лайықты ақы сұрау оған ел естімеген бұзақылық болып көрінеді. Өзінің тоқалы - Нәзипа сұлу шын махаббат, жарастықты өмір іздеп алыстай, суи беруі де оған соққы боп тиеді.

Тарау соңында Тәуке бастаған ұрылар өмірін суреттеу де авторлық идеяға байланысты. І.Жансүгіров романының алғашқы кесегінде қазақ аулындағы ескі қадіммен келе жатқан тәртіптер іштей ыдырай бастағандығын, объективтік болмыстың өзі бұған себепші екенін аңғартпақ болған. Автордың бұл мақсаты іске асқанын көреміз. Кейіпкерлерді топтауы, олардың өзара байланыстарын өмірмен де, мінезбен де дәлелдеуі, неғұрлым типтік оқиғаларды іріктеп алуы жағынан романның бірінші тарауы шебер үйлескен. Осының арқасында даланың жебір байы. Шалматайдың да, жас малшы Сатанның да, еркіндік сүйген Нәзипаның да, намысты, айбатты қажы - Мысықтың да, сері, өжет, батыр Тәукенің де мінез қырлары ашылады.

С.Сейфуллиннің Хамиті, Әзімханы, Хасені, Боранбайы мен Ыбырайы, Б.Майлиннің Азамат Азаматычы мен Раушаны, І.Жансүгіровтің Сатаны, Марданы, Мәмбеті - осындай адамдар.

Олардың тағдыры әр түрлі: бірі революцияға жалшылықтан, енді бірі интеллигенциядан келді, бірақ барлығының да жаңа санадағы адамгершілік қасиеттері жоғары. Бұлардың ішінде жаңа өмірді бірден түсіне алмағандары да болады. Мәселен, С.Сейфуллиннің Ниязы, Б.Майлиннің Азамат Азаматычы алғашқы кездері өздерінің жоғары принциптерінен ауытқып жүрді. Өмірдің бұралаң қалтарыстарың, таудай ауыр қиындықтарын бірден жеңу, түсіну оңай емес. Сондықтан оның көлеңкелі жақтарына көбірек аялдап қалу - заңды нәрсе.

Кейіпкерлерді сипаттауда әр жазушының өз ерекшелігі бар, С.Сейфуллин жеңіл штрихтар арқылы-ақ бедерлі де бейнелі суреттер жасай алды. Мұндай ерекшеліктер «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарында мол ұшырасады.

Сейфуллин кейіпкерін тәптіштеп суреттеп жатпайды, ол адамды өмірдің ең қиын кезеңінде көрсетуге тырысады. Ал, Майлин «Азамат Азамычта» да, «Раушан коммунисте» де кейіпкердің өмірбаянымен белгілі бір кезеңде ғана таныстырады. Сондықтан Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешудегі» кейіпкерлері Майлин мен Жансүгіров шығармаларындағы кейіпкерлерге қарағанда көтеріңкі рухта, революциялық биік романтикада суреттеліп, тұрмыстың күйкі жайлары шығармадан тыс қалады. Сонымен, біз бұл тарауда жазушының қазақ тарихын, ондағы заман шындығын шығарма тақырыбына арқау еткенін дәлелдеуге тырыстық.

Ішкі монолог арқылы кейіпкер психологиясы ашылып, мінез-құлық ерекшелігі, кейіпкердің өзіне ғана тән сипат белгілері, оның ішкі дүниесінің қыртыс-қабаттары ашылады. Кейіпкер өз ойымен өзі, адам ішіндегі адаммен (человек в человеке), яғни санамен, оймен сырласу арқылы шындыққа жол ашады. Суреткер адамның осындай ойлау үрдісін тек монолог арқылы бере алады.

Ішкі монолог - адамның психологиялық құбылыстарын, ішкі жан дүниесін ашып, образ сомдауда сүбелі үлес қосатын бейнелеу құралы. Адам жанын жегідей жеген жан жарасының аузын, тәңір тек өзіне, адам ішіндегі адамға ғана бар сырын ақтарып, шерін тарқатады. Көркем шығармада ішкі монолог арқылы берілетін мұндай құбылысты Д.М.Урнов былай деп тұжырымдайды: «Одиночество-основное условие «внутренного монолога». Оставшись один или мысленно обращаясь к самому себе, человек «проговаривается». Таково исходное условие всякого, повествовательного самоанализа» [40, 20б].

Ой, ішкі ой - жалғыздықтың таптырмас серігі. Кейіпкер өз ойымен өзі, өзімен-өзі сөйлеуге ғана шешім қабылдайды, оны тек өзі шешеді. Жазушы кейіпкер тіршілігін қадір-қасиетіне, үміт-ынтасына, іс-әрекетіне қарай оқиға бойында бейнелейді. Суреткер өмірдің бұралаң жолындағы адам психологиясын, толқуын, тебіренісін сананың үздіксіз күресін, сезім күйін нәзік шеберлікпен суреттейді. Кейіпкердің аузына сөз сала отырып, образ табиғатын, олардың ой-толғаныстары мен құпия сырларын ашу мақсатында ішкі монологке жүгінеді.

Зерттеуші Еңсебаева Күләш Кенжебекқызы: «Жазушы өзінің суреткерлік шеберлігін кейіпкердің жан дүниесін ашу барысында қолданылған кейіпкер ойлауы, оның өмірге, қоғамға деген көзқарасы арқылы танылады» [41, 67б].

Көркем әдебиетті тілдік, әдебиет тұрғысынан зерттеуші ғалымдар ішкі монологтың ғылыми тұрғыда екі түрін атады.

1. Авторлық ішкі монолог

2. Персонаждық ішкі монолог

Осы екі форманы негізге ала отырып, әдебиеттанушы ғалым Г.Пірәлиева ішкі монологтың мынадай екі типін көрсетті:

«Бірінші тип - шығарманың бейнелеу өрісіне монологқа айналған сана - сезімнің қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты. Ал бұл типтің өзі іштей үш жағдайда көрініс тапты. А) санадан, еркіңнен мүлдем тыс ішкі монолог (безсознательность). Б) жарым, жартылай саналы, кейде санадан тыс сәттегі ішкі монолог, ол көбіне, «ой ағысы» (поток сознание) тәсілі. В) өзін бақылай, қадағалай алатын, жүйелі түрде бағыты айқындалған, шын мәніндегі ойлау үрдісін білдіретін ішкі монолог.

Екінші тип - оқиғаға қатысты кейіпкер монологына автордың қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты. Ішкі монологтың бұл түрі бірінші, екінші, үшінші жақпен баяндаудың түрлерінің қай - қайсысыменде сабақтас»[42, 67б].

Ілияс Жансүгіров әдебиет саласының басқа жанрларындағы тың ізденісі мен жаңашыл әдіске толы еңбектері жетерлік. Сондай бір қыры - фольклористағы еңбегінде де бар. Жасынан өнерге жақын болып өскен Ілияс ел аузындағы әдеби мұраларға, сиқырлы сөзге ерекше ден қойған. Бала кезінде әкесінің әсері болса, өсе келе өз бетімен жинаған ескі әдеби мұралары, творчестволық өсу жолына көп қолғабысын тигізеді.

1933 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған мақаласында былай дейді: «Қазақ ел әдебиетінің осы күнге шейін жүзден бірі жиналған жоқ»[43, 73 б.].

Қоғамдық өмірдің ірі қайраткері, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің творчестволық мұрасын аз сөзбен бағалағанда, ол - халқының мәңгі қадірлеп, ардақтауына, мақтаныш етуіне лайық, кесек прозалық мұра қалдырған ер тұлғалы нағыз азамат қаламгер.

Ілияс өзінің өмірбаянымен бірге, халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігін, салт-анасын, мінез-құлқын жан-жақты толғаған заңғар жазушы. Қазақ халқы барда, егеменді еліміз тұрғанда ұлтжанды ұлы қаламгердің аты биіктей түседі, даңқы асқақтай береді.

Ілияс Жансүгіров саналы өмірінің творчествосымен айналысқан кезеңінде прозада, сатира жанрынада бір сәтке де қалам суытпағандығына оның жүздеген айшықты шығармалары дәлеле бола алады. Өзінің осы жазып кеткен туындыларына сәйкес әдебиет зерттеушілері мен сыншылары оны қазақтың профессионалды прозасының, сатирасының бастауындағы белгілі қаламгер қатарына жатқызуы тегін емес-ті. Бұл жанрда жазылған туындыларында халық өмірінің талай белестерін тың, жаңашыл бейнеде көрсетуге күш салады.Сондай туындыларының бір саласы қазақ прозасының сатирадағы орны айтарлықтай үлкен

Ал жазба әдебиетіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ сатирасы бұрынғыдан гөрі ажарлана түсті. Өйткені, жоғарыда айтылған әдебиет реформаторларының арасында сатира мен юмордың игі дәстүрлерін жалғастырушы Абай қосылып, бұл жанрдың идеялық-көркемдік аясы ұлғайып, жаңаша жазу, жаңаша ойлау екпіні күшейді. Осы аталған сатира майданындағы тамаша сөз зергерлерінің өмір белестері мен шығармаларына зер сала қараса, олардың бәрі де жас шағында әр нәрседен әсер алып, еліктеп, үйреніп, табиғи дарынын ширықтырып, үнемі даму үстінде болғандығын байқаймыз. Бұл әр адам басында болатын табиғи құбылысты Ілияс та басынан кешірген. Осы кезеңдегі өмір туралы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Біздің Ілияс» атты кітабында Құсайын Шөкенов түрліше фактілер келтіреді. Кітап иесі Ілияспен өзінің жас шағы мен балалық балғын сәттерін бірге өткізген. Олардың әкелері Жансүгір мен Шөкен бір атадан тарайды. Ілиястың жас кезінде-ақ күлкі-әжуаға, қалжың, қағытпаға әуес болғандығы, аяқ астынан кез болған қандай да бір қас қағым сәтті ретіне қарай күлкіге, жеңіл юморға айналдырып әкетуі, сонымен бірге бір жерде естіген қызғылықты оқиғаны дәміне келтіре айтып, айналасын көңілдендіріп отыруы оның әдетіне айналғандығы туралы айтылады. Бұл әдет тіпті есейіп, үлкен жазушы болған сәтте де жас шағындағы «сүйекке сіңген әдетіне басып», көңіл-күйді бір сәтке болса да желпіндіріп отыратын мінезін профессор Бейсенбай Кенжебаев былай деп есіне алады. «Ілияс аз сөйлейтін, бірақ қу тілді болатын. Сөйлегенде сөзді тауып, ақылды, дәлелді, жүйелі, жатық, өткір, көп ретте күлкілі етіп сөйлейтін. Күлдіргі, мысқыл әжуа әңгімелерді әрі көп білетін, әрі келісті қылып жазатын. Ол қандай қызық, күлдіргі әңгіме айтып, жұрт қарқылдап күліп жатса да, өзі күлмейтін. Тек үстіңгі ернінің бір бұрышын ерекше бір бүлк еткізіп қойып отыра беретін. Ілияс тегі ауыр мінезді, сабыр иесі адам еді. Жүріс-тұрысы байсалды болатын, салмақты, ұстамды сөйлейтін десе, академик М.Қаратаев: «Ілияс еш уақытта да шешен сөйлемейтін және ондай талабы сезілмейтін де. Дегенмен, ойлы, дәлелді сөйлеу және арасында жіңішкелеп әзіл-қалжың, қыстырып сөйлеуге шебер еді»[44, 6 б.],- дегендері оның мұндай қасиеті мінезіндегі туа біткен әдеті екендігін дәлелдейді.

Сөзімізді қуаттау үшін «Азамат ақын» кітабындағы бірді-екілі фактісіне жүгінсек: Құсайын Шөкенов Ілияспен ойнап жүріп екеуі оңашада былай деп әңгіме айтып береді: «Ертеде Тұрсын деген қадірлі адамның әйелі өліп, балалары жетім қалғансын, оны халық үйлендірмекші болады. Өзіне ыңғайлы қыз болса, шағын малын құртып жібермей-ақ өзіміз көмектесер едік деген қорытындыға келген жұрт қолдарындағы азды-көпті малын Тұрсынға әкеледі. Болатшы деген кілең шұбар жылқылы байдың әйелі Толпыш бір шұбар байталға қосады. Бікен еліндегі Балабай деген біреудің бой жетіп отырған қызын айттырады. Бірақ Балабай қызын беруге асықпай жатып алады. Оның мәнісі - Тұрсынның замандасы Ахмедиде. Ахмедидің әрі жүйрік, әрі жорға атына Балабай қызығады да, «не сұраса беремін» деп сол жорғаға жабысады екен, ал ол көнбейді. Енді Балабай «сол боз жорғаны Ахмеди берсе ғана қызымды шағарамын Тұрсынға» деген соң, бүкіл ел дал болады. Түптің түбінде досының көңіліне қарап Ахмеди сол боз жорғасын Тұрсын үшін Балабайға қияды. Тұрсын үйленіп, көңілі жайланған соң қалың малға мал қосып бергендердің көңілін табуға кіріседі. Той жасап, жасаудан түскен шашағы жерге сүйретілген түйенің үстіндегі бас кілемді Болатшынң әйелі Толпышқа бөледі. Ал Ахмедидің ауызға ілінбей қалғанын ұнатпаған жұрт арасында күңкіл сөз шығады. Бір той-томалақта ел Ахмедиден ән айтуды қалапты, сонда ол былай деп жырлаған екен:

"Базына замандасқа жарасқан да,

Көмбеге жан ұшара таласқанда.

Озған кім, шабаны кім, қалғаны кім,

Амал не, ажыратпай адасқанға.

Балабай қалап алды жалғыз бозды,

Жалғыз боздан айырылып табан тозды.

Атты, жаяу жалбаңдасып жарысқанда,

Болатшының әйелі Толпыш озды»[45, 56 б.],

-деп Ілияс бала кезінде осы жайтты жиі ауызға алып отырады екен. Сонда Ілиясқа Ахмедидің тоқмейілсіген досы Тұрсынға айтқан жеңіл астар мен күлкі тудырар теңеулері көңіліне ұнағандықтан, ұзақ уақытқа дейін есіне сақтап жүреді. Одан керек болса, ішкі ойды астарлата жеткізуді, досының қателігін мойындату үшін, сонымен қатар, ренжітіп алмауы үшін де қандай сөз пайдалану керектігін үйренеді.

Тағы бірде Құсайын Шөкенов екеуі Сарқанға бірге барғанда Ілиястың тауып айтқан бір сөзні былай есіне алады: «Сарқанда Рахым молданың үйіне келіп, оның тамақ жегендегі «ынсаптығын» көреді. Имам тамақ жегенде екі көзі жұмулы болады екен, шынысын дастарқанға қойып, бір бауырсақты әлденеше рет бөлшек етіп, оған сары май жағып аузына салғанда көзін бір ашып қояды екен де, көзін қайта жұмып түйенің сүтін қатқан қызыл күрең шайды ұрттап отырады. Сонда айналадағы жұрт «ынсапты екен, қасиетіңнен айналайын шариғатты ұстап, нәпсісін тиған ғой» [46,58 б.] деп таңырқасады. Сонда Ілияс имамның бұл мінез-құлқын былай деп келеке-мазақ етіп, Құсайынның құлағына сыбырлайды: « - Әмсе көзін жұмып отыратыны - дүниеге көзім түссе, күнә болады деп сақтанатын шығар?» - дейді, оның үстіне күніне бір семіз қой мен бір тегене қымыз ішетінін еске алып.

Ілияспен бірге өсіп, оқыған Ыбырайым Маманов оның Қарағаштағы «Мамания» мектебінде білім алып жүргендегі бір сәтін былай деп баяндайды: «Қарағаш мешітінің имамы Хасен молда «Мамания» медресесінде оқушыларға дін және құран үйрететін. Хасен молда араб сөзіне тілін орамалмен ұстап тұрып

Сонымен, Ілиястың жас кезінде, қай отырыста болмасын айналасын күлкіге толтырып, кез келген жайды ретіне қарай әзіл-қалжың, келемеж, мазаққа айналдыруы оның әдет-дағдысына айналғанын байқаймыз.

Ел арасында жай айтылған сөзден де күлкілі бір мән-мағына тауып алып, оны боямаламай-ақ қисынын келтіріп айтып, елді күлдіріп отыруы да - мінезіндегі қалыптасқан әдет. Мәселен, жанжалдасып қалған екі адамның біреуі ұл баласы жоқ біреуге «ә, қубас!» десе, екіншісі оның сөзіне шамданып «май бас екенсің ғой?!» деп дырау қамшымен май басын қан жалатып екі тартқан көрінеді. Мұны Ілияс жас кезінде жиі айтып күлдіріп отырады екен.

Ілиястың жас кезінде сатираға жақын болуын оның айтыспен байланыстылығынан да іздеу қажет. Олай деуіміздің себебі - Ілияс бозбала, жігіт шағында айтысқа талай рет түскен жампоз айтыс ақыны болғаны мәлім. Ауылда өтетін той-думандардан қалмай, өз жанынан өлең шығарып, айтысқа әуес талай жігіт, қыздармен сөз таластырады, мұны өзі кейінірек былай деп еске алады: «Хат білген соң өлең оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссасын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі мен болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті», - дейді.

Ілекең, сөз жоқ, талай ақындармен айтысқа түсті ғой, ал қолдағы бар деректерге сенсек, оның бұл өнерде өзіндік қолтаңбасы ерекше көңіл қоярлық екенін айтпасқа болмайды. Айтыс өнеріндегі қазіргі кезде көп мән берілмей жүрген олқылықтар, салқындық, жіңішкелеп әзіл қыстыру, қапысын тауып жер қақтырып мысын басу, қажетіне орай кекесін-мысқыл, сатиралық элементтерді шебер пайдалану қасиеттері Ілияста басым болғанын бірді-екілі көз көрген қариялардың естеліктері жоққа шығармайды.

Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы болған, өнер зерттеушісі Бүркеева Алтын өзінің «Көз көрген», «Ақынның үнін тыңдаған» деген зерттеу мақалаларында 84 жасқа келген Ысқаққызы Айтолықтың 17 жасында Ақсу ауданындағы Жайпақ деген жерде 23 жасар Ілияспен айтысқандығы құнды дерек келтіреді. Онда Ілекең «Шилы өзен қамыс-ай» деген халық әнінің әуенмен айтысқандығы, сөзі өткір, салған мақамы жүрекке тиіп, мейірімді көзқарасы жадында қалып қойғаны туралы айтылады.

Екінші «Ақынның үнін тыңдаған» деген мақалады Ілиясты көрген, тәлімін алған Ақсу ауданы, «Қаракемер» совхозында Қабдолдаев Жұман өз естелігінде 1938 жылдың қыс айында ақынның үйіне келегдігі туралы айтады. Аты шыққан ақынды ауыл құшақ жая қарсы алады. Сол түні және келесі күні Ілияс «Мұңлық-Зарлық», «Еңлік-Кебек жырларын ерекше ырғақпен әндетіп, түрлі әуенге салып жырлайды. Оның күмбірлеген үні, домбыра тартуы өте тартымды шығады. 10-15 шақырым жердегі ауылдардан адамдар тойға жиналады. Үйге ел сыймай кетеді. Солардың ішінде ерекше көзге түскені - Тойымбала дейтін ұзын бойлы, бота көзді, сұлу келіншек «жас ақынмен айтысамын» деп бірер ауыз өлеңді тастап-тастап жібереді. Айтысудан тайынатын Ілияс па? Екеуі біраз сөз таластырады. Ілияс сол кезде асып-саспай, әр сөздің мән-мағынасы, ішкі құпиясы, түп-төркініне зер сала, ойлап-пішіп, оған дәл жауап қайтарып отырады. Ондағы айтыстың кілт тоқтап қалуының бір себебі - айтыста әзіл-қалжың айта отырып, енді қыз бен жігіт арасындағы бір-біріне тиісу, қағыту, сезімге барардан бұрын, өз-өздерін таныстыра келе, бір рудың елінен екендіктерін білген соң Ілияс «Тойымбала менің қарындасым болып шықты, енді мен айтыспаймын» деген сөзі итермеші болады. Тойымбала да «Ілияс өз ағайым екен, енді мен айтысты доғарамын» деп кейін сырғып отырады.

Құсайын Шөкенов өзінің «Біздің Ілияс» деген кітабында «Ілиястың өз аузынан естіген Борамбектің қызы Әлишамен айтысқандығы туралы бір дерек келтіреді. Онда Ілияс пен Әлиша арасындағы айтыс та қалжың-қағытпаға ұласып, Ілиястың өткір, ащы сөздеріне шыдамаған шешесі екеуінің араларына түсіп «сен жеңдің, жол сенікі» деп Ілиясты арқасынан қағып айтысты тоқтатады.

Бұл деректерді нақтылай көрсетіп отыруымыз - Ілиястың жас кезінде айтысқа түсіп, өзінің бұл жолда да ешкімнен кем түспегендігін, сонымен қатар, бұл өнері болашақта қаламгердің сатира саласындағы қызметіне мол септігін тигізгендігі айтылып отыр.

Айтыс өнеріндегі сатираға тән көптеген компоненттердің өлең жолдарында кездесетіндігі туралы айту қажет. Айтыста сатираны пайдалану дегеніміз - өнер жарысы, сөз сайысы, халықтық эстетика десек те, айтыс ақындары қарсыласының сағын сындыру мақсатымен бірін-бірі сынап, мысын басып, әжуы-келеке етіп, мазаққа айналдыру тәсілдерін көп пайдаланады. Сол арқылы мерейі өсіп, жеңіп шығатындар да аз емес. Бұған дәлел - Біржан мен Сара айтысы. Айтыс үстінде Сараның осал емес екендігін байқаған Арқаның серісі одан мін таппай, қосылар адамы Жиенқұлдың түр сипаты, мінез-құлықындағы «ақаулықты»қызға тели отырып, кекесін, мысқыл, мұқату арқылы Сараның мысын басады. Содан кейін-ақ тасқындаған сөз тартысы қайғы-мұң, налаға қарай көш түзейді. Біржан мұны түсіне қойып, Сараның қор болып бара жатқандығын жырға қосып, өнеріне бас иеді де, оны арашаламақ ниетін сездіреді.

Шөжемен айтысқан ақындар да оның ата-тегіне мін тағып, кемтар соқырлыған көрсетіп «ит соқырсың» деп жеңбек болғанда, дәл табылған қисынды сөз, мысқылға толы мір оғындай тілі арқылы беттерін қайтарғандығы мәлім. Ол өзінің заманында азулы алты қарыс Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тазбала сияқты ақындармен айтысқа түсіп, тілінің ащылығымен, қарымдылығымен көзге түскені әдебиеттен белгілі.

Махамбет Өтемісұлы айтыс ақыны болмаса да, оның өлеңдеріндегі образдылық, алмастай өткірлік, қызу қанды жігерлілік, айбарлы да найзағайдай сұстылық Ілиястың тек поэзиясы ғана емес, сонымен бірге шығармаларының сатиралық қарымтасына да өз әсерін тигізгені анық. Бұл жайында профессор Ханғали Сүйіншәлиев мынадай тамаша пікір айтады: «Махамбет қазақ поэзиясында қоғамдық күресшіл сананы нығайтып, сын-сықақ сарының қалыптастырды. Қазақ сатирасының қоғамдық, әлеуметтік мәнін күшейтті. Сатира жанрының өткір үлгілерін көрсетіп, кейінгі көп ақындарға көп ұстаздық етті» [47, 14 б.]. Бұл сөздері Ілиясқа да қатысты айтылған. Олай деуімізге негіз - Ілияс өзінің балалық шағында әкесі Жансүгірдің Махамбеттің, сонымен қатар Біржан - Сараның, Шөженің, Шернияз, Ақан, Базар, Сүйінбайлардың шығармалары мен жыр-дастандарын, өлеңдерін мұқият жинап, елге насихат етіп жүргендігінің куәсі болып қана қоймай, оларды оқып, кейін кеңес өкіметі тұсінда бірқатарларын жарыққа шағарған адамдардың бірі. Бала кезінде оқыған Махамбеттің өлеңдері әсер еткені сонша, кейін оның туған жеріне арнайы сапарға шығып, көтеріліске қатысты тарихи орындарда болып, ол жерден баға жетпес құнды материалдар жинап әкеледі. Соның негізінде «Исатай - Махамбет» пьесасы мен либретто жазады. Өкінішке орай, бұл туындысын 1937 жылдың дүрбелеңіне қатысты көзінің тірісінде сахнаға шығара алмады.

Жалпы, Ілиястың шығармаларындағы поэтикасына сатира жанры бойынша ерекше әсер етіп, оның біртабан қаламгерлік даму дәрежесін көтерген Абай екендігі талассыз. Оның тұсындағы талай ақын-жазушыларға Абай рухани күш-қуат бергенін әдебиеттану ғалымы жоққа шығармайды. Бұған негіз - ХХ ғасырдың басында дәстүрлі Абай сатирасы күш алып өз алдына отау тігу процесі басталып, оның қатары күннен-күнге көбейе түскен. Бұл процеске білек сыбана қызу кіріскен ақын-жазушылар қатарына С.Торайғыров, С.Көбеев, осы тұста тек сатиралық шығармалар жазып жүрген С.Төлешев, А.Тоқмағамбетов, М.Дәулетбаев, Қ.Тайшықов, Б.Сүлеевтермен бірге Ілияс та Абай дәстүріндегі сатирада қалам тербейді.

Ілияс Абайдың творчествосына, оның ішінде сатиралық мұраларына көп көңіл бөлген. Абай әдебиет ортасына үлкен жаңалық әкелуші реформатор деп жоғарыда айтқанымыздай, ол қазақ сатирасына елдің сиқын кетіріп, жайсыздық тудырып жүрген, эстетикалық талғамнан жұрдай адамдардың толық образдарын жасады. Ілияс сол шығармалардың бірде-біреуін көңілден таса қылмай оқып, оған үлкен мін беріп, өзінің алғашқы сатиралық шығармаларын да сол тұрғыда жазуға талпынды. Бұл жөнінде өзі: «1916-1917 жылдан маған жазуға ынта туды. Оған себеп - сол кездегі қазақ әдебиетінің әсері болды. Абайша бірдемелер (балдырған) жазуға талпынсам да ештеңе шығара алмадым ғой деймін» [48, 89 б.]- дейді.

Ілияс өлеңдерінде адамдардың жат мінездері мен қылықтарын, пысық көрінген өтірікші жылпостарды, надан ұлық пен би-болыстарды Абайша жырлайды. Мәселен, «Көңілдің жүргісі» деген өлеңінде:

«Я мақтамай, я боқтамай,

Бәрін дос деп бекер жүр.

Жақын көріп ақтамай,

Алаңдықпен шекті өмір.

Кейде жылан, кейде шоқ,

Кейде ынжық, кейде жоқ,

Кейде жаяу, кейде атты,

Кейде баяу, кейде отты»[48, 26 б.],

деп Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңіне елктеп, бірде өзінше, бірде Абайша салған өрнек пен нақыштарды қайталайды.

Мырзабек Дүйсенов бұл ойға қатысты мынадай пікір білдіреді: «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңінде Абай өз дәуіріндегі адамдардың, әсіресе қолына азан-аулық билік тие бастаған, соқыр кеуде надан ұлықтардың, сұм-сұрқия қулардың, өтірікші жылпостардың жат мінездерін шеней келіп, «қара қарға сияқты шуласар жұрт», - дейді. Солардың Ілияс та Абайша шенеп отырады». Бұл пікір Ілиястың сатиралық шығармалар жазуды Абайдан үйренді деген ойдың дәлелі болса керек.



2 Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі


2.1.Ілияс Жансүгіров сатирасындағы образдық көркемдік бейне


Ілияс Жансүгіровтің прозаға ауысуы бұл - 1920 жылдардың бас кезі. Нақтырақ айтсақ, 1922 жылдың қараша айында Ілияс оқуға түсуге Алматыға келгенімен, ол талабына қолы жетпеген соң, «Тілші» газетіне қызметке кірген сәттен басталады. Газет қызметіне араласуы - оның білім дәрежесіне де үлкен әсер етеді. Ақындық, жазушылық талабы мол болғанымен, оқуы, білімі таяз болғандықтан, өз бетімен оқу оқып, білімін толықтыруға күш салады. Сатирадағы проза жанрына ден қоюы осы кезеңнен бастау алады. Өйткені өзімен қызмет істейтін тілшілердің көпшілігі жазушылық өнері бар прозаик, сатирик, фельетонистер еді. Олар сол кездегі газеттегі жанрлардың бірі - фельетонды әркім әр түрлі, бір-бірімен жарыса, бәсекелесе жазатын. Бұл ахуал Ілиясты да еліктірді. Сол кезде жазғандары тек «Тілші» газетінде ғана емес, сонымен бірге «Жас Қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты баспасөз орындарында жарыққа шығады. Жазғандары сол уақытта елімізде жүргізіліп жатқан науқандық саяси, шаруашылық, ағартушылық жайларды қамтиды.

Сатираның түрлі компоненттерін шебер пайдалана отырып, жаңа дәуірдегі жаңалықты дұрыс түсініп, бағалай алмай отырғандарды, жаңа істердегі игіліктерге кедергі келтіріп, бұрмалаушыларға батыл, қарымды қаламын қадайды. Баспасөз қызметінде аз уақыт істеген кезінде өзінің әріптестерінен жазу техникасын үйрене отырып, тіпті кейде олардан асып түсерлік дәрежедегі журналист ретінде көзге түседі. Оның жазғандары бірінен-бірі өтерліктей іргелі де айтары мол құнды материалдарға айналып, қалың көпшіліктің сый-құрметіне бөленеді. Осы еңбегіне лайық оны 1924 жылы «Тілші» газетінің хатшысы, кейінірек редакторы етіп тағайындайды.

Ілиястың сатиралық тұрғыда жазылған еңбектері «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шығатын. Сықақтарын газет беттеріне, көбінесе, Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіров шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білу шеберлігі ерекше екендігін атау қажет. Әр сықық-әңгімеге жақсы тақырып қою да мүмкін емес. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де, сонымен бірге, тақырып атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы ғана оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілияс алдына жан салмайтын.

Айталық, «Құйрықты базар», «Сұрпақбай сұғанақ», «Тәшкендікке тарт», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Жалаңаш жиылыс» және тағы басқа әңгімелер дәл өздерінің аты айтып тұрғандай, шығарманың қысқа фабуласын айқын танытады. Әрине, бұл да сатирик жазушының ажырамас асыл қасиеттерінің бірі екендігін айту абзал.

Ілияс Жансүгіровтің бүгінгі күні жарыққа шығып, газет бетін көрген сатиралық шығармалары елуге жуық. Сол жазғандардың біразы ең алғаш 1933 жылы Семей қаласында баспадан шыққан очерктер мен әңгімелер жинағына топтастырылған. Оған «Ташкендікке тарт», фельетондары «Сөз Қамысбаевқа», «Жарапазан», «Сыйға - сый, сыраға - бал», «Жарайсың, Шұлғаубауым», «Қыз көзінше неге замечание жасайсың?!», «Шалқыбай», «Құйрықты базар», «Алдандық», «Құқ», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Ура», «Жайлаубектің жауыры» және тағы басқа очерктері кірген.

1935 жылы сатиралық шығармалары басқа жанрдағы туындыларынан бөлек «Құқ» деген атпен Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасынан 123 беттік көлемде жарық көреді. Жинақта жазушының отызға тарта ең таңдаулы сатиралық туындылары шығып, қалың оқырман назарына жол тартты.

Ілияс ақталғаннан кейін 1961-1964 жылдар арасында жарық көрген бес томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелері мен фельетондары» деген атпен 328 беттік көлемде кітап болып баспадан шығады. Сонымен қатар 1964 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Пьесалары мен әңгімелері» деген кітапқа оның көптеген сықақ әңгімелері мен фельетондары енгізілген.

1963 жылы Темірбек Қожакеевтің құрастыруымен шыққан «Бұл кім өзі?» жинақ кітабында Ілияс Жансүгіровтің «Сұрпақбай сұғанақ», «Қуыршақ» атты фельетондары жарық көрген.

1995 жылы Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойына орай 1935 жылы шыққан «Құқ» жинағының нұсқасы қайта өңделіп, «Қайнар» баспасынан жарық көрді.

І.Жансүгіровтің сатира жанрында образдық көркем бейнеге толы шығармалары баршылық. Мәселен, 1928 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын тәмамдап келгеннен соң, жергілікті қазақ ақын-жазушыларының жазғандарының ішінен күлкі, әжуаға, мысқылға икемі бар қаламгерлердің өлеңдерін топтастырып, 1929 жылы Қызылорда қаласындағы баспадан көлемі 98 беттік жинақ шығарады. Бұл еңбегі Қазақстанда ең алғаш шыққан сатиралық 4 кітаптың бірі болып, қазақ әдебиетінің қомақтана түсуіне өзікдік бір үлес қосады.

І.Жансүргіров өзінің алғашқы сатиралық образдық көркем бейнеге толы туындыларының бірі - «Ташкендікке тарт» сықағын 1928 жылы 11 қаңтарда «Тілші» газетіне бастырған. Онда сөзі мен ісінде береке жоқ кеңестік шенеунік Шойынқұлақтың бір күндік өмірін тартысты күйде әжуалаған. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «шаш ал десе, бас алатын» Шойынқұлақ сынды белсенділердің көп болғаны белгілі. Олардың содыры қарапайым халыққа жайсыз тип тұрғаны былай тұрсын, өздерінің күнделікті өмірдегі берекесіздігі адам айтқысыз. Кейіпкерінің жұғымсыз кейпін суреттеп, ұнамсыз іс-әрекетін алақанға салғандай ашып береді. Ондай Шойынқұлақтар өмірде аз кездеспейді, әлі де бар. Оларды ашық судың бетіне шағармай, игілікке, жақсылыққа жету екіталай. Ал солардың аз болғанын, тіпті болмағанын жазушы оны ащы да у тілімен түйреген үстіне түйрей түседі. Ол үшін ап дегенде-ақ оның сырт кейпіне тиісе жөнеледі.

«Ол шұжықтай тығыз, қазыдай қызыл күрең, қарынсау» дей келе, мінезіндегі сабырсыздықты жолай айта кетіп, оқырман алдына Шойынқұлақтың сыртқы, ішкі келбетін ашып береді. Кейіпкердің болмыс-бітімін толық үшін оқиға ішінде әйелін де қыстыра әкетеді. Әйелі де Шөкеңнің ары жақ-бері жағы. Әдеттегідей ерке, шолжаң, кердең, өз әмірін күйеуіне жүргізе алатын сөзуар, тіпті көнбей бара жатса, көз жасы дайын тұратын ерке-тотай әйел заты. Қазақтың биязы әйелдеріне тән мінезден ада. Оқырман Шөкеңнің әйелі Күлжанмен мынадай ситуацияда кез болады: Шөкең өзіне тән берекесіз әдетіне салып, жұмысқа апыл-ғұпыл жиналып, қобыраған көп қағаздарын қара қапшығына тыққыштап жатқанда, әйелі үстінен түсіп дүрсе қоя береді:

« - Қайда безіп барасың ?!

Собраниеге, правлениенің отчеты...» - деп бүгежектейді Шөкең. Ал әйелі Күлжан бейшараның бұға түскеніне сұға түсіп, дауысын екпіндете:

«Отчетың да құрысын... Сен де құры! Кет! Жоғал!...» - деп тас-талған болады.

Күйеуінің әлсіз жағын білетін қу келіншек көз жасын жалп еткізіп те үлгерді. Жаны шыққан байғұс Шөкең дегбір қашып, қоғам жұмысын, отчетын жайына қалдырып, әйелінің көңілін таба алмай дал болды. Қанша жалпақтағанымен, әйелі аптығын басар емес. Сондағы талағы тарс айырылып, ашу шақырғаны, күйеуімен бірге сауда жасау үшін базарға бірге бармауы ғана екен.

Жазушы осындай болар-болмас оқиғаларды кейіпкердің айналасына әдейі топтастырған. Өйткенй, оның қызметі осы сауда кооперативіне байланысты болып отыр. Қоғамда жаңа белең алған, халық арасында беделге ие бола алмай жүрген сауда кооперативі осы Шойынқұлақтың қолында. Оны насихаттау өмірге енгізуді іске асыру үшін басты кейіпкерге өкімет үлкен билік пен бедел, лауазым берген. Ал оның тұрпаты мынау - не үйде, не қызметте береке таппай, бос қараң-құраң күй кешуде. Мұны оның кейінгі әрекетінен аңғарамыз.

Әйеліне көп уәделерді жаудырып, әрең босап шыққан Шөкең «қызмет қайдасың?» деп кеңсесіне жүгірді. Таң атпастан тыпыршып, әуре сарсаңға түсіп, әйелінің қырын қабағына іліккен Шөкең, кеңседе сауда кооперативінің істеген жұмысы бойынша үлкен есеп бермекші. Соған дайындалып жатқан кооперативтік мүшелері құшақ-құшақ қағаздарды ары-бері тасып, әбігерге түсуде. Жиналысқа қатысқан көп жұрт аяқ астынан сұрақ қоя қалса, оған қалай жауап бермекші, оны ойлаған дұрыс. Дегенмен Шөкен қорқулы, өйтпейше көп ел алдында есеп беру оңай ма, ол аздай әйеліне «бәр сағаттан кейін келем» деген уәдесі де есімде. Асығу керек, асығу, қырсық қылғанда ел де жиналмай қойды, онысы несі екен?! Ел жиналмаса да бастау керек, әйтеуір өтсе болды емес пе, деген тоқтамға келген Шөкең, «отчетын» бастап кетеді. Есігі мен төрі тай шаптырым кең зал үйдің ішінде бес-алты кісі шашырай қонақтапты. Енді солардың алдында баяғыдан жатталып, әбден мезі болған есебін оқығандай судырата жөнеледі.

Жазушы бұл детальдарды табиғи түрде езу тартқызу үшін әдейі пайдаланған. Әр сатирик жазушының өзіндік қолтаңбасы бардай, Ілияс та сықақ әңгімесін логикалық жүйемен жеткізу үшін уытты тілімен келемеждеу мен сынап-мінеудің әдістерін де шебер пайдалана отырып, Шойынқұлақтың қызметтегі оралымсыздықтары мен сол замандағы басқару жүйесіндегі ойсыз, жетесіз істерді көрсетуге ниеттенген.

Автор есеп берушінің қай сөздерін сықақ әңгімеге арқау етуді де ұмытпайды. Сынар объектісін өткір мысқылға алу мақсатымен оның аузына төмендегі сөздерді салады:

« - Жолдастар, кооперативтің ойнайтын ролі үлкен... Кооператив социализмге баратын көпір деген Ленин жолдас. Октябрь төңкерісінің осы жылында ұлы басшыларымыздың ұлы өсиеті жарыққа шығу керек, яғни шығып та жатыр. Кооператив мүшелерінің міндеті одан да үлкен. Жалпы, шаруаға кооперативтің не екенін ұғындыруларыңыз... міндеттеріңіз... Өйткені бізде мүше аздау. Кооперативке мүше болмаған бір шаруа қалмасын!... Біз өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек... Так что, шаруа не сатса, кооператив те соны сатсын. Не алса, кооперативтен алсын. Сонымен, так сказать, саудагерлердің маңдайына соғылсын!» [49, 89 б.]- деуіне қарағанда өзі үлгі болып қолға алған кооперативті өркендетер, соның белсенді мүшесі болар деп қалғаныңызбен, Шөкеңнің жиналыста сөйлеген «жалынды» сөздері былай шыққасын жерде қалады.

Асау әйеліне берген уәдесінде тұра алмай, көп кешіккен Шөкең, өтірікті судай сыпырып ақтала бастайды: «...Жиналыста ұсталып қалдым, халық басып кетті, қырдан да көп қазақтар келіпті. Отчетный докладым болып, правлениенің алты айлық есебін бердім. Мүшелер де активно қатысты. Сауалдан сауал, сұраудан сұрау, қане жіберсінші! Қайтесің, қараңғы жұрт ұғындырғаныңды тәуір көреді. Масса шығып сөйледі. Правление жақсы істеген, алған саясаты дұрыс деп, баяндамамды удовлетворительно деп таныды... деп, ана баяндамасынан әлдеқайда ұзын бір қырын әйгілейді. Қызметтегі жүрдім-бардым, өз ісіндегі шалағайлық қаперіне шығар емес, оның бәрін жиып, әйелінің алдында кеудемсоқтық жасап, шылғи өтірікті лепірте сөйлейді.

Әйелі Күлжанға оның қасиеті бесенеден белгілі. Оның сөзін тыңдап тұрған Күлжан жоқ, тіпті құлақ салып тұрған ол жоқ, оның бар ойы - шоқша сақал күйеуін арбаға отырғызып, тезірек базарға жету. Тек кооперативтің базарына емес, оны құмартып тұрған жеке меншік базар. Елге көрсету үшін бар жақсысын киіп, көзін қылмыңдатып қыр көрсету, өзіне дерек дүниесін базардан алып қайту.

Екеуінің арбаға жайғасып, Шөкеңнің түс-тұрпатының, Күлжанның бет-бейнесінің ойнақылықпен суреттелуі - кейіпкерлердің ішкі ойларымен, іс-әрекетімен объективті жайларға, әдет-дағдыға бағындырылғаны, еріксіз күлкі шақыратын детальдар екенін жазбай танисың.

Арба демекші, Шөкеңнің арбасы да өзіне лайық. Берекесіздік тек қызмет пен үйде ғана емес, сонымен бірге көшеге шығар көлігінен де көрініп тұр: «Дөңгелегі қатқан, қажыған арба. Ыңыршақ арық ала ат. Құты қашқан көшір көшеде арба айдап келеді» - деп, болар-болмас детальдар арқылы образды аша түсуге күш салады.

« - Қане, қайда барамыз? - деді әйелі, өтірік болса да сыпайылық сақтап.

Алдымен біздің кооперативке кірелік, - дейді Шөкең батылсыздау.

Кооперативке? Сен жыннан саумысың? Ақшаны көшеге шашқың келе ме? - деп Күлжан ашу шақыра бастайды.

Есігіне келіп қалдық қой, Күліш, кіре кетелік. Соңғы уақытта келген таза нәрселер бар. Бір тамса да...», - дейді жалынышты үнмен, бағанағы жиналыста «үлгі болайық» деген сөзі есіне түсіп.

Ей, әттеген-ай! - деп қиналады, байғұс Шөкең, түсінсеңші, Күлішжан! Кооператив, оны күшейту керек. Қуаттау керек. Кооперацияны социализмге өтетін көпір деген, Ленин жолдас. Өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек. Сонымен,

А...? қайда жүр дейсің? - деп аңғартыла аңқаусыған Шөкең.

Тарт былай! Не Қашқарлыққа, не Ташкендікке! - деп Күлжан бұйрық соғады.

Жиналыста, үйде, жолда аузына тастамаған «Кооперативті» осылай құмға сіңген судай жоқ болды"[50, 36 б.].

Міне, іске икемі жоқ, баянды ойы жоқ, жігерсіз көкмылжыңның көркем жазылған бір күнгі уақиғасы, тартысты, конфликт түрінде осылай тамамдалды.

Сатиралық әңгімедегі кейіпкер Шойынқұлақ, әлбетте, өмірде кездесіп жүргендердің жиынтық бейнесі екенін әңгіме желісімен аңғаруға болады. Жазушы бұл персонажды қоғамның ортақ ісінің өркендеуіне нұқсан келтіріп жүрген төре сымақтың бейнесін жасауға ниеттенгенін көресміз.

Адам мінезіндегі, қылығындағы әлі арылып болмаған ұсқынсыздықты, сұрқиялықты әшкерелеу қашанда болмасын ақын-жазушылардың талай ғасыр жазып келе жатқан тақырыбы екені баршаға аян болса, оны қоғамдағы тартыс, конфликт арқылы көрсеткен.

Ал, жаңа қоғамда, әсіресе, кеңес өкіметінің алғашқы құрылған жылдарында оның ұстап отырған саясатын әшкерелеуге, мысқылдауға көп жағдайға творчестволық орта беттей қоймайтын. Бұл, әсіресе, 1920-30 жылдардың тұсында айқын аңғарылатын. Кеңес өкіметі құрылып, ел-жұрт келешек жаңа дүниенің болашағы, бүгінгісі мен ертеңгі күнін әлі де болса бажай алмай тұрған тұс. Билеуші топты түбірімен құртып, олардың орынына қолына қызыл ту ұстаған, жалынды ұран тастаған езілуші таптың өкілдері келуді. Қарапайым жұрт жаңа өкіметті дүрмекке ілестіріп, қошеметтеп қарсы алса да, әзірге олардан үміт артарлық жақсылық көріп отырған жоқ.

Қайсібір жиналыс, митингілерде үлкен мінбеге шығып алған шешендер жаңа өкіметтің ішкі, сыртқы саясатын қанша мадақтап, насихаттап, үгіттесе де, көп жағдайда сөз бен істің алшақтығы талай мәселеде халық арасында күмән тудыратын. Жазушы жаңа заман лебінің осы бір жайсыз процесін үнсіз қабылдай алмайды. Шындықтың бетін ашу мақсатында «Совет өкіметінің қырын қабағына ұшырармыз» деген қауіптен тайынбастан, сатираның қарымды қаламы арқылы «Мен қателескем екен» деген иронияға толы әңгімесін жазады.

Әр туындының шығар бастамасы, тарихы бар. Ілияс бұл фельетонын жайдан-жай жаза салған жоқ. Нақты фактіге, тартысқа, конфликтіге негізі болған бір оқиғаның желісіне қарап жазады. Бұл жөнінде белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов: «Ілиястың «Мен қателескем екем» деген фельетонының қалай жазылғандығы бізге таныс. Қожағалиевтің аударған кітабында идеялық қатерлер көп болып, сынға ұшырап, оқудан қалып қойды. Әлбетте, аудармашы да бір сынға ілінеді. Міне, Ілияс сынға алған Қожағалиевтың мүшкіл халін дәл «Шенеуніктің ажалы» атты әңгімесінде Щербаковтың аянышты халіне жеткізе шебер суреттеуі - бәрімізді де қызықтырған-ды», - дейді. Бұл жолы жазушы кеңес мекемесінде істейтін жаңа саясатты уағыздаушы қызметкерлерді нысанаға алады. Әңгімедегі персонаж - орталықтан түскен қаулы-қарарды үтір, нүктесіне дейін қарап шығып, оны қалың бұқараға дәл жеткізе білу, жаңа өкіметке адал қызмет ету, жиналыста көпшіліктің ұйғаруымен орындау болып табылады. Осы талаптардан шықпаса қоғамнан шеттелу қаупі тұр.

Сатирадаға кейіпкер қалың көпшіліктің қолындағы «бойында жаны бар» - басын қайда бұрса, сонда жүретін мал тәріздес адам бейнесінде көрінеді.

«... Менің Бухариннің кейбір оппортуншылдық, махистік қисынына сүйеніп жазып жіберген сөздерімнің қатесін жұрт қорқытып ақтара бастады. Жазғандарым өзіме де иістеніп қалған көрінеді...», - деп бастайды әңгімесін бейшара күйге түскен кейіпкер. «Партияның сүйіктісі» саналған Бухарин «көсемге» жақпай қалған екен, енді оның көзін құрту науқаны өрши жөнелді. өз уақытында ел қолдаған сөздері мен жазғандары саясатқа қырын келен тұста, кейіпкерді көпшілік еш кінәсі болмаса да жиналысқа салып, сілікпесін шығармақшы. Жүрегі суылдаған персонаж солқылдақты танытып, өз пікірі мен көзқарасына сенімсіздеу қарап, оны «иістеніп қалғанға» қияды.

Жұрт жазған сөздерін бұтын бұт, қолын қол ғып созғылап жатса, одан қалса жұмыстан қуылып масқараласа, партиядан шығарса, ертеңгі күнім не болмақшы?...

Жоқ, мұным болмас, не де болса «Суға кеткен тал қармайдыға» көшкен басты кейіпкер, қай сөзі мен ісіне тиіссе де «қатеге ұрындым» деп жанын арашалауға көшеді. «Ленинді айтсам, мәселенің мықты жері ғой, сол арқылы жаным қалар» дейді, бірақ, одан да қайыр шамалы болады. Өйткені Бухарин сынға ілікті, Ленин өмірден кеткелі бері басқа біраз көсемдер дәріптелуде, яғни саясат бағдары өзгеріске ұшыраған. Енді қайтпек?...

...Енді қатесін мойындап, «жаңа көсемдерді дәріптеп, солардың бар еңбектерін аударып, солар жөнінде жазбақ». Аяқ астынан тағы да ши шықты. Көпшіліктің ішінен «неге өйтеді, бәрін аударса, оның ішінде зиянды пікір қоғамға залалын тигізеді» деген бір пікір айтылады. Тағы да у-шу, отырғандардың ішінен бір кездейсоқ сөйлеп шыққан адамның сөзі қолдауға ие болып, кейіпкерге тағы да дүрсе қоя берді. Бүгежектеген, әбден тер басқан кейіпкер, тағы да қатесін мойындап, көпшіліктің айтқан еңбектерін аударуға уәде береді.

Жиналыстың жуан ортасынан біреу тұрып: Бұл кісі «сендердің айтқандарыңды ғана аударамын» дейді. Егер де олай болатын болса, бұл кісінің өз басы, өз большевиктігі қайда? Кісінің айтқанын ғана қыла беруді не деуге болады, - дейді.

Иә, иә... Мұны не деуге болады? - деп көпшілік тағы да шу ете түседі.

Сөйтіп, «қолдағы қуыршақты» ары созғылап, бері созғылап, жүрегі құрғырын зуылдатып, өне бойын ауырлатып, көзін қарауытып, дені дұрыс адамды он шақты рет «қателестіріп» дегендеріне жеткізіп, төмендегі сөзді айтқызуға мәжбүр еткізеді:

« - Жолдастар, - дейді кейіпкер сүйретіліп, мен тағы қателескем екем. Қателесумен қатар қатемді мойныма аламын. Мойныма алумен қабат, қатемен қарсы күресемін. Қатені істеумен қабат, қателеспеуге большевикше қырағы боламын. Өзімнің қателеспеуіммен қабат, өзгелердің де қателеспеуіне большевиктік қырағылық істеймін... дедім де, тағы қай жерден біреу тұра келер екен деп, көпшілікке бажырайып қалыппын»[51, 67 б.] - дейді қоғам індетіне шалдыққан кейіпкер.

Сөздері тұнып тұрған тартыс пен конфликт, ирония. Оны түсінген көпшілік жоқ. «Енді жөнге келдің, болашақта көптің дегеніне жүріп, сойылын соғар адал құлы боласың» деген тоқтамға келген жұрт, оны жайына қалдырып, одан да маңызды мәселелерге көшеді.

Алайда, осы жоғарыдағы тақырыпты қозғау, яғни кеңес қызметкерлерінің ебедейсіз қылықтары мен берекесіздігін мерзімді баспа беттерінде сынау - бұл тұста даулы мәселенің бірі болып саналатын. Совет әдебиетінің атасы болып есептелген Максим Горький елімізде орынсыз сынаудың көбейіп кеткендігіне, сыртқы дұшпандарымыздың оған қуанытындығына, ортақ ісімізге нұқсан келетіндігіне алаңдатушалық білдірген болатын.

«...Газет беттерінде шектен тыс адам бойындағы әлсіздіктер мен тұрмыстық кінәраттарды жазу әдебиетшілер мен тілшілер арасында белең алып барады»[52, 46 б.]деп есептеп, ақырында белді қаламгерлерге шүйліккен сәттер де болғанын айту қажет. Сол тұста өмір сүрген қаламгерлер Мәскеуге көз тігіп, орталықтың нұсқау, қаулыларына қарай ыңғайлану тенденциясы күшті болғандығы туралы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Өнер, мәдениет, әдебиет, жалпы творчестволық саладағы адамдардың мейлінше еркін, кең тынысты туындылар шығаруларына қабілет, дарындары жететінімен де белгілі бір шектеуден аса алмайтын күйге түскенін байқаймыз. Уақыт оза бұл талап күшее түскені белгілі.

Ілияс қалам жебеген дәуіріндегі идеология сатирик қаламгерлерден нені талап етті деген ойға ойыссақ, ғалым кеңес сатирасының теоретигі И.Эвентов «Лирика және сатира» деген еңбегінде: «Эстетикалық көзқарасты революциялық демократтардың ізімен жүре отырып, кәдімгі өмірде болып жатқан қарама-қайшылықты, таңғажайыпты комикалық жайларды тек жан-жақты, әр нәрсенің ішкі иірімдері мен көлеңкелі жақтарын дұрыс түсінген суреткер ғана жаза алады» [53, 91 б.] деген принцип белең алғанын баяндайды.

Ілияс Жансүгіров сол дәуір мен сол жүйеде өмір сүріп, қалам тербесе, бұл принципке мойын бұрмауы мүмкін емес. Бұл теория жазушының шығармашылық талабына ешбір нұқсан келтірмейді. Заман талабына сай батыл да өткір сынды суреткерлік тұрғыда жазуға дем беретіндей көрінбеген қиястығы кейін айқындала түседі. Яғни, сол кездегі суреткердің міндетіне өмірдегі, қоғамдағы болып жатқан қарама-қайшылықты дер кезінде түсініп, соны көркем әдебиеттің ролі күшті факторлары арқылы халыққа дұрыс жеткізу еді.

Ілияс бұл міндеттерді жете түсіну арқылы, өзінің табиғи дарынын, қаламының қарымдылығын, тілінің ащылығын пайдалана отырып, қалық бұқара ішіндегі іріткі салып жүргендерді, қу-сұмпайыларды, екіжүзділерді, атқамінер қыдырымпаздарды, жезөкше қаңғыбастарды, елді алдап-сулап жүргендерді аяусыз әшкерелейді, мысқылдайды, әжуа-мазақ етеді.

Әйел қауымы өмірде үлкен маңызды іс атқаратындағы, оларсыз тіршіліктің мәнсіз екені түсінікті жайт. Олардың ішіндегі көңілге кірбің түсіріп жүргендері де жоқ емес. Жазушы бұл поэзияны «Қуыршақ» атты фельетон арқылы мейлінше ашып көрсетеді. Бұл фельетон 1929 жылы жазылған. Жазушы Оңтүстік Қазақстанда болған бір жайсыз оқиғаны негізге алып, әңгімеге арқау етеді.

Ғасырдан ғасырға созылып жатқан қыз үшін қалың мал алу қазақ ішінде сол кезде сүйек пен қанға сіңген әдет еді. Ал бұл әдетті жою мүмкін емес. Сол тұста өкіметтің бұған қарсы қаулысы да шығады. Бірақ оның заңына қанша қайшы болса да, «ауру қалса да әдет қалмайдының» кері тиеді.

Жазушы әйелдердің қадір-қасиетіне тоқтала отырып, олардың әрқайсысына нақты мысалдар арқылы лайықты баға береді. Солардың ішіндегі қаламгердің реніш білдіретін бір тобына осы «Қуыршақ» фельетоны, өзі айтпақшы, «бостандықтың да, мәдениеттің де не екенін ажыратпай, дабырға ұшып жүрген санасыз, шалағай, шолақ етек әйелдер» жатады. Оны әңгіменің басында-ақ білдіреді. «Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішеді, жейді. Қолдан жасамайды, қатыннан туады. Базарда сатпайды, қазақта сатады. Сақалды балалар ойнайды. Бірінен-бірі алады. Берсе, кетеді, алса, келеді. Тіл болмайды, үн болмайды»[54, 46 б.] - деп жеңіл әзілге бұрып, түйін түйеді.

Фельетонның келесі жолдары Шымкент қаласында тұратын Бабас дегеннің үйіне әкеледі. Оның Қатша деген қарындасы бой етіп отыр. Қызға көзі түскен Әбдірахым деген біреу қазақ салтындағы құда түсіп алу немесе алып қашуды мансұқ етпейді, бірден саудаға кіріседі:

« - Бабас осында тұра ма?

Қай Бабас?

Кәдімгі ағаш төресі Сәрсенов.

Осында. Бабас шығады.

Кәні, Бабас, қарындасыңа қанша сұрайсың?

Әуелі көр, қолайыңа жақса...

Көріп тұрмын. Құндақтың қолдан жасаған қуыршағындай бала екен. Тек саудасына келіссек.

Мың жарым сом пұл бер де, ал.

Жо, жолдас, ұстаған жерден ағаш та сынбайды. Өзің совет адамысың. Біледі деген қызметкер, оқыған адамның бірісің. Совет тұсындағы қыздың арзандағанын қалай білмейсің? Берсең, мың сом, артыққа ала алмаймын, - деп, екеуі бойжеткен қызды саудаға салады. Қызда үн жоқ, өйткені ол - өз еркі жоқ, үндемейтін қуыршақ. Сауда әрі қарай жалғасады.

"Бір ат қос! Мейлі бопты», - деп жазушы Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының байырғы диалектісін қыстыра кетеді. Әңгіме қыздың Әбдірахымға сатылғанымен, ол үшін келісілген ақшаның уақтылы қолға тимеуі салдарынан қыз ЗАГС-ке ағасының үйретуімен келісімін бермейді де үйіне қайтады. Әбдірахым дал. Ақша да жоқ, қыз да жоқ. Маңдайы тасқа соғылып, мең-зең болады. Бабасқа адам жібереді. «Тіс қаққан» Бабас алғашқы құннан бір тиын да түсірмейді. Келген адам Бабасқа «қалған 300 сомды ал, қара айғыр да сенікі, қызды бер» дейді. «Мейлі, бопты», - деп Бабас қала береді. Пұлы берілген қыз ертеңіне Әбдірахыммен кетеді. Әңгіме соңында: «Әйелді қуыршақ етуші қулар құрысын!» [54, 79 б.]деп қорытады.

Мұның бәрі де - қазіргі уақытқа дейін созылып жатқан қазақ ішіндегі адамдарды жирендірер жаман әдет-дәстүрлер, тартыстар мен конфликт. Осындай тақырыптарға сол кезеңде қазақтың маңдай алды ақын-жазушылары қалам тартқанымен, І.Жансүгіровтің осы сатиралық әңгімесіндей туындылар некен-саяқ. «Қуыршақ» әңгімесіндегі типтік кейіпкерлер өмірде болған нақты оқиға, нақты адам тағдыры. Осыны шағын ғана сюжет, іәрекет арқылы құрып, жазушы өзіндік тіл ойнақылығымен бейнелі, әрі оқушыға әсер етерлік, оның жүрегіне жол табарлық юмор, өткір мысқылмен көрсетіп береді. Бұл ретте Ілияс әрдайым тапқырлық танытып, ізденгіштігінің жемісін, шеберлік үлгісін көрсетіп отырады.

Қазақ әдебиетіндегі әйелдер тақырыбына арналған шығармалар биігіне шыққан жазушы ретінде көп жазса да, аз жазса да, өнімді еңбек сіңіргендігіне Ілиястың жоғарыдағы шығармалары дәлел болса керек. Жазушы оларды әрқайсысы әр қырынан тың образдар арқылы жаңарта, жаңғырта жаза білді. Осы шығармалар арқылы қазақ әдебиетін әйелдер тақырыбын жасауда тосын бір биік, тақырыптық жағынан байытып, жазу мәнеріне өзгеше өрнек салғанын көреміз.

Жалпы әйелдер тақырыбына Ілиястың бұдан кейінгі кездегі көркем, қысқа шығармаларында арнайы тоқталмағанымен, прозалық шығармалары ішінде «Жолдастар» романында әйелдер образдары бейнелі, шебер суреттелгендігі жиі ұшырайды. Романдағы әйелдер бейнесін жасау, олардың нанымды, көркем шығуына Ілиястың бұған дейінгі шығармалары дайындық есебінде болғандығын айқын аңғарамыз.

Жазушы-сатирик адамтану проблемеларын бірінші қатарға қояды. Адамды тани отыра, оның бойындағы жаман әдет-қылықтарды, арамдықты жойғысы келеді. Ұсақ-тұйек, «жеп қою», «алдау», «қашып кету» мәселелері ол кезде де болған. Қазір де бар. Бірақ жазушы бұл жанрда бір жымиыстан гөрі, адам ішіндегі ала-бөтен ойларды қуып шығу үшін осы әдебиеттің басымырақ жанрын қалай пайдалану керектігі жөнінде басқа жазушыларға жөн-жоба меңзейтін. Ол үшін қол қусыра отыра бермей, алға ұмтылып, ақиқатқа жеткізу керек деген ойы әр шығарманың желісінен сезіледі. Осындай кезде сатирик Үмбетбай Уайдиннің мына бір сөзі еске оралады: «Сатира қорғанысқа, сатира қулыққа көшуі тиіс емес. Сатираның жаратылысы - шабуыл. Шабуыл болғанда оның «мақсаты» адам өлтіру емес, адамды ойландыру!»

Адамды ойландыру үшін шығарманы неден бастау керек? Алдымен ақиқатқа жету қажет. Ақиқатты тіркей бермей, адамды ойландыру үшін көсілтіпжаза да білу керек. Қалай жазу керек? Бұл сұраққа Ілиястың «Жалаңаш жиылыс» сықақ әңгімесі жауап бере алады. Автор өмірдегі келіссіз құбылыстарды көрсету үшін үлкен өндіріс орнын, сауда, әкімшілік мекемесін емес, қарапайым ғана моншаны алады. Былайша моншаны объект ретінде алып, не айтуға болады десек те, осы бір тұрмыс қажетін өтейтін орында қоғамның талай ауруларына балта шабар мәселелерді қамтитын жазушының шексіз фантазиясы арқылы әңгіме желісінен айқын көруге болады.

«Жалаңаш жиылыс» - мысқыл да, мазақ та, әжуа-күлкі де бір-бірімен үндесіп астасқан, керемет сатиралық әңгімеге айналған. Тағы бір ерекшелігі - әр туындыға тән басты, қосалқы кейіпкер мұнда жоқ. Әңгімеде автор өзі айтушы, өзі кейіпкер болып, оқиғаны ширатып, ой түйіндетеді. Автор оқиғаны моншада кезекке тұрған адамдаржың көрінісінен бастап баяндайды. «Кезекке тұрған» деген сөзді аудармастан «шірет» дей салады. Күлкі үшін болса да оның тағы да бір ыңғайлылығы ұзыннан-ұзақ «кезекке тұру» деп жатқанша «шірет» деп қысқа қайырғанды жөн көреді.

Кейіпкер байқампаз, «тыз» етпе ашуланшақ, шыдамсыз, сонымен қатар тілі удай ащы, кекесінді, мысқылшыл болып келеді. Сол шіретте тұрғандардың қайсыбір кең пейіл дейсің, «арық қойдан тырысып, баз біреумен ұрсысып, баз біреумен жұлысып, теріміз тарылып, өзіміз жарылып кетердей тұрмыз» деген сөзді автор айтушының аузына салады. Жазушы бәрінің көздерін тарс бекітулі тұрған тесікке қадалтады. Ол тесікте моншаға кіретін билет сатылады. Тесік жылт етіп ашылса, шіреттегілер опыр-топыр қозғалып, сол тесікке ұмтылады.

«Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық әдет онда жоқ, Алматыда жұлқыласпасаң ақың кетеді. Боқтаса, итерсе, жұлқыласа тесікке...тесікке таман. Бұрын еш шай деспек түгіл, түсін танымай жай кісілермен өң бұзысып, сөзге келісіп, сіресіп тұрмыз», - деп автор тесікке ұмтылған нөпірдің психологиялық жай-күйін шегіне жеткізе суреттейді.

Сол кезеде ат жақты, ашаң сары кимелей ешбір кезексіз тесікке ұмтылады. Елдің дабырасына қарамастан, әлгі адам горсоветтің мүшесі деген куәлікті көрсетіп, бес адамға билет алып қайқайып шығады. Жұрт жұмған аузын аша алмайды. Әңгімедегі кейіпкер өлдім-талдым дегенде үш-төрт сағат тұрып билет алады. Енді шешінуге шіретке тұру қажет. Киімді өткізгеннен кейін тағы шірет. «Бұл не шірет, не беріп жатыр?» десе, «шылапшынға тұрмыз» дейді. Оған да тұрады. Шылапшыны қолына тиген соң, су алайын деп шүмекке барса, су ақпай қалады. Сөйтіп, ақыры тұрғандар арасынан бір белсенділеуі «тәртіп сақтаңыздар, жиылыс жасалық. Бірер пысық баяндама жасасын» деген ұсыныс жасайды. Бәрі келісіп, баяндама жасау үшін горсоветтің мүшесін іздеп, ортаға шақырады.

Моншадағы жиылысты көзге елестету, әрине, қиын. Ондай болуы мүмкін емес, бірақ автордың позициясы қалай да жиылысты моншада өткізуді тілейді.

Әрине, күлкі, әжуа десек те, тұстағы қоғам өміріне көңіл қойса, өкіметті басқаруды көпшілікке, яғни, советтерге берсе, олардың қай мәселе болсын, жиналыссыз шешпейтін режимге айналдырғанын ұмыту қиын. Тіпті, соның жұрнақтары кеңес өкіметі орнынан кеткенге дейін сақталып келген жоқ па?! Адамдардың алтын уақытын алатын еш пайдасыз, көз бояу үшін жасалған, түкке тұрғысыз ұзақ баяндамалар, түрлі партиялық есеп беру трибуналарда сөйленді емес пе. Жазушының бұл тәртіпке жаны қас. Оны айтпай ирониялық тәсіл арқылы бір сыбап алады.

Сол кезеңде жиналыстың болмайтын жері болса ше, цехта, залда, клубта, далада болсын, ал енді моншада жиналыс өткізу, тіпті, ебедейсіз-ақ. Сондықтан мұндай жиналыстар болмаса екен деп тілейді жазушы-сатирик. Сол тұстағы режим тек Ілиясты ғана толғандырмаса керек. Орыстың белді де белгілі ақыны Владимир Маяковский де өзінің «Прозаседавшиеся» атты сатиралық өлеңін осы текке тұрғысыз бос отырыс, көп сөз сөйлеу, нәтижесінде істің жылжымай ақсап тұрып қалатынына назаланып жазған.

Айтушының дегені шындыққа жанасатындай болуы үшін, Ілияс жиналыстың барлық қажетті талаптарына сай әр бөлшектерін қағыс қалдырмайды. «Жиналыс, кәдімгі жарық дүниедегі жиналыстан кем болған жоқ», - дейді айтушы. «Алқа-қотан отырып, бас алқа, бастық, хатшы сайланып, киімді кісілердей-ақ кеңеске кірістік. Горсовет мүшесі ортада тұрып ұзақ баяндама жасады. Көзі сабыннан көрінбейді. Бірінші баяндама бітіп, ендің екінші мәселеге көше бергенде шүмектен сыр етіп су ағып қоя береді. Жалаңаш қауым жыбырлай шүмектен аққан су шіретіне тұрғанда жиылыс жабылмай қала береді», - деп, жиылыс барысын баяндаған айтушы, сөзін тәмамдайды.

Автор енді моншаның жай-жапсарын айтуға көшеді. Сөз әлпетінен фельетонға ыңғайлас жолдар жиі ұшырасады. Әңгімедегі кейіпкер ойда-жоқта бір кездейсоқ жағдайға ұшыраса, бірде өмірде болатын фактілерге кездеседі. Жанды факті - фельетонға жақын компонент, ой-қиялға құрылғанымен, шындықтан алыс кете алмайтын сатираның кіші жанры. Міне, бұл әңгімеде автор жүз елу мың халқы бар қалаға сауысқан ұясындай кішкене моншаға Алматы адамдары қалай сыйсын деген үлкен проблема көтереді. Сонымен бірге моншадағы ыстық судың бірде келіп, бірде болмауы, шешінетін бөлменің суықтығы, қызыл асықтан су кешіп жүрулері, жарықтың жалп етіп сөне кетуі, ол жанғанша көп уақыт шыға алмай тоңып отыруы тілге тиек етіледі.

Осылардың бәрін де кейіпкердің аузына салып, келістіріп айтуы, көпшіліктің көңіліне ой салары һақ. Моншадан шыққанда тосқан халықтың қойдай шулап, қозыдай маңырауы - жазушының ұшқыр қиялынан туған сәтті сюжет.Тосқан халықтың ішінде біреуінің әйелі, біреуінің шешесі, біреудің жолдасы, біреудің көршісі, дейді сатирик. Оларды күтіп отырғандарына өз жақындарының моншаға кетіп ұзақ уақыт кешігуі себеп болған екен. «Бармысың?», «біреу өлтіріп кетті ме...» [55, 67 б.] деп қояды біреулер. Көп елдің іздеп келіп, «қойдай шуласып», «қозыдай маңырасуы» көңілге қонбағанымен, еріксіз күлкі шақыруы үшін де, аптасына бір рет баратын моншаның қаншама адамды әуреге түсіргенін жазушы күліп те, ашынып та айтуына тура келеді. Ілияс әңгімеге Алматының сол кездегі көшелерін де арқау етеді. «Көше тас қараңғы, - дейді сатирик, жер тайғанақ. Қай жерімнен ұрар екен деп терек көрген сайын қорқа-қорқа арықтан аулақтап, үйлерден ұстанып келе жатсам, біреудің есігіне таяп қалған екенмін. Бір әйел есікті ашып жіберіп, бір горшокты басымнан асырып сілтеп қалды. Жаным шығып кетті. Жасқана бердім. Құдай қазадан қақты. Еңкейе бергенімде анау түнгі шөлмектің ішіндегі сұйық заты моншаға түсекндей қылар еді. Көшеден қорқа, арыққа жығыла екі квартал адасып, моншадан тазаланған басым көшеде былғанып таңға жуық үйге келдім», - деп, қаланың жайсыз халін юморға толы бейнелі тілмен оқырманына жеткізеді.

«Көшелерде жарық болмаса, жер тайғақ, балшық болса, ол аздай бұзақылар көп болып, ел түнде қорқып жүрсе, горсовет қайда жүр, не қарап жүр?» - дегісі келеді сатирик. Жоғарыда горсоветтің мүшесі туралы айтқаны тегін болмаса керек. Олар жел сөзді желпілдетіп, жиі-жиі жиналыс өткізіп, халықтың басын қатырады. Ол аздай «біз халық үшін жүрген адамдармыз» деген сын оймен қызметін теріс пайдаланып, моншаға кезексіз бес адамның билетін алып кіріп кете барды. Ал істеп жатқан шаруалары, халыққа тигізіп жатқан пайдалары шамалы.

Әділетсіздік, барып тұрған әділетсіздік! Соған жаны күйген сатирик көпшілікке бар болмысты, шындықты ашып бергісі келеді. Қарапайым халық білсін істің ақ-қарасын, басшы адамдардың бірі болмаса бірі оқып, құлық қойсын, көңіл тоқтатып, дұрыс шешім тапсын деген леп сезіледі бұл әңгімеден.

Олай болса, отырмай Қазақстанның қала-даласын аралайық. Ой-қырын кезелік. Үлкен-кіші мекемені сүзейік дегенге келісіп, екеуі төрешілдікті іздейді. Біреуі «...бюрократтың, жастау болса, шашы бұйра болады, кәрілеу болса, қасқа басы болады, алтын тісі болады. Желімдеген жирен биедей буаз портфелі болады. Тықылдаған таяғы, сықырлаған аяғы болады. Ол ерке қатынды базармен екі ортаға таситын мекеменің аты болады» - десе, екінші дау айтып, төрешілдікті оның ісі арқылы аңғаруға болады дейді де, бюрократтың ісіне тоқталады: «Үлкен кабинеті болады. Ішінің бәрі ілініп тасталған көсемдердің суреті болады. Бір жерінде өзінің суреті ілінулі тұрады қызылды-жасылды шұғамен шырмап тастаған қара-күрең столы болады. Есігінің сыртында «докладсыз кірме» деп жазып қояды. Өзінен-өзі бөртіп кеудесін көтеріп отырады. Анда-санда әрең илігіп қол астындағы жампаң жорға қызметкерлердің қағазына қабағын түйіп қояды. Болмаса өзінен-өзі шала бүлініп, үстөлге артылып телефонға шатылып, шаңылдасып жатады. Осындай қылығымен жұмысы болып кіргендердің жүрегін шаяды. Кісіге сөйлеспекке бұл бір әдіс болады. Болмаса келушілерге керенау қарайды. Қабағын түйеді. Арыз алмайды. Сөйлеспейді. Айбармен, ызғармен адамды үркітеді».

Бюрократ - қай жерде болмаса бюрократ. Оларға менмендік, өзімшілдік, кеудесоқтық, көзбояушылық өз мінездеріне тән құбылыс. Бұл қасиеттер оларға жүре пайда болған. Әйтпесе анасынан «шыр» етіп туа сала бюрократ болу мүмкін бе? Бұл лауазым, шенге жету үшін «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» өтіп, түбі дегеніне жеткесін, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы өзгеріске ұшырайды.

Бюрократтың осы бір кезеңіне сатириктің қырағы көзі түсіп, оны айқындауға бел шешеді. Әрине ондайлардың табу оңай емес. Бәрі бір қалыпты адам. Бәрі бір өзінің мойнындағы жұмысын атқарып жүрген қызметкерлер. Бәрі түйтіңдеп жазып, сызып жатқан мекеме. «Бюрократсың» деп оның етегіне жабыса алмайсың. Сонда да ондайларды «су бетіне шығару қажет» деген принципті ұстаған жазушы төренің айналасын қоршаған азды-көпті детальдарды өзіне лайықты мысқылдап бейнелейді. Мәселен, кабинетіне көсемдердің суреттерін іліп қоюы, есігінің сыртына «докладсыз кірме» деп жаздыруы келушілерге өктем де қатал бастық екенін әйгілеу, қыр көрсету сол кездегі көрініс, тіпті қазіргі кезде де өз жалғасын тауып отыр. Сондағы бюрократтың ойы - кім келсе де алдында қаймығуы керек, өйтпесе шаруасы шешілмейді, қол астындағы адамға бұйрық берсе орындауы керек. Өйткені ол кабинетіндегі іліп қойған көсемдердің нұсқау-қаулысын орындатын отырған маңызды адам.

Жазушының бұл айтып кеткен емеуріні кейінгі жолдардан айқындалады. Онда автор бюрократтың келушілерге керенау қарауы, қабағын түюі, арыз әкелмей сөйлеспеуі, айбарланып-ызғарлануымен адамды үркітуінен, жоғарыдағы бейнелеген сыңай арасындағы психологиялық параллель арқылы байланысып, бір-бірін толықтырып тартысты, конфликті жайт тудырып тұраған эпизод.

Бюрократ образы әлі көмескі. Ол жүздеген, мыңдаған адам. Олардығы бір бюрократтың бойына сыйғызу керек. Сатирик бейнелеген абстракты кейіпкердің көп қырларының басын шалғанымен, оны толық алдымызға әкелмейді. Сондықтан автор жіпті тартқандай етіп ұшына жету үшін, белгісіз серігін сөйлетуден жалықпайды. «Бұлар да емес» дейді серігі. «Ендеше», десе автор, серігі бюрократтың тағы бірер түрлеріне тоқталады. Сөйтіп, екеуінің қызғылықты, мысқылға толы әңгімелері бірталайға созылады. Негізгі объектілерін жан-жақты алу үшін, оның түрлі мінез-құлықтардың жағымсыз іс-әрекеттері қосымша сюжеттермен көмкеріледі. Мұндайда Ренессанс дәуірі әдебиетінің белді өкілі Бокаччонның «Декамеронындағы» кейіпкерлерінің бір бірімен әңгімелесіп, көп ақиқатты ашып өткендей сюжет пен форма еріксіз ойға оралады. Ілиястың осы әдеби үлгіні пайдалануы да ықтимал.

Сөйтіп, бюрократтың көптеген түрлері көз алдын киноның таспасындай бірінен кейін бірі кездесіп өте береді. Оның әр кадрі шынайы суреттелген жазушыны дәл көрсеткен мекемесінде істейтін қызметкерлердің біреуі болмаса біреуін өзін танитындай етіп көрсетеді және профилактикалық роль атқарады. «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген принципті ұстанады. Сол тұста, қазірдің өзінде де өкіметтің сеніп тапсырған орнында шалқып-балқып «өзім білемдікке» салынған төршілдер аз ба? Бір жапырақ қағаз? Құжат алу үшін адамдардың жүйкесін тоздырып, алтын уақытын алатын, әуре-сарсаңға түсіріп жүргендер туралы ой-пікірін күлбілтелемей ашық, өктем дөрекілікке бармай-ақ, өмір фактісіне негіздеп, тартысты, колоритті жайтпен жазады. Ол ол ма, Ілияс төрешілдікпен қалай күресу жолдарына дейін көрсетеді.

Сатириктің ойынша, бұндай пәлемен күрес алдымен өз-өзімізді сынаудан басталады. Ол үшін өзімізге сұрау қоюымыз керек. «Бұл мінез, бұл қылықтар түгел болмаса да, жұғындысы, қырындысы басында қаншасы бар екен? Жасырмашы, егер де жасырсаң? Сен сау сиыр емессің. Білем, мен де сау емеспін, жасыратын не бар?» [56, 92 б.]- дейтін деңгейге жеткізеді.

Әңгімедегі екі таласушы кейіпкер жай сөзге жүйрік, көрегн-түйгені мол адамдар. Бұлар оқиғаны, болған жайды баяндауға әбден төселген, оқырманның көкейіне қондыра, ой-пікірлерін дәлелді түрде, ұтымды да өткір жеткізе алатын сөзге шешен адамдар.

Осы тұста бір ескерер нәрсе - «Төрешілдіктің түрлері» сатиралық әңгімесі бір уақытта, бір мезетте жазыла салмағаны сезіледі. Жазушыны талайдан бері толғандырып, жазбасына амалы қалмағаны әңгіменің басталуы, дамуы, шарықтап шешілуінен айқын аңғарылады. Ондағы өмір фактілері табиғи, еш бояусыз дәл көрсетілген. Ол үшін сансыз көп бюрократтардың түріне психологиялық, әлеуметтік талдау жасап, өзінің ерекше сүйіп, көбірек жазатын тақырыбын таңдап алып, оқырманына жол тартады.

Тұтастай алғанда, Ілиястың сатирасы образды, бейнелі де көркем, ой мен тілі найзағайдай жарқылдаған ұшқыр, тартысты, конфликті болып келген.

Қарапайым халық бұқарасының ортасынан шығып, халықтың рухани мұрасын бойына жиып, Абай салған үлкен аранамен әдебиет дүниесін ашқан тұста Ілияс Жансүгіров кеңес дәуіріне кезігіп ел ішіндегі төрешілдік, парақорлық, жөнсіздік сияқты жаман әдет-қылықтарды, ауылдағы қараңғылық пен надандықтың кесірінен байлар мен дін басындағылардың зиянды әрекеттерін әшкерелеп, сынап, талай уытты өлең, очерк, әңгіме, фельетон жазды. Сол мұралары қаншама уақыт өтсе де, әлі де өзінің сырлы нақыштарын, формасын, стилін, кең тынысты актуальдығын жоғалтпай, кейінгі ұрпақ сүйсіне оқитын шығармалар болып қалып отыр. Кеңес заманында білім де, таланты жетілген уақтысында әдебиет шеберлерінің алдыңғы сапына шығып, қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңінде сатира жанры бойынша үлкен асар жол салушы. Соның негізін қалаушы болып қана қоймай, қалам шеберлерінің түп қазығы, үлгісі, атасы санатында Ілияс есімі жарқырай түспек.































ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар сөз зергері Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі образдық көркемдік бейне болмысы мен оның бейнеленуін арнайы мәселе етіп қойып, қарастырылуы заңды. Ілияс Жансүгіровтей кемел таланттың шығармашылығын әлденеше қырынан зерттеуге болады. Қандай да болмасын ірі қаламгер тудырған көркемдік әлем бір типті, бір ізді ғылыми таным шеңберіне сия бермейтіні мәлім. Сондықтан, І.Жансүгіров шығармашылығындағы трагедия жанры да күрделі әрі жүйелі зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Әдебиет әлемінде өзара дара қолтаңбасын қалдырған суреткер І.Жансүгіровті толық тану үшін оны ақын, драматург, аудармашы, прозашы ретінде жеке-жеке зерттеу керек, зерттелді де. Сонда ғана Ілияс Жансүгіровтей қазақ халқының рухани өмірінен лайық орын алған қабырғалы қайраткер тұлғасын танып, білеміз. І.Жансүгіров ақын ретінде де, драматург болып та, прозалық еңбектерімен де қазақ әдебиетінің мәуелі бәйтерегінің біріне айналды.

Ал, біз осы Ілияс Жансүгіров қалам тартқан әдебиет арналарындағы образдық көркемдік бейне болмысын суреттеуде еңбегі мен тың серпіні мен оның Ілияс шығармашылығында көрініс табуына тоқталдық. Оның қаламынан алғашқы өлеңдерінен бастап, қазақ әдебиетінің таңдаулы мұрасына айналған «Күй», «Күйші», «Дала», «Құлагер» поэмалары мен қысқа да нұсқа, түсінікті де танымды әңгімелері, проза саласындағы «Жолдастар» романына дейін адамзаттың сонау балаң шағынан бастап, бүгінгі өркениеттік шырқау шыңына дейін өзекті де басты мәселе болып отырған тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар мен сезімдер шайқасына, яғни трагедиялық элементтерге толы. Сондай-ақ, оның шығармалары адамзат баласының бағын байлап келген небір әлеуметтік келеңсіздіктердің түп себебінің неден өрбитінін мейлінше терең, жеріне жеткізе суреттей алуымен құнды.

Біз бұл диплом жұмысымызда қазақ әдебиетінің «Құлагері» атанған ақын шығармаларын, оның ішінде прозадағы еңбегі мен тың серпінді, образдық көркем бейне, трагедия элементтері кездесетін әңгімелерін, «Жолдастар» романын әдеби процесс контексінде қарастыруға тырыстық. Сол арқылы қаламгердің шығармашылығындағы жаңаша болмысын бейнелеудегі шеберлігін таныту, кейіпкердің дара адамгершілік болмысын ашуда жазушының шығармашылық табысын, көркемдік әдіс-тәсілін тереңірек ашып көрсетуді басты мақсатымыз етіп алдық.

Диплом жұмысының бірінші тарауында, прозадағы жаңашылдық пен тың туындыларына келу әлеміне терең барлау жасалды. Сонымен қатар нысанға алынған прозадағы жетістігі, жаңашыл элементтер көрінісі қарастырылған. Ілияс прозасы - терең ойдың үлкен сезімнің прозасы. Ол өрен жүйрік, асқақ ақынның тегеурінді талантынан туған жоғары идеялы, шыншыл, ұшқыр қиялды қуатты проза, ыстық жүректен қорғасындай балқып төгіліп, алуан сырлы образдар корытқан салмақты, салиқалы проза - бұл прозаның мазмұны заман құбылыстарын қамтиды. Мұның жырлаған негізгі қаһарманы -халық.

«Шешілмген жұмбақ» әңгімесі түгелімен қаламгер ойларының қақтығысынан, өмір тудырған, қоғам тудырған сұрақтарға жауап іздеу сияқты идеялар иірімінен құралған. «Осындай адамдар бар екен» деген сөзді сюжет жолында енгізген. Осы сияқты туынды жолдары толығымен жазушы ойының қақтығысынан туған.

І.Жансүгіров қай шығармасында болмасын өзі өмір сүрген кеңестік қоғам шындығы, өзі басынан кешірген қоғамдағы адам тағдыры жайында ой қозғайды.

Диплом жұмыста қаламгер шығармашылығындағы образдық көркемдік бейне болмысы мен оның бейнеленуі жүйелі түрде жан жақты әрі терең қарастырылды. Әдебиеттану ғылымында арнайы зерттеудің нысанасына айналдырылды.

Қаламгер шығармашылығындағы образдық көркемдік бейне табиғаты мен оның бейнеленуін толық ашу барысында Ілияс Жансүгіров шығармаларындағы, оның ішінде прозадағы образдық көркемдік бейне көрінісіне, әңгімелеріндегі және «Жолдастар» романындағы образдық көркемдік бейне табиғаты анықталып көрсетілді.

Қазақ әдебиеттану ғылымында қаламгер шығармашылығы туралы қалам тартқан зерттеуші ғалымдар еңбектеріне, мақалаларына шолу жасалды.

І.Жансүгіров шығармаларының басылымдары хронологиялық түрде қарастырылып, мазмұны мен өзіндік ерекшелігі, көркемдігі айтылып, ғылыми хронологиялық сипаттама беріледі. Әрбір шығармадағы жаңашылдық көрінісі, көтерген жүгі мен айтар ойы талданып, жан-жақты қарастырылды.

Әдебиет тіршіліктің, қоғамдық өмірдің ілеспе шежіресі, айнасы ғана емес, сол қоғамдағы адамдардың өмір танымын қалыптастыратын, дүниеге көзқарастарын дамытатын көркем құрал. Оның таным тарапындағы мәні де, тәрбиелік қуаты да сол құралдың кереметтей шешуші сырына негізделеді. Ол - көркем әдебиеттің эстетикалық мәні, яғни әрбір көркем шығарманың құндылығы оның адам сезіміне, түсінігі мен түйсігіне ойын қозғар әсерімен өлшенеді. Өмір құпиясына терең бойлай білген жазушы ғана оқырманын сан алуан көңіл-күйіне еліктіреді: қуантады, жылатады, толғандырады. Сол сезім арқылы оқушының көңіл түкпіріндегі ойды қозғайды, санасына өшпес із қалдырады. Әрине, мұндай сипат кез келген өнер туындысында ғайыптан пайда болмайды. Ол жазушының қажырлы еңбектенуінің, талмай ізденісінің арқасында мүмкін болады. Мұндай шеберлік тума таланттың қажымас-қайрат жігері нәтижесінде қалыптасады, дамиды.

І.Жансүгіровті қаламгер ретінде басты қызықтыратын нәрсе - қоғам қайшылықтары. Қоғам мен адам тағдырын талқыға түсіріп, әр түрлі қырынан шебер көһрсете білген Ілиястің психологтық талантының жоғары екенін байқаймыз

Жалпы, І.Жансүгіров шығармашылығында кейіпкердың табиғатын, адамгершілік әлемін психологиялық талдау арқылы бейнелеуге, рухани өсу мен өзгеруінің сырына үңілуге, олардың іс-әрекетінің, психологиялық дәлелділігін күшейтуге ұмтылуы көбірек көзге шалынады.

Көркем образдардың табиғатына психологиялық талдау, яғни портрет жасаудағы, диалог, монолог құрудағы, пейзажды бейнелеудегі жазушы шеберлігі эстетикалық-этикалық категорияларымен тығыз байланыста қарастырылады. Қаламгер шығармашылығы өзіндік көркемдік қуатымен, бейнелі тілімен және өзіндік даралығымен көрінген құбылыс екені зерттеу еңбекте тұжырымдалып беріледі.

Қаламгер шығармашылығында образдық көркемдік бейне болмыс жалаң бейнеленіп қана қоймай, оның ішкі жан сарайын ашуға, адамгершілік келбетін даралауға да қызмет етеді.

Жазушы образдық көркемдік бейнебейнелеу арқылы қаһарманның рухани жан дүниесінің өзгерісін, өсуі мен кері кетуін аңғартады. Психологиялық портрет арқылы адамның ішкі жан дүниесіндегі қайшылықтарды ашады. Бұл әсіресе «Жолдастар» романында күй жан дүниесіндегі қиналысты, Сатан, Мардан, Мәмбет жан дүниесіндегі қарама-қайшылықты көрсетуде басты көркемдік құралға айналған.

Қаламгер тартысты, конфликт оқиғаларды дамыту, қаһармандардың мінез қырын ашу, шығарманың эмоционалдық қуатын арттыру мақсатында пейзажды шеберлікпен қолдана білген. Суреткер кейіпкердің ішкі сезім-күйін суреттеуде адамгершілік болмысын танытуда табиғат әлемінен параллель образдар келтірумен қатар, табиғат тірлігінде адам мінездес кейіпте бейнелеген. Табиғат суреттері кейіпкердің көңіл-күйіне сай бояуларда бедерленіп, психологиялық параллелизм түзген.

Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров шығармаларында кейіпкер сырына қанықтыратын, характер табиғатын, қаһарман бойындағы моральдық-этикалық сапаларды ашуға мүмкіндік беретін маңызды көркемдік құралдарының бірі - диалогты шебер пайдаланады.

Диплом жұмысымыздың екінші тарауында Ілияс прозасындағы образдық көркемдік бейне табиғаты мен прозасындағы өзгешеліктерді атап көрсетуге тырыстық. Тараудың нысаны ретінде алғашқы бөлімінде «Жолдастар», «Күңнің өлімі», «Шешілмген жұмбақ», прозасындағы жаңашылдық табиғаты сөз болса, екінші бөлімінде Ілиястың нағыз жазушы екендігін танытқан, халқына қазақ әдебиетінің «Құлагері» екендігін мойындатқан «Төменнен толқын» прозасы және «Дархан», «Қуыршақ», және өзге де прозасындағы сатира мен юмор, қайғы, мұң, жазушы идеяларының қақтығысы мен қоғам шындығы, кейіпкер қасіреті талданды.

Ілияс Жансүгіровтің проза саласындағы образдық көркемдік бейне болмысы мен оның бейнелену ерекшелігіне тоқталдық.

«Әдебиеттегі өмірге айрықша жақын жанрлардың бірі - образдық көркемдік бейнеөйткені тартыста тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше көрсетіліп, шынайы тереңдікпен бейнеленеді» деп еңбегіміздің кіріспесінде айтып өткенбіз. Осы уақытқа дейін, Ілияс Жансүгіров туралы талай зерттеу жұмыстары жүргізілгенімен, ақын шығармашылығындағы трагедия болмысы мен оның бейнеленуі туралы азды-көпті мақалалар жазылғанымен, толыққанды еңбектің зерттеу нысанына айналған жоқ. Осыған орай, ақын шығармашылығындағы лирика, әңгіме, драмаларындағы образдық көркемдік бейнеболмысын көрсету мақсат етіп алып, өз әлімізше ақын шығармашылығындағы образдық көркемдік бейнетабиғатына тоқталып өттік.

Ілиястың туындыларының ауқымы қаншама мол, шалқар болса, оған айтылар ой-пікір де осал болмаса керек-ті. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейінгі тұста жарық көрген (1960 жылдар мен 1986-1998 жылдары) таңдамалы шығармаларына қазақ әдебиетттану ғылымының аса көрнекті ғылыми-зерттеушысі академик Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынхан Әдірахманова, Рымғали Нұрғалиев, Бақыт Сарбалаев, Тұрсын Сыдықов, және тағы басқа ілиястанушылар өз тарапынан ақын поэзиясынның сан-салалы құпиялары мен ашылмаған қыр-сырын дәйекті зерттеу еңбектері мен монографиялар жазып, сол арқылы дүйім жұртты бір серпілтті. Осы игі қадам арқасында әдебиет жиырма жылға тарта проза,поэзия нәрімен сусындатқан Ілияс ақынның кейбір танылмай, көрінбей жатқан асыл көмбелері, тіс жарар таза бұлақ кәусары баяу жылжып, қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылды. Бүгін Ілияс Жансүгіровтің күйлі, сыршыл сан ғасырлық, «Сұлу сөзбен алтын сарай салдыртқан» өлмес прозасы мен поэзиясы қазақ жұртының қымбат қазынасы, осы арқылы оның өр тұлғасы алаш елінің құлай сүйген адал да қадір тұтар сүйікті перзентіне айналды.














Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Дербісәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А.,1990 ж.

2. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. А., 1995 ж.

3. Иманғазинов М. Ілияс Жансүгіров. А., 2004 ж.

4. Иманғазинов М. Ілиястанудағы жаңа көкжиектер.

«Жетісу» газеті 2004 ж. 5 маусым .

5. Сыдықов Т. Жетісудың жүрегі. «Жетісу» газеті 2005 ж. 15 наурыз.

6. Кең тынысты, кәусар туынды. ( І. Жансүгіровтің прозасы туралы)

«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №1 - 2005 ж.

7. Ілияс Жансүгіров шығармашылығы. «Қазақ тілі мен әдебиеті»

журналы №11-12 - 1995 ж.

8. Эпикалық шығармалардың түрлері. «Қазақ тілі мен әдебиеті»

журналы №1 - 1995 ж.

  1. 9. Жансүгіров І. Құлагер: поэмалар мен өлеңдер. А.,1994 ж.

10.Сыдықов Т. Ізгілік сабағы. А.,2006 ж.

11. Нарымбетов Ә. Қазақ совет поэмасы. А., 1977 ж.

12. Қазақ әдебиетi тарихының мәселелерi.- А.,1976.

13.Қуанғанов Ш. Бұхар жырау және оның заманы.- А.,1993.

14. Құрбанғали Халидұлы. Тауарих хамса (Бес тарих).- А.,1992.

15. Марғұлан Ә.Ежелгi жыр аңыздар.- А.,1985.

16. Мәдiбай Қ. Хандық дәуiр әдебиетi.- А.,1992.

17.Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелiлiгi. - А.,1991. 18. Өмiрәлиев Қ. ХҮ-ХIХ ғғ. Қазақ поэзиясының тiлi. .- А.,1976.

19. Нұрғали Р. Өнердің эстетикалық нысанасы Алматы «Мектеп» 1979ж. 192

20. Күмісбаев Ө. Зерттеу, әдеби мақалалар. - Алматы: Жазушы, 1995. - 156 б.

21.Әбдіғазиев Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. - Алматы: Жазушы, 2001. - 296 б.

22. Рахымжанов Т. Қазіргі қазақ романының поэтикасы. - Алматы: Ғылым, 1992.- 327 б.

23. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. - Алматы. Білім, 2001. - 346 б.

24. Жақсылықов А. Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. Типология, эстетика, генезис. - Алматы: Білім, 1999. -369 б.

25. Ысқақұлы Д. Сын шын болсын. - Алматы: Ғылым, 1993 - 293 б

26. Тұрысбек Р. Ар айнасы. - Алматы: Қазақ университетi, 2000. - 396 б.

27. Жуанышбеков Н. Проблемы сравнительно-типологического изучения литературы. - Алматы, 1995. - 297 б.

28. Гинзбург Л. Я. О психологической прозе. - Л.: Худ. Литература, 1977. - 428 с.

29. Поспелов Г.Н. Введение в литературоведение. - М.: Просвещение, 1976. - 420 с.

30. Абрамович Г. Л. Введение в литературоведение. - М.: Просвещение, 1976. - 352 с.

31. Бахтин Эстетика словесного творчества. - М.: Искуство, 1979. - 423 с.

32. Виноградов В.В. О языке художественной прозы. - М.: Наука, 1980. - 360 с.

33. Қирабаев С. Шындық және шығарма // Таңдамалы: 2т. - Алматы: Жазушы, 1998. - 1т. - 120-145 бб.

34. Негимов С. _Өнерпаздық өрнектерi. - Алматы: Ана тiлi, 1996. - 88 б.

35. Жансүгіров І. Сөзстан. Алматы. Жалын. 1987. - 83-б.

36. Жансүгіров І. Шығармалар І том. Алматы. 2002. - 6-61 б.б.

37.Дербісәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А.,1990 ж.

38.«Жетісу» газеті 2004 ж. 5 маусым .

39.Ілияс Жансүгіров шығармашылығы. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №11-12 - 1995 ж., 214 б.

40. Эпикалық шығармалардың түрлері. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №1 - 1995 ж., 263 б.

41. Нұрғали Р. Өнердің эстетикалық нысанасы Алматы «Мектеп» 1979ж. 192

42.Күмісбаев Ө. Зерттеу, әдеби мақалалар. - Алматы: Жазушы, 1995. - 156 б.

43.Әбдіғазиев Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. - Алматы: Жазушы, 2001. - 296 б.

44. Рахымжанов Т. Қазіргі қазақ романының поэтикасы. - Алматы: Ғылым, 1992.- 327 б.

45. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. - Алматы. Білім, 2001. - 346 б.

46. Жақсылықов А. Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. Типология, эстетика, генезис. - Алматы: Білім, 1999. -369 б.

47.Ысқақұлы Д. Сын шын болсын. - Алматы: Ғылым, 1993 - 293 б

48.Тұрысбек Р. Ар айнасы. - Алматы: Қазақ университетi, 2000. - 396 б.

49.Жуанышбеков Н. Проблемы сравнительно-типологического изучения литературы. - Алматы, 1995. - 297 б.

50.Гинзбург Л. Я. О психологической прозе. - Л.: Худ. Литература, 1977. - 428 с.

51.Поспелов Г.Н. Введение в литературоведение. - М.: Просвещение, 1976. - 420 с.

52. Эпикалық шығармалардың түрлері. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №1 - 1995 ж., 263 б.

53. Нұрғали Р. Өнердің эстетикалық нысанасы Алматы «Мектеп» 1979ж. 192

54.Күмісбаев Ө. Зерттеу, әдеби мақалалар. - Алматы: Жазушы, 1995. - 156 б.

55.Әбдіғазиев Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. - Алматы: Жазушы, 2001. - 296 б.

56. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. - Алматы. Білім, 2001. - 346 б.

57.Reuters, Thomson (April 28, 2014). "Executive Team Thomson Reuters".thomsonreuters.com. Archived from the original on April 28, 2014. Retrieved April 28,2014.

58.Jump up "About US, Thomson Reuters". Thomson Reuters. Retrieved 2015-03-15.

59. Jump up to:"2012 Annual Report Regulatory Filing" (PDF). Thomson Reuters. Retrieved2012-10-30.

60. Jump up to: "About Us". Thomson Reuters. Retrieved 20 April 2013.

61.Jump up "Thomson Reuters Corporation". Hoover's Inc. Retrieved July 2, 2013.

62.Jump up "Thomson Reuters Corporation Annual Report 2013, Chapter "Additional Information"". Retrieved January 24, 2015.


© 2010-2022