Поурочный план урока в 11 классе Үш би

Раздел Иностранные языки
Класс 11 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сабақтың тақырыбы: Қазақтың үш биі

Мақсаты: қазақтың үш биі туралы түсінік беру

Міндеттері: Оқушыларды билердің нақыл сөздерінен үлгі алып,өмірде қолдануға баулу; оларға деген құрмет, мақтаныш сезімін қалыптастыру.

Сабақтың түрі: жаңа.
Әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, баяндау.

Сабақ барысы:

І Ұйымдастыру

Амандасу, оқушыларды түгендеу.

Сабақтың мақсатымен таныстыру.

Сөйлеу сәті. Морфология

ІІ Жаңа сабақ. Түсіндіру

Жаңа сөздермен жұмыс

басқару

маңызды, негізгі

ниет, тілек

құтқару

реттеу, тәртіпке келтіру

тағайындау

мәлімет, ақпарат

өңдеу, құрастыру

атсалысу, қатысу

ықпал ету

  • оқу

  • сөз тіркестер, сөйлемдер құрастыру

  • синоним, антоним табу

Топпен жұмыс.

Қазыбек би Келдібекұлы (1659-1765 жж.)

Қазақтың атақты биі. Қазақ жүздерін басқаруды реттеу ниетімен Тәуке хан Ұлы жүздің биі етіп Төле биді, Кіші жүзге Әйтеке биді, Орта жүзге Қазыбек биді тағайындайды. Халық ауыз әдебиетінде сақталып қалған аңыздар мен кейбір архивтік мәліметтер бойынша, Қазыбек би Келдібекұлы "Тәуке хан зандарының жинағын" өңдеуге қатысқан. Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет және Абылай хандар тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласьш жүрген Қазыбек би ішкі және сыртқы саясат мәселелерінде ықпал ете алатын. Ол - жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі. XVIII ғасырдың 40-жылдары Абылай хан жоңғарлар қолына түсіп қалған шақта, оны тұтқынынан босатып алуға белсене атсалысты.

XVIII ғасырдың 60-жылдары Цинь империясы Қазыбек биді өз жағына шығару мақсатымен елшілерімен бірге көптеген бағалы сыйлықтар жіберген. Бірақ Қазыбек би Қытай жағына мүлде карсы болған.

Төле би Әлібекұлы (1657-1756 жж.)

Қазіргі Жамбыл облысындағы Шу өзенінің жағасында, Жайсаң жайлауыңда дүниеге келген, 1756 жылы Шымкент облысы, Леңгір ауданының Ақбұрхан ордасында қайтыс болған. Қазақтың қоғам қайраткері, атағы жер жарған шешен, Ұлы жүздің бас биі, "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі. Төле бидің ата-бабалары қарапайым шаруалар екен.

Төле би 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды.

Ол кезде қазақ пен жоңғар хаңдықтары үнемі жауласып жүретін. Ұлы жүзді басқарып отырған Төле би жоңғар басқыншыларына біраз уақыт кедергі жасайды. Қазақтардың басын біріктіріп, оларды жоңғардан құтқаруда Төле би маңызды рөл атқарды. Төле би, Орта жүздің бас биі Қазыбек Келдібекұлы және Кіші жүздің бас биі Әйтеке Байбекұлы үшеуі Әз Тәукенің бас кеңесшісі болған. Төле би Тәуке ханның Түркістанды Қазақ хаңдығының астанасы қылу, үш жүзді бір орталықка бағындыру, бір ғана Қазақ хандығын күшейту туралы шараларды жүзеге асыруға белсене атсалысты.

Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең таралды. Шымкентте, Түркістанда және Ташкентте билік басында болған Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысты. Төле би өзі 12 жыл билік жүргізген Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген.

Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700 жж.)

Байбекұлы Әйтеке Қазақ хандығының Тәуке хан тұсында ең беделді билерінің бірі бола отырып, "Жеті жарғы" зандарын жетілдіруге көп үлес қосты. Бұл зандар жинағы қазақ қоғамындағы феодализмді нығайту бағытында маңызды рөл атқарды.

Әйтеке би ресми түрде хан кеңесшісі болды. Ол орталықтандырылған біртұтас қазақ хандығын құру жолында белсене атсалысты. Қазақ елінің үш жүзінің бірлікте, тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, ішкі және халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыру жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді.

Әйтеке би 25 жасынан бастап алғашқы кезде Ордабасыда, сонан кейін Күлтөбе мен Ұлытауда жыл сайын өткізілетін үш жүздің басшылары мен беделді адамдары бас қосқан жиындарға тұрақты қатысып тұрды. Тәуке ханнан бері дәстүр тапқан бұл жиындарда ұлт бірлігін нығайту мәселелері талқыланып, Жүздер мен рулардың арасындағы өзара келіспеушіліктен туындайтын даулар шешілетін болған. Ол Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленген.

  • Сыныпты үш топқа бөліп, мәтінді талдау

  • Жоспар құрастыру

  • Мәтін бойынша сұрақтар құрастыру

  • Мәтін бойынша диалог құрастыру

  • Мәтін ішінен негізгі ойды ашатын сөйлемдерді табу

ІІІ Бекіту

Тақтамен жұмыс

Мәтіннен туынды сын есімдерді теріп жазу

Тіл дамыту

Шешендіктен не пайда,

Артында сөзі қалмаса?

Батырлықтан не пайда,

Халқына қайран қылмаса?

Хандықтан не пайда,

Қарашасын жалмаса?

Молдалықтан не пайда,

Шариғатты өзгертіп,

Нашарларды алдаса?

(ТӨЛЕ БИ)

Алтын ұяң - Отан қымбат,

Құт берекең - атаң қымбат

Аймалайтын анаң қымбат

Мейірімді апаң қымбат

Асқар тауың - әкең қымбат

Туып-өскен елің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат

(Қазыбек би)

Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.

Бай болып елге пайдаң тимесе,

Батыр болып жауға найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін!

Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,

Бай болар кедей жігіт мүлкі болса.

Жақсылардың белгісі сол емес пе,

Қара қылды қақ жарған әділ болса. (Әйтеке би)

Тіл дамыту. Жеті жарғыны оқу, талдау

  1. Бірінші жарлығы: «Халықтың ханы, сұлтаны, пірі-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін».

  2. Екінші жарлығы: «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлтірілсе, олардың әрқайсысына («ақсүйектің, пірдің тұқымы деп) екі кісінің құны төленуі тиіс».

  3. Үшінші жарлығы: «Сырттан келген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе «бүтін құн», үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе «жарты құн», ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек «ат-тон» айып тартады».

  4. Төртінші жарлығы: «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп қол жұмсаса, онда ол баланы ата-анасы өлтіремін десе де ерікті, сұраусыз болады».

  5. Бесінші жарлығы: «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) - қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек».

  6. Алтыншы жарлығы: «Құда түсіп, құйрық-бауыр жескеннен соң - ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалың мал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалың малы төленсін».

  7. Жетінші жарлығы: «Ұрыдан айыр түйеге - нар, атқа - аруана, тайлаққа - атан, тайға - ат, қойға - тана төлетеді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

ІҮ Қорытынды

Сөз құрамына талдау жасау

Қоғамындағы , жетілдіруге, хандығының, әдебиетінде, ұйымдастырушылардың

Үйге тапсырма

«Қазақтың үш биі» туралы қызықты ақпарат табу, сұрақтар құрастыру.

Үш бидің нақыл сөздерін тауып оқу, мазмұнын ашу.


© 2010-2022