Ағылшын тілін оқытуда тыңдалым мен оқылымды дамыту

Раздел Иностранные языки
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Ағылшын тілі сабағында оқушылардың көптілділік сауаттылығын қалыптастыру мақсатында оқылым мен тыңдалым дағдыларын дамыту


С.А.Саттарбекқызы

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Бүгінгі таңда елімізде «Көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндеттеп отыр.

Көптілділік мәселесі - Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді.

Бұл ұғымға жалпылама тоқталсақ. Көптілділік, полилингвизм - нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік. Мұның өзі жеке адамның көптілділігі және ұлт пен ұлыстың көптілділігі болып бөлінеді. Көптілділіктің үш тілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты. Ұлттық құрамы бірыңғай, бірғана этнос мекендейтін мемлекетте көптілділік сирек. Онда жеке адамның ғана көптілділігі ұшырасады. Көптілділік: жаппай көптілділік, ішінара көптілділік болып бөлінеді [1].

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет»-деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру-заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі.

Қазіргі таңда адам қызметінің барлық салаларында жаһандану үрдісі орын алғандықтан, білім беру саласында қайта қарастырулар жетілдіруде. Сол себептен ақпараттық- коммуникативтік құзырлықпен қатар, полимәдениеттілік бүгінгі уақытта әлемдік білім беру қоғамдастығының кеңістігін қалыптастыратын білім беру құзырлығының басты бағыттарының бірі ретінде анықталды.

Көптілді білім беру дегеніміз- оқу үрдісі барысында екі не одан да көп тілде білім беру. Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту-қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ, орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде асырылады.

Осындай кешенді шаралардың бірі ретінде тілдерді оқытудың бұрынғыдай тек тақырыпқа емес, дағдылармен қоса меңгертілуі қолданысқа енгізіліп отыр. Тілдік дағдылар дегеніміз - ол өмір сүруге қажетті дағдылар. Адам тыңдайды, оқиды, сөйлеседі, жазады. Аталмыш дағдылар адамның өмір сүруі бойында еш қиындықсыз кәдеге жарауы тиіс. Осы мақсатта тілдік дағдылар барлық тіл сабақтарының басын біріктіреді. Демек, қай тілді оқытуда болмасын әдістеме бір, оқушыға қойылатын талап та бір болмақ. Ол оқушының түрлі тіл сабақтарына келіп, түрлі талаптарға сай тапсырма орындауынан құтқарады. Оқушы білмін біріздендіреді.

Кейбір адамдар тілді ешқандай курсқа бармай-ақ өмірден үйренеді (американдық ғалым Stephan Krashen айтуынша), ал кейбірі арнайы курстарға келіп үйренеді, немесе мектеп, колледж, университет қабырғаларында тіл сабақтарын алады. Екінші жағдайға байланысты ұйымдастырылатын сабақтар өмірмен тығыз байланысты болуы шарт. Ол мазмұны жағынан да, қолданылатын стратегиялар мен игерілетін дағдылар тұрғысынан да мақсат ретінде белгіленуі тиіс. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тілді бірінші және екінші тіл ретінде оқытуда тілдік дағдылармен оқыту өз жемісін беруде. Эксперименталды бағдарлама бойынша күнде бір тақырыпқа дайындалу мақсаты алға қойылады. Ал 7-8 сыныптар мен 11 сыныптар кіріктірілген оқыту бағдарламасына негізделген және басты меңгертілетін нәрсе дағды болып белгіленіп отыр. Дағдыға бет бұруымыздың себебі не болды? Оның себебі көптеген озық мемлекеттер біздің күні бүгінге дейін қолданып келген Grammar-translation оқыту амалын 1975 жылдары, ең соңы 1980 жылдары қолданыстан шығарған. Оның орнын жаңа оқыту амалдары басады. Мысалы, РРР, ТТТ, Guided discovery, TBL т.б. Осы орайда мынадай түсініктер бере кетейік.

Ағылшын тілінен аударғанда 'Approach' сөзін қазақша «амал» мағынасында түсініуге болады. Амалды қолдану арқылы адамның тілді меңгеру мен қатар білімді қалай алып жатқанын, сол мезетте қандай ахуал орын алғанын сипаттайды. Ал «әдіс» (метод) болса, амалдың практикалық тұрғыда іске асуы. Ал сол әдістің ішіне процедура мен техникалар кіреді. Процедураға ретімен, жүйелі техникалардың орналасуы жатады.

Грамма-аударма амалында оқушылар өзге тілді өз тілдеріне аударып оқиды.

Бұл амал тұрғысында оқушының тілі сол таңдалған сөйлем деңгейінде бағаланады. Сауатты жазу басты назарда болды. Бұл жағдайда оқушылардың сөйлеу тілі кешеуілдеп дамиды. Бұл орайда оқушылардың сөйлесімі мынадай тұрғыда болды:

Мұғалім: Үстел үстінде қасық жатыр. Қайтала!

Оқушы: Үстел үстінде қасық жатыр

Мұғалім: Кітап

Оқушылар: Үстел үстінде кітап жатыр.

Мұғалім: Орындық

Оқушылар: Орындық үстінде қасық жатыр немесе орындық үстінде кітап жатыр.

Presentation-Practice-Production амалы - бұл құрылымдық, жағдаяттық тұрғыда оқытудан шыққан болса керек. Демек, мұнда мұғалім үлгі көрсетеді, оқушылар оны жаттығумен бекітеді, кейін өнім береді. Мәселен, үлгі ретінде мынадай мысал ұсынылады: Марат хат жазып жатыр. Әсет киімдерін үтіктеп жатыр т.б. Осы мысал кейінен жаттығулармен бекітіледі. Бұл жерде осы шақтың грамматикалық анықтамасы мүлде айтылмайды. «Отыр, жатыр, тұр, отыр» сөздерінің семантикалық өзгешеліктері ғана ескертіледі. Ал оқушылар өз өмірлерінен мысал келтіру арқылы жаңа білімді қолдана алатындықтарын көрсетеді. Бұл амал 1960 жылдардан 1990 жылдарға дейін өте ұтымды болып есептелген. Алайда кейін аталмыш амал «мұғалімнің басты рөлде болуымен» сыналған болатын. Алайда қолданыстан шыққан жоқ, ұтымды амалдар санатына жатады.

Қарым-қатынастық тілді оқыту (Cоmmunicative language learning) - тілді қолданыс арқылы үйренеді. Мысалы, аэропортта немесе телебағдарламада т.б. рөлдік сөйлесім орын алады.

Тіл дағдылары жалпы екі топқа жіктеледі. Дағдының қабылдауға байланысты түрін ағылшын тілінде қабылдау (reseptive skills) деп атаса, ал тілді қолдануға байланысты дағдыларды өнім беруші дағдылары (productive skills) деп атайды. Қабылдауға қатысты дағдының түріне тыңдалым мен оқылым дағдылары жатады. Мұндағы білім дискурс арқылы алынады. Оқылым оқушының мәтінді түсінуіне жетелейтін дағды деп оп-оңай айта саламыз. Алайда осы оқылым дағдысын меңгеру оқушыларға көптеген міндеттер жүктейді. Мәселен, оқылым тапсырмасын орындауда оқушының сөз, сөйлем, жалпы мәтін деңгейіндегі білімі тексеріледі. Мысал ретінде мына сөйлемді алалық: Қыздың өзінен қатты жүгіретінін көріп бала аң-таң қалды. Оқушы бұл сөйлемді түсіну үшін лексикалық, грамматикалық және синтаксистік білімдерін қолданады. Яғни, сөздердің тұлғалық өзгерісіне, синтаксистік байланысуына көңіл аударады. Сондай-ақ, бұл орайда оқушының әлем туралы, өмір туралы білімі де қадеге асады. Күні бүгінге дейін қазақстандық оқыту әдістемесінде тілдерді grammar-translation оқыту әдісімен оқытып келдік. Неліктен сол әдіспен оқыған оқушы тілді жетік игеріп кете алмайды, таныс емес мәтін келгенде оны жете түсіне алмайды, неге еркін сөйлеп кете алмайды? Бұл сұрақтың жауабы - оқушыда оқылым дағдысы қалыптаспаған. Ал оқылым тапсырмаларын орындау неліктен оқушыға қиындық туғызады? Неліктен берген білім өмірге қажетсіз болып қалады? Неліктен оқушы автобуста біреуге орын беріп жатқанын қазақша немесе ағылшынша жеткізіп бере алмайды? Өйткені біз бұрын мазмұны жағынан салмақты болып келетін бір сарындас мәтіндерді қолдандық, тұрмыстық тілден гөрі әдеби мәтіндерді беріп отырдық. Егер оқытушы күнделікті оқылымға хат түрлерін, жарнама парақтары мен мақалаларды, әңгімелер мен поэмаларды, ас мәзірін, нұсқаулықтарды алып келіп, олардың стильдік ерекшелігіне, құрылымына назар аударта оқытатын болса, оқушы оқылымға әлдеқайда жүйрік болған болар еді. Осы аталғандардың барлығын бір стратегиямен оқылмайды. Барлық мәтін түрлерін детальды, бүге шүгесіне дейін оқудың қажеті жоқ. Оқушы өмірдегі қажеттілік секілді оқылымның мақсатына қарай стратегия таңдайды. Мәселен, адамдар жұмысқа тұрарда келісімшарттың ең қажет тұстарына алдымен назар аударады. Ол - жалақы мөлшері, жұмыс беруші тарапынан ұсынылатын әлеуметтік көмектер, жұмыс уақыты т.б. Мұндай жағдайда оқылымның нақты мәліметті тауып оқу, шолып оқу стратегиялары қолданылады. Ал егер сіз өзіңізге өте жақын адамыңыздан хат алғанда оның әрбір сөзіне мән беріп, детальды оқисыз. Бұл жағдайда детальды оқу сратегиясы қолданылады. Оқылымның бұдан басқа да 20-ға жуық түрлері болады. Олар болжап оқу, автордың идеясын тауып оқу, қорытынды жасай отырып оқу, мазмұнын түсініп оқу т.б. Осы оқылымдарды орындау барысында қолданылатын оқылымның ұйымдастырылу тәсілдері де көптеп табылады (джиксо, жоғарыдан төмен, төменен жоғары оқу әдісі т.б.). Жоғарыда айтқандарымызды оқылымның интенсивті түріне жатқызамыз, ал оқушының өз бетімен көркем шығармаларды оқуын экстенсивті оқылым деп атаймыз. ТКТ кітабында тілді оқытуға байланысты мынадай шешуші концепциялар аталады.

1. Оқушының ана тіліндегі оқылым дағдысы дұрыс қалыптасуы тиіс, сонда ғана екінші тілді үйренуі жеңілдей түспек. Оқушы ана тілінде қолданған амалдарын екінші тілді үйренуде де сәтті қолдана алады.

2. Оқушыға өз бетімен оқуға мейлінше көп тапсырмалар берілгені жөн. Мұның негізінде оқушы оқылым дағдыларын емін-еркін қолдануға төселеді.

3.Оқылым түрлері оқушының жас ерекшелігіне орай таңдалуы тиіс.

4. Оқылымға таңдалған мәтін оқушыны қызықтыратын тақырыптар болғаны абзал.

5. Қиын мәтіндерді ұсынуда оған жеңіл тапсырмалар құрылады, ал жеңіл мәтіндерге керісінше қиын тапсырмалар құрылады.

6. Оқылымға табиғи тілде жазылған дүниелер де кем берілмеуі керек. Эксперттердің айтуынша жеңілдетілген мәтіндер мен түпнұсқа мәтіндер теңдес деңгейде беріліп отырғаны дұрыс.

7. Оқылым сабағын ұйымдастыруда кіріспе жаттығулары (оқылым алды тапсырмасы, оқылатын мәтін тақырыбы, онда кездесетін жаңа сөздер т.б.), негізгі жаттығулар (көзделген оқылым дағдысы дамытылады), оқылымнан кейінгі жаттығулар (мәтінді өмірмен байланыстыра талқылау, маңызды бөліктерге назар аударту т.б.) жүйелі қолданылады.

Тіл сабақтарында қолданылатын тыңдалымның түрін интенсивті немесе экстенсивті тыңдалым деп бөліп жүрміз. Экстенсивті тыңдалым бойынша оқушы өзін қызықтырған материалын тыңдайды, сол арқылы тілін жетілдіреді, сөздік қорын молайтады. Оқушының табиғи сөйлеу тілін тыңдау арқылы тілді еркін меңгеруіне септігін тигізеді. Кейбір оқушылар өздігінен тыңдалымға ұмтылмаса, оларға бағыт беріп, арнайы тапсырмалар берген жөн. Сондықтан да интенсивті тыңдалым оқушының тыңдалым дағдысын мақсатты дамыту мақсатында қолданылады. Тыңдалым арқылы тіл үйренушілер өз мұғалімінен басқа адамдардың дауысына, сөйлеу мәнеріне, жылдамдығына үйренеді, сөздерді дұрыс айта білуге, ақыр соңында еркін сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. Тыңдалым орындау барысында оқушылар түрлі жанрлық өзгешеліктері бар мәтіндерді тыңдайды, ондағы табиғи тіл қолданысын игереді. Мұндай тыңдалым материалдарының артықшылықтары мен кемшіліктері қатар жүреді. Басты артықшылығы тіл үйренуші тыңдалымның дұрыс ести алмай қалған тұсын қайталап тыңдай алады. Ал негізгі кемшілігіне сыныптың акустикасына байланысты оқушылар тыңдалымды анық ести алмай қалуы мүмкін. Интенсивті тыңдалымды жүзеге асырудың тағы бір түрі - ол тіл үйренушілердің бетпе-бет таза тіл иесімен кездесуі (мәселен, 10-15 жыл жұмыс істеген ағылшын тілі пәнінің мұғалімінің өзі тыңдалым дағдысы қалыптаспаса кез-келген шетелдіктің сөзін ұға алмайды, ал үнемі әдеби-көркем мәтіндерді оқитын болса, бірден қатынасқа түсе алмайды).

Тыңдалымға жазба тілден едәуір ерекшеленіп тұратын сөйлеу тілі таңдалады. Тыңдалым арқылы дыбыстардың дұрыс айтылуын үйренеміз, мағынаны ұғамыз, мазмұнын игеру арқылы білім толықтырамыз. Демек, тыңдалым оқушының сөйлеу тілін түсінуіне ықпал етеді. Тыңдалым барысында оқушы сөйлесім мәтінінің көптеген түрлерімен танысады. Олар: әңгіме, жарнама, ән, нұсқаулық, дәріс, жаңалық т.б. осы аталғандардың барлығының өзіндік тілдік ерекшеліктері бар. Кей жағдайларда жай ғана дыбыстар естіледі. Сонымен қатар, тыңдалым материалдарының жылдамдығы да түрлі болып келеді. Кейбір сөздер анық естілмей, олардың әріптері жұтылып кетеді, интонациялары да контекске байланысты құбылып тұрады.

Оқушылардың тыңдалым дағдысын дамыту мақсатында да бірнеше стратегиялар қолданылады. Осыған орай, тыңдалым барысында мәтіннің жалпы мазмұнын ұғу, нақты мәліметті табу, детальдарды түсіну, сөйлеушінің ұстанымы мен көзқарасын білу мақсаттары көзделеді. Қорыта айтқанда, тыңдалым дағдысын дамыту арқылы оқушылар мынадай жетістіктерге қол жеткізеді:

- ұқсас дыбыстардың арасындағы ерекшеліктерді байқайды;

- кілт сөздерге назар аударуды үйренеді;

- қарапайым нұсқаулықтарды түсініп, жауап беруге төселеді;

- ақпараттардағы мазмұндық айырмашылықты тани білуге мүмкіндік алады;

- ән сөздерін дұрыс тануға үйренеді;

- қарапайым әңгіменің дамытылуын түсінеді;

- әшейін өтініштер мен сыныптағы нұсқауларды қолданады;

- ыңдалым мәтінінің стилін ажыратады;

- негізгі идеяны таба біледі т.б.

Қорыта айтқанда, тіл үйрету сабақтарының дағдыға негізделуі - біріншіден, өмірге қажетті стратегияларды меңгертуді көздейді. Екіншіден, пәнаралық жікті болдырмайды, білім толықтыруды жеңілдетеді, оңтайлы әдістерін ұсынады. Оқушы білімін нақты бағалауға мүмкіндік береді. Сабақтардың әралуандылығын қамтамасыз етеді. Тапсырмалардың бірыңғай болуының алдын алады, оқушыны біртектес тапсырмамен жалықтырмайды. Өзге пәндермен кіріктірілген сабақ өткізуде әдістемелік тұрғыда орайласып келеді (мәселен, эссе жаздыру).

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ Көп Тілді Болу. // Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11. 14-15 б.

2. Жаминова Р.Ж. Модульдік оқыту технологиясын қолдана балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру. // Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістер. ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. ІІ том. Астана-2012 ж. 115-120 б.

3. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению,

2-е изд. - М.: Просвещение, 1991. - 116 б.

4. Тер-Минасова С.Г. Язык и межкультурная коммуникация. - M.: Слово/

Slovo, 2008. С- 264-270

5. Spratt, M., Pulverness, A., Williams, M. (2011). The TKT course.

Modules1, 2 and 3.

6. Grellet, F. (2006). Developing Reading Skills. Cambridge: Cambridge University Press.

7. Harmer J. (2007). English language teaching. England: Longmen








© 2010-2022