• Преподавателю
  • Иностранные языки
  • Зерттеу жобасының тақырыбы Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні Жетекшісі: қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі Бегалинова Б. А

Зерттеу жобасының тақырыбы Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні Жетекшісі: қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі Бегалинова Б. А

«Шал ақын ауданының Кривощеково орта мектебі» КММЗагребина Алёна 8 сыныпЗерттеу жобасының тақырыбы: Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәніБағыты: ӘдебиетЖетекшісі: қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғаліміБегалинова Баян ӘлібекқызыКривощеково с., 2014 жыл Мазмұны
Раздел Иностранные языки
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

Солтүстік-Қазақстан облысының білім беру департаменті

«Шал ақын ауданының Кривощеково орта мектебі» КММ







Загребина Алёна 8 сынып



Зерттеу жобасының тақырыбы:

Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні







Бағыты: Әдебиет



Жетекшісі: қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі

Бегалинова Баян Әлібекқызы





Кривощеково с., 2014 жыл

Мазмұны

Кіріспе………………………………………………………………………………...3

1.Мақал - мәтел туралы……………………………………………………….....…5

2.Зерттеу бөлімі……………………………………………………………………..7

2.1 Мақал - мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері…………………………...7

2.2 Мақал - мәтелдердің өзара айырмашылығы………………………………....9

2.3 Мақал - мәтелдердің тақырыптары…………………………………………..10

2.4 Халық даналығына баулудағы мақал - мәтелдердің тәрбиелік мәні…….13

Қорытынды………………………………………………………………………….19

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі………………………………………………...20

Қосымша 1..........................…………………………………………………………21







Абстракт

Зерттеу жұмысының мақсаты - Талдау, саралау негізінде ұтқыр, дәл айтылған тіркестерде берілген қазақ халқының ділінің жалпы және жеке ерекшеліктерін анықтау; ұлттық мінез-құлықтың мақал-мәтелдерде айтылған өзіндік ерекшеліктерін зерделеу.

Зерттеу жұмысының міндеттері - Оқушылардың, менің достарымның сөйлеу тілінде пайдалануын белсендіруге және жеке өмірлік тәжірибесін кеңейтуге ықпал ететін қазақтың тіл шығармашылығының бірегей формасы, мақал-мәтелдердің тақырыптарын зерделеп, мәнін ашу.

Зерттеудің болжамы - Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыптары мен мағынасын зерделеу заманауи адамның тілінің мәдениетін, нақтылығын, байлығын анықтайтындығы жөніндегі болжам алынды.

Зерттеу объектісі - Қазақ халқының мәдени және әдеби мұрасы.

Зерттеу пәні - Сонау ықылым заманнан бізге өзінің тағылымдық мәнін жоғалтпай жеткен қазақ әдебиетінің ажырамас бөлігі болып табылатын мақалдары мен мәтелдері, сонымен қатар халқымыздың мақал-мәтелдерінде айқындалған мәдениеті.

Зерттеу әдістері - Талдау, бақылау, іс-тәжірибеде қолдану.

Зерттеудің жаңалығы - Зерттеу жұмысында мақал-мәтелдер арқылы қазақ халқының салттары мен дәстүрлерінің ерекшеліктері сараланды.

Жұмыстың нәтижесі мен қорытындылар - жастарға тәлім-тәрбие беретін, ұнамды үлгі қалыптастыратын мақал-мәтелдерді насихаттау; мақал-мәтелдерді мектеп өмірінің барлық бағыттарына /сабақта, сыныптан тыс өмірде ,т.б./ кеңінен енгізу керек деген қорытындыға келдім.

Іс-тәжірибеде пайдалану аясы - Мектепте тек қазақ тілі мен әдебиеті пәні ғана емес, сонымен қатар басқа да оқу пәндерін оқыту іс-тәжірибесінде; әсіресе, жастардың сөйлеу тілінде пайдалану керек.



Абстракт

Цель исследования - определить путём анализа, общие и частные особенности ментальности казахского народа, закреплённых в метких выражениях; рассмотреть своеобразие отражения в пословицах и поговорках важные черты национального характера.

Задачи исследования - изучить тематику, расскрыть значение одной из форм казахского языкового творчества - пословиц и поговорок, которые будут способствовать активизации их применения в речи, расширению индивидуального жизненного опыта школьников, моих сверстников.

Гипотеза исследования - предположение о том, что изучение тематики и значения казахских пословиц и поговорок определяет культуру, выразительность, богатство речи современного человека.

Объектом исследования является культурное и литературное наследие казахского народа.

Предмет исследования - пословицы и поговорки казахского народа, дошедшие до нас с назапамятных времен и не потярявшие своеге познавательного значения, являющиеся неотъемлемой частью казахской литературы, а так же своеобразие отражения в них культуры нашего народа.

Методы исследования: анализ, наблюдение, практическое использование

Новизна исследования - работе анализируются различные черты обычаев и традиций казахского народа, через пословицы и поговорки.

Результаты работы и выводы - популяризация тех пословиц и поговорок, которые отражают положительные примеры воспитания, создающие положительный идеал; внедрение таких пословичных выражений во все сферы школьной жизни /уроки, внеклассные мероприятия. т.д/

Область практического использования - практические занятия в школе при преподавании школьных предметов, и не только казахского языка и литературы; применение в речи молодежи.

Abstraktion

Tne aim of research work is to define with analysis, general and priwate especially of kazakh people, wich are fixed to point ehpressions; to consider special reflection into proverbs and sayings and their features of national characteristics.

The tasks of the research is to study topic, to open the meaning one of the forms of kazakh language, creation of proverbs and saying which will promote actiwation trier using in speech, extension оf personal expresiehce life of pupils, my classmates.

Hypothesic of research is the supponsition that studying the topic and meaning of kazakh proverbs and sayings to define the culture, expression wealth of speech of mjdern man.

The object of research is cultural and literaru legacy of kazakh people.

The subject research are proverbs and sayings of kazakh people which came from larly times and doesn't lose own important meaning which is main part of kazakh literanure and also reflection in their culture of air people.

The methods of research is analusis, observation, practikal using.

The new one of research: there are different features of customs and tradinions of kazakh people through provers and sayings in work.

The results of work and conclusions is populizations those proverbs and saying which reflect good examples in bringing up, maxing good ideal; inculcation such proverbal expressions to all spheres of schoit /lessons6, outdoor arrangements ets/

The region of practikal usind is practical lessons in scholl in teaching schjll subjects not only Kazakh language and literature; using in spttch jf young peoplt.



Кіріспе

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» осылай деген: «…Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын.

Бұл - әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.

Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана - Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.»

Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады.

Өкінішке орай ғылым мен техниканың, жалпы өркениеттің қарыштап алға дамыған заманында біз дайын құндылықтарға әбден үйреніп, төселіп кеттік. Олар - әлемдік ғаламтор өнімдері, электрондық өнімдер, т.б. Сөз жоқ бұл құндылықтардың да өмірде алатын орны зор. Дегенмен, адамдардың арасындағы «тірі» қарым-қатынасқа жетпейді. Көпшілігіміздің сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыз, ұтқыр, ойлы сөйлеу шеберлігіміз кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Сондықтан өзімнің, достарымның өмір сүру әрекетінің ережесі және ақ пен қараны ажырататын әділ таразы болып табылатын халқымыздың мақал-мәтелдерінің тақырыптарын, мән-мағынасын зерттеп, зерделеуді осы зерттеу жұмысымның өзекті мәселесі ретінде алдым. Себебі ата-бабаларымыз тобықтай түйінмен-ақ адамға дұрыс жол сілтей алған. Мақалдар мен мәтелдерде адамның жан-жақты тәрбие алуына үлкен мән берген, тәлім-тәрбиені мақал-мәтел арнасына шеберлікпен сыйғыза білген.

Зерттеу жұмысының мақсаты - Талдау, саралау негізінде ұтқыр, дәл айтылған тіркестерде берілген қазақ халқының ділінің жалпы және жеке ерекшеліктерін анықтау; ұлттық мінез-құлықтың мақал-мәтелдерде айтылған өзіндік ерекшеліктерін зерделеу.

Зерттеу жұмысының міндеттері - Оқушылардың, менің достарымның сөйлеу тілінде пайдалануын белсендіруге және жеке өмірлік тәжірибесін кеңейтуге ықпал ететін қазақтың тіл шығармашылығының бірегей формасы, мақал-мәтелдердің тақырыптарын зерделеп, мәнін ашу.

Зерттеудің болжамы - Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыптары мен мағынасын зерделеу заманауи адамның тілінің мәдениетін, нақтылығын, байлығын анықтайтындығы жөніндегі болжам алынды.

Зерттеу объектісі - Қазақ халқының мәдени және әдеби мұрасы.

Зерттеу пәні - Сонау ықылым заманнан бізге өзінің тағылымдық мәнін жоғалтпай жеткен қазақ әдебиетінің ажырамас бөлігі болып табылатын мақалдары мен мәтелдері, сонымен қатар халқымыздың мақал-мәтелдерінде айқындалған мәдениеті.

Зерттеу әдістері - Талдау, бақылау, іс-тәжірибеде қолдану.

Зерттеудің жаңалығы - Зерттеу жұмысында мақал-мәтелдер арқылы қазақ халқының салттары мен дәстүрлерінің ерекшеліктері сараланды.

Жұмыстың нәтижесі мен қорытындылар - жастарға тәлім-тәрбие беретін, ұнамды үлгі қалыптастыратын мақал-мәтелдерді насихаттау; мақал-мәтелдерді мектеп өмірінің барлық бағыттарына /сабақта, сыныптан тыс өмірде ,т.б./ кеңінен енгізу керек деген қорытындыға келдім.

Іс-тәжірибеде пайдалану аясы - Мектепте тек қазақ тілі мен әдебиеті пәні ғана емес, сонымен қатар басқа да оқу пәндерін оқыту іс-тәжірибесінде; әсіресе, жастардың сөйлеу тілінде пайдалану керек.









1.Мақал - мәтел туралы

Мақал-мәтел - әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған сөз мәйегі, ой маржаны. Мақал-мәтел бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған ықылым заманда туып, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде талай ғасырмен бірге жасасқан. Бұл жолда әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған. Мақалдар мен мәтелдерде айтылмайтын, сөз болмайтын өмір саласы жоқ десе де болады.

Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады.

Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан. Сөйтіп, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, қорытып береді. Онда халық тарихы, әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі кең көрініс тапқан.

Мақал менен мәтелдерде халқымыз жақсылық пен жауыздықты, адамдық пен арамдықты, еңбеккерлік пен еріншектікті, жомарттық пен сараңдықты салыстыра сөз етеді. Адамгершілік жолына нұсқан, мін келтіретін жамандық пен жауыздық қылықтардың барлығын батыл сынап, жиренте әшкерелеп, бүкіл жұртшылыққа адамгершілікке тән мінез, қылықтардың барлығын ұсынады.

Өкінішке орай ғылым мен техниканың, жалпы өркениеттің қарыштап алға дамыған заманында біз дайын құндылықтарға әбден үйреніп, төселіп кеттік. Олар - әлемдік ғаламтор өнімдері, электрондық өнімдер, т.б. Сөз жоқ бұл құндылықтардың да өмірде алатын орны зор. Дегенмен, адамдардың арасындағы «тірі» қарым-қатынасқа жетпейді. Көпшілігіміздің сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыз, ұтқыр, ойлы сөйлеу шеберлігіміз кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Сондықтан өзімнің, достарымның өмір сүру әрекетінің ережесі және ақ пен қараны ажырататын әділ таразы болып табылатын халқымыздың мақал-мәтелдерінің тақырыптарын, мән-мағынасын зерттеп, зерделеуді осы зерттеу жұмысымның өзекті мәселесі ретінде алдым. Себебі ата-бабаларымыз тобықтай түйінмен-ақ адамға дұрыс жол сілтей алған. Мақалдар мен мәтелдерде адамның жан-жақты тәрбие алуына үлкен мән берген, тәлім-тәрбиені мақал-мәтел арнасына шеберлікпен сыйғыза білген. Мақалдар мен мәтелдердің мазмұны бабаларымыздың өмір тәжірибесін қамти отырып, біздің санамызды, әсемдік сезімімізді, талғамымызды, көзқарасымызды дамытады. Сонымен қатар ұлтымыздың мақал-мәтелдері сөздің мағынасын түсіне білуімізге және тапқырлыққа баулиды, шеберлікке, шығармашылыққа бастайды, көркем сөз табиғатына жетелейді әрі ұшқыр, көңілге қонымды, ойлы, бейнелі сөйлеуге үйретеді, сөйлеу мәдениетін дамытады.

Оның үстіне мақалдарымыздың бен мәтелдеріміз тіл үйренуде, сауатты жазып, ойды көрікті әрі көркем етіп жеткізуде, тіл сауаттылығына баулуда ең тиімді, ең құнды құрал ретінде де маңызы зор деп есептеймін.

Мақалдар мен мәтелдердің ғибраттық, өсиеттік мәні дүниетану қабілетіміздің дамуына баулумен және ұлтжандылыққа тәрбиелеумен қатар, өмір шындығының көрінісі ретінде ұлтымыздың тарихымен танысуға да септігін тигізеді деп ойлаймын.

Мақал-мәтел - халықтың өз перзенті, өзі жасаған баға жетпес қазынасы, өзіне жақын да, түсінікті де, сондықтан сүйікті де. Бұлар - сан ғасырлар бойы заман сынына өткен, керегіне жараған өміріне өнеге болған, қисығын түзететін таразы болған, болады да.



































2. Зерттеу бөлімі

2.1. Мақал - мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері

Мақал - мәтелдің өн бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, сазды- лық, ұйқас, ырғақтылық байқалады. Онда басы артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, екшеленген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ой-өрнек ажыраспас туыстық тапқан, ішкі мазмұнына сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып келеді. «Ер дәулеті - еңбек» деген мақалды талдап көрелік. Осындағы сөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес. Мұндағы негізгі ой - еңбектің құдіретін, ол бүкіл бүкіл игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы «еңбек» деген сөз болған соң, «е» дыбысы ерекше естіліп тұр. Мақалға саздылық, үнділік беріп тұрған да - сол. «Дәулет» сөзінің мақал бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына «ырыс, байлық, молшылық» т.б. сөздердің біреуін де ала алмайсың. Сөздер сол бітімінде ғана үлкен ой жүгіне ие. Сөздерді ауыстырып қолдансақ, онда бұл мақал поэтикалық қасиетінен де, мән - мағынасынан да айырылады, мақалдық қасиеті жұтаңдайды.

Мақал-мәтелдерде халық сөзді барынша үнемдеп қолданады. Тіпті кейде кейбір сөзді тастап кетіп отырады. Мысалы, «Ақыл - жастан, асыл - тастан» мақалында «шығады» деген сөз қалып қойған. Бірақ одан мақал ойсырап тұрған жоқ. Түсіп қалған сөз өз өзінен ойға оралып, ишарамен білінеді.

Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы болады. Мысалы, «Өнер алды - қызыл тіл», «Ер қанаты - ат», «Елін сүйген ер болады», «Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалдар ешқандай тұспалдаусыз тура мағынада айтылып тұр. Ал, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер», «Не ексең, соны орарсың», «Жауырды жаба тоқиды», т.б. мақал-мәтелдерде айтпақ ой тура айтылмай, жұмбақтап, астарлы мағынада ишарамен білдірілетінін көреміз.

Мақалдарды жасаудағы көркемдік тәсілдердің бірі - әсірелеу. Мысалы, «Көп түкірсе - көл», «Жақсы - ай мен күндей, әмбеге бірдей». Сондай-ақ салыстыру әдісі жиі қолданылады. Мысалы, «Жақсы қыз - жағадағы құндыз, жақсы жігіт - аспандағы жұлдыз». Мақалдар мен мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар тұлғалар екендігіне ғалымдар ертеден-ақ назар аударып келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер - фразеологизм сияқты тілдік құбылыс. Екіншіден, пайымдау мен ой - пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға. Үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Мақал-мәтелдердің осындай үш жақты қасиеті оларды тілдік құбылыс ретінде және ойлау құбылысы ретінде бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді.

Мақал мен мәтелдер сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбайды, даяр қалпында жұмсалады, құрамдары әрқашан тұрақты болады. Мақал- мәтелдер - сан ғасырлар жемісі, сондықтан әбден ой елегінен өтіп, екшеленген, сөйтіп тұрақталған сөз оралымдары. Мақал мен мәтелдердің ішінде тура мағынасында ұғынылатыны да бар, яғни олардың мағыналары сол мақалдарды құрастырушы сөздердің мағыналарынан туады. Олардың тұрақтылығы мағыналарының астарлы келетінінде емес, керісінше, олардың даналық қорытындылар болып келуінде.

Мақал мен мәтелдер де әр түрлі дәуірдегі нақты өмір шындығына, халықтың ерте кездегі ұғымына, ой-санасына сай келіп отырады. Мақал-мәтелдер фразеологизмдер сияқты құрамын сақтап қолданылады, олардың сөздерінің орнын ауыстыруға болмайды. Олар қай тұрғыда болсын, я морфологиялық, я синтаксистік тұрғыда болсын, өзгеріссіз, даяр күйінде қолданылады. Мысалы, «Аздың қадірін білмеген, көптің қадірін қайтіп білер» деген мақалда құрамындағы жеке сөздердің берер мағынасы сөз болып отырған жоқ, түгел бір мақалдың тұтас мәні сөз болып тұр.

Мақал-мәтелдердің игі қасиеттерге үндеу, ақыл-өсиет сипатында болатындары баршамызға мәлім, яғни ішкі мазмұнның сыры олардың өздеріне ғана тән, меншікті мағынасы бар оралымдар екендігін дәлелдейді. Мақал-мәтелдердің мағынасы сөйлемнің бастапқы мағынасымен жарыса отырып дамиды да, келе-келе астарлы мәнге өтеді. Мысалы, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендер тура мағынасымен қатар, ауыспалы мағынаға да ие. Ол мағыналар бір-бірімен астарласып, байланысып жатыр. «Адам аласы», яғни адамның жаман пиғылы, жағымсыз жақтарын сырт бітімінен көре, сезе алмайсыз. Демек, сөйлемнің фразеологиялық мағынасы «ала» сөзінің ауыспалы мағынасының негізінде қалыптасқан.

«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды мағына «біреуге ор қазу» бөлігінің мағыналық өзгерісінің жемісі, яғни «басқаға жамандық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал «өзің түсесің» сыңары «ор» сөзімен байланысты туынды мағынасын дамытып, тұтас сөйлем «басқаға жамандық жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ қалмайсың» дегенді білдіріп тұр.

Кейбір мақалдар тура мағынаны ғана білдіреді дедік. «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» деген нақыл шын мәніндегі өмір тәжірибесінен алынған, көбіне тура мағынасында қолданылады. Сонымен қатар, әрбір мақалды айтқанда «адам», «кісі» категориясына байланыстырып айтамыз, соларды сипаттауда қолдынамыз. Мақалдардың тура мағынада ұғынылатындарының өзінде әйтеуір салыстыру, теңестіру, астарға айналдыру білініп тұрады. «Қамшыға бүлдіргі, баға үлгі керек» дегенде халқымыз балаға жаман әдет, әдеп үйретпе деген мәнді қоса ұғындырады. Мақал-мәтелдер ауыс мағынада қолданылғанда да, олардың құрамындағы барлық сөздер тұтас мағынадан қалыс қалмайды. Мысалы, «Қисық ағаш қиыспайды, қыңыр адам сыйыспайды» деген мақал жөн білмейтін адам ешкіммен тіл табыса алмайды дегенді меңзейді. Дыбыстық жағынан да, грамматикалық жағынан да, сонымен қатар мағынасының кесек ойға, мәнге құрылуы жағынан да тиянақты болып келетін мақал-мәтелдер тілдік тұлға болып табылады.

2.2. Мақал - мәтелдердің өзара айырмашылығы

Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады.

Мысалы, «Ерге жаттың тізесі батса, ағайыншыл болады» деген мақалда ердің ағайыншыл болуының себебі жаттан көрген қиянатымен байланыстырыла білдіріліп тұр. Яғни, іс - әрекеттің себеп-салдары сөз тіркесінен-ақ байқалып тұр. Тағы бір мысал талдап көрелік: «Тоқпағы күшті болса, киіз қасық жерге кірер» деген мақалды алсақ, бұл екі жай сөйлемнен тұрады. Мұнан мақалдар көбінесе екі бөлімді болатынын көреміз. Оның үстіне мақалда ой тиянақты болып келеді. Алдыңғы ой екінші түйінді пікірдің шарты түрінде келеді. Киіз қазықтың жерге кіруі тоқпағының күшті болуына байланысты екендігі анық айтылып тұр.

«Мезгіл жетсе, мұз да ерір» деген мақалдан да осыны байқауға болады. Мақалда бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар мен нәрселер салыстырылып, шендестіру арқылы ой-пікірді айқындау тәсілі басым болып келеді.

Мысалы: «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді,

Ырысы кеткеннің иті ұры кеткен соң үреді».

Немесе: «Ақымақ бастан ақыл шықпас,

Ақыл шықса да мақұл шықпас»,

дегенде «ақымақ» пен «ақылды» - қарама-қайшы ұғымдар, осы екеуі салыстырыла келіп, ақымақтан шыққан ой-пікір де дұрыс болмас деген қорытындыны шендестіру арқылы беріліп тұр. Осы келтірілген мақалдардан өмір құбылыстары типтендіріліп, дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отыратындығын байқаймыз.

Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. Мәтелде қорытынды ой, түйін айтылмайды, тұспал ғана болады. Бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, тұжырым жасайды.

Мысалы, «Көппен көрген - ұлы той» дегенде тұспал ғана бар. Бұл жерде мағынаны тыңдаушы өзі қорытуына тура келеді. Мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ. Мақал мен мәтел бір-бірінен осындай белгілерімен ерекшеленеді.

2.3. Мақал - мәтелдердің тақырыптары

Мақал-мәтел - сөз мәйегі, саф алтыны. Мақалдар мен мәтелдерді, сара сөз бен нақылдарды халқымыз ежелден жақсы көреді, сүттей ұйып, сүйсіне тыңдайды. «Сөздің көркі - мақал» деп қадірлейді, «Аталы сөзге арсыз жауап қайырады» деп, сөз қадірін білмейтіндерді сынайды, «Өнер алды - қызыл тіл» деп, сөз өнерін жете бағалайды. «Мақал - сөз атасы». Олар сөз дәлдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдер нақыл сөз есебінде қызмет атқарады. Олардың қайсысында болсын поэзияға тән ырғақ, үйлесім, саз, интонация барлығы бар.

Мақал-мәтелдерде бейнелі көркем сөз айшықтарының нелер асылы кездеседі. Оларда көркем өрнек жасалынады. Мысалы, «Түсіне қарасаң, күндей, ішіне қарасаң, түндей» деген мақалды алайық. Жүзі күндей күлімдеп, іші сұм адамдарды «түндей» деген теңеу арқылы қапысыз тануға болады.

Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Олар халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірін түгел қамтиды. Мақал-мәтелдердің басты тақырыбының бірі - Отан, туған жер, атамекенге байланысты. Елін, Отанын емірене сүйген халқымыз Отанын шексіз сүюді ұрпағына өсиет еткен. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елің - алтын бесігің», «Өз елім - өлең төсегім», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақал-мәтелдерде халықтың туған жеріне, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген.

Мақал-мәтелдердің үлкен бір саласы еңбекке арналған. Халық еңбекті әр уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп таныған. Бұл «Еңбек түбі - береке», «Еңбек етсең, емерсің», «Ер дәулеті - еңбек», «Бейнет, бейнет түбі - зейнет», «Еңбек ет те, егін ек - жарымасаң , маған кел, белді бу да бейнет қыл, байымасаң, маған кел» деген мақалдардан айқын аңғарылады. Халық еңбек пен бақытты егіз деп қараған. Адамды ер атандырып, құрмет, қуанышқа жеткізетін де еңбек деп білген. «Еңбегіне қарай - құрмет, жасына қарай - ізет», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік мұратқа жеткізер», «Еңбек еткен - мұратқа жеткен», «Әрекет болмай, берекет жоқ», «Еңбексіз рақат жоқ», «Бір еңбектің көп рақаты бар», «Біткен іс - піскен жеміс» деп, халық еңбекті мейлінше дәріптеген. Сонымен қатар жалқаулықты, еріншектікті мінеген. «Тауық құс емес, жалқау кісі емес», «Ақымақ күлкіге тоймас, жалқау ұйқыға тоймас», «Жұмысы жоқтық - ырысы жоқтық», «Еріншектің егіні піспес», «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді», «Жақсы болар жігіттің жұмыссыз жүрген күні жоқ, жаман болар жігіттің еш жұмысқа қыры жоқ» деп, халқымыз жалқаулықты шеней отырып, еңбек адамының беделін биіктетіп отырған.

Мақал - мәтелдің енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған. Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар», «Батыр туса - ел ырысы, жаңбыр жауса - жер ырысы», «Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі», «Ер елімен жақсы», «Елі жоқ ер жетім, ері жоқ ел жетім» деп, халық ел қорғаны батырды мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар сипатталады. Сөйтіп, елге ерді үлгі-өнеге етсе, қоян жүрек қорқақты жеріне жеткізе сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді.

Ынтымақ - бірлік туралы да мақал-мәтелдер көп. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп, қазақ елді бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» деген мақал елді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырып тұрғандай. «Байлық - байлық емес, бірлік - бай- лық», «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді», «Ынтымақтың арты - игі», «Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» деген дана халқымыз байлық та, ырыс-береке де, елдік те, күш те бірлікте екендігін меңзеп, үлкен түйін жасаған.

Мақал-мәтелдердің бір алуаны достыққа, жолдастыққа арналған.

«Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты», «Жолдасы көптің олжасы көп», «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады», «Жолдасы жақсы жолды болар, жолдасы жаман қолды болар» деген мақалдарда достық пен дұшпандық, жақсы жолдас пен жаман жолдас салыстырыла отырып, адал дос, жақсы жолдастың үлгі етілгенін көреміз.

Қазақ халқының негізгі күн көрісі, кәсібі, тіршілігі малға байланысты болғанын білеміз. Сондықтан төрт түлік малға қатысты мақал-мәтелдер де - өз алдына бір сала. «Мал - баққандікі, жер - жыртқандікі», «Ат - ер қанаты», «Өлкенің көркі мал болар, өзеннің көркі тал болар», «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның - көл-көсір» деген мақал-мәтелдер - осы ойдың айғағы.

Сол сияқты егіншілік кәсібіне байланысты мақал-мәтелдер аз емес. «Жердің сәні - егін», «Ексең егін, ішерсің тегін», «Берген - алар, еккен - орар» деген сияқты т.б. мақалдар бар.

Енді бір алуан мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Халқымыз олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары - адам еңбегінің, ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халықтың «Білімді өлмес, қағазда аты қалар, ұста өлмес, істеген заты қалар», «Өнер - ағып жатқан бұлақ, білім - қайық», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-мәтелдері білімге, өнерге үндейді.

Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдер де - қазақ мақал-мәтелдерінің ең бір қомақты саласы. Бұл тақырыпты қамтитын «Әдептілік, ар-ұят - адамдықтың белгісі», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Жақсылыққа жақсылық - әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық - ер адамның ісі» деген сияқты мақалдар көптеп кездеседі.

Қоғамдағы қатынастарға, әлеуметтік мәселелерге, ата- ана, туған- туысқан, денсаулық т.б. тақырыптарға арналған қазақ мақал-мәтелдері тілімізде кең орын алған. «Ата - ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің», «Бала - ата-ананың бауыр еті, көзінің нұры», «Ананың сүті - бал, баланың тілі - бал», «Баласыз ана - гүлсіз алма», «Ана алдында - құрмет, ата алдында - қызмет» деген мақалдар баланы ата-анаға деген құрметке, сүйіспеншілікке баулуды көздеген. Ал, «Денің сау болса, жарлымын деме», «Тазалық - саулық негізі, саулық - байлық негізі» деген мақалдарда да ғибрат мол екендігі даусыз.

Қазақ өміріндегі әлеуметтік-тарихи өзгерістерге байланысты мақал-мәтелдердің де мазмұны байып, өзгеріп отырғанын көреміз. Әрбір тарихи кезең мақал-мәтелдерде өзінің ізін қалдырып отырған. Мысалы, «Базары жақын байымас», сол сияқты «Ексең егін, ішерсің тегін», деген мақалдар қазақ даласында сауда, базар сияқты қарым-қатынастардың енуіне байланысты шыққаны, елдің экономикалық тіршілігіндегі өзгерістен кеп туғаны айқын.

Мақал-мәтелдерді байытып, оның сарқылмас көліне үзілмей құйылып отыратын сала-сала бұлақтар бар. Олар - нақыл сөздер, толғаулар, шешендер сөзі жеке, сом айтылған мағыналы өлең, өлең жолдары, ақын-жазушылардың кітабынан шығып, мақал-мәтелдер қатарына қосылып тұратын тұжырымды айтылған асыл сөздер, мағыналы көркем сөйлемдер. Ақын - жазушылар шығармаларында мақал-мәтел болып кеткен жолдар мол. Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлының көптеген өлең жолдары қанатты сөздерге айналып кеткені белгілі. Мысалы, Ыбырайдың «Шегірткем, бір секірдің - құтылдың, екі секірдің - құтылдың, үшіншіде - тұтылдың», Абайдың «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», «Күн жауғанда қойнында, күн ашықта мойнында», «Тұлпардан тұлпар озбас шабылса да, оған да үкі тұмар тағылса да», «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты», «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегендері мақал -мәтелдер қатарынан өз орнын алған.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин т.б. шығармаларында да мақал-мәтел болып кеткен жолдар аз емес.

Мақал-мәтелдер - сан ғасырлар бойы халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан қастерлі қазына. Мақал-мәтелдер - ел аузында, сөйлеу тілінде қолданылатын мазмұнды салалардың бірі. «Сөз асылы - мақал» деп тегін айтылмаса керек. «Мақал - логикалық, образдық ойдың қос қанаттасқан ғажап табысы, тәжірибеден туған философиялық сөздер. Сөздің ұйтқысын ең алдымен мақалдан іздеу керек. Онда этикалық, философиялық, ұжымдық мазмұн бар. Мақалдың қорытындыларын халық еш уақытта теріске шығара алмайды» дейді ғалым Ә.Қоңыратбаев.

2.4. Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні

Мақал-мәтелдердің адамды игі қасиеттерге үндеу, уағыз-өсиет сипаты бар екені баршаға мәлім. Бұл қазына тәрбиелі қыз, ұлағатты ана, ардақты ұл, елі аялаған ер, жылы жүректі әке қандай болуы керек, осының бәрін тобықтай сөздің түйінінде түйіндейді.

Қазақ халқы мақал-мәтелге өте бай. Мақал-мәтелде халқымыздың өніп-өсуіне, мінез-құлқын қалыптастыруға, тіршіліктің қыры мен сырын түсінуге, оның қайшылығын тануға терең баға беріледі. Мақал-мәтелді кез келген адам шығаруға құқылы. Ал ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, уақыт арқалатқан жүкті мойымай көтеріп, сөйтіп, қалың елдің мұқтажын өтейтін мақал-мәтелдер салиқалы ой иесі, ділмар шешен, адуын мінезді ақындар араласуымен жасалған. Қазақтың мақал-мәтелдеріне өз үлесін қосып, отты сөздері ел аузына кең тараған М. Әуезов, Б. Момышұлы, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сияқты ұлы адамдар есімі ел есінде сақтаулы.

Жастарға өнер-білім, тіл үйретуге, жан-жақты тәрбие беруде мақал-мәтелдің мән-маңызы өте зор. Білім мен өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып, білімін байытқан бала ғана өмірден өз сыбағасын алып, өз орнын таба алатыны сөзсіз.

Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған айтулы ұлдардың бірі - жазушы, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ер серігі - сергек ой», «Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды», «Азаматқа өмірден ар қымбат, өлімнен ұят күшті», «Қорқақ - дөрекі, әрі ақымақ», «Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады», «Ақылгөйлік кейде өнегесіздікке тірейді» деген ұлағатты сөздері қанатты сөздер қатарынан шығып, мақал-мәтелдер қатарынан мықты орын алуы заңды құбылыс десе болады. Осы мақал-мәтелдерді жастар оқып-үйренсек, нұр үстіне нұр болары сөзсіз .

Бауыржан Момышұлының мақалдары ерлікке, адамгершілікке шақырады. Мысалы: «Анаң үшін аянба, ант ұрады,

Балаң үшін аянба, бетің күйеді,

Елің үшін аянба - ерлігіңе сын,

Жұртың үшін аянба - жігіттігіңе сын»,

немесе : «Жерге тер төгіп қызмет ет,

Халыққа қан төгіп қызмет ет»,

«Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,

Әдісіңе ақылыңды жолдас ет»

деген мақалдары әрбір елжанды ұрпақтың жүрегіне әсер етпей қоймас.

Халық ақыны Қайып Айнабековтың мақалдарына көңіл аударып көрейік. «Алаңғасар адамнан ақау шықпай қалмайды», «Ердің сыны - сырында, сөздің сыны - шынында», «Ерінбегеннің еңбегі жанады, іркілмегеннің ерлігі артады», «Ойлай берсең, дана боласың, ойнай берсең, бала боласың» деген мақалдары - тәлім-тәрбиесі мол даналық.

Қазақтың мақал-мәтелдерінің өскелең ұрпақтың эстетикалық мәдениетін дамытуда да маңызы зор. Мұндай мақал-мәтелдердің мазмұны ата-бабаларымыздың бүкіл өмір тәжирибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын, әсемдік сезімін, талғамын, көзқарасын дамытады. Осыған орай көптеген ғалымдарымыздың ғылыми зерттеу еңбектерінде сөз болған мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні жөніндегі пікірлеріне көңіл аударып көрелік. Мысалы, Б. Адамбаев «Халық даналығы» деген еңбегінде: «Әр халықтың мақалы мен мәтелі - сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез-келген оқиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп, көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп-жеңіл , оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді, ұғындырады» деп, мақал-мәтелдердің мінез-құлық мәдениетіне, өнерге, әдебиетке, деген негізгі талаптарын тұжырымдауға болатынына тоқталады.

Мақал-мәтелдер өмір құбылыстарының барлық саласын қамтитын болғандықтан, олардың тақырыптары да сан алуан. Мақал-мәтелдер де айтар ойды әсерлі жеткізу үшін көркемдеу құралдары қолданылады. Мысалы, «Жақсы жігіт - жағадағы құндыз, жақсы қыз - аспандағы жұлдыз», «Жаман тұқым егінді былғайды, жаман жігіт елді былғайды», т.б. Мұндай орынды қолданылған бейнелеу құралдары мақалдың ажарын ашып, ой өткірлігін арттырады, адамның бойында мәдени дағдыларды қалыптастырады.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын Абай Құнанбайұлы ұлтымыздың ауыз әдебиетінің асыл қазынасы мақал -мәтелдердің шығу тегін терең зерттеп, құнды пікірлер айтты. Мысалы, Жиырма тоғызыншы қара сөзінде: «Біздің қазақтың мақал-мәтелдерінің көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтыны да бар» дей келе, «Қалауын тапса, қар жанады, сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», «Атың шықпаса жер өртте», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» деген мақал-мәтелдердің сұрамсақтық, пәлеқорлық, дүниеқоңыздық, қулық-сұмдық, алаяқтық сияқты жат мінездерді уағыздайтын, мағына-мәні қайшы мақал-мәтелдер екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, Отыз үшінші, Отыз алтыншы сөздерінде «Өнерді үйрен, үйрен де жирен», «Өнерліге тоғыз өнер де аз», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер», «Ағайынның азары болса да безері болмас», «Жол қуған қазынаға, дау қуған пәлеге жолығады», т.б. халықты өнерге, бірлік-берекеге, достыққа шақыратын мақал-мәтелдердің мәніне баға берді.

Қазақ ата-бабаларымыздың ақыл-парасаты дүниежүзілік алдыңғы қатарлы ойлау жүйесімен деңгейлес екеніне халқымыздың мақал-мәтелдері куәлік ете алады. Шығыста: «Үш іс тындырған адам, яғни бала өсірген кісі, тал өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық сөз бар. Қазақ халқының «Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын, әйел адамның алдында тербиелейтін бесігі болсын», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты», «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар» деген мақалдарының идеясы да соған саяды.

«Тәрбие тілден басталады» дейтін халқымыз ана омырауынан ажырамаған кезден-ақ бөбегің ана тілінің ақ уызымен ауыздандыра бастау керектігін, ана тілі - адамның ғұмыр бойғы серігі, рухани қуаты, күрестегі құралы екендігін меңзеп отыр.

Қазақтың халық педагогикасы - ғасырлар бойында қалыптасып, қорлана байып келе жатқан ғылым. Халқымыз «Мақал - сөздің мұнарасы» деп, халық ауыз әдебиетінің асыл бір жанрына осындай бағаны өзі берген. Мұнара биіктікке, асқарлыққа, парасат асқарына мезгейді. Мақал-мәтелдің озық-артықшылығы ойды сығымдап, нақышты әрі әсерлі, санаулы сөзбен әрі өткір, әрі мәнді айтып, суреттеуінде. Халық өзінің тәлімгерлік трактаттарын мақалдар мен мәтелдерге шебер сыйғыза білген. Бір естігеннен жадыңда қалады, тәлімгерлердің де, тәрбиеленушілердің де жаттауына оңтайлы, жеңіл. Және бір ғажабы, өмірдің өзі секілді желісі үзілмей, өркен жайып, жыл асқан сайын жемісін елге ұсынып отыратын даналық көзі мақал-мәтелдер өз қатарын қалыңдатып отырады. Жаңа дәуір талабына сай жаңаша туындайтын мақал-мәтелдердің иесі де, көнеден сақталып келе жатқан, сұрыптала, сұлулана түскен асылдарды сақтаушы да - қарапайым халық. Сонымен, өткен замандарда жасаған сал-серілер мен ақылмандарымыздың бізге қалдырған ой-парасат, мирасы даңғыл жол сияқты екен.

«Әкесіне қарап ұл өседі, шешесіне қарап қыз өседі», «Әкесіне қарап, ұлын сына» деген мақалдардың ұлағатына көз жіберіңізші. Өзіне тартқан өнегелі ұл өсіре алмаған әке ұятты, ал абыройлы әкеге тартып өсе алмаған жасық, болбыр ұл да ұятты деп тұрған жоқ па?

«Тектей білген екшей де біледі» демекші, адам танумен шұғылданған, ертедегі өткен ата-бабалар қасиеттерін түптеп зерттеген кісі бүгінгінің жақсысы мен жаманын саралай алады, өзі де терісінен түңіледі, безеді, тектісіне еліктейді, өзгелерді де еліктіре ертеді.

«Білімсіз бүлдіреді, ата-анасын күйдіреді» ... бұл да бір ақылды мақал. Надандар, намыссыздар әке-шешесін ғана емес, бүкіл жұртын жерге қаратады. Ендеше, осы сияқты мақал-мәтелдерде тәрбиелік мән, мазмұн тұнып тұр.

«Азамат - елдің ажары» деген ақылды мақалды оқушыға қайталаудан жалығуға болмайды, себебі балаға кішкентай кезінен бастап-ақ елдіктің еңсесі ер азаматтарымен биік екенін құлағына құя берудің несі артық?! «Алты қадам алдын көрмеген, алысқа ұзап кете алмас», «Арманменен ер - сұлу, орманменен жер - сұлу» деген мақалдар бүгіннің ығында ғана бүкжеңдей беруге болмайды, ертеңді де ойлау керектігін, сонда ғана алға жылжуға болатынын меңзейді. Бұл ойды «Арманды адам - пәрменді» деген мақал нықтай, нақтылай түседі.

«Ананың алдында асқар тау да аласа», «Ана - өмірдің қайнар бастауы», «Ана болған дана болады», «Ана - бала бақытының бағбаны» деген мақалдар кімге болсын ана алдындағы парызды ақтаудың биік маңызын ұқтырып тұр. Ержеткен ұл, бойжеткен қыздың ешбір жарғымен бекітілмеген, халық өзі шығарған заңында аталған парызы бар. Ол: «Ана алдында - құрмет, ата алдында - қызмет». Ана парызын өтеуден артық құрмет, ата парызын өтеуден асқан қызмет жоқ екенін ұғындырып тұр бұл мақалдар. «Анасына орын ұсынбаған, әкесіне қолын ұсынбайды» деген мақалды алайық ... Халық әдетте қамқорлықтың ұсақ-түйектен-ақ көрініс табатынын осылай ескертеді. «Ана сүтін ақтамағанды ешкім жақтамайды» деген даналық өте сыпайы айтылса да, өткір айтылған айып. «Әкеңнің төріне сенбе, маңдайыңның теріне сен» деген мақалдың тәрбиелік мәні ешкімге иек артпа, өз күніңді өзің көруге машықтан, ешкімге масыл болма, адал еңбегіңмен дәм-тұзыңды ақта, теріңді төгіп тапқан еңбегіне ғана сен дегенге саяды.

«Көпке пайдаң тисе, төбең көкке тиер» деген мақалдың тәрбиелік мәні ашып көрейік. Кез келген адамның өзіне бұйырғаны тек өзінің ғана игілігі емес екені белгілі. Жеке азамат тағдырының мәнділігі қалың қауымға тигізетін себімен, көмегімен өлшенетіні де даусыз. Ендеше көпке тигізген пайда арқасында кім болса да құрметке ие болатыны да айғақ нәрсе екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін сияқты. «Ағайын азарында алыстанар, ағадан жөн сұрауға намыстанар» деген мақал бар дана халқымызда. Бұдан ұғынатынымыз жамандыққа сүйрейтін мінездің бірі жалған намысшылдық екен. «Өзім білем», «Мен сенен кеммін бе?» - деп, көкірек қағу, омырау соқтық орға жығумен тынатынын сезу қиын емес.

Халқымыздың кемеңгерлігін дәлелдейтін даналық сөздерді бір еңбектің аясында түгесу мүмкін емес.

Балалардың ана тілінде сөйлеу дағдысын қалыптастыруда мақал - мәтелдердің алатын орны ерекше. Мақал - мәтел баланың тіл байлығын, сөздік қорын, ақылын, ой - өрісін, сөйлеу мәдениетін дамытады. Тегінде мақал - мәтелдерде халықтың даналығы, байқампаздығы, оның бала тәрбиесіндегі үлкен өмірлік тәжірибесі, болашаққа деген көзқарасы шеберлікпен беріліп отырады.

Біз өзіміздің Кривощеково орта мектебінде қазақ сыныптары оқушыларының арасында сауалнама өткіздік [Қосымша 1].

Сауылнамаға бастауыш сыныптардан - 18 оқушы, орта буыннан - 15 оқушы, жоғары сыныптан - 4 оқушы қатысты. Сауалнама 5 сұрақтан тұрды.

27 респонденттің жиырма үші мақал-мәтелдерді мектепте қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында үйренеді, ал қалған төртеуі үйде ата-анасынан, ата-әжесінен тәлім алады екен [Сурет 1].















Сурет 1. Мақал-мәтелдердің қолданылу аясы

Барлық оқушылардың ойынша мақал-мәтелдер қазіргі кезде қажет болып табылады, өйткені өз ойларын мақалдар арқылы жеткізе алады. Күнделікті өмірде оқушылардың 96 % мақал-мәтелдерді пайдаланады екен [Сурет 2].




Сурет 2. Мақал-мәтелдерді күнделікті өмірде қолдану

Бүгінгі жас жеткіншек - болашақ тізгінін ұстайтын, ел мен жер қамын ойлайтын ертеңгі азамат. Ендеше, бала тәрбиелеуде халқымыздың тәлім - тәрбиесін халық мақал - мәтелдермен байланыстырып сабақтар өткізсе, оқушылардың сабаққа ынтасы артып, түсініктері молайып, танымдық белсенділіктері артар еді.











Қорытынды

Мақал-мәтелдер - ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ол - ғасырлар бойы халқымыздың ұқыптап сақтап келген тәжірибесінің жиынтығы, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын, өмірлік өшпес мұра.

Мақал-мәтелдер көркемдік бейнелі сөз айшықтарымен әсерлі. Олардың айтуға оралымдылығы, тілге үйіріле кететіндігі, ойдың өткірлігі, ұшқырлығы, тереңдігі мақал-мәтелдердің сапаларын анықтайды. Мақал-мәтелдер адамды сөз қадірін білуге, жақсы мен жаманды, қас пен досты айыра білуге, айналадағыларға мейірбан, кеңпейіл болуға, сезімтал болуға, халық шығармашылығының інжу-маржанын бағалай білуге баулиды.

Мен - оқушымын, өмір тәжірибем аз. Өзім сияқты балалардың, достарымның бойында мәдениет, адами қасиеттер қалыптастыру мақсатында айтылатын әрі әсерлі, әрі ойда сақталып қалатындай мәнді мақал-мәтелдер, ақыл-насихат, өнеге-өсиет төл әдебиетімізден көптеп табылатынына көзім жетті. Біз қоғамның қамын ойлайтын азамат болып өсуіміз керек. Осындай игі істе біздің таптырмас көмекшіміз халық даналығы болып табылады. Себебі халық даналығы - сарқылмайтын теңіз, ал халқымыз - дана ұстаз. Демек, өткен замандарда жасаған серілер мен ақылмандарымыз бізге қалдырған ой-парасат мирасы даңғыл жол сияқты екен! Біз бұрынғылардың ақыл-кеңесіне құлақ тоссақ, адаспай - абыржымай, жаңылмай, жаза баспай, арман-тілегімізге неғұрлым тезірек жетуімізге жол табылады. Халқымыздың сөз мәйегі мақал-мәтелдер бізді ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелейді. «Мақал - сөздің атасы» дегендей, өмірде мақал-мәтелдің қажеттілігін түсіне отырып, санамыздың өсуіне ықпал ететін ұлттық мұраның сақталуы біздің қолымызда. Халық педагогикасының қағидалары қатарына қосылатын туған халқымыздың кез келген мақал-мәтелімен сусындап өссек, жемісіміз молығады, толығады. «Дұрыс қанаттанған түзу ұшады» деген халқымыз тәрбиенің түпкі мақсатын, жемісін меңзеп отыр. «Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды» деп келеді халқымыздың бір даналығы. Олар адам баласының қарым-қатынас, әдет-ғұрып, салт-сана тәлім-тәрбиесі, бір сөзбен айтқанда, тұтас адамгершілік қағидалардың дастаны тәрізді. Оларды сусындап оқысақ, өмірде ұшырасатын оқиғалардың бәріне де лайықты жауап табамыз.

Осы зерттеу жұмысының қорытындысы ретінде өркениетті елдердің өрге тартқан көшінде, алға тартқан легінде халқымыздың мерейін көтеруге, қажыр-қайрат жұмсауға, қасиетті қызыл тіліміздің үстемдігін көтеруге үлес қоссам деген тұжырымға келдім.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. М. Әлімбаев. «Халық - қапысыз тәрбиеші» - Алматы: Білім,1976 ж.

2. Б. Адамбаев. «Халық даналығы» - Алматы: Мектеп ,1976 ж.

3. М.Ғабдуллин. «Қазақ халық ауыз әдебиеті» - Алматы:Мектеп,1958

4.С.Қалиев. «Халық педагогикасы хақында бірер сөз» - Алматы ,1999

5. З.Әбілова. «Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру» - Алматы ,1986

6. Ө.Тұрманжанов. «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» - Алматы: Білім ,2004 ж.

7. Ж.Малайсарин. «Қазақ мақал-мәтелдері» - Алматы: Ана тілі, 2011ж.

8. Бала тәрбиесіндегі мақал - мәтелдердің орны/ bilimdiler.kz/adistemelik/11785 - 9 наурыз 2014 ж.

9. Мақал-мәтелдер/ «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы - 11 қыркүйек 2014 ж.













© 2010-2022