Үш тілде білім беру

Раздел Иностранные языки
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Баймухурова Алтынай Бекеновна

Өскемен қаласы, «№16 орта мектебі» КММ

Ағылшын тілі пәні мұғалімі

Үш тілде білім беру­-бәсекеге қабілетті, көп мәдениетті тұлға қалыптастырудың негізі

Зерттеу жұмысында қазіргі заманда өзекті мәселелердің бірі болып отырған көптілділік туралы қарастырылады.

Зерттеу нысаны үш тұғырлы тілдік қатынастың даму бағыттары болып табылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі:Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі-мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады.
Көптілді білім-көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толлеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жылдағы дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мән береді. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауында «Көп ұлттылық пен көптілділік құндылықтардың бірі және біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады » деп атап көрсетті. Сонымен қатар бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады.
Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою-бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі.

Зерттеудің мақсаты: Ол - Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлылықтары қалыптасқан, көп мәдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған,бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу.

Зерттеудің міндеттері:қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі жоғары, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстары мол, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ;

-дүниежүзі халықтарының мәдени құндылықтарын сыйлайтын ұрпақ тәрбиелеу.

Көптілді білім беруде оқу- тәрбие үрдісінен күтілетін нәтижелер: - Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде қалыптасқан білімдерін ана тілі, мемлекеттік тіл, орыс тілінде еркін білдіретін мектеп бітірушісі;
- бітірушінің көптілді коммуникативтік және ақпараттық құзыреттілігі;
- көп мәдениетті, рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің жоғары деңгейі;
- ұлттық және жалпықазақстандық, құндылықтарды қастерлейтін, тілдерді меңгеруге тұрақты қызығу танытатын, отансүйгіштік және азаматтық сана-сезімдері дамыған тұлға;
- бітірушілер еңбек нарығында, өмірлік қызметте тілдік кедергілерге ұшырамайды.
-«Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі- тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Қазіргі жаңа үлгідегі мектептердің мақсаты екі және одан да көп тілде білім беру.Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту-қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ,орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде жүзеге асырылады.Тіл дамуының негізгі факторы ретінде адам қарастырылады, өйткені тіл - адамның жасаған өнімі мен туындысы. Қазіргі кезде тіл тек қана қатынас және таным құралы ретінде емес, сол сияқты ұлттың рухани мәдениеті ретінде де бірнеше бағыттарда қарқынды түрде зерттелуде. Кез келген тілдің қызметін зерттеу қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттармен пайда болған соңғы әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік туғызады. Н.Ә. Назарбаев: «Теңдестірілген тіл саясаты, Қазақстан халқының лингвистикалық байлығын молайту біздің бірлігіміз бен прогрестің негізі болып табылады деп атап к

Тіл белгілі бір жүйе жиынтығын құрайтыны сөзсіз. Тіл жүйесі туралы ілім неміс ғалымы В. фон Гумбольдтың есімімен тығыз байланысты. В. фон Гумбольдтың бұл идеясын әрі қарай дамытушы швейцар ғалымы Фердинанд де Соссюр болды. Фердинанд де Соссюр тілдің жүйелілігі туралы: «Тілдің барлық элементі - біртұтас болып келетін жүйе, ал жеке элементтердің мағынасы басқа элементтері болғандығы үшін ғана байқалады» - деп қорытынды жасайды [1, 147 б.].

Көптілділік - жеке адам немесе адам-топ қатынасында бірнеше тілдің кезек қолданылуы.

Көптілділік,мультилингвизм, полилингвизм -нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш,одан да көп тілде сөйлей білушілік. Мұның өзі жеке адамның (индивидуумның) Көптілділігі және ұлт пен ұлыстың көптілдігі болып бөлінеді.Көптілдіктің үш тілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс -тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты.

Көптілді білу- өмір талабы. Дүние жүзі халықтарының өзара түсінісу тілі- ағылшын тілі. Бала жас кезінде тілді қиналмай еркін меңгереді. «Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады» деген ниетпен көптілді білуге ұмтылу - жас ұрпаққа жүктелген абыройлы міндет.

Елбасының жолдауында айтылғандай, шәкірттеріміз әлемдік білім кеңістігіне ену үшін білім беру жүйесі халықаралық деңгейге көтерілуі керек. Осы мәселе бойынша 12 жылдық білім беру үлгісі эксперимент сынақтан өту үстінде.

Көптілді білім берудің проблемасы туралы зерттеу барысында отандық және шетелдік әдебиеттер мен мәліметтерге сүйенсек,әр мемлекеттің көп тілді білім беру жүйесінде өзіне тән бір ерекшелігі бар екені мәлім болды. Бірақ барлық жағдайларда ең маңыздысы-адам факторы,яғни көптілді білім беру барысында жеке адамның ұлтына, мәдениетіне, т.б. құндылықтарына мән берілуде. Мысалы, Орта Азия елдеріндегі көп тілді білім беру мәселесімен айналысатын CIMERA халықаралық ұйымының зерттеулеріне назар аударсақ бұл өңірлерде әсіресе,екі тілдік басым,яғни кезінде Кеңес Үкіметі орныққан бұл елдерде орыс тілінің ықпалы басым, тіпті кейбір жағдайларда аталған елдерде орыс тілінің үстемдігін байқап тұрамыз.

Егер Қазақстан Республикасы білім беру жүйесін алып қарайтын болсақ,осы уақытқа дейін жоғары оқу орындарында үш тіл оқытылып келді, мысалы: орыс тілі, қазақ тілі және бір шет тілі (ағылшын ,неміс, француз және араб).Егер де білім алушы осы үш тілді жетік меңгеріп шықса және осы тілдерде еркін сөйлеу мүмкіндігіне ие болса, онда сол білім алушы көп тілді білуші болып саналады.

Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін мектептерде білім беру мазмұны мен құрылымының халықаралық стандарт деңгейіне жету үшін өзге елдердегі тілдерді оқытудағы жетістіктерін талдау қажет етіледі. Көптілді білім берудің моделі тұжырымдамасын құрастырып, жалпы орта білім берудің мазмұнында қолдану қажеттілігі туындады.

Елбасы 2006 жылғы халыққа Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы » мәдени бағдарламасын ұсынған болатын. «Тілдердің үш тұғырлығы дегеніміз ол- мемлекеттік тіл- қазақ тілі, ұлтаралық тіл- орыс тілі, ал ағылшын тілі- жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»- деп анық та айқын атап көрсеткен .Еліміздің тізгінін ұстар бүгінгі жастарымыз әлемнің кез-келген жерінде кез-келген қызметіне жарайтындай бәсекеге қабілетті маман болуы үшін шет тілін меңгерудің маңызы зор.

Ал 2011 жылғы 28 қаңтардағы Жолдауында былай деп атап өтті: «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу- әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп ойлаймын.»

Қазақстан өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет. Оның ішкі және сыртқы саяси ағымына сай мамандандырылған іс жүргізетін мемлекеттік құрылымы қалыптасқан. Бұл келешекте де дами бермек. Білім дамыту институты мектеп мұғалімдерінің шет тілін оқыту барысы деңгейіне өз отанымыздың мәртебесін көтеру тұрғысынан қарайды. Шет тілін білу- қазіргі заманның ешкім шек қоя алмайтын талабына айналып отыр. Бір немесе бірнеше шет тілін еркін меңгерген бала кейін келе өмірдің кез-келген саласынан өз орнын табары сөзсіз.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшысы білікті мамандар дайындау ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Кең байтақ елімізді дамыту, оның қойнауындағы жатқан ен байлықты тиімді игеру, дамыған елдердің озық технологияларын меңгеру жолында білікті мамандар ешқашан көптік етпейді. Ал шет елдердің даму тарихын, ондағы ғылым мен білімдегі жаңалықтарды үйренуге, озық инновациялық технологияларды меңгеруде шет тілін білу- отанымыздың әлемдік көштен қалмауға өз септігін тигізеріне ешкім дау айта алмас. Осының айқын дәлелі - Елбасының бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы. Осы бағдарлама бойынша әлемнің озық мемлекеттерінде білім алған жастарымыз қазіргі таңда еліміздің түрлі саласында табысты қызмет атқарып, жарқын болашағына өз үлестерін қосуда.

Елбасы жолдауында аталғандай қоғамды сапаландыру бағытында білімнің басым бағыттарының бірі- әлемдік жаһандану кезеңінде жастарға берілер білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінікпен, ақпараттық жетістіктермен, тілдік (ана тілі мен шетел тілдері) байлықпен толықтыру болмақ.

Ұлы Абайдың XIX ғасырдың өзінде-ақ: «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін ,оқуын , ғылымын білмек керек », -деп, өзгенің тілін үйренуді өсиет еткені белгілі.

Қазақ бабаларымыздың сол кездердің өзінде болашақ үшін қам жеп, ұрпақтарына «Жеті жұрттың тілін білген, жеті жұрттың қамын жер»- деген қанатты сөзді бекер айтпаған болар.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХШ сессиясында сөйлеген сөзінде «ағылшын тілін кеңінен білмейінше ұлттың шынайы бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын болады. Мен бұл жерде еліміздің барлық азаматтары туралы айтып тұрмын. Тіпті төрт мың жылдық ұлттық тарихы мен мәдениеті бар бір жарым миллиардтық қытайдың өзі ағылшын тілін белсенді түрде меңгеруде. Жапония, Үндістан, Сингапур, Малайзия сияқты елдердің табысқа жетудегі маңызды факторларының бірі халықтың жаппай ағылшын тілін білуінде.

Еліміздің жалпы білім беретін мектептері мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілін терең әрі қарқынды түрде оқытудың арнайы бағдарламасын жасаудың уақыты келді деп ойлаймын. Бұл бағдарламаға Ұлыбритания мен АҚШ-тың білім беретін ірі құрылымдарын тарту жөнінде ойлану қажет.

Мен барлық ата-аналарды балаларын үш тілде оқытуға шақырамын. Бұл олардың болашағы үшін маңызды »-деген болатын.

Қазақстандағы көптілді білім беру моделі төмендегі мәселелерді қамтиды.

1.Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту.Оқушылардың ұлттық дамуын сақтау.

2.Шетел тілдерін оқытуда Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беру мазмұнымен, құрылымымен санасу.

3.Көптілді білім берудің оқу жоспарын жасау. Тілді тереңдете оқытатын мектептер ашу, жалпы әдістемесін жасау.

4.Көптілді білім беруде материалдық,техникалық,оқу-әдістемелік жұмыстарды инновациялық үрдіске сай ұйымдастыру.

5.Кадрларды оқыту,шетелдік волонтер кадрлардың көмегін алу.

Қазіргі заманға сәйкес көптілді білім беруде 1992 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан қазақ-түрік лицейлері бар. Қазақ-түрік лицейін құрудың мақсаты - көпмәдениеттілік ( ұлттық, білімділік, коммуникативтік) тұрғысында жұмыс атқару.

Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер саясатына араласа алатын, ана тілі, шетел тілін меңгерген азаматтар даярлау. Оқу үрдісінде 4 тіл қатар қолданылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 30-ға жуық қазақ-түрік лицейлері жұмыс істейді. Олардың өзіндік ерекшеліктері мынада:

лицейге оқушыны арнайы емтиханмен қабылдайды;

6-шы сыныптан қабылдайды;

интернат жағдайында тұруы;

оқушының логикалық танымдық қабілетінің жоғарлылығы;

жеке пәндерді оқуға қызығушылығы, мотиві;

ұжымда тіл табыса алушылығы;

білім беруде инновациялық үрдісті қолдану;

оқытушылардың конкурстық негізде іріктелуі;

оқушы білімін бағалаудағы ерекше технологиялардың қолданылуы;

ұлдар, қыздар лицейі болып бөлінуі;

Қазақ тілі - қазақ мектебі оқушыларына қазақ тілін тереңдетіп үйрену үшін оқытылады. Орыс тілі- қазақ мектебінде орыс тілін үйрену деңгейінде оқытылады. Ағылшын тілін тереңдете оқыту 7-ші сыныптан жаратылыстану мен математика пәні циклын белгілі дәрежеде игеру құралы ретінде оқытылады. 8- сыныптан бастап ағылшын тілі халықаралық стандарт деңгейінде оқытылады. Қазіргі заманға сәйкес көптілді білім беруде және инновациялық үрдісті тиімді қолдануда қазақ-түрік лицейі білімінің нәтижесі жақсы екенін жасырмау керек

Шетел тілдерін оқытуда ақпаратық-коммуникативтік технологиялардың рөлі ерекше. Бұл білім беру үрдісінде ақпараттық құзіретілікті қалыптастыруға көп септігін тигізеді. Ақпараттық құзіреттілік -көпшілік ақпарат құралдары көмегімен қажетті ақпаратты іздеу,талдау және таңдап алу, ұйымдастыру, түрлендіру,сақтау және тарату. Бұл құзіреттілік оқушылардың оқу пәндері және білім аймақтары шеңберінде, сонымен бірге қоршаған дүниедегі ақпараттармен жұмыс істей білу дағдыларын қамтамасыз етеді.

Егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр; білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің жаңа мазмұны пайда болды.атап айтқанда:

-білім мазмұны жаңа біліктермен,ақпараттарды қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде;

-ақпараттық дәстүрлі әдістер-ауызша және жазбаша,телефон немесе радио байланыс қазіргі заманғы компьютерлік құралдарға ығысып орын беруде,

-баланың жеке басын тәрбиелеуде,оның жан-дүниесінің рухани баюына ,азамат тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінуде;

мектеп , отбасы мен қоршаған әлеуметтік ортаның бала тәрбиесіндегі рөліне мән берілуде.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың жаңа педагогикалық технологиясы, оның ішінде ақпараттық (компьютерлік) оқыту мұғалімдердің өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектеседі. Қазақстан Республикасында қабылданған білімді ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламалары еліміздің біртұтас дүниежүзілік білім кеңістігіне ену мүмкіндіктерімен байланысты, білім беру сапасын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етудің жаңа сатылық жүйесін жасауға бағытталған. Бағдарламаның жүзеге асуы білім мекемелерін компьютерлендіруге ғана емес білім беруді ақпараттандыруды қамтамасыз ету әдістемесіне, ғылым мен тәжірибенің өзара байланысына да тәуелді. Компьютерлік технологияның даму деңгейі жаңа дәуірдің мультимедиялық, телекоммуникациялық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын көрсететін, сапалы, нақты алғы шарттар болып табылады.

Мектеп оқушыларына ағылшын тілін меңгертудің деңгейін: сөйлеу, лингвистикалық, әлеуметтік-мәдениеттілік, компенсаторлық, оқу-танымдық біліктіліктердің қалыптасу дәрежесінен айқын аңғаруымызға болады. Мұндай қажеттілік ағылшын тілі мұғалімдерінен кәсіби қызметін қайта қарастырып , жүйелі ойластыруды талап етеді. Ол үшін ағылшын тілін үйретудің халықаралық іс-тәжірибеде қолданыс тапқан модельдерін енгізу кәсіби шығармашалық тұрғыдан іске асырылуы тиіс.

Модельдерді енгізудің маңыздылығы мынада:

-бүгінгі қазақ қоғамында шетел тілін үйренуге деген сұраныстың артуы,

-оқушыларды отандық және әлемдік ақпарат кеңістігіне кіріктірудегі проблемаларды шешу қажеттілігі;

-өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық қатынас мәдениетіне тәрбиелеудің өзекті мәселеге айналуы;

-оқушылардың коммуникативтік және ақпараттық құзырлықтарының сапалы деңгейіне қол жеткізу.

Осыған сәйкес, ХХI ғасырдың үш тілді жетік меңгерген жеке тұлғасын тәрбиелеуде ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде мен алдыма мынадай мақсаттар қойдым.

Оқу үрдісінде: оқушыларға жан-жақты сапалы білім бере отырып,үш тілділікке үйрету, кәсіби шеберлікті дамыту.

Оқу-әдістемелік бағытта : Ағылшын тілін оқыту әдістемесін отандық және шетелдік теориялармен іс-тәжірибелік тұрғыдан салыстыру,білім берудің озық, жаңа технологияларын білу,тиімді түрлерін ұтымды пайдалану, педагогикалық және ақпараттық жаңалықтардан хабардар болу,электрондық оқулықтарды пайдалану.

Тәрбиелік бағытта: ұлттық патриотизмге , өзін-өзі басқаруға, өзін-өзі тануға, білім нарығында бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.

Елбасының жолдауында атап өтілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біздің мектебіміздің ағылшын тілі мұғалімдері шетел (ағылшын) тіліне оқытудың негізгі:

ана тіліне сүйену;

оқытудың коммуникативтік қағидалары;

оқытудың лингво-елтану қағидалары;

оқу материалын минимумға келтіру қағидалары;

грамматикалық оқу материалын игеруде уақыттың бірізділігін есепке алу қағидаларын басшылыққа ала отырып, шығармашылықпен еңбек етуде.

Біздің мектебімізде ағылшын тілі 2011-2012 оқу жылдары 3 сыныптардан ,ал биылғы оқу жылынан бастап шағын орталықтан және даярлық сыныптарынан бастап оқытылуда. Мектебімізде оқушылардың пәнге қызығушылығын және танымдық белсенділіктерін арттыру мақсатында пән апталықтары, олимпиадалар, сыныптан тыс шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Мектеп оқушылары мен пән мұғалімдері қалалық А.С. Пушкин атындағы кітапханада орналасқан «Америкалық орталықпен» тығыз қарым-қатынаста.

Оқушыларымыздың пәнге қызығушылықтары өте жоғары. 5-11 сынып оқушыларының 30 % жуығы қаламыздағы «Тілдік »курстарға ( «Best», «Oxford Team» тағы басқалар )қатысып ,өз білімдерін шыңдап, тереңдетіп отырады. Сонымен қоса қала көлемінде жыл сайын жоғары оқу орындарының ( ШҚМУ,ҚАЕУ) ұйымдастыруымен өтетін пәндік олимпиадаларға, сайыстарға

( «Полиглот, Тіл білгірлері») жобаларға қатысып жүлделі орындарға, сертификаттарға ие болуда.

Сонымен қоса пән мұғалімдері қалалық семинарларда («Ағылшын сабақтарында АКТ-ны қолдану, ҰБТ -ға даярлық ») ашық сабақтар беріп , өз іс-тәжірибелерімен бөліседі..

Ағылшын тілі бірлестігі мұғалімдері облыс, қала көлемінде өтетін шараларға белсене қатысушылар.

Қорыта келгенде айтарым, біздің бірлестіктің мұғалімдері «үштілділікті» жүзеге асыру мақсатында жоспарлы түрде жұмыстар атқаруда.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі-Алматы. «Сөздік-Словарь» 2005.

2. Фердинанд де Соссюр. Курс общей лингвистики // Труды по языкознанию. - М. : Прогресс, 1977. - 695 с.

3. М.Қ.Садуақасова ҚҒӘК-нің әдіскері. «Көптілді білім беру- басты бағытымыз». Ғалам тор материалы

4.Г.И.Досманова «Қазақ мектептеріндегі шетел тілі» № 5-2009 .

5. «Үш тілде оқыту- заман қажеттілігі». Қазақстан мектебі . №8-2011

6. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.2006 жылғы 1 наурыз

7. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.2011 жылғы 28 қаңтар

8. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.9 бап

9.Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңы 2007 жыл, 11 қаңтар № 217-3; ]











© 2010-2022