Доклад Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі

Раздел Иностранные языки
Класс 9 класс
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Баяндама

Қазақ тілі және қазақ әдебиет пәнінің мұғалімі Шакаева АТ КММ « Милютин орта мектебі»

Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі

Өзге ұлт өкілдері бөлімдерінде оқытылатын қазақ тілі сабақтарының мақсаты - тіл үйренушілердің сөздік қорын дамыту, оқу техникасын қалыптастыру, дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, сөйлем құрылысын меңгерту, қазақ тіліне тән дыбыстарды айтып, сөз ішінен ажырата білуді үйрету.

М.М. Жанпейісованың «Модульдік интерактивтік оқыту технологиясын» өз тәжірибемде жиі пайдаланамын. Бұл технологияның ерекшелігі - оның білімді меңгеруі, тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді, яғни, жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл т.б.) ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ, тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі бекіту, қарым -қатынас, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады.

«Модуль дегеніміз - қандай да бір жүйенің біршама дербесбір бөлігі» (С.И.Ожегов).

Ал, «технология» гректің «шеберлік» деген сөзінен шыққан.

Модуль - міндетті түрде студенттің білімі мен біліктерін тексеру элементі бар оқу материалының логикалық аяқталған бөлімі. Модульді құрастырған кезде оның мазмұнының байланыстылығы, логикасы, элементтерінің бір - бірімен өзара байланыстылығы және олардың бір - бірінен даралануы, ажыратылуы, ерекшелігі негізге алынады.

Модульдік оқытудың өзегі - оқу модулі. Модульдік оқыту - бұл тіл үйренушінің өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі.

Бұл технологияның мақсаты:

1. Тіл үйренушінің өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдайлар туғызу. Өз бетінше білім ала білуі, өзін-өзі басқара алуы;

2. Өзін-өзі анықтай алуы;

3. Өзін- өзі реттей білуі;

4. Өзіне-өзі сенімді болуға тәрбиелеу;

5. Өзіне-өзі баға бере білуі;

Міндеттері:

1. Тіл үйренушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді жұмыс жүргізу;

2. Тіл үйренушілерге өзіне сын тұрғысынан қарау түсінігін қалыптастыру. Әңгіме, пікірталас, іскерлік ойындарды, тәрбиелік жұмыстарды кеңінен пайдалану.

Модульдік оқыту технологиясының ерекшеліктері:

1. Модульдік оқытудың мақсаты - студенттің өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту;

2. Кіріспе бөлімінде оқытушы модулдің құрылымы мен оны таныстыру бағыттарының мақсаттарына, не үшін керек деген мәселелерге назар аударады.

3. Диалог кезеңі тәрбиелік мәні бар мәселелерді кешенді түрде игеруге арналады.

4. Диалог бөлімінде қайта оралу принципі ұсталады. Ол қайталау емес, әр қайта оралғанда тәрбиелік тақырыптардың мазмұны күрделенеді.

М.М.Жанпейісованың технологиясында модуль

3 құрамды бөліктен тұрады:

1. Кіріспе

2. Сөйлесу

3. Қорытынды

Кіріспе бөлімінде : оқытушы тіл үйренушілерді оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан соң тіл үйретуші осы модульдің барлық уақытында есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде), сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді. Тақырып мазмұны (тұтас тақырып немесе тарау бойынша) «өсу» бағытымен - қарапайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипаттағы тапсырмаларға, зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай бірнеше мәрте қайта оралып отыру әр оқушыға оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытады. Психологтардың пайымдауынша, әрбір дербес тарауды оқып-үйрену үш негізгі кезеңнен тұрады: кіріспе-қызықтырушылық, танымдық және рефлексиялық-бағалау кезеңдерінен тұрады.

Сөйлесу бөлімінде: әр тіл үйренушімен оқу материалдарымен жұмыс істей отырып, олардың өз қабілетін, ынтасын, ойын (қабылдауын) ауызша, жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік беріледі. Студентердің танымдық процессін арттыру үшін топты 5-6 адамнан тұратын шағын топтарға бөлу арқылы негізінен студенттердің өзара әрекет етуіне бағытталып құрылған. Тіл үйренушілердің танымдық қызметі әр сабақта үш күрделік деңгейде берілген оқу материалын тыңдау, жазу, көру және айту мүмкіндігі болатындай етіп дайындалған. Оқытудың ойын түрінде ұйымдастырылуы және әр түрлі белсенді формаларды қолдану оқытудың міндетті шарты болып табылады. Сөйлесу бөлімінде алғашында оқу материалын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыру мақсатында кейіннен алынған білімді талдау, жинақтау және бағалау мақсатында оқытудың белсенді формалары қолданылады. Оқу модулінің бұл бөлімі тарауды тұтас оқып үйренудің екінші танымдық кезеңін іске асыру болып табылады.

Оқу модулінің сөйлесу бөлімін даярлағанда оқытушы оқу материалының негізгі мазмұнын бөліп құрастырмайды.
Мұнда тіл үйренкшілер оқу материалына қайта оралып, пысықтап, бекітуі үшін оның әр сабақта жеке бөліктермен берілетіні есепке алынуы керек, бұл бөліктерде қысқаша сыйымды түрде тұтас тараудың мазмұны беріледі. Пысықтауды қажет ететін материалды мұғалім

үш күрделілік деңгейінде дайындайды.

Үш деңгейдің қайсысын тандайтынын әр студент өзі шешеді.Мысалы, 3-деңгей төменгі, 2-деңгей орташа, 1-деңгей білімі жоғары білімді студенттерге арналады. Сөйлесу бөліміндегі білім дәрежесін бағалауда өзін-өзі бағалау, топтық бағалау, бірін-бірі бағалау әдістері пайдаланады. Дарынды балалар сабақта міндетті түрде, үнемі аса жоғары күрделілік деңгейінде жұмыс істейді, бұл олардың интеллектуалдық қуатын жүзеге асыруға ықпал етеді. Көшбасшылық (лидерлік) қабілеттері бар студенттер «кеңесшілер» немесе «топ жетекшісі» рөлдері арқылы өздерін танытады. Жақсы оқитын студенттердің көпшілігі 1немесе 2- деңгей тапсырмаларын таңдап, оны жақсы орындайды. Білім деңгейі орташа топтарда 3, 2, кейде ғана 1-деңгей тапсырмалары таңдалады. Білім деңгейі төмен студенттер әдетте 3-деңгей тапсырмаларымен жұмыс істеуден бастайды. Сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында сөйлесуді қамтамасыз ету үшін тілдік орта жағдайларын жасап, тіл үйренушілердің қызығушылықтарын арттыру мақсатында оқыта-үйрету ойындары жүргізіледі. Бұл бөлімнің сабақтарын жоспарлағанда оқытушы тіл үйренушілердің өзара сөйлесуін қамтамасыз етуге баса көңіл аударады.

Қорытынды бөлім. Бұл бөлім- тарауды немесе тақырыпты оқытудың тұтас циклін анықтайтын соңғы бөлімі. Ол тіл үйренушілердің сөйлесу бөліміндегі танымдық қызметі барысында қалыптасқан білім, білік, дағдыларын бақылауға, тексеруге және бағалауға арналған. Осы бөлімде студенттер өз қызметін талдайды, яғни баға алады, бұл соңында әр тіл үйренушінің танымдық қызметінің жалпы оқу нәтижесін анықтайды. Оқу модулінің қорытынды бөлімі - бақылау.

Қорытынды бөлімінде бақылаудың бірнеше түрі бар.

Біріншісі, міндетті-тестілеу.

Екіншісі, оқытушының өз тандауы бойынша сынақ, бақылау жұмысы, диктант. Бұл модуль бойынша екі немесе одан да көп бақылау түрлерін қолданған дұрыс, өйткені оқу материалын игеру дәрежесін бір ғана тестілеу арқылы анықтау мүмкін емес. Білім деңгейін тексеру және бақылау тәсілі ретінде тестілеу оқыту нәтижесінің мөлшерлік көрсеткіші болып табылады, бұл аса маңызды. Сонымен қатар тестілеу тұлғаның психологиялық қорғауын қамтамасыз етеді, ішкі кедергілерін жояды, өйткені бақылаушымен қатынас жанама түрде жүреді. Бұл осындай бақылау түрінің жағымды жағы. Тестілеу бақылаудың қажетті түрі, бірақ ол бақылаудың басқа түрін қайталап қолдануды керек етеді.

Оның мақсаты:

а) білім деңгейін әділ бағалау;

б) бағасын жақсартуға мүмкіндік беру.

Егер бақылаудың бір түрінен нашар баға алынса, бақылаудың басқа түрі оны жөндеуге мүмкіндік береді. Ал сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында оқушылардың бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалануы құпталып келсе, енді қорытынды бөлімінде студент өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс. Оқушы білімін бақылаудың формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе диктант оқу пәнінің ерекшілігіне орай қолданып, оқу модулінің осы бөлімінде беріледі.

Жалпы оқытудың модульдік технологиясын жоғарғы оқу орындарында көптілді бөлімінде оқитын студенттеріне қолдану өте тиімді. Осы модульдік оқытуда оқытушы қандай жұмыстар атқарады?

1.Оқу модулінде сабақтың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты әрбір студенттің қабілетіне,түсінуіне ерекше көңіл бөледі.

2.Тақырыпқа сай жаңа сөздерді тіл үйренушілерге меңгертеді.

3.Сөздер,сөз тіркестері арқылы сөйлем құратады.

4.Грамматиканы тірек сызба арқылы түсінікті етіп үйретеді.

5.Деңгей бойынша студенттердің қабілетіне сай тапсырма береді.

6.Тақырып бойынша өз ойларын дұрыс жеткізе білуге баулып,сауатты жазуға дағдыландырады.

7.Тіл үйренушілердің бір-бірімен диолог құру арқылы сұхбаттасуына көмектеседі.

Ал,тіл үйренуші өтілген модуль бойынша нені меңгеруі қажет,қалай жұмыс жасауы керек?

1.Тіл үйренушілер өтілген модуль бойынша тақырыпты өз қабілеттеріне қарай әңгімелеп беру.

2.Сөз тіркестерін сөйлемдерде дұрыс пайдалану.

3.Өтілген грамматиканың жасалу жолдарын есте сақтап,сөйлесімде дұрыс пайдалана білу.

4.Сызба арқылы сөйлем құрып,сөйлем арқылы әңгімелеу.

5.Сұрақтарға жауап беру.

Модуль жалпы мазмұнға кіретін негізгі мәселелерді жүйелі түрде көрсетіп,оны оқытушы үшін де,студент үшін де нақтылы түрде айқындап береді.Оқытушы модульдерді қандай тәртіпте оқыту керектігін білсе,тіл үйренуші модульден нені білуге,қандай жұмысты жасау керек екенін біледі.

М.М. Жанпейісованың модульдік интерактивтік оқыту технологиясының тиімділігі:

 тіл үйренушінің танымдық қабілетін дамыту;

 танымдық процестерді дамыту;

 оқуға қызығушылық таныту;

 белсенді сөздік қорын, ауызша және жазбаша тілін дамыту;

Қазақ тілін оқыту процесін жандандыратын,сапасын арттыратын әдістің бір түрі осындай технологиялық оқу құралдары. Сонымен, қорыта айтқанда, қазіргі қоғам талабына сай,оқыту процесін тиімді ұйымдастыру үшін жаңа технологияларды қолдану керектігі сөзсіз. Оқытушының әдістеме түрлерін әр сабақтың қоятын мақсатына сай талғап,шеберлікпен тиімді қолдануы студенттердің қызығушылығын арттырып, тілге қабілетін, өзіндік ізденістерін дамытуға ықпал етеді. Жаңа технологияларды қолдану барысында студенттердің пәнге ынтасы, белсенділігі артып, білім сапасы тереңдейді. Ізденімпаздық, дербес ойлау, өзіндік қорытындылау қабілеттері дамиды.





Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушының дамыту құралы ретінде. -Алматы: 2006

2. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы: «Атамұра»,2007.



© 2010-2022