Өзгеріс не үшін қажет?

Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды  өзгерістер  әлемдік білім беру жүйесінде әртүрлі ой-пікірлер тудыратын өзгерістерді қайта қарау қажет екендігін айғақтап отыр. Жаһандану кезеңінде білім жүйесіндегі реформаторларға да, жалпы мектептер үшін де,  соның ішінде мұғалім үшін де ең басты мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырға оқушыларға нені оқытуымыз қажет?» [1]   Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көш­басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақс...
Раздел Информатика
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Есмагамбетова Динара Ахметовна Мұғалім портфолиосы А есебі

№2 топ 1 деңгей

Семей қаласы 30.05.2014 жыл


Өзгеріс не үшін керек?


Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесінде әртүрлі ой-пікірлер тудыратын өзгерістерді қайта қарау қажет екендігін айғақтап отыр. Жаһандану кезеңінде білім жүйесіндегі реформаторларға да, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалім үшін де ең басты мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырға оқушыларға нені оқытуымыз қажет?» [1]

Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында білім беру жүйесінің жаңаруына баса назар аударды.

Білім беруді жаңарту оқушыларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен бірге, оны қолдана білуге, яғни функциональдық сауаттылықтарын немесе құзыреттіліктерін қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.

Одан басқа, білім беруді жаңарту қазіргі оқыту үдерісін оқушы тұлғасын тәрбиелеуге, оларға ұлтжандылық құндылықтарды, мораль мен адамгершілік нормаларды, ұлтаралық келісім мен төзімділікті, рухани және әлеуметтік, дене дамуын, заңға бағынушылықты дарыту үдерісіне бағдарлануға тиіс.

Жаңа технологияларды, заманауи құрал-жабдықтарды өмірде жүзеге асыру және дамыту үшін, болашаққа жаңа бір серпіліс беретін жаңа міндеттерді өз алдына қоя алатын және оның шешімін тез арада таба алатын, әлеуметтік және өндірістік салада тың бастамаларды қолдана білетін, ой-қиялы ерекше дамыған мамандар өте қажет. [4]

Бұл жағдайда білім беру қандай болуға тиісті? Әлемдік білім беруді дамытудың басымдылығы көрсеткендей, қазіргі жағдайда білім беру оған қоғам мен мемлекет тарапынан қойылатын талаптарға сәйкес болуы керек, сондықтан, әлеуметтік өзгерістерге бейімделуге қабілетті әлеуметтік-бейімдеуші механизм ретінде көрініс береді.

Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі - белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру. Ескі мазмұнды ығыстыра отырып,елімізде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. Әлемнің оқыту технологиялары жоғары дамыған елдерінің тәжірибесіне назар аударсақ, түпкі мақсаты - баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, яғни, бірінші орында баланың білім, білігі мен дағдысы емес, жеке тұлғаның білім алу арқылы дамуын қояды.

Осындай барлық жағдай жасалып отырған білім ордасының ұстаздарына талабы таудай дарынды жеке тұлғаны дамыту, яғни К.Ушинскийдің «Бала балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де мұғалімнің қолында» деген сөзі аталған міндетті жүзеге асыру жолында ұстазды үлкен асуларға жетелейді, жауапкершілігін арттырады. Біздің басты мақсатымыз - оқушылардың өз бетінше білім алатын шығармашылық деңгейін көтеру. Бұл мақсатты жүзеге асыруда әрбір мұғалім білім стандарты талабына сәйкес инновациялық негізде еңбек етуге тиісті.

Біздің мемлекетіміздің білім жүйесін әлемдік стандарттарға сай болатындай жетілдіруді түсіну үшін, мен шетел мемлекеттердің үздік білім жүйесін, соның ішінде білім деңгейін өсіруге әсер ететін маңызды факторларды қарастырдым. Әр мемлекеттің білім жүйесі әлеуметтік-экономикалық дамуымен, тарихи - ұлттық мәдениетімен ерекшеленеді, сонымен қатар ұқсастықтары да бар.

Ең үздік білім жүйесін құра білген Жапония, Оңтүстік Корея және Финляндия елін қарастыруды жөн көрдім.

Берілген мемлекеттердің білім жүйесін қарастыра отырып, менің түйгендерім, жапон елінде балалар қиындықтарды өздері шешеді. Олардың бар қиындықтары оқуда ғана, сондықтан олар емтихан тапсыру арқылы өзінің орнын анықтайды. Егер жақсы білім алса, мемлекеттік жоғарғы оқу орындарында оқуын жалғастырып, мемлекеттік қызметке орналаса алады. Оқу деңгейі төмендеу болса, жеке меншік қымбат оқуға түсуге мүмкіндігі ғана болады және оны тамамдаған мамандарды жұмысқа алмайды. Сонымен олардың қоғамда бөлінуі бала кезінде емтихандардан өтуіне байланысты, бәсекелестік ерте жастан басталады. Білім берудегі тәрбие мен оқудың негізгі саясаты - ерекше ойлайтын, шығармашыл, жан дүниесі бай тұлға тәрбиелеу. Барлық білім бөлімдерінің мақсаты - өскелең ұрпағына дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын үйрету. Ол елде мектепке дейінгі білімге көп көңіл бөлінеді, кіші жастағы балаларда қарым-қатынас дағдысы қалыптасады, ұжымдыққа баулитын құндылықтар өте маңызды. Балаларға отбасының тәрбиесі өте маңызды, өмірінің мәні балалардың тәрбиелі болуына байланысты екенін айтады. Кіші және орта буындарда топтық тәртіппен оқытылады, топ құрамы іс-әрекетінің тиімділігіне сәйкес 7-8 баладан тұрады. Әңгімелеуші құрбысына қалай қарау оның пікірін тыңдай білу, өзін көрсету дағдыларын қалыптастырады.

1870 жылы Жапонияда бастау алып, осылайша Батыста қолданылатын «Іс-әрекеттегі зерттеу» тәсілінен 70 жыл бұрын қолданыла бастаған сыныптарды зерттеуге арналған «Lesson Study» тәсіліне ерекше тоқталғым келеді.

Lesson Study - мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл.

Lesson Study-ге шараны бірлесе жоспарлап, өткізетін, қадағалайтын, оқыту мен оқуды талдай отырып, өз қорытындыларын қағаз бетіне түсіретін мұғалімдер тобы қатысады. Lesson Study циклін өткізу кезінде мұғалімдер оқыту тәжірибесіне жаңа әдістер енгізеді немесе оны жетілдіреді, кейін ашық Lesson Study өткізу немесе жұмыс сипатталған құжатты жариялау арқылы әріптестеріне таратады. Lesson Study бастауыш және орта мектептерде негізгі пәндер бойынша оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында, сонымен қатар оқыту үшін бағалау сияқты тәжірибелік әдістерді әзірлеу мақсатында табысты қолданылады. [3]

Менің мектебіме Жапон елінің білім беру реформасының ішіндегі Lesson Study тәсілін кіріктіргім келеді. Бұл тәсіл арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқыту әдістемесін жетілдіргім келеді.

Әлемдегі білім беру жүйесі ең үздіктердің қатарында Финляндия елі. Бұл елдің білім беру жүйесіндегі реформасына және оны бағалауына тоқталсақ, дұрыс құралған реформа - білімнің табысты болуына, баланың қоғамға сай бейімделуіне ықпал етеді. Елдің экономикалық дамуы, заманына сай мектептің бағалануы, білім жүйесінің дамуы реформаның негізгі аспектілерімен сипатталады. Реформаның негізгі аспектілері оқу бағдарламасын қайта құру, реформаның дидактикасы, мектепті және білім сапасын басқару. Білім жүйесі балабақшадан басталады. Бүкіл қоғам болып баланың дамуына зиян келтірмей балабақшадан мектепке көшіру жағдайын ойластырады. Негізгі мектеп бітірсе де емтихан тапсырылмайды, дифференциалды сыныптар жоқ, бар сыныптар біркелкі.

Финляндияда оқушыға сенім, мұғалімге сенім және мектепке сенім деген принциппен жұмыс істейді. Финляндияда әрбір мұғалім өзінің қоғаммен қалай бағаланылатынын біледі.

Реформаның негізгі принциптерінің бірі дамытуға бағытталған білім берудің мазмұны мен құрылымының тең құқықтылығы, қоғамда және тәрбиеде тең құқықтылықты дамыту. Үздіксіз білім берудің қамтамасыз етілуі білім жүйесінің біртұтас барлық тармақтарында келесі жоғары сатыға «үздіксіз білім» принципі бойынша жылжу мүмкіндігіне негізделген. Оқушылардың оқудағы қиындықтарды барлық деңгейде жеңе білуі оқудағы проблемаларға ерекше көңіл аудартады. Оқу материалдарында басты назар нақты мақсаттар мен оқу тапсырмаларына бөлінеді. Мақсатқа жетуі қалыптастырушы және жиынтық бағалау арқылы қадағаланады. Қалыптастырушы бағалау материалды оқу кезінде қай бөлімінде қиындық туындады, қандай оқушының оқуда проблемалары бар екенін ажырата алуға көмектеседі. Оқудағы қиындықтың алдын алу дереу оқытуды түзету арқылы іске асырылады, өзіне, өз күшіне сену, қабілеттеріне және оқуға деген оңтайлы көзқарас табысқа деген ұмтылыспен іске асады. Мұғалім мақсатына сай сабағын жоспарлап, әр мақсаттың маңызын түсініп оқушының оқуы үшін іс -әрекетін алға жылжуын бақылай алады, оқу үрдісіне әр баланың ерекшелігін ескере отырып түзетіп, ынталандыра отырып кері байланыс жасай алады.

Финляндияның білім жүйесінің біздің елмен ұқсастығы білім алудың балабақшадан басталатындығы, менің мектебіме реформаның мына ерекшеліктерін қолдануға болады деп есептеймін: оқушыға, мұғалімге және мектепке сенім деген принциппен жұмыс істейді, «үздіксіз білім» принципін қолданады, білім алу оқушының табысқа жетуіне бағытталған, бағалаудың әр түрлі әдістерін пайдаланады.

Жоғары білім деңгейі бойынша мемлекет рейтингісінде Оңтүстік Корея екінші орында тұр.

Корей Республикасының білім беру жүйесі соңғы бірнеше он жылдықта жоғары дәрежеде тиімді дамуы арқылы әлемдік қауымдастықта үздік деп бағалануда. Электрондық оқыту саласында Корей Республикасы әлемде көшбасшы деп танылған.

Білім беру жүйесі үш деңгейлі: бастауыш, орта және жоғары мектептер (6+3+3=К12).

Кореяда «Жалпыға бірдей білім» және «Өмір бойы білім алу» ұстанымдары тәжірибеде іске асырылады.

Бүгінгі күні Корей Республикасында электрондық оқыту адами қорлардың сапасын көтеру катализаторы ретінде қарастырылады. SMART-оқытудың жаңа моделінің басты мақсаты - бәсекеге қабілетті, оқушылардың білімі мен дағдыларын дамытуға бағытталған жоғары деңгейлі ХХІ ғасыр заманауи ақпараттық қоғамның қажеттілігін қамтамасыз ететін ортаны құру:

  • ықтымақтастық;

  • коммуникация;

  • әлеуметтік жауапкершік;

  • сыни тұрғысынан ойлау қабілеті;

  • мәселені жылдам және сапалы шеше білу.

  • Корей Республикасында электрондық оқытуды дамыту стратегиясы

Корей Республикасында білім берудегі АКТ стратегияларын іске асыру мен саясатын тарату әлемдік деңгейде АКТ -инфрақұрылымын бастауыш, орта, жоғары мектепте, ашық білім беру кеңістігінде білім беру контенттерін пайдалану арқылы білім сапасын арттыруға және АКТ-ны педагогтардың біліктілігін жетілдіруде сабақ беру практикасына кіріктіруге көңіл бөлінеді.

Корей Республикасында электрондық оқытуды дамыту инфрақұрылымының дамуына сәйкес дәйекті түрде келесі алгоритм бойынша дамыған:

→E-learning;

→ U-Learning (Ubiquitous-Learning, кез-келген жерде білім алу мүмкіндігі, кең электрондық оқыту);

→ M-Learning (mobile, мобильді оқыту);

→ SMART- education.

SMART education (оқыту) - әлемдік контенттің көмегімен интерактивті білім беру ортасындағы икемді оқыту, яғни оқытудың кең көлемде, шексіз, қолжетімді түрі. Оқыту әрқашан да және баршаға қолжетімді: білім алушылардың санына, уақытқа және кеңістік көрсеткіштеріне тәуелсіз. [6]

Оңтүстік Корея елінің білім беру жүйесінен менің мектебіме «Жалпыға бірдей білім» және «Өмір бойы білім алу» ұстанымдарын, электрондық оқытуды дамыту инфрақұрылымын E-learning; U-Learning (Ubiquitous-Learning, кез-келген жерде білім алу мүмкіндігі, кең электрондық оқыту); M-Learning (mobile, мобильді оқыту); SMART- education білім беру контенттерін пайдалануды енгізу арқылы білім сапасын арттыруға көмектесер еді.

Жоғары көрсетілген мемлекеттердің ең үздік білім жүйесін қарастырғаннан кейін, менің мектебіме келесі аспектілерді кіріктіру қажет деп есептеймін.

Жапон елінің оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында Lesson Study тәсілі. Финляндия елінің оқушыға, мұғалімге және мектепке сенім деген принциппен жұмыс істейтіндігін, білім алу оқушының табысқа жетуіне бағытталғандығын, бағалаудың әр түрлі әдістерін пайдаланатындығын енгізгім келеді.

Оңтүстік Корея елінің білім беру жүйесінен менің мектебіме «Жалпыға бірдей білім» және «Өмір бойы білім алу» ұстанымдарын, электрондық оқытуды дамыту инфрақұрылымын E-learning; U-Learning (Ubiquitous-Learning, кез-келген жерде білім алу мүмкіндігі, кең электрондық оқыту); M-Learning (mobile, мобильді оқыту); SMART- education білім беру контенттерін пайдалануды енгізу арқылы білім сапасын арттыруға көмектесер еді

Осы үш мемлекеттің мәселені шешу жолдары әртүрлі болғанымен, білім саясатының стратегиялары әрқилы болғанымен, олардың барлығы білім беруде биік белестерге жеткен.

Қазақстанның білім жүйесіне де реформа қажет, өйткені ол заманауи экономика үшін қажетті аналитикалық қабілеттілікті дамытуға бағытталмаған.

Мемлекет басшысы қойған талап - жаңа сапалы білім беру жүйесіне көшу. Елді елең еткізетіні - электрондық білім беру, сапаны ұлт деңгейінде қадағалау, Кембридж университеті бағдарламасы бойынша оқытушылар біліктілігін арттырудың мүлдем жаңа жүйесі, колледж және жоғары оқу орындарының түлектерін тәуелсіз сертификаттау. Сонымен қатар академиялық мобильділік бағдарламаларын жетілдіру, жыл сайын 1000-нан астам таңдаулы шетел профессорларын шақыру, жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру және т.б. шаралар арқылы жоғары білім беру сапасын жақсарту. [5]

Мектептегі іс-тәжірибені өзгерту үшін не жасауымыз қажет? Мектеп іс-тәжірибесін қалай өзгертуімізге болады? Бұл сұрақтардың жауабын Назарбаев интеллектуалды мектебінің базасынан ашылған педагогикалық шеберлік орталығы мұғалімнің біліктілікті көтеру курстарынан табуға болады.

Курста мұғалімдер Кэмбридж бағдарламасын игереді, оның негізгі идеясы оқушыларды ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындау үшін мектеп тәжірибесіне қалай өзгеріс енгізіп, осы шара барысында күтілетін нәтижелерге қол жеткізілгенін қалай бағалау қажеттігін терең түсінуді көздейді. [1]

Қазіргі мектептерде нені өзгертуге болады деген сұрақ мені үнемі ойландыратын. Білімде түпкілікті өзгерістер бұрыннан қолға алынған, бұны өз жұмысын жақсы көретін әрбір педагог түсінеді. Жоғарыдан түскен нұсқауларды тоспай, реформалауды өзімізден, өз сыныбымыздан, өз мектебімізден бастауымыз қажет. Қазіргі уақытта мұғалімдердің оқу мен оқытуда қолданатын жаңа әдіс-тәсілдері біздің мемлекетіміздің білім жүйесінің реформасына қосқан үлесі деп санаймын. Біз, мұғалімдер, бәріміз оқу мен оқытуда жаңа әдіс тәсілдерді қолданып жұмыс жасағымыз келеді, өйткені оқушылар бізді әруақытта құрметпен еске алуларын қалаймыз.

Енді менің алдымдағы маңызды тапсырманың бірі - дамып бара жатқан әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүріп қана қоймай, болып жатқан құбылысқа белсенді әсер ете отырып, оны жақсартуға бейім тұлғаны ғана емес, көшбасшы тұлғаны қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Оқытуды басқару және көшбасшылық саласындағы өзекті өзгерістерге қатысты тарауының мазмұнымен таныса отырып, қазіргі кезде «көшбасшылық» санатының мәні өзгергендігін білдім. Дәстүрлі және инновациялық көзқарастарды ой елегінен өткізе отырып, және де жіктей келе айырмашылықтарын аңғардым. Менің осыған дейінгі түсінуім бойынша, көшбасшы деп ұжымның бірінші басшылары, сондай ақ белгілі бір мәртебесі мен тиісті өкілеттігі бар тұлғалар деп санасам, қазіргі түсінуіме сәйкес көшбасшылық шынайы мәнмәтінмен үйлескен, басқаға «қызмет көрсететін» және ықпал ететін белгілі бір инновациялар мен шешім қабылдауға бастама жасайтын, барынша қолайлы және өзгеріп тұратын оқуды қамтамасыз ететін тұлға екеніне көзім жетті. [1]

Біздің мектеп оқушыларының өзін-өзі реттеуі төменгі деңгейде болғандықтан, келесі бағыттарда жұмыс істеуді жоспарлаймын:

  • Топтық жұмыс арқылы өзін-өзі реттеу деңгейін көтеру.

  • Дарынды және талантты оқушыларды анықтау.

  • Жаңа әдіс-тәсілді іс-тәжірибеге енгізу үшін қолайлы жағдай жасау.

Бұл мектепте мен болашақ рөлімді қалай елестетемін?

Педагог деген грек тілінен аударғанда «Бала көсемі», яғни өзіне көшбасшылық функциясын ала алатын, артынан оқушылар ере алатын, ұқсағысы келетін адам деген сөз.

Януш Корчакқа ұқсайтын педагогтар көп емес. Бірақ егер өзіңді өзгерткің келмесе, педагогикалық үдеріске өзіңнің көзқарасыңды өзгерткің келмесе, онда ондай мұғалімдер ешқашанда болмайды. Мені әр уақытта осы ұлы адамның сөзі шабыттандыратын: «Мені жақсы көргені және мені мақтан тұтқандары үшін өмір сүрмеймін, мен өзім әрекет етіп, жақсы көруім үшін өмір сүремін. Маған қамқор болғандары емес, мен өзім әлемге және адамға қамқор болуға міндеттімін».[2]

Бұл сөздер нағыз Мұғалім, нағыз көшбасшының сөзі.

Көшбасшылық жолындағы бірінші қадам - бұл балаларға деген махаббат, содан кейін - кәсібилілік. Кәсібилілік деген өз пәніңді ғана жақсы білу емес, оқыта білуді үйрету, өздігінен білім алуы үшін негіз қалыптастыру.

Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де - білім. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр" деп атап көрсеткеніндей, ұстаз алдында жауапты да, қызықты да іс пен үлкен міндет тұр.


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Бірінші (ілгері) деңгей, Екінші басылым, Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014 жыл

  2. Корчак о себе. vp-ch.ru/node/30

  3. lessonstudy.co.uk/

  4. edu.gov.kz/

  5. orleupvl.kz/kz/novosti/183-bakytzhan-zhumagulov-kachestvo-obrazovaniya-dlya-nas-glavnej-vsego-

  6. orley-mangistau.kz

7


© 2010-2022