Сыни тұрғыдан ойлау

Тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулі қалай және неге енгізілгені туралы бір рефлективтік есеп. Қазақстан Республикасының мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсының үшінші (негізгі) деңгей бағдарламасын меңгеруде бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде бізге жеті модулді сабақтарымызда қалай ықпалдастыру керектігін үйретті. Мұғалімдер Бағдарламада қарастырылатын идеялар аспектілері аясында өз тәжірибелері туралы ой-тұжырымдарға сүйене отырып өзгереді. Олар о...
Раздел Информатика
Класс 5 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тайшина Макпал Турсынбековна Мұғалім портфолиосы А есебі

Қарағанды қаласы 3-деңгей

6-топ 21.11.2014

Тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулі қалай және неге енгізілгені туралы бір рефлективтік есеп.

Қазақстан Республикасының мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсының үшінші (негізгі) деңгей бағдарламасын меңгеруде бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде бізге жеті модулді сабақтарымызда қалай ықпалдастыру керектігін үйретті. Мұғалімдер Бағдарламада қарастырылатын идеялар аспектілері аясында өз тәжірибелері туралы ой-тұжырымдарға сүйене отырып өзгереді. Олар осы идеяларға сәйкес тәжірибелерінің жекелеген тұстарын анықтайды, зерттейді, бағалайды және дамытады делінген (1.14-бет). Осы тұжырымды негізге ала отырып, «бірінші бетпе-бетте» өткен бағдарламаның ішінен «сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін таңдадым. Сонымен қатар, сыни тұрғыдан ойлау - Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік (1. 49-бет). Бұл модулді таңдаудағы мақсатым жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Сын тұрғысынан ойлау модулінің мені қызықтырғаны баланың өзі ізденіп дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ол ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетте бағыттаушы, ұйымдастырушы. Сын тұрғысынан ойлау арқылы сабақта оқушылардың қызығушылығы артады. Өз ойын еркін жеткізеді және зерттей отырып, тұжырым жасайды. Өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс орындайды. Оқушылардың осындай қабілеттерін дамытуға әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдандым. Сабақтарымда жаңа материалды талдауға зор көңіл бөлдім. Өйткені, талданбаған шығарма оқушы жүрегіне жетпейді. Ізденіс арқылы әр баланың көңіл-күйін бақылауға, ой- пікірін байқауға мүмкіндік туады.

Егер мұғалім мен оқушыда сыни тұрғыдан ойлау тысқары қалып отырса, онда жалпы оқытуда үлкен қиындықтардың туындауына себебін тигізеді. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемде сабақ жүргізу барысында оқушыларға сыни ойлауға дағдыландыратын сұрақ қойылғанмен, олар оның жауабын бермеген жағдайда, уақытқа бағынып сұрақтың жауабын өзім айтып қойған жағдайлар өте көп болды. Осындай жағдайлардан шығуыма педагогтердің біліктілігін арттыру курсының пайдасы зор болды. Білім берудегі Кембридж Университетінің «сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулімен таныса отырып, өзіме қажетті маңызды деген жерлерін түртіп алдым. Оны мектептегі тәжірибе кезеңінде іске асыруға тырыстым. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету идеяларын іске асыруда мен әр түрлі жетістіктер мен қиындықтар және өзгерістерге тап болдым.

Қазіргі уақытта мектеп мұғалімінің алдында тұрған жауапты міндет - оқушыға тиянақты білім беру. Оқыту үрдісінде оқушылардың әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, өздеріне деген сенімін туғыза білу, оқушының білімге ынтасын көтере білудің маңызы ерекше. Ол үшін алдымен мұғалім мен оқушыларды сыни ойлауға дағдыландыру керек. Сыни тұрғыдан ойлауды - бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім ретінде маңызды деп санаймын (1. 48-бет).

Оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауды үйретуде алдымен 5-сыныпта информатика пәнінде «Компьютер-әмбебап есептеуіш машина» тақырыбын өткенде, сабақтың басында оқушыларды Джигсо әдісімен топқа бөлуде қолдандым. Ол үшін оқушыларға әр түрлі сурет қиындыларын тараттым да, оқушылардың төрт топқа бөлінулерін күттім. Бастапқыда оқушылар ұқсас суреттер бойынша топтаса бастады да, бірақ сан жағынан келмейтінін аңғарып, яғни біреуінде ескі компьютердің суреті болса, екіншісінде толық компьютер құрылғыларымен бар сурет бар, содан кейін оқушылар суреттеріне мұқият қарап, бір-бірінің суреттерін салыстыра отырып, ойлана бастады. Әділет деген оқушы қасыма келіп: «Мұғалім, қалай бөлінеміз?»,-деп сұрады. Мен:«-Әділет, қолыңыздағы суретке мұқият зер салып, тереңінен ойланып, қалай бөліну керектігін өзіңіз тауып көріңіз. Сіздің қолыңыздан келеді. Тырысып көріңіз,»-деп, Әділеттің сыни тұрғыдан ойлауына бағыт-бағдар бердім. Оны ынталандыра түстім. Ол бетіме жымия қарап, сыныптастарының қасына барып, олардың қолдарында қандай сурет екеніне назар сала бастады. Мен Әділеттен мұндай іс-әрекетті күтпеген едім. Әділет бастауыш сыныпта оқығанда ауылдық бөлімшеде тұрып, сабақты өте көп қалдырған оқушы. Қалаға дарынды балалар мектебіне келіп аздап қиналып жүр екен. Ол сабақта көбінесе белсенділік таныта қоймайтын, бірақ берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындап, сұрасаңыз жауап беріп, сұрамаған жағдайда көбінесе үндемей отыра беретін оқушы екенін сынып жетекшісі айтқан болатын. Бүгін өзі келіп, сұрақ қоюы, мен үшін күтпеген жағдай болды. Мен Әділеттің іс-әрекетінен, яғни таратылған суреттері бойынша топқа бөлінудің шешімін табуда өзі ойланбай, маған келіп амалын айтуымды сұрауынан, оның сыни тұрғыдан ойлана қоймайтынын аңғардым. Алайда қасыма келіп сұрақ қоюы оның сабаққа ынталанғаны деп білдім. Топқа бөлінуге екі минут уақыт кетті. Оқушылар қолдарындағы қағаздың суреттерінің мағынасына қарай топтасып, орындарына жайғасты.

Tопқа бөлінуде Төлегеннің басқа оқушыларға қарағанда сыни тұрғыдан ойлауы ілгері екенін байқадым. Мен оларға сол суреттер астындағы сөйлемдер не үшін жазылып тұрғанын сұағанымда Төлеген деген оқушы бірден тағы да осы сөйлемдер арқылы топтарға бөлінетіндіктерін айтты. Ол баланың бірден сыни ойланатынын көре алдым. Мәселені шеше алды. Менің тарапымнан берілген ақпаратты толықтырып, мәніне тез жетті. Ол өзінің әр ісіне жауапкершілікпен қарап, сабақта әрдайым белсенділік танытып жүреді. Сыни тұрғыдан ойлауды үйретуде алғашқы әдісім біршама маңызды бола білді. Менде келесі сабақтарда топтастырудың бірнеше түрлерін қолдану туралы ой қалыптасты.

С. Мирсеитова өз еңбектерінде: «Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту үшін когнитивті психологияның негізгі түсініктері мен тұжырымдамаларына көңіл аудару қажет. Осымен байланысты алғашқы ұштастырулардың ішіндегі ең танымалы Блум таксономиясын қарастырамыз және бұдан әрі оған үнемі жүгінеміз»,-деген. Осыған байланысты оқушылардың міндеттерін анықтау үшін, материал бойынша сұрақтар дайындадым. Жаңа сабақты бастамас бұрын, қызығушылықты ояту сатысында жаңа идеяны түсінуге платформа дайындау мақсатында оқушыларға мынадай сұрақтар қойдым: Компьютер сөзін қалай түсінесіздер? Біз компьютерді не үшін қолданамыз? Компьютер қашан және қайда пайда болды? Сіздер қалай ойлайсыздар, бірінші термин пайда болған ба, әлде, техника пайда болған ба? Сабағымызда Мерсердің сыныптағы талқылаудың үшінші зерттеушілік түрі көрініс тапты. Ол ұсыныстар жайлы күмән туып, қарсы дау айтылып, негізделген дәлел мен сыни тұрғыдан ойлау арқылы жалғасты (1. 52-бет). Соңғы сұраққа көп оқушылар жауап берді. Мадияр деген оқушы бірінші термині пайда болды, сосын осы атауға сәйкес затты ойлап шығарды деді. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамытудағы ең оңтайлы тәсіл - балалардың жеке басының тәжірибесіндегі дәлелдерге мән беруге ынталандыру (1. 49-бет) делінген. Осыған сәйкес мен Мадиярға мынадай сұрақ қойдым: «Мадияр, сені ата-анаң дүниеге әкелмес бұрын, алдын-ала есіміңді ойластырып қойған ба?»,-дедім. Ол ойланып отырып қалды.

2008 жылы Александр: «Балалар күннен-күнге қолжетімділік артып келе жатқан анағұрлым кең коммуникациялық үдерістерге тиімді және ойдағыдай қатысуға мүмкіндік беретін сыни тұрғыдан ойлау мен зерттеу дағыдаларын дамытуы керек»,-деген. Осыған сәйкес, мен бірінші сабақты жинақтау мақсатында, диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту үшін, оларға «Менің қиялымдағы компьютер» деген тақырыпта постер салу тапсырмасын бердім. Оқушылар қиялдарына ерік беріп, өздерінің армандарындағы түрлі компьютерлерді салыпты. Нұрғиса деген бала белгілі Apple және Samsung фирмалары бірігіп жұмыс жасаса, екеуінің ерекшеліктері бірігіп, өте мықты компьютер шығарар еді деген пікір айтты. Біржанның тобы сұраққа сөйлеп жауап беретін компьютерді армандайды екен. Топтар «зерттеушілік әңгімеге» түсіп, өз жұмыстарын жақсы қорғап шыға алды.

Сабақ соңында оқушылардың сыни ойланғанын Post It әдісін қолданғанда көре алдым. Технологиялық және индустриялық зерттеуші Дональд Шон өз еңбектерінде рефлексивті тәжірибені мұғалімдердің проблеманы анықтау және өз іс-әрекеттеріне эксперимент жүргізе отырып, шешу әдісі ретінде қарастырған (1.53-бет). Тек бұл жерде оқушылар рефлексивтік оқыту тұрғысынан мәселелерді мойындап, оларды шешудің тиімді құралдарын іздеген. Мысалы, Ақнұр деген оқушы: «Маған үй жұмысын айту және өз ойымды ашық жеткізу оңай болды. Топтық жұмыста сурет салу қиын болды. Келесі жолы бірлікті ескереміз. Компьютер жайлы тереңірек білгім келеді»,-деп жазыпты.

Екінші сабағымда топқа мен оқушыларды сөздер арқылы бөлдім. Сөздер өткен тақырыптан алынған. Оқушылар басында түсінбей, абдырап біраз жүріп қалды. Бір кезде Нұрсат: «Менің қолымда қағазда жазушы деп жазылып тұр, сонда мен қолданушылар деген жерге барам ба?»-деп маған сұрақ қойды. Мен оның дұрыс тапқанын айтып, басқа оқушыларға бағыт-бағдар болсын деп, оны мадақтадым. Осы әдіс арқылы мен оқушыларды бір жағынан үй жұмысына қаншалықты дайын екендігін, бір жағынан әлі де сыни ойлауларын дамыту керектігін көре алдым. Үй жұмысын тексеруде «сөздік диктант» әдісін қолдандым. Бұл жерде оқушылар өткен тақырыпты ой елегінен өткізіп, саралап, дәптер бетіне түсірді.

Сабақтың негізгі бөлімінде оқушылар «Түймедақ» әдісімен тақырыпты меңгерді. «Компьютердің құрылымы» тақырыбының мақсаты:

-Компьютердің құрылымдары туралы білу;

-Құрамдас бөліктерін ажыратуға үйрену;

-Компьютердің негізгі құрылғыларының міндеттері мен мүмкіндіктерін талдау болатын. Әр топқа түймедақтың жапырақшаларын тараттым. Оқушылар өз топтарына берілген құрылғыны және оның міндеттерін осы жапыраққа түсіру керек. Олар визуалды айғақтарға сүйене отырып, тақырыпты меңгерді. Түймедақтың күлтешесі алдын-ала тақтада ілулі тұрды. Жұмыстарын аяқтап, оқушылар жұмыстарын тақтаға іліп, тұтас гүл құралғанын көргенде өздері қатты қуанып кетті. Оқушылардан не үшін түймедақты алғанымды сұрағанымда, олар компьютердің құрылымы да осы гүлдің жапырақтары сияқты тұтас болса, біз дербес компьютерді көре аламыз деп жауап қатты. Александр тәжірибеде зерттеген диалогтің бес үлгісінің бірі - нұсқаулық, яғни, мазмұндама үлгісімен жұмыс жасады.

Александр айтқан диалогтің бес үлгісінің бірі - декламация. Ол тестілеу үшін дайындалған сұрақтар арқылы немесе бұрын өткендерді еске түсіруге ынталандыру үшін сұрақта берілген сілтемелерге сүйене отырып, жауапты ойлауға жол сілтеу арқылы жинақталған білім мен ұғымдарды толықтыру (1.51-бет). Осы анықтамаға сүйеніп, жаңа тақырыпты жинақтау үшін он сұрақтан тұратын тестті оқушыларға ұсындым.

Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлату үшін сабақтың қорытынды бөлімінде синквейн әдісін қолдандым. Оқушылар басында өте көп уақыттарын ойлануға жіберді. Басында тапсырманы жас ерекшеліктеріне сай алмадым ба деген менде ой туды. Дегенмен, ол ойымды оқушылар растамады. Фриман тексеру парақтары мұғалімдерді шатастырып, дарынды, талантты балаларды анықтау барысында қате бағыт беретіні жайында зерттеулерден мысал келтіреді. Бірақ тексеру парағында зерттеулерге негізделген және ең үздік оқушыларды анықтайтын сенімді өлшемдерді тиімді қолдануға болады (1.73-бет). Солардың бірі - ойлау қабілетінің жылдамдығы. Олар жоспарлауға көп уақыт жұмсағанымен, бірақ жоспардың жүзеге асуына тез жете білді. Сонымен қатар, синквейн әдісі оларға өте қатты ұнағанын өздері де кері байланыс жасағанда, мадақтау сэндвичі бойынша да ерекше атап, айтып кетті. Мен осы тапсырманы беру арқылы оқушылардың күрделілікке сүйіспеншлігін көре алдым. Күрделілікке сүйіспеншілік: қызығушылығын арттыру үшін олар күрделі ойын мен тапсырмаларға ұмтылады делінген(1.73-бет). Олардың қызығушылықтары артып, осы тәсілді алдағы уақытта тағы қолдануымды өтінді. Оқушыларыма өте қатты риза болдым.

Балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінен табуды қажет ететін негізгі ерекшеліктер бар. Олар:

- ұтқырлық: ең жақсы түсініктемені табуға ұмтылу; үзілді-кесілді жауаптарды іздеудің орнына сұрақтар қою; дәлелдерді талап етіп, кез келген дәлелді есепке алып отыру; эмоцияға емес, себепке негізделу(бірақ төменде айтылатын өзін-өзі тануға қатысты эмоция да болуы ықтимал).

- сыңаржақтылықтың болмауы:барлық қорытындыларды бағалау; болжамды көзқарастар мен мүмкіндіктердің барлығын қарастыру; баламалы интерпретацияларға ашық болуға ұмтылу.

- пайым: дәлелдердің дейгейі мен маңызын мойындау; балама жорамалдар мен мүмкіндіктердің орынды екендігін немесе артықшылығын мойындау.

- тәртіп: тиянақты, нақты және жан-жақты болу (барлық дәлелдерді есепке алып, көзқарастарға көңіл бөлу).

- өзіндік сана-сезім: өзіміздің эмоциямыз бен көзқарасымыздың, сеніміміз бен болжамдарымыздың субъективті екенін сезіну (1.53-бет) деп көрсетілген. Осы ерекшеліктерді мен сабақтарымның өн бойынан көре алдым. Солардың әрқайсысына тоқталып кетуді жөн көрдім.

Үшінші сабағымда негізгі бөлімде оқушылар «Компьютердің қосымша құрылғылары» тақырыбында постерлер қорғады. Әр топ өз құрылғысын постерге салып, оны қиып алып, ішіне сол құрылғы туралы мәлімет жазу керек болатын. «Принтерлер» тобы принтерге байланысты мәліметтерді Венн диаграммасы ретінде енгізіп, салыстырмалы түрде жазып қойыпты. Осы жерден мен ұтқырлықты көре алдым.

Екінші сабақтың тақырыбы «Компьютердің құрылымы» болды. Сол бойынша «Сұрақтарды түйістір де, түйінде» әдісін қолдандым. Оқушылар интербелсенді тақтада көрсетілген суреттер мен анықтамаларды топпен ақылдасып, сәйкестендіру керек болатын. Компьютердің құрылымына кіретіндерді атаңыздар, ақпаратты енгізу құрылғыларын көрсетіңіздер, ақпаратты шығару құрылғыларын атаңыздар және слайдтардың оң және сол жақтарын сәйкестендіріңіздер тапсырмалары көрсетілді. Оқушылар топпен ақылдасып сыңаржақтылық танытпай, өте белсенді жауап берді. Бүгінгі алған білімдерін қорытындылай отырып, өзіндік бағаларын көре алды.

Топтық жұмыста Ақнұр деген оқушыға өзара бағалау кезінде топ басшысы оған жоғары 10 балды қойған екен. Бірақ, Ақнұр өз білімін жетілдіру мақсатында әлі де болса, бүгінгі сабақта өз тарапынан білімін дамыту қажет деп 9 балды қойдыртыпты. Бұл жерде Ақнұр өзін-өзі реттей отыра, ары қарай өзінің оқуын реттей алады. Ақнұрдың бойынан тәртіпті оқушыны көре алдым. Біздің «Дарын» мектеп-интернатында шынымен де сыни ойлана алатын, талантты және дарынды балалардың оқитындықтарына көзім жетті.

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулі барлық жаңа әдіс-тәсілдермен тығыз байланысты болып келеді. Бұл модул оқушыларды сыни бағалау тәсілін де қарастырады. Мен өз сабақтарымда кері байланыс орнаттым. Сол себепті, бірінші «бетпе-бетте» үйренген түрлі бағалау түрлерін қолдандым. Олар: бағдаршам, мадақтау сэндвичі, талқылау бойынша серіктестер. Бағдаршам арқылы бағалағанда сары түсті таңдаған оқушылар болды. Сары түс - әлі де практика қажет, сұрақтарым бар деген мағынаны білдіреді. Нұрғиса деген оқушы бұл сұрақты басқаша қырынан танып, былай жауап берді: мен әлі де болса алған білімімді дамытқым келеді,-деді. Өзіндік сана-сезімі көрінді. Мадақтау сэндвичі бойынша, Мадияр жақсы сындарлы сын айта білді. Топта жұмыс жасағанда уақытты тиімді пайдалану керектігін айтып пайымдады.

Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады. Олар ауызша, жазбаша, көзбен шолу дәлелдеріне сенімсіздікпен қарай отырып, ештеңеге сенбейді, мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен келешекке ашық болады(1.54-бет). Қорыта келе, «сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін барлық сабақтарымда қолдана отырып, өзіме алғаным мол болды. Оқушыларды сыни тұрғыда ойландыра отырып оқыту барысында, олардың берілген тапсырмаларды тереңінен ойлап, бағалап, синтездеуге талпынғандарын байқадым. Қай модул болмасын, барлығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екендігін түсіндім. Александрдің тәжірибеде зерттеген механикалық есте сақтау, декламация, нұсқаулық, талқылау, диалог атты диалогтің бес үлгісінің элементтерін өз сабақтарымда көре алдым.

Осы сабақтарымда жаңа әдіс-тәсілдерді түрлендіре, жас ерекшеліктерін ескере отырып, сыни ойландыратын деңгейлі тапсырмалар болмағанын түсіндім. Болашақта осыны жоспарыма енгіземін. Сонымен қатар, оқушыларыма білім беруде сыни тұрғыда ойландыра оқытуды басшылыққа аламын. Себебі белгілі бір ақпараттарды талқылауда оқушылар бір-бірімен жаңа және ең тиімді тәсілді іздестіруге талпынады. Бәсекеге қабілетті және басқа адамдардың көзқарасын дұрыс қабылдай білетін, сыни тұрғыдан ойлау арқылы дәлелмен сөйлей алатын тұлғаның қалыптасатынына сенімдімін.

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.

  2. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде. С.Мирсеитова, Қарағанды, 2011.


© 2010-2022