Ашық сабақ Оңтүстік Американың ішкі сулары 7-сынып

Раздел География
Класс 7 класс
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сынып: 7 «А»

Тақырып: §40. Оңтүстік Американың ішкі сулары.

Сабақтың мақсаты:

Білімділігі: Оқушыларға Оңтүстік Американың ішкі сулары: өзен-көлдері, сарқырамалары жөнінде түсінік беру.

Дамытушылығы: Танымдық білік дағдыларын, өзіндік іс-әрекеттерін қалыптастыру, іскерлік қабілетін дамыту. Тез ойлауға, өз ойларын еркін де сауатты, нақты жеткізу қабілеттерін арттыру, өзгені тыңдап, топпен жұмыс жасауға үйрету.

Тәрбиелігі: Табиғатты аялап, қастерлеуге, өзен-көлдерді ластанудан қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: интерактивті тақта, Дүниежүзінің физикалық картасы, глобус, Оңтүстік Американың физикалық картасы; атлас, кескін карта, оқулық, слайд, смайликтер, т.б.

Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгерту

Сабақ түрі: аралас сабақ.

Әдіс-тәсілдер: карта, оқулық, слайдты қолданып түсіндіру әдістерін пайдалану, баяндау, сұрақ-жауап, СТО стратегиялары, тест, үлестірмелі қағаздар, семантикалық карта, ситуациялық сұрақтар, қызығушылығын ояту, талдау, ой туғызу.

Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру сәті: (сәлемдесу, сынып тазалығын және оқушылардың сабаққа қатысын, дайындығын тексеру. Оқушылардың назарын сабаққа аудару)

Психотренинг «Сәлемдесу»

(Оқушылар жұп болып тұра қалып, бір-бірімен амандасады. Оқушы 5 саусағын екінші оқушының саусағына тигізу арқылы, әр саусағын тигізген сайын сөз айтып, 5 сөзден құралған тілек айтады. Мысалы: «Сабақта бестік баға алуыңа тілектеспін». Содан соң алақандарын тигізіп, бастарын изеп, «сәлем» деп амандасады. Оқушылар амандасып болған соң, мен өзімді таныстырып, оқушыларға деген тілегімді айтамын. Мысалы, менің аты-жөнім - Елікбаева Нұргүл. Фамилиям мен атымның бас әріптерінен келетін тілектер айтамын. «Мен сіздерге бүгінгі сабақта ептілік тілеп, еркін өз ойларыңызды айтуға шақырып, намысты қолдан жібермей, екілік баға алмай, жақсы баға алып, өз білімдеріңізді көрсетулеріңізге» тілектеспін.

Топқа бөліну. Оқушылар үш түрлі смайликтің бірін таңдау арқылы 3-топқа бөлінеді.

І топ - «Қырандар» (қызыл түс)

ІІ топ - «Алғырлар» (жасыл түс)

ІІІ топ - «Тапқырлар» (сары түс)

Топтардың ұраны:

«Естідім - ұмытпаймын,

Көрдім - еске сақтаймын,

Жасадым - мәңгілік менікі».

Эпиграф:

«Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді».

Н.Ә. Назарбаев.

ІІ.Үй тапсырмасын сұрау бөлімдері:

І бөлім.

«Менің білетін деректерім».

(Оқушыларға сұрақтар қойылады)

Сұрақтар:

1. Жер шарындағы материк саны?

(6)

2. Оңтүстік Америка материгі қай жарты шарда орналасқан?

(Оңтүстік жарты шарда)

3. Оңтүстік жарты шар материктері ұзақ уақыт бойы қандай материктің құрамында болды?

(Гондвана)

4. Гондвана қандай материктерге ажырады?

(Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия, Антарктида)

5. Материкті қай мұхиттың сулары шайып жатыр?

(Тынық және Атлант)

6. Оңтүстік Америка материгін ашқан кім?

(Христофор Колумб)

7. Оңтүстік Америка материгінің жер бедері қандай?

(Батыс бөлігі "мысты" таулар - Анд таулары, шығыс бөлігі - жазықтар, жазықтар аралығында Гвина -Бразилия таулы үстірттер орналасқан)

8. Оңтүстік Америка жері қандай пайдалы қазбаларға бай?

(Темір, марганец, уран, никель, алмас, алтын, мұнай, табиғи газ, тас көмір, мыс, қалайы, қорғасын, мырыш, күміс, т.б. )

9. Материктің шеткі нүктелері?

Солтүстік нүктесі - 120 с.е., 720 б.б.- Гальинас м.

Оңтүстік нүктесі - 540 о.е., 710 б.б.-Фроуэрд м.

Батыс нүктесі - 500 о.е., 820 б.б.-Париньяс м.

Шығыс нүктесі - 700 о.е., 340 б.б.-Кабу-Бранку м.

ІІ бөлім.

Ең, ең, ең...

  1. Ең ылғалды және ең жасыл материк?(Оңтүстік Америка)

  2. Ең ұзын тау жүйесі? (Анд)

  3. Ең мол сулы өзен? (Амазонка)

  4. Ең ірі тектоникалық көлі? (Титикака)

  5. Ең ірі аралы?(Отты Жер аралы)

  6. Ең биік сарқырама? (Анхель)

  7. Ең биік нүктесі? (Аконкагуа)

  8. Ең төмен жатқан нүктесі? (Валдес түбегі)

ІІІ бөлім. "Климат" тақырыбына арналған семантикалық карта толтыру.

Климат белдеулері

Оңтүстік Америка

Африка

Антарктида

Экваторлық

+

+


Субэкваторлық

+

+


Тропиктік

+

+


Субтропиктік

+

+


Қоңыржай

+



Субантарктикалық



+

Антарктикалық



+

ІІІ. Жаңа сабақ.

Ой шақыру.

(«Өзен», «көл», «сарқырама» ұғымдарына анықтама беру).

Сендер Оңтүстік Америка жеріне жауын-шашынның мол түсетінін білесіңдер. Сондықтан Жер шарындағы ең беткі суға бай материк болып табылады.

Өзендері.

Ы.Алтынсариннің «Өзен» тақпағымен бастау.

Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сәуле беріп шашыраған.

Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,

Аралап тау мен тасты арқыраған.

Көңілің суын ішсең ашылады,

Денеңде бар дертіңді қашырады.

Өксіген оттай жанып жануарлар

Өзеннен рахат тауып басылады.

Материктің батысындағы Анд таулары Атлант және Тынық мұхит арасындағы басты суайрық жота болғандықтан, өзендердің барлығы дерлік Атлант мұхитына құяды. Атлант мұхитына және оның Кариб теңізіне материктің Амазонка, Парана, Ориноко, Магдалена сияқты ірі өзендері құяды. Анд тауларынан басталатын Амазонка Жер шарындағы ең мол сулы өзен болып табылады: төменгі ағысында өзен арнасы арқылы 1 сек-да 220 мың м³ су ағып өтеді. Бұл көрсеткіш бүкіл дүние жүзі өзендері арқылы ағып өтетін су мөлшерінен бірнеше есе артық. Амазонканың арнасының ені орта ағысында 5 км болса, төменгі ағысында 80 км-ге дейін жетеді. Өзен жаңбыр көп жауатын экватор маңын бойлай ағатындықтан жыл бойы мол сулы болады. Амазонканың су жинау алабының ауданы Аустралия материгінің жерімен парапар. Өзеннің 500-ден астам салалары бар, оларды суының түсіне қарай «ақ өзендер» (суында сазды жыныстар көп) және «қара өзендер» (суында шіріген өсімдік қалдықтары көп) деп атайды. Амазонканың деңгейі ірі және мол сулы оң жақ салаларының есебінен наурыз-сәуір айларында айрықша көтеріледі. Атлант мұхитындағы толысудың (ол қандай құбылыс?) әсерінен өзен суы 1,5-5 м-ге дейін көтеріліп, сағасынан 1400 км-ден астам қашықтыққа кері ағады. Жағалауды бұзып, өте жылдам қозғалатын бұл кері ағысты жергілікті үндістер амазуну (пороруку) деп атайды. Өзен атауы осыдан шыққан. (Видео көрсетіледі)

Парана мен Ориноко да мол сулы өзендер қатарына жатады, олардың Амазонкадан басты айырмашылығы - су деңгейі маусымға байланысты өзгереді. Парана өзенінің су жинау алабы Бразилия таулы үстіртінің оңтүстік беткейі мен Анд тауцлары аралығындағы жазықтарды қамтиды. Өзен басталар бөлігінде таулы үстірттен құлап ағатындықтан бірнеше сарқырамалар жүйесін қалыптастырады. Оның ең ірісі - Игуасу (биіктігі 72 м) 300 тармаққа бөліп, биік жартастардан құлап ағатын, табиғаты ең әсем сарқырамалардың бірі болып табылады. Парана орта және төменгі ағысында кең жайылып, баяу ағады, суының деңгейі мамыр айында көтеріледі. Ориноко өзені Гвиана таулы үстіртінен басталып, Ориноко ойпаты арқылы ағып өтеді. Атлант мұхитына құяр жерінде өзен сағасы үлкен атырау жасайды. Ориноко өзенінің бір саласында дүние жүзіндегі ең биік Анхель сарқырамасы орналасқан. Бұл екі өзенде су қуатының мол қоры бар, сонымен қатар кеме жүзуіне қолайлы.

Тынық мұхитына Анд тауларының батыс беткейінен басталатын мол сулы қысқа өзендер ғана құяды. Ал Анд тауларының тау арқылы үстіртті бөлігінің өзендері ішкі тұйық алапқа жатады.

Көлдері

Оңтүстік Америкада көлдер онша көп емес. Анд тауларында ірі тектоникалық Титикака көлі орналасқан. Көл атауы аймара үндістерінің тілінде «қалайы алаңы» дегенді білдіреді. Бұл атау судың ерекше түсіне байланысты қойылған. Мұнда су бетіндегі қамыстан жасалған қалқыма салдарда үндістердің үйлері орналасқан.

Титикаканың оңтүстігінде жазғы ыстықта кеуіп қалатын Поопо тұзды көлі бар. Материк жағалауларында мұхиттан бөлініп қалған лагуналық көлдер орналасқан, олардың ең ірісі - Маракайбо. Оның түбінен мұнай өндіріледі.

Материк көлдерінің негізгі генетикалық топтары - тектоникалық, батпақты, қалдық, лагуналық болып бөлінеді.

(Көлдердің түрлерін кесте арқылы түсіндіру).

Титикака

Анд тауындағы ірі тектоникалық көл.

Поопо

Титикаканың оңтүстігінде орналасқан, жазда кеуіп қалатын тұзды көл (қалдық көл)

Маракайбо,

Патус

Материк жағалауынан мұхиттан бөлініп қалған лагуналық көлдер

Уюни, Салинас-Грандес

Жалпы атпен «саларес» деп аталатын батпақты көлдер

Сарқырамалары

Анхель сарқырамасы - әлемдегі ең биік сарқырама, судың үздіксіз түсу биіктігі 807 метр. 1935 жылы сарқырамадан ұшып өткен Эйнджел Джеймс (ағылш. Angel) ұшқыш атымен аталған.

Игуасу сарқырамасы - ені 2700 м, биіктігі 72 м, суының сарылы 20 - 25 км жерден естіледі. Игуасу өзенінің каньоны мен сарқырамасы ұлттық саябақ болып жарияланған (1939).

(Анхель сарқырамасы туралы видео көрсетіледі)

Оқушылар үш тақырып бойынша постер қорғайды.

Физминутка.

Ішкі сулар тақырыбы бойынша оқушыларға мақал-мәтел, жұмбақтар қойылады.

Географиялық аялдама - «Номенклатура»

(Картамен жұмыс)

Амазонка өзені
Анхель сарқырамасы
Титикака көлі
Парана өзені
Игуасу сарқырамасы

Ориноко өзені

Маракайбо көлі

IV. Сабақты бекіту кезеңі.

Перфокартамен жұмыс

Өзен --- материк ---шөл--- арал---мемлекет --- сарқырама---көл

Оңтүстік Америка Отты Жер
Ориноко
Анхель Атакама
Поопо Бразилия

Дұрыс жауабы:

Ориноко --- Оңтүстік Америка---Атакама ---- Отты Жер --- Бразилия --- Анхель--- Титикака

Тест жұмысы

Жауаптары:
1. В 5. В
2. А 6. В
3. В 7. Д
4. С

Географиялық диктант.

1) Түбінен мұнай өндірілетін көл - … (Маракайбо)

2)… су жинау алабы Аустралия материгінің ауданымен пара-пар. (Амазонка)

3)Титикака көлі үндістер тілінен аударғанда … деп аталады. (Қалайы алаңы)

4)300 тармаққа бөлініп, биік жартастардан құлап ағатын, табиғаты ең әсем сарқырама - … (Игуасу)

5) Жазда кеуіп қалатын тұзды көл - … деп аталады. (Поопо)

Бейнесұрақ.

V.Сабақты қорытындылау.

VІ. Бағалау.

Оқушылардың тақырыпты игеруі, үй жұмысын айтуы бойынша, білім деңгейлеріне қарай бағалау.

Рефлексия. (Оқушылар смайликтерді таңдау арқылы сабақтың ұнағандығы немесе ұнамағаны жайлы айтып, өз ойларын стикерге түсіреді).

VІІ. Үйге тапсырма:
§40. Мазмұндау.

Кескін картадан ішкі суларды көрсете білу.

© 2010-2022