Деңгейлік бағдарламаның өзекті мәселелері

Оқыту және тәрбиелеу үрдісінде заманауи педагогикалық технологиялар саны көбеюде. Саны көп технологиялардан тиімді, әрі нәтижелі әдістемені анықтап, пайдалана алудың маңызы өте зор. Осы таңдауды дұрыс жасай білу әр мұғалім үшін жауапты да іскерлікті талап ететін қабілет екені айқын. В.И.Шепелдің айтуы бойынша, технология – өнер, шеберлік, біліктілік жағдайын зерттеуге бағытталаған іс-әрекеттердің жиынтығы ұғымын білдіреді. Сабақ түрі жаңа заман талаптарына сай өзгеріп, жаңарып отырса, жеткіншект...
Раздел Физкультура
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат zip
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:









БАЯНДАМА




Тақырыбы: «Деңгейлік бағдарламаның өзекті мәселелері»



Баяндама даярлаған: Мамаев Ерлан Бораншыұлы - денешынықтыру мұғалімі






















Жоспары.


  1. Қіріспе.

  2. Қалай оқу керектігін үйрету.

  3. Бағалау.

  4. Сыни ойлау.

  5. Ақпараттық-коммуникативтік технологиялары.


























1. Кіріспе.

Қазіргі кезде оқыту үрдісін жоспарлаудың, қолданудың және бағалаудың жүйелі әдісі ретінде жаңа педагогикалық технологиялар түрлері көбейе түсуде. Сондықтан осындай жаңартылған педагогикалық техногиялар ішінен өз қажеттісін таңдап алу - әр мұғалім үшін жауапты да іскерлікті талап ететін іс.

В.И.Шепелдің айтуы бойынша, технология - өнер, шеберлік, біліктілік жағдайын зерттеуге бағытталаған іс-әрекеттердің жиынтығы ұғымын білдіреді.

Сабақ түрі жаңа заман талаптарына сай өзгеріп, жаңарып отырса, жеткіншектерге оның әсері мен ықпалы ерекше болады. Олардың эмоциялық сезім-түйсіктеріне әсер ете білген ізденістерден көп пайда болатыны айтпаса да түсінікті. Ақыл-парасаттан гөрі сезім-түйсігі ұшқыр балаларға көп жағдайда бағдарламалы тақырыпты тәсілдер арқылы түсіну пайдалы.

Дайын білімді таратуға негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Бұндай жолмен оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты - оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.

Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білім-дерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние - кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі. Бұл жағдайда оқушының мәселені түсіну деңгейін анықтап, оның түсінігін толықтыруға немесе қайта құруға көмектесу мұғалімнің міндеті болып табылады.




2. Қалай оқу керектігін үйрету.

Оқыту - бұл жекеленген құбылыс немесе дағды емес, ол оқушылардың оқуға қабілетін жақсартуға мүмкіндік беретін педагогикалық тетіктердің біртұтас кешені деп айқындалған. Іске тартылған педагогикалық тетіктердің ішінде мыналарды атап өтуге болады:

• оқыту негізін түсіну, оқыту стильдерін назарға алу және өмір бойы өзін-өзі оқытудың қажеттілігін мойындау және оның әдістерін таңдау;

• ойлануға жүйелі оқыту;

• өзінің шығармашылық таланттарын және оларды барынша жақсы пайдалану жолдарын зерттеу және анықтау;

• оқу үдерісі үшін және өзін-өзі тану әдісі ретінде оқуды жақсы көру;

• тілді, есептеуді жақсы игеру және кеңістіктік ойлау қабілетінің болуы;

• сандық технологиялар саласындағы жоғары құзыреттілік. Келесі бөлімде біз «оқуды үйрету» деп түсінетін құбылыс және мұғалім оқушыларға осындай оқу тетіктерін қалай бере алатыны қаралады.

«Оқуды үйретудің» қозғаушы күші «метатану» болып табылады. «Метатану» деп индивид қалай ойлайтынын, оқитынын қадағалау, бағалау, бақылау, кейінгі оқу үдерісінде мұндай ойлаудың нәтижелерін саналы қолдану үдерісі ретінде сипаттауға болады. Бұл үдерісте мұғалім оқушыға:

• білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге;

• жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге;

• міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға;

• нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі.

Осы төрт тармақты іске асыру үшін оқушылардан оқуды үйрену талап етіледі. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек, соның арқасында оқушылар ақпаратты енжар қабылдамай, оқу үдерісіне белсенді қатысатын болады. Әңгімеге арқау болған бөлімнің негізгі идеясы ақпарат беріледі дегенге саяды, бірақ білім мен түсінік оқушы бойында қалыптасады, ал мұғалім - бұл үдерісте көмек көрсететін жан.

Білім үдерісінің нәтижелі болуы мұғалімдердің оқушы өздігінен меңгеріп, таныта білген білім дағдылары мен амал, көзқарастарын зейін қойып, зерделей білген білім модельдері аясында ғана жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламасының басында мұғалімдер оқушылар не біледі, оларда қандай қате пайымдаулар бар және бұны қалай түзету дұрыс екенін білу үшін арнайы құралдарды пайдаланады. Қарастырып өткен бөлім оқу үдерісінің басында оқушылардың талқыланатын тақырып туралы шамалы білімі болғанын және осы бастапқы білім жаңа материалды игеру үшін бастау болып табылатынын көрсетті. Егер мұғалім мен оқушының білім игеруді бастау нүктесі өзара үйлеспейтін болса, онда оқуда табысқа жету күмәнді болады. Егер білім игеруді бастау нүктесі қолайсыз таңдалынып алынса, онда тіпті ең жақсы оқушылардың өздеріне де алған білімдерін есте сақтау қиындық тудырады, тестіден немесе емтиханнан өткеннен кейін мүлдем ұмытып қалады.

Осыған орай, әр сабақта оқушыларға оқу үдерісінің барлық аспектілеріне белсенді қатысу керек: олар өзінің болжамдары мен сұрақтарын құрастырады, бір-біріне кеңес береді, өз алдына мақсат қояды, алынған нәтижелерді қадағалайды, идеялармен эксперимент жасайды және қателер оқудың ажырамас бөлігі екенін түсіне отырып, тәуекелге барады.

Оқушы оқу үдерісіне белсенді қатысқанда ғана материалды терең меңгеруге қол жеткізеді. Басқаша айтсақ, жеке бағдарланған оқыту шеңберінде, оқушылардың сыныпқа келген кездегі бастапқы сенімдерін, білімін және өзіндік ойын негізге ала отырып, өз пайымдауын жасауға қабілетті екенін мұғалім түсінеді. Егер оқу үдерісі оқушы мен оқу материалын қосатын «көпірді салуға» негізделсе, онда осы үдерісті үйлестіретін мұғалімдер көпірдің екі жағын да қадағалай білуі тиіс. Мұғалімдер оқушылардың не білетінін және нені жасай алатынын, сондай-ақ олардың қызығушылықтарын, әр оқушының нені жақсы көретінін және не істегісі келетінін түсінуге тырысады.




3. Бағалау.

Мұғалімдер оқуды бағалаумен (жиынтық бағалау) қатар, оқыту үшін бағалауды (формативтік бағалауды) пайдаланғанда, бағалау оқудағы аса пайдалы құралға айналады. Оқыту үшін бағалау - оқушылар уақыт кезеңінің ішінде өз білімдерінің деңгейін өздері бағалайтын, кейін мұғалімдермен бірге өзін-өзі жетілдіру жолындағы келесі қадамдарын айқындайтын үдеріс. Ашық сауалдар, оқыту міндеттерімен алмасу сияқты әдістер оқушылардың өз біліміне белсенді қатысу қабілетіне қатты әсер етеді. Егер бұл тиімді іске асырылса, оқушыларда рефлексияға жеткілікті уақыт қалады. Оқушылар жұппен де, өз беттерімен де өз білім деңгейлерін бағалауға және оған қалай жеткенін түсінуге мүмкіндіктері бар. Олар өзін және бір-бірін бағалайды, бұл тереңірек түсінуге ықпал етеді. Оқушылар өзінің оқу үлгерімінің деңгейін біледі және алдағы мақсаттарға қарай жылжиды.

Оқушылар оқшауланып оқымайды. Бүгінгі таңда өзекті болып отырған «оқу қоғамдастығы» деген ұғым бар, онда оқушылар да, мұғалімдер де өздерін білім алушылар деп есептейді. Оқушылардың арасында бірлескен жұмыс, бір-бірін қолдау, топтық рух мадақталады. Олар топпен жұмыс істейді, онда тыңдау, дене қимылдары, келіспеушілікті құрметпен білдіру қабілеттеріне назар аударылады. Бұл философия одан ары оқуда нық тұру үшін қажетті өзін-өзі құрметтеумен және өзін-өзі басқаруды дамытумен сипатталады; нәтижесінде тәуелсіз және ойшыл, өмір бойы оқуға қабілетті тұлға қалыптасады.

Бағалау - одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин.

Формативтік (қалыптастырушы) және жиынтық мақсат арасындағы айырмашылық 1960 жылдардан бастап белгіленген, бірақ берілген екі терминнің мәні нақты анықталмаған. Іс жүзінде бір мәнге ие болатын бұдан анығырақ айырмашылық жіктеу және есеп беру үшін өткізілетін оқуды бағалау және нақты мақсаты оқушылардың оқуына ықпал етуге арналған оқытудың бөлігі ретінде бағалауды қолдану болып табылатын оқыту үшін бағалау арасында жүргізіледі.

Оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау формативті немесе оқыту үшін бағалау (ОүБ) болып табылады. «Оқыту үшін бағалау» дербес тұжырымдама ретінде 1999 жылғы зерттеу нәтижелері туралы мұғалімдерді және әдістеме жасаушыларды ақпараттандыру мақсатымен 1989 жылдан бастап жұмыс жүргізген Ұлыбритания академиктерінен құралған Бағалау Реформасының Тобы автор болған осы аттас (ОүБ) кітапша жарияланғаннан кейін белгілі болды.

Егер бағалау мақсаты баға қою, сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару болса, онда өзінің функциясы бойынша бағалау жиынтық болып табылады және кейде оны оқуды бағалау деп атайды. Жиынтық бағалау оқушының, мұғалімнің немесе мектептің мәртебесіне немесе болашағына ықпал етуі (яғни, анықтайтын мәнге ие) мүмкін болатын шешімді қабылдау үшін қолданылған жағдайда өлшемдердің сенімділігін қамтамасыз ету керек, бұл ақпараттың мазмұны мен оны қалыптастыру шартын бақылауды белгілейтін арнайы тестілерді қолдану кезінде мүмкін болады.

Әдетте бағалау мақсаты әр мұғалімнің бағалауды (тестілеуді) қандай мақсатта және кім үшін (сыныпта тестілеу жүргізу сияқты), қалай өткізуі керек екендігі туралы түсінігіне негізделеді. Бағалаудың басты мақсаттары төменде қысқаша айтылған.

1. Оқытудың қиындықтарын анықтау. Орта мектептерде сауаттылық және математика саласындағы проблемаларды анықтау үшін тестілер өткізілуі мүмкін; одан кейін өзіндік түзету және тестілеу жұмыстарын қайталап өткізуге болады.

2. Жетістікке жеткендігін көрсететін кері байланыс (оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар үшін). Мұндай кері байланыс «әсердің» бейресми бағалануынан бастап ресми жазбаша тестілерге дейін түрленуі мүмкін, бірақ негізгі мақсат оқушылар мен мұғалімдерге жетістіктер

мен даму, мысалы, білім, түсіну және дағды туралы хабарлама беру болып табылады.

3. Уәж. Кері байланыс көбінесе уәж болып табылады. Ынталандыру ретінде тестінің немесе емтиханның өткізілуі әдетте кейбір оқушылар мен мұғалімдердің ойларын жинақтап, әрекет етуге итермелейді. Мұндай сыртқы ынталандыру оқыту үшін мадақтауға негіз болуы мүмкін, бірақ мұқият бақылау жүргізілмесе, мәжбүрлеу құралына айналуы да ықтимал.

4. Болжау және сұрыптау. Оқушының білімі және дағдыларын бағалау арқылы мұғалімдер олардың болашақтағы мінез-құлқы мен дамуын болжайды. Мемлекеттік емтихандық жүйенің нәтижелері, көбінесе сұрыптау мақсатында, атап айтқанда бұдан арғы (жоғары) оқыту немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік үшін қолданылады. Мектеп шеңберінде әдетте оқушылар топтар мен сыныптарға бөлінгенге дейінгі бағалаудың белгілі нысаны болады.

5. Стандарттарды бақылау және орындау. Бағалау нәтижесінде біліктілік дәрежесін, ал мемлекеттік емтихан нәтижелері бойынша - жоғары білім алу мүмкін болады, мысалы,«біліктілігі» бар тұлғаларда олардың тиісті стандарттарға сәйкес екендігіне негізделген кепілдіктер болуы қажет. PISA (Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық бағдарлама) сияқты халықаралық тест бойынша алынған мәліметтер талдауы халықаралық стандарттарға сәйкестікке бағытталған, одан басқа стандарттың микро және макро деңгейдегі стандарттарына сәйкестікке бақылау үшін ұлттық және жергілікті тестілер қолданылады.

6. Оқыту бағдарламасының мазмұнын және оқыту стилін бақылау. Көптеген мұғалімдер үшін бұл бақылау бағалаудың негізгі мақсатына тікелей қатысы жоқ екінші кезекті болып табылады. Алайда техникалық тәсілдер мен бағалау және емтиханның жиілігі білім беру бағдарламасының мазмұны мен оның қалай оқытылатындығына едәуір ықпал ететіні еш күмән туғызбайды.






4. Сыни ойлау.

Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған. Выготский кіші жастағы балаларды когнитивті даму әрекеттері әлеуметтік қарым-қатынас үдерісінде, яғни, анағұрлым қабілетті оқушылармен араласу және мәдениет, қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас жасау арқылы оқушыларды ересектерше ойлау әдісіне үйрету кезінде қалыптасатын субъекті ретінде суреттейді. Сонымен қатар Выготский когнитивті дамудың, оқушылар өздерінің (ЖАДА) «Жақын арадағы даму аймағында» жұмыс істесе, жақсаратындығын атап көрсеткен. ЖАДА оқушы дамытатын дағды мен қабілеттер, өз бетімен жасай алмайтын тапсырмалар көлемін айқындайды. Осы тапсырмаларды орындауда оқушыларға жаңаны үйренуде тірек болатын ересектердің көмегі немесе қолдауы керек. Бұл қолдау қарым-қатынасты қамтиды және де Выготский бұл жағдайда оны оқытудың негізгі құралы деп есептейді.

Выготскийдің оқыту моделі оқушы диалог құру нәтижесінде білім алады деп жорамалдайды. Сондықтан, оқушының білім деңгейін дамытуға әлеуметтік қолдау көрсетуде мұғалімнің рөлі ерекше. Оқушылардың көбірек білетін басқа адамдармен, әрине, бұл рөлдерде сыныптастары мен мұғалімдері болуы мүмкін, диалог жүргізу мүмкіндігі болған жағдайда, оқыту жеңіл болмақ. Талданатын идеялар оқушы түсінігінің нақты бөлігі болмағанымен, ЖАДА аясында қарастырылғандықтан оқыту табысты болмақ.

Қазірдің өзінде сыныптағы оқушылардың бірлескен сұхбаты үлкен пайда келтіретіндігін көрсететін жеткілікті дәлелдер бар. Олар:

• оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруіне мүмкіндік береді;

• басқа адамдарда түрлі идеялардың болатындығын оқушылардың түсінулеріне көмектеседі;

• оқушылардың өз идеяларын дәлелдеуіне көмектеседі;

• мұғалімдерге оқушыларға оқыту барысында олардың оқушылары қандай деңгейде екендігін түсінуге көмектеседі.

Көп жағдайда сыныптағы талқылау мұғалімнің басқаруымен тақырып төңірегінде, оқушының дұрыстап және орнымен нені, қашан және қалай айту қажеттігі сипатында болады. Көптеген сыныптарда оқушылардың әңгімеге қатысуға құқықтары шектеулі. Мәселен, мұғалімге: «Бұл көзқарас қызықты екен» деп айтуға көптеген оқушылардың дәттері бармайды. Зерттеуде тоқталғандай, мұғалім сұхбатты бақылап, маңызды сұрақтар қойып, оқушылардың жауаптарын қайталап және мадақтап отыратын сыныптағы қалыпты әңгіме стилі оқушылардың ойлау деңгейлерін де, сөйлеу дағдыларын да дамытпайды.

Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Мұғалімдер педагогикалық білімі бар және қосымша оқыту мен өз біліктілігін арттырушы субъектілер болғандықтан, оларда бұл дағдылар дамыған және іс-тәжірибеде қолданылады деп ойлаймыз. Сыни тұрғыдан ойлау - Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.

Сыни тұрғыдан ойлау - бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.

5. Ақпараттық-коммуникативтік технологиялары.

Мектептегі технологияларға мыналар жатады:

• Теледидар бағдарламалары;

• Сандық теледидар;

• Интернет/ WWW;

• Ұялы телефон;

• Ұтқыр қондырғылар;

• Компьютер/ноутбук.


© 2010-2022