Внеклассный урок по теме Су туралы біз не білеміз?

Раздел Физика
Класс 11 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат rar
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сабақтың тақырыбы: «Су туралы біз не білеміз?».

Сабақтың мақсаты:

  1. Білім алушылардың судың қасиеттері туралы білімдерін нығайту. Адамзаттың суды пайдалану және қорғау туралы түсініктерін молайту.

  2. Шығармашылық және аудитория алдына шығу қабілеттерін дамыту.

  3. Табиғатқа құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: интеллектуалды сайыс сабағы.

Сабақтың көрнекілігі: мультимедиялық проектор, глобус, дүниежүзінің физикалық картасы, кеспе қағаздар, бағалау тақтасы, ұпай-тамшылар.

Пән аралық байланыс: география, қазақ әдебиеті, математика, астрономия.


Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

1) Үш командаға бөлінген қатысушыларды сахнаға шақыру.

2) Сабақ Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталады.

ІІ. Негізгі бөлім.

Оқытушының сөзі:

Мына әдемілікке қараңыздар. Табиғаттың әсем сазына көңіл аударыңыздар: құстардың сайрағаны, толқындардың шуылы, жапырақтардың сыдбыры. Керемет емес пе?

Ғарышкерлердің айтуынша, біздің Жер атты ғаламшарымыз ғарыштық орбитадан қарағанда кішкентай, нәзік және өте әдемі болып көрінеді. Жердің моделі - глобусқа қараңыздар.

Қай түс басым? Бұл түс нені білдіреді?

Егер глобусқа анықтап қарасақ, мұнда құрлықтар оның үштен бір бөлігін ғана алып жатыр. Бұдан қызық ой туындайды. Біздің ғаламшарымыз «Су» деп аталу керек шығар.

Дерек көздеріне сүйенсек, «Жер шарында су өте көп, әрі өте аз». Неге? Табиғаттағы судың маңызы неде? Міне, бүгінгі ашық сабағымыз осы сұрақтарға жауап іздеу бағытында болады.

Көзімізге елестетіп көрейік. Егер Жер бетінде су болмаса не болар еді? Сусыз өмір де болмас еді. Жерді «Көк ғаламшар» деп бекерге атамайды. Тек Тынық мұхиттың өзі Жер шарының жартысын алып жатыр. Оның ауданы барлық Еуропадан 18 есе үлкен.

Біздің ғаламшарымызда барлық судың тек 2 пайызы ғана ішуге жарамды екендігін барлығы біледі. Сусыз өмір жоқ. Сусыз адам 2-3 күннен артық өмір сүре алмайды. Адамның өзінің көп бөлігі судан, атап айтқанда, қанның 83 пайызы, ми мен жүректің 80 пайызы, сүйектердің 25 пайызы судан тұрады. Су азық, яғни тамақ дайындау үшін және үйдегі тазалықты сақтау үшін керек.

Судың қорын сақтау үшін біз не жасай аламыз?

  1. Табиғаттағы демалыстан кейін орнымызды тазалап кетуіміз керек;

  2. Лас суды өзендерге төкпеуіміз керек;

  3. Ағын судың жанында автокөліктерді жумауымыз керек;

  4. Үйде суды үнемді жұмсауымыз керек.

Бүгінгі «Су туралы біз не білеміз?» атты сабағымызға колледж студенттерінен құралған үш команда қатысады. Олар:

  1. «Өзендер» командасы.

  2. «Көлдер» командасы.

  3. «Теңіздер мен мұхиттар» командасы.

Құрметті команда мүшелері. Сіздер бүгінгі интеллектуалды сайыс сабағы барысында барлық пәндерден «су» туралы білімдеріңізді толық көрсете аласыздар. Әр команда өздеріне мүмкін болғанынша көбірек ұпай-тамшылар жинау керек. Сабақ соңында осы ұпай-тамшылардың саны арқылы жеңімпаз команданы анықтаймыз.

Сайыстың бөлімдері:

  1. Блиц-турнир (сұрақ-жауап).

  2. Тақырыпты қорғау (команда атын қорғау).

  3. Экологиялық есепті шешу.

  4. Топтық тапсырма.

  5. Капитандар сайысы.

Енді әділ қазылар алқасымен таныс болыңыздар.


І. Блиц-турнир.

Командалар дайын болса, сайысымыздың бірінші бөлімін бастаймыз. Бұл бөлім «Блиц-турнир» деп аталады. Әр командаға кезегімен сұрақтар беріледі. Әр дұрыс жауапқа бір ұпай-тамшы беріледі. Егер жауап дұрыс болмаса немесе жауап бере алмаса, қолдарын көтерген келесі командаға жауап беруге рұқсат беріледі. Ол команда дұрыс жауап берсе, ұпай-тамшы сол командаға беріледі.

1-командаға: Өзеннің басталған жері не деп аталады? (бастау)

2-командаға: Қазақстандағы ең үлкен көл қалай аталды? (Каспий)

3-командаға: Ең терең көл қалай аталады? (Байкал)

1-командаға: Атауы түсті білдіретін теңіздерді ата. (Ақ теңіз, Қара теңіз, Қызыл теңіз, Сары теңіз)

2-командаға: Судың агрегаттық үш күйін ата. (Сұйық - су, қатты - мұз, газ тәрізді - бу)

3-командаға: Судың қасиеттерін ата. (түссіз, иіссіз, дәмсіз, мөлдір, ағады, пішінін сақтамайды, көлемін сақтайды, еріткіш)

1-командаға: Мақалды аяқта: Сулы жер - ... . (нулы жер)

2-командаға: Адам қолымен жасалған тұщы су жинақталатын орын. (құдық)

3-командаға: Жер шарындағы ең үлкен мұхит. (Тынық)

Сөз кезегін әділ қазылар алқасына береміз.

ІІ. Тақырыпты қорғау.

Сайысымыздың келесі бөлімі «Тақырыпты қорғау». Әр команда кезегімен өз командаларының атын қорғайды. Яғни, өзендер, көлдер және теңіздер мен мұхиттар туралы өз ойларын ортаға салады. Бұл тапсырма алдын ала берілген болатын. Жақсы жауап берген командаға үш ұпай-тамшы, орташа жауап берген командаға екі ұпай-тамшы, ең нашар жауап берген командаға бір ұпай-тамшы беріледі.

«Өзендер» командасы:

Өзен - өзінің табиғи арнасымен ағып жататын ағынды су. Өзеннің негізгі бөліктері - бастауы (басталар жері) және атырауы (көлге, теңізге құяр жері). Ірі өзендердің жоғарғы, орта және төмен ағысы болады. Тікелей көлдерге, теңіздерге құятын немесе құмдар мен батпақтарға сіңетін өзендер - негізгі және оларға келіп қосылатын өзендер алғашқының салалары деп аталады. Негізгі өзен өзінің салаларымен бірігіп өзен жүйесін құрайды. Өзен жүйесі мен су жиналатын алаптан өзен алабы құралады. Екі өзен алабы суайырық арқылы ажыратылады. Өзен негізінен жер бедерінің созыңқы ойыс жерлері - өзен аңғары бойымен (неғұрлым төменірек бөлігі - арна, тасқын сулар ғана жететін жері - жайылма) ағады. Өзен қар суы, жаңбыр, мұздық және жер асты суларының есебінен толығып отырады. Жергілікті жер бедеріне байланысты тау өзені және жазық-дала өзені болып бөлінеді. Өзен торының жиілігі және ағысының бағыты табиғат жағдайларына байланысты. Экваторлық белдеуде және қоңыржай белдеудің таулы аудандарында суы мол өзен торы жиі орналасқан. Шөлді аймақтарда қар суы мен қатты нөсер әсерінен уақытша өзендер пайда болады. Дүние жүзіндегі ірі өзендер: Амазонка, Ніл, Миссисипи, Янцзы, т.б. Қазақстан жерінде 85 мыңнан астам өзен мен жылға бар. Оның 8 мыңға жуығының ұзындығы 10 км-ден, 155-і 100 км-ден, 4-нің (Ертіс, Сырдария, Жайық, Есіл) ұзындығы 1000 км-ден асады. Барлық өзендердің су қоры 110 млрд. м3, олардың ағын мөлшері 3460 м³/с. СЭС салуға болатын 2174 өзеннің жылдық су-энергетикасының жалпы қоры - 170,6 млрд. кВт/сағ. Ірі СЭС-тер Ертіс (Бұқтырма, Өскемен), Іле (Қапшағай), Сырдария (Шардара) өзендері бойында салынған. Республикадағы ірі өзендерде жолаушы, жүк тасымалданады. Су жолының жалпы ұзындығы 6000 км. Өзен - арзан энергия көзі, бағалы балық қоймасы, жайылмасы - құнарлы топырақты шалғын.

«Көлдер» командасы:

Көл (түркі тілді басқа халықтарда кель, гель, куль) - тікелей теңізбен қосылмаған құрлықтар өңіріндегі суға толы дербес ойыстар. Ауқымды кеңістікті қамтитын, суы ащы көл түрлері теңіз деп аталып жүр (Каспий, Арал теңіздері). Жер шарындағы көлдердің жалпы ауданы 2,1 млн. км2 (құрлық ауданының шамамен 1,4%-ы). Ондағы жинақталған судың көлемі 176 мың км3, оның 52%-ы тұщы су, 48%-ы ащы су. Көлде эндемик түрлер, кейде реликт түрлер тіршілік етеді. Жер шарының ең ірі көлі - Каспий теңізі, ең терең көлі - Байкал. Қазақстанда Каспий мен Аралды қоспағанда, 48262 көл бар, олардың жалпы ауданы 45032 км2.

Көл ойыстарының қалыптасуына қарай: бөгелген, ойысты және аралас болып жіктеледі.

Бөгелген көл өзен аңғарын тау көшкіндері, сырғымалары, мұздықтар және т.б. басып қалған жағдайда пайда болады. Бөгелген көлге бөгендер мен әуіттер де жатады.

Ойысты көлдің мореналық, тектоникалық, жанартаулық, эолдық және карстық деп аталатын түрлері бар.

Көлдер ағынды көл (ағатын өзендері бар) және тұйық көл болып ажыратылады.

Режіміне қарай:

  • Ағынды - өзен ағып шығатын көлдер

  • Ағынсыз - өзендер келіп құйғанымен, ағып шықпайды

Өзендермен салыстырғанда көлдердің суы едәуір ащы болады. Ағынды көлдердің суы, негізінен тұщы болады, ал ағынсыз тұйық көлдер көбінесе ащы келеді.

Тіпті бір көлдің өзінің жеке бөліктерінің суы тұздылығы жөнінен айырмашылық жасауы мүмкін. Мысалы, Балқаш көлінің батыс бөлігіне қарағанда 5 есе көп, сондықтан батысы тұщы болады.

Өзендерде тұздылық көбінесе 3-5 г/л-ден аспайды, ал көлдерде бұл көрсеткіш 14-тен 300 г/л дейін жетеді. Тұздылығы өте жоғары көлдер қатарына АҚШ жеріндегі Үлкен Тұзды көл, Оңтүстік-Батыс Азиядағы Өлі теңіз жатады.

Тұзды көлдерде ас тұзының, калий тұздарының, сода, йод, бром және т.б. минералды шикізаттың мол қоры шоғырланған. Каспийдің қайраңында мұнайдың мол қоры шоғырланған. Көлдерде балық шаруашылығы дамыған, ал ірі көлдер көлік қатынасына пайдаланылады.

Тұщы көлдер елді мекендер мен кәсіпорындарды сумен қамтамасыз етеді, тұзды көлдерді емдік мақсатта пайдаланады. Көлдер айналасының климатына да қолайлы әсер етеді; климаттың континенттілігін азайтады, ауаның ылғалдылығын арттырады. Адамның шаруашылық әрекетінен көлдерде су өсімдіктерінің шамадан тыс көбеюі, судағы газ құрамының өзгеруі әсерінен судың сапасы нашарлайды, судағы оттектің мөлшері азаяды.

Қазақстан территориясында 48 000 үлкенді-кішілі көл кездеседі. Олардың үлкендері - Каспий, Арал, Балхаш көлдері. Сәл кішіректері - Зайсан, Алакөл, Теңіз көлдері. Картада тұщы көлдер көк түспен, ал ащы көлдер қызғылт түспен белгіленеді.

Байкал - ең таза, салқын көл. Оның 1,5 км түбіндегі қамыстар да көрінеді. Бұл көлдің суы әлемдегі ең таза болып есептеледі. Сондықтан да балықтар қоры бай. Тіпті сібір итбалықтары да мекен етеді. Көлде микроағзалармен қоректенетін көл санитарлары да бар. Соның арқасында су өте мөлдір болып тұрады.

Жер бетінде ажал көлдері де бар. Бұл көл Италияның Сицилия аралында орналасқан. Көлдің түбінде күкірт қышқылын өндіретін екі бұлақ бар.

Қазақстанда ғажайып көл бар. Бұл Балхаш көлі. Оның бір жартысы тұщы да, ал екінші жартысындағы су ащы. Өйткені бұл жартысына Іле өзені құйылады.

Көлдердің жағасына емханалар, санаторилер, балалар лагерлері, демалыс үйлері соғылуда. Солардың ішіндегі ең атақтысы Бурабай көлінің жанында орналасқан Бурабай курорты.

«Теңіздер мен мұхиттар» командасы:

Теңіз - мұхиттың құрлыққа сұғына кіріп орналасқан немесе оның өзге бөліктерінен құрлық жағалаулары, түбектер немесе аралдармен бөлектеніп жатқан кішігірім бөлігі. Теңіз деп кейбір ірі көлдерді де атайды (мысалы, Арал, Каспий, Өлі теңіздер). Мұхитпен байланысына және гидрологиялық жүргісінің ерекшеліктеріне қарай - теңіз ішкі, шеткі, араларалық, ал географиялық орнына қарай - материкаралық және материкішілік болып бөлінеді.

Мұхит (Әлемдік мұхит) - гидросфераның негізгі бөлігі. Мұхит, Дүниежүзілік мұхит (гр. okeanos - мұхит, Жерді қоршап жатқан ұлы өзен).

Жер шарында төрт мұхит бар: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік мұзды. Кейбір ғалымдар Антарктида маңы суларын бесінші Оңтүстік мұхиты деп жеке бөледі, бірақ бұл пікір кең қолдау тапқан жоқ.

Жер бетінің 70 пайыздан астамын мұхиттар мен теңіздер алып жатыр. Олар миллиондаған тіршілік иесінің мекені болған жердің табиғи тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Ғалымдардың айтуынша, мұхиттардағы тіршілік үш миллиард жыл бұрын басталған. Бүгінде бізге белгілі 1 миллионнан астам жануар және өсімдік түрлері мұхиттарда тіршілік етеді.

Теңіз бен мұхиттың айырмашылығы: теңіз - мұхиттың шағын түрі. Теңізді құрлық қоршап жатады. Оның мол суы жаппай тұзды болып келеді. Ірі көлдер кейде «ішкі теңіз» деп те аталады.

Мұхит құрлықтар мен аралдарды қоршап жатқан Жердің тұтас су қабаты. Аумағы 361,26 млн. км2, көлемі 1340,74 млн. км3, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы). Дүниежүзілік Мұхит құрлықтар арқылы 4 бөлікке бөлінеді: Тынық (50%), Атлант (25%), Үнді (21%) және Солтүстік Мұзды Мұхит (4%). Мұхит Солтүстік жарты шардың 61%-ын, Оңтүстік жарты шардың 81%-ына жуығын алып жатыр.

Дүниежүзілік мұхит суының жалпы көлемі 1 млрд 370 млн км³ шамасында, бұл гидросфераның 94%-ын құрайды. Мұхит суында табиғатта белгілі 110 химиялық элементтің 73-і кездеседі. Орташа тереңдігі 4000 м болатын Дүниежүзілік мұхит Жер шарының 3/4 бөлігін алып жатыр. Дүниежүзілік мұхиттың бөліктеріне мұхиттар, теңіздер, шығанақтар мен бұғаздар жатады. Олар материктер мен аралдар арқылы 4 мұхитқа белінген.

Әрбір мұхит өзіндік ерекшеліктерге ие. Тынық мұхит пен Солтүстік мұзды мұхиттың кейбір ерекшеліктерін салыстыру негізінде осыған көз жеткізейік. Тынық мұхит - Жер шарындағы ең ірі (ауданы - 178,7 млн км²), ең терең (орташа тереңдігі - 3976 м, ең терең бөлігі - 11022 м) және ең ыстық (орташа температурасы +19,1°С) мұхит. Мұхитта тереңдігі 5000 м-ден асатын 35 шұңғыманың 25-і орналасқан.

Теңіздер деп мұхиттың құрлықпен, аралдармен немесе суасты қыраттарымен азды-көпті бөлініп жатыр. Теңіз мұхиттың құрамдас бөлігі болғанымен, ағыстары, тіршілік дүниесі арқылы айырмашылық жасайды.

Мұхит суының басты қасиеттерінің бірі - оның температурасы, мұхит суының жылдық орташа температурасының ең жоғары көрсеткіштері (27-28°С) экваторлық ендіктерде байқалады. Ашық мұхитқа қарағанда теңіздерде, әсіресе қоңыржай ендіктерде жатқан теңіздерде жылдық температураның ауытқулары үлкен болады.

Жер шарында 45 теңіз және 4 мұхит бар деп саналады. Теңіздер мен мұхиттардың суы тұзды, ішуге жарамсыз. Жердің көпшілік бөлігін мұхиттар алып жатыр, шамамен төрттен үш бөлігін. Бұл суларда жыртқыш балықтар тіршілік етеді. Қазақстан Республикасында Арал теңізі бар. Соңғы уақытта өте аз бөлігі ғана қалды. Сондықтан теңіз түбінде көп мөлшерде қалған тұздар күшті желдермен жоғары көтеріліп, жан-жаққа 1000 км-ге дейін таралуда. Экологияның нашарлауы сол аймақтарда өмір сүретін адамдардың денсаулығына әсер етуде.

Сөз кезегін әділ қазылар алқасына береміз.

ІІІ. Экологиялық есепті шешу.

Сайысымыздың келесі бөлімі «Экологиялық есепті шешу». Әр командаға мысал есептер беріледі. Есепті дұрыс шешкен командаларға бір-бірден ұпай-тамшылар беріледі.

«Өзендер» командасына: Екі ағайынды күнде таңертең және кешке тістерін тазалайды. Ақылбек 300 грамм суды стаканға құйып алады. Осы су оған тісін тазалап, аузын шаюға жетеді. Әлібек тісін краннан 3 минут бойы ағып тұрған суға жуады. Осы уақытта краннан әр минут сайын 1000 грамм су ағады. Ақылбек Әлібекке қарағанда неше есе суды үнемдеді?

Берілгені: Ақылбек - 300 грамм,

Әлібек - 1000 грамнан 3 минут.

Внеклассный урок по теме Су туралы біз не білеміз? = 10 есе.

Жауабы: 10 есе үнемдеді.

Әлібек не істеу керек? Оған кеңес беріңдер.

«Көлдер» командасына: Назгүл ыдыс жуып тұрған кезде телефон қоңырауы естілді. Су краннан сыздықтап ағып тұрған. Назгүл аз ғана уақыт сөйлесермін деп ойлап, суды жаппастан телефонды алды да, сөйлесе бастады. Телефонмен әңгіме 10 минутқа созылды. Осы уақытта су краннан аға берді. Краннан әр минут сайын 3 литр су ағатын болса, барлығы қанша су ағып кетті?

Берілгені: Телефонмен әңгіме - 10 минут.

Су ақты - минутына 3 литр.

10 минут · 3 Внеклассный урок по теме Су туралы біз не білеміз? = 30 литр.

Жауабы: 30 литр су ағып кетті.

Ыдыс жуған кезде суды үнемдеу үшін не істеу керек еді?

«Теңіздер мен мұхиттар» командасына: Ас үйдегі су ағатын кран бұзылып қалды. Сондықтан одан әр сағат сайын 1 стакан су тамшылап ағып тұрады. Әр тәулік сайын қанша су ысырап болады? Ал 10 күнде ше?

Берілгені: 1 сағатта - 1 стакан.

24 сағат · 1 Внеклассный урок по теме Су туралы біз не білеміз? = 24 стакан.

24 Внеклассный урок по теме Су туралы біз не білеміз? · 10 күн = 240 стакан.

Жауабы: әр тәулікте 24 стакан, 10 күнде 240 стакан.


Сөз кезегін әділ қазылар алқасына береміз.

Оқытушының сөзі:

Жер шарындағы ішуге жарамды таза су қоры, өкінішке орай, азайып келеді. Суды сақтау - бұл өмірді, денсаулықты, қоршаған әлемнің сұлулығын сақтау дегенді білдіреді. Өзімізден кейін өмір сүретін ұрпақтарымыз үшін табиғи байлықтарымызды қалай сақтап қалуымыз керектігін білуіміз керек.

Мүмкін ештеңе де болмас? Бір бұрақты сындырғанда, бір гүлді жұлғанда, бір қоңызды мыжып кеткенде, бір шелек қоқысты өзенге тастағанда тұрған не бар? Қалай ойлайсың? Табиғатқа бұдан келер зиян бар ма? Әр сынған бұтақ, әр жұлынған гүл, әр ұсталған көбелек - табиғатқа тигізілген аз ғана жара іспетті.

Адамзат алдында қандай проблема тұр? Суды қалай қорғау керек? Сіздер не ұсынасыздар?

ІV. Топтық тапсырма.

Сайысымыздың келесі бөлімі «Топтық тапсырма». Әр командаға бір-бір сұрақ беріледі. Жақсы жауап берген командаға үш ұпай-тамшы, орташа жауап берген командаға екі ұпай-тамшы, ең нашар жауап берген командаға бір ұпай-тамшы беріледі.

«Өзендер» командасына: Жердегі суды қалай сақтап қалуға болады?

  1. Суды текке ысырап етуге болмайды. Судың әр тамшысын үнемдеу керек.

  2. Су қоймаларын ластамай, мүмкін болса оларды қоқыстардан тазартуға тырысу керек.

  3. Судағы шаяндар мен моллюскаларды ауламау керек.

  4. Су қоймаларына қоқыстарды тастамау және суға түкірмеу керек т.б.

«Көлдер» командасына: Су не үшін керек? Адамдар суды қандай қажеттіліктерге пайдаланады?

Адамдар суды мына қажеттіліктерге пайдаланады:

  1. Ішу.

  2. Жуу.

  3. Жуыну.

  4. Шомылу.

  5. Тамақ әзірлеу.

  6. Иіссулар әзірлеу т.б.

«Теңіздер мен мұхиттар» командасына: Сонымен табиғи су көздерін таусылмайды деп есептеуге болмайды екен. Су туралы мақал-мәтелдерді айтып, олардың мағынасын түсіндіріп беріңіздер.

  1. Су ішкен құдығыңа түкірме.

  2. Су - тіршілік көзі.

  3. Су анасы - бұлақ, сөз анасы - құлақ т.б.

Сөз кезегін әділ қазылар алқасына береміз.

V. Капитандар сайысы.

Сайысымыздың келесі бөлімі «Капитандар сайысы». Команда капитандары ортаға шығады. Әрқайсысына 5 сұрақтан беріледі. Капитандардың мақсаты: осы сұрақтарға сол мезетте жауап беру. Жауап берген капитан қанша сұраққа дұрыс жауап берсе, сонша ұпай-тамшыны өз командасына алып береді.

«Өзендер» командасының капитанына:

  1. Су - бұл (сұйық зат).

  2. Егер судың температурасы 0оС-тан төмен түскен жағдайда ол қандай күйге келеді? (қатты - мұз).

  3. Бу - бұл судың қандай күйі? (газ тәрізді).

  4. Жер астынан қайнар түрінде шығып жатқан суды не деп атайды? (бұлақ).

  5. Минералды емдік сулар. (арасан).

«Көлдер» командасының капитанына:

  1. Суы жоғары қарай үлкен қысыммен шығып жатқан құдықтар. (артезиандар)

  2. Қазақстанда қанша көл бар? (48 000-нан аса)

  3. Экологиялық зардап шегіп жатқан теңіз. (Арал)

  4. Бұл өзеннің жағасында Астана қаласы орналасқан. (Есіл).

  5. Тұман мен бұлттың айырмашылығы. (бұлт биікте, тұман төменде болады).

«Теңіздер мен мұхиттар» командасының капитанына:

  1. Емдік минералды сулармен емдейтін Қазақстандағы курорт. (Сарыағаш).

  2. Үлкен өзендерге келіп құятын кішкене өзен. (сағасы)

  3. Су көп сіңген жердің қабаты. (батпақ)

  4. Судың жер бетіне түскен 5 түрлі табиғат құбылысы. (жаңбыр, қар, бұршақ, қырау, шық)

  5. Қолдан қазылған кішкене өзен. (канал)

ІІІ. Сабақты қорыындылау.

  1. Үй тапсырмасы. «Су адамзатқа не үшін керек?» атты шығарма жазып келу.

  2. Сабағымызды қорытындылап, сайысқа қатысқандарды марапаттау үшін әділ қазыларды сахнаға шақырамыз.


Внеклассный урок по теме Су туралы біз не білеміз? Оңтүстік Қазақстан облысы,

Ордабасы ауданы

№ 18 колледж

Физика пәнінің оқытушысы Құлжан Сәлімбек Балханұлы


© 2010-2022