Абай және Мағжан шығармашылығындағы үндестік

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Жетекшісі: Мамедярова Қайрат

Мамедярова Р.М. 11«А» сынып оқушысы

Санаты жоғары Облыстық ғылыми

жобаның жеңімпазы

Абай және Мағжан поэзиясындағы үндестік

Зерттеу тақырыбының маңыздылығы.

ХХ ғасырдың басы, әсіресе, жиырмасыншы - отызыншы жылдар маман ғалымдардың зерттеуі бойынша қазақ әдебиеті тарихындағы қиын да, күрделі кезең делініп жүр. Өйткені жаңа қоғамдық формацияның орнауы, мерзімді баспасөз бен баспа өнімдерінің көптеп шыға бастауы, сан түрлі ғылым салаларына арнап ана тілінде оқулықтар жазу, басқа тілдерден енген неологизмдерді аудару қажеттілігі сол кездегі зиялы қауым алдына әдебиет пен тіл саласының негізгі қорын жасау міндетін қойды.

Жалпы адамзаттық көркем ой көгіне өрмелеген Абай көп білімді өз бетінше ізденумен тапқанын білеміз. Ал, Мағжан азды - көпті арнайы мектептер өткен ақын. Өлең жүйесінің тереңнен тамыр тартуы арқылы Абай ұлы реформатор болды. Алдында адастырмас Абайдай жарық тұрғанда Мағжанның тіл «Категориясына» үңілмеуі мүмкін емес.

Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті Абай үлгісі еді. Ұлы Абай сусындап дамытқан халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерін Мағжан да еркін меңгеріп, өзінің сұлу көркем поэзиясына үлгі тұтты. Мағжан сөздің сыртқы түрін әдемілеп қана қойған жоқ, әдемі сөзден әсем, әсемнен сұлу суретті сөз өрнегін жасауға тырысты, өз халқының бай поэзиясы негізінде сезімтал жүрек үнімен жаңаша мазмұнда өз жырларын жазады.

Ал, Абайдың ақындық тұлғасын, жан дүниесін, арман - мұратын ең толық, ең терең, ең дұрыс танытатын - әрине оның поэзиясы, асқақ шабыттың қуаты мен жүрегін жарып шыққан, иненің жасуындай жасандылығы жоқ өлеңдері, «Жалын мен оттан жаралған» сөздері.

Абай мен Мағжан шығармаларының мағынасын терең бойлап ұғып - түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой - арманын тани аламыз. Және сол арқылы қазіргі заманды, кешегі мен бүгінгі келешегімізді бағдарлаймыз.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері.

  • А.Құнанбаев пен М.Жұмабаевтың поэзия саласында жазылған еңбектерін зерттеп, жан-жақты сипаттап беру.

  • Ақындар қаламынан туындаған өлеңдердің құрамын зерттеп, олардың жасалу жолдарын көрсету.

  • А.Құнанбаевтың кемел ақын, кемеңгер ойшыл екенін дәлелдеу.

  • М.Жұмабаев - поэзиясын хас шебері деген тұрғыда, оның шығармашылығына сипаттама беру.

  • Абай мен Мағжанның поэзия туралы айтылған пікірлерді жинақтап, талдап, қорытындылау.

Зерттеудің жаңалықтары.

  • Абайдың ақындыққа сыны және оған көзқарасы туралы мәлімет берілді.

  • Абай мен Мағжанның өлең жазудағы шеберлігі, қолданылған амал - тәсілдері көрсетілді.

  • М.Жұмабаевтың стиль мәселесі төңірегінде маңызды пікірлер айтылып, сипаттама берілді.

  • А.Құнанбаев пен М.Жұмабаевтың лирикалық, психологиялық өрнектеудің нағыз шеберлері екендігі анықталды.

  • Ұлы ақындардың поэзия саласын қалыптастырудағы зор дарындылығы мен таланттары сөз етілді.

Зерттеудің теориялық маңызы

Қазақ поэзиясының қалыптасуында Абай мен Мағжанның артта қалдырған мұраларының тигізер үлесі мол. Олардың өлең жазудағы тәжірибесін зерттеп, кәдеге асыру әсіресе, дербес мемлекеттік құқыққа ие болған қазақ елінің бүгінгі таңдағы мәдени - рухани өмірінде маңызы зор екендігі белгілі.

Поэзия саласында бүгінге дейін пікірталас тудырып келе жатқан кейбір мәселелерді шешуде де бұл жұмыстң атқарар міндеті аз емес.

Зерттеу құрылымы.

Зерттеу жұмысы кіріспе мен негізгі екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Зерттеу соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салды. Ол керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері.

«Ақын тұлғасы - поэзиядағы стильдің түпкі тірегі. Ақын стилін ойлау, суреттеу мәнерін, қол таңбасын, сөз қолданысындаы өзгешеліктерді - бәрін де айқындайтын, белгілейтін сол. Ақынның тұлға - бітімі дарын даралығы қандай болса, стилі де сондай болады» [1]

Абайдың ақындық тұлғасын, жан дүниесін, арман-мұратын ең толық, ең терең, ең дұрыс танытатын әрине оның поэзиясы. Ақын жүрегінің түбіне терең бойлаймыз десек оның поэзиясына бар ықпалымызбен, үлкен ілтипатпен зер салу қажет.

Сыршылдық сипаты айрықша көрінетін көңіл күйі лирикасы - Абайдың қазақ поэзиясына қосқан аса құнды жаңалықтарының бірі. Өзі сыршылдық лирика болған соң онда қуанышта, қайғы - мұң да, күйініш те - бәрі болатыны заңды құбылыс.

Абай сөз өнерін, өлеңді, ән мен күйді аса жоғары бағалаған. Ақын поэзиясының танымдық, тәрбиелік мәнін терең түсініп, оны адам мінезін, заманды түзетудің күшті құралы деп қарағанын көптеген өлеңдерінен байқаймыз. («Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» т.б.)

Жас Мағжан Абайа еліктеді. Абай ұлы реформатор болды. Алдында адастырмас Абайдай жарық тұрғанда Мағжанның тіл «категориясына» үңілмеуі мүмкін емес.

Белгілі ғалым Халел Досмұхамедұлы бір мақаласында: «Бұл дүниеден түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен.

Осындай адамдар өзіміздің қазақтың арасында аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңген адамды қадірлеу - елдіктің белгісі» - деп жазған екен. [2]. Көсем тұлғаның осы сөзін айтулы ақындарымыз Абай мен Мағжанға бағыштап айтуымызға болады.

Ұлы ақындарымыздың мол мұрасын зерттеп, оның ғылыми дәстүрін әрі қарай жалғастыру - жас буын өкілдерінің перзенттік парызы. І.Жансүгіров айтқандай: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді».

Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін сезімін сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және басқа бейнелі сөздер өте көп кездеседі.

Орысша оқып, орыс мәдениетіне еркін жетіккен Мағжан қазақ поэзиясына ерекше, аса талантты болмысымен келді. Ол қазақ ауыз әдебиетінің тұнығына қана отырып, жарқ етіп шыққан Абай поэзиясын өзіне үлгі етті.

  1. А.Құнанбаев пен М.Жұмабаев - қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғалар

    1. А.Құнанбаев кемел ақын, кемеңгер ойшыл

Абайдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тілді, поэзия тілін өрістетіп, жаңа сөз өрнектерімен байытуға сіңірген еңбегі ұлан -асыр. Осы орайда тіл мәселесі жөнінде ұлағатты сөз айтқан, өз ана тілін сүйіп, оған қамқоршы болам деп талпынған ұлтжанды ғалым Халел Досмұхамедұлы тілдің қоғам өмірінде, оның ішінде ғалым - білім саласында атқарар рөлін жоғары қойған. Бірде: «Мәдениеттің негізгі - білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады» [3] десе енді бір жерде: «Тіл жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші... Тілінен айырылған жұрт - жойылған жұрт» [4]- деп тіл туралы тебіреніп айтқан өзек жарды сөздері бізге, яғни жастара неге боларлықтай, ана тілін сыйлап, әспеттеп, қадірлеп, оның қамқоршысы болатын ұшқыр, ұлағатты сөздер.

Біздің ана тіліміз, қасиетті қазақ тілі - өзінің мемлекеттік мәртебесін абыроймен атқарып, міндет жүгін қиналмай көтере алатын аса бай, оралымды да сұлу тіл.

Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салды. Абайдың дарыны қуатты және сан қырлы. Ол - керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Ақын поэзиясы өзі өмір сүрген тұтас бір тарихи дәуірді жан-жақты, толық бейнелеп беретін десек, қателеспейміз.

Қазақ зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұд Торайғыров секілді өлең сөздің өрен жүйріктері Абай сөзінің қадір - қасиетін түсініп, бағалай білді.

Ақынның поэзиядағы өз тұлға - бейнесі арқылы біз оның өмір сүрген заманды қалай танитынын, халықтың мүддесін, арман - тілегін қалай түсінетінін көрөміз. Халық өмірінің, заман қабілетінің поэзиядағы көрінісі арқылы ақын бейнесін айқынырақ сезінеміз.

Абай сөзінің мәні терең келеді сондықтан қай сөзді болсын жеңілдетіп, үстірт қарап, бір жақты түсінуге жол бермеу керек. Мысалы, жастардың ғылым үйренуі туралы айта келіп:

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім айтса мейлі, сол айтты,

Ақылыменен жеңсеңіз, -

дегенде ғылыми пікір қорытуда, дүниетаным мәселесінде кімнің де болсын жасы, мансабы, атағына қарамай, тек қана шындыққа жүгіну қажет екені толығымен айтылған.

Сыршылдық сипаты айрықша көрінетін көңіл-күйі лирикасы - Абайдың қазақ поэзиясына қосқан аса құнды жаңалықтарының бірі. Өзі сыршылдық лирика болған соң онда қуанышта, қайғы - мұң да, күйініш те - бәрі болатыны заңды құбылыс. Көңіл - күйі лирикасында ақынның өз жан дүниесін сезінуі әсіресе айқын және әлдеқайда толық көрінеді. Ақынның бұл салаға жататын өлеңдерінде мұңлы сарын басым болса, ол оның сыршылдығы қоғамдық құбылыстарда бағалаудағы сыншылдығымен астасып жатады. «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» деген өлеңінде Абай өмірдің өтуі жайлы толғанады. Өмір қысқа, «алдамшы» , байлауы жоқ, дүние жалған, бәрі де уақытша нәрсе деген ұымдардан ойшыл ақынның жасайтын түйіні адамгершілікті жоғары ұстау қажеттігі - татулық, жақынды сыйлау, кішіпейіл болу, қулық, арамдыққа бой ұрмау.

Табиғат лирикасы үлісіндегі өлеңдеріндегі ақынның ой сезімі, жан дүниесі терең ашылған. Ол өзінің шығармасында жылдың төрт мезгілін қайталанбас керемет бояулармен бейнелеп берген. Қыл қалам шеберінің қолынан шыққан «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін ерекше атап өтуімізге болады. Өлеңді оқығанда қимыл - әрекетке толы оқиға белгілі уақыт мөлшерінде көз алдымыздан өтіп жатқандай әсер аламыз.

Бір сөзбен айтқанда Абайдың көркемдік ойлау, бейнелеп айту, суреттеу тәсілі мүлде жаңа, лирикалық стилі еркін, икемді поэзияда қалыптасқан дайын үлгілерді қайталамайды. Осының өзі-ақ оның поэзиясына жаңашылдық сипат дарытады.

  1. Мағжан Жұмабаев - поэзиясының хас шебері

Мағжанның қазақ поэзиясында ашқан жаңа беттерінен айрықша атайтынымыз - ақынның Батыс күллі әлем поэзиясындағы жаңалықтарға ден қоюы. Осыған байланысты символистік ізденістері («От», «Күн шығыс», «Пайғамбар», «Мені де өлім әлдиле», «Жаралы хан» т.б.). Символизм - романтизмнің бір бұтағы болғанда осы тарапты өлең үлгілері ақын творчествосын қазақ поэзиясының және бір жемісті ағашы етіп бөлектеп тұратынын айта кету керек. Тақырыптық жағынан әдебиетімізге, әлем поэзиясына енгізген жаңалығы - экология тақырыбы. («Жазды күні қалада», «Айда атыңды», «Шойын жол»).

Мағжанның поэзиялық бағынан философиялық лириканың шоң шынарын кезіктіреміз. Ақынның өз аяулы тағдырының қандай трагедиямен аяқталатынын күні бұрын болжап білгендей, 1923 жылы жазған «Жан сөзі» өлеңі бүгін де оқыған жанның сай сүйегін сырқыратады. «Ой» деген өлеңі атына қарағанда осы психологиялық құбылыстың сырын ашатын толғаныс сияқты. Сондай тебіреніп күңіренген кенеулі ой толқындары «Ауру», «Жұлдыздарға», «Сағат», «Александр Блок» т.б.

«Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді», - деп Абай айтқандай, нағыз көркем сөз ұсталары Мағжан поэзиясына алғашқы қадамдарында-ақ жоғары бағаген. Солардың арасында М.Әуезовтың ақын творчествосын дүние жүзі әдебиеті көркем контекс жүйесінде салыстырып, Мағжанның қазақ әдебиетінің еуропалық биікке көтерген зор еңбегін тарихи ерлікке балап бағалағаны ешқашан ұмытылмайды. «Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін» [5], - деген болатын.

Орыс, араб, парсы тілдерін жетік білетін Мағжан туған әдебиетімізді әлемдік әдеби процеске қосқан Абай жолын одан әрі дамытып, кеңейте түсті. Символистік туындылары әдебиетімізде кезікпеген өзгеше сапаға көтерді. Мағжан еліктегеннің жөні солай деп, француз, орыс символистерінің ізімен жорта бермейді. Қазақ ақыны қырып - жою идеясынан мүлде бас тартады.

Мағжан өлеңінің тереңіне бойламай, айтылған сөздің сыртын ұстап, ішіне бойламау адамды киген киіміне қарай бағалаумен бірдей. «Шолпы» өлеңін оқығанда, «маңайының бәрі сылдырап кеткендей боласың. Мағжанның өлеңі дыбысымен, күйімен, ырғағымен қазақ даласын суреттейді», -деп жазады Ж.Аймауытов [6].

Ақынның махаббат лирикасы сезім тасқынының нағыз өткел бермес, арқыраған асау арнасына құлаш ұрады. Жүрек дірілін, қан қайнауын, ес кетуін - бар сезімнің июін өлеңмен бебеулетеді. Жан дүниесінің нелер құпия тылсымына тіл беретін сиқырлы қуатымен ерекшеленеді.

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,

Жылы тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

«У» адам өміріне қауіпті, уланған адам өледі. Ал, Мағжанның сиқырлы қаламының ұшында у, керісінше, сұлулық әлемінен табылып, ләззатқа бөлейді. Адамның тіл жетіксіз рахат сәтін соншалық іңкәр сезіммен сөйлетеді.

Мағжан поэзиясының дені поэма секілді эпикалық өрісті жанрға кібіртіктемей, қиналмай қол артты. С.Мұқанов сөзімен айтқанда, «Мағжан қазақ әдебиетінде поэмалар жазудың желісін қаққан адамның біреуі болды» [7].

«Оқжетпес қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Өтірік ертек», «Тоқсанның тобы», т.б. поэмалары - адам тағдыры мен ел тағдырын шебер қиюластырған шығармалар.

Мағжан ақын ретінде де, азамат ретінде де ерте ер жетті. Туып-өскен ортасы, ұяда көргені, жасы жиырмаға толмай жатып-ақ туындылары кестесіне түсі үлгірді. Қазақ басына түскен зұламатты көре, сезіне жүре ұлттық сезімі ерте оянды. «Болар елдің баласы он бесінде баспын дейді» деген сөз бар. Сол сөз Мағжанға арнап айтылғандай.


  1. Мағжан поэтикасы

Қазақ өлеңін тарихының ХХ ғасырда Мағжан поэзиясы Шолпан жұлдыздай оқшау тұрған А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Қожанов т.б. Мағжан поэзиясына жоғары бағалап, қуана қарсы алды.

Мағжан Абай дүмпуінен оянған көркем ойдың ғана емес, қоғамдық сананың де ең жарық жұлдыздарының бірі. Ол - қазақ өлеңіне Абайдан кейін дүбірлі өзгеріс әкелген ірі реформатор ақын. Қара өлеңнің бұла күшін бесік болып тербеткен Мағжан жазба әдебиеттің қатал көркемдік ұстанымда тәрбиеленген Абаймен үлкен эстетикалық мұрат үстінде қауышты. Ендеше, Мағжан ренессеанысының берік тағаны - Абай. Ол бір-бірімен тым жақын, жалғас жатыр. Алайда, Мағжан өзін-өзі ашудың кілтін іздеуден таңбады. Қазақ лирикасын әлемдік дәрежеге көтерген Абайды орап өтудің мүмкін еместігін Мағжан түсінді. Абайсыз Мағжанға ақын болудың өзі екі талай еді. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» қаршадай Мағжанның сүйегіне сіңіп кеткен. Сүйте-сүйте біртіндеп Абай аманаты түгелімен Мағжан мойнына артылды. Ол алдымен әлемдік поэзияның ана сүті - Шығыстың шың шайырларының кәусар бұлағынан сусын қандырды. Зәмзәм сусындай мөлдір тазалықтан ләззат кешті. Абай не нәрсені болсын сабырмен сөйлегенін білмеіз. Ж.Аймауытовтың: «Абай - ақылдың, Мағжан сезімінің ақыны» деуі содан болар.

Абайдан қара үзуді мақсұт тұтпаған ол оның көлеңкесінде қалудыңда еш қисыны жоғын сезінді. Осы жүкті Мағжан қабырғасы қайыспай көтеріп кеткеніне куә боламыз.

Ай туды күңгірт кеш еді, алтық табақ,

Ару ғой ай дегенің алтын қабақ.

Жүзінен сол арудың нұр төгілді,

Жапырақ суда ойнаған алтын шашпақ7

Бұл - «Тұранның бір бауырында» атты өлеңінен үзінді. Мұнда Мағжан қолтаңбасы айқын көрінді. Бұл жолдарды өзіне ғана тән ету ақынға еш оңайға түспегенін түсіну керек. Неге десеңіз, алдында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» тұр ғой. Түн, ай, күн, су жалпы табиғатты Абайдан асыра жырлау қазақ өлеңінде мүмкін бе? Абай мен қара өлеңге кіндігінен байлану себебі де сонда. Алайда, Абай стилін жасытып соңына түспеді. Мағжан өлеңге романтикалық өң берді. Эстетикалық танымдары екі ақынды тоғыстырғанымен, көркемдеу әдістері бұларды екі арнаға бұрды. Абай «Тасыған өзен гүрілдеп» сияқты обьективтік бағалау түріндегі сұлу табиғаттың реалистік бейнесін, хабарлы жай сөйлем арқылы берсе, Мағжан көтеріңкілеп, астарлы метафора, 11-13 буынды тармақтармен, не бір бейнелі тіл шұрайын шығара сөйлейді. Абай пейзажы жарқын, ашық, анық болса, Мағжан күлгін түсті, көңілдің қоңыр бояуын жасырмай сырласады. Яғни ол табиғатты Абайдан басқа түске - өз жан әлемінде, өз сезімінде көріп бағалайды. «Жел шіркін жаны күйіп күбірлеген», «Жерде су сылдыр қағып сүйсінгендей», «Кей кезде күйік кернеп күрілдеген» деген жолдар бұл пікіріміздің айқын айғағы.

Поэтикалық жалғастықты Абай қалай дамытса, түршіл Мағжан да сол дәстүршілдікті өзіне мұра еткендей, өнер қойнауы үшін бұл таптырмайтын, таусылмайтын қасиет. Стилі бөлек Абай дәстүріне түр тұрғысынан оның қалай жалғастық тапқанына бір-екі мысал келтіре кетейік.

«Бойы бұлғаң» - Абайдың, әсіресе, түрлік жаңалығымен ерекше тұрған дүниесі. Сондықтан Мағжан оны саналы түрде дамытты.


  1. Абайдың ақындыққа деген сыны және оған М.Әуезовтың көзқарасы

М.Әуезов Абайдың зар-заман ақындарына көзқарасын талдаған кезде дәстүрлі өлшемдерге соқпай өтпейді. Зар-заманжырлары Абайдың танымымен көзқарасын, ақындық тұлғасын салыстыру арқылы ұштап, жанып, биіктете түсетін белгілі бір өлшем іспетті. «Өз заманынан түңілген ақындардың екі түрлі шығатын жолы бар: «Зар-заман» ақындары артты ойлап қоюшы еді. Сондықтан тарихтың беймезгіл тығырығына ұшырғанда діңгілшілдік үмітсіздік сарыны. Ал Абайдың бұл ақындардан өзгешелігі - келешектен үміт етуі. Ел тағдырының бұл қалыпта тұрмайтынын айтады» деген М.Әуезов тұжырымы [8] идеялық терістеуден гөрі, өлең табиғатының өзгерістерін білдіру мақсатымен айтылғаны анық.

М.Әуезов Абайдың «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» өлеңіне қатысты зерттеулерінде бәрінде Бұқар, Дулат, Шортанбайлардың ірі ақындар, үлкен толғаулар екенін атап көрсетті. Ол Абайдың өзінен бұрынғы ақындарға бағышталған бір ауыз сөзіне байланысты пікірлерін сабақтастыра келіп, мұны ақындық терістеу, жаңа поэтикалық өлшем ыңғайында бағалау тұрғысынан ұғынуға үндейді: «Мәдениетті жаңа бағытты ақын қазақ тіршілігінің қай тақырыбын жырласа да, өз алдындағы қазақ поэзиясының алыбы саналған Бұқар, Дулат, Шортанбайларша жазбайды. Тұтас өлең түгіл, соларды қайталап, не солар үлгісіне түсіп жазған бір шумақ өлеңінің өзіде жоқ деуге болады»[9].

Алайда М.Әуезов бұл жыр жүйріктерімен Абай поэзиясында «тіл, теңеу, тақырып, көңіл-күй сарыны жағынан ұқсастық бар сияқтанатынын» жоққа шығармайды. Әйтседе ұлы Абай қай қырынан алғанда да қара үздірген даралығымен, шынайы шеберлігімен ерекшеленеді. Өзінен бұрынғы ақындардың сөзбен салған суретін, жоғары деңгейдегі таным - түйсігінің өлеңдегі өрнегі ой елегінен өткізген Абай поэзиясының мүлде бөлек тұрпаттағы мүмкіндіктері ашылады. Содан соң өз бағымдауы бойынша «бірі-құрау, бірі-жамау» өлең өлшемдеріне Абайлық биіктен қарайды.

Абайдың Дулат, Шортанбай, Бұқарларға көзқарасына орай қазақ әдебиетінің тағы бір тұлғалы өкілі С.Мұқанов салмақты пікір білдірген. Ғылым жазушы атанған ақын-жыраулар қалай болғанда да Абай мектебіне бастайтын алтын көпір, аралық жол екенін баса айтады. Абай тұсындағы ақындарды қабілет-қарымына, талант танымына қарай «екпіндеген жүйріктер», «шоқақтан артығы жоқ жортақтар», «кібіртік деген аяңшылар» деп жіктейді [10].

Абайдың сөз өрнегін жеріне жеткізе зерттеген тілші ғалым Рабиға Сыздықова бұрыннан үзбей келе жатқан «Абай бұл ақындардың сөз қолданыстарын қолдай көрмеген, тіл тазалығын сақтамағанына қарсылық білдірген» деген дәстүрлі айыптауларға көзқарасын әдеби тілге қатысты өрбіткен пікірлері арқылы білдіреді: «сөздері бірі - жамау, бірі - қырау деп, сол әдебиеттің үш ірі өкілі - Дулат, Шортанбай, Бұқарды атап сынағанымен, олардың көп үйренген, бұл сынында Абай олардың ақындық шеберлігі, сөз қиыстыру амалдарын оқынсынбаған, бірақ суреткерлік идеяларына ой кедейлігіне көңілі толмаған»[11] деп, Әуезов тұжырымын нығыздай түскен ғалым бұл тіркестердің астарын ашып көрсетуді мұрат тұтады

Абай сынының нысанасына айналған Бұқар, Дулат, Шортанбай үшеуі бір ұғым, яғни қазақ поэзиясының Абай алдындағы биігі дегенді білдіреді. Ақын қазақ өлеңінің бағындырмаған оқшау тұрған осы үш шыңын көздейді. Тегінде, көкпен таласқан биіктіктен төбең бір-ақ елі асып тұрсада, абыройың аспандайды. Сен шыққан тұғырдың қадірі артады. Бірақ, бұл шың шоқыға, алтын жезге айналады деген сөз емес. Әр биіктің, әр самғаудың өз орны бар. Абай сынының алғы шартын осылай тиянақтағанымыз жөн болар. Өйткені, «ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырды Абай Дулатты, Шортанбайды, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, жаттап өскенін естіге болады» [12] деп М.Әуезов айтқандай, бұл шынайы шебердің сөз өнеріне келерден бұрын оқып-тоқып түйген ойы. Ұлы ойшылдың ақындық айналасындағы өлеңге таласы бар кісіге жөн-жоба көрсетуін М.Әуезов былай бедерлейді: «Абай тұсындағы ақындар өз қасиетін түсіргенін, сөз басы болудан қалып, жалынышты сатымсақ шашпау көтерер сөзге құл болғанын айтады. Ақындарды қатты соққылап келеді де, заман ақынға шарт қояды, мен де өзімен жаңаша шарт қоямын дейді» [13]. Өлеңді «Сөз патшасы» деп жариялаған ұлы Абайдың ақындық тұлғасы биіктеген үстіне биіктей түседі.


  1. М.Жұмабаев поэзиясының мәдени негіздері

Мағжан Жұмабаевтың мәдениеттанушылық көзқарастарын ХХ ғасыр басында белең алған тұтас мәдени стиль аясында қарастырсақ методологиялық жағынан дұрыс болады. Абайдың классикалық стилінен бірнеше дара стиль салаланып бөлініп шығып, жаңа дәстүр стилінің негізінен қалай бастаған болатын.

М.Жұмабаев ең алдымен өзі өмір сүрген дәуірдің өкілі. Қазақ тарихының бұл кезеңі «Абай дәуірі» және «Жәдиттік қозғалысы» деп жүктеуге келетін өзара желілес, сабақтас сатылардан тұрады. Бұл сатылардың сипатты белгілері ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында дәуірдің бірегей мәдени стилін белгіледі. Әдебиет ғасыр басындағы мәдени өмірдің синкретті мазмұны ретінде осы стильдің өнебойында жетекші рөл атқарды.

Мағжан Жұмабаев міне, дәуірдің мәдени стилін танытқан осындай бірегей тұлғалардың бірі. Ақын дәуірдегі күрмеулі мәселелерді, әсіресе әлеуметтік, елшілдік мәселелерін көркем шындыққа айналдыру барысында өзіндік дара стильге ие болды. Мағжанның бұл қолтаңбасы өткен көркемдік тәжірибесін өзінше игерумен, сондай-ақ әлем мәдениеті жасақтаған игіліктерді өз шығармашылығының көрігіне салып, қорытып, пайдалана білудегі бітімімен ерекшеленеді. Осы ерекшеліктерді оның шығармашылық жүйесінде біржағынан мәдени стиль жасақтаушы бөліктер функциясын, екінші жағынан төл мәдениетті өзге мәдениеттермен үндестіруші қызметін атқарған.

Бұл тұрғыда Мағжан Жұмабаев шығармаларының этномәдени негізі айрықша мәнге ие. Ол қоғамдық прогресті, оған мәдениетті негіз етуді халық тілінен, төл әдебиеттен бастап, осы көзқарасты көркемдік принципке айналдырған қаламгер. Сөйтіп, ол қазақ мәдениетінің гинетикалық нәрі ұлттық қайнарда жатқанын өз шығармашылығы арқылы дәлелдеді және ауыз әдебиеті үлгілерін әлеуметтік мақсатта пайдалана білді.

Мағжан Жұмабаев шығармашылығы - мәдениеттер үндесуінің жарқын үлгісі. Мағжанда мәдениеттер келісетін де тұстар баршылық. Мұның өзі заңды да. Әсіресе синкреттілігі, өзге мәдениетті өз ішінде қайта қорытып алу жағынан түркі мәдениеті өзгелерден өзгеше тұр. Исламның суфизм бағытының қазақ бақсылығы мен контоминациясын да осы тұрғыдан бағалау керек. Бұл кірігу Мағжан шығармаларында, әсіресе оның лирикасында күшті көрінеді.

Түйіп айтқанда, Мағжан Жұмабаевтың мәдениеттанушылық көзқарастарын үш мәселенің төңірегінде топтап қарастырған тиімді көрінеді, олар:

  1. Ұлы суреткердің шығармашылығын дәуірдің мәдени стилі проблемасының аясында алып, оның дара стилінің қалыптасу процесін саралап салмақтау;

  2. Ақынның көркемдік дүниетанымы мен ізденістерінің халықтық рухани мұрасынан тамыр тартудың, яғни олардың этномәдени негізін жан-жақты ашып, айқындап көрсету;

  3. Бүкіл әлемдік ауқымда ойлайтын қаламгердің туындыларындағы мәдениеттердің үндесін, мысалы «батыс - шығыс» мәдени парадигмасының белгі-бедерлерін таңып-түстеу және талдап таразылау.

Міне, сонда ғана Мағжанның мәдениеттанудағы орны оқшауланып шығады.


  1. Мағжан Жұмабаев және стиль мәселесі

ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында орын алған дауылды сілкіністер мен дүбірлі селпілістер заманы қалың жұрттың арасынан айрықша білімдар, аса білікті жандардың үркердей шоғырын іріктеп шығарды. Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді аға буын арыстардың ізін басқан талантты топтың ішінен жұлдызы жарқырап шыққан Мағжан Жұмабаевтың да болғандығы белгілі.

Сөз жоқ, Мағжанның бүкіл қоғамдық, қайраткерлік және қаламгерлік қызметінің мәнді мәйегі, жанда жиынтығы, ең алдымен, оның ақындық шығармашылығынан айқын аңғарылады. Ұлттық поэзиясының өкілі халқымыздың мәденитаным түсініктері мен талғамының көкжиегін кеңейтіп, келбетін көркейтудегі орасан еңбегін атап өткен жөн.

Өзінің үзеңгілес зиялы замандастары сияқты, Мағжан Жұмабаев та Шығыс пен Батыс руханиятынан тең дәрежеде сусындап, одан танып түйгенін туған топырағының тереңіне тамыр тартқан дәстүрлі дүниетанымдық ұсыныстармен жарасымды байланыстыра білді. Осы орайдағы тынымсыз да табысты ізденістері оның поэзиялық туындыларында керемет келісім мен үрдісті үлгілерге толы құйылыс тапты. Отызыншы жылдарға қарай Мұхтар Әуезов: «Мағжан - культурасы зор ақын,» - әділ бағасын берсе, күні кеше Әбділда Тәжібаевтың: «Мағжан культурасының биіктігі бүгін де биік тұр» - деген тұжырымға тоқтауы жайдан-жай болмауы керек. Шындығында да, Мағжан Жұмабаев жырларының ә дегеннен, назар аударатын сара-сипаты оның жан-жақпен ұштасқан мәдени өрісі мен өресінде бедерленіп жатыр.

Ақын тіршілік кешкен тұстағы, шығармашылығ шыңдаоған шақтағы, қазақ қауымына байырғы көшпенді мәденит пен көп жағдайда күшпен таңылған отырықшы мәдениеттің өзара қауышу пен қақтығысу процестері, яғни, екі мәдениеттің диалогі қызу жүріп жатты. Ұлт тағдырындағы мұндай күрделі, көкейкесті жағдай Мағжан өлеңдерінде көркемдік шешімін таппай тұрмады. Мысалы оның дала мен қала арасындағы қарама-қайшылықты суреттейтін «Айда атыңды, Сәрсенбай» сондай-ақ қазақтың қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманын аңсау бағытында және түрікшілдік сарыныда жазылған романтикалық жырларында («Өткен - аяулы», «Түркістан» т.б.) мұның белгілері идеялық-эстетиалық синтез күйінде көрінді. Ж.Аймауытовтың айтуынша, көшпелі дәуірдің рухын айнаға түсіру кезінде -«Мағжан мәдениетшіл романтик блып отыр». Бұл - бір.

Екіншіден, мұсылманшылық мәдениетіне көзқарасын сараласақ, Мағжан дінисхоластикаға және оның жаттанды канондарына бір табан жақындамайды.

Сонда Мағжан шығармашылығының шығыспен ғана емес, туыстас түркі халықтарының руханиятымен қалай тамырласып жатқандығының қыртыс-қатпарлары өз құпиясын танытпақ.

Мәселенің үшінші жағы, Жұмабаев поэзиясынан тайға таңба басқандай анық аңғарылатын символизм ықпалына байланысты. Негізінен неміс ойшылдары А.Шопенгауэр мен Ф.Ницше жасаған философиялық концепцияларға арқа сүйеген бұл әдеби құбылыстың батыстағы Ш.Бодлер, П.Верлен, С.Малларме, Ресейдегі К.Больмонт, Д.Мережковский, В.Брюсов, А.Белый, А.Блок тәрізді көрнекі өкілдерімен қатар Мағжан да қазақтың көркемдік ой-жүйесіне бұған дейін болмаған тың, таңсық өрнектер мен өзгерістерді дарытты. Оның жыр әлеміне орыс философы әрі ақыны В.Соловьевтің де әсері аз болған жоқ. Ақын туындыларында жаңаша жырланған өмір мен өлім мотиві, ғашықтық тақырыбы сол еуропалық мәдениеттің қайнарынан бастау алатыны ақиқат. Кейін атақты «Алқа» әдеби плотформасын жасаған тұста да Мағжанға дүниежүзілік мәдениеттен кеңінен хабардарлығы көмегін тигізгені күмәнсіз.

Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық қызметі мен шығармашылық еңбегі де қазақтың ояну дәуірінің ауқымында толықтай танылады. Оның 1911 жылы жарық көрген «Жатыр...» атты алғашқы өлеңдеріндегі:

Сезінбей өзінікін, өзгенікін,

Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр, - деген жолдардың өзі-ақ оның «Өз» бен «Өзге» проблемасын, яғни, «Мәдениеттер диалогы» мәселесін ұлттық тұрғыдан түсінгендігін білдіреді. Бұл сарын ақынның шығармашылық сапарының өо бойына алтын арқылы тартылғандығы тассыз.

Сөйтіп, Мағжан Жұмабаев - қазақ мәдениетінің тарихында орны әрқашан оқшау тұратын ұлы тұлға.


  1. А.Құнанбаев пен М.Жұмабаев лирикалық, психологиялық өрнектеудің нағыз шеберлері және олардың шығармаларының үндестігі

Батыс, Шығыс әдебиеті мен мәдениетінің тамаша озық үлгілерін оқып, одан ой қорытып шығарған Абайдың нағыз ақындық өнерінің өзі де 40 жастан басталғаны бәрімізге белгілі. Осы жөнінде М.Әуезовтың ғылыми монографиялық еңбегінде: «сонымен 1884-1886 жылдардан бері қарай Абайдың нағыз өнімді ақындығы басталады» - делінген [14]. Сондай-ақ, М.Әуезов: «90 жылдардан бастап ұстаздық, үгітшілік жолына түскен соң Абай өлеңді аз жазса да, қара сөзбен айтатын өсиетті көп жазатын болған... «Ғақлия» деген өсиеттері сол 90-98 жылдар арасында жазылған 91 жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген»-дейді [15].

Ақын көптеген өлеңдерін тыңдаушыларымен сырласа отырып, арнау, толғау, түрінде жазған. Ондайда басты мақсаты - оның назарын өзіне аударып, көңіліне ұялайтындай ой тастау. Осындай шығармаларының бірі - «Сәулең бол кеудеңде» өлеңі. Өлең 7-8 буынға құрылып, дидактикалық толғау түрінде жазылған. Мазмұны: адамның адам болуы өз ортасына байланысты, адам ортада танылады, қанат қатайып ел басқаруға дейін көтеріле алады. Сөзі дұрыс, ойы дұрыс ел басшысына ғана ел ереді.

Сәулең болса кеудеңде,

Мына сөзге көңіл бөл.

Егер сәулең болмаса,

Мейлің тіріл, мейлің өл.

ХІХ ғасырдың биігінен жария ойларын еркін айта білген ақын өлең құрлысын бірден насихат үгіттен бастаған. Өлеңнің композициялық-синтаксистік құрлысынан байқайтынымыз - алғашқы шумақта төрт жол, соңынан оған қоса оқылатын алты жол бір-бір синтаксистік тұтастықта. Өзінің айтқан ойларын тыңдаушыларына анық жеткізу үшін ақын көптеген фразеологизмдер мен афоризмдер қолданады.

Танымассың, көрмессің,

Қаптаған соң көзге шел. - жалпы халықтық афоризм

Берекелі болса ел -

Жағасы жайлау ол бір көл - авторлық афоризм.

Халық аузында бар тіркестерді қолданумен қатар ақын кейінгіге насихат боларлық афоризмдер шығарған. Олар:

Берекесі кеткен ел -

Суы ашыған батбақ көл.

Единица - жақсысы

Ерген елі бейне нөл

Единица нөлсіз-ақ

Өз басымдық болар сол.

Автордың жеке-жеке жағдайларды сипаттай отырып, қысқаша ой қорытулары тым тартымды. Өлеңнің жазылу ситуациясы - ақынның шектен асқан уақиғаны көріп, «ызалы жүрек», «улы сияның» күшімен кеткеніде байқалады.

Ұлы Абай ерін ардақтайтын елді ғана жақтайды, ал басқадай елге жаны қас. Елі, ері туралы ақынның жанайқайын жеткізетін өлеңнің бейнелеуіш-мәнерлеуіш құралдарының таблицасының былайша түзуге болады:

Алмастыру

(метафора)

Ауыстыру (метонимия)

Көріктеуіш сөздер (эпитеттер)

Антонимді-синонимді қолданыстар

Афоризм халықтық

Афоризм авторлық

4

3

8

13/1

1

5

Құрылымдық-стилистикалық аспектіде өлең ырғағын жасап тұрған ендігі бір тәсілдер - егіздеу (параллелизм) мен шендестіру (антитеза).

«Сәулең болса кеудеңде»өлеңі бір-бірінен өзгеше суреттермен берілсе де, бір идеяға топтастырылған, мазмұны тереңнен түсініп оқуды қажет ететін 7 шумақтан тұрады. Әрбір шумақта жақсы елдің басшысына, оның сөзіне тікелей байланысты берілген жағымды, жағымсыз жағдайлар экспрессиямен суреттелген. Идеясы мәңгілік бұл туындының оқушысына тигізер әсерін өлеңнің өн бойында ақын ерекше шеберлікпен қолданған тілдік құралдарынан байқап білеміз.

Осындай адастырмас реформатор тұрғанда, Мағжан ұлы Абай тенденциясына келуге мәжбүр болды. Абайдың өлең жазу жүйесін Мағжан өзіне жүйе етті. Ұлы ақындар (Абай, Мағжан) өз өнерлерін өнер теориясымен тең ұстады, қатар дамыды. Олар жеке-жеке бояуының мәнісі сонда. Міне, Мағжанның да өлеңнің поэтикалық өлшеміне бейтарап қарай алмауында осындай жалғастық жатыр. Ол жалғастықты дәстүршіл Абай қалай дамытса, түршіл Мағжан да сол дәстүршілдікті өзәне мұра еткендей. Өнер қойнауы үшін бұл таптырмайтын, таусылмайтын қасиет. Стилі бөлек Абай дәстүріне түр тұрғысынан Мағжанның қалай жалғастық тапқанына бір-екі мысал келтіре кетейік.

«Бойы бұлғаң» - Абайдың, әсіресе, түрлік жаңалығымен ерекше тұрған дүниесі. Сондықтан Мағжан оны саналы түрде дамытты. Сол үлгідегі әлденеше өлең жазды. «Шылым», «Біраз Фетше», «Александр Блок», «Тірі бол» т.б. өлеңдері Айтмаутов айтқандай, «Абайда жоқ, жаңа түр» емес, керісінше, Абай дәстүрінің өнімді жемістері.

Қолда шылым

Тартып күлін

Түсіремін табаққа

Бұл еш өзгеріссіз «Бойы бұлғаңның» қалыбынан шыққан жолдар.

Александр Блок

Мәңгі жас жүрек

Үмітін бір үзбеген

Екінші тармақ 5 буынға ұзарған.

Төгілген шашы,

Қиылған қасы,

Керілген маңдай да

Екі тармақ та 5 буыннан

Сап-сары бел,

Еседі жел, еседі

Көшеді ел, көшеді.

Соңғы 7 буынды тармақ, 3 буынға қысқарған. Мұның бәрінде де Мағжан Абай сынды сипаттау, суреттеу үрдісінен шығып отыр.

Оқудан қайтты жас Сапар!

Төрде отырған ақсақал

Орын берді қасынан

Не білдің балам? Не хабар?

Жұлып алды жас Сапар

Тақиясын басынан.

Тыңдаңыз міне қария

Жер деген мынау тақия!

Тап осындай жұп жұмыр.

4 буын екі тармақтан 8 буынды бір тармақтан жасайды. Енді ол сипаттау суреттеуден іс-қимыл, әрекет - драмалы баяндауға қызмет етеді. Одан өлеңнің суреттеу аясы кеңейе түсетіні белгілі.

Айта қалса хан қайтпас!

Қарсы келсең мынау бас

Осы жерде кесілер

Уәзір сонда сабазың

Қулық - сұмдық сабағын

Судан ішкен есіл ер.

Барлық тармақ 7 буынға ауысқан. Образды баяндауға көркемдік кілт тауып, 7 буын жыр үлгісін әсем ырғағына динамика, психологизм дарытады. Өрісін ашады. Оның бәрі көне нұсқаға Мағжан қосқан жаңа түр, көркем шешім.

Абайдың «Жазда күн шілде болғанда» өлеңін Мағжан былайша өңдейді:

Жазды күні сұр құлын,

Сұлу еді сүліктей.

Көрсе құлдырап

Зытушы еді еліктей

Таза 7 буынға ауысу ақынға әлгіндей Абай суретін назарда ұстай отырып өлеңге тағы да сол ерекше динамика дарыту үшін қажет болды.

Иә, Мағжан - көне дәстүрден жаңа түр, жаңа эстетикалық түйін түйген ақын Заманының ең «авангард» ақыны ұлттық эстетикада - консерватор.

Сылдыр, сылдыр, сылдыр,

Қанымды қайнатты құрғыр

Шық - шық жүрекке тиеді.

Күлпар талқан боп сыңғыр.

Буыны жағынан Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінің үлгісі. Ал, Мағжан эстетикасында ол танымастай өзгерген. Абай реализмі мен Мағжан тапқан символдық деталь (мәселені шолпы дейік) - сұлулық, кеңістікпен кеңеседі. Мағжан символизмінің суреткерлікке ұласуы - әрине, бөлек әңгіме. Реті келгенде айтып отырамыз, Жан әлемінің ерекше құпиялы тазалығын өмірде жоқ аруды сол бір шолпы сылдыры арқылы ғасырлар қойнауынан тауып алып отыр. Ақынның эстетикалық концепциясын белгілейтін бұл қатардағы өлеңдеріне ол сарыла сарқылып, түр мен мазмұнына бірдей мән бергені хақ.

Жұмақтағы жібек желден,

Мәңгі жайнап тұрған гүлден

Жаратылған әйел сұлу

Тұрмыс деген бір тұзаққа,

Азға емес тым ұзаққа

Кез болыпты - ішіпті у

Әйел атын Гүлсім дейді

Тұрмыс атын тылсым дейді.

Бұл таза 8 буыннан тұратын үш тармақ - Мағжан тапқан түр ретінде тым сирек пішім. Кездеспейді деуге болады. Өлең композициялық бүтіндігімен де мінсіз. Өзі қатты ғашық болған сұлу Гүлсімге мәңгі ескерткішіндей. Міне, көріп отырмыз Мағжанның поэтикалық әлемі де аса бай. Ал дәстүрлі қара өлеңде тіпті де жалынан ұстатпайтын сезімтал. Оны талай соны сүрлеуге салып, ой мен сезімнің алтын кілтіне армансыз айналдырған ақын.

Сүй, жан сәулем, тағыда сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарасын қаныма,

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына

Қара өлең ақын сезімінде көз ұшындағы тұлпардай көсіледі. Қара өлеңнің

Буын өлшемі-ақ оның шабытына жел береді.

Мағжан қашанда түрдің мағынасыз дамуына қарсы. Жеңіл жанр эпиграммаларының өзі - мағынаға салады.

Сүттей Ай,

Терең сай,

Бұлбұл,

Гүл-гүл,

Екі Жан

Ыстық қан...

Бұл - «Біраз Феште» өлеңінен үзінді. Фет поэзиясының басты белгілерін санамалап ырғақ тудырады. Өте әдемі шыққан. Бәрібір Мағжан атымы мен қолтаңбасы көрінбей қалмайды.

Жаны ұсақ,

Қоңызға ұқсап.

Құшақ, құшақ

өсек көп.

Шын жаныңмен

От қаныңмен,

Иманыңмен

Ісің жоқ...

Қыбыр - қыбыр

Жыбыр - жыбыр

Сыбыр - сыбыр

Мінезің.

Міне, бұл Абайдың «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» мұраттас жолдар. Бірақ оны түрімен де мазмұнымен де жаңалайды. Өлеңнің аты «Тірі бол»

Ұлы Абай сусындап дамытқан халық ауыз дәебиетінің үлгілерін Мағжан да еркін меңгеріп, өзінің сұлу көркем поэзиясына үлгі тұтты. Мағжан сөздің сыртқы түрін әдемілеп қана қойған жоқ, әдемі сөзден әсем, әсемнен сұлу суретті сөзөрнегін жасауға тырысты, өз халықының бай поэзиясы негізінде сезімтал жүрек үнімен жаңаша мазмұнда өз жырларын жазды.

М.Жұмабаевтың қазақ әдебиетінде табиғат лирикасын жасаушылардың бірі емес, бірегейі деп бағалаймыз. Абай өлеңдерінде бастаулары салынған бұл жанрды да көрікке алып жетілдіру Мағжан ақын үлесіне тиген сыбаға деп айта аламыз.

Қорытынды

Зерттеу жұмысының нысаны болып отырған А.Құнанбаев пен М.Жұмабаев шығармашылығы қоғамдық құрылыстың түбегейлі өзгеріске ұшыраған кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр.

Ағарту - ұлы Абайдың өзек жарды мәселесі болғанын білеміз. Бірақ бұл бағыттағы ақын лирикаларының айтары ашық. Алайда, екі көркем өнер ғасыр үнін есту - естірту қазақ ерлері үшін оңай шаруа емес.

Көк бір дария қара көк,

Жұлдыздан әлі хабар жоқ

Іште жалын жүрек шоқ,

Дариға жаным өледі

Бұл Абай күрсінісі. Дәл осы орайда Абайдай терең күрсіну қиынның қиыны. Сол қатерлі отқа қанаты күйген Мағжанның философиялық тоқтамы, алайда, Абай сөзінің көшірмесі емес. Оның арғы жағындағы ақындар қолданған «ақ өлеңімен» тұжырымдалады, бұл өлеңнің көркемдік шешімі. Яғни, Мағжанның түршіл болуына да негізінен Абай түрткі болды десек - ол заңдылық.

Қара өлең құдірет - сарынын ешбір жүйрік жете алмайтындай деңгейге көтерген Мағжан Абайдың түпсіз шеберлік кілтін іздеуден жалықпады. Өйткені ол аса ірі тұлғалы - түршіл, Абайдан шыққан шыншыл ақын.

Мағжан еліктегіш ақын емес, ұлттық ақын. Онымен бірге жасайтын бөлшегі, ғұмырлық мақтанышы. Сондықтан ол әлемдік поэзия теңізінің қай толқынынан жөн көрсетіп, қылаң бергенімен, айналып келіп қазығын табады. Сондықтан ол егер қарыздар болса, туған әдебиетіне, Абайға қарыздар. Абай мен Мағжан шығармашылығының үндесуінің мәні осында жатыр деп білеміз.

Шындық иесі - данышпан. Ақынға жүрек сөзін жеткізу - парыз. Абай мен Мағжанды ақын еткен сол қасиетті шындық пен жанды - жансызға айрықша махаббатпен қарататын абзал жүрек әмірі еді.

Қорыта келгенде, зерттеу жұмысымыз кіріспе пен негізгі екі тараудан және қорытынды мен әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспе бөлімде халықтың мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған асыл азаматтарымыздың қатарында шоқтығы биік тұрған зор талант иелері Абай мен Мағжан туралы сөз етіліп олардың шығармашылықтары туралы мәлімет берілді.

І-тарауда қазақ халқының ұлтжанды ақындары А.Құнанбаев пен М.Жұмабаевтың шығармашылығына кең ауқымда шолу жасалды. Мағжан Абай дәстүрін өсіруші, өрбітуші. Үлкен азаматтық сарындағы Мағжан өлеңдерінің іші-сырты да бірдей сұлу жарасымды болып, ек ұйқас, ырғақ меңіздігімен ғана емес, айтар ой-сезімге байланысты аса қонымды өлшеммен ее өткізіледі...

Абай ұлы реформатор болды. Мағжанның «Шылым», «Біраз Феште», «Александр Блок», «Тірі бол» т.б. өлеңдері Абай дәстүрінің өнімді жемістері. Қорыта келгенде, поэзия әлеміне жалғастықты дәстүршіл Абай қалай дамытса, Мағжан да сол дәстүршілдікті өзіне мұра еткендей.

Абай әдебиетіміздің бас тұлғасы. Мағжанның Мағжан жұмабаев сынды ақын болып қалыптасуы - алдында Абайдай алыптың тұрғандығы.

Мағжан әсіресе ақындық ілкі қадамдарында Абайға еліктеп көп өлең туғызды. Абайдың «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» деп қарс айрыла күрсіне, жас шәкірт ақынның жүрегі торға түскен жолбарыстай бұлқынды.

«Туған жерім - Сасықкөл» өлеңінде Мағжан қазақ елінің отаршылдық тозағына түсуін басынан бақыт құсы ұшқанға балайды. Мұнда біз Абай өлеңдері сарынынан пәлендей ауытқуды аңғармаймыз. Өлең мазмұнындағы сабақтастық шындық өмірдің сабақтастығынан туындайды. Бір сөзбен айтқанда, Мағжан бақыты - ол өзінің поэзиясындағы уыз сүтін Абай өлеңдерінен ғана ішті. Қазақ әдебиеті Абай мен Мағжан тұсында жаңа бәселеске көтерілді «көтерілді», «ілгеріледі» дегенде, ең әуелі жаңа кезеңнің өзгешеліктерін байланысты жағдайларды ескерген жөн.

Осы өзгешеліктерді атап айтқанда төмендегідей:

  1. Дәуір өзгешеліктері.

Абай мен Мағжан, бірі - дүние астын үстіне келтірген революция жылдары қарсаңында, екіншісі - сол дәуірдің өртке тигендей құтырынып аласұрғаншағында өмір сүріп, ақындық құрды.

  1. Әдеби байланыстағы өзгерістер.

Абай реалистік орыс әдебиетінің алтын ғасырына жақын тұрса, Мағжан осы әдебиеттің күміс ғасырымен символизм (романтизм) ағымымен т.б. мидай араласты. Абай антика, Шығыс сарындарына құлақ түрсе, Мағжан түрікшіл, шығыскер атанып жүрді.

  1. Әдеби ортаның пайда болуы.

ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының айтарлықтай шоғыры құлады. тарихшы В.Григорьевтің деректері бойынша: «Жоғары және аяқталмаған жоғары білімді 100-ге жуық (Ж.Досмұхаметов, М.Шоқаев, Б.Қаратаев т.б.), мектептер, училищелер мен мұғалімдер семинарларын тәмәмдаған 700-ге жуық (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ә.Жантөрин, А.Асылбеков, К.Төгісов т.б.) азаматтар болды...» [16].

Осы зиялылардың арқасында қазақ әдебиетінің тақырыбы кеңейіп, жанры жағынан байи түсті.

Мағжанның төл туындыларындағы жаңалықтар оны Абаймен жақындатты.

«Жақындай түсті» деген сөздерге байланысты В.Белинскийдің бір айтқанын еске түсіруге болады. Пушкин мен лермонтов арасын салыстыра келіп, ұлы сыншы:

«Печорин Лермонтов...это Онегин нешего времени, герой нешего времени. Несходство их между собою гораздо меньше расстояни между Онегою и Печарою» [17] деген.

Сол сияқты, Абай мен Мағжан арасы Есіл мен Ертістің аралығынан әлдеқайда жақын. Мағжан Абайдан еш көш жазбаған. Абай - Мағжанның рухани атасы.

Абай мен Мағжан әдебиетке тұтас бір ататекті жанр - лириканы енгізді. Қазақ поэзиясын сыршылдыққа бұрды. Адамның ішкі жан әсерлерін қызықтады. Жан әлеміндегі сиқырлы көріністерді, өзгерістерді, мың сан құбылыстарды суреттеу үшін жетер оралымды, бейнелі тіл таба білді. Поэзиямызда ұлы Абай бастаған дәстүрлі саланы М.Жұмабаев жалғастырып қана қоймай, тереңдетіп, гүлдендіріп, жаңа биікке көтерді.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Абай Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы, І том - Алматы, 1939.

  2. Абай Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы, ІІ том - Алматы, 1940.

  3. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Монография - Алматы, 1995.

  4. Абай. Шығармалар жинағы. І том - Алматы, 1986.

  5. Абай. Энциклопедия. Алматы, 1995.

  6. Абай. Аудармалар мен қара сөздер - Алматы: «Жазушы», 2т., 1989. 616бет.

  7. Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының толық жинағы. - Алматы: жазушы. -

  8. Т.1. өлеңдер мен аудармалар, 2002. 296 бет.

  9. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. 1986.

  10. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. Алматы, «Ана тілі», 1995.

  11. Абай тағылымы: Мақалалар, зерттеулер, Алматы.1986.

  12. Айтмаутов Ж.Мағжанның ақындығы туралы. М.Жұмабаев шығармалары. Алматы. 1989.

  13. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар (құрастырып, баспаға әзірлеген Н.Ақбаев). Алматы. «Санат» 1995. 320 бет.

  14. Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. Алматы: жазушы, 1990-Екінші кітап. Абай-624 бет.

  15. Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. Алматы: жазушы, 1990-Бірінші кітап. Абай-608 бет.

  16. Әуезов М. Абай Құнанбаев. - Алматы, 1994.

  17. Әуезов М. Абай Құнанбаев. - Алматы, 1995.

  18. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. - Алматы «жазушы», 118т. 1985. 448 бет.

  19. Әуезов М. Роман-эпопея. Алматы: Жазушы, 2т, 1989, 616 бет.

  20. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991.


© 2010-2022