Эссе Ұрпақтары ұмытпайтын ұлы Жеңіс

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

«Менің ардагер нағашы аталарым»


Ардагерлер қан майданда талай отты кештіңдер,

Жастық дәурен қызығы жоқ, азап тартып өстіңдер.

Жеңіс күнін көзбен көріп, тойлағаннан бері де.

Ширек ғасыр кейін қалды, естен кетпес ол күндер.

Отты күндер өтті, кетті, ал , ағалар қартайды,

Жылдар жылжып өткен сайын қатарлары ортайды.

Азаймасын дегенменен болмайды екен бұл тағдыр.

Азы қалып, көбі олардың мәңгілікке жантайды

Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып, өркениеті кейінге қайтарған, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды. Қиясына қарай қыраны, еліне қарай ері болады емес пе?Елі мен жерін қорғайтын, қалың жауға шабатын, тас қамалды жұдырығымен бұзатын, қауіп бар деп елемейтін қазақ батырларының жұбы жазылып, қарасы үзілген емес.

Біздің Отанымыздың тарихында ұмытылмайтын 5 жыл бар. Бұл 1941-1945 жылдар. Бұл фашизммен бетпе-бет келген сұрапыл шайқастар. Осы жылдар Отанын қорғап, жер бетіне бейбітшілік орнату үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін күрескен батырлар, майданда қаза болған жауынгерлер туралы көп кітаптар жазылды.

Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді...

Соғыс - адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес.

Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтасақ жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар едік. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен ...

Ұлы Отан соғысына аттанған 4831 тарбағатайлық жауынгерлердің 1630-ы сол сұрапылда көз жұмса, майдан даласынан 1228-і ғана тірі оралды. Жаумен жағаласқан 1973 боздақ хабарсыз кетті.

Біздің жерлестеріміз соғыстың негізгі бағыты болған Сталинград, Ленинград, Калинин, Москва, Харьков пландармы, Курск иіні, Белоруссия, Украйна, Балтық жағалауы, Шығыс Европа елдері, Солтүстік Кавказ майданының ерекше округтерінде, сонымен қатар Шығыстағы Квантун армиясымен болған шайқастарға қатынасты.

Жеңісті жақындату үшін Ақсуат /қазіргі ШҚО, Тарбағатай ауданы/ ауданындағы Тарбағатай, Өкпеті тауларының етегінде орналасқан Үштөбе аулынан да аталарымыз бен әкелеріміз аттанды. Солардың ішінде жеңістің, бейбіт өмірдің зейнетін көрген ардагерлер: Нүрекешов Бақтығажы, Нүрекешов Қошыман, Асылбеков Қасымхан, Итбаев Ақатай, Құлжабаев Нұғыман, Оразбаев Қалихан, Райбаев Жексенбі, Тұрғынбаев Тұрысбек. Бірақ өкініштісі, қазіргі күнде бұл аталарымыздың барлығы да о дүниелік болған. Тіпті, хабар ошарсыз кетіп, кейінгі тағдырлары беймәлім күйде қалғандар да аз емес.

Жеңісті жақындатуға менің де жақындарымның үлестері бар. Менің үлкен нағашы аталарым Нүрекешов Қошыман мен Нүрекешов Бақтығажы да қанды сұрапыл соғыстың куәгерлері болған. Отанымыздың әрбір тасын қорғауға арын жалау етіп, жанын алау етіп аттанған аталарымызды мақтан тұтамын.

Бақтығажы ата 1925 жылы Семей облысы, Ақсуат ауданы, Ақжайлау колхозында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл армия қатарына алынып, Қырым, Украйна, Польша жерлерін неміс фашистерінен азат етуге қатысады. 129-АД, 320-АП құрамында соғысып Чехословакия жерінде Голяно селосында 1944 жылы 8 желтоқсанда ауыр жараланып,әскери госпитальда оң аяғын тізеден төмен, сол аяғын саннан төмен кесіп тастайды. Сөйтіп І-топтағы мүгедек болып 1945 жылы елге оралады. «Боздақтар» кітабының 1-томы 118 бетінде «Нүрекенов Баққажы, қатардағы жауынгер. Ақжайлау ауылында 1925 жылы туған. 129-АД, 320-АП құрамында соғысқа қатысып, 1944 жылы 8 желтоқсанда қаза тапқан. Чехославакия, с Голяно селосында жерленген» деп жазылған. Бұл атамыздың біраз уақыт дала госпиталінде ес-түссіз жатып өз взводынан адасып қалған кезде болған.

Мүгедектігіне қарамастан Ағатайым /кейінгі балалар осылай атайтын/ еңбектен етуден қалмаған. Атамыздың еңбек кітапшасында мамандығы бухгалтер деп көрсетілген.

Колхоз кезінде әртүрлі жұмыстар атқарады. Қой қырқу кезінде мотор жүргізді, шөп шабу науқанында орақ қайрады. Жанармай, жағармайға иелік жасап, машина, тракторларға босатып тұрды. 1962 жылы Шымкент қаласына барып екі жылдық бухгалтерлік курсты оқып бітіріп, куәлік алып келеді. Совхозда, кейіннен «Ленин жолы» сегіз жылдық мектебінде есепшілік қызмет атқарады. Бақтығажы ата сауатты, мәдениетті, аузынан жаман сөз шықпайтын адам болған. Газет-журналдарды үзбей оқып отырған. Бізде бар деректер осы. Бақтығажы атамыздың еңбекқорлығы, адамгершілігі журналистер назарынан тыс қалмаған екен. Сол кездегі белді журналист, әрі ақын Нұрбек Сейілханов ағамыз «Ақсуаттың Мересьеві» деген көлемді очеркін облыстық «Семей таңы» газетіне жариялаған. Бақтығажы атамыздың жұбай Мұқан қызы Күлтай (1930-1967). Бірақ бұл кісінің өмірі өте қысқа болған екен. Атамыздан Мұқамет, Қайрат деген екі ұл, Гүлжан атты қызы бар. Қазіргі таңда Мұқамет Аягөз қаласында, Гүлжан Семей қаласында, Қайрат осы Үштөбе ауылында тұрады. Нүрекешов Бақтығажы «Г.Н Жуков» медальімен, 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945ж Германиямен соғытағы жеңісі үшін» медалімен, Н.Ә Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және мерекелік медальдармен марапатталған. 1999 жылы Үштөбе ауылында көз жұмды.

Қанды, сұрапыл соғыстың куәсі болған атамыз Нүрекешов Қошыман Нүрекешұлы 1922 жылы Ақжайлау колхозында дүниеге келген. Нүрекештің тұңғыш баласы. 1941 жылы 19 жасында соғысқа аттанады. Қанды қырғын, оттың астында жүріп атамыз жаудың сазайын беріп жүреді. Бірде алғы шептегі адамдар «Алға» деп жүгіргенде судың ішіндегі көптеген миналар жарылып, бірнеше солдат жер құшып, жараланады. Солардың ішінде Қошыман ата да болған екен. Ол кісі бір аяғынан айырылады. Сол кездегі қасындағы жерлесі Ақсуат ауылының тұрғыны Асқарғали деген жолдасы шинелге орап алып шыққан екен. Қошыман ата өле-өлгенше сол кісіні аузынан тастамай, риза болып отыратын -дейді зайыбы Нұрбәтіш апа /қазір Үштөбе ауылында тұрады/ . 1944 жылы екінші топтағы мүгедек болып елге оралады. І-дәрежелі Ұлы Отан соғысының мүгедегі, І дәрежелі Ұлы Отан соғысының «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Жұбайы Нүрбәтіш Шалғынбайқызы 9 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 80 жасқа келіп немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр. Қошыман ата жасанды аяқ / протез/ киген жоқ. Үш ашалы ағаштан өзі қолдан жасап, жан-жағына айылбас, жұмсақтау бау тағып, соны киіп жүрді. Тайып кетпес үшін оның ұшына үшкір шеге қағып алды. Осы «аяғына» өзі тез үйреніп кетті, атқа еш қиналмай қарғып мініп, секіріп түседі екен. Қошыман ата нағыз еңбекке жаратылған, сөзде, қақ-соқта жұмысы жоқ адам еді- дейді көз көргендер. Атамыз қойдан босағанда қарап отырмай жүген, құйысқын, ноқта, қамшының түр-түрін өрген шебер адам болған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, зейнеткерлікке 1982 жылы шыққан. 1996 жылы Үштөбе ауылында дүниеден өтті.

Бақтығажы ата мен Қошыман атамның атын мәңгі мақтан тұтамыз. Жеңістің 70-жылдығы қарсаңында теледидардан соғыс ардагерлерін көргенде, шіркін біздің ауылда да ардагер аталарымыз тірі болып, осы тойды өз көздерімен көрер ме еді деген ой келеді. Ұлы жеңісті жақындатуға менің де жақындарымның үлесі бар деп мақтаныш сезіммен айта аламын.

От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға жетпек. Келешек үшін, дүние жүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды.

Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы боп атылған, ел дауысы боп шақырған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұландары жерін, халқының өмірін , өзі туған өңірін, ақ сүт берген анасын, ақ самал ескен даласын қорғады. Осы соғыста қасық қанын қиып ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама! Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашпақ!

Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес.

Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,- деп Сұлтанмахмұт жырлағандай бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын, сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз...

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Ақжайлау» /деректі естелік/ 56-65 беттер Ратбек Арынұлы 2002ж

  2. Боздақтар 1-том Алматы -1995

  3. «Тарбағатай» газеті 2008 жыл 9-мамыр

  4. «Ерлік- елге мұра, ұрпаққа ұран» «Тарбағатай» газеті 2010 жыл 1 мамыр

  5. Қошыман атаның жұбайы Нұрбатыш апамен, баласы Саниязбек, Тұңғаттармен, немересі Салтанаттпен тікелей сұқбат, әңгімелесу /Үштөбе ауылында тұрады/

  6. Бақтығажы Нүрекешовтың ұлы Қайрат Бақтығажыұлымен тікелей әңгіме

  7. Қошыман , Бақтығажы аталардың жанұялық қорынан алынған фотосуреттер /Үштөбе ауылы/







© 2010-2022