Мен жаңашыл ұстазбын. ЭССЕ

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасының «Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі» МКҚК

арнайы пәндердің оқытушысы

Жайлаубаева Индира Жұбатқанқызының

«Мамандығым мақтанышы» тақырыбындағы

шығармашылық жұмысы(эссе)



Егер өмір алтын болса, зергері -мұғалім,

Егер өмір теңіз болса, гауһары -мұғалім.

Егер өмір жүзік болса, көзі - мұғалім,

Егер өмір ақын болса, сөзі -мұғалім

Шухрат.

Мамандық таңдау болашақты таңдау. Өмірде мамандықтың сан алуан түрі бар. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі тағы бар.Әйтсе де мектеп қабырғасын қимастықпен аяқтаған сәттен бастап мамандық таңдау аса маңызды іс болғанымен, мен үшін еш қиынға соқпады. Себебі, қоғамдағы сан алуан мамандықтардың ішіннен жан-жақтылық пен білімділікті , ең бастысы мейірімділікті қажет ететін мұғалім мамандығының иесі атану бала кезгі арманым еді.

2004 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының «педагогика және психология» мамандығы бойынша үздік аяқтап, кеншілер қаласына арнайы жолдама арқылы ұлы ағартушының есімін иеленген Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне ұстаздық қызметке жұмысқа қабылдандым.

Бөтен қала, бөгде адамдар. Ең алғашында жаңа ортаға тез қалыптасып, ұжымға жылдам сіңісіп кету қиынның қиыны болды.

Әйтсе де алға қойған мақсатым - рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол , қоғам сұранысына жауап берер білімді шәкірт тәрбиелеу қызметін адал еңбекпен жүзеге асырғым келді.Жақсы ұстаз атану - әр жас маманның борышы.

Нағыз ұстаз болу бақыт әрі абырой.Шындығында мұғалім болу оңай болып көрінгенмен ,ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», - деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

«Ел есінде бір жыл қалғын келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле» дейді халық даналығы.

Кәсіби қызметімнің алғашқы күндерінде-ақ мені «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша оқыған қазақ тобына жетекші етіп бекітті. Барлығы өзім сияқты ауылдың қарапайым да аңғал , ак жүректі балалары.Бір қызығы, олардың арасында менімен қатарлас , тіпті менен бір-екі жас үлкен студент жастар бар еді.

Әр сабақты түсіндірген сайын бойымды қорқыныш сезімі билейтін. Әйтсе де ештенеге қарамастан болашаққа деген қызығушылықпен еңбек жолымды бастап та кеттім. Жақсы ұстаз - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, оқу орынын шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен шынайы сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады»деген сөздер жұмысқа келген сайын санамда жаңғырылып тұратын.

Елбасы Н.Назарбаев қай кезде болмасын ұстаз атаулыны ерекше құрметтейтіні баршаға мәлім. Ол «Ел болашағының кілті- бүгінгі жас ұрпақтың қолында.Жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші - ұстаздардың қолында.Тек жоғары сауатты,дарынды,дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады»-деп бірегей тұлға- ұстазға деген құрмет пен ықыластың ерекше екендігін білдірген болатын.

Сондықтан да «жас келсе іске»демекші өз білгенімді көңілге түйіп, көргенімді қолмен ұстап, әр сабақ сайын студент жастарға жаңашыл инновациялық технологиялардың көмегімен қызықты да түсінікті оқу материалын меңгертуге тырыстым.

Бүгінгі білім мен білік сыналар заманда ұстаз - ізденуші, зерттеуші, жаңашыл болуы тиіс.Орыс ақыны В. Маяковский: «Ұстаз ізденгіш болуы,ойлай білуі,қандай істі болсын,бар ынтасымен атқара білуі керек»- деген екен.

Осыған байланысты менің ойымша жаңашыл ұстазға тән мына қасиеттерді даралап көрсетуге болады.

  • Дүниетанымдық көзқарасының болуы ;

  • Өз-өзіне деген сенімділігі;

  • Қызметіне бейімділігі;

  • Кәсіптік білімі мен біліктілігі;

  • Ұйымдастырушылық қасиетінің болуы;

  • Заманға сай жаңашыл болуы;

«Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерістің алғашқысы өзің бол» демекші, кез келген ұстаз соңғы ақпараттық технологияны еркін меңгерген болуы тиіс.Себебі , үнемі өзгеріс үстіндегі жаһандану заманында ұстазға жүктелер міндеттің салмағы ауыр екені сөзсіз.Қай кезде болмасын студент үшін оқытушы бір ғана пәнмен оқытатын ғана емес, рухани ой өрісі дамыған, шығармашылық тұрғыдан жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды меңгерген, болмысы өзгеше, жан-жақты ұстаз болу керектігі бүгінгі қоғамның талабы болып отыр.

Қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» - деп , мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы абзал.

Мұғалім мамандығын жүрек қалауымен таңдап , сол салада тер төгіп еңбек етіп жүргеніме 10 жыл болды. Қиыны мен жеңілі ,қызығы мен қуанышы мол болған жемісті жылдардағы ұдайы назарда жүрер ұстаздық ұстанымым - үнемі жаңалыққа ұмтылып, абыроймен еңбек ету, әр студенттің бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы өрелі мақсаттар мен биік асуларға жетелеу.

Осынау жылдар ішінде көңілге түйгенім ұстаздық қызметте , студенттер мен қарым-қатынаста кішіпейілділік пен мәдениеттілік, шын жүректілік пен ізгі ниеттілік бірінші кезекте тұру кезектігіне көзім жетті.

Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Жадыма ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл - Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі әр кез еске түседі.

О. Бальзак: «Ұдайы еңбек ету - өнердің де, өмірдің де заңы»демекші Отанымызға лайық ұрпақ өсіру, оның бойына адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарыту менің міндетім екенін саналы түрде түсінемін.

Заманауи ұстаз - баланы жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы тұлға. Сонымен ол бала өмірінде өте маңызды рөл атқарады, өйткені ол - шәкірт үшін айна сияқты. Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы. Бұл - тұрақты аксиома.

Ал,ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз қалауымен таңдай білген мамандығының майталманы болу үшін , осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе- күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс.Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.

«Ұстаз» сөзінің 2 түрлі сипаты бар. Бірі - белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі - жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам.

Бала өзіне қажет білімді өз бетінше кітаптан оқып та үйрене алады, ал бірақ тәрбиені өз бетінше ала алмайды, өнеге мен үлгі, құрмет сияқты ізгі қасиеттер - ата-анадан қан арқылы дарыса, ұстаздан тәлім арқылы жұғады. Сондықтан болар замануи ұстаздың қарапайым да сәнді киім-киісі, сыпайы да мәдениетті сөзі, әдепті жүріс -тұрысы, жинақы іс-әрекеті, терең білімі , сарқылмас тәжірбиесі ынталы шәкірттері үшін өнеге.

Неміс жазушысы Т. Фонтане «Қарапайымдылық - ең тәуір нәрсе ғана емес, сонымен бірге ең ізгі де нәрсе» деп дұрыс айтқан.

Баланы жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін әрине, алдымен мұғалімнің өзінің жеке басы соған сай болуы тиіс. Бұл тұрғыда белгілі орыс педагогы К. Ушинский былай деген екен: «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының өнегесіне негізделген. Ешқандай жарғы да, бағдарлама да оның орнын баса алмайды». Расында да, мұғалімнің өзі өзгеге үлгі боларлықтай болуы қажет деген сөз. Яғни оның бойынан барлық адамгершілік қасиеттер: мейірімділік, қарапайымдылық, әділдік, адамгершілік т.б айқын көрініс табуы тиіс.

Ұстаз қашанда шығармашыл тұлға. Оның ой елегінен шыққан әрбір тәриелік мәні зор жұмыстары балалардың көңілін бір серпілтіп қана қоймай, ана тілін құрметтеуге, табиғаты тамылжыған туған елін мақтан етуге, өркениеттіліке өрлеген Отаны Қазақстанның нағыз патриоты болуға бағытталуы қажет. Ол үшін ең алдымен өзі Отанын сүйген патриот болғаны абзал!

Менің түсінігімдегі ұстаз - рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі - жылы, көңілі - дарқан адам.Қорыта келе, ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше, егемен елімізге ой өрісі жоғары дамыған, білімді, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақты оқытып тәрбиелеу қажет екенінін жадымыздан әсте шығармайық!


© 2010-2022