Ақ халаттылардың әлегі макала

Раздел Другое
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ ӘЛЕГІ

Тынығу уақыты. Аурухананың емделу бөліміне барып, танысымның шығуын күтіп отыр едім. Қасыма бір әжей келіп жайғасты. Ол да күтуде... Бесіктен белі шықпаған кіп-кішкене немересі ауыр жарақатпен түскен екен... Әңгіме болсын деп, әжейді біраз сөзге тартып едім, көз жасына ерік бере алмай жылап жіберді...

« - Шырағым-ай, несін айтайын?! Заманымыз қай арнаға бұрылып барады. Жанымыз қысылғанда өмірімізді өз қолдарына сеніп тапсыратын, әлгі, «ақ халатты абзал жандар» деп айтамыз ғой, дәрігерлердің өзі қазір қатал ма, әлде қатігез болып кеткен бе шеттерінен?! Жақында келінім немеремді алып «Невропатологқа қаралатын уақытымыз болыпты» деп кеткен ауруханаға. Қайдан білейік, ол невропатологтары ауылдың адамдарын бір-ақ күн қарайтынын?! Ауылдікі екенін білген соң есікте «кәртішкелерді» жинап тұрған мейірбикесі келінімді кіргізбейтінін айтыпты. «Сонша жақтан келдім, оның үстіне кезек те жоқ, 3-4 ақ адам отырмыз ғой, қабылдасыншы» деп өтінген. Кабинетке бір кіріп шыққан мейірбике келінімнің әлі кезекте тұрғанын көріп, бәрібір кіргізбейтінін айтқан.

« - Дәрігер рұқсат бермей қойды», - депті мейірбике.

« - Дәрігер кім екен?»

« - Әсел»....

«- Мейліңіз, мен бірақ ұзақ уақытқа командировкаға кетіп бара жатырмын. Келесі апта алып келетін ешкім жоқ баланы, өзіммен бірге кетеді. Бірақ кейіннен ұрсып жүрмеңіздер бізге тағы да...»

«-Бар, бар, бара бер»... - дейді мейірбике тезірек кетсін дегендей кейіппен. Кабинетке кіретін аз ғана адам болғанымен, залда ары-бері өтіп жатқан адамдар қаншама. Мейірбике болсын, басқа болсын сыпайылық танытса нетер еді?! Елдің көзінше пациенттерге ауыр сөз айтпасын аурухана қызметкері...»

...Әжей көзінің жасын бір сүртіп алды да, әңгімесін әрі қарай жалғады.

« - Содан келінім баланы көтеріп базарға, яғни ауылға жүретін таксилер жаққа бара жатып, көк тайғақты басқара алмай жығылған. Бейшара, балам-ай... Әдейі істеген жоқ қой... Өзіне ештеңе болмаған абырой болғанда, бірақ немерем келінімнің астында қалыпты құлағанда... Жүру түгілі, әлі еңбектеп үлгермеген балапанымыздың бел-омыртқасына зақым келген.

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген осы болар. Әуелі дәрігер қабылдамай қойды. Кейіннен табан асты жазым болды... Жазмыштан озмыш жоқ шығар, сірә. Не болса да, сабырлық танытып, шыдап жүрміз. Бірақ осынау бейбіт заманда, адамдар да өзінің жан тыныштығын ғана ойлайтынына қайран қаламын. Білдей дәрігерлер, оқыған-тоқыған адам деп өмірімізді өзгеге емес, дәл соларға ғана сеніп тапсырамыз, «ақ халатты абзал жандар» деп құрметтейміз, ал олар болса жайлы креслода отырып алып, адам менсінбейтін дәрежеге жетіпті. Есіктеріне іліп қояды екен «ана ауыл ана күні, мына ауыл мына күні келсін» деп. Сонда бұл қатып қалған қағида болғаны ма? Бұл ережені бұзса, бастарын ала ма екен, әлде?

...Қарт ана ызадан жарылардай-ақ болып отыр, алайда сабырлығы да басым. «Құдайдан қайтсын» дейді.

Иә, өзгені қарғап-сілегеннен пайда жоқ, ашуын ақылына жеңдіріп отырған мұндай кісілер аз-ақ... Ал дәрігерлер жайына келетін болсақ, осыдан бір-екі жыл бұрын өз көзіммен көріп, құлағыммен естіп едім бір дәрігердің оңашада танысына «Бәлембай соммада ақша таба алсаң, пенсияға шығарып беремін» деген сорақы сөздерін. Қайран қалдым. Дәрігерлер де ақымақ емес, кіммен қандай жерде сөйлесу керектігін біледі. Мені байқаған жоқ, ал мен болсам олардың әңгімелері аяқталғанша тұрған орнымнан тапжылмадым. Ең сорақысы байланыстары жоғарыда көрінеді. Әттең, қолымда телефон да болмай қалды сонда суретке түсіріп алатын, аталған есімдерді де жадымда сақтай алмаппын. Мұндағы ойым біреуге жаманшылық жасау емес, тек сыбайлас жемқорлықтың жойылуын қалаймын. Сап-сау адамға мүгетектік қағазын ұстатып, бекерден-бекер өкіметтің ақшасын жеу деген, сұмдық қой. Көпке топырақ шашпаймын, алайда жемқорлық атты жегі құрттың тамырына қашан балта шабылады?! Көптің сенімін арқалап отырған «ақ халатты абзал жандары» неге ел сенімінен шықпай жүр? Әлде, сонша шіренетіндей «көкелері» керемет мықты болғаны ма?!

Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ.

© 2010-2022