Конспект на тему Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

Раздел Другое
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сөйлем мүшелері -құрылымдық -семантикалық жағынан сөйлемнің дербес бөлшектерін құрайтын толық мағыналы сөздер мен сөз тіркестері.

Синтаксистің ең негізгі объектісінің бірі сөйлем екені белгілі. Сөйлем синтаксистік бірлік болып есептеледі. Ол -күнделікті тұрмыста пікір алысу, байланыс, қатынастың ең негізгі көзі болуымен қатар коммуникативті міндет атқарады. Жай сөйлем синтаксисінде, ондағы ең басты элемент -сөйлем мүшелері. Белгілі ғалым Р. Әмірдің сөзімен айтқанда: «Сонымен, пікірдің құрамына сай сөйлемнің құрылысында да тиісті единицалар болады. Олар -сөйлем мүшелері. Сөйлем мүшелері -сөздің сөйлем құрамындағы негізгі қызметін функционалдық қатынасы тұрғысынан зерттеудің нәтижесі». [459]

Бастауыш. Тұрлаулы мүшенің негізгісі болып саналатын бастауыш сөйлемде басты қызмет атқарады десе болады. Сөйлемдегі берілетін ойдың ұйытқысы болумен бірге, орналасқан орнына қарай сол ойды толық, дәл жеткізуге бірден -бір себепші сөйлем мүшесі. Әр сөйлем мүшесінің өзіндік қызметі әр түрлі болады. Ал қалғандары ойды толықтырып не анықтап, тіпті болмаса пысықтап қана жүреді.

Бастауыш жай сөйлемдерде баяндауыштан бұрын келіп, барлық мүшелерді ұйымдастыратын, байланыстыратын орталық болып табылады.

А. Байтұрсынұлы тұрлаулы мүшелерге бас мүше (бастауыш) мен баяншы мүшені (баяндауыш) жатқызады. «Бас мүше дегеніміз ,-деп жазады өз еңбегінде А. Байтұрсынұлы, -сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөзі, сөйлем иесі. Сөйлем ішінде сол нәрсенің атын көрсететін сөз бас мүше болады».

Бастауыш қай тілде болмасын «сөйлемде айтылған ойдың синтаксистік субъектісі болып саналады. Ол тұлғалық құрамы жағынан дара, күрделі болып келуімен қатар, морфологиялық құрылысы жағынан атау формасындағы сөздермен және субстантивтенген басқа сөз таптарынан жасалады. Сөйтіп бастауыш -тіліміздегі жай сөйлемнің негізгі ойын ұйымдастыратын, қалған мүшелерге ұйытқы болатын мүше. Ол -баяндауыштағы қимылдың, әрекеттің иесін тікелей білдіретін, анықтайтын көрсеткіш. Сөйлем ішіндегі орны да еркін.

Қазақ тіл білімінде бастауыш туралы жазылған оқу құралдары, мақалалар жарық көрді. Біраз ғалымдар арнайы сөз қылмаса да, өз еңбектерінде жалпы қарастырды. А. Байтұрсынов еңбегінен кейін С. Аманжолов, Қ. Жұбанов,

І. Бәйтенов, Ж. Басымов, Ә. Хасенов, М. Балақаев т.б. ғалымдардың бастауышқа қатысты пікірлері, мақалалары жарияланды. Онда бастауыштың жақтық мағынасы, тұрлаулы мүшеелердің байланысы сынды мәселелер қозғалды.

1966 жылғы еңбегінде Қ. Жұбанов бастауышқа: «сөйлемнің кімнің я ненің жайынан сөйлегендігін көрсететін мүшесін бас мүше немесе қысқартып бастауыш дейміз», -деп анықтама бере отырып, ол жайлы қысқаша мағлұмат береді. С. Аманжолов, А. Әбілқаев, И. Ұйықбаевтардың мектеп грамматикасында да бастауыштың ережесі, оған қоятын сұраулар, оның құрамдық түрлері жайлы біршама деректер берілген. Н. Сауранбаев,

М. Балақаев, М. Томанов, Р. Әмірлер де өз зерттеу еңбектерінде сөз етеді.

1996 жылғы «Синтаксис» атты кітабында Қ. Шәукенов: «Бастауыш -бұл сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, бас мүшесі. Сондықтан ол сөйлемдегі айтылған ойдың қазығы, негізі болады. Бастауыштардың сұрақтары да әр алуан. Бірақ грамматикалық жағынан тұлғаланған көрсеткіші -атау септігінде тұру» -дей келіп, бастауышты құрамына қарай күрделі грамматикалық бастауыш, ал мағынасына қарай мекендік, меншік, мезгіл, сапалық, сандық, амалдық, салыстырмалы, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау деп он түрге бөледі.

Жалпы бастауыштар құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінеді.

Дара бастауыштар деп бір ғана сөзден болған мүшені айтады. Рахима бұған бірнеше рет ескерту жасады (Қ. Жұмаділов).

Күрделі бастауыштарға кемінде екі сөзден болған сөйлем мүшесі жатады. Көмір қазушылар ауылда бір жұмадай жатты (С. Мұқанов).

Сонымен бірге бастауыштың логикалық бастауыш деп аталатын түрі бар. Әдетте, жақты сөйлемнің бастауышы көрініп, ашық та тұрады, кейде жасырын тұлғада келеді. Ал жақсыз сөйлемдердің бастауышын табу қиын. Бірақ сөйлем жақсыз болған жағдайда сөйлемнің ішінде субъектінің қызметін дәл атқарғанмен, сол дәрежеде ойға қатысты сөздер де болатыны анық. Демек ондай сөйлемдерде бастауыш жоқ, алайда басқа септіктегі сөздер сол сөйлемде ойға қатысты айтылуы тиіс болады. Логикалық бастауыш баяндауышпен жақ, сан жағынан қатыса алмайды.

Яғни жақсыз сөйлемдерде бастауыш жоқ, онда тек логикалық бастауыш болады. Маған биыл оқуға түсу керек (Жас Алаш). Осы сөйлемде бастауыш жоқ. Логикалық бастауышы -мен.

Баяндауыш.

Бастауыш сөйлемдегі негізгі ойға ие болса, баяндауыш бастауышқа бағына байланысады. Сонымен бірге баяндауыш -кез келген сөз табынан жасалғанмен, бәрібір бастауыштың алуан түрлі қасиетін айқындайтын басты тұлға. Т. Сайрамбаев «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» атты еңбегінде: «Баяндауышсыз жалпы (атаулы сөйлем болмаса)сөйлем құралмаса керек. Баяндауыш -қай сөз табынан болмасын бәрібір сөйлемді тиянақтау жағынан, оны сөйлем дәрежесіне жеткізу жағынан қандай тұлғада, қай орында келуіне қарамастан басты тұлға. Дегенмен сөйлемді тиянақтау жағынан баяндауыш мүше басқа сөйлем мүшелерінен жеке дараланады», -деп маңыздылығын баса көрсетеді және баяндауыштың төмендегідей қасиеттерін санамалап береді:

  1. Баяндауыштың бастауышқа бағынышты сөйлем мүшесі екендігі;

  2. Баяндауыштың сөйлемдегі ойды тиянақтайтындығы;

  3. Баяндауыш бастауыштың әр түрлі қасиетін көрсететіндігі;

  4. Баяндауыштың бастауышпен жақ, көпше, жекеше түрде үйлесуі;

  5. Предикативтілікті білдіру;

  6. Олардың екі құрамда болатындығы;

  7. Сөйлемнің бас мүшесі екендігі.

Шынында да барлық тілде де тиянақты ойды аяқтап, бастауыштың іс -әрекетін, ісін білдіретін мүшені предикат -баяндауыш дейді. Бастауыш пен баяндуыш сөйлемнің негізгі арқауы, сөйлемді құрастырып, ұйымдастыратын басты орталық. Әдетте, тұрлаусыз мүшелер сөйлемге қаншалықты қажет болып көрінгенімен, тұрлаусыз мүшелерсіз олар сөйлем құрай алмайды. Баяндауыш үнемі сөйлемнің соңында келеді. Бұл жөнінде Ш. Бектаева: «Туыстас түркі тілдерінің бәрінде де бастауыш пен баяндауыш қиыса, қабыса байланысады да баяндауыш сөйлемнің соңында тұрады. Баяндауыштың бұл қасиеті талай ғасырлар бойы қалыптасып, тектес тілдерде дәстүрге айналып кеткен. Оны өткен ғасырлардан сақталған жазу нұсқаларынан көруге болады. Баяндауыш қай тілде болмасын бастауышпен тікелей байланысты, өйткені сол бастауыштың барлық қасиетін баяндауыш арқылы танимыз», -деп баяндауыштың үнемі сөйлем аяғында келуін деректермен береді. Ал поэзиялық жанрда жазылған шығармаларда, өлең шумақтарында баяндауыштың орны ауысып, басында да, ортасында да келе береді.

Сонымен баяндауыш арқылы әрбір адам сан салалы хабарды, ақпаратты түрлендіріп жеткізе алады. Өйткені бұл мүше -басқа мүшелерге қарағанда ойды жинақтауға, сөйлемге түрлі реңк беруге, мазмұн енгізуге өте бейім. Сондықтан оны сөйлемдегі негізгі ойды ұйымдастырушы деп атауға болады. Баяндауыш көбінесе етістік сөз табынан болғандықтан «Не істеді? Қайтті? Не болды?» деген сұрақтарға жауап береді. Егер баяндауыш есім сөз табынан жасалса, онда әр сөз табының өзінің тиісті сұрағы қойылады. Мысалы: Елу жылда ел жаңа. Мұнда баяндауыш сын есімнен жасалғандықтан, оған сын есімнің «қандай» деген сұрағы қойылады. Ал зат есімнен болған баяндауыштардың мағыналық қасиеті түрліше. Оның өзі баяндауыш болатын зат есімдердің қолданылуына байланысты.

Баяндауыштың зерттелуі . «Ол нәрсенің сырын -сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады», -деп

А. Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында -ақ баяндауышқа нақты, дұрыс анықтама берген болатын. Қ. Жұбанов: «Сөйлем мүшелерінің ішінде біреудің не бірдеменің не қылғанын, я не болғандығын баяндап тұратын мүше болады. Оны баяндауыш дейміз», -деп сипаттаса, С. Аманжолов «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» атты еңбегінде баяндауышты қарастыра келіп, мынандай анықтама береді: «Баяндауыш дегеніміз -бастауыштың тура көрінісі. Бұлар заттың жалпы көрінісін, болмысын көрсетеді».

© 2010-2022