Баяндама Басты мақсат - ауызекі сөйлеу тілін дамыту

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Басты мақсат - ауызекі сөйлеу тілін дамыту

А.К.Нағашыбаева

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған

балалар мектеп-интернат-колледжі

Есту қабілеті бұзылған балалар мектебінде қазақ тілі, тіл дамыту сабақтарының көздейтін мақсаты оқушыларды анық , таза сөйлеуге , өз ойын басқаға түсіндіре алатын,біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу. Осы бағытта істелетін күрделі жұмыстардың бір саласы - ауызекі сөйлеу тілін дамыту. Ауызекі сөйлеу тілін жақсы меңгерген оқушы ойын дұрыс, жүйелі жеткізе алады. Ал, дұрыс сөйлеу, өз ойын, өз пікірін түсінікті жеткізе білу мектептен басталатындығы белгілі.

Тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру - оқушылардың ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттырады. Тілі жақсы дамыған бала ойын дәл жеткізеді, оқуды да ойдағыдай меңгереді. Оқушылардың тілін дамытуда сөздік жұмысының маңызы өте зор. Себебі, сөздік жұмысы- тіл дамыту жұмысының бастапқы негізі болып саналады. Егер оқушының сөздік қоры жеткіліксіз болса, ол өзінің айтайын деген ойын нақты жеткізе алмайды және сөйлемдерін де дұрыс құрастыра алмайды. Сондықтан да, сөздік жұмыс оқушылардың сөздерді, сөйлемдерді дұрыс жазуына, сөйлеу дағдыларын дұрыс қалыптастыруына зор ықпал етеді.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың сөздік қоры аз, сөйлеу тілі түсініксіз келеді. Сондықтан, әрбір жаңа сабақ түсіндірмес бұрын мұғалім түсініксіз сөздерді тақтаға жазып мағынасын түсіндіріп, оны оқушылардың дәптерлеріне дұрыс көшіріп жазуларын қадағалап отыруы керек. Жаңадан үйренген сөздерді қатыстырып, класта ауызша сөйлем құрастыруға болады. Сөздік жұмысын жүргізудің пайдасы оқушының сөз байлығын молайтумен шектеліп қалмай, шәкірттерді жаңа сөздерді қатесіз, сауатты жазуға үйретеді.

Сөздік жұмыс жүргізудің әдістері әр алуан. Мұғалім сабақты түсіндірудің тәсілін өзгертіп отыратыны сияқты, сөздік жұмысын жүргізгенде де онда қолданылатын тәсілдерді ерте ойластыруы қажет әрі оны жиі түрлендіріп отырған абзал. Сондықтан мағынасын түсіндіретін сөздердің өзін түрлі әдістермен ұқтырамыз. Мысалы: дауылпаз, дулыға, сауыт, қорамсақ, т. б. сөздерді нақты заттар мен жануарлардың, құстардың суретін көрсету арқылы түсіндіру керек. Мағынасы белгісіз сөзге синоним сөздер арқылы түсінік беруге болады. Мысалы: үн-әуез-дыбыс, түс-өң-түр, жалғыз-дара-жеке т.б. Мүмкіндігі шектеулі балаларға беймәлім сөздерді түсіндірудің тағы бір жолы - антоним сөзбен салыстыру арқылы түсіндіру. Түнек - жарық, үшкір - доғал, даттау - мақтау т.б. Мағынасы түсініксіз жеке сөздермен қатар, балалардың ұғымына ауыр тұрақты идиомалық тіркестерге де түсінік берген жөн. Қас пен көздің арасында - лезде, бір сәтте; құлақ қағыс қылу - ескерту; ит өлген жер - алыс, қашық; т.б.

Оқушылардың ауызекі сөйлеу тілін дамыту барысында бірнеше жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Біріншіден, берілген сөздіктер арқылы жәй сөйлемнен тұратын мәтін құрастыртуға болады.

Мысалы: «Қыс» деген тақырып бойынша мынадай сөздік жұмысын жүргізуге болады. Суық, қыс айлары, қырау, шаңғы, жылы киім, сырғанау, жаңа жыл, көңілді, қар, ақпан, киеміз т.б. Екіншіден, сұрақ - жауап, әңгімелесу әдіс - тәсілдері арқылы байланыстырып сөйлеу тілдерін дамытуға диалог құру тапсырмасын жүргізуге болады. Мысалы:

  • Қазір жылдың қай мезгілі?

  • Қыс айларын ата!

  • Қыста күндер қандай болады?

  • Қысты кім жақсы көреді?

  • Балалар қыста не істейді?

  • Жаңа жыл мейрамы қай айда болады?

Ауызекі сөйлеу тілін дамыту үшін оқушылардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін, олардың зейінін, ойлау және қабылдау қасиеттерін жақсы білу керек. Оқушылардың қабылдауы мен ойлауында толып жатқан ерекшеліктері бар.Сондықтан әр сабақта қай оқушы нені білетінін және соған көмектесу үшін не істеу керектігін анықтап, есеп жүргізген жөн. Сонда әр оқушыға жекелей қандай тапсырма беру керек, кіммен нендей жұмыс жүргізу қажет екенін шатастырмай білесің. Қазақ тілі, тіл дамыту сабақтарында жаңа сөздерді құрғақ жаттау емес, сол сөздердің мағынасын саналы түрде ұғынып, ауызша және жазбаша қолдана білу керек. Үйреткен жаңа сөздерді оқушылар ұмытып қалмау үшін жаттығудың мынадай түрлерін орындатқан пайдалы:

  1. Жаңа сөздерді оқыту.

  2. Қиын сөздерді хормен оқыту немесе магнит таспасына жазып, қайталап тыңдату.

  3. Жаңа сөзді сөз тіркесі, сөйлем ішінде оқыту.

  4. Ауызша сұрақ-жауапты қолдану.

  5. Сол сөздерді қолданып, сурет бойынша сөйлем құрату.

  6. Заттың өзін немесе суретін көрсетіп, аттарын атату.

  7. Жаттығулар орындау.

  8. Кәртішке бойынша өзіндік жұмыс орындау.

Осындай әдіс - тәсілдерді қолдана отырып келесі сабақтарда да әлденеше рет қайталау арқылы оқушылардың есінде ұмытылмастай мәңгі қалдыруға болады. Өйткені, ондай сөздерді дұрыс айта, жаза білу мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қиынға соғады, сондықтан бұл дыбыстарды әр сабақ сайын қайталап келудің еш артығы жоқ.

Қорыта келгенде, оқушылардың сөз байлығын арттырып, тілін дамытуда тек әдебиет пен тіл сабақтарында ғана емес, басқа пәндер бойынша да сөздік жұмысы жүргізіліп, оқушылардаң сөйлеу мәдениетіне ерекше көңіл бөлу керектігін әсте естен шығармау керек.


© 2010-2022