Жаңа дәуірдің жаңа астанасы

Шадиева ҚатираҚызылорда қалалық жалпы білім беретін кешкі мектепҚызылорда қаласыЖаңа дәуірдің жаңа астанасы. Тәрбие сағатының мақсаты:1.Оқушылардың Астана қаласының тарихымен, шежіресімен таныстырып, ізденіске, шығармашылыққа баулу. 2. Астана туралы деректермен білімін дамыту. 3.Отанға деген сүйіспеншілігі мол елжанды азамат тәрбиелеу. . Кіріспе сөз. Тарихымызда негізгі орын алатын тақырыптардың бірі-туған жер, қала, ауыл, аудан тарихын зерттеп білу. Оның тарихи тұлғаларын, қоғам қайраткерлер...
Раздел Другое
Класс 10 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Шадиева Қатира

Қызылорда қалалық жалпы білім беретін кешкі мектеп

Қызылорда қаласы

Жаңа дәуірдің жаңа астанасы.

Тәрбие сағатының мақсаты:

1.Оқушылардың Астана қаласының тарихымен, шежіресімен таныстырып, ізденіске, шығармашылыққа баулу.

2. Астана туралы деректермен білімін дамыту.

3.Отанға деген сүйіспеншілігі мол елжанды азамат тәрбиелеу.

. Кіріспе сөз. Тарихымызда негізгі орын алатын тақырыптардың бірі-туған жер, қала, ауыл, аудан тарихын зерттеп білу. Оның тарихи тұлғаларын, қоғам қайраткерлерін, ұлы адамдарын, тарихи кезеңдерін білу жас ұрпақтың қасиетті борышы болса, Отанды, жерді, елді сүюге баулу мектептің, ата-ананың борышы. Туған жердің тарихын білу үлкен ізденісті талап етеді. Сондықтан елордамыз Астана қаласына саяхат жасаймыз.

Астана қаласының қазақтың жүрегімен тілдесіп, арман -үмітімен үндескен, Елбасы кіндігін кескен Елорданың сағым қуған Сарыарқаның төсіне қонақтағанына - 14 жыл!

... Он төрт жыл -жеке адам өмірі үшін де аса көп мерзім емес. Ал бір қаланың тарихы үшін оны тіпті қасқағым сәт десе де болады. Бірақ тап осы он төрт жылдың ішінде бұрын еліміздің елеусіз көп облыс орталықтарының бірі болып келген Ақмола қаласы таңғажайып қарқынмен түлеп, аты әлемге танылып, Еуразия кеңістігінің жаңа үлгіде салынған әсем шаһарларының біріне айналып үлгерді.

Таңғажайып дейтіндей жөніміз бар. Өйткені, тарихи деректер мен құжаттар қазіргі Астананың аумағын адамдар өте ерте кезден- ақ мекендеп келе жатқандығын аңғартады. Археологтар бүгінгі «Ақорда» резиденциясының маңынан ХІ ғасырдың Бозоқ қалашығының орнын тапты.Бірнеше ғасыр бойы бұл жерде Қараөткел транзиттік және сауда-айырбас орталығы орын алды. Уақыт өте келе ол Ақмола елді мекеніне айналды. 1832 жылы бұл жерде Ақмола приказы мен сыртқы округі ашылып, 1862 жылы округтік қала мәртебесіне ие болды. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді және ол республикамыздың бірнеше ірі облыстары кірген Тың өлкесінің орталығына айналды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы қалаға тарихи Ақмола атауы қайтарылып берілді. Бес жыл өткен соң, яғни 1997 жыл 10-желтоқсанда

бұрынғы тыңның астанасы Ақмола қаласы күллі Қазақстанның елордасы болып ресми жарияланды.

Бірақ Ақмола атауы ұзақ тұрмады, 1998 жылы 6- мамырда Ақмола Астана болып қайта аталды.

Міне осындай әдемі, әуезді әрі ауқымды атау-Астана атымен Қазақстан Республикасының жаңа елордасы үшінші мыңжылдыққа енді.

Астана қаласына саяхат. Қонақтарды және сыныптастарымызды Астана қаласымен таныстырамыз.

Жібек:

Есіл - республикамыздың солтүстікөңіріндегі Қарағанды, Ақмола, Торғай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарының жерін басып өтетін өзен атауы. Есіл деп аталатын елді мекен де бар.

«Есіл» атауының алғаш дүниеге келуі туралы зерттеушілердің екі пікірі бар. Бірі - Есіл атауын «жасыл» деген зат түсімен байланыстырса, екіншісі- етістік түбірін тілге тиек етеді.

Диас Н. Астана қаласының негізі 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыстар әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. Алғашында Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілді. 1863 жылы Ақмола округ, 1868 жылы уезд орталығына айналды.

Айша: Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге қаласы да елеулі өзгерістерге ұшырайды. 1960 жылы 26 желтоқсанда тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қала атауы Целиноград болып өзгертілді. 1997 жыл 20 қазанда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды.

Машрап: 1998 жылы 6 мамырда Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы болып аталды және Елорданың атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы 10 шілде де Қазақстанның жаңа Елордасы - Астананың тұсауы кесілді.

Бердиар: Бүгінде жас қала Астана мәдени дамудың жаңа сәулеттенуінің үлгісіне айналды. Астана күн санап жаңарып, жасылданып келеді. Ортасын қақ жарып өтіп жатқан Есіл өзені тіршілігіміздің күре тамыры іспетті, Астана қаласының озық архитектуралық жаңаруы барлық қазақстандықтарды жаңару жолына шақыруда үлгі көрсетуде. Біз Астанамыз арқылы мақтанамыз. Астананың өсіп-өркендеуі сөз жоқ, мемелекетіміздің абыройы. Осы аз уақыт ішінде Астана сыртқы келбетіне ішкі сұлулығы үйлесіп, қанат жайып, сырттан келгенді де, іштен барғанды да тамсандыратын ғажайып қалаға айналды.

Ермек: Астана болған 14 жылда 647 тұрғын үй кешені, 87әкімшілік ғимарат, 30-дан аса денсаулық сақтау нысаны салынды. 37 мектеп пен балабақша, 18 мәдениет ошағы, 24 спорт сарайы пайдалануға берілді. 51 өндірістік кешен тұрғызылып, 20 саябақ ел игілігіне жарауда. 20-дан астам көпір іске қосылған.

Ұлпан: «Бәйтерек» монументі.

Монумент ұзын темірлі құрылымдардан, ең шыңында шишадан түзілген керемет үлкен шардан тұрады. Құрылым биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады. Заманауи қаланың көркем бейнесін ашып отырған көрініс кешені 97 метрді құрайды. Ол ел ордасы Алматыдан Астанаға 1997 жылы ауысты дегенді білдіреді.

Нұрай: «Хан шатыры»

Астанадағы «Хан шатыры» - Елбасының идеясы бойынша ағылшын сәулетшісі Норман Фостердің сызған жобасы. Кешеннің төбесінде үлкен антенна бар. Бұл антенна - сәукеленің үкі тағатын жері, эстетикалық жағынан сымбаттылық береді. Бұл-100 метрлік ғимараты «Sembol» деген түрік фирмасы салған.

Ержан: «Нұр Астана» мешіті.

Есілдің сол жағалауындағы еліміздің бас мешітінің алтынмен апталған негізгі күмбезінің биіктігі-43 метр, одан өзге 25 кіші күмбездері бар, биіктігі 63 метрлік төрт мұнарасы бар. Имандылық үйінің сәулеті қызықтыра көз тартады. Мұнда бір мезгілде 10 мың адам намаз оқи алады.

Дариға: «Тәуелсіздік Сарайы»

Тәуелсіздік Сарайы 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта ескі мен жаңаның үйлесімділігі бойынша жасалған бірнеше зал бар. Мәселен, 3082 адамға арналған Конгресс-залы, 268 орындық Рәсімдеу залы, 220 орындық Баспасөз орталығы мен 678 адамға арналған сахна мен мейрамхана орналасқан. Екінші қабат қолөнер және этнография, археология және антропология галереясына арналған. Оның ішіндегі археология залында Алтын адам, Сармат батыр, Барел аттары, құпия жазулары бар тастар сияқты сирек кездесетін ежелгі жәдігерлермен таныс боласыз. Үшінші қабатта Астана қаласы тарихының мұражайы орналасқан. «Астана-2030» макет залы елорданың 2030 жылға дейінгі даму көріністерін көресіздер.

Ақтоты: Жақында Астанада сәулетті опера және балет театры пайда болды. Театр фойесіндегі төбенің биіктігі 13 метр. Фойені салмағы 1600 кг тартатын богем хрусталінен жасалған аспалы шам көріктендіріп тұр. Қосымша жарықты бүйірлік терезелер береді. Фойенің жан-жағында барокко стиліндегі сәндік өрнек салынған екі мәрмәр баспалдақтар орналасқан. Бір жағында Шарын құзы, ал екінші жағында Бурабай ұлттық саябағының көріністері бейнеленген. Өрнекті Италияда суретшілері салған. Көрермендер залы XIX ғасырдағы итальяндық дәстүрімен салынған. Залдың сыйымдылығы - 1250 орын.

Нұрдәулет: «Қазақ елі кешені»

Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі - 91 метр, бұл - Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс - Самұрық Қазақстанның тыныштығын "күзетіп" тұр. Монументтің түсі - ақ. Ол қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмал, ақ ниетін паш етсе керек. Көптеген елдерде орнатылған мұндай стелалар қара, кейде қызыл түсті болып келеді. Олар тиісінше қара күштің, қанның белгісі іспетті.

Саят:

"Қазақ елі" монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колонна да орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаданың қақ ортасында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызылған. Оның төрт қырлы болған себебі - дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал дегенді айғақтайды.

Әсет С: Конгресс - Холл қазіргі уақытта тек қазіргі заманға сай концерт залы емес, сонымен қатар Астананың ең басты мәдени орталығы. Онда өтетін барлық іс-шаралар Қазақстанның жас астанасының мәдени және саяси қалыптасу өмірінің тарихына кіреді. Конгресс-холл барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келеді: алты қабатта 158 бөлме және 1600 орындық көрермен залы орналасқан. Оркестр және балет залының, мейрамхана және қонақасы беретін залдың инфрақұрылымы кең және ойластырылып салынған. Тамаша акустика, кеңейтілген сахна және «люкс» сыныпты грим бөлмелері әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарын қабылдауға мүмкіндік береді. Сарайдың фойесі кең және жарық, ауқымды көрмелер мен жәрмеңкелерді өткізу үшін өте ыңғайлы етіп жасалған.

Мереке: Ақмола небір тарих көрген қала,

Арқада Ақмола боп өнген қала.

Тілгенде темір төсін темір түрен,

Жалаулап жаңа қауым енген қала.

Қарлығаш: Астана - ару қала, аппақ қала,

Көрінген көкжиектен асқақ дара,

Кемедей Нұқ пайғамбар үміт артқан,

Жаңарды жаққұттайын ұлттық сана.

Бағдаулет: Астана - арман қала,

Бағы бар жанған қала.

Тұрады ол жап-жас болып,

Мен үлкен болғанда да.

Астана - сұлу қала,

Біз оны анамыздай

Сүйеміз шынында да.

Аян: Болашаққа бастаған,

Шарықтайды асқақ ән.

Елордасы Отанның

Мақтанышы астанам.

Қарыштап алға бас қадам

Отанымның жүрегі,

Елорда - менің Астанам.

Сымбат: Астанам - бағы биік асқарымсың,

Астанам - мәңгі жарық аспанымсың.

Астанам - пейіш қала, ел арманы,

Астана қайда жүрсем мақтанышым.

6-оқушы: Астана шапағаттың шуағындай,

Астана махаббатың тұрағындай.

Астанам - періштелер мекенісің,

Астанам Қазақстан тұмарындай.

Викториналық сұрақтар. «Ойлы болсаң - озып көр» .

1. Қазіргі кезде Астана қаласының тұрғындарының саны қанша адамға жетті? (жеті жүз мың)

2. Астана рәмізі «Бәйтеректің» ұзындығы не себептен 97 метр? (Бұл сан астананың Алматыдан Астанаға 1997 жылы көшірілуіне байланысты)

3. Жаңа көпірдің ұзындығы (214 метр)

4. Жаңа көпірге қандай ат берілді? («Сарыарқа»)

5. Астанадағы ең басты қатынас жолы (Республика даңғылы)

6. Көпірдің оң жағалауында тұрған биік ғимарат (Астана Тауэр)

7. Қазақстанның схемалық картасы іспетті парк қалай аталады? («Атамекен»)

8.«Думан» океанариумында теңіз суымен толтырылған қанша аквариум сыйып тұр? (13 үлкен аквариум)

9. Астана қаласындағы газон қанша шаршы метр? (1 млн 200 шаршы метр)

10. 1900 жылы Ақмола уезінің ең мықты балуаны және қара күш иесі кім еді? (Қажымұқан Мұңайтпасов)

11. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ғарышқа алғаш самғаған қазақ ғарышкері кім? (Тоқтар Әубәкіров)

«Дыбыстар сөйлейді» стратегиясы бойынша оқушылар 26-дыбыстан тұратын «Арқа төсіндегі ару қала - Астана» сөйлемді жаза отырып, Астана туралы мәлімет береміз.

А - Астана - жастардың қаласы.

Р - республиканың орта тұсында орналасқан.

Қ - Қысы өте аязды, суық болатын қала.

А - Алғашқы атауы - Ақмола.

Т - Теңіз, Қарасор, Балықты көл, Қыпшақ көлдері бар.

Ө - Өнерпаздардың «Шабыт», «Евразия» фестивальдері ашылды.

С - сәулетті жапон сәулетшісі Кисе Куракова жоспарымен жасалды.

І - Іргесі 1830 жылы қаланды.

Н - Нұра өзені ағады.

Д - Даму қарқыны бойынша 1-орында тұр.

Е- Елбасының игі бастамасымен зәулім ғимараттар салынды.

Г- Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті - білікті жас мамандар болашағы.

І- Ірі өзендері - Есіл, Нұра.

А- Алғашқы адамдары ашель-мустьер заманында алғаш қоныстанған..

Р- Рамстор ірі сауда орталығы қазір өмір талабына сай жасалған.

У- Уран, алтын, боксит, мыс, көмір, кварц құмдары т.б. пайдалы қазбалар бар.

Қ- Қорғалжын қорығы батысында орналасқан.

А- Астана өмірі, тарихы жайлы Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты кітабы бар.

Л- Лебі ескен Есіл бойында бой көтерген Ару қала.

А- Астанада «Отырар» кітапханасы орналасқан.

А- Алтыншы шілде Елордамыз - Астананың туған күні.

С- Символы-Бәйтерек.

Т- Техникалық алмастың бүкіл қоры Астанада бар.

А- Астанадағы Бәйтерек монументін Сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстемов жобалаған.

Н-«Нұр - Астана» зәулім күмбезді мешіті бар.

А- Астана Боливияда өткен «Әлемдік қалалар» халықаралық конкурстарда «Бейбітшілік қаласы» аталды.

Хормен: « Астана - жаңаның жаршысы, Тәуелсіздігіміздің табысы.»

Ән: «Жаса Қазақстан»

Балалар енді «Астана- ғажайыптар қаласы» бейнебаянын тамашалайық.

Ендігі кезекті ән, би, жырға кезек берейік.

Қорытынды.

«Астана - халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен ел орда - егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана - тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі».

Құрметті оқушылар, бүгінгі тәрбие сағаты барысында Егемен еліміздегі Астанамыздың 14 жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріне куә болдық. Қазақстанның болашағы сендер, сондықтан да саналы, білімді, адами қасиеттерің зор болып, ел сеніміне ие бола беріңдер.

Тәрбие сағатымызды қорытындылау үшін сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сағымбаева Ләйла апайға сөз береміз.

Осымен бүгінгі «Бала-әлем аясында» атты апталығына арналған « Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» атты тәрбие сағатымыз аяқталды.

Келіп тамашалағандарыңызға рақмет.



© 2010-2022