Оқушылардың танымдық әрекеттерін белсендіру

Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Павлодар қаласы № 39 инновациялық үлгідегі гимназиялық сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебі

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІН БЕЛСЕНДІРУ

Есембаева Бақтылы Иланбекқызы

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Өзектілігі: егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар үлкен мақсаттар мен жаңа міндеттер жүктейді. Жас ұрпақты жан - жақты жетілген, ақыл - парасатты, ой - өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу - қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Оқушылардың дүниетанымын кеңейтуде танымдық белсенділігін арттырып, білім, біліктерін жетілдірудің қоғамдық мәні зор. Сондықтан оқу үрдісінде баланың білім алуға, өз бетімен әрекет етуге деген құлшынысын оятуға, ақыл ойының дамып, жетілуіне түрткі болатын танымдық белсенділікті арттырудың маңызы жоғары. Балалардың танымдық әрекетін белсендіру, оны тиімді басқару және дамыту, ұйымдастырушылық және моральдік-психологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету әлеуметтік міндет болып табылады.
Жаңашылдығы: оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын оятып, танымдық белсенділіктерін арттыра отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау. Оқушының шығармашылық қабілеті оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Танымдық белсенділік дегеніміз - оқушының оқуға, білімге деген ынта - ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. «Таным - ойдың білмеуден білуге қарай дәл емес, білуден неғұрлым толық дәл білуге қарай ұмтылатын ой - өрісінің күрделі үрдісі».
Ізденушілік сипаты: Танымдық іс- әрекет дегеніміз,адамның өз түйсігі арқылы дүниені тануы. Өзін-өзі тану принципі- оқушылардың оқу материалының мазмұнын ғана емес, оның не үшін үйренуі керек екенін білуін қажет етеді. Қазақ тілін, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әдебиетін неге білуі керегін ұқпаған бала тиянақты білім ала алмайды. Білім- оқушы үшін өмірлік мағынасы бар, жаңа қалыптаса бастаған көзқарасына, жоспарланған әрекетіне сай болу керек. Танымдық әрекетті өз білімін іс жүзінде қарым-қатынас құралы ретінде қолдану қажеттілігімен байланыстыру қажет. Өз білімін іс жүзінде қолдану- білім алу қажеттілігін тудырады. Сонда танымдық әрекет жеке тұлғаны жалпы дамыту құралы қызметін атқарады. Адамның бұл бағыттағы басты қажеттілігі- ойлау және іс жүзінде қолдану. Еңбектену қажеттілігі жеке тұлғаның жан-жақты дамуымен тығыз байланысты.Оқытушының берген білімі өмірмен байланысты болса ғана, сын тұрғысынан ойлау қабілетін ұштайды. Жеткіншек өз-өзіне сын көзбен қарап, өмірден өз орнын іздейді.Өз-өзін тәрбиелеудің бірден-бір ұйытқы күші- өмірдің мағынасын түсіну.

Құрылымы: Танымдық белсенділік көп түрлі тұлғалық қатынастардың қалыптасуымен тығыз байланысты.Оқу үрдісінде оқушының белсенділігі, негізінен екі түрлі сипатта болады: сыртқы және ішкі белсенділік.
Сыртқы белсенділік дегеніміз - оқушы әрекетінің сыртқы көріністері (белсенді қимыл қозғалыстары, практикалық әрекеттері, мұғалімге зейін қойып қарауы, әрекеті т. б.) бірақ осы кезде ол басқа нәрсені ойлап отыруы да мүмкін.
Оқушының ішкі белсенділігіне оның белсенді түрде ойлау әрекеті жатады.
Оқушы белсенділігі қандай болғанда да ой дербестігіне сүйенеді. Оқушының логикалық ойлау қабілеті мен дербестігін керек етеді.
Практикалық мәні: Оқушыларда жас ерекшеліктеріне және психикалық даму дәрежесіне қарай белсенділіктің бірнеше түрі қалыптасып дамиды: қимыл, сөйлеу, ойлау, таным, өзін - өзі тәрбиелеу, қызығушылық, шығармашылық т. б. белсенділіктер.Мұғалімнің шығармашылық ізденісінің ең бастысы - оқушының ойлау қабілетін дамыту және оқуға деген ынтасын қалыптастыру.
Баланы шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек.«Әрекетті түсінудің негізгі теориясы,- деп жазады А.А.Леонтьев,- қажеттілікті түсіну. Қажеттіліксіз әрекет болмайды». Қажеттілікті тілмен байланыстырсақ, біз сөйлеу үшін емес, ойымызды жеткізу үшін айтамыз. Қорыта айтқанда, сөйлеу қажеттілігі сөйлеудің өзінде емес, қарым-қатынаста.

Ғылыми зерттеулерге сүйенетін болсақ, адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Оқушы шығармашылығын дамытуда «шығармашылық тапсырмалар» үлкен рөл атқарады. Оқу материалын терең меңгеруге тек оқушылармен жүргізетін жаттығу жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізуге болады. Сондықтан мұғалім оқушылардың танымдық қабілетін дамытуда мына қағидаларға сүйенеді:
1. Жаттығу жұмысы пәннің мәніне, тақырыпқа логикалық байланыста болуы керек.
2. Жаттығуларға сұрақтар жүйесі оқушылардың ойлау қабілетін дамытарлықтай болуы тиіс.
3. Жаттығу жұмысы сабақтың барлық кезінде болуы керек. Жаңа сабақты түсіндіруде, бекіту кезінде, білімді тексеруде, сондай - ақ қайталауда да қолданылады.

Шығармашылық тапсырма ретінде біз оқушыдан ұдайы тек ақпарат өндіру емес, шығармашылықты талап ететін тапсырмаларды қарастырамыз.
Шығармашылық тапсырмалар мына төмендегі талапқа сай болуы керек:
1) Бір мағыналы және тым қарапайым жауабы немесе шешімі болмайды;
2) Оқушыларға тәжірибелік тұрғыдан пайдалы болып табылады;
3) Оқушылардың өмірімен байланыста болады;
4) Оқушылардың қызығушылығын тудырады;
5) Оқытудың мақсатына барынша сай келеді.

Тапсырма беру кезінде ұстаз баланың танымдық қызығушылығының көрсеткіштеріне үлкен мән береді. Олар:
- зейін қоюшылығы;
- баланың өз еркімен білімге деген құлшынысы,
- жұмыс барысында кездескен қиыншылықтарға кездескенде жағымды эмоцияда болуы;
- аталған міндетті шешу жолдарына ұмтылыс жасауы;
-интеллектуалдық жетістіктерге қажеттілігі;
- ұсынылған әрекет тәсілдерін меңгеруге талпынысы;
- таныс емес нәрселер мәніне көңіл бөлуі;
Танымдық әрекеттерді қалыптастырып, дамытатын құралдар мыналар:

  • есте сақтау қабілеті

  • өз-өзін ұстау қабілеті

  • ынта

  • еңбексүйгіштік

  • өздігінен жұмыс істей білу

  • логикалық ойлай білуі

  • танымдық қызығушылығы

Ойлауға үйренетін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз.
«Дамыта оқыту деп - оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс - тәсілдері баланың даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқытуды» атайды. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым - қатынас. Мұғалім бұл жағдайда танымдық іс - әрекетті ұйымдастырып, оқушының шығармашылығын арттырады.
Сабақты жақсы оқитын оқушылармен ғана белсенді жұмыс істеп қана қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек ету ойластырылса, әр оқушының оқуға деген қызығушылығы артады.
Бұған жататындар сабақта қолданылатын көрнекі құралдардың тиімділігін арттыру, танымдық ойындар ұйымдастыру, пәнаралық байланыстарды тудыру, оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, білім тексеру мен бағалаудың алуан түрлерін ұтымды пайдалану арқылы оқытудағы кері байланысты жетілдіру.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділігін және қызығушылығын арттыру үшін мұғалім келесі әдіс - тәсілдерді қолдануына болады:
1. Тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау.
2. Арнаулы бір тақырыпта пікірталас тудыру.
3. Оқушылардың логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешу (сөзжұмбақ, құрастырмалы ойындар).
4. Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс (мәтін құрастыру, мәтін мазмұнын өңдеу, шығарма, шағын әңгіме мәтінін құру т. б.).
5. Әңгіменің ұқсастығын салыстыру бөліктерге бөлу, ат қойғызу.
6. Қиялдау арқылы сурет салғызу, рөлге бөліп оқыту.
7. Ұнатқан кейіпкерлерге мінездеме беру.
8. Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.
Сонымен қатар сабақ тақырыптарына байланысты мақал - мәтел, жұмбақ - жаңылтпаш пайдаланудың маңызы зор. Баланың танымдық қызығушылығын арттырып, тілін дамытады. Мысалы, ана тілін оқыту барысында мақал - мәтелдермен мынадай жұмыс түрлерін жүргізуге болады:
- тақырып мазмұнына сай мақал - мәтелдер айтқызу мәнін ашып өз ойымен жеткізу;
- суретке қарап тақырыпқа сай жұмбақ, жаңылтпаш айту;
- жұмбақтардың, мәтелдердің жалғасын айтқызу;
- топқа бөліп мақал - мәтелдер жарысын өткізу т. б.

Осындай тапсырмалардан кейін нәтижесінде қоғамымызда табиғатты сүйе білетін, қайырымды, мейірімді, өзін - өзі тани алатын, байқағыш, үнемді, табиғат құндылығын түсіне білетін тұлға тәрбиеленеді.

Оқушылардың қазақ тілінде сөйлесім әрекетін қатысым құралы ретінде меңгерту мақсатында берілетін тапсырмалар

Әлеуметтік- тұрмыстық ая бойынша

Тақырыбы: Менің отбасы мүшелерім және туыстарым қай тілде сөйлейді?

Тапсырмалары:

  • Сенің отбасың ана тілінде сөйлеседі ме? (Сөйлемесе, не себепті?)

Өз пікірлеріңді білдіріңдер.

- Отбастарыңда сөйленетін тіл туралы достарыңмен пікірлесіп, өзара жұпта сөйлесіңдер.

  • «Туысы бірдің- уысы бір» дегенді қалай түсінесіңдер? Өз ойларыңды айтыңдар.

  • Отбасы мүшелерінің отбасындағы орны мен міндеттері. Пікірталас құрыңдар

  • Отбасы, ана тілі туралы мақал- мәтелдерді естеріңе түсіріңдер.

Тақырыбы: Сыйлықтар. Мен досыма қандай сыйлықтар беремін?

Тапсырмалары:

  • Құттықтауға қатысты сөз орамдарын пайдаланып, достарыңа тілек айтыңдар.

  • Сендер туған күнге бармақсыңдар. Осы жағдаят бойынша жұпта диалог- пікірталас құрыңдар.

  • Сыйлық міндетті түрде қымбат, сапалы болуы керек. Келісесіңдер ме? Ойларыңды айтыңдар.

  • Өз ұлтыңның сыйлық беру дәстүрі туралы реферат жазыңдар.

Тақырыбы: Менің жазғы демалысым

Тапсырмалары:

  • Жазғы демалыстарыңнан қандай әсер алдыңдар? Әңгімелеңдер.

  • «Менің жазғы демалысым» тақырыбына шағын шығарма жазыңдар.

  • Тақырып бойынша диалог құрастырап, өзара жұпта сөйлесіңдер.

  • Жазғы демалысты қайда өткізген дұрыс? Сұхбат құрыңдар.

Тақырыбы: Ас- адамның арқауы

Тапсырмалары:

  • Саған қандай тағам ұнайды? Әңгіме жазыңдар.

  • «Ас- адамның арқауы» дегенді қалай түсінесің? Өз ойларыңмен бөлісіңдер.

  • Сенің тамақтану режимің. Монолог түрінде баяндаңдар.

  • Асханада қалай тамақтанып жүрсің? Диалог құрыңдар.

  • Ас туралы мақал- мәтелдерді естеріңе түсіріңдер.

Тақырыбы: Киім

Тапсырмалары:

  • Киім кию өнер ме? Сұхбат құрыңдар.

  • Ұлттық киімдерді күнделікті киер ме едің? Өз ойларыңды айтыңдар.

  • Мектеп оқушысының киімі. Киім үлгілерін суреттеңдер.

Оқушылардың қазақ тілінде сөйлесім әрекетін қатысым құралы ретінде меңгерту ақсатында берілетін мәтінмен жұмыс барысындағы тапсырмалар:

Әлеуметтік- мәдени ая бойынша

Тақырыбы: Музыка. Біздің еліміздің сазгерлері

1.Мәтін: Сұлу, әдемі музыка (120 бетте)

Тапсырмалары:

1. Сөздікті талдап, сөз тіркестерін, сөйлем құрыңдар.

2. Мәтінді түсініп, рольге бөліп оқыңдар.

3. Мәтін бойынша сұрақ- жауап құраңдар.

4. Неге қалмақтың ханы Саймақты тұтқыннан босатты? Өз ойларыңды белгілеңдер.

5. Мәтіннің мазмұны бойынша қорытынды жасаңдар.

6. Өздерің қандай шешім ұсынар едіңдер?

2. Мақал- мәтелдермен жұмыс: Ән- көңілдің ажары (121 бетте)

Тапсырмалары:

  1. Музыкаға байланысты мақал- мәтелдерді оқып, мағынасын түсіңдіріңдер.

  2. Бір мақал бойынша шағын әңгіме құраңдар.

  3. Өздерің ұнататын музыка, топтар туралы өзара сөйлесіңдер.

3. Мәтін: Қазақ халқының музыкалық аспаптары тарихынан (125 бетте)

Тапсырмалары:

1. Мәтінді сөздік арқылы түсініп оқыңдар.

2. Тірек сызбалар арқылы мәтіннің мазмұнын айтыңдар.

3. Мектептегі музыкалық үйірмелер туралы әңгімелеңдер.

4. Қазақ халқының бір музыкалық аспабы тарихынан қосымша мағлұмат табыңдар.

4. Мәтін: Ұлттық аспаптар. Дауылпаз(126 бетте)

Тапсырмалары:

  1. Диалог негізінде соңын өздерінше аяқтаңдар.

  2. Берілген анықтама бойынша әңгіме құраңдар.

  3. Бір ұлттық аспапқа сипаттама беріңдер.

5. Мәтін: Халық әндері (129 бетте)

Тапсырмалары:

1. Халық әндері адамды неге тәрбиелейді? Өз ойларыңды белгілеңдер.

2. Қазақтың халық әндері деген қандай әндер? Өзара сөйлесіңдер.

3. Бір халық әнін жаттаңдар.

6. Мәтін: Күй аңыздары (133 бетте)

Тапсырмалары:

  1. Мәтінді түсініп оқып, тірек сызбаны толықтырыңдар.

  2. Өзара диалог құрыңдар.

  3. Жоспар құрып, толық әңгімелеңдер.

7. Мәтін: Мұқан Төлебаев

Тапсырмалары:

  1. Мәтінді түсініп оқып, жоспар құрыңдар.

  2. Мәтін бойынша бір-бірлеріне сұрақтар дайындаңдар.

  3. Мұқан Төлебаевөмірі мен шығармашылығы жөнінде қосымша мәлімет жинаңдар. Топта жұмыс жасаңдар.

8. Мәтін: Құрманғазы Сағырбайұлы (153 бетте)

Тапсырмалары:

  1. Мәтінді түсініп оқып, диалог бойынша сөйлесіңдер.

  2. Маған қандай сазгерлер ұнайды? Шағын шығарма жазыңдар.

  3. «Қазақ сазгерлері» деген тақырыпқа тірек сөздер арқылы әңгіме дайындаңдар.

  1. Құрманғазы Сағырбаев жайында қосымша мәлімет жинап, реферат жазыңдар.

9. Мәтін: Әженің әлдиі (137 бетте)

Тапсырмалары:

1. Мәтін бойынша монолог дайындаңдар.

2. Өзара ана әлдиінің құдіреті жөнінде диалог құрыңдар.

3.Сендердің өмірлеріңде музыка қандай рөл атқарады? Шағын шығарма жазыңдар.

Сабақта жетістіктерге бағыттайтын жұмыс түрлері көп: жаттығу жұмыстары, грамматикалық, лексикалық тестер, өздік, жұптық, топтық бақылау, сөздік жұмыстары, диалог түріндегі түрлі ситуациялық жұмыстар, мәтінмен жұмыстың көптеген түрлері, сөздік жұмыстары. Істелінетін жұмыс мақсатына жетуі үшін мұғалім түрлі тапсырмалар қарастырады. Қарым-қатынасқа түсу үшін алдымен оқушының сөз қоры мол болуы керек.Әр сабақта игерілген жаңа сөздер ауызша, жазбаша түрде үнемі қолданылып отырғанда ғана сөздік жұмыстары нәтижелі болады. Сөздікпен жұмыс грамматикалық анықтамалар, жаттығу жұмыстарын, суретпен жұмыста, өлең, жұмбақ түсіндіргенде, сұрақтарға жауап бергенде де жүргізіліп отырады. Бәрі еңбекпен келеді. Тапсырмаларды орындай алған оқушы ғана қарым-қатынасқа түсе алады.

Тапсырмаларды орындаудан күтілетін нәтижелер:

  1. Оқушылардың тілдік дағдысы мен ойлау қабілеті дамиды;

  2. Күнделікті өмір жағдаяттарында қазақ тілін орынды қолдана білуге дағдыланады;

  3. Оқушылардың шығармашылық қабілеттері дамып, іскерлік дағдылары жетіледі;

  4. Тілге деген қызығушылықтары артып, қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрмет сезімдері оянады.

Қолданылған әдебиеттер

1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. Алиматы: Білім, 1997,176б.
2. Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы. Астана, 2004ж.
3. С.Назарбаева.Өзіңді өзің танып - білу бұл да ғылым. Егемен Қазақстан-2004ж.
4. Тоқсанбаева Н.Қ. Оқыту процесі жүйесіндегі танымдық іс-әрекеттің құрылымы.п.ғ.к. дисс... Автореф Алматы-2001.
5. Т.И.Шамова. Активизация учения школьников, Москва: Педагогика 1982, 208с.
6. Дьяченко В.К.Новая дидактика. М; Народная оброзавание,2000-197с.
7. Селевко В.К. Современные образовательные технологии. М; Народное оброзование, 1998, 256с.
8. Щукина Г.И. Активизация познавательной деятельности учащихся в учебном процессе. Москва: «Просвещение» 1979, 160с

9. Мөженақова М.С. Мектептің педагогикалық процесінде оқушылардың танымдық қызығушылығын өлкетану материалдары негізінде дамыту.п.ғ.к. дисс...Автореферат. Қарағанды 2004.

10. Асылжанова М.А. Танымдық іс-әрекет мектепке бейімделудің басты факторы. Дисс... п.ғ.к, Алматы 1999, 144б.




© 2010-2022