• Преподавателю
  • Другое
  • Cтатья на тему ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҚ БЕЙНЕСІ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ПАТРИОТИЗМГЕ ТӘРБИЕЛЕУ

Cтатья на тему ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҚ БЕЙНЕСІ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ПАТРИОТИЗМГЕ ТӘРБИЕЛЕУ

Бектоғаева Салтанат Оңғаровна№264 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қызылорда облысы. ҚР. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасында: “Жастарды қазақстандық патриотизмге шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек”, – деп ерекше мән беріп тоқталған болатын. Бұлай екп...
Раздел Другое
Класс 6 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҚ БЕЙНЕСІ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ


Бектоғаева Салтанат Оңғаровна

№264 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қызылорда облысы. ҚР.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан-2030" Стратегиялық бағдарламасында: "Жастарды қазақстандық патриотизмге шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек", - деп ерекше мән беріп тоқталған болатын. Бұлай екпін түсіріп айтуының өзі қазіргі еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан тәуелсіздікке жетіп отырған тәуелсіз мемлекеттігіміздің тұрақтылығын сақтап, оны болашаққа аманат етуді көздейді. Міне, осы тұрғыдан келсек, мемлекеттік дәрежедегі мәселе білім беру саласында патриоттық cезімде тәрбиелей оқыту мәселесінің өзектілігі әрқашан да маңызды болып қалмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Елімізге бойында ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дамыған, егеменді ілімізге аямай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет», - деп, жас ұрпақ бойындағы ұлттық патриотизмді қалыптастыру ісінің ел өміріндегі маңызына айрықша көңіл бөлген болатын [1, 12 б.].

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдайлар жасау арқылы ой-өрісін байыту; отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгерту; оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану», - деп атап көрсетілген [2, 22 б.].

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих - жақсы мұғалім, ол халықтың өзін-өзі құрметтеуге қалай өтетінін есіне түсіреді» деген айшықты ойы Конфуцийдің «Тарихқа қарап, жаңаны жасауға қабілетті адам мұғалім болуға лайықты» деген тұжырымымен үндесіп жатқандығы білім мен ұлттық тәрбиенің таусылмас қазына мен парасат қоры екенін тағы да айқындайды. Елбасының «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы - бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге деген берік сенім бар», - деген тұжырымы барлық негізге ие.

Қазақ халқының бір туар данышпаны Бұқар жырау «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, адамның ата-тегінен» деген. Қазақ сонау ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, тұқым қуалайтын барлық жақсы қасиеттердің жиынтығын «тек» деген ұғымға сыйғызып, ондай адамдарды «текті» деп бір ауыз сөзбен сипаттаған. Ұлттық ерекшеліктерін қатаң ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіне осы тектілік негіз болғаны хақ. Тәрбиедегі негізгі түп - тектілік, оның тамырын, өмір тұрғысын дұрыс қалыптастыру - ата-ананың негізгі міндеті. Ол міндетті дұрыс атқару үшін олардың өздері баласына өнеге болуы тиіс. Этнопедагогикалық проблемалармен айналысушы ғалым А.Э. Измаилов: «Халық педагогикасы ұрпақтан-ұрпаққа көбінесе ауызша түрде жалғасып келе жатқан, халықтың тарихи және әлеуметтік тәжірибесінің жемісі, оның іс жүзінде тексерілген білімінің, мағлұматтарының, дағдыларының жиынтығы. Халық педагогикасының ескерткіштері халық ертегілерінде, аңыздарында, жырларында, мақал-мәтелдерінде сақталып, ұлттық салттары, дәстүрлері арқылы өзінің көрінісін беріп отырады» - деп атап көрсеткен [3, 25 б.].

Қазақ халқы қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен елдігін сақтап қалу үшін күресе отырып, туған елге, кіндік қаны тамған қасиетті жерге деген махаббатын ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріп отырды. "Туған жер" ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысып, оны Отан, ел-жұрт ұғымдарымен байланыстырып отырған.

Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік тәлім-тәрбие дәстүрлерін, әдістері мен құралдарын жинақтап, оны бүгінгі оқушы тұлғасын тәрбиелеуде оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды қолдану - уақыт талабы. Тарихты парақтасақ, қазақ патриотизмі ерте кезден бері қалыптасты. Оның дәлелі, халықтық мәнге ие мол рухани мұра - түркі халықтарына ортақ тас ескерткіштеріндегі (Орхон-Енисей жазулары) тағылымдарда, орта ғасырлар ойшылдары (Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи) мен жыршы-жыраулардың (Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Махамбет, т.б.), қазақтың ағартушы-гуманистерінің (Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы, т.б.) және КСРО-ның алғашқы жылдарындағы қоғам қайраткерлерінің (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б.) ой-пікірлерінде көрініс табады.

Орта мектептің оқу-тәрбие үрдісіндегі отансүйгіштік тәрбие мәселесіне қатысты латыш ғалымы Ф.Ф.Лоюк өзінің «Ерлік - патриоттық тәрбие арқылы жоғары сынып оқушыларының сыныптан тыс жұмыстарға қабілетін дамыту» деген ғылыми диссертациясында ерлік-патриоттық құндылықтарға «Отанды сүюге, ерлік жасауға дайын болу, мақсатқа жете білуге, Отанды қорғауға әзір болу, Отанының тағдыры үшін азаматтық жауапкершілікті сезіну, ерлік, намыс, өжеттілік, т.б» жататынын атап өтеді.

Қазақстандықтардың жауынгерлік, ерлік дәстүрлерімен, тарихи тағылымымен таныстыру жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізі бола алады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзі - Отан десек, оның мазмұны - туған жер, ұлттық тіл, ұлттық дәстүр, батыр бабалар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерін ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы бола алады.

Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: "Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді", - деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді.

Халық қамын ойлаған ерлердің бірі дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы басқарған шаруалар көтерілісінің ең сенімді қолбасшысы, халқының патриоты ретінде танылған. Ол көтерілісті көзімен көріп, соғыс, ерлік туралы тарихи шындықтың шынайы шежіресін жасаған. Отансүйгіштік маңызға ие поэзиямен өшпес мұра қалдырған біртуар күрескер ақын екенін көрсетеді. Қазақтың гуманист, ағартушы педагогы Ы.Алтынсарин қазақ балаларына оқу-білім бере отырып, елдік, отаншылдық қасиеттерді дарытып, тек қана заман ағымына сай білімді патриот азаматтарды тәрбиелеудің маңызына көп көңіл бөлген. Қазақ халқының ұлы ойшылы, философ Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы шығармаларының дені тәрбие, дін, саясат, қоғам, әлеумет, өмір философиясы секілді келелі мәселелерді қамтиды. Оның педагогикалық мұраларының мәні жеке тұлғаның өз еліне, жеріне, бауырларына, ұлтына адал еңбек етуге тәрбиелеумен сипатталады. Сондықтан ақын шығармаларының негізгі бағыты ұлт болмысын айқындауға бағытталады. Себебі, Абай шығармаларында «отаншылдық» немесе «патриот» сөздері нақты кездеспесе де, оның отаншылдық идеяны насихаттайтын өсиеті көп. Әлі күнге дейін біз оны қазақ халқының патриот ақыны деп айтылуына жеткілікті көңіл аудармаймыз. Бұл тұрғыда зерттеуші ғалым М.Мырзахметов: «Абайдың халық арасындағы орасан зор ықпалы бар әдеби мұрасын езілген халықтың ой-санасын, азаматтық сезімін ұштап жетілдіру бағытында, қазақ елін топқа, тапқа жіктемей ағартушылар ұстанған таным тұрғысынан танытуға ұмтылды. Абай - бүкіл қазақ атаулының ұлтжанды қамқоршысы», - деп келтіреді [4.]. Шын мәнінде қазақ елі Абай өмір сүрген дәуірде қиын-қыстау кезеңді басынан өткізген болатын. Бұл кезеңде қазақ халқының іргесі сөгіліп, елді әркім билеп, Ресей империясының озбыр саясаты және жергілікті болыс-билердің солақай іс-әрекеті елдің тыныштығын бұзған аумалы-төкпелі заман болатын. Ақынның өзі бұл кезеңді:

«Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың», - деп сипаттайды.

Мұның мазмұны ел бірлігін, оқу - білімді, отаншылдық тәрбие-тәлімді, ағартушылықты насихаттаумен түсіндіреді.

Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы - жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі - жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады.

Зерттеуші ғалымдардың, педагогтардың тұжырымдары бойынша, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда баға жетпес педагогикалық құрал - батырлардың қаһармандық бейнесі және оның қазақ ауыз әдебиетінде, тарихында, көркем шығармаларда сомдалуы болып табылады десек, одан қазақ батырларының бойындағы елдік қасиеттердің жиынтығы да, азаматқа тән адамгершілік болмысы "сегіз қырлы, бір сырлылық" та, шешенге тән алымдылық та, данаға тән білгірлік те, биге тән көсемдік те, әулиеге тән көрегендік те табы­лады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ер Төстіктің қаһармандығын, Бекет атаның бойындағы әулиелігін, Исатай батырдың ел бастаған билігін, Сырым батырдың шешендігін, Б.Момышұлының батырлығын айтуға болады. Тамыры терең патриоттық тәрбиенің көзі ұлттық тарихымызда осылай жалғасып кете береді.

Президент Н.Назарбаев "Қалың елім - Қазағым" жинағында "…Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды…" және "Біз қазақстандық патриотизмді Отанын, жері мен суын шексіз сүю, халқының өнеге-дәс­түрін, әдет-ғұрпын, елдің тарихын құрмет тұту, мүддесін көздеп, бостандығы мен құқын қорғау, әр адамның күш-жігерін ел бірлігін нығайтуға, азаматтық татулықты баянды етуге және ұлтаралық татулықты тұрақ­тандыруға жұмсау" деп жазған еді.

Қазақ халқының бостандығын аңсап, Кеңес өкіметінің әділеттілігі арқылы теңдік алуды мақсат тұтқан жалынды патриот Сәкен Сейфуллин өз еңбектерінде негізінен отансүйгіштік бағытты ұстанды. Оның көптеген еңбектерінде қазақ елінің тәуелсіздігін паш етті. Мысалы:

«Қажыма, ер көңілім, бәрі де өтер,

Сан азап бір күнгідей болмай кетер,

Жарқырап ататын таң әлі-ақ жетер», - деп, өз бойындағы шыдамдылықты бүкіл қазақ елінің жағдайымен салыстыра сипаттайды. Алайда С.Сейфуллин кеңес өкіметінің әділетсіздігімен репрессияға ұшырап, қаза табады. Бірақ оның отаншылдық рухындағы шығармалары өзінің құндылығын жойған жоқ.

Әрбір адам, бір жағынан белгілі бір қоғамның мүшесі бола отырып, ол сонымен бірге ұлттың (этностың) мүшесі болып саналады. Ұлт мәдениеті - ұлт мүшелерінің бәріне ортақ. Бүгінде әр ұлттың өзіндік мемлекеттік статусын алып, егеменді ел болуымен байланысты ұлт мәдениетінің өткені мен бүгінгісіне және болашағына көз жіберу аса қажет болып отыр. Сондықтан ұлттық мәдениеттің тарихына тереңірек көз жіберу - бүгінгі мектеп мұғалімінің басты борышы. Осы тұрғыдан қарағанда мектеп оқушыларын қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеудің білімдік те, тәлімдік те маңызы зор.

Ал қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерімен көптен бері айналысып жүрген педагог-ғалым С.Қалиев: «Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық мінез-құлық, ұлттық сезім осы үш бірлестік ұлттық мәдени мұралардың өзіндік ерекшеліктерінің шартты белгілері дегенді айта келіп, ұлттық сезім дегеніміз өскен елге, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге (мәдениетке) деген сүйіспеншілік білдіруі» деп тұжырымдайды. С.Қалиевтің «халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі» атты кітабында халықтың мәдени мұрасы, ауыз әдебиетіндегі ақыл-ой, дене, еңбек және жастарды өнерге баулу, оларды жан-жақты тәрбиелеуде халық тәрбиесін тиімді пайдалану, бала тәрбиесінде үйелменнің ролі және оның ауыз әдебиетіндегі алатын орны сияқты мәселелерді мектептерде оқу-тәрбие жұмысының барысында пайдаланудың кейбір жолдары сөз етілген. Автордың сөзімен айтқанда, өткен ғасырлардағы адам баласының ғылым мен тәжірибе атаулының бәрін жинақтап, оны бүгінгі күн керегіне жұмсау, халқымыздың өткендегі еңбек және әскери-патриоттық жолдарының әдемі үлгілерін тәрбиенің құралы ету, қазақ ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінде педагогикалық ой-пікірлерді оқу-тәрбие жүйесінде қолдануды ұсынған.

Халықтық педагогиканың негізгі мақсаты - өзінің бай тарихи тәжірбиесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбексүйгіштікке, өнерге баулу, жанұя, ауыл-аймақ, Отанның ар-намысын қорғай білетін жаны жайсаң азамат тәрбиелеу болған. Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар, ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші, термеші сияқты өнер адамдарының белсене қатынасып, ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келеді. Әсіресе, жыраулар өздерінің өлең-жырларымен ақыл-кеңес өсиет өнеге айтумен болды. Олар сол арқылы айналасындағы тыңдаушы қауымға ненің жақсы, ненің жаман екендігін сездіріп, неден бойды аулақ ұстау керек дегенді айтты. Сөйтіп жастарға ой салып, тәлімгер бола білді.

Өкінішке орай бұдан бұрынғы сөз өнерін әлемде алдына жан салмайтын қазақ халқының бүгінгі ұрпағының сөзге шорқақ болуы, екі ауыз сөзді жазбай, иініне келтіріп айта алмауы кешегі кеңестік тоталитарлық саясаттың кесірінен деуге болады. Тілге-ойға деген тұсау адамдарды рухани жұтаңдыққа, жалтақтыққа, тіл мүкістігіне алып келді. Ұлттық намыссыз адамға М.Шаханов айтқандай, «төрт анасын қадірлемеген жандардың бағы ешқашан жанбақ емес» демекпіз. Сөзімізді түйіндей отырып, қоғамның жаңа даму жағдайында оқушылардың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді туған елін сүю, туған ауылды ардақтау, ақын-жазушылар мен ел қорғаған батырларды ардақтау, еңбек пен өнер, ғылым мен білімді сүюді үйрету.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру тұжырымдамасы. -Астана, 2009 ж.16 қазан № 521

  2. Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы. Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі. 1999 жылғы 28 тамыз № 73

  3. Әбілова З.Ә. Этнопедагогика. -Алматы, 1997 ж.

  4. Мырзахметов М. Абайтану тарихы. - Алматы: Ана тілі, 1994.


© 2010-2022