Мақала Адамгершілік - заман талабы

Раздел Другое
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Адамгершілік - заман талабы.


Адамгершiлiк мәдениеті адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасады, әрбiр дәуiрдiң өзiндiк қайшылықтарымен бiте қайнасып, жетiледi. Сондықтан да адамгершiлiктiң мәнін абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшелiктерiмен ғана байланыстыруға болмайды.

Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлік, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары. Әрбір қоғам өзiнiң даму үрдісінде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерістер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк - адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама-қарсы, теріс қарым-қатынаста пайда болады және адамның өзіне субьективтi түрде міндет қоя білумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттері отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр-бiрiмен араласуы нәтижесінде, қоғамдық тәжірибе алуын өмірмен байланыстыру арқылы қалыптасады. Халықта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң» деген мақал бар. Тәлім-тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениеті мен қасиеті қалыптаспайды.

Адамгершiлiктi, оның жоғарыда айтылған категорияларын қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн қатынастар аз емес. Олар: құрбы мен құрдас, ата-ана, оқушы мен ұстаздың арасында қарым-қатынас орнату, өзара сыйласу, қонақжайлылық, жолдастық, туыстық қарым-қатынастар.

Адамның адамгершiлiгi - оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi - адамдық ар - намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, "Өзiң үшiн еңбек қылсаң, - дейдi Абай, - өзi үшiн ғана өмір сүратін хайуанның бiрi боласың. Досыңа достық - қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол". Ақылды, мейiрiмдi адам кез-келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам - ардақты. Бiздiң ортамызда осы сапаларды бойына сiңiрiп қана қоймай, өзiн қоршаған ортаға таратушы, осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеушi ұстаздар аз емес. Адамгершiлiгi мол адам - басқаларға қашан да үлгi-өнеге. Батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз - адамның жан дүниесiнiң ерекше қасиетi. Ержүрек адамды бүкiл халық мақтаныш етедi. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, тағы басқа ер жүрек ұл-қыздарымыз халқымыздың мақтанышы. Олардың әрқайсысы бiздiң елiмiзге абырой, атақ, даңқ әкелдi. Соларды үлгі, өнеге етіп отыру әр ұстаздың парызы.

Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек.

Отансүйгiштiк. «Отан - отбасынан басталады» деп халқымыз бекерге айтпаған. Халқымыз кiр жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетiн, әдебиетi мен тарихын, бiртуар аяулы перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағына аманат еткен.

Әдептiлiк. "Әдептiлiк - әдемiлiк" дейдi халық. Бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтау - халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу.

Бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы "Бала бауыр еттен жаралған" деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден бастаған. Осы туралы қасиеттi кiтапта: «ешбiр адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бiр-бiрiне дос, бауыр» дейдi. Олай болса жастарды бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет.

Қайырымдылық. Қазақ халықтарының өмiрiн, тұрмыс-салтын зерттеушiлердiң бiрi А.И. Левшин былай дейді: "... қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі - Азия халықтарының айрықша қасиеті». Яғни, қайырымдылық - кең мағыналы ұғым екенiн оқушыларға түсiндiруiмiз қажет.

"Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесiз бiлiм - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi"- деп Әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылымы зерттейтін негiзгi категорияларының бiрi - тәрбие.

Тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын-ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзiн қоршаған ортаға қатынас орнатады. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзедi.

Бала дамуының алғашқы кезеңiнен яғни адамгершiлiк туралы ұғымдарды саралап, санасына сiңiре бастайды. Ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, 7 жақсы қасиет:

Бiрiншi: Имандылық.

Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.

Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.

Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.

Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.

Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.

Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық.

"Ұлттық тәрбиенің негiзi - адамгершiлiк, еңбек тәрбиесi"-дейдi М.Жұмабаев. Адагершiлiк тәрбиесiн сәби шақтан озық түрде баулу керек. Ал біздің міндетіміз оны әрі қарай дамыта отырып, жастарды дұрыс, түзу жолға салу.

Адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершілік - адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады.

Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Бала үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп, иманды болып, адамгершілікті болса, бұл адамгершілік тәрбиесінің жемісі.

Адамгершілік - адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады.

Қолданылған әдебиеттер:

Абай Құнанбаев, Алматы, 1989 жыл

Ыбырай Алтынсарин, Алматы, 1988 жыл

М. Жұмабаев, Алматы, 1992 жыл

А.И. Левшин «Описание киргиз-казачьих Или киргиз-кайсацких орд и степей», Алматы, 1996 жыл

Қазақ мақал-мәтелдері, Алматы, 1988 жыл

«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы

Махамбетова Райхан Жүнісқызы,

қазақ тілі пәнінің оқытушысы


© 2010-2022