• Преподавателю
  • Другое
  • Орыс сыныптарында қазақ тілі пәні бойынша тізбектелген сабақтар топтамасына «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді» қолдану

Орыс сыныптарында қазақ тілі пәні бойынша тізбектелген сабақтар топтамасына «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді» қолдану

Раздел Другое
Класс 8 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Орыс сыныптарында қазақ тілі пәні бойынша

тізбектелген сабақтар топтамасына

«Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді» қолдану


«Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулін алу мақсатым- орыс сыныптарында басқа ұлт балаларын диалогтік оқыту негізінде қазақ тілінде еркін сөйлеуге және өз бетімен тілді қалай меңгеру керектігін үйрету.

Тәжірибе барысында сыныптағы оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау мақсатында психологиялық ахуалға ерекше мән бердім. «Дене мүшелері» арқылы амандасу, «Тілек айту», «Мен өмірді сүйемін, себебі...», «Сен білмейсің, мен айтам...» атты тренингтер өткіздім. Мысалы, «Сен білмейсің, мен айтам...» деген тренингтің күлкіге құрылғанын С. және О. есімді оқушыларымның өзара сөйлесуінен байқадым. О. есімді оқушым: «Сен білмейсің, мен ертең сабаққа келе алмаймын»,- десе, «Неге келмейсің?»,-деп мен де диалогке кірісіп кетіппін.Сонда О. есімді оқушым: «Сен білмейсің, мен білем, ертең күн-жексенбі»,- деп жауап қайырғанда, барлығымыз ду күлдік.Тренингтің оқушылардың бір-біріне үйренуіне, басқа оқушылардың пікірлерін құрметтеуіне ықпал ететіндігін байқадым. Сыныпта эмоционалдық жағымды қатынастың туындауына тренингтің тиімді болғандығына көзім жетті.

Оқушыларды диалогке тарту мақсатында тізбектелген сабақтар топтамасындағы «Отан отбасынан басталады» деген бірінші сабағымда «Қос шеңбер» стратегиясын қолданудың тиімді жақтары көп болды. Себебі, оқушыларымның дұрыс ашық сұрақтар қоюға үйренгендігін, біреулерінің толық және түсінікті етіп жауап беруге машықтанғанын Т., К.есімді оқушылардың жауаптарынан байқадым. Мысалы, Т. есімді оқушым: «Ата-аналарыңа қандай көмек көрсетесіңдер?»,- деген сұрақ қойды. К.есімді оқушым: «Мен ата-анама күнделікті көмектесемін. Үй шаруасында әртүрлі жұмыстар атқарамын: өріске мал айдаймын, кешке шөп саламын...», -деп жауап қайырды. Тапсырманы оқушылар көңілден шығарлықтай етіп орындады. Маған диалог барысында балалардың өздерін еркін ұстағаны ұнады. Еркіндікті сезінген оқушының қазақ тілінде сөйлемдерді дұрыс құрып, өз ойын түсінікті етіп жеткізетіндігіне көзім жетті. Егер оқушы өз ортасында ойын еркін жеткізе алмаса, ол білімін жетілдіре алмайды. Нәтижесінде оқушылар өздерін еркін ұстауға бейімделді.

Сонымен қатар «Кім жылдам» әдісін пайдаланып, глоссарий өткіздім. Сөздердің орысша баламасын сұрауда А деңгейлі оқушыларым мен С деңгейлі оқушыларымның өзара диалогке түскенін байқадым. Мысалы, Р. есімді оқушым: «Сен мына сөздің аудармасын білесің бе?»,-деп сұраса, С. есімді оқушым: «Иә, білемін, мен жауабын айтпаймын. Мағынасы жуық сөз айтайын, өзің тауып алшы»,-деп орыс тілінде синоним сөзді айтты. Р. есімді оқушым біраз ойланып, сөздің орысша аудармасын А деңгейлі оқушымның көмегімен өзі тауып алғанына мәз болды. Маған С деңгейлі оқушымның белсенділік танытып сұрағаны және А деңгейлі оқушым білгенін дайын күйінде бермей, С деңгейліні қалай оқу керектігіне үйреткені өте ұнады. Кейбір дұрыс емес баламаларға «Аудармасы қате, дұрыс емес, былай аударылады»,-деп айтқандары немесе «Сен неге тоқтап қалдың, есіңе тезірек түсірші»,- деген сөздерінен мен сырттай бақылап, А деңгейлі оқушыларымның көшбасшы болғандықтарын аңғардым.

Үшінші тапсырманы орындау үшін «Ойлан, жұптас, талқыла» әдісін пайдаландым. Ауызша шағын шығарма құрастыру үшін оқушының күнделікті өмірден мысал келтіргендігі Д. есімді оқушымның әңгімесі дәлел бола алады. Ол: «Мен жылқыларды жақсы көремін. Аттарды күтемін, су беремін, шөп саламын, жалын тараймын...»,-деген сөздерінен оқушы өзін үйдің қожайыны ретінде көрсететіндігі анықталды. Көп нәрсені әкесі баланың өзінен үйренгендігін түсіндім. Бұл жерде оқушы менің және достарының алдында басқа қырынан ашылғанын көрдім. Оқушының қабілеті мен таланты бәйге аттарын баптауда танылғанын байқадым. Қызығушылыққа байланысты берілген тапсырманы орындаған кезде оқушының жауабы нақты және шынайы шығатыны туралы ой түйдім. Әрине, мен көшбасшы ретінде оқушының сөйлеуінен, сөйлем ішіндегі сөздердің байланысуынан біраз қателерді аңғардым, бұл қателер еркін жауаптың көлеңкесінде қалып қойды. Оқушының әңгімесін бөлмейін деп түзетпедім. Оқушының жауабынан қабілетті, талантты балаларды әрі қарай ынталандыратын, шығармашылықпен жұмыс жасауына ықпал ететін тапсырмаларды дайындау мен қазақ тілінде еркін сөйлеу тілдерін жаттықтыру керек екендігін түсіндім.

Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту мақсатында екінші сабағымда мақал-мәтелдердің мәнін түсінуде «Еркін микрофон» әдісін пайдаландым. Мақал-мәтелдер туралы түсініктерін білу мақсатында әр топ бір-біріне 3 сұрақтан дайындады. Сұрақтар дайын болғаннан кейін, тілшілер ортаға шығып, бір-бірінен сұхбат алды. Осы кезде кейбір тілшілердің арасында «дұрыс емес» сұрақтар қойылғанын және түсініксіз жауаптардың айтылып жатқанын байқап, оларға «түрткі болу», «сынақтан өткізу», «қайта бағыттау» сұрақтарын қолданып, олардың жауаптарын түзеттім. Нәтижесінде оқушылардың жауаптарының едәуір түзелгенін бірнеше жауаптардан байқадым. Мысалы, «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мақалды қалай түсінесің?» деген тілшінің сұрағына А. есімді оқушым былай деп жауап берді: «Балалары ата-анасынан қандай тәрбие алса, өскенде, үйленгенде, өз балаларына сондай тәрбие береді.Ұл әкенің, ал қыз шешенің тәрбиесін мәңгі естерінде ұстайды...». Бұл жерде А. есімді оқушымның жауабынан мақалдың мән-мағынасын түсінгенін білдім. Жалпы А деңгейлі оқушыларымның ойларын дұрыс айтумен қатар әсерлі етіп жеткізуге үйреніп келе жатқандығын байқадым. Мен бұл әдістің оқушының сын тұрғысынан ойлауға дағдыланғанын тиімді білім берудегі және құзыретті тұлға қалыптастырудағы тиімді тәсіл екеніне көзім жетті.

Оқуды үйретудің қозғаушы күші «метатану» болып табылады. Бұл үдерісте мұғалім оқушыға: білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге, жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге, нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі [1,29бет].Тізбектелген сабақтар топтамасындағы «Әдептілік-адамның бет-бейнесі» атты үшінші сабағымда әдептілік туралы ойды ортаға салу үшін «Миға шабуыл-дельфи» әдісін қолдандым. Талқылауға өздеріне онша сенімді емес оқушыларды қатыстырдым. Мені таң қалдырған Қ. есімді оқушым: «Үлкендердің алдында сендер қандай әдеп сақтайсыңдар?»,- деген сұраққа Б. есімді оқушы өз жауабымен өзінің құрбыларын таң қалдырды. Ол көп ойланбастан: «Мені үйде әдеп сақтауға атам үйретті. Әдеп сақтамасаң, жаман болып өсесің»,- деді. Мен атаммен «ассалаумағалейкум» деп амандасам. Жанына отырғанда тек оң жағына ғана отырамын», - деп жауап берді. «Неге оң жағына отырасың?»,- деген сұраққа ол былай деп жауап қайырды: «Атам айтқан: Сен менің оң қолымсың, сенің орның да менің оң жағымда». Оқушымның бұл жауабынан «әдеп» сөзінің мәнін толыққанды түсінгендігін байқадым. Алдыңғы сабақтарда өз жауаптарына сенімсіздеу қараған Б. есімді оқушымда осы жауаптан соң, сенімділік пайда болды. Себебі, бұл жауап барлық оқушыларға және маған ұнады. «Миға шабуыл-дельфи» әдісін тиімді қолдандым деп айта алмаймын. Себебі, өз ойларын жеткізуде сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыра алмай жатқан немесе бірінің басын айтып, бірден келесі мәселеге көшу сияқты шатасулар да болды. Сондықтан келесі сабақтарымда орыс сыныптарының оқушылары үшін жеңілірек басқадай әдістерді пайдалануды ұйғардым. Дегенмен, бұл тәсілді қолданғанда, оқушылардың өзара диалогке түскенін байқадым.

Бұл сабақта «рөлдік ойын» қолданылып, С-деңгейлі оқушыларымның белсенділігі байқалды. А. мен Д. есімді оқушыларымның жүздерінен біраз сенімсіздік байқалса да, рөлдік ойында қазақ тілінде сөйлеген кезде ешқандай қате жібермегендіктері мені қуантты. Мысалы:«Балаларымыз қайда кетті?»,- деген шешесінің сұрауына А. есімді оқушымның: «Қызым мектепке кетті, ал ұлым далада жұмыс істеп жүр»,- деген сөздері немесе Д. есімді оқушымның: «Әке, далаға шығайық, сиырларға су берейік, шөп салайық...»,-деген сөйлемдері дәлел. Орыс ұлтының балаларына рөлдік ойынның ұнағандығы сабақ соңында рефлексия жасаған кезде анықталды. Бұған дейін осы балалар «иә» немесе «жоқ» деген сөздер арқылы қысқа жауап беріп отырса, бұл сабақта рөлдік ойын арқылы толық жауап беруге үйренді. Рөлдік ойынның тиімділігіне көзім жетті. Себебі, рөлдік ойын мынадай қарым-қатынасты негіздейді: «мұғалім мен оқушы» және «оқушы мен оқушы». Бұл тәсілді қолдану- оқушының терең ойлауына, алған білімін талдап, сараптауына мүмкіндік беретінін әбден түсіндім.

Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың оқуының ажырамас бөлшегі болып табылады [1, 37бет]. Оқушылардың ортақ талқылауы және өзара қарым-қатынастың нығайғандығы төртінші сабағымда оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты «Көмекші» сөзінің мәнін ашуда көрінді. С. есімді оқушым өзгеге түсінікті, мазмұнды етіп түсіндіре алғанын келесі үзіндіден көруге болады: «....постердің идеясы - ата-ананы сыйлау, құрметтеу, кішілерге қамқорлық жасау, отбасыңа үнемі көмек көрсету болып табылады...». Бұл жерде оқушылардың ойлау, сөйлеу дағдылары қалыптасқанына, сөздік қорының біртіндеп молайып келе жатқандығына көз жеткіздім. 14 жастағы оқушылардың 13 жастағылардан айырмашылығы постерде салынған суретті қандай себеппен таңдап алғандықтары жайлы толық айта алды. Мысалы, С. есімді оқушым:«Күнді салған себебім, күн айналасына жарық беріп тұрады. Жарықта барлық нәрсе көрінеді. Мені де анам жарық дүниеге әкелді. Мен өскенде күн сияқты боламын. Өскенде ата-анама жылулық пен жақсы көңіл- күй сыйлауға, үй шаруасына қолғанат болуға, көмектесуге тырысамын. Ата-анам менің болашағым жайлы алаңдамасын деп күннің бейнесімен бердім»,- деген жауабынан оқушының сын тұрғысынан ойлауға дағдыланғанын байқадым. Ал 13 жастағы оқушылар суреттің салыну себебіне мән бере қойған жоқ, үстіртін сипаттай салды. Суреттің неліктен салынғанын аша алмады. Олардың сөйлеу мәнері мен сөздік қорының таяздығы да байқалды. Аралары бір жас болса да, ойлау, ойларын жүйелеу мүмкіндіктерінің 13 жастағы балаларда жеткіліксіз екендігіне көзім жетті.

Сонымен қатар оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты «Презентация» әдісін пайдаланып, «Әжеме, анама... қарап өсемін» тақырыбы төңірегінде слайд қорғаған кезде АКТ-ны қолдану оқушылардың түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беретіндігіне көзім жетті.

«Джигсо» әдісін қолдану арқылы оқушыларды әрі қалай оқу керектігіне, әрі диалогтік оқуға үйреттім. Оқушылар мәтіндерді өзара түсіндірді. Түсінгендіктерін білу мақсатында оқушылар бір-біріне сұрақтар қойды. Оқушылар мәтінді бір-бірімен ақылдаса отырып талқылап, ортақ шешімге келе алатындығына дәлел. Т. есімді оқушының сөздері: «Ата-анаңа не істесең, сол алдыңа келеді. Өмір бойы жас бала күйіңде қалмайсың. Сен қартайғанда, балаларың сені де күтеді...». Бұл тәсіл сыныптағы баяу, енжар оқушы Р. және М. есімді оқушыларымның сабаққа қатысуына жол ашты. Тапсырмаларды орындап, достарынан қалмауға тырысты. Мысалы, М. есімді оқушым мәтіннің бір бөлігін жақсы айтты: «Атам мен әжем ауылда тұрады. Олардың екі ұлы және төрт қызы бар. Немерелері үнемі көмек көрсетеді...»,- деген баяндауынан өзіндік білім алуынан оқушының мәтіннің мазмұнын түсінгендігін білдім. Бұл оқушыда оқуға, білуге деген зейіні мен әрекеті шоғырланғанын байқадым. Нәтижесінде сабақ тақырыбын мүлдем түсінбей қалды деген оқушы болмады.

Оқушыларды қалай оқу керектігін үйретуде «Қарлы кесек» стратегиясы екінші сабағымда орын алды. Әр оқушының жеке жауабын келесі оқушылар бір жауап етіп үйлестіріп отырды. Мысалы: А. есімді оқушым «Мен анамды сыйлаймын»,- десе, Т. есімді оқушы А. есімді оқушының айтқанын қайталап: «Менің әкем еңбексүйгіш адам»,- деп өз жауабын қосады. Бұл стратегия балаларға өз ойларын негіздеуге көмектесті, есте сақтау қабілеттерін дамытуға ықпал етті.Оқушылардың осы әдіс арқылы тапсырманы түсінгендіктеріне көзім жетті.

Сабақтарымның соңында рефлексия есебінде «Бес саусақ», «Бас бармақ», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Бағдаршам», «Фишкалар» арқылы бағалау әдістерін пайдаланып, оқушылардың сабақ бойынша өздерін және өзгелерді бағалау деңгейлерін, пікірлерін сұрақтар қою арқылы анықтадым. Пікірлердің әртүрлілігі төмендегідей оқушыларымның жауаптарынан айқын көрінді. Мысалы, «Бағдаршам» әдісі арқылы бағаланған кезде А.есімді оқушы: «Мен екінші топқа сары түсті көтеремін, себебі, олар тапсырмаларды дұрыс орындады, бірақ Алексей сабаққа аз қатысты»,-десе, С. есімді оқушы: «Тапсырмаларды, әсіресе үздік және жақсы оқитын оқушылар орындады, ал Дидар өз бетімен тек бір тапсырмамен ғана шектелді. Сондықтан мен бірінші топқа сары түс арқылы орташа баға қоямын»,-деп дәлелдеді. Мен, сырттай бақылап, бір оқушы сөйлегенде, барлығының мұқият тыңдай білуге, пікірлерін дәлелдеуге үйренгендіктерін байқадым. Сонымен қатар әркім өздерін жеке тұлға ретінде таныту деңгейінің қаншалықты екенін түсіндім.

Мен де диалогтік оқыту барысында сұрақтарды қалай болса солай қоя салмай, оқушыға қоятын әрбір сұрақты анық, өз ойларын білдіре алатындай, өз идеяларын дамытуға көмектесетіндей етіп құру қажет екендігін түсіндім. Оқушыға сұрақ қойған кезде жауап бере алмаған жағдайда немесе дұрыс жауап бере алмағанда, «Дұрыс емес, қате» деген сөздердің орнына «Толықтыра алатындарың бар ма?», «Кім көмектеседі?» деген сияқты «қайта бағыттау» сұрақтарын беріп отырдым. Мысалы: «Құндылық дегеніміз не?» және «Отбасыңда қандай құндылықтар болады?» деген сұрақтарға түсініксіз немесе қате жауаптар айтылды. Әрине, оқушы қателеседі, басқалардың пікірін, нақты дәлелдемелерді мұқият тыңдап алған соң, ойына белгілі бір қорытынды түйеді, сонда ол өз жауабының қате екендігін түсінеді. Оқушым неліктен қателесті? Бұл жерде кейбіреуі ата-анаға көрсетілетін көмек түрлері мен құндылықтарды шатастырды. Қателесу себебі: біреуі «құндылық» сөзінің мәнін түсінбей тұрса, екіншісі сөздің мағынасын түсінсе де, ойланып жауап беруден қашқақтады, өзінің жауабына деген сенімсіздікпен қарады.

Енді оқушы түсіну үшін және сенімділік орнату үшін не істеу керекпін? Мен сұрақты басқаша қоюға тырыстым, күнделікті өмірмен ұштастыруды көздедім. Мысалы: «Балалар, әке-шешелеріңді қаншалықты және не үшін жақсы көретіндіктеріңді айтып көріңдерші»,- деген ұсыныс айттым. Әрі қарай оқушылар өз түсінгендерін әркім әр дәрежеде айтып жатты. Мысалы, К. есімді оқушым: «Мен отбасымды жақсы көремін, себебі менің анам мені дүниеге әкелді»,- десе, А. есімді оқушым: «Мен отбасымның ішінде ең жақсы көретін адамым-әжем. Мен оны сыйлаймын»,- деп жауап берді. Мен барлық оқушының пікірлерін тыңдап болған соң, «Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?» немесе «Осыған орай сендердің отбасыларың қандай құндылықтарға ие екен?» деген сұрақтар арқылы оқушылардың тұжырымдамалық түсініктерінің дұрыс қалыптасуына мүмкіндік туғыздым. Нәтижесінде Е. есімді оқушым: «Менің отбасым өте тату. Біз бір-бірімізді сыйлаймыз, қадірлейміз, ешқашан ұрсыспаймыз...»,-деп жауап қайырды. Осы сияқты жауаптардан мен «құндылық» сөзінің мәнін түсінгендіктерін білдім. Маңызды мәселелерге назар аудара бастағандықтарын байқадым. Дұрыс жауап берген оқушыларға «Жарайсың!» деп қолдау көрсетіп отырдым. Себебі, бұл қолдау оқушыны шабыттандырады, оқып-білуге, үйренуге ынталандырады.

Қорыта келгенде, жоғарыдағы дәлелдерден диалогтік оқыту мен қалай оқу керектігін үйренудің көптеген тиімді жақтарын байқадым. Олар: диалог пен әңгімелеу кезінде оқушылар тақырыпты күнделікті өмірмен байланыстыра алды, оқушылар бір-бірінен ақпарат алу,талдау, ақпаратты жеткізу арқылы кері байланыс орнатты.

Диалогтік оқу мен қалай оқу керектігін үйрену кезінде А деңгейлі оқушы мен мұғалімнің көшбасшылығы тұрақты дамуға жетелейтін негізгі қабілет ретінде көрінді. Оқушылар тек өз бетімен білім алып қана қоймай, олардың дағдысы мен машығы қалыптасып, өз пікірін айтуға, өзгенің пікірін тыңдауға, құрметтеуге, сын тұрғысынан ойлауға үйренді. Оқыту барысында талантты оқушылардың қабілеті және жас ерекшеліктеріне сәйкес зейіні мен сөз сөйлеу дағдылары ескерілді, бұл балалардың дамуына әсер ететіні анық. АКТ-ны қолдану арқылы оқушылар сандық сауаттылыққа үйрену барысында өзара қарым-қатынасқа түсті, бір-бірінен үйренді.

Менің ойыма ағылшын ағартушысы У. Уордтың сөздері есіме түсті: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Шабыттандыру, әсіресе, «Оқыту мен оқуда жаңа тәсілдерді қолдану» модулінде жүзеге асатындығына күмән келтірмеймін. Себебі, бұл тәсіл арқылы әрқайсысы бір-бірімен қарым-қатынас жасау арқылы дамиды.

Пайдаланылған әдебиет:

1.Мұғалімге арналған нұсқаулық III (негізгі) деңгей. Назарбаев зияткерлік мектебі- ДББҰ, 2015.



© 2010-2022