БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙДЫ

Аңдатпа Мақалада кәсіби дамудың шарты ретінде мұғалімнің сабақтағы зерттеу жазбалары мен оның әріптес сыншы досының көмегі қарастырылады.Оқушыны дамытуға бағытталған жұмыс – нәтижеге негізделген ең құнды  жұмыс болмақ. Қазіргі дамып келе жатқан қоғамда мұғалімнің кәсіби өсуі өз тәжірибесін зерделеуінен көрінетіні айтылады.     Аннотация В статье указывается, что условием профессионального развития является  рефлективные записи учителя и консультативная  помощь критического друга. Работа, которая...
Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙДЫ

А.Е.Тоқбаева

Тараз қаласы физика-математикалық бағыттағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі



Аңдатпа

Мақалада кәсіби дамудың шарты ретінде мұғалімнің сабақтағы зерттеу жазбалары мен оның әріптес сыншы досының көмегі қарастырылады. Оқушыны дамытуға бағытталған жұмыс - нәтижеге негізделген ең құнды жұмыс болмақ. Қазіргі дамып келе жатқан қоғамда мұғалімнің кәсіби өсуі өз тәжірибесін зерделеуінен көрінетіні айтылады.

Аннотация

В статье указывается, что условием профессионального развития является рефлективные записи учителя и консультативная помощь критического друга. Работа, которая направлена на развитие ученика должен быть самым ценным в деятельности учителя.

Annotation

The article states that the condition of professional development is reflective writing teachers and other critical advice. The work, which aims to develop the student should be the most valuable in the work of the teacher.

Мектептегі сабақ беру жүйесі күн өткен сайын жаңа бағыт алып, оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа жүйесіне тереңдеп енген сайын, мектеп мұғалімдері де инновациялық режимде жұмыс істеуі міндетті екендерін сезініп келеді.

Иновация - өзгеріс, жаңаша көзқарас. Жаңаша көзқарас бойынша, мұғалімнің құндылығы - топта жұмыс істей білуі, тыңдай білуі, тәжірибе алмасуы. Мұғалімнің осы бағыттағы ұстанымы - сабақ беруді жақсартудың тәсілдері табу.

Мұғалім жаңаша тұрғыда жұмыс жасағысы келсе, өз-өзіне: «Мен қандай мұғаліммін?» , «Менің сабақтарымды барлық оқушы түсіне ме?», «Менің жетістікке жете отырып жұмыс жасауыма не кедергі?», «Мен қайтсем, жұмысымды жақсарта аламын?», - деген сұрақтарды қоюы тиіс.

Осы сұрақтардың жауабын іздеу барысында, ең алдымен, қажетті әдебиеттермен танысу керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, көптеген тәжірибелі мұғалімдердің өз тәжірибесін сипаттап жазған еңбектері жарық көре бастады. Олардың көпшілігінде әр мұғалім өзінің оқуы мен кәсіби шеберлігінің өсуіне өзі жауапты болатыны айқын дәлелденген.

Шет елдік педагогтардың тәжірибесін зерделеп қарайтын болсақ, Д.Уэстонның пікірінше, күнделікті жұмыс барысындағы іс-тәжірибеден үйрену арқылы оқуға да болады. Д.Познер кәсіби шеберлікті дамытуды мұғалім тәжірибесі мен рефлексиясының нәтижесі деп есептейді. Ал, П.Сенгенің пікірінше, әріптестер арасында диалог жүргізу арқылы да жұмыс барысын жақсартуға болады.

Қазақта адам тәрбиесіне аса көңіл бөлген Абай Құнанбайұлы бірінші қара сөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», - дейді. Осы сөзден-ақ өз ісіне есеп бере алатын адам күнделікті іс-әрекетін үнемі жазып жазып отыруы керек деген пікірді байқаймыз. Осы пікірін Абай Құнанбайұлы он бесінші қара сөзінде нақтылай түседі: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!».

Педагогика мен психологияны қатар зерттеген Ж.Аймауытов болса «Сабақ - жаңадан жаңаны табатын өнер» - дейді. Осы сөздің өзіне зерделей қарасаңыз, сабақтың өзінен жаңа нәрсені таба білсеңіз, сол сізге білім болмақ дегенді меңзейді.

Дәстүрлі білім беру жүйесі өзгеріске түсіп, кітаптарды қолданудан гөрі ғаламторды пайдалану заманы белең алды. Адамның өмір сүруі мен білім алуына қажетті сұраныстар да өзгеріп келе жатқаны сезіледі. Бірақ, өміршең нәрселер туралы айтқан даналарымыздың сөздерін ешқашан жадымыздан шығармауымыз тиіс. Осыған орай, оқушыны білім көзі жинақталған «тірі энциклопедия» ретінде емес, өмірге икемді етіп тәрбиелеу үшін мұғалімнің өзі де өзгеруі тиіс. Сабақ беру тәсілін де өмірдегі нақты жағдаяттарға бейімдеп, оқушыны өмір сүре білуге үйретуі тиіс.

Бұған қажетті мәліметтерді мұғалім қайдан алады? Әрине, өз тәжірибесіне сүйенеді. Мұғалім өзінің педагогтік қызметінде сәтті және сәтсіз болған тұстарын үнемі рефлективтік күнделігіне жазып, сараптау жасап отырса, жұмысының ілгері басқанын өзі де біліп отырар еді. Рефлексивтік күнделікті жүргізу - мұғалімнің атқарған жұмысына өзінің жасаған шағын зерттеуі. Бұл күнделікке мұғалім сабақ барысында басынан өткерген өз сезімін, неге мұндай сезімде болғанын, қолданған әдісінің нәтижесі қандай болғанын да жазып отыруы керек. Ең дұрысы - проблемаларды жалпылама жазудың орнына, жіктеп жазса, негізі қай мәселені шешуден бастаған дұрыс екені айқындалады. Міне, осы жазбалардың ізімен зерттеу - үлкен проблеманы шешуге бастайтын жол болмақ.

Бұл зерттеу жұмысының нәтижесін мұғалім қалай анықтай алады? Әрине, зерттеу жұмысының нәтижелі болғандығын мұғалімнің сабағына қатысқан, кері байлаыс беруші «Сыншы-кеңесші досының» анықтай алады. Мұндай «көмекші» мұғалімнің сабақтан соңғы ойларын түйіндеуіне көмектеседі.

Бұл «Сыншы-кеңесші дос» деген кім? Оны қалай табамыз? Бір-бірімізге «Сыншы-кеңесші дос» табу бірлескен әңгіме - диалог жүргізу барысында анықталады. Диалог жүргізу арқылы іс-тәжірибемізде кездескен қиыншылықтар туралы ашық әңгіме айта алатын орта қалыптастыруға болады. Диалогты дискуссиямен шатастыруға болмайды. Ол үшін біз адамдармен сөйлесе білуді қайтадан үйренуіміз керек. Егер біз бір-бірімізбен сөйлесе алмасақ, өзімізді басқару қабілетімізден айрылып қаларымыз анық. Бірлесіп жұмыс істеу бірлесіп ойлауға әкеледі. Мұғалімдік қызметтегі мұндай жаңа бетбұрыс оқу ортасында жаңа мәдениетті қалыптастырады, яғни мектептегі сабақ беру жүйесі жаңаша бетбұрыс жасайды деген сөз.

Осы орайда Тараз қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі өз тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Тәжірибемізге сыншы досты енгізуге не себеп болды? Біздің мұндай шешімге келуімізге себеп болған нәрсе - Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Басқарма Төрағасының орынбасары Назипа Алтынбекқызы Аюбаеваның сабақтарымызға қатысып, талдау жасағаны. Шет елдік білім жүйесінен көп тәжірибе жинақтаған маманның сабақты талдаудың дәстүрлі түрінен өзгеше талдауы біздің өзіміздің кәсіби шеберлігімізге деген сенімімізді оятты.

Мұғалімдердің сабағын талдау жұмысының басы өзара «Сыншы-кеңесші достардың» - «Сабаққа қатысушыларға не ұнады?», «Өзіңізге не ұнамады?», «Әріптестердің ұсынысы» - деп келетін мәселелерді анықтаудан басталды. Қатысушыларға ұнаған тұстардың сабақта кейде біз мән бере қоймаған жақтары екендігін естігенде, «Расымен де мен осындай жетістіктерге жете алады екенмін ғой» деген ой келді. Осыдан соң, өзіміздің дамуымызға кедергі келтіретін іштей сенімсіздік сияқты қиындықтарды жеңуге мүмкіндік алдық.

Сабаққа қатысушының қолынан сабақ үрдісіндегі мұғалімнің траекториясы сызылған сызбаны көргенде, сол сызба арқылы койылған сұрақтардың, оқушылардың орнын, кімдердің жауап бергендігін дәлме-дәл көз алдымызға келтіре алдық. Сабақтың ұтымды болған тұстары айтылғанда, біз өзіміздің іс-әрекетімізді іштей ой елегінен өткізіп, шынында да ойланатын нәрселердің, мән беретін тұстардың көп екендігі туралы ой түйдік.

7 «Е» сыныбында өткен Ш.Мұртазаның «Жүз жылдық жара» шығармасы бойынша ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткен сабағымызда оқушының жауабына өзге сыныптастарының назарын аударту арқылы мотивация туғызуға болады деген кеңесі бізді ойлантты. Сабақтағы тапсырмаларды бергенде мұғалімнің нұсқаулығы нақты, қысқа, анық болуы керек. Нұсқаулық құрмалас сөйлемдермен берілсе, оқушының көп ойлануына уақыт кететінін түсіндік.

Расымен де, кішкентай проблемалардың нақ өзі - үлкен проблемаға қарай жетелейтіні анық. Егер кішкентай проблеманы шешу жолы қарастырылса, онда үлкен проблемаларды да шешуге жол ашылды деген сөз.

Пікірлес, мақсаттас мұғалімдердің топтасып, командалық жұмыс жасауы туралы айтқан бақылаушының ұсынысы бізді биік мақсаттарға жетеледі. «Мен сіздің сабағыңызға қандай мақсатпен кірейін?» - деген сұрақ алғашында бізге тосын көрінді. Жайдары жүзбен, достық көңілмен көмек қолын созып тұрған бақылаушының алдында сабақ еркін өтті. Мұғалім өзін жаңаша қырынан танытып, оқушыларға сұрақтарды шеберлікпен қоя алатынын көрсетті. Бақылаушының тұрғысынан бұл қабілет жоғары бағаланды, сыни тұрғыдан ойлантатын сұрақтарға оқушылардың жауаптары да сыни тұрғыға сәйкес келді. Сабаққа қатысқан мұғалімдер енді сабақты жаңаша талдауға қызықты әрі осы саладан толығырақ хабардар болу үшін әдебиеттермен танысуға деген мотивациялары пайда болды.

Әдебиеттерді қарастыра келе, «Сыншы-кеңесші дос» сабаққа бір ғана мақсатпен немесе мұғалім қойып берген мақсатпен кіруі тиіс екендігінің жарқын үлгісін көргенімізді түсіндік. Өзара «Сыншы-кеңесші дос» болатын мұғалімдер бір-біріне сене алатындай дос болуы керек.

«Сыншы-кеңесші дос»-тың негізгі қызметі:

- сабақ беру үрдісінің қиын екенін ескере келе, окушылардың оқуын жақсартуға көмектеседі;

- мұғалімнің сенімді серігі болуымен қатар, этика Кодексі мен зерттеу этикасын сақтайды;

- мұғалімнің оқушыларға берген тапсырмасының мақсаты қолжетімді болуын және тапсырманы түсіндіруге арналған нұсқаулығының қысқа да анық болуын қадағалайды;

-тұлғаның жеке басына емес, сабақ үрдісіне қатысты мақсаттарды көздейді;

- тыңдау әдебін сақтайды, назары тек іс-әрекетке ауады, жеке құпиялылықты сақтайды;

-мұғалімнің де, оқушының да мақсатқа жетуге бағытталған жұмыстарына мотивацияға негізделген сын айта біледі;

- ұлттық менталитетті ескереді;

-сабақ барысында әріптесінің жұмысына кедергі жасамайды, әріптесімен сөйлеспейді;

- мұғалімнің сабағындағы ұтымды болған тұстарды жазып отырады;

- сабақты талдау кезінде осы ұтымды болған тұстарды айта келе, мұғалім қойып берген мақсатқа көшеді;

- не себепті сәтсіз шыққан болса, себебін анықтап барып, ұсынысын айтады.

Сонымен, біздің пікірімізше, «Сыншы-кеңесші дос» - жеке құпиялылықты сақтайтын, міндеттері бар функцияларды орындайтын мұғалімнің «көмекшісі».

Мұндай әріптестердің арасында байланыс жасау тәсілдері және кездесу жиілігі маңызды рөл атқарады. Ортақ проблемаларды талқылай отырып көрсетілген көмек педагогтің кәсіби шеберлігінің өсуіне ықпал етеді. «Сыншы-кеңесші дос» тек мұғалімдердің арасында ғана бола ма? Жоқ, сыныптағы оқушылардың арасынан да мұндай «көмекшіні» таңдауға болады. Тіпті екі оқушы да бір-біріне осындай көмек қолдарын соза алады.

Мұғалім тың идеялар мен өзгерістерді тудыру үшін өмір бойы ізденіспен білім алуы керек. Өз жұмысына сыни көзқараспен қарай алған мұғалім оқушыларын да сыни тұрғыдан ойлауға жетелей алады. Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға қалай үйрету керек? Тиімді сыни ойлауға қатысуы үшін оқушылар өздеріне деген сенімдерін және өз пікірлері мен идеяларының құндылықтарын арттыруға, оқыту үрдісіне белсене қатысуға, басқалардың пікірлерін сыйлауға, пікірді қолдауға және құрастыруға дайын болулары керек.

Сабақтан соңғы ойларымызды жалғастыра келе, өмір бойы ізденуді мақсат еткен біз Д.Познердің «Тәжірибеден кейінгі рефлексия - мұғалімнің кәсіби дамуының формуласы» - деген сөзін жадымызға мықтап түйдік.

Зерттей отырып сабақ беру, сабақ бере отырып зерттеу жұмыстарын жалғастыру үшін біз рефлективтік күнделігімізді жүргізе бердік. Осындай тамаша тәжірибемен өзге де мұғалімдерді таныстыру керекпіз деген шешімге келдік.

2014 жылдың 30 маусым - 1 шілде аралығында Астана қаласында өткен «Action research» жобасы бойынша Роз Маклиллан, Коллин Маклафлин, Джейн Скофилд сынды тәжірибелі педагогтардың өткізген семинары біздің білетінімізді одан сайын тереңдете түсті. Семинар барысында өзге де әріптестердің тәжірибесінен түйген пікіріміз - біздің алған біліміміз болды. Енді тек қана жазба жүргізудің жеткіліксіз екендігін, жазылған жазбалардың белгілі бір мақсатты көздеуі тиіс екендігін, соның нәтижесі ретінде проблемалық тақырып бойынша зерттеу жүргізуіміз керектігін түсіндік.

Бұл зерттеуге біз мектебіміздегі мұғалімдерді де тарттық. Бір байқағанымыз: мұғалімнің өз жұмысын зерттеуіне көпшілігі дайын емес екендігі. Екінші жыл жұмыс жасап келе жатқан мектеп үшін бұл жағдай түсінікті. Мұғалімдердің екінші бір бөлігі бұл іске құлшына кірісті. Ал тақырып таңдауда оқушыны дамытуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру керектігін түсіндіруімізге тура келді.

«Белсенді оқыту әдістерін қолдану 7-сынып оқушыларының танымдық қабілеттерінің артуына қалай әсер етеді?» деген тақырыпта қазақ тілі мен математика пәні мұғалімдері болып зерттеуді қолға алдық. Біз алдымен мәліметтер жинақтауға кірістік. Бұл мәліметтер қалыптастырушы және ішкі жиынтық бағалау жұмыстарының нәтижесі, орта мерзімді жоспардағы мақсаттар, спецификация, бастапқы мониторинг, оқушылардан алынған сауалнама және оқушылардың рефлексияға арналған күнделігі болады деп шештік. Әрбір әрекетімізді жазып, оқушы жауабын суретке немесе видеоға түсіріп отыруды ұйғардық. Сөйтіп үш мұғалім бір-бірімізге «Сыншы-кеңесші дос» болуды жалғастырамыз дедік. Біз бұл зерттеу жұмысының қиын да күрделі үрдіс болатынын білеміз. Біз бұл жұмысқа дайынбыз. Себебі біздің кәсіби шеберлігімізді арттырудың бірден-бір жолы - өз тәжірибемізге сүйенген осы зерттеу жұмысы болмақ.

Түйіндей келгенде, мұғалімдік қызметтегі кері байланыс арқылы бірлесе атқарылған жұмыс - кәсіби шеберлікті шыңдаудың бір жолы.

Әдебиеттер:

D.M.Weston, Organizational Learning as Strategy, Menlo Park, Ca., SRI International, 1993

Сенге, П. (1990) Пятая дисциплина: Искусство и практика самообучающейся организации. Нью - Йорк: Doubleday.


© 2010-2022