Мақала Еңбек адамын ардақтайық!

         Аңқаты ауылы -  сексен жылдық тарихы  шағын ауыл. Осы  ауыл қашан да даналар мен таланттарға, еңбек адамдары мен батырларға кенде болып көрген емес.Тек өз өлкемізге ғана емес, күллі республика көлемінде танымал жайсаңдарымыз қаншама. Осындай өнері озық, өресі биік, ел мақтанышына айнала білген тұлғаның бірі – дирижер, сазгер, әрі домбырашы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Қырымгерей Қажымұлы Қажымов.          Ол 1946 жылы 19 наурыз күні қазіргі Ақжайық ауданы Тәнтен ауылындағы шаруа отбасын...
Раздел Другое
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



Еңбек адамын ардақтайық!

(Аңқаты ауылының тумасы Қырымгерей Қажымов туралы).

«Ердің атын еңбек шығарар!»

(Халық мақалы).

Аңқаты ауылы - сексен жылдық тарихы шағын ауыл. Осы ауыл қашан да даналар мен таланттарға, еңбек адамдары мен батырларға кенде болып көрген емес.Тек өз өлкемізге ғана емес, күллі республика көлемінде танымал жайсаңдарымыз қаншама. Осындай өнері озық, өресі биік, ел мақтанышына айнала білген тұлғаның бірі - дирижер, сазгер, әрі домбырашы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Қырымгерей Қажымұлы Қажымов.

Ол 1946 жылы 19 наурыз күні қазіргі Ақжайық ауданы Тәнтен ауылындағы шаруа отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Шалқар көлінің жағасында өтеді. Әкесі Қажым қолы шебер етікші , суырыпсалма ақын болған. Атасы Бекмағамбет атақты Әбубәкір ақынның үзеңгілес досы болған.

Қырымгерей ата жастайынан домбыраға бейім боллып өседі. Аңқаты сегіз жылдық мектебінде оқып жүріп, домбыра үйірмесіне қатысады.Атақты композитор базарбай Жұманиязовпен бірге оқыған өнердегі ұстаздары Сағидолла Қажиахметов, Хамен Ұбановтардан скрипка, мандоллина, баян, домбыра аспаптарын шебер меңгереді. Сөйтіп,өнер қуған Қырымгерей сегіз жылдық мектепті аяқтап, 1962 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка училищесінің домбыра класына түседі. 1966 жылы музыка училищесін бітіргеннен кейін, көптің ішінен бірегей суырылып шығып, Алматы консерваториясына түседі. Қобыз-контрабасшы мамандығымен бітіріп шығады.1969 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестріне қабылданады.Оркестрдің талбесігін тербеткендердің бірі Ахмет Жұбановпен,қайталанбас тұлға Нұрғиса Тілендиевпен, ең бергісі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қуаныш Әжімұратовпен өнерде еншілес болып, кең байтақ қазақ елін, дүние жүзінің жартысын аралап шығады.

1972 жылы Сәуле апаймен отау құрады. Өзі тәрбиелі отбасынан түлеп ұшқан жас қыз, Қырым ағаның түтінін түзу ұшырып, тек жары ғана емес, жанын түсінер ең жақын одақтасы бола біледі. Олардың жанұясы әкесінің қызмет бабымен әуелі Аңқатыда, кейін «Еңбек» ауылында тұрды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бүгінде елге сыйлы, қадірлі Қырымгерей аға мен Сәуле апайдың мерейін асырып жүрген Анар, Асқар, Абзал есімді ұл-қыздары жоғары білім алып, азамат болып өсіп келеді.

Қырымгерей Қажымов 1991 жылы туған топырағы Ақ Жайыққа ат басын бұрады.Оралда ұлт аспаптар оркестрінің болмауы Қырымгерей ағаның жанына қатты батады.Талай табалдырықты тоздырып, 2000 жылы құрамында 50 өнерпазы бар ұлт аспаптар оркестрінің аяғын қаз тұрғызады. Қазір Ғарифолла Құрғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрі алыс-жақынға түгел танылған беделді өнер ұжымына айналып отыр.Оркестр алғаш сахнаға шыққанда, репертуарда 70-тей ғана музыкалық туынды болса, қазір оның саны 300-ге жеткен.

Сазгер ағаның өзге қырының бірі- ұстаздық, шәкірт баулу. Қырымгерей Қажымов - сан мыңдаған шәкірттерге қанат қақтырып,биікке ұшырған тәлімгер ұстаз.Оның кешегі шәкірттерінің таланттылары оркестрде өзімен бірге қызмет етіп жүр.Мәселен, республикалық конкурстардың бас жүлдесіне ие болған, лауреат атанып, дипломдармен марапатталған шәкірттері өте көп. Солардың бірегейін атасақ, Ербол Ғұбайдуллин, Асылхан Қазиев, Асқар Кенжеғалиев тағы да басқа шәкірттері болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Қырымгерей Қажымов көркемдік жетекші бас дирижер ретінде Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрін қазіргіден де биік тұғырға көтеруге күш салып келеді. Ол бір бағытпен кетпей, өте бай кәсіби мамандығынан тәжірибе мен күш -қуат ала отырып, сезімінің өте нәзік қылдарын шертетін әдемі әндерді жазумен де айналысады. Дирижер-сазгердің «Туған жер -кіндік жұртым» атты әндер жинағы жарық көрді.

Қырымкерей ағаның ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мәселен, 2006 жылы 60 жасқа толғанда «Мәдениет қайраткері» құрметті белгісін иеленсе, 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев қол қойған бұл атағы оның өнер саласына қосқан өлшеусіз еңбегінің айғағы, қарымды қайтарымы болды. Елім деп, туған жерім деп еміреніп, елі үшін маңдай терін төгіп, қызмет атқарып жүрген Қырымгерей Қажымов ағамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр , баянды бақыт тілеймін.Осындай ағалардың барына, олар туған топырақта туылғаныма қатты қуанамын, мақтанамын! Ел ертеңі үшін өз үлесімді қосуға әрқашан да дайынмын! Еңбек адамын ардақтап, олардың жасаған ұлы істерін естен шығармай, өзгеге үлгі ете білейік дегім келеді.

Амангул Жаксылыковна Нахуанова.

Аңқаты ЖОББ мектебінің мұғалімі.

БҚО, Теректі ауданы, Аңқаты ауылы.

© 2010-2022