Шығарма Бәрі майдан үшін, бәрі соғыс үшін

Раздел Другое
Класс 8 класс
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қуанышқали Ақмарал

Қарақия ауданы

Жетібай селосы

№8 орта мектебі

8-сынып оқушысы

Ерлікке мың тағзым


«Боздақтарды» әзер қолға түсіріп,

Парақтаймын әрбір жолға тесіліп,

От кешуден оралмаған құрбандар,

Тізім.....тізім.....бір-екі жол түсінік.

( Шәрелхан Әленов)

Біз соғысты көрген жоқпыз. Сонымен де біз бақытты болармыз. Бірақ сонау сұрапыл 1941 жылдың мамыражай жазында басталған сұм соғыстың талай баланы жетім еткенін, талай әйелді жесір еткенін, талай ананы баласынан айырғанын кітаптардан, кинолардан, сол соғыстың тірі куәгерлері - ардагерлердің аузынан ғана естідік. Сол кездегі ұрыс даласының әрбір көрінісін көрген сайын ойға шомамыз, ойға шома отырып көзіңе жас келеді. Сол адамдардың жанкештілігіне, Отан сөзін өмірінен де жоғары қоя білетініне таңданасың да таң қаласың.

Маңғыстаудың маңғаз маң даласы талай қырғынға, соғысқа куә болды. Егер де табиғатқа тіл біте қалса әрбір ағаш, әрбір қойтас, соғып тұрған жел де, ағып жатқан су да «соғыс» сөзіне лағнет айтар еді. Ал адамдар үшін осы бір санаға сыймайтын құбылысты түсінудің өзі қиын. Бейбіт өмірдің жолында күресу үшін Маңғыстаудан 6200-ге жуық ер азамат қан майданға аттанған екен. Солардың бірі, менің үлкен атам - Балқасым болатын.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» Бұл сөзбен менің атам бар болғаны 17 жасында бар жігерін жинап, ел-жұртымен қоштасып, қарт әке-шешесін ауылдастарына аманат етіп, батысқа қарай аттанып кеткен екен. Кіндіктен жалғыз баланы майданға шығарып салып, қарт ата-ана құдайдан жалғыздарының тілеуін тілеп қала берген.Жастайынан жігерлі, қиындыққа мойымайтын әрі қарт Каспийдің жағасындағы Ақкетікте туып-өскен Балқасым атам Теңіз әскери флотына сарбаз жетпей жатқан кезде, бұл қиын да жауапкершілікті іске қуана келіскен екен. Соғыстың аты - соғыс. Сонда да теңізде жүріп соғысу қиынның қиыны. Өйткені, бір жағыңнан - неміс деген жау аңдып тұрса, екінші жағыңнан - тілсіз жау, теңіз, сенің әр қадамыңды аңдып тұрады. Сөйтіп ол Қызылтулы Амур флотындағы соғыс қимылдарына қатысқан. 1943-1945 жылдары 1-Балтық флотында экипаж құрамында зенитті пулемет командирі,1946-1950 жылдары 4-Әскери-теңіз флотында зенитті станок пулеметшісі болып әскери міндеттерін атқарған. Ұлы Жеңіске 1945 жылдың 9 мамырында қол жеткізсек те атам елге тек қана 1950 жылы оралған екен. Елге оралғанда атамның кеудесінде «Адмирал Ушаков», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары күнмен шағылысып, «соғыс» деген алпауыт жауды осындай қарапайым адамдардың жеңгенін тағы бір растағандай сылдыр-сылдыр еткен. Мен жүйрік бала қиялыммен Маңғыстаудың «майлы қиянынан» бастап атам жүріп өткен жолмен саяхат жасап көрдім. Сол кезде менің көз алдымнан қазақтың кең сахарасы, қалмақтардың асу-асу белдері, орыстардың орманды даласы, бәрі-бәрі зулап өтіп жатты. 1-Балтық флоты Ресейдің Хабаровск қаласында орналасқан екен. Яғни менің атам «елдің шеті» аталатын бұл қалада Отанын қорғап, немістермен соғысып, жапондардан елдің шекарасын күзеткен екен.

Туған жерден мыңдаған шақырым жырақта жүрсе де, қорқу мен сескенуді білмеген біздің батыр бабаларымыз ары мен намысын ту етіп көтере жүріп осы Жеңіске қол жеткізді. «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер. Ер басына күн туса, етігімен су кешер»,- деп атам қазақ айтқандай, соғыстың сан қилы қиындығы да сол бір «Жеңіс» деген жалғыз сөздің көлеңкесінде көмескіленіп қалды. Сонда да Балқасым атам өз балаларына сол сұрапыл соғыста сан ұлттың өкілдерінің бір-біріне қалай көмектескендігін, бір үзім нанды да бөлісіп жегенін үлгі етіп айтып отыратын. Соғыс аяқталғаннан кейін де атам сол орыс, грузин, өзбек достарымен көпке дейін хат алысып, араласып тұрған.Соғыстан кейінгі жылдары Форт-Шевченко қаласындағы ұлутас кесу карьерінде, кейін Жетібайда автокөлік мекемесінде де абыройлы еңбек еткен. Еңбектегі жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Өмір зулап өтіп жатыр. Міне, биыл сол Ұлы Жеңіске -70 жыл. Менің атам бұл күнге жеткен жоқ. Бірақ бұл батырлар болмаса, біз бүгінгідей Тәуелсіз қазақ елінде азат өмір сүрер ме едік?! Аталар аманат еткен, сондай қиындықпен келген бейбіт өмірдің қадірін білейік, еліміздің мерейін асқақтатып, аталар ерлігін ұмытпайық!

Ендеше , ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!








Маңғыстау облысы Қарақия ауданы

«Жетыбай селосы №8 орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі



Шығарма:

«Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!»



Орындаған: Қуанышқали Ақмарал

Жетекші: Байбосынова Гулнар



2015 жыл

Ідіріс Мөлдір

Қарақия ауданы

Жетібай селосы

№8 орта мектебінің

10 - сынып оқушысы


Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!


Есімде бес әріп сөз - Жеңіс деген,

У бар ма сол сөз үшін мен ішпеген.

Қан бар ма сол сөз үшін егеспеген,

Жас бар ма сол сөз үшін төгіспеген.

(Ғафу Қайырбеков)

Биыл Екінші Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толды. Осы соғыста ата-бабаларымыз ерлік көрсетіп, Отанымызды жау қолынан қорғап қалды. Әлемді оқ пен отқа ораған бұл соғыс адамзат жүрегіне жазылмас жара салды. Бұл шайқаста ажалдан тайсалмай жауға ұмтылған ерлер есімі тарих беттерінде мәңгіге жазылып қалды. Бұл жеңіс осы күнге жетпей қыршынынан қиылған сан мыңдаған боздақтардың аманаты еді. Бес жылға созылған соғыстың аяқталуын зарыға күткен халық арманының орындалғанын, қанды қырғынның тоқтағанын білдіретін соңғы нүкте ол - Жеңіс еді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ел басына төнген Қаһарлы қатер миллиондаған кеңес адамдарын басқыншыларға қарсы күреске жұмылдырды. Қазақстан өзінің барлық мүмкіндіктерін - адамдар, өндірістік қуаттар, табиғат байлығы мен рухани қорын майдан талабына бағындырды. Майданға Қазақстанның әрбір төртінші азаматы аттанды. Біздің Республикамыздың да адам шығыны зор болды. Әрбір екінші қазақстандық майдан даласынан қайтып оралмады. 98 адам Кеңес Одағы Батыры атағына ие болды.

Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағы халықтарының ерлік көрсеткен жылдары уақыт озған сайын алыстап барады. Бірақ, адамзат жадынан әлемді фашистік езгіден құтқарған халық ерлігі ешқашан өшпек емес. Совет адамдары басқа түскен қайғы бұлтын татулықпен, бірлікпен серпи білді. Көпұлтты Қазақстанның жауынгерлері соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсетсе, тылдағы еңбеккерлер жанкештілікпен еңбек етті. Бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін дамыл таппай, барлығы да жеңіске жетуді армандады.

Бұл соғыста ерлік көрсеткен шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк апаларымызды, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбайұлы сынды батырларымызды атап өтуге болады. Адам баласына бейбіт өмір сыйлау сияқты қасиетті борышқа маңғыстаулықтар қашан да адал болған. Талай батырларды дүниеге әкелген Маңғыстау даласынан да ерлігімен елді таңқалдырған азаматтардың шықпауы мүмкін бе? Әрине, жоқ! Мұндай батыр аталарымызды атар болсақ Кеңес Одағының батыры Бегенов Мәди, Қалдықараев Жұмағали,Ленин орденінің иегері Сүйеубаев Исатай, т.б. айта аламыз. Маңғыстауда туып-өскен 6200 жерлесіміз қан майданға аттанды. Олардың 4800-і туған жерге оралмады, ерлікпен қаза тапты. Ер-азаматтар майданға аттанған қиын-қыстау кезеңде түбекте мал шаруашылығын өркендету, Таушықтың көмір өндірісін жеделдету, азық-түлік өнімдерін үздіксіз өндіріп, майданға жөнелту, жылы киім-кешек жеткізу міндеті ең алдымен әйелдерге, бұғанасы қатпаған балаларға түсті. Өндіріс пен мал шаруашылығының ең ауыр Қаһарлы соғыстың жүктеген ауыр міндетін халық қасқайып күтіп алды. Ер-азаматтар майданға аттанып жатты, ал елде қалған кәрі-құртаң, бала-шаға қара жұмысқа жегіліп, солардың тілеуін тілеп қала берді, соғыстың елімізге төгдірген ауыр қайысын, азабын суреттеген қаламгерлер туындыларын оқысаң жүрегің ауырады. Бауыржан Момышұлы «Москва үшін шайқас», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» сияқты шығармаларынан соғыстың адамзат басына қаншалықты қасірет түскенін білесің.

О, Жеңіс! Бұл сөздің құдіретін елін жау шауып, балаларды жылатып, әйелдерді құлдыққа салып, бостандығынан айырылған ел ғана түсіне алар. Сол кездегі Кеңес өкіметі бұл жайттың бәрін басынан кешірген еді.

Осылай 5 жыл бойы қысы-жазы қайнаған ыстық күндерде де, қақаған аяз бен қарлы боранда да біздің аталарымыз «Отан үшін» - деген ұранмен айбаттана шайқасты. «Соғыс» - деген сөздің өзі әр адамның бойында үрей туғызады. Бірден көз алдыңа қирап жатқан қала мен ауылдар, өрт жалыны, өлім елестейді. Аналардың қайғысы мен балалардың көз жасы, Жер-Ананың ойрандалуын елестетсем, жаным түршігеді. Әр адамға сүйікті Отанынан, туған жерінен қымбат еш нәрсе жоқ. Батыр бабаларымыз ұлан байтақ жерімізді, азаттығымызды, ғасырлар бойы соңғы демдері біткенше қорғап өтті. Ата-бабаларымыздың өшпес ерліктері Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінде жалғасын тапты. Қазақтың қаншама ұл-қызы қанды майданға аттанды. Отанға деген сүйіспеншілік оларға рух беріп, жеңіске жетеледі. Бүгінгі уақытта әрбір бейбіт күніміз үшін, қатары сиреп бара жатқан ардагерлерімізді қадірлеп, бас иіп жүру - парызымыз. Мен жер бетінде ешқашан соғыс болмаса екен деп тілеймін. Адамзаттың ауызында тек «Бейбітшілік» деген сөз болса екен.





Маңғыстау облысы Қарақия ауданы

«Жетыбай селосы №8 орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі



Шығарма:

«Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!»



Орындаған: Ідіріс Мөлдір

Жетекші: Өрдекова Гулжан



2015 жыл


© 2010-2022