Аққулар табиғаттың бір үзігі Мұқағали Мақатаевқа арналған кеш

Раздел Другое
Класс 6 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: «Аққулар - табиғаттың бір үзігі»

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға ақын өлеңдерін, оның шығармашылығынан жан-жақты деректер бере отырып, танымдық көзқарастарын қалыптастыру, шығармашылыққа шыңдау.

Дамытушылық: Оқушыларға Мұқағали Мақатаев өлеңдері арқылы қазақ әдебиетінен жалынды поэзиялық туындылардың тақырыбы мен ой тереңдерін сараптай білуге үйрете отырып, олардың мәнерлеп оқу қабілеті мен рухани танымдарын кеңейту.

Тәрбиелік: Шәкірттерді поэзияны сүйіп, Мұқағали ақын жырларын, оның толғау, дастандарын, әндерін сабақта қамти отырып, ақындыққа баулу, Отанын, елін, ұлтын тәрбиелеу.

Көрнекілігі: М. Мақатаев суреті ол туралы естеліктер мен үзінділер жазылған плакаттар, ақын туындылары, бүктеме, т.б.

Сабақтың барысы: «Күпі киген» қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған өрнекті өлеңдерімен халқының қадір-қасиетін айта алған мұзбалақ ақын М. Мақатаев есімі мәңгілік ғұмырға айналғанын түсіндіру.

1-жүргізуші- Айдана:

Ғашықпын шын ғашықпын сол адамға,

Мен болмасам, болмайын

Сол аман ба?

О, тәңірім неткен жан ед қайырылмайтын

Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?

2-жүргізуші-Абылайхан:

Ғашықпын, қайтып оны жасыра алам,

Бір алтын оның әр тал шашы маған.

Сағынайын таусыла сағынайын,

Сағынышқа жаралған ғашық адам.

1-жүргізуші:

Мұқағали шынында да өмірдің ашы-тұщысын көп тартқан, өмірдегі бар жұбанышы, қызығы ұл-қыздары мен жүректен шыққан жауһар өлеңдері болған, қазақ басына бұйырған ақиық ақын еді. Өкініштісі оны өлім бізден ерте алып кетті. Бірақ ажал өзін алғанмен өлеңдерін алып кете алмады. Мұқағали боп артында аққу өлеңдері қалды. Ал сол өлеңдерді ары қарай жетелеу біздің мойнымызда, құрметті достар!

2-жүргізуші:

Әрбір әрпі қанға шомған тарихына қараңдар,

Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, адамдар - деп Мұқағали ағамыздың сәлемдесу салтымен амандасамыз.

1-жүргізуші:

Олай болса, құрметті халайық, бүгінгі «Аққулар - табиғаттың бір үзігі» атты кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

2-жүргізуші:

Кеш жарық, құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық - шынымен бақытты халық.

1-жүргізуші:

Ия, Мұқағали - ғажайып,ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол - бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан, тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.

2-жүргізуші:

Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы - деп естеліктерге назар аударыңыздар!

Әбділда Тәжібаев былай деген екен: «Мұқағали Мақатаев Біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек.»

Мұқаметжан Қаратаев: «Арамыздан тым ерте кеткен тамаша ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың алғашқы қадамында-ақ оның аяқ алысынан айрықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді. Аңғармаппыз.»

Айтуған:

Нұрғиса Тілендиев былай деп еске алады: «Ілгері бір жылдары Мұқағали екеуміз ақынның туған жеріне жайлауда болғанымыз бар. Сол жылы ол арақ-шарапқа мойын бұрмай сары қымыз ішумен болды. Өзі білетін жер-су аттарын айтып, туған жерін, ағайын-туыстарын таныстырады. Жұрт айтатындай бөгде «ерлік» көрсеткен жоқ. Аз күн болса да жақсы демалып қайттық. Сол жолы бір малшы ағасы тамақ үстінде бізге әзіл тастап еді:

  • Екі бірдей тамаша талант иесі жайлау төрінде отыр. Бірі атақты композитор, бірі мықты ақын. Неге мына жасыл жайлау туралы ән шығармасқа. Нағыз саржайлау дегеніміз мына жатқан Шалкөденің кең төсі емес пе?-деп қалған.

Сол сөз менің көкейімде көптен жүретін.

Мұқағали жанымда болған айға жуық уақыттың сәті, бір күнінде өмірге ән келді. Ал ақын інім лезде оның сөзін егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртып тудыра салды. Сөйтіп «Саржайлау» әні шықты.

Ән. «Саржайлау»

Аружан: Бірде М. Мақатаевты Жазушылар Одағына шақырып алып, секретариатта тәртібін талқылап, жан-жақтан жабыла жамандап, Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарып жібереді.

Қатты ренжулі Мұқағали жоғарғы қабаттан төмен түсіп келе жатса, алдынан Бауыржан Момышұлы кездесіп қалады. Сонда Мұқаң:

  • Аға-ай, Москваны немістерден қорғағанда, жалғыз ініңді жазушылардан қорғауға жарамадыңыздар-ау деген екен.

Ұлжан:

Оқушылардың көктемгі каникулында «Балалар кітабының апталығы» Бакуде өткізіледі. Соған сен барып қайтсаң дұрыс болар еді,-деді.

Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым, ертеңіне жүруім керек еді. Редакцияға хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова 5-6 хат әкеп берді.

  • Сізге арналып жазылған хаттар,-деді. Арасында Біреуі тым қалыңдау екен. Балалардың , ата-аналардың әдеттегі хаттарына ұқсамайды. Сыртына адресті қазақша қазақша жазыпты. Соңғы жағына адрес көрсетілмеген шиырып қол қойыпты. Ашып қарасам, қолмен жазылған өлең. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!»- деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар екен.

Мөлдір: «Фариза қыз»

Оралхан:

Бір күні Мұқағали маған ойлы көзімен қадалып тұрып:

  • Аға, мен үйге кетем. Енді босатыңыз. Осы дүниелер елімнің кәдесіне жараса, онда бақыттымын. Бауырымның дерті қозғалып қалыпты,- деді. Ауыр күрсінді. Сонда мен оны бұл жалған дүниенің жарығында соңғы рет көріп тұрғанымды білсемші?!

Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпенттің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы:

«Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін, мынаған назар аударып көрерсіз»,-депті

Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың» екен. Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым.

Ән: «Есіңе мені алғайсың»

1-жүргізуші:

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім.

Иә, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ.

«Арыз жазып кетейін»

Бүгін менің туған күнім

Ой, бәлі-ай,

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау - шапан,

Мынау - атың мін» - демей.

Мына жұртақа жақпады ма әлденем?!

Бекер өмір сүргенім бе, әлде мен?!

Халқым,

Сенің қасиетіңді білем деп,

Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.

Тойланбаса тойланбасын,

Не етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше

Болашаққа арыз жазып кетейін.

2-жүргізуші:

Биік таулар аспанменен таласқан,

Өлең-жыры адамзатқа тіл қатқан.

Қазағымның кең пейілді ақыны

Мұқағали талантымен қаратқан - деп «Әйелдер-ай, әйелдер» өлеңімен ортаға Ералыны шақырамыз.

1-жүргізуші:

Қиналған кезде шыққан жүрегінен,

Кім сүймес Мұқағали текті өлеңін.

Қазір бізге Самат сыр шертеді,

Сол ағамның «Тағдырмен бетпе-бетін».

Ермахан:

Хабар жоқ саған кеткен елшілерден

Ей, тағдыр!

Сөйлесейік, келші бермен.

Қаншама соқпақтарға бастасаң да,

Сенімен сөйлесуді ерсі көрмен

Білесің бе?

Мен саған бағынбаймын

Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!

Көлденеңдеп жолымда таң боп тұрсаң

Мен мұнартқан басыңда сағымдаймын!

Сондықтан да жібер деп жалынбаймын.

Неге жаның ашымай тірі адамға,

Неге сала бересің бұралаңға?

Өз тағдырым - өзіме ана емес пе ең,

Жұбатпайсың неге сен жылағанда?

Жақсылықтың қимайсың қалдығын да,

Қарғысың ба қалдырған жарлығың ба?

Мен дегенде жыландай жиырылып,

Керісінше істейсің барлығында.

2-жүргізуші:

Білемін керемет бір күн келеді,

Жайнайды жасыл бағым гүлденеді.

Көремін керемет бір күн кешемін

Болашағын сенімен бірге өсемін - деп өз заманымен ғана емес, болашақпен бірге өмір сүретінін ақын білді. Ол жырларының болашағына сенді.

Айжан:

«Поэзия»

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан,

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан.

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,

Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да.

Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,

Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім жадырау, жабығыстан.

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен

Күннен, жүннен, гүлдердің бүршігінен.

Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттерден іздедім, сағаттан да.

Сені іздедім

Іздеймін тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!

1-жүргізуші:

Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар,

Жырларым жырларыммен жалғасыңдар.

Сел - жырым ақтарылса арнасынан,

Селкілдеп тау мен тасың зорға шыдар

Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар - деп тебіренген ақын жырының жалғасындай болып, Мұқағали жырынан үлгі алып, жырларын өрнектеп жүру біздің міндетіміз.

Толқын:

«Жоқ дәрігер»

Жүрегіме жүк артып жүргенімде,

Қажыдың ба, байғұсым, білмедің бе?

Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген

Уландың ба білмеймін, кірледің бе?

Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде

Дәрігер-ау , арқалап жүремін бе?

Сорлайтындай соншама кім едім мен,

Неге аяныш атасын іреңіңнен?

Айтып өлтір қайтесің босқа ойланып,

Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?

Ет жүрегім кете ме тасқа айналып

Неге айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып?

Пері соққан пендедей есі жарым

Тамырымда тулайды есіл ағын.

Бұл жүректің білмеймін , немін алдым,

Несі жоғын білмеймін, несі барын?

Қаным қайнап барды, қаным қайнап,

Бір амал жап, дәрігер, халімді ойлап.

Алауыртқан ақынның қолын байлап,

Жетпесін ажал кеп, өлімге айдап.

Жоқ!

Дәрігер!

Орнатпа басқа жүрек!

Басқа лүпіл жасама, басқа леп.

Қалай айтам бүлінген жүрегімді,

Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!

Өңгеріп өгей жүрек қайда барам

Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?

Сыйыңа рақмет, қайран Адам!

Өзімнің жүрегімдей қайда маған.

Алмастырам!?

Дедің-ау, алмастырам!

Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.

Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,

Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?

Тула жүрек!

Өкінем мен несіне!?

Туған жүрек әрине өлмесін бе?

Жоқ!

Дәрігер қозғама, дамылдасын,

Әрбір жүрек өзінің кеудесінде!

2-жүргізуші:

Аққулар, аңыз көп қой олар жайлы,

Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды.

Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,

Шошыса екінші рет оралмайды.

1-жүргізуші:

Тиме аққуға, мендейлердің атын ал, түйесін ал!

Тиме аққуға , аққудың киесі бар.

Мендейлердің затын ал, биесін ал,

Тиме аққуға, аққудың иесі бар!

2-жүргізуші:

Кеудемде жүрек барда басылар ма ой,

Тиме аққуға, кіршіксіз асыл ар ғой.

Тимеңдерші, көңілімнің көркі болсын,

Жанарында мұңлықтың жасы бар ғой.

Көрініс: «Аққулар ұйықтағанда»

1-жүргізуші:

Ақындықпен айналысқан 30 жыл ішінде ол көзімен көргендерін, ақындық санамен түйсінгендерін қазақтың қара өлеңі үлгісімен төгілтіп жырлады.

2-жүргізуші:

Туған жерге, туған елге, халқына, Отанына деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеген ақын:

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан ағызбайын - деп толғанады.

1-жүргізуші:

Ақын жүрегі нәзік. Кей-кейде өмірден безініп, ол өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Ақын жүрегі сезімтал. Ол өз ұрпағының, оны өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезеді.

Иә, Мұқағали аға есімі мәңгілік аңызға айналды. Оның есімін сәулетті де, дәулетті жырлары паш етіп тұр.

Досан:

Жырым көп менің әлі жазылмаған,

Кенім көп әлі менің қазылмаған.

Қалдырып болар-болмас қазынамды,

Неліктен бір күні мен жазым болам.

Қуалап тіршіліктің көбелегін,

Қап қойды қапелімде көп өлеңім.

Жалғызым, жаным менің жырым менің,

Қалдырып сені артыма неге өлемін?

Жазайын, жалықпайын, жасырмайын,

Қашан қалғып кеткенше басылмайын.

Ал деп ажалға мен бас ұрмайын,

Шоқ жайнап, оқ бүріккен Қасымдайын!

2-жүргізуші:

Мына күн де, мына аспан да, дала анау,

Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!

Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,

Өмір дейтін - өлемін деп қарамау.

Қазақ халқының бір ғана Абай болса, Мұқағали да жалғыз. Сол шындықты шын жүректен түсінсек қана тарлан талант жыр жампозы М.Мақатаевтың ұлттық мақтанышымыз екенін мойындаймыз.

1-жүргізуші:

Бүгінгі әдеби кешімізді от жүректі, ақиық ақынымыз М. Мақатаевтың мына өлең жолдарымен аяқтаймыз.

Жүзе берсін ару құстар табиғаттан сыр ұғып,

Келбетімен таратып жүр жанға жайлы жылылық.

Туған өлке табиғаты аң-құсымен ажарлы,

Аққуларды аялау - адам үшін аса заңғар ұлылық - деп кешімізді аяқтаймыз! Қош, сау болыңыздар, құрметті көрермендер!


© 2010-2022